Шағала қанат шыңдар сәулеленді...
Санасында шың ұшарының қызара сәулеленгеніне таңырқап жатты. Теннис шарындай домаланған жүзінен жанары бірақ ашылмады. Қарашығын қою қараңғылық бүркепті... Білектей резіңке келтек соққысынан қара сан мен қар еттері қақсап, темір үтік қарыған жауырыны жанып барады.
Жалын ұрған жұлын-тұтасы әсерінен әлден уақ талықсып кетті. Жанары жарықты сезінбесе де, Алатау шыңдары сана сүзгісінен сейілмей-ақ қойды. Аяусыз соққыға жығылып, есінен танған сәтте шың жүзін жалай жүзген қанды арай санасын себезгілей қыдырған-ды... Неге екенін бұл түсінбей дал. Шың ұшын таутекедей текіректеп кезетін шұғыла санасын салдуарын қылды.
Есін жиып, жарық дүниеге қайта оралғанда нарткүрең әлем жым-жылас жоғалып, дүние қапас тартып қоя берді. Санасында сұлбаланған қанжоса шыңдар да сая таппай қалды... Сына шыңдар сана жықпылына жылымдай жұтылды. Қаракөлеңке қапаста жатқанын сонда ғана анық сезінді.
Жұмық жанары ашылар емес. Зорлана қимылдап көрді. Сол-ақ екен тұла бойы ток соққандай зырлап қоя берді. Ауырсына ыңырсыды. Жан дауысы шығып кетті.
Өз дауысынан өзі қорланды. Азу тістерін опырардай жағын қасара тістенді. Қақпанда сирағын шайнаған бөрідей құмықты. Намысы шабақтап, дыбысын шығармауға тырысты. Қасындағы қу жанын қинаған, жауырынына үтік басқан пенделер де үнсіз... «Неге?» деген ой келді. Әлде мұның тәнін басқаша қорлауға ойланып тұр ма екен. Жанын жаһаннамға қалай жібереміз деп «қиналып» тұр ма екен.
Қасарысқан күйі мырс етті!.. Сірескен жаны жай тапқандай болды. Олар баяғыда-ақ «жоқтауын асырдық» деп тайып тұрса керек.
Бала кезінде сирағын ошақтағы ыстық қоламтаға тығып алғанда жанын қоярға жер тапқызбаған сұмдық шошымал, сана түкпірінде ғұмыр бойы сақталып қалған сол бір сұрапыл сезім тағдыр айдап тағы қайталанды... Полиция жігіттері жендетше үтіктеген жауырыны жалын атып жана берді. Қырық тоғыз мүшелге иек артқан атпал азамат осы жасқа дейін азаптаудың талай түрін көрсе де, тап мынандай үтікпен қарып, қызыл терісін қолдыратқанды кешпепті.
Ал дәл қазір жаналғыштардай жабыла тепкілеп, жаны мен тәнін қуана қинаған жандар біруақ үнсіз бола қалыпты. Әлде, олар кетіп қалды ма екен? Арада қанша уақыт өтті? Шамасы, көп уақыт өткен-ау?! Құлаққа ұрғандай тыныштық орнапты.
Оң жақ бүйрек тұсы тастай ауырлап, жер тартып, сыздай қақсайды. Полиция майорының «берцы» бәтіңкесі оңдырмаса керек. Екпеттеп жатқан дененің жауырын қақпағы бетін жалын жалап тұрғанда, бүйрек ауырғаны еленбей де қалды. Түркияның «Белек» жағажайында күнге оқыс күйген жауырыны бір алаулап еді-ау!.. Саумалдай суға шомылып, риясыз қыздырынған мамыражай күндер қайда? Ол да бір сағыныш! Ол да бір алданыш!
Жауырыны жанын суыра оттай жанды.
* * *
Камераға келгендерді дауысынан айырды. Полиция майоры бұған еңкейіп:
– Жаның ұяда ма? Ә-ә, ұяда... Ұяңды бүгін бұзам. Быт-шыт қылам! Балапанша шырылдай ұшасың... әлі. Ұшасың. Жаның темір емес. Баяғы қарлы боран есіңде ме? Есіңде, Ула! Қадырболат сен үшін мерт болған. О дүниеде жолығысасың... онымен. Менен сәлем айт! – деді өз-өзімен сөйлесіп. – Ол емес, сен кетуің керек еді, Ұлтарақ!
Бұл ештеңе айта алмады. Құр ыңыранды. Ал қасындағы қос жандайшап полиция жігіттері майордың сөзіне мән бермей, мұның тірі жатқанына таңданысты.
– Өй, мынауың тірі ғой? Краснокожи!
Майормен ере кірген жас лейтенант пен сержант аяқтарының басымен түртіп-түртіп қойды.
– Дауасыз екен. Соншама соққы мен азаптаудан кейін... Әй, бірақ «мал болмас!»
Мал болса, сойып жейін деп пе ең?
Жесек – жейміз. Кісі еті тәтті дейді ғой... ана людаедтер!
Майор:
Өй, көкемылжың! – деп сөкті. – Сөзге қой сендерді, іске неге сондай емессіңдер. Одан да мына «туристі» сүйреңдер!
Генералға «турист террористер» деген қаптап кетті ғой, жүдә?! Қырып барады ғой, тегі!.. – деп лейтенант пен сержант қосанжарласа берді.
Болды, жігіттер! Жап ауызды! Алып жүріңдер!
«Турист-террорист» атанып жатқан Ұлтарақ-Ула өз ауылынан шыққан майорды жақсы таниды, өткен кеш өлімші қылып тепкілеп сабағанның ішінде кіжіне кіріскеннің бірі. Баяғыдан жасырын өшпенділігі де бар. Қадырболат пен қарлы боран туралы «мүңкітуі» соның салдары... Ескі жара. Мұның жүрегіне салынған жазылмас жараны қасақана тырнап тұр.
Көкпарға салынатын көк тушадай сирағынан ұстап, сүйрей жөнелді. Үтік басқан қызыл шақа жауырыны қау етіп лаулап әкетті... Басы табалдырық пен босағаға соғылып, миы тағы зеңді... Сол-ақ екен санасында шағала шыңдар буалдырлана қайта шалынды. Әлдеқандай жат әлемге енгендей ерекше бір күй кеше бастады.
Аппақ әлем ішінде ұшары нарткүрең сәуле құшқан шың-құздар арасында қалды... Рухы барақат сезімге бөлене берді.
Осындай бір буалдыр күйді бала кезінде бастан кешкен-ді. Он үш жасында жарылып кеткен соқырішегіне наркозбен ота жасап, бір ажалдан аман қалған... Наркоз бергеннен кейін шытыр-шытыр еткен ерекше бір шыңылтыр дауысты естіп, жанға рахат ақ самала жарық ішіне еніп, ғажайып бір күйді бастан кешіп еді-ау! Тап қазір де қан шашыраған шың-құзды әлемнің арасында сол бір сиқырлы күй қайта оралып, қу жаны балбырай жайланды. Әлгінде ғана еденде сүйретіліп барамын-ау деген ой мүлде есінен сөніп кетті!.. Жаны жай тауып, ақ тұман құшқан әлемге тұтылды. Шағала қанат ұшарына қанды сәуле жүгірген шыңдар да жоғалып кетті. Шытыр-шытыр шыңылтыр дауыс құрсаған буалдыр әлем сәтте сана сілемін буып тастады.
Буалдыр әлемде құлағына майордың дауысы қайыра естілді. Буалдыр арасынан таныс майор әлгі екеумен емес, әлдебіреумен сөйлесуде... Ол да таныс дауыс сияқты. Өзінің өлі не тірі екенін түсіне алмай жатып, олардың әңгімесіне қаныға берді.
– Жаны сірі екен ауылдасыңның! Ұлтарақ десе – ұлтарақ. Лақап есімі де қатқан – Ула... «Ұлтарақ» деп кім қойды екен? Әке-шешесі ме екен... Әй, бірақ кім қойса да білген. Табанда жатса да тозбайды ғой ұлтарақ деген. Өлексе болса да өлетін түрі жоқ па өзінің?
– Мұндайлар өлмейді. Ула, қарлы боранда да өлмеген, – деді Ұлтарақтың ауылдасы – майор.
– Мұнда қалдыруға болмайды! Өзің білесің ғой, майор, – деді бөгде дауыс.
Майор үнсіз қалып, сөз соңын күтті.
...Сен бірақ ертең бізді сатып жүрме?
Осы уақытқа дейін кімді сатыппын, генерал мырза?!
Шаптықпа!.. – Генерал аузын жауып тастады. Бір сәт майор бірдеме дер ме деп көмейін бақты. – Жо-о... енді былай дегенім! Мына қырғынның ақыры насырға шауып жүрмесе... Қауіпті! Түсінесің ғой, майор! Бұйрықты орындай алмай жатырмыз. Ертең не болары, белгісіз?! Ула – сенің мойныңда...
Жазықсыз қанын жүктеу...
Отставить! Мына сен жазықтысың... Бар! Орында!
Буалдыр дүниеде дауыстар хрустальға соғылғандай анық та қанық шықты... «Аруақтар әлемінде жүрген шығармын, содан да пенделердің дауысы осылай естіле ме екен?!» деп санасы салқын қабылдады. Жас генералмен жолықпап еді ғой, майор екеуінің әңгімесін қалай естіп жатыр? Шынымен өлгендер тірілерді көрмесе де, дауысын анық ести ме? Олай болса – сұмдық қой!
Майорға бұйрық беріп жатқан жас генералды қаңылтыр тектес қатқыл дауысынан бірден таныды. Алматы іргесіндегі «Абай» ауылының жігіті еді... Бір кезде оның туған ағасымен Маңғыстаудағы «зонада» бірге отырған. Қаскелең өңірінің тумасы. Ауылдағы үйінде талай бірге болған. Елбасы Алматы іргесінен шыққалы Алатау төңірегі жігіттеріне де желік біткен. Мұнымен «хаталас» болған сол танысының інісі де атқа оңай қонды; қырыққа ілінбей «генерал-майор» шенін алып үлгерді... «Конакрад-зек» болған ағасы қазір генерал інісінің қолдауымен Қорғас бекеті мен Алматы-Талдықорған арасындағы «полаженец-бизнесмен» болып кетті.
«Зонадағы хаталасы» мұны да ұмытқан жоқ, «Ұлтарақ болып табанымда емес, жанымда жуан жұдырық Ула болып жүр» деп қасына мысқылмен шақырған-ды. Бұл бірақ сыпайы ғана «отказ» берген «бала-шағам қымбат» деп... Ендігі жатысы мынау! Жас генералдың ажал үйірген бұйрығы ғайыптан естіліп қояды! Құдай-ау, буалдыр дүниеде жатып дәм-тұзының таусылар шағы туралы дауыстарды анық естігеніне аң-таң!
Буалдыр әлемде шағала қанат ұштары қан шашыраған шыңдар жұмбақ күйде жұмақ дүниеге сіңіп кетті... Бұған тек қана жас генералдың қаңылтыр дауысы мен таныс майордың міңгірі ғана естілді.
...Ұлтарақ кенет есін жиып алды. Ғайыптан өмірге оқыс оралғандай болды.
Мұны қаланың бұралқы иттері талағандай сүйреп, тысқа алып шықса керек әлгі үшеуі – жанар жапсары ашылмаса да, дүние жарықты сезінді. Жауырынын жырта жалындатып, дырылдата сүйреген күйі полиция көлігінің артындағы жүк салғышқа лақтыра салды.
Жанып тұрған жауырынымен жұмсақ нәрсенің үстіне былқ ете түсті...
Сол бойда есінен тағы танып кетті. Күреңіткен буалдыр әлемге қайтадан шым батты.
* * *
Шағала қанат шыңдар құшағында қалғандай бір ғажайып күйге енді. Алтайдың қанды азу Құзғынды шыңы көкке шаншылып, сары жалқын арай сейіліп барады... Ұлпа бұлттай буалдыр әлем арасында тұғырлы биіктер тұлғалана түседі. Шағала қанат ұшары андағайлай көтеріліп, айнала жүзеді.
Ұлтарақ бірақ жерде...
Өзен жағасы. Көктемде күр-күр ете күркірей таситын Күршім қаракөк тартып, тынып ағады. Күз. Қоңыр қазан. Дымқыл ауа ауыр. Өзен бойлаған қайың-талды орман да жым-жырт. Он жеті жасар сүйген қызы Сүмбіле қасында сылқылдай күледі. Екеуі де бақытты. Кіршіксіз табиғаттай сезімге мас. Екеуі де жас. Бұл ертең әскерге кетеді.
Сүмбілемен уағдасы айнымас, серттескен қолы жазылмас!..
– Күтесің бе? Екі жыл... жаным!
– Түу! Қандай ұзақ? Шарам қайсы, Ула!..
– Сен екі жылда «тігінші» боласың... Уақыт екі күндей болып өте шығады. Тойды тура осы Күршімнің жағасында жасаймын.
– Рас па?
– Әрине!
– Тезірек сол күндерге жетсек қой, Ула!
Сүмбіле құшағына кіре түсті. Жұпар аңқыған демі мұның алқымын өртей берді... Осы бір сәт жақын маңнан сатыр-сұтыр дауыс шығып, бұлар қабан ба деп үрке қарасты.
Хайуан болмай, адам болып шықты...
Өздері төртеу: екеуі орыс жігіт, бірі кәріс, енді біреуісінің зәузаты белгісіз «шүршіт» – мордва ма, карел ме? – Ұлтарақ оларды бірден таныды... Өткен сенбі күні Күршімнің орталық паркіндегі би алаңында ұстасып қалып, Шірікаяқтағы ауылдастары «Шайтан Шақпай» – «Шайтан Ула» деп кеткен атына тән «шайтан төбелесті» Ұлтарақ танытқан. Құйынша үйіріліп, қыранша ұшып, жыланша шағып, ілбісше атылып, бөріше бүріп, сілеусінше сілейте соққы жұмсаған. Бірнешеуін жусата жамсатты да...
Би алаңы ортасындағы майданды тамашалаған жастар қолпаштап, «шайтан-шайтун» десе қызба айқайға басып тұрысқан-ды. Бұған бірақ ешкім араласпағаны ұнады!.. Орысы көп Күршімнің би алаңы да соңғы жылдары ауылдан көшкен қазақтармен толысып, екі жағы да тіресе тұрушы еді. Төртеу чердояқтық Шайтан Уладан жер болып жеңіліп, намыстан өртене «өліп» жатқан-ды.
Ал дәл қазір бұлар мұны сырттай аңдып, қалың орман арасында кек алуға бел буып келсе керек-ті. Ұзынтұра орыс жігіті қорғасын «кастет» ұстаса, кәрістің қолында ағаш келтек. «Шүршіт» жігіттің қолында велосипедтің цепі. Ал белдемше келген төртбақ, нығыз етті орыс жігіт бел ортасынан сындырылған «Экстра» бөтелкесін қару етіпті. Шөлмектің қылқа мойнынан қысқан оның көзіне қан толып кетіпті.
Шошынған Сүмбілені жауырынымен қорғай ақ қайыңды қалқалана беруге тура келді. Еркін қимылдауға сүйген жаны қолбайлау бола берді... Қапелімде өлқая тартқан күзгі көгалдан бұрау ағаш та, жұмыр тас та қолына түспеді. Амалсыз аяқ-қолы мен көріктей кең кеудесіне, жалпақ біткен жұмыр иықты жаратылысына, шайтандай шапшаң қимылына сенді.
Сайланып келген төртеу ақ қайыңды арқа тұтқан, ту сыртымен Сүмбілесін қорғауға тырысқан Ұлтарақты тықсыра ұмтылды. Келтекпен жасқап, аяқпен алыстан теуіп, қызды бөліп әкетуге әрекеттенді. Жасанып келген қандықолдар қойсын ба, жазықсыз жанды жылдам жырып әкетті... Қызды
Шайтан Уладан аулақтата бере кектене қол сілтеді. Қолтоқпақтай ғана кәріс жігіт келтекпен бойжеткенді бастан аямай соққан сәтте ұзынтұра орыс жігіті қорғасын «кастетпен» балғын жүзінен оңдырмай ұрды.
Ауыр қолмен сілтенген құйма қорғасын опыра тисе керек, тал шыбықтай тән орнында үн-түнсіз, омырыла құлады...
«Шүршіттің» шиыра айналдырған цепінен бұғып үлгеріп, Сүмбіленің сылқ ете сұлық құлап бара жатқанын Ұлтарақ та көз қиығымен шалып қалды. Басына қаны бір-ақ шапты!.. Ауылдағы ақсақалдар әңгімелесіп отырып «бастан қан шықты, енді аянар жан жоқ» деп айтатынындай, бұл да талай төбелесте өзін «шайтан» атандырып жіберген «өнеріне» басты.
Ұлы денесін көздей шиырылған цепті сол білегін тосып қап, қол қарына оратып алып, жұлқа тартты. Цеп екпінімен бетпе-бет келген «шүршіт» қарсыласын ашық тұрған сол жақ астынан бокстық қимылмен сылқ еткізген... Шірікаяқ мектебінде алтыншы сыныптан бастап бокспен айналыстырған дене шынықтыру бапкері мұның ауыр тиетін қолын үш жылда жеріне жеткізе шыңдап тастаған еді.
Өзі де туабітті сілеусіндей серіппелі, аса шапшаң қимылды Ұлтарақ спорт десе ішкі руһы атойлап, жан дүниесі жанып шыға келетін. Боксқа баулыған сол ұстазы мұның табиғи дене бітіміне таңдана түсіп, «сен нағыз спорт үшін жаратылған жансың» дейтін. Алақан қарымы жетпейтін, айбалта табанындай жап-жалпақ боп біткен иығы мен қабырғалары алдыға қарай өсіңкі, көкірек қуысы шығыңқы, кең кеуде болып біткен ортадан сәл биік бойына, құрыштай құйылған дене тұрқына сүйсіне түсетін. Жаратылысы жұмыр басты пенделерге келе бермейтін бозбала еді.
Ал тоғызыншы сыныптан соң Күршімдегі ауыл шаруашылығына даярлайтын оқуға кетіп қалған-ды.
Енді міне, Күршім өзені бойында жанын жалдап, жанталаса сүйгенін қорғамаққа тура келгені... Қысқа қашықтықта жақ астынан тиген соққыдан «шүршіт» жігіт қираң етіп орнында тізесі бүгіле берді. Қарсыласы ештеңеге түсінбеген күйі оп-
оңай «нокаутқа» түсіп еді.
Сол бойда «Экстра» шөлмегі сынығымен бүйірден ұмтылған шымыр денелі, төртбақ орыс жігітті жылдам күтіп алған. Шыркөбелек айнала отыра беріп, оны оң аяқпен тобықтан қақты. Ол бір жағына құлай берген сәтте қолындағы шөлмек сынығы ұшып кетіп, мұның алдына топ ете түскені... Құдай айдап ұшып келген шыны қаруды қағып алған бойда жығылып жатқан дембелшенің жұп-жұқа тамағына бойлата ұрды. Қарсыласының өз қаруын өзіне жұмсады.
Соққыға жығылған Сүмбілені тастай салып, бұған қарай баяу қозғалған ұзын тұра орыс пен кәріс бір сәт аңырып тұрып қалды. Олар бұдан мынандай қабағат қимыл мен екі қарсыласын қарусыз күйде-ақ оңдырмай жусататынын күтпесе керек. Ұлтарақ олардан көзін тайдырмастан қолындағы сынық шөлмекті дембелше орыс жігіті алқымынан суырып алғанда, күретамырдан атқылаған қып-қызыл қан аспанға тік шапшып қоя берді... Қырын тұрған мұның жеңді білегін қан жуып, төмен сорғалады.
Күзгі сарғыш тартқан жұқа майса беті күрең түске боялды...
Ұлтарақ ес-түсін ұмытып, тек қанды өшпенділік билеген күй алдыға аяқ басты. Состиып тұрған екеу кенет жалт-жалт бұрылып, жақын өскен ағаш арасына қарай жүгіре жөнелді. Лезде қаралары өшті.
Адымдаған күйі Сүмбіленің жанына жетті. Тізерлей кетіп, қыз басын сүйеуге ұмтылғанда ғана қолындағы қанды шөлмекті байқады. Сынық шөлмекті тастай беріп, бойжеткен басын құшақтады. Келтек ағаш пен қорғасын «кастет» оңдырмай тиіпті. Бас жарылыпты, қара шаш қанға бөгіпті. «Кастет» оң жақ қара көзді ағыза, бет әлпетін опырып түсіріпті. Қуара бастаған күзгі шөп қанға шыланыпты.
Сүмбіле демі де таусылыпты...
Бұл 1991 жылдың қоңыр төбел қазаны еді.
...Санасы оқыс тіксінді!
Қара күз бен қатыгез тағдыр санасынан тез өшті. Буалдыр дүние қайта бауырына басты.
Құзғындының шағала қанат шыңдары буалдыр арасынан қалқып қайта шықты. Сана буалдырында қан-сөлсіз ақиық шың жай жүзіп барады. Шағала қанаттарын шырқау зеңгірге атойлай қағатын секілді.
Кенет әлде бір үн «зың» ете түсті. Буалдыр арасында сана сүзгісінен өтіп жатқан өткен күндер елесі мүлде болмағандай ұмытылып, әлгі бір дауыс жаңғырыға естілді... Сол-ақ екен Күршім-Марқа өңірінің үстінен төнген бөрі азу Құзғынды шыңы Алматы шаһары төбесінен төнетін барыс азу Найзақара шыңына айналып шыға келді.
Ақзу шың жүзіне қызыл қан шашырады...
* * *
Зы-ы-ы-ың!..
Ұлтарақ есін тағы жинап алды. Басы көліктің темір қабырғасына соғылып, «зың» ете түскен дауыс санасын оқыстан сілкіп жіберсе керек. Мұрнына иістеніп кеткен күлімсі иіс келді. Сонда ғана әлдеқандай ет үстінде жатқанын сезді.
Астында былқ-былқ етіп жатқан «мал ма, адам ба?» деген күдік те оралып өтті. Өзі секілді өлі-тірісі күмәнді біреулердің денесі емес пе екен... Бұлардан бәрін күтуге болады. «Шикі етке» айналғандардың бірақ сұрап алар жоқтаушысы бар шығар. Ал мұның «сұраушысы» да, «жоқтаушысы» да жоқ, жас әйелі мен екі баласынан басқа...
Он екі жылға созылған темір тордан оралғанша баяғы
Шірікаяқ ауылы шыл-шыпыры шыға тарап, кірпішіне дейін жиып әкеткен үйлердің орнын орман басып, зираттар ғана төбе басында күзетіп қалып қойған; ағайын атаулы басы ауған жаққа көшіп, жақын-жуық түрмедегі бұдан теріс айналып, туған-туысқа жат болып еді... Мәскеудегі 91-дің «Тамыз бүлігінде» бықсып-жанған қызыл империя біржолата жойылып, отыз жылда қазақ қоғамы да адам нанғысыздай өзгеріп, дүниеде жалғыз-жарым қалған бір бейбақ-ты.
Күршімдегі сот өлген орыс жігітіне қосып, Сүмбіледей сүйгенін мерт қылғанын мойнына қиып салып, 92-нің қаңтарында Өскемен асырып, Маңғыстау өңіріне «этаппен» айдаған-ды... Ол күндер де болмағандай өте шықты.
Дәп қазір де сол бір уақыт қайтып келгендей болып, жеңіл көліктің жүк салғышында иістене бастаған әлдеқандай дененің үстінде жатыр. Салдыр-сұлдыр еткен, жолсызбен шоқалақтай жүрген машина басын темір қабырғаға соғып-соғып қойса да, бұл енді есінен тана қойған жоқ. Соған қарағанда денсаулығы шыдас бере бастаса керек, буалдыр дүниеге бата қоймады. Есесіне соққы жеген тұла бойы қақсап, үтік басқан жоны шыдатпастай шыжғырып келеді.
Талдықорғандағы қаңтар қырғынына тұтқиылдан тап болды. Текелідегі мәрмәр қазып жатқан жұмысшылардың арасында қара жұмысқа жегіліп жүрген. Құжатсыз жалақы төлейтін болған соң сонау Алматы іргесіндегі Іргелінің түбіндегі «Құл базардан» жалданып келген болатын. Ақыры мынадай күйге ұшырады... Алаңда ештеңе істемесе де, індете іздеген полиция күн құрғатпай Текеліден келіп алып кетті.
Бұрын «істі» болған Ұлтарақты көргенде «бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген күршімдік жерлесі – «майор мырза» қолын ысқылап... Мұны тұйық мекен Текеліде кезіктіргеніне қатты қуанып кеткені сондай, «О, Шайтан Шақпай – Ула!.. Үстіңнен түстім бе, бәлем! Қақпанды өзің қаптың ба? Маңғыстаудан келген шығарсың қаңтарға – «делегат» болып... Сен сол жақта түрмеде отырып едің ғой?! Бәрі түсінікті болды, зорагер мырза!.. Енді менің уысымнан өлмей құтыла алмайсың: боранда адастырып өлтірген Қадырболат үшін де сыбағаңды аласың, сұмырай! Сен үшін мерт болған капитан!.. Ол жолғыдай алдап-арбап, аман құтылып кетпейсің, қанішер!» дескен.
Барлық қылмысты үйіп-төгіп басына жапты...
«Алматы мен Маңғыстаудан арнайы келген ұйымдастырушы», «Жаңа Өзенмен жең ұшынан жалғасып жатқан қылмыскер», «террорист», «адам атушы», «кісі өлтіруші», «қараниет қанішер», «Елбасы ескерткішін құлатуға қатысушы» деп толып жатқан пәле-қаланы жапсырып, «мойныңа ал!», «тірі шықпайсың!», «мойындап, Президенттен кешірім сұрасаң, бірер жылмен жеңіл құтыласың!..» деген бопсаға көндіруге тырысты. «Хаталас» болған райымбектік «конакрад» танысының жас генерал інісімен де жолықтырып, бұған қитұрқылана мүләйімсіген: «Мойындай салшы!.. Нең кетеді? Сен бұрын да «істі» болғансың ғой. Бала-шағаң менің мойнымда болсын!.. Оған алаңдама! Прокурор да аз ғана бергізем деп отыр... Табаныңды жалайын, бауырым!» деп, жалынышты үнмен әртіс те болды.
Алдау мен арбаудың, қинау мен азаптаудың түр-түрін істесе де, табиғаты темірдей төзімді бұл мыңқ етпеген-ді. Сонда барып майор үтік басуға көшкен-ді.
Ендігі жатысы – мынау?! Тірі өлік.
Есіне он алтыға шығар қызы мен он төрттегі ұлы оралды... Алматы іргесіндегі ауылда олардың күйі не болар екен? Мына майор бастаған қанпезерлер жас жарына барып, қоқан-лоқы жасап, балаларын шошытпасына кім кепіл? Бәрін күтуге болады. Қолдары лас қой.
Қаңтар – қанды жорық айы... болды-ау!
«Детдомда» тәрбиеленген тұлдыр жетім жары жанталасатын болды-ау?! Әзірге білмейді. Білмей-ақ қойсын! Ұялы телефоны сөндірулі бола берген соң іздейді ғой... шарқ ұрып. Қызы мен ұлы да шырылдап жүр-ау!
«От звонка – до звонка!» – он екі жылдық темір тор «жеп» қойды... мұны. Құдай бірақ иіді. Жарын жолықтырды – базардан... Жас болса да өмір базарынан көрмегені жоқ жан. «Отчаянный!» Бұл үшін бәріне де бас тігеді. Тек сол білмей-ақ қойсыншы қазіргі кіріптар хәлін! Зорлық пен қорлықтың жазықсыз құрбаны болған – Сүмбіленің қасіретін сәл де болса жеңілдеткен, орнына «Сүмбіле» атты жұпар сәби сүйдірген жарына бұл қарыздар!
Міне, «тәтті қызы» Сүмбіле де бой жетіп қалды. Он алтыға толады осы көктем. Е-е, дүние-ай!.. Шүкір!
Кенет көлік тоқтады. Ит үрді. Өзара дабырласқан дауыстар шықты. Бұл жанары ашылмаған күйі жарық сәуле күтті.
– Витек, – деді майор дауысы. – Ана екі шошқаны түсіріп ал.
– Екеу ме?
– Екеу емес – үшеу... Ха-ха! – деп, майордың қасындағы лейтенант пен сержанттың бірі қарқылдай күлді.
– Аш! Аш, көресің!.. Ха-ха! Ха-ха!
Енді әлгі үшеуі де қарғадай қарқылдаса кетті. Сонда ғана жол бойы бауырында былқ-былқ етіп, астын жылытып жатқан шошқа еті екенін бір-ақ білді. Санасы сауығып, сақая бастаған Ұлтарақты ұры иттей тіміскіленген үшеудің дауысы сауысқандай сақсынта түсті... Өлі-тірісін білдірмеуге тырысты.
Жүк салғыштың есігі шиқ етіп ашылғанда, сырттан жарық саулай кіріп, Ұлтарақтың жұмық жанары ашылмаса да анық сезінді. «Витек» дегеннің жарықшақтанған дауысы орысша шығып кетті.
– Чело-о-век... Вы что? Жігіттер, кончайте!? Мен бұған араласпаймын!
– Қорықпа! Ана сілімтіктің астында... Жас маткалар. Алашамен жабулы жатыр. «Шайтанды» жерге тасташы!.. Ол – өлік.
Витек деген қарулы неме екен, мұны лақша көтеріп алды да, жерге бос қапшықша тастай салды. Қара жерге үтіктелген жауырынымен емес, бір қырынан түскен бұл да тістеніп, дыбыс шығармауға тырысты. Шошқа нәжісі иісімен қаңтардың шыңылтыр ауасы араласып, төңіректі алған күлімсі иіс танауын жарды. Маңай – шошқа қора маңы болу керек.
Шошқа еті үстінен ескі алашаны жұлып алған Витек тоң жерде жамбастап жатқан бұған қарай лақтыра салса керек, үстін жауып қалды.
– Семіз екен, – деді ол. – Колбасаға қоса саламыз.
– Мына сілімтікті де шошқаларыңның жеміне қоса салсаң қайтеді!..
– Сүйегіне дейін шағып бере сал!..
– Астафиралла-а!.. Так не говарите! Я мараться не буду!.. Аулақ әкетіңдер! Аулақ! – деп Витек ыршып түсті.
– Ха-ха-ха-а-а!..
Жас лейтенант пен сержантқа қосыла майор да разы-қош қарқылдады.
– Әй, вахабит Витек, сен мұсылмандықты тегін қабылдамапсың...
– Вахабит бірақ шошқа жемейді ғой, сенің тірлігің мынау! Сарт секілді қазақты алдап жүрген сендей орысты бірінші рет көруім... Мұсылмандығыңды ұрайын сенің! – деген сержант дауысын бұл қапысыз таныды.
– Ох, замарался ты! Замарался!.. – Лейтенант мазақтай дауыстады.
– Қойыңдар, жігіттер! Кеттік! Витек бәрін тындырады... Екі доңыздың құнын колбаса құнымен есептесеміз. Вахабит, мына сілімтікті көлікке сала сал, – деді майор ауылдасы.
– Майор мырза, Витек қазір салафит болып кеткен, – деді сержант дауысы.
– Ей, қойшы соларды! Күнде құбылады... Уахабиті не, салафиті не – бәрі бір ит қой! – деді майор тыжырына. – Мына сұмпайыны Қадырболат жүрген жаққа аттандырайық...
О жаққа да «террорист» керек шығар. Сол жақта бүлік ұйымдастырсын!
Вахабист Витек үндемеді. Оқыстан «Тфу! Балбесы!..» деп жерге түкірді. Бұған қарай бір аттап кеп, қазақтың қолдан тоқылған ескі алашасы жауып қалған басынан керзі етікпен былшита тепті... Жуан аяқтың ауыр соққысын Ұлтарақ көтере алмады білем, есінен танып кетті.
Зеңген ми буалдыр мұнарға батты. Тағы да Күршімнің шағала қанат Құзғынды шыңы мұнар тартқан дүниеде зорайып, сопайып көтерілді. Ол көкорай аспан әлемінде жүзіп барады. Кенет ұшарына шейін қызыл қынадай қан шашырап, Алматы үстінен төнген Найзағара мұзартына айнала жөнелді. Қапшағай күресі үстімен Талдықорғанға қарай жүзіп келеді.
Нарт қызыл Найзағара мұзарты мұның жанын жай таптырмады... Өзін сабырға шақырды. Алмағайып бір дүние пайда болды. Сезім сарайы барақат күйге кенеле түсті. Санасы да сауығып сала берді.
Қан шашыранды Найзағара жоғалып кетті...
Будақ-будақ буалдырлы, буаз әлем ішіне енді...
Әлгінде бастан кешкен бұлау жайлар ұмыт болып, өткен күндер кез қылған қилы оқиға ішіне кірді. Санасын саумалай жөнелген оқыс оқиға иіріп ала жөнелді. Ақ түтек боран ішінде қалды.
Жан-жағынан аңшы қамалап, жалғыз қалған ақ бөкендей шошына жалтақтайды. Түкке түсінбейді. Неге жалғыз? Неге ақ боран түтеп тұр? Бұл қайдан ғана тап болып еді... Енді қайтпек?!
Кенет боран арасынан Ішкі істер капитаны Қадырболат сұлбасы шалынды. Иә. Тап соның өзі: ұзын бойлы, еңгезердей жігіт. Қолында – наган. Түйеқұсша адымдай басады. Оған жанаса еріп, ұзын сеңсең ішікті әрең сүйреп бұл келеді.
Екеуінің алған беті – Казнаковка. Боран ұлып тұр. Маңай ат құлағы көрінбес күйде... Осындай опасыз күнге тап қылған –
Ұлтарақтың тағдыр-таланы.
Күршімдегі аудандық сот жаңа жылдың қарсаңында бұған «соңғы сөзін» айтқызып, тезірек Өскеменге жеткізу керек деген. Қазан айынан желтоқсанның соңына дейін «СИЗО-да» жатқан мұны полиция капитаны Қадырболат апыл-құпыл ала жөнелді. Он екі жылға кесілген қылмыскерді «Жигули» көлігімен жарғы бойынша қасына айдауыл-конвой сержант пен шопыр сержантты алып, жолға шыққантұғын.
Бұлар Ертістің жағасына жеткенде өзен үстінде жаяу борасын көтеріліп тұр екен. Қосаққа ергендей болған қос сержант «Түс ауып кетті. Боран үдеп кетсе, жолда қалуымыз кәдік!..» деп қауіп етсе де, Қадырболат алған бетінен қайтпай, жазда салкеме-пором жүзіп өтетін өзен үстіндегі көкмұз бетіне түсірткен. Желтоқсан бойы қос жағалаудың арасындағы үш шақырымнан астам мұз үстін жапқан қалың қарды жал-жал қылып күреп, жол ашып тастаған сіреуке соқпақта жеңіл көлік ышқына жүрген. Қар ала бастаған тұстарды тіліп өтті.
Мұз өткелмен арғы жағалауға аман-есен жетіп, жал-жал құм қоршаған жолға түскенде аққылшық боран да күшейген-ді. Көктайғақ асфальт сорабы да көзге зорға шалынып, жылдамдықты тежей берді. Дүние лезде қараңғы тартты... Жол үстінде ағылып жататын көліктер де сап тыйылыпты. Боранның боларын білген жолаушылар сапарларын шегерсе керек.
Төбелеске қатысқан үш куәгермен қылмысы қапысыз дәлелденген қылмыскер Ұлтарақты боранды күні бастарын бәйгеге тігіп алып шыққан бұлар ғана болса керек. Өскемендегі Ішкі істер басшыларының да «бүгіннен қалмасын, этапқа үлгерсін» деген бұйрығы да қамшы болса керек.
Өткелден екі-үш шақырым ұзамай жатып «Жигули» «шоха» шоңқиды да қалды. Бозборан үрген қар жолды қасаттап, біржола жапты. Қаңтарылып қалған көлікті де қараңғыда орай бастады.
– Көлік емес – өлік! – деді шопыр сержант. – Бағана өзен басында қайту керек еді...
– Енді қайттік?! – деп айдауыл сержант шыр ете қалды.
– Қайтуші едік, мына Уланы жеткіземіз! – Қадырболат капитан шарт кетті.
– Қайтіп?!
– Жолдас капитан, Казнаковка алыс, – десті қосанжарласқан сержанттар.
– Сен машинада қаласың, – деді шопырға. – Конвой екеуміз Казнаковкаға тартамыз.
– Жолдас капитан, адасып кетеміз, – деп, айдауыл шошына шыр ете түсті.
– Мына тұрған жер, адасып не көрінді? Казнаковкадан жол күрегіш тракторды жібереміз. Машинада қатып өлетін жай жоқ!
– Киім де жұқа еді... – деп мыңқылдай беріп еді, Қадырболат «Отставить, сержант!» деген бір ауыз сөзбен буып тастады.
– Уланың «браслетін» шеш!
– Не по уставу!.. – дей беріп еді айдауыл сержант; Қадырболат «Буран по уставу... по твоему. Былшылдама! Мына боранда преступникке де жан керек! Қашса – адасып өледі» деп тыйып тастады.
Көліктің жүк салғышында жатқан сеңсең ішікті Ұлтараққа арқалатып, үшеулеп жолға шығысқан. Қарға адым ұзамай жатып, айдауыл аяғын қайырып алдым деп, зар илеп жата кеткен. Амалсыз қайырылуға тура келген, айдауылды қолтықтап әкеп шопырдың қасына қалдырған.
Содан бері Қадырболаттың соңынан еріп келеді... еріп келеді... Қанша уақыт өткенін бір құдай біледі?!
Боранды түнек аш бурадай шабынып тұр. Ішікті алғашында киіп алып еді, біраздан соң ыстықтап, алдын ашып тастаған. Бетке ине мұзын қадап, көзді қиыршық қарымен аштырмай, жанталасқан тәніңді тұралатып, жаныңды суырып алардай қинап келеді.
Үйіккенде құтырынатын қасқырдай Қадырболат та қасарыса жортып барады. Шопыр сержант берген малдың бас жібін беліне байлап, ұшын Ұлтараққа ұстатып, қарды омбылай түседі. Одан айрылып қалмайын, адасып өлмейін деп, бұл да барын салып келеді. Ішігі желпеңдей сүйреліп еріп келеді... еріп келеді... Ермеске шарасы қайсы?!
Дұрыс келе ме, қиыс бара ма – Қадырболатқа аян!..
Ұзақ жүрді-ау деймін, Күршімдегі абақтыдан шыққан бұған ауыр соқты. Әлі құрып келеді. Әлден уақта тәлтіреңдеген күйі қисая құлады. Қолындағы сиыр бас жібі шығып кетті.
Сол сәт белінен тартқан бас жіп босағанын сезген капитан:
– Ула-а-а! – деп қараңғыда айғайлай қайырылды. – Не болды?
– Біттім! Әлім жоқ, – деді бұл деміге.
Мұның бетіне жүзін тақап тұрып, ыстық демі шарпып:
– Жарайды. Сен осы арада қал. Ішікті бүркеніп жат. Қар қымтап алады. Құм іші жылы... Өлмейсің. Таң ата келеміз. Қозғалма! Адасып кетесің. Енді аз қалды. Қыратқа да шығып қалам... Құм бітуге тиіс!.. Осы арада жығылғаның да жөн болды, қырда боран да қатты, үскірік! – деп сеніммен сөйледі. – Тыныш жат! Таңды күт!
Бұл ләм демей, жанарын жұмған күйі жүзінен жабысқақ қар еріп жата берді.
Сәл әлін жиған соң жер тізерлей қимылдап, маңайын қармана пана іздеді. Үлкен бұтаға кез болды. Бұтаның ық жағына қарай еңбектеп, тері қолғабымен күртікті қаза бастады. Басқа жердей емес, қарабұта түбі қары бос екен. Орқоянша оңай кеуледі.
Белуардан қазылған кеуекке кіріп алды. «Ух-х!..» деп демін алып, сеңсең ішікті қымтана түсті. Қуыс аузын әп-сәтте ұйтқыған боран басып тастады. Желдің үргені сап тыйылып,
ұлыған үні де тез өшті.
Сілесі қата шаршағаннан көзі де жұмыла берді... Ұйқылы ояу жатыр.
Санасына Қадырболат орала кетті. Ол боз тұман арасында қалыпты. Бозғылт әлем қойнауында қолын бұлғайды бұған. Бұл бірақ жақындауға жүрегі дауаламай, батылы жетпей, қояндай қорғалақтап алыста тұр. Боз дүние екеуіне де таныс, екеуіне де мейірімді.
Тек Қадырболат қолында «Макаров» тапаншасы ғана ербең-сербең етеді. Ол қасқырларды атып жүр. Өңшең бір аш қорқаулар қоршап алыпты. Капитанға тап-тап береді. Оқтары далаға кетіп жатыр... Тимейді.
Өңі ме, түсі ме – айыра алмай жатыр... Ақ боз әлем толқиды. Сабадай толқыған бір жұмбақ құбылыс. Өң мен түстің тоғысына тоғылған.
Сегіз оқты сытырлата атып, беліндегі тері қабынан соңғы оқшантайды наганға тықты. Боз тұман әлемде көздей атып тағы бес оқты жұмсады. Бір де бір оғы қасқырларға дарымады. Ол аңдардың оққағары болса керек.
Ішкі істер капитаны Қадырболаттың қаны қызып, басына шапшып, әбден ызаға булығып кетті білем!.. Соңғы он алтыншы оғын:
– Қарғыс атсын, сендерді-і-і!.. – деп айғайлап, қақ жүрек тұсынан шүріппені басты. Ажал оғы өзін жазбай тапты.
Ұлтарақ та жылы кеуек қуыс ішінде талықсып кетті...
Буалдыр әлем санасын бүркеген күйде ес-түссіз қалды. Ақ шаңқан қанатты шыңдар да сана саңылауынан өше берді. Тәні мен жаны бір мезгіл тыным тапты.
Ұлы бір ұйықта санасы самарқау тартты. Жанталасқан жаны бір сәт дем алды.
* * *
Әлден бір кезде самарқау тартқан санасы мен тыным тапқан жаны сілкінгендей күйге енді. Шағала қанат шыңды әлемнің буалдыр құшағына қайта оралды.
Буалдыр дүниеде жалғыздық күйін кешті...
Бүкіл болмысы бірақ дел-сал сезімге бөленді. Осы бір бұлың-бұлың дүниеден арылмасам екен деген ой сана қабатынан қылаң ұрды. Үтікпен шыжғырылған тәні де, қорлана қыстыққан жаны да ұмытылып, өзінің бағзы бір түпболмысына енгенін сана түйсігінде таңбадай сезінді. Еркін ғұмыр, ерікті тағдыр осы боларын буалдыр дүниеде анық бажайлады.
Жападан жалғыз рахат күй кешуі ұзаққа созылса деп тіледі!.. Созылды да.
Буалдыр дүние сана сарқынында оқыстан сейіле бастады... Қараң-құраң адам сұлбалары пайда болды. Олар буалдыр тұман айыққан кезде әрқайсысы менмұндалап шыға келді.
Баяғы боранда айдауыл-конвой болған ауылдас сержанты бүгінде «майор» шенді талдықорғандық полицей болып шықты... Жетісу жеріне ауысып келсе керек. Қалған жас лейтенант пен сержант жігіт таныс емес, олар жергілікті жетісулықтар болса керек, шамасы.
Бұларды бір топ адам қоршап алыпты. Түстері қатулы. Даланың қоңыр-шұбар жабайы арасындай гүж-гүж етеді. Ал ауылдасы майор мен екі полицейдің ұнжырғасы түсіп кетіпті...
Жарау ат пен жампоз «жип» көлігіне мінгендер арасындағы басшысы – мосқал еркек:
– Бір жолға жандарыңды қидық!.. Мына сорлыны «Алла аман қалдырсын!» деп тіле, майор! – деді ызғарлы дауыспен. – Ауылдың маңын басушы болмаңдар! Ана Вахабит Витали сыбағасын алады... Ауылды басынып жүр екен, келімсек! Әуселесін көреміз.
– Шошқаны емес, өзін шұжық қыламыз! – деді ат үстіндегілердің бірі ызбарлана. – Біздің ауыл жаққа қарай жақындаған бейсауат жақсылық күтпесін! Парша-паршасын шығарамыз!
– Бүлікші ме, террорист пе – бәрібір... Ауылға лаң салдырмаймыз! – деді тағы біреу жеңіл көлігінің қасында темекі тартып тұрып.
– Бізді полиция қорғамай-ақ қойсын, өз бастарын қорғап алсын! – деген дауыс та шығып үлгерді.
Мосқал еркек қолын көтеріп, тынышталыңдар деген белгі беріп:
– Естідіңдер ғой... Ауыл жұдырықтай жұмулы. Байқалмай немесе байқатпай степьке... құмға өтіп кете алмайсыңдар! Ол жақта ауыл-ауыл өздерін қорғауға шыққан. Жолдар түгелдей торуылдаулы! Қайта бізге кезігіп қалдыңдар, су ішерліктерің бар екен... Әйтпесе жігіттердің қаны қарайып кеткен! Аямас еді! – деді сабырмен. – Бірақ ертең сұрау болады. Бұрау сонда болады... Естеріңде болсын! Сол кезде мыналардың бәрі куә. Багажниктен шыққан өлімтікті «террорист» деп тұрсыңдар ғой... Уақытында көрерміз! Тірі жан иесі өлмесе, неге өлексе қойдай болғанын, кімдер азаптағанын өз аузымен айтар... Жолдарың әне. Алла жар болсын!
Осы дауыс естілген бойда мұның санасын буалдыр сағым тағы баса жөнелді... Ақ сағым сана ұйығында саумалдай сусыды. Әлгі бір жандар ғайып болды.
Бұл оташы үстелінде бастан кешкен халге қайта енгендей болды. Ақ самала жарықтың ішінде қалыпты. Үлкен ақ күмбездің ішінде құстай қалықтап ұшатын сияқты. Өзін ұлпа қардай жеңіл сезінеді.
...Әлдебір екі адамның сұлбасы періштедей қасында жүр. Бәлкім, періште деген осылар шығар! Жо-оқ, олай болуы мүмкін емес!
Оқыстан әлгі қос сұлбаның бірі дауыстап қалды.
– Ула-а-а!..
Құдай-ау, Сүмбіленің дауысы!.. Баяғыда ұмыт болған нәзік үн қайта естілді. Сана сарсаңында қайта жаңғырықты жазықсыз дауыс. Періштедей бейкүнә қыз үні.
Ұлтарақ жүрегі тіксіне шошынды!..
Көзін ашып қалды. Ісіктен жұмылып жатқан жанар жапсары сызаттана сығырайды. Жарық нұр жанарын жасқады.
Күн сәулесі бөлме ішіне түсіп тұр екен. Тап қасында ақ халат киген періштедей жан отыр. Бұған қарап күлімсірейді. Ұлтарақ түкке түсінбеген күйде жан-жағын барлады. Ауылдық емхана бөлмесі болу керек, ақ қабырға мен қатар тұрған бос төсек, тәпелтек ағаш қобдиша үстінде жеміс толы ыдыс.