
Сезім автобус терезесінен күзгі Алматыны тамашалап, ұзақ ойға шомып кетіпті. Кенет біреу орындығын теуіп қалғанда селт етті. Мойнын бұрып қарап еді, бес-алты жасар бала мен анасы отыр екен. Тілі күрмеліп, бала бір нәрсені қайталап айта берді. Біресе кішкентай жұдырығымен автобус терезесін тоқпақтайды, біресе алдыңғы орындықты аяғымен тебеді. Анасы ыңғайсызданып:
– Түшш, болды. Сәл шыдай тұр, жетіп қалдық, – деп, баласын тыныштандырып әлек. Бала қойған болады да, аздан соң қайтадан терезені ұрғылап, алдыңғы орындықты тебе береді.
Сезім өз аялдамасына жетпесе де, автобус тоқтай бергенде орнынан түрегеліп, көптің соңынан түсіп кетті. Алтынсарин көшесі бойындағы аллеяға өтіп, үйге жаяу қайтпақ болды.
Түнгі суықтың ызғары күн шыға салысымен басылатын мизам шуақ кез еді. Жолдың екі қапталындағы ақ қайың, үйеңкі, қарағаш жапырақтары сарғыш, қызыл түске боялған. Баяу ескен желге бұтақтары тербеліп, жапырақтары сыбдыр-сыбдыр етеді. Бұтағынан үзіліп жерге түскендері кілемнің нақышына ұқсап жол жиегіне жиналып жатыр. Күндізгі аспанда ала бұлттар шұбатылып баяу қозғалып барады. Аллея бойында арбаларында бөбектерін тербете ұйықтатып жас аналар мен әкелер ерсілі-қарсылы жүр. Шахмат ойнап отырған қариялар мен күншуаққа немерелерін ойнатып, әңгіме-дүкен құрып отырған әжелер де байқалады.
Сезім айналадағы жылылыққа жаны жылып келе жатса да, бар ойы автобустағы әлгі бала мен анасында еді. Ойы сан-саққа жүгіріп, өткен жылдардан көріністер кезектесе тізбектелген күйде көз алдынан өте берді.
***
Шымкент. Тұңғышы Айзереден кейін, араға он жыл салып дүниеге келген ұлы Сағынның тұсаукесер тойы өтіп жатыр. Атасы немересіне батасын бермекші. Әжесі болса, ала жіппен Сағынның аяғын байлап, дайын отыр. Сағын жиналған көпшілікке зер сала қарап, «ата, ата» деп, былдырлап қояды. Әжесі «адал болсын» деп, ырымдап, жіпті кесе берді. Сол-ақ екен, шапшаң бір келін «жігіттеріңіз жүйрік болсын» деп, Сағынды бір қолынан ұстап, тез-тез жүргізді де, көтеріп ала қашты. Бала жатсынып, жылап қалар деген уайымы аралас Сезім не болғанын түсінбей аңтарыла қарап тұр. Қонақтар «қолына ақша ұстату керек» деп, у-шу күліп жатыр. Сезімнің күйеуі Азамат пысық келіннің қолына бес мыңдықты ұстатты да, Сағынды алып, иығына отырғызды. Сағын жыламақ түгілі, жатырқамастан қонақтарға жымия қарайды.
***
Қайнысының үйлену тойы. Көңілді әуен ойнай бастағанда, бір жарым жастан асып қалған Сағын әкесін ортаға қарай тарта жөнелді. Музыка ырғағына елтіп, жерді тебіне билей бастады. Қолдарын екі жағына жайып, басын бұлғақтатып, әуенге беріле билеп тұрған сәтінде қонақтардың назарын өзіне аударды. Бірнеше адам телефонын алып, видеоға түсіріп жатты. Бір ән бітіп екіншісі басталса болды, ортаға шығып, томпаңдап, тойды қыздырып жүрді. Немересіне сырттай сүйсіне қарап отырған әжесі жанында отырған Сезімге еңкейіп:
– Сүп-сүйкімді болып, жұрт алдында көзге түсе берді ғой құлыншақ. Қанша адамның назары бар, сұғы бар дегендей... Тойдан қайтқан бойда адыраспанмен, болса, аршамен аластап жібер. Ең болмаса, тұзбен ащылауды ұмытпа, артық етпейді… – деді.
***
Сағын екі жасқа таяды. Соңғы күндері ол уақытын сүйікті ойыншығы қып-қызыл толокарымен өткізуді әдетке айналдырды. Әкесі Қытайдан іссапардан алып келгелі жанынан тастамайды. Екі аяғын жерге тіреп, итеріп жібереді де, «Уиии» деп, қолдарын ашып-жұмып мәз болады. Толокар өз екпінімен алға сырғып бара жатқанда, Сағын шаттанып, жүзі бал-бұл жанады. Кейде жолына зер сала қарайлап, баяу жүргізеді, бағытын байыппен өзгертеді.
Сезім ұлына сүйсіне қарап тұрып, жүрегінде пайда болған уайымын жолдасына айтпақ болды.
– Жаңа сөз үйренудің орнына, бұрың білетін сөздерін де айтпай қойды. Қалаған нәрсесін саусағымен ымдап көрсетеді де қояды, – дейді ұлының жағдайына алаңдап. Азамат баласының толокарды әбден қызықтап, зырылдап айдап жүргеніне риза кейіппен:
– Еркелігі болар. Қарашы, нағыз жүйрік. Машинаны осылай тез үйреніп айдаса, сөйлеуді де қатырады менің арыстаным, – дейді. Сезім бір сәтке болса да, оның сөзінен бір демеу сезді. Көңіліндегі бұлтты ысырып:
– Таң атқаннан, күн батқанға дейін айналдырғаны осы толокар болды, әйтеуір, – дейді сәл жымиып. Сол сәтте Сағын тағы бір шеңбер жасап, қуаныштан басын шайқап, алақанын ашып-жұмып бара жатты. Сезім оның әрбір қимылына көз тігіп:
– Қарашы, қуанған кезінде қолын ашып-жұматынды әдет қылыпты, – дейді іші-бауыры елжіреп.
***
Бірнеше күн өткенде ауылдан қайын ағасы мен абысыны қонаққа келді. Табалдырықтан енді аттаған қайнағасы гүрілдеген дауысымен:
– Сағын батыр осы үйде тұра ма? – дей бергеннен, Сағын шыңғырып жылап, асүйдегі үстел астына кіріп кетті. Сол күйі олар кеткенше, қонақ бөлмеге кірмей қойды. Қайын ағасы шай үстінде:
– Батыр болар жігітті қалада жабайы етіп өсіріп жатсыңдар. Бізге ауылға жіберіңдер. Қой бағады, тауыққа жем береді. Танымай қаласыңдар, соқталдай жігіт қылып шығарамын, – дейді. Абысыны да ерінің сөзін іліп әкетіп:
– Біздің Мырза бала ақкөңіл, ашық мінезді ғой. Сағын жігіт қанша шақырсақ та бір келіп, амандаспады-ау өзі. Кімге ұқсап мінезді болды екен? Нағашыларына тартқан ба? – дейді әзіл-шыны аралас. Жүрек соғысы жиілеп кеткен Сезімнің тамағына тас тығылғандай болды. Көзі жасаурап кеткенін көрсеткісі келмей, шәйнегін көтеріп, асүйге шығып кетті.
***
Сезім мен Азамат қалада жаңадан ашылған балаларға арналған ойын-сауық орталығына Сағын мен Аружанды ертіп келді. Кіре берістен қабырғалары сары, көк түстерге боялған, жарқыраған шамдары бар зәулім ғимаратта көңілді әуен ойнап тұрды. Түрлі ертегі қаһармандарының киімін киген аниматорлар қарсы алып, айнала нағыз ертегі әлеміне айналғандай еді. Табалдырықтан аттаған сәтте Сағынның жүзі күрт өзгеріп шыға келді. Мәз болып келе жатқан балақай көзін жұмып алды да, басын шайқай берді. Анасының етегінен тас қылып ұстап, сыртқа қарай сүйрей бастады. Азамат иіліп, ұлын құшағына алды.
– Сағоштай, қарашы, мұнда көп көлік бар. Анау сырғанаққа қарашы. Батут та бар екен. Кел, бәрін көріп шығайық, – деп, баласының көңілін аулауға тырысты. Бірақ Сағын біртүрлі ыңылдап, денесін шайқалтып, әкесінің кеудесінен итере берді. Осы сәтте Аружан аттракционға жүгіріп кеткен еді. Сезім ойын алаңының шетінде орналасқан кафеде отырып күтуге бекінді. Айнала балалардың шат күлкісі, ойын құрылғыларының тарсыл-гүрсіл шуы. Сезімнің іші алай-дүлей. Ойы сан-саққа жүгіріп, «Неден шошыды екен?» деген сұрақ көкейінен кетер емес. Кенет қайын ағасының сөзі құлағында жаңғырды. «Батыр болар жігітті қалада жабайы етіп өсіріп жатсыңдар. Бізге ауылға жіберіңдер…».
Сол сәтте көңілі құлазып, беймәлім үрей мазасын алды.
Көп ұзамай Азамат ұлын көтеріп қайтып келді.
– Сағошқа бұл жер ұнамай тұр, – деді абыржып. – Аружанға ұнаған секілді. Сол жерден шыққан соң қайтайық.
Сағынды балалар орындығына отырғызды. Бірақ ол әлі де мазасыз еді. Екі қолымен үстелін тарсылдата ұрып, шайқала берді. Әке-шешесі біресе ойыншық көлікті ұсынып, біресе шырын беріп жұбатып әлек болды. Ақыры Сезім шыдамай орнынан тұрып, ойынға елігіп кеткен Аружанды шақырып алды.
Көлікке отырған соң төртеуі де үнсіз қалды. Сағын аздап тынышталды. Аружан болса «әлі де ойнайтын едім» дегендей қабағын түйіп, томсырайып отыр. Азамат «жұрттан ұят болды» деп, іштей ойға шомып кеткен. Ал Сезімнің көкірегін әлдебір түсініксіз мұң басып, тынысын тарылтқандай бір күй кешті.
***
Жаздың жайма-шуақ күні. Сезім ауладағы раушан гүлдеріне су құйып жүр. Сәкінің үстінде екі жарымға таяған Сағын ойыншық көліктерін қаз-қатар тізіп, ары-бері жүргізіп ойнап отыр. Сезім бақшадан бір кірпіні көріп қалып:
– Сағош, қарашы, кел мұнда, – деп, шақырды. Ол елең етпеген соң, жанына жақындап келді. Сағын қаз қатар орналастырған көліктерден бірін баяу жүргізіп, дөңгелектеріне кірпік қақпай, қадала қарап жатыр екен. Сезім алғашында қорқып қалса да, тез есін жиып алды. Тізесін бүгіп, Сағынның иығынан ақырын ұстап:
– Сағош, жүр, кірпі көресің бе? – деп, дауысын жұмсарта сөйледі. Сағын ұзын кірпігін бір қақты да, ары қарай естімегендей жата берді.
– Бұл жерде жатпа, көрпенің үстіне апарайын, – деп, ұлын көтеріп алды. Маңдайынан иіскемекші болып еді, ол басын бұрып әкетті.
– Сағош, не болды, ренжідің бе, маған қарашы, – деп, құшағына қысып, көзіне тіктеп қарағанымен, Сағын назарын алып қашып, жерге түскісі келді.
– Ойыныңа бөгет болдым ба? Онда көрпенің үстінде ойнашы, – деп, қабаттап салған көрпеге отырғызды да, біршама уақыт сырттай бақылады. Сағынның бар назары көліктерінде, жанында мүлдем адам жоқтай.
Салқын жел тау жақтан түнере созылған қою қара бұлттарды айдап әкеліп, аспандағы ашық-сұр бұлттарды біртіндеп ығыстырып жатты. Жаңбырдың алғашқы тырс-тырс тамған тамшылары жерге түсіп үлгермей, желмен бетін осып өткендей болды. Алдынан соққан желден бе, әлде жаңбырдың ызғарынан ба, Сезім денесінің тоңазығанын сезіп, иығына іліп алған жемпірін асыға киіп алды.
***
Дәл сол Шымкенттің шіліңгір шілдесінің түнінде аптап ыстық басылмай, үй ішін қапырық қысып тұр еді. Сезімнің жанын жай таптырмаған ыстық ауа емес – көңіліндегі уайым. Ұйқысы қашып, төсекте дөңбекшіп біраз жатты. Ақыры орнынан тұрып, асүйге беттеді. Бір кесе су ішіп, қараңғыда біраз отырды.
Өз бөлмесіне оралып, ноутбукты қосып, интернетті ақтара бастады. «Бала атын атап шақырса неге келмейді, себептері...» деп, алдына шыққан мақалаларды ашып оқи берді. Оқып отырып жаны түршігіп, көзіне жас іркіледі. Сұқ саусағымен жасын сүртеді де, қамыға күрсініп қояды.
Таң ата бастағанда, «тәжірибелі балалар невропотологы» деген жазуды көзі шалып, телефон нөмірін жазып алды. Сосын мең-зең күйде жастыққа бас қойды...
***
Сонан бері Сезім шипа іздеп, «мықты» деген дәрігерлердің бәрін шарлады. Бірінен үміттеніп, екіншісінен медет күтіп, қаншама емхананың табалдырығын тоздырды. Тіпті бір жолы елдегі ең білікті дәрігердің қабылдауына жазылып, Айзере мен Сағынды ертіп арнайы Алматыға келді.
Сағын әдеттегідей емхананың дәлізіндегі орындыққа құрылыс көліктерінің түр-түрін тізіп, өз әлемінде ойнап, ойланып отырған. Кезектері келгенде медбике оларды дәрігер бөлмесіне шақырды.
– Сағош, ойыншықтарды жинайық, – деп, көліктерді екеулеп жинап, дорбаға салды.
Қолынан жетектеп, дәрігер бөлмесіне жүре бергені сол еді, Сағын аяқ астынан жылап, қолын кері тартты. Мұндай қарсылықты күтпеген Сезім оны дереу көтеріп алып:
– Сағоштай, қорықпа жаным, – деп, жұбата бастады.
– Жаныңда боламын, кіреміз де тез шығамыз, – деп, дәрігер бөлмесіне қарай беттеді. Сол сәтте Сағын қол-аяғын ербеңдетіп, жылағанда дауысы үдеп кетті. Сезім оны орындыққа отырғызбақ болып, тізесін бүге бергенде, Сағын сытылып шығып, еденді екі аяғымен тепкілеп, шыңғырып жылай берді. Дем арасында емхананың іші азан-қазан болды да кетті. Бөлмелерінен шығып қараған медбикелер бұларды сөгіп тұрғандай көрінді. Дәлізде өз кезегін күтіп отырған егде жастағы бір әйел адам:
– Әй, ана май құйрықтан бір-екі рет тартып жіберсеңші. Ит жынын қағып алмайсың ба? Қазір игере алмасаң, кейін бетімен кетеді ғой, мына түрімен! – деп, мұрнын тыржия қарады. Тоқтаусыз айғайлап жылаған Сағынның дауысына дәрігер де бөлмесінен шықты. Қолындағы түрлі түсті ойыншықтар салынған себетті көрсетіп:
– Қарашы, бөлмемде мұндай ойыншықтар өте көп. Жүр, өзіңе ұнағанын саған сыйлаймын, – деп, көңілін аулап, жұбатқысы келді. Сағынның дауысы басылмақ түгілі күшейе түсті. Амалы таусылған Сезім жан-жақтан одырая қарап тұрған адамдардан ыңғайсызданып кетті. Жер көкті басына көтере жылаған баласының қылығынан жерге кіріп кете жаздап:
– Біз басқа күні келейік, – деп, дәрігерге өтіне қарады.
– Баланы қинамайық, әпкесімен далада жүре берсін. Өзіңіз кіре беріңіз, тест сұрақтарына жауап берсеңіз жеткілікті, – деді дәрігер.
Дәрігермен ұзақ сөйлескен Сезім жанарына жас толып емханадан шықты. Тынысы тарылып, айнала тұманданып кеткендей болды. Көзіне көрінген орындыққа сылқ етіп отыра қалды. Жүрек қағысы жиілеп, тамағына өксік тіреліп, жан дүниесі астан-кестен күйге түсті. «Сағын аутист дей ме? Қалайша? Мүмкін менің кінәм шығар? Қалай байқамадым? Қалай көзімді жұмып жүре бердім? Мінезі сондай, ерке деп жүре бермей, неге ерте әкелмедім? Қандай анамын мен?! Енді оның өмірі, болашағы қалай болады? Мүлде сөйлемей қалса ше?!»
Санасын оттай жаулаған сұрақтар кезек-кезегімен миын торлап, жүрегін қыса түсті. Бұл сұрақтарға жауап таппай, көз жасына ерік берді. Өзіне қарай жарыса жүгіріп келе жатқан балаларын аңғарып, көз жасын асыға сүртті. Орнынан тұрып, құшағын айқара ашты. Жымиюға тырысқанымен, жанарындағы мұңды еш жасыра алмады. Алайда балалар сезбесін деп, өзін барынша ұстамды етіп көрсеткісі келді.\
Анасының мұңға толы жанарынан бәрін түсінген Айзере көкейіндегі сұрағын қоймай тұра алмады:
– Анашым, біздің сыныптағы Азатты білесіз ғой. Ол кейде сабақта айғайлап кетеді, құлағын жауып отырады. Мұғалім бізге «оны ренжітпеңдер» дейді. Сағын да Азат сияқты болады ма? – деп сұрады.
Сезімнің өзегі өртеніп, тамағына өксік тіреліп, үнсіз қалды. Жауап беруге дәрмені жетпей, тек басын баяу шайқады.
Біраздан кейін өз-өзіне келіп, Айзеренің маңдайынан сүйді де, арқасынан сипап:
– Сағын біз сияқты емес, бірақ ол жаман емес, Айзере. Тек біз оған көмектесуіміз керек. Оның жанында болуымыз керек. Түсінесің ғой, жаным? – деп айтқанда көзіне жас іркілді.
Айзере анасының кеудесіне басын сүйеп:
– Иә, білем, анашым, – деді күбірлеп.
Сол бойда үшеуі таксиге отырып, Сезімнің әпкесінің үйіне қарай тартты. Көпқабатты үйдің кіреберісіне жақындаған сәтте-ақ, Сағын қыңқылдап, қарсылық көрсете бастады. Сезімді қолынан кері тартып, қайтқысы келгенін аңғартты. Жол бойы көңілі жасып, ой шырмауында келе жатқан Сезім баласының қарсылығына мән бермей, оны жұлқи көтеріп, есікке беттеді. Жеделсатыға кіргені сол еді, Сағын қолды-аяққа тұрмай, шайқалып, шыңғырып, жылай бастады. Қажет қабатқа жетіп, жеделсатыдан шыға бергенде, құты қашқан көршілердің төменгі қабаттардан күңкілдеген дауыстары анық естілді. Біреуі «Баланы неге жылатасыздар?» десе, енді біреулері «Баланы бетімен жіберген, тәрбиелемейді» деп жатты. Есікті ашқан әпкесіне:
– Cыртта сөйлесейікші, – деп, қысқа қайырған Сезім балаларын ертіп, қайтадан төменге түсті. Аулаға шыға бергеннен Сағын мен Айзере ойын алаңына қарай жүгіріп кетті.
Аула шетіндегі орындықтардың бірінде тұнжыраған күйде Сезім мен әпкесі әңгімелесіп отыр. Әлсіз самал жел жүзін ақырын сипап өтеді. Сағын құм алаңында ойыншық көлігін тоқтаусыз айналдырып, сызылған ізіне таңырқай қарайды. Қабағы салбырап, екі иіні шөгіп қалған Сезімнің дауысы бәсең шығады.
– Шымкенттегі дәрігер де дәл осылай айтқан еді. «Мүмкін емес, барлық генетикалық анализ нәтижелері дұрыс болған» деген үмітпен келген едім. Бұл профессор да растады. Сағында «аутизм спектрі» бар дейді.
– Сонда ол қандай ауру? – деп сұрады әпкесі біресе Сезімге, біресе ойнап жүрген Сағынға күмәнмен қарап.
– Дәрігер «Бұл ауру емес, ми қызметінің ерекшелігі» деді. Түсінгенім, көбінесе оқшауланып, өзінің әлемінде жүреді екен. Бізді де бөлмеден шығарып жіберіп, көбінесе жалғыз өзі ойнап отырады, – деп, Сезім ауыр күрсінді.
– Сонда тұқым қуаламаса, неден болуы мүмкін? – деп әпкесі сәл іркілді де, – Қазіргі екпелердің кері әсері көп дейді ғой...
– Жоқ, екпеден емес. Қалай пайда болатыны, не әсер ететіні белгісіз екен әлі, – деді Сезім
– Уақытынан бұрын жүріп, сөйлеп, жап-жақсы дамып келе жатқан еді, иә? Тойларда ортаға шығып, би билеп жүретін. Қалайша өзгеріп кетті? Көз тиген шығар...
Сезім әпкесінің сөзін жақтырмай қалды.
– Көз тию туралы айтпашы.. Қай заманда өмір сүріп жатырмыз? – деді. Дауысында реніш пен шаршау бар. Әпкесі сәл ыңғайсызданып:
– Кешір. Дәрі-дәрмегі бар ма, дәрігер не деді? – деп, сұраулы жүзбен қарады. Сезім төмен қарап бір күрсінді де:
– Дәрімен емделмейді екен. Өмір бойы аутист болып қалуы мүмкін дейді. Психолог, логопед секілді мамандарға жүгінуіміз керек.
Бір сәтке үнсіздік орнады. Сезімнің аққұба жүзі сұрланып, ерні дірілдеп:
– Ал, егер...мүлдем сөйлемей, осы күйде қалып қойса ше? – деп, көңілі босап кетіп, алақанымен бетін басып, жылап жіберді.
– Уайымдамашы, жақсы боп кетеді әлі, – деп, әпкесі Сезімді құшақтай алып, арқасынан сипай берді.
Сезім әпкесінің иығына басын қойып, көкірегіндегі ауыр сезімдерді сөзбен жеткізе алмай, көз жасына ерік берді. Сағын болса, ойыншық көлікке арнап жол салып, құмда ойнап отыр еді.
***
Сезім мен Азамат асүйде шай ішіп отыр. Шам жарығында Сезімнің шаршаңқы өңі сұрланып, қажығаны анық байқалады.
– Судан қорқып, үйді басына көтере айқайлады. Айзере екеуіміз әзер дегенде шомылдырдық. Ол аз болғандай көрші апа келді. Баланың жылаған дауысына қан қысымы көтеріліп кетеді екен. «Неге жылата бересің, қандай анасың?» деп, біраз сөз айтып кетті, – деді жабыға күрсініп.
Азамат кесесін үстелге қойып:
– Апаның сөзіне мән берме. Өзіне де, балаларына да жағдайымызды түсіндіріп айттық. Планшет көрсетіп, алдап-сулап шомылдырып жүрген едіңдер ғой. Жаңа планшет аламыз ба? – деп сұрады.
– Қайдам… Ескісі сияқты, заряды бітіп қалғанда, сындырып тастайтын шығар оны да, – Сәл үнсіздіктен кейін, бәсең дауыспен:
– Кейде ойлаймын, біреуді ренжіттім бе осы? Неге мұндай болдық? Осы уақытқа дейін «бір адамға зияным тимесе» деп жүретін едім. Әлде сен біреулерді ренжіттің бе? – дегенде тамағы құрғап, екі көзі жасаурап кетті.
– Не деп отырсың? – деді Азамат сабырлы үнмен. – Сен де, мен де кінәлі емеспіз. Құдай әркімге әртүрлі сынақ береді. Бізге түскен сынақ – осы.
– Білмеймін, кейде ата-бабаларымыз біреудің қарғысына қалған ба деп ойлаймын, – деді Сезім екі қолымен екі шекесін уқалап.
Азамат Сезімге жақындап, иығына қолын қойып:
– Қай-қайдағыны айтасың сен де, – деп күлді де: – Біз білетін ата-бабамыз ақ адал маңдай термен өз әулетін асыраған. Бәрі ұзақ жасап, өсіп-өнген адамдар ғой...
Сезімнің даусы кенет ызаланып шықты.
– Айтуға оңай... Сағынмен аулаға шықпайсың. «Ана тәртіпсіз баламен ойнама» дегенді, «Балаңызды тәрбиелемейсіз бе?» дегенді естімейсің. Өзгелердің кемсітіп, шеттеткенін көрмейсің. Дүкеннен айғайлай жылап, алып қашқан ойыншықтарды, кешірім сұрап дүкенге қайтарып жүрген де сен емессің... Әр далаға шыққаным – бір уайым. Адам жоқ аулаларды іздеп жүретін де – мен... – деп, Сезім сөзін аяқтай алмай, екі қолымен бетін басып, булығып жылап жіберді.
Азамат орындығын Сезімге жақындатып отырды да, иығынан, шашынан сипады. Ұзақ үнсіздіктен кейін:
– Оңай емес, білемін. Мен көп іссапарда жүрдім, көбірек көңіл бөле алмадым… Енді Алматыға ауысқалы, іссапарым азаяды. Демалыс күндері Сағынды толықтай өз мойныма алайын, – деді.
Сосын Сезімнің қолынан ұстап, жалғастырды:
– Баланы берген, сынағын да береді. Қолымыздан келгеннің бәрін істейміз, шипасы – құдайдан. Дәрігер айтқандай, жыласа да балабақшалардың ауласына апара берейік. Жайлап үйреніп кетер, – деп, қолынан қысып қойды.
Сезім Азаматтың кеудесіне басын қойып, ұзақ жылады. Бұл жолдың жеңіл емес екендігін сезсе де, жалғыз қалмайтынын ұқты.
Аспанды торлаған қара бұлт тізбегінен майда тамшылар бірінен соң бірі сырғып, жаңбыр сіркіреп жауа бастады. Қолшатыр ұстаған адамдар жүрістерін тездетіп, енді біреулері мойындарын ішіне тыға жүгіріп барады. Ал Сезім болса, өткеннің елесіне оралған күйі жаңбырдың салқын тамшыларына бетін тосып, асықпай жүріп келеді. Бетіне тиген әр тамшы ойына бір естелікті оралтқандай, әр қадамы көңілдегі ауырлықты сәл де болса жеңілдеткендей.
***
Жексенбі. Таңғы ас уақыты. Сағын дастарханға бір көз тастады да, «О-о» деп дауыстап, басын шайқап, бөлмеден шығып кетті. Жан дүниесі жабырқау тартқан Сезім баласын көзімен селқос шығарып салды да:
– Кеше күні бойына кіріп-шығып жүріп, екі кесе қымыз ғана ішті. Басқа аузына дәм алмады. Қандай тамақ берсем де, иіскеп көріп, қашып кетеді, – деді. Азамат үн қатпастан тамағын ішіп алды да, Сағынның соңынан кетті. Аздан соң оны көтеріп қайтадан кірді.
– Мамасы, қымыз болса, бізге құйып берші. Бір-бір кеседен сіміріп алайық та, базарға барайық. Сағош не жегісі келеді, соны аламыз. Алма, банан, апельсин, құлпынай дейсің бе, бәрін аламыз. Иә, әкесінің құлыншағы, – деп, маңдайынан бір иіскеді де:.
– Ал, мамасы, баламды киіндіріп бере ғой, – деп, Сағынды Сезімнің құшағына салды. Анасы ұлын жетектеп жатын бөлмеге кіргені сол еді, Сағын бөлмеден жүгіріп қашып шықты. Оның соңынан жейде мен шалбар ұстап, ашудан жүзі қызарған Сезім көрінді.
– Кигісі келмей қашып жүр. Саған көнетін шығар, көрші, – деді ызаға булығып.
Азамат киімдерді алып:
– Жейденің тігісі денесіне бататын шығар, – деп, теріс аударып алды да:
– Сағош, жүр, екеуіміз мәшинеге мініп, саяхатқа шығамыз. Базарға барамыз, көпірлерге барамыз... – деп шақырды.
– Копығғ, копығғғ, копығғғ, – деп қайталап, жүгіріп келе берген ұлына:
– Алдымен, мына әйбат киімдерді киіп аламыз. Сосын барамыз, жарай ма, арыстаным? – деп, көзіне қарады. Сағын әкесіне қарамай, көзін ала қашып, басын изей берді. Жейдесін, үстінен күртешесін кигізіп болған соң Азамат:
– Әне, жігіттің төресі болды ұлым! Бұл демалыс әкесі мен ұлының ерекше демалысы болады. Кәне, әкел бесті, балам – деп, қолын көтерді. Көзін төмен салып, басын изеп тұрған Сағынның алақанына өзінің алақаны тигізді.
***
Сезім күні бойы интернетте аутизмі бар балалармен жұмыс істеу әдістері туралы мақалаларды бірінен соң ақтарып оқып отыр. «Монтессори әдісі бойынша жұмыс істейтін балабақша ашылды» деген хабарландыру көзіне шалынғанда, ерекше елең ете қалды. «Бұл қандай әдіс екен?» деп, қызығып, бірден ізденіске кірісті. Оқып-білген сайын Монтессори әдісінің баланың әлеуметтік дағдыларын дамытуға, өзін-өзі басқаруға және еркін әрекет етуге бағытталғанын түсінді. «Сағын үшін пайдалы болар ма екен?..» деген ой көкейінен кетпеді.
Кешке жұмыстан келген Азаматқа оқып-білгендерін айтып, «балабақшаға бірге барып көрейікші» деді.
Ертесіне балабақшаға хабарласып, кешке таман жаңа балабақшаны бәрі бірге барып көрді. Балабақша ғимаратына кіргенде үлкен терезелерінен күн шуағы молынан түскен кең, жарық бөлмеге өтті. Бөлменің ортасында балаларға лайықты кішкентай үстелдер мен орындықтар, үш қабырғасын бойлай аласа сөрелер тізіліпті. Әр сөреде ойыншықтар емес, құм, су, ағаш пен матадан жасалған танымдық құралдар мұқият тізіп қойыпты.
Сағын әдетте жаңа жерге барса, бірден мазасызданып, шыңғыра жылайтын. Бұл жолы ол еш қарсылықсыз ішке кіріп, айналаны шолып шықты. Бұл көріністі сырттай бақылап тұрған Сезім мен Азамат аң-таң кейіппен, бір-біріне қарап жымиды.
***
Сағынның балабақшаға барған алғашқы айларында-ақ себепсіз жылауы аздап басылғандай еді. Бір күні кешкісін оны балабақшадан алып кетуге келгенінде Сезімді есік алдында тәрбиешіcі қарсы алды.
– Балаңыз бүгін түскі аста екі қайтара сүзіп берген сорпаны ғана ішті. Ал таңғы асты мүлдем ішпей қойды. Бір тәрелкеге сүзбе мен жентті салып берген едік. Титтей бір сүзбе жентке тиіп қалған екен. «О-о» деп, қабағын тыржитып, үстелден тұрып кетті. Басқа тәрелкеге, бір-біріне араластырмай әкеліп берсек те, қарамай қойды. Сүйсініп жейтін басқа тамақтары болса, әкеліп қойсаңыз болады, – деді. Сол мезетте жүгіріп жете берген Сағынға қарап:
– Ертең «circle time»-ді сен бастайсың, келістік пе? Әкел бесті! – деп, алақанын ашты. Сағын көзін тайдырып, тәрбиешісінің алдында аз кідірді. Сосын алақанын ашып, әлсіз тигізіп үлгермей қолын қайта тартып алды. Лезде бірнеше бала жүгіріп келіп, тәрбиешіге алақандарын тосып, мәз болып жатты. Ал Сағын болса «о-о» деп дыбыстап, балалардан оқшауланып, анасына қарай аяңдай берді.
– Тамақ жемейтіні болмаса, тапсырмаларды орындағанда өте алғыр, белсенді қатысып отырады. Феноменальді есте сақтау қабілеті бар. Бір айға жетпей «circle time» әндерін жаттап алыпты, – деді тәрбиешісі мақтанышпен. Сезім өз құдағына сенбей:
– Сағын ба? – деп қайта сұрады.
– Иә, Сағын, – деді тәрбиешісі жымиып. – Әнді бір-ақ рет естиді де жаттап алады. Үйде байқамадыңыз ба?
– Ә, иә, иә… Үйде де ыңылдап айтып жүреді… – деді Сезім дауысы дірілдей шығып. Сол сәтте иегі кемсеңдеп, көңілі босап кетті. Көзінен еріксіз аға бастаған жасты көрсетпес үшін, қолынан тартқылап тұрған Сағынды жетектеп, асығыс далаға шықты. Балабақша ауласындағы орындыққа отыра кетті. Үнін шығара алмай, құмыға жылаған күйі, Сағынды құшақтап, бетінен, көзінен тоқтамай сүйе берді, сүйе берді. Ал ол болса қарсылық білдіріп, шегініп, бетін алып қашты. Көз жасын сүрткілей отырып, аулада басын шайқап, айнала жүгіріп жүрген ұлына қарап біресе күледі, біресе жылайды. Бұл жолғы толастамай аққан жас – ұзақ уақыттан бергі еңбектің жемісін алғаш көргендегі шынайы қуаныштың көз жасы болатын.
Жаңбыр себелей бастағанда Сезім көкке күлімсірей қарап, бір сәтке көзін жұмып кідірді. Бетіне тамған салқын тамшылары жанын жегідей жеген мазасыз, ауыр ойларды жуып жатқандай сезілді. Денесін шымырлатқан салқын ауаны терең тыныстап алып, қолшатырын жайып ашты. Сағынға таңертең «бауырсақ пісіремін» деп уәде бергені есіне түсті де, шапшаң жүріп кетті.
***
Сағынның бірінші сыныпта оқып жүрген кезі. Күздің шуақты бір күні мектептен қайтып келе жатып:
– Анашым, муғалім айғайлайды, айғайлайды, – деді.
– Бұзық балаларға мұғалім ұрысады. Ал сен бұзық емессің ғой. Өзіңе қабылдама, жарай ма? – деп, жұбата берген Сезімнің сөзін бөліп:
– Жооқ, анашым, жоооқ, – деп, булығып, басын шайқады. Сезім тоқтай қалды. Тізерлей отырып, ұлының көзіне тіктеп қарады. Сағын көзін тайдырып әкетті де, терең тыныстап алып:
– Муғалім үлкен... Балалағғ кішкентай, кішкентай... – деп айтқанда көзінен жас ыршып түсті. Сезім қапелімде не айтарын білмей:
– Мен мұғаліммен сөйлесейін, – деп, оны құшақтап біраз тұрды.
Ертесі күн мұғаліммен кездесіп, Сағынның ерекшеліктерін, дауыстарға сезімтал екенін түсіндірді. Сыныпта мүмкіндігінше балаларға айғайламай сөйлеуін өтіне бергенінде мұғалім:
– Сағын – тәртіпті оқушы. Бірақ сыныпта өте бұзық оқушылар бар. Оларға дауыс көтермесем сыныпта тәртіп болмайды. Кешіріңіз, бірақ олай істемеймін деп уәде бере алмаймын, – деп, кесіп айтты.
Көп ұзамай Сағын таңертең мектепке баратын уақытта екі қолымен құлағын басып, көзін жұмып алып:
– Жоқ... жоқ... жоқ! – деп, басын шайқайтынды шығарды.
Сезім мен Азамат ақылдаса келе, Сағынға жайлы болатын мектеп іздейміз деп шешім қабылдады.
Бір мектептің директорының қабылдауына кірген сәт Сезімнің еріксіз ойына оралды.
Орта жастан асқан әйел көзәйнегін шешіп, жаны ашығандай болып:
– Мен баланы арнайы мектепке беріңіздер деп ұсынар едім. Жай мектепте мұндай балалар қиналады. Әрі олар сабақ процесіне кедергі келтіреді. Басқа оқушылардың да мінезіне, оқуына кері әсер етуі мүмкін, – деген төмен қарап.
Сол сәтте үнсіз тыңдап отырған Азамат орнынан баяу қозғалды. Жүзінен ыза мен мұңның ізі қатар байқалды. Ауыр күрсініп:
– Иә, Сағын өзгеше бала… бірақ ол ешбір баладан кем емес. Мектепті жарнамалағанда «Баланы тұлға ретінде тәрбиелейміз, шынайы өмірге дайындаймыз» депсіздер. Соған сеніп, үміттеніп келген едік. Мына сөзіңізді естіп қателескенімізді түсіндік, – деп, орнынан түрегелді де: – Бала тек өзіне ұқсас балалармен араласса, өзгелерді түсінбей, шеттетуге бейім болады. Баламыздың ондай қоғамда өскенін қаламаймыз. Оны түсіне алатын, қабылдай алатын басқа мектеп іздейміз. Жүр, Сезім, – деп, есікке қарай беттеді.
Мектеп дәлізімен қол ұстасып келе жатып, Сезім:
– Рахмет, – деді сыбырлап. Азамат оның қолын ақырын қысып:
– Біз оны жалғыз қалдырмаймыз. Ешқашан… – деді де, жүрісін үдетті.
***
Пандемия кезінде әлем бір сәтке тоқтап қалғандай еді. Үйден емін еркін шығуға болмайды, көшелер тып-тыныш, жұмыс орындары, сауда орталықтары, тіпті мектептер де жабылды. Елде білім беру онлайн форматқа ауысты. Дүние астаң-кестең болып жатқандай көрінген сол кезең Сағын үшін керісінше, еркін тыныс алған, жайлы уақытқа айналды. Мектепке бармай-ақ, үйде, жайлы креслода отырып, сабақ тыңдаған оған ұнады. Таңертеңгі кептеліс те, жол бойы жан-жақтан естілетін көліктердің сигналы да, сабақ арасында шулап, бірін-бірі итеріп жүретін балалар да жоқ. Мұғалім экранның ар жағында сабағын түсіндіреді. Сабақ біте салысымен Сағын үй тапсырмасын мұғалімге жіберіп, бос уақытын өзіне қызықты дүниелерге арнайтын.
Бірде Сезім ұлының экранға үңіліп отырғанын көріп:
– Сағош, сабақ бітті ме? – деп сұрады.
– Иә, мам. ііі, мен ютуб каналыма видео жасадым. Достағғым, ііі, «жақсы видео» деді, – деп Сағын қуана жауап берді. Сезім күлімсіреп:
– Ал, мектептегі достарың ше? Олар ютубте саған пікір жазады ма?
Сағын сәл ойланып тұрып:
– Жоқ, мам. Олағғ менің каналымды білмейді, білмейді. Ютубтегі достағым жақсы, олағғ жақсы. Мені түсінеді. Мен олағғды түсінемін, түсінемін – деді шынайы үнмен.
Сағынның бұл жауабы Сезімді ойға қалдырды. Ұлының өзіне жайлы ортаны интернеттен тапқанына біресе алаңдап, біресе таңырқады. Сыныптан гөрі виртуал кеңістік оған қауіпсіз әрі түсінікті көрінетін болар.
– Ең бастысы, өзіңе ұнайтын, пайдалы іспен айналысқаның жақсы, – деді Сезім жұмсақ дауыспен. – Бірақ мектептегі, ауладағы достардың да орны бөлек екенін ұмытпа, жаным.
Сағын сәл үнсіз қалды. Экраннан көз алмай:
– Жоқ, мам. Мен сізге айттым, айттым… Ютубтегі достағым жақсы. Олағ мені түсінеді. Мен олағды түсінемін, түсінемін – деді нық дауыспен.
Сезім енді оған ештеңе демеді. Тек баласының жан дүниесінде болып жатқан өзгерісті үнсіз сырттай ғана бақылап тұрды.
***
Бірде Сезім жұмыстан кештеу келді. Аяқкиімін шешіп жатқанда, қолында телефон ұстаған Сағын бөлмесінен жүгіріп шығып:
– Алақай! Анашым келді! Құймақ істейді! – деп, шаттана дауыстады.
Асүйге көз тастап, үстел басында отырған қызы Айзерені байқап:
– Сағынға құймақ пісіріп бер деген едім. Пісірмедің бе, Айзере? Бұл бала таңнан бері ештеңе жемеген бе сонда? – деді дауыстап.
Осы сөзден кейін аққұба өңі қызарып кеткен Айзере, бір сөз айтпастан анасының жанынан өтіп, бөлмесіне кіріп кетті де есікті тарс жапты. Сезім артынан барып, есікті ақырын тықылдатты да:
– Айзере, не болды, жаным? – деп сұрады.
Төсегінде қабырғаға сүйеніп, кітап оқып отырған Айзеренің қатқыл дауысы шықты:
– Ештеңе. Есікті жабасыз ба? Мен ҰБТ-ға дайындалып жатырмын.
Айзере ешқашан бұлай сөйлеген емес. Ішінде найзағай ойнап, күн күркіреп тұрғаны дауысынан сезілді. Сезім демін ішіне тартты да:
– Қызым, сені ренжітіп қойдым ба? – деп, бөлмеге кірді.
Айзере кітапты жауып, жанына қойды. Қабағы қатулы. Бір-екі секунд үнсіз отырды да, көзін төмен салып:
– Сағынның тамағы... Сағынның мектебі... Сағынның жағдайы... Жүрген бір «патша»... Бұл өмірдегі бар ойларыңыз – тек Сағын төңірегінде... Сіздерде бір-ақ бала бар сияқты. Мен ше? Мен де баламын ғой... – деп, дауысы дірілдеп шықты, – ҰБТ жақындап қалды. Университетке түспей қаламын ба деп қорқамын. Қолдау дегенді білмейсіздер...
Сезім есік алдында өз құлағына өзі сенбей, сілейіп тұрып қалды. Айтқанды екі еткізбей орындайтын, тілалғыш қызын бейне біреу ауыстырып қойғандай. Алдында жуас, елгезек, үйдің тұңғышы емес, жүрегінде уайым-қайғысы бар, жасөспрімдік дағдарыспен өздігінше күресіп жүрген жас бір тұлға еді. Айзере көз жасын ішке жұта жалғастырды:
– Бәрін түсінемін... Сізге оңай емес... Сіздерді аяп, ылғи көмектесейін деп жүремін... Бірақ, мен де баламын ғой... Үй жинап қой дейсіз, жинап қойсам, бір «рахмет» те айтпайсыз. Сағын балаңыз бір сурет салса, бүкіл туыстарға мақтанып айтасыз.... Мені бір құшақтап, анда-санда жылы сөз айтсаңыз да болады ғой... Сол да маған жетеді.
Сезімнің жүрегі шым ете түсті. Көзіне жас іркілді.
– Кешір, Айзерешім… – деп, қызының жанына келіп қатар отырды.
– Сіз «кешір» дейсіз де, ұмытып кетесіз… – деп, басын бұрып әкетті.
Сол сәтте Сезім оны құшақтай алды. Айзере алғашында сәл шегініп, қарсылық білдірді. Бірақ көп ұзамай, еңсесі көтеріліп, анасының иығына басын қойды. Екеуі де үнсіз. Көптен жиналып, айтылмаған талай сөздің орнына көз жасы сөйлеп тұрғандай. Бірі ана, бірі бала екенін екеуі де жаңадан түсінгендей, ұзақ құшақтасып отырды.
Айзере анасының иығына басын қойып отырып:
– Үйге кірген бойда, бүгінгі тестті қалай тапсырғанымды емес, Сағынның тамағын сұрағаныңыз... жүрегіме батты. Дегенмен, кешіріңіз, сізге дөрекі сөйлеп қойдым.
Сезім қызының екі бетінен кезек-кезек сүйіп:
– Мен де кінәлімін. Хал-жағдай сұрамай, бірден Сағоштың тамағын сұрағаным дұрыс болмады. Қызым, сені жақсы көремін. Сенің әр сөзің – шын. Сен менің көмекшім, тірегім болдың. Ал мен саған тірек бола алмаппын. Енді сені көлеңкеде қалдырмаймын. Уәде беремін, – деді қызының қолынан ұстап отырып.
– Жарайды... Мені көмекшіңіз немесе бала күтуші ретінде емес, жай бала ретінде көруді, қолдауды үйреніңізші, – деп, еркелей сөйледі Айзере Сезімді құшақтап отырып.
Әлгінде ғана ана мен қызы арасында пайда болған салқындық пен түсінбеушіліктің орнына жылылық пен мейірім орнады.
– Барып, кешкі асқа кірісейік. Әке келетін уақыт болып қалды. Айтпақшы, Сағошыңызға құймақ пісірген едім, «анамның құймағын жеймін деп менікін ұнатпады» – деп жымиды. Сезім жеңіл күрсініп, орнынан тұрды.
***
Сағын төрт жылда төрт мектеп ауыстырды. Әр мектепке барған сайын Азамат пен Сезім «Осы жолы жайлы мектеп таңдадық. Бәрі жақсы болады» деп үміттенетін. Сағынға мектептің шуы, талапшыл, қатаң тәртібі, мұғалімдердің бұйырып сөйлейтін дауысы ауыр тиетін. Осындай ортада өз әлеміне тұйықталып, сөйлемей қалатын. Сабақ үстінде құлағын жауып, сыныптан шығып кететін. Кейбір мұғалімдер оны толық түсінбей жатып, «тәртіпсіз», «ерке», «мінезі ауыр», «қырсық» деп, таңба баса салатын.
Сағын өзгеше еді. Сабаққа қабілетті. Әсіресе сандарды ойша қосып, көбейтіп жүргенді ұнатады. Тарихи деректер мен оқиғаларды, елдер мен астаналары туралы ешкім сұрамаса да айтып беретін кезі көп болады. Кей адамдар оған «ерекше, дарынды бала» деп сүйсіне қарайды. Ал енді біреулер бір сөзді немесе тарихи фактілерді бірнеше рет қайталап айта бергенінде, «есі дұрыс па?» дегендей қарайды.
Ол жоспарсыз өмір сүре алмайды. Қай күні не киетіні, мектепке қай көшемен баратыны, апта соңында немен айналысатыны – бәрі алдын ала жоспарланады. Бөлмесінде бәрі рет-ретімен тұру керек: киімдері, кітаптары мен жеке заттары. Жоспарланған ісі орындалмаса немесе реті бұзылса, көңіл күйі де түсіп кетеді. Бәрі ойдағыдай болса, көңілді жүреді. Сондай кезде үйдің іші ерекше жарыққа толатындай көрінеді.
Бір тақырыпқа қызықса, соны егжей-тегжейлі зерттеп, үйдегілерге бірнеше күн қайталап түсіндіре береді, түсіндіре береді… Бір деректі он рет қайталап айтуы мүмкін. Сол кездері көзі жайнап, өңі бал-бұл жанады. Үйдегілер қайта-қайта бір ақпаратты естіп, жалығуы мүмкін. Бірақ ол жақсы көретін дүниесін қайталап айтып, үйдегілермен байланыс құрып, жақындағысы келгенін осылай білдіретін.
Айзере мектепті бітіргенге дейін осындай ерекше балаларды қызғыштай қорып, қамқор болуды әдетке айналдырды. Кейін студент атанғанда, анасына ренішін білдіріп те қоятын.
– Ұлыңызды көбірек жақсы көресіз. Бәрі тек соның айналасында... Бұл әлемде одан басқа біз де бармыз, өзіңіз де барсыз – дейді.
Азамат та кейде шыдамай:
– Оң мен солын танитын баланы неге сонша қорғаштай бересің? – деп, күйіп-пісетін. Сезім оларға қарсы уәж айтпайды, ақталмайды.
Тек «Сағынның тілі шығып, сөйлеуі, балалармен қосылып ойнауы, жалпы мектепте оқуы – бәріміздің ортақ жеңісіміз. Біз осы күнге бірге жеттік. Ыстық-суықты бірге кештік. Сағын – отбасымызға берілген үлкен сынақ. Оны түсініп, бар болмысымен қабылдадық, қолдау көрсеттік. Кейде шаршаймыз. Кейде іштей жылаймыз. Бірақ... Біз оны жалғыз қалдырмаймыз. Ешқашан. Біз оны қорғамасақ, оны кім қорғайды? Егер біз түсінбесек, кім түсінеді?» дейтін.
Майда жаңбыр тамшылары басылып, күн көзі көрінгенде Сезім үйге жақындап та қалған еді. Пәтердің есігін ашып кіргенде, алдынан он жасар Сағын жүгіре шықты.
– Анашым, сөмкені әкеліңіз, мен алайын, мен алайын, – деп, қолындағы сөмкені алып, асүйге әкетті.
– Рахмет, Сағош. Қалай жағдайың? Cабақтарың қалай өтті? – деді Сезім қолшатырын бұрыштағы орнына қойып.
– Жақсы. Ііі, ағылшын мұғалім, ііі, кім сабақты жақсы айтты, ііі, соған кәмпит беғді. Мен оны сізге әкелдім, сізге әкелдім, – деді.
– Ой, рахмет, жаным. Қазір мен қолымды жуып келейін – деп, Сезім қолын жуып алған соң, асүйге өтті. Сөмкедегі заттарды үстелдің үстіне шығарып жатып:
– Ал, мен саған қымыз, шұбат әкелдім, – деп, бір кесеге қымыз құйып берді. Сағын сіміріп ішіп алды да:
– Рахмет анашым. Іііі, менде біғғ сұғғақ бағғ, – деді.
– Балам, екеуіміз кеше келіскендей, бүгін фри картобы мен бауырсақ пісіреміз. Сен картоптың қабығын ашуға көмектесесің, солай ғой, иә? – деп, көзіне қарады. Сағын басын изегеннен кейін:
– Ал, енді қандай сұрағың бар, сұрай бер, – деп, Сезім ашыған қамырды бөле бастады. Сағын алдындағы тәрелкеден бір картопты қолына алды да:
– Іііі, Алматы ііі сейсмо, ііі қауіпті қала ғой. Неге Алматыға көштіңіздеғғ, көштіңіздеғғ? – деп, анасынан жауап күтіп тұрды.
– Әкең жұмысын жақсы істеген соң, оны Алматыға ауыстырды. Сол себепті көшіп келдік, – деді де Сезім:
– Сен картопты арши бер. Мен бауырсақтан соң, тез фриді пісіріп аламын, келістік пе? – деді.
– Жоқ, анашым!
Ұлының қолына картопты ұстаған күйі, тапжылмай бір орында тұрғанын байқап, Сезім оқтауды үстелге қойды. Орындыққа отырды да:
– Балам, мен сені тыңдап тұрмын. Не айтқың келді? – деді.
– Ііі, мың тоғыз жүз он біғінші жылы Алматыда, ііі, жеғ сілкінді. Ол енді, ііііі, жүз, жүз жиығма жылда қайталанады. Іііі, көп үй құлайды, құлайды... – деп, үрейленіп, терең тыныстап тұрған Сағынның көзінен жас ыршып кетті. Сезім:
– Сағынжан, келе ғой, – деп, жұмсақ дауыспен өзіне шақырып, құшағын ашты. Жақындағанда, құшақтап, арқасынан сипады:
– Жер сілкінісінен қорқудың қажеті жоқ, тек жер сілкінсе не істеу керегін білу керек. Қазір технология дамыған, бұл үйлер құламайды...
– Он балл болса да ма? – деп, күдіктене сұрады анасын құшақтаған қалпы.
– Иә, он балл болса да құламайды. Білесің бе, тоқсаныншы жылдары мен мектепте оқып жүргенімде, Алматыда жер сілкінді. – дей беріп еді, Сағын басын анасының иығынан жұлып алып:
– Шын бааа? – деді. Таңданғаннан еріксіз ауызы ашылып, көзі шарасынан шығып кетердей Сезімнің көзіне тура қарап тұр.
– Иә. Енді он балл болған жоқ... Бірақ ешбір ғимарат құламады, барлық адам аман-есен. Бүгін әке жұмыстан келген соң, бәріміз отырып, жер сілкінгенде не істеу керек туралы ережені жазайық. Сосын бөлмеңдегі басқа ережелердің жанына іліп қоямыз, келістік пе? – деді.
Сағын мақұлдағандай қайта-қайта басын изеді. Алдындағы картоптың бәрін үн қатпай аршып болған соң, кене:
– Анашым! Ііі, әкеге телефон соғыңыз! Жұмыстан тез келсін, тез келсін! Психолог Әсем апай айтқан мультфильмді көғғеміз, көғғеміз – деп, қалбалақтап, асүйде ерсілі-қарсылы жүре берді. Сезім қызара піскен бауырсақты майдан сүзіп жатып:
– Сағынжан, уайымдама. Әкең бәріміз бірге мультфильм көретінімізді біледі. Мына тәрелкедегі бауырсақтар ыстық емес, дәмін көрсең болады, – деп, үстелге тәрелкені қойды.
– Ііі, қазіғғ емес, сосын, сосын, – деп, Сағын асүйде әрі-бері жүріп, далаға көз салды да: – О-о, анашым, ііі, жаңбығғ жауды, жаңбығғ жауды, – деп, терезе алдына жүгіріп барды.
Сағын әйнекке әлсін-әлсін тие бастаған тамшыларға таңырқай, ұзақ қарап тұрды.