Алпысыншы жылдардың бел ортасы. Ол кез уақыттың өзі ат шалдырғандай баяу тыныстап, қоңыр тіршіліктің қойнауына бұйығып жатқан жарығы мол, жүрекке жылы бір ғұмыр еді.Таң бозамықтана бастағанда, адырдың ар жағынан күннің қызғылт шапағы сығалап, ұйқы құшағындағы даланы аялай оятатын. Боз қырау жамылған жусан басы жылтырап, мұрын жарған жұпар иісі көкірекке құйыла түсетін. Сол иіс – балалықтың иісі, сол иіс – туған жердің мәңгілік демі. Қора жақтан сиыр мөңіреп, таң тыныштығын қақ айырса, ат тұяғының дүбірі қара жердің тамырын бүлк еткізгендей болушы еді. Бір үйдің емес, бүкіл ауылдың тірлігі бірге оянатындай – әр дыбыс бір-біріне үн қосып, қоңыр симфонияға айналып бара жататын. Ол кездегі ауыл – асығыстықты білмейтін, бірақ маңдай тердің қадірін ұғатын ауыл еді. Адамдары да жусан секілді – қарапайым еді. Сөздері де артық бояусыз, жүрекке жылы тиетін. Алпысыншы жылдардың ауылы – сағымға сіңіп бара жатқанымен, сананың түкпірінде мәңгілік қоңыр күй болып қалған ғұмыр.
Ауылдың шеткері тұсында, жотаға сүйене қоныс тепкен шағын ғана үй бар еді. Сырты көз қарататындай жарқырап тұрмаса да, бойынан бір жылылық сезіліп тұратын. Қабырғасы күнге күйіп, самалға мүжіліп, уақыттың табын жасырмайтын. Бірақ сол көмескі тартқан реңнің өзінде бір мамыражай мейірім бар-тын.Таңғы шапақ түскенде, үйдің қабырғасы жұмсақ сарғыш түске еніп, жаңа піскен бауырсақтай буы бұрқырап тұрғандай әсер қалдыратын. Ал кешкі іңірде қызыл күннің соңғы сәулесі маңдайшасына қона кетсе, үй тұтасымен жылы шапан жамылған кісідей момақан күйге түсетін.Есігінің алды үнемі сыпырылған. Топырағы тапталғанымен, шаңы басылған – тіршіліктің табы бар, бірақ салақтықтың ізі жоқ. Табалдырығы тозыңқырап қалғанымен, талай жанның ақ ниетпен аттаған қадамын үнсіз сақтап тұрғандай. Қора-жайы да артық айғайсыз, өз ырғағымен тыныстап жататын.Бұл шаңырақ ауыл ішінде сыртқы сәнімен емес, ішкі жылуымен көзге түсетін. Қасынан өткен адам бейне бір ошақ басына таяп келгендей көңілі жайланып, бойын әлдебір тыныштық билейтін. Қоңыр тіршіліктің ортасында бұл үй де қоңыр күй секілді – айқайсыз, жүрекке жақын еді.
Бұл шаңырақтың қос тірегі – Қали ата мен Күлән апа еді. Екеуі қатар отырғанда, үйдің іші кеңіп, төрі биіктеп кеткендей сезілетін. Бірі – тамыр, бірі – жапырақ секілді; бірі – үнсіз тәртіп, бірі – жылы мейірім.Екеуі қатар отырғанда, бұл үй тек баспана емес, берекенің ордасындай көрінетін. Ата – іргетас, апа – ырыс. Бірінің үнсіздігі екіншісінің мейірімімен толығып, шаңырақтың шырағы сөнбей, түтіні түзу шығып тұратын.
Қали ата мен Күлән апаның шаңырағы үнемі бала-шаға үніне толы еді. Отбасында бес бала бар: екеуі қыз, үшеуі ұл. Қыздарының екеуі де тұрмыста, әрқайсысы өз шаңырағында тірек. Үлкен ұлы Сейіт – трактор бағындырған, еңбекқор жігіт, өз жанұясымен келесі ауылда тұрады. Алайда, қазақы дәстүр бойынша оның тұңғышы – Айдана ата мен әжесінің бауырында өсті. «Бұл менің қызым, немерем емес тегінде. Естеріңде болсын» -деп отыратын апасы. Айдананың дүниеге келген күні шаңыраққа жаңа радио сатып әкелінген екен. Сондықтан үйдегілер «Радиодан туған қыз» деп қалжыңдайтын. Радионың алғашқы дыбысы Айдананың алғашқы даусымен араласып, үйдің әр бұрышын шаттыққа бөлегендей болды. Кішкентай қыздың күлкісі мен радионың сыңғыры – шаңыраққа жаңа тыныс, берекенің белгісі болып кірді.
Айдана өжет, тік мінезді болып өсіп келе жатты. Жеті жасқа толғанша жерден жеті мәрте таяқ жейсің демекші, бір орнында отыра алмайтын қыз жиі ойнап жүріп тізесін жарақаттап алатынды. Ондайда апасы отырғызып қойып, ақылын айтушы еді. Үйдегі аға-жеңгесіне, Аманай ағасына кәдімгідей қолғанат болатын. Шапшаңдығымен бәрінің көңілінен шығатын. Ағасы мен жеңгесі ол кездегі «автолавка» деп аталатын дүкенде қызмет ететін. Ағасы Айдар есеп-қисап жүргізетін, келімді-кетімді тауарларға жауапты. Ал жеңгесі Сұлшаш - сатушы.
Әдеттегі күндердің бірінде сол дүкеннің қоймасына жаңа ұн түседі. Қаптарының аузы әлі тігулі, үстіндегі қара таңбасы да өшпеген. Совхоздың наубайханасына, балалы-шағалы үйлерге бөлінетін ұн — «план бойынша» келген тауар. Ол кезде әр қаптың есебі бар. «Артылып қалды» деген сөз жоқ, «кейін жазармыз» деген әңгіме тіпті болмайтын.
Дүкен іші әдеттегідей қарбалас. Сұлшаш таразы басында біреуге жарты кило қант өлшеп жатыр. Бірі шай сұрайды, бірі сабын. Әркім өз қажетін айтып, дүкен іші гуілдеп тұр. Сол сәтте сырттан ат арбаның доңғалағы сықырлап келіп, есік алдына тоқтады.
— Әй, жігіттер, ана екі қапты арбаға шығара салыңдар! — деген зілді дауыс естілді.
Бұл — Рамазан еді. Соғыстан оралған, кеудесінде ордені жарқыраған, совхоз жиналыстарында алдыңғы қатардан орын алатын адам. Көпшілік алдында сөзі өтімді. «Ардагер ғой» деп, кейде оның айтқанын қарсы келмей орындайтындар да табылатын.
Екі жігіт қаптарды көтере бергенде, таразы басында тұрған Сұлшаш абдырап қалды. Ол қолындағы таразы тасын жайлап орнына қойып:
— Ата, накладной қайда? — деп сабырлы үнмен сұрады.
Рамазанның қабағы бірден түйіліп, жүзі қатая түсті.
— Маған накладнойдың қажеті жоқ, — деді ол салқын үнмен. — Басшылықпен сөйлескенмін.
Дәл осы кезде ішкі бөлмеден Айдар шықты. Қолында — қалың есеп дәптері. Киімі қарапайым болғанымен, жанары өткір, жүзі байсалды еді.
— Қай басшылықпен? — деді ол асықпай.
Рамазан оған тік қарап, даусын көтере сөйледі:
— Әй, сен, бала, маған тергеу жүргізейін деп тұрсың ба? Мен соғыста қан кешкен адаммын. Екі қап ұнды көп көрдіңдер ме?
Айдар бір сәт үнсіз қалды. Рамазанның сөзін бөлмей, сабырмен тыңдап тұрды. Жүзінде ашу да, асығыстық та жоқ, тек байыптылық бар.
— Соғыста болғаныңызға ешкім таласпайды, — деді ол ақырында жай ғана. — Бірақ бұл ұн — совхоздың ұны. Тізім бойынша беріледі. Әр қаптың есебі бар.
Рамазан қабағын түйіп, оған тік қарады.
— Есеп, есеп дейсіңдер… — деді ол ауыр үнмен. — Мен бұл ауылға еңбегі сіңген адаммын.
— Еңбегіңіз бар, — деді Айдар сабырлы қалпын бұзбай. — Бірақ тәртіп бәрімізге ортақ.
Рамазан бір сәт үнсіз тұрды. Сосын арбаға қарай бұрылып, аттың шылбырын қозғалтты. Арба орнынан жылжи бергенде, Айдар бір адым ілгері шығып, шылбырдан ұстай қалды.
— Ұнды қалдырыңыз.
Дауысы қатты шыққан жоқ. Бірақ нық естілді.
Рамазан тоқтап қалды. Ол баяу ғана Айдарға бұрылды.
— Сонда сен мені тоқтатпақсың ба? — деді салқын үнмен.
— Тоқтатайын деп тұрғаным жоқ, — деді Айдар. — Бірақ рұқсатсыз ештеңе шығарылмайды.
Екеуінің арасын қысқа ғана үнсіздік басты. Сол үнсіздіктің өзінде айтылмаған талай сөз жатқандай еді.
Рамазан арба жанында тұрған екі көмекші жігітке көз тастады.
— Түсіріңдер, — деді қысқа ғана.
Жігіттер үн-түнсіз қаптарды көтеріп, арбадан жерге түсірді.
Рамазан сол күйі үнсіз тұрды. Сосын аттың басын кері бұрып, арбаны қозғалтты.
Біраз жүрген соң ол тағы бір бұрылып қарады.
— Бүгін менің бетімді қайтардың, — деді ол баяу. — Мұны ұмытпаймын..
Даусы қатты шыққан жоқ. Бірақ сөзінің астарында ауыр өкпе мен жасырын кек жатқандай еді.
Айдар жауап қатпады. Ол сол орнында біраз тұрып қалды.Арбаның доңғалағы сықырлап, бірте-бірте алыстап бара жатты. Сол дыбыс жолдың шаңына сіңгенше Айдар орнынан қозғалған жоқ.Сырттай қарағанда бәрі тыныш аяқталғандай көрінген.Бірақ Айдар бұл әңгіменің мұнымен бітпейтінін іштей анық сезіп тұрды.Рамазанның соңғы айтқан сөзі жай реніштен туған сөз емес еді.Оның астарында намыс пен кек аралас бір салқын ызғар жатқандай болатын.
Осы оқиғадан кейін Айдар орнында ұзақ отыра алмады. Есеп дәптерін қолына алып, бірден контораға бет алды.
Күн еңкейіп қалған. Совхоз кеңсесінің терезелерінен әлсіз жарық жылтырайды. Іште әлі адам бар екені байқалады. Бұл — қағазға үңілген, есептен бас көтермейтін уақыт. Күндізгі қарбаластан кейінгі салқын тыныштық.
Айдар есікті жай ашып кірді. Хатшы қыз басын көтеріп қарады.
— Айдар, не болды?
— Докладная жазуым керек, — деді ол қысқа ғана.
Бос тұрған үстелге барып отырды. Алдына ақ қағазды жайды. Біраз уақыт үнсіз отырды. Жаңа ғана болған жайды ой елегінен тағы бір өткізгендей. Бұл — ұсақ шаруа емес. Совхоз мүлкі, совхоз тәртібі.Сосын қаламын алып, жаза бастады.Артық сөз жоқ.Бояу жоқ.«Пәлен күні, пәлен уақытта совхоз ұнын құжатсыз алып кету әрекеті болды. Тәртіпке сәйкес тоқтатылды».Жазу қысқа шықты. Бірақ мәні анық. Айдардың өзіне де сол керек еді — болған жайдың дәл өзі ғана.Соңына қол қойды. «Тауардың сақталуына жауапты адам ретінде хабарлаймын» деген жолды анықтап түсірді.
Қағазды алып, директордың кабинетіне кірді.
Директор көзілдірігін көтеріп, жазбаны асықпай оқып шықты. Сәл ойланып отырды да:
— Дұрыс, — деді. — Ертең жиналыста қараймыз.
Айдар үндемей басын изеді. Кабинеттен шыққанда, сыртта қараңғы қоюлана бастаған еді.
Бұл хабар Рамазанға көп кешікпей жетті.
— Айдар контораға барыпты, — деді біреу.
— Қағаз қалдырыпты, — деді тағы бірі.
Рамазан үнсіз тыңдап тұрды. Жүзі қатайып кеткен.
— Әп бәлем… — деді ол баяу ғана. — Есепке салған екен.
Оның ашуы ұннан емес еді. Ұн — сылтау ғана. Жанына батқаны — өзіне қарсы тұрған адамның табылғаны.
Бұрын мұндай болмаған.Айтса — өтетін.Бедел деген бар еді.Ал бүгін сол беделдің үстінен біреу тәртіпті қойды.
Совхоз ішінде бұл әңгіменің ізі ұзаққа созылатынын сезбейтін адам жоқ еді.
Сол күндері Күлән апа мен Қали ата аудан орталығындағы үлкен қыздарына барып қайтпақ болып, жолға шыққан.
— Барып-келгенше балалар өздері-ақ отырады, — деп, үйдің шаруасын Айдар мен Сұлшашқа тапсырып кеткен.
Үйде Айдар, Сұлшаш, Аманай және кішкентай Айдана қалған еді.
Кешкілік бәрі әдеттегідей өтті. Шай ішілді. Пешке от жағылды. Пештің ішіндегі қызыл шоқ анда-санда сытырлап, үй ішіне жылы леп таратады. Сырттағы қараңғылық қоюланып, ауыл үстіне баяу түн түсті.
Аманай төсекке жатар алдында әлі ояу жүрген Айданаға қарап күліп қойды.
— Әй, бүгін апаң да, атаң да жоқ, — деді ол қалжың араластырып. — Жалғыз жатасың ғой, қорықпайсың ба?
Айдана қабағын түйіп, ағасына ренжігендей қарады.
— Қорықпаймын! — деді кішкентай ғана намыспен.
Аманай күліп жіберді.
— Батыр екенсің онда, — деді Аманай күліп. Сосын орнынан тұрып, жарықты сөндірді.Үй біртіндеп тына бастады.Далада анда-санда бір иттің үргені ғана естіледі. Бірақ бүгінгі үріс әдеттегідей емес еді. Ауылдың шет жағындағы ит бірде созып, бірде үзіп, мазасызданғандай үріп қояды. Кейде тіпті тына қалып, артынша қайтадан ызбарлана үре жөнеледі.
Қарасай жақтан соққан жел үйдің қабырғасын бойлай сырғып өтіп, терезе жақтауды әлсін-әлсін сықырлатады. Қараңғылық қоюланып, айнала меңірейе түскендей.Үй ішіндегілердің ешқайсысы оған мән берген жоқ.
Ал сырттағы ит болса, бірде үріп, бірде тың тыңдап, әлденені сезгендей мазасызданып тұр еді.Сол түн — бұл шаңырақ үшін ең қатерлі түн боларын ол кезде ешкім білген жоқ.
Айдана әлдебір тұншыға шыққан күңгірт дыбыстан шошып оянды.Алғашында түс көріп жатқандай еді. Бірақ әлгі дыбыс тағы қайталанды.
— Ағатай… қойшы… — деген үзік үн естілгендей болды.Қыз көзін ашты.
Бөлме қаракөлеңке. Терезеден түскен ай сәулесі ғана кереуеттің шетін бозғылт қылып тұр. Сол бозғылт жарықтың арасында бір қара сұлба анық көрінді.Біреу Аманай жатқан кереуеттің үстіне еңкейіп тұр.Қимылы ауыр. Тұншықтырып жатқаны байқалады. Ал есік жақта тағы бір қара көлеңке бар. Пеш пен есіктің ортасында қозғалмай тұрғандай. Түннің қараңғылығына сіңіп кеткен.Айдананың жүрегі дүрсілдеп кетті.Дауысы шықпады.Бала жүрегі бәрін бірден сезді — бұл ойын емес.
Ол байқатпай кереуетінен сырғып түсті. Төсектің жиегіне ілініп қала жаздап, бірақ дыбыс шығармай жерге түсті. Аяғы еденге тигенде мұздай суықты сезді.Тізесі дірілдеп тұр.Бірақ кідірмеді. Еңбектеп алға жылжыды.Үйдің төрінен есікке дейін созылған ұзын үстел бар еді. Қалың ағаштан жасалған, үлкен жанұяға арналған ауыр үстел. Айдана сол үстелдің астына кіріп, қараңғыда еңбектей жөнелді.Жүрегі кеудесін ұрып тұр.Үстелдің соңына жеткенде, келесі бөлменің есігіне таяп қалды. Табалдырықтан еңбектеп асып, бір-ақ ұмтылды.Енді жүгірмей болмайды.
Келесі бөлмеде Айдар мен Сұлшаш ұйықтап жатқан.
— Аға!.. — деді ол ентігіп. — Үйде… біреу бар…
Айдардың көзі бірден ашылды. Ұйқысы әп-сәтте тарқап кетті.
— Не дейсің? — деді сыбырлап.
— Аманайды… өлтіріп жатыр… — деді Айдана үзік-үзік.
Сұлшаш та орнынан атып тұрды.Айдар есікті ашып, қараңғы бөлмеге атылып кірді.Шынында да, біреу Аманай жатқан кереуеттің үстінен төніп тұр екен.Айдар кідірмеді. Иығымен соғып, әлгі адамды шетке қағып жіберді. Екеуі бірден арпалысып кетті.
Кереует тарс етіп қозғалды. Орындық аударылып түсті. Ағаштың тарсылдаған дыбысы түн тыныштығын бұзды.
— Кімсің?! — деді Айдар тістеніп.
Жауап болмады.Тек ауыр тыныс.Сол сәтте есік жақта тұрған екінші адам зып етіп сыртқа шығып кетті. Сыртқы есік тарс жабылды.
— Қашты! — деді Сұлшаш.
Айдар алысып жатқан адамды босатпауға тырысты. Бірақ әлгі адам тістескен қасқырдай бұлқынып, бір сәтке босап шығып, есікке қарай ұмтылды.
Дәл сол кезде Сұлшаш қабырғадағы қосқышты басып қалды.Айдар қарсысындағы адамның жүзін анық көріп қалды.Таныс.Бұл — Рамазан емес еді.Рамазанның алыс ағайындас бауырларының бірі болатын. Ауылға анда-санда келіп жүретін екі жігіттің бірі.Жарық түскен сәтте ол да тосылып қалғандай болды.Бірақ сол бір сәттік кідірістің өзі ұзаққа созылмады.Ол шалт бұрылып, Айдарды иығымен қағып, табалдырықтан қарғып шықты.
Сыртта екінші жігіт күтіп тұр екен. Екеуі қараңғылыққа қарай жүгіре жөнелді.Аяқтарының дүбірі түн тыныштығын тіліп өтті.Үй іші бір сәтке меңірейіп қалды. Аманай кереуеттің шетіне сүйеніп отыр. Демі тарылып, кеудесі сырылдап шығып жатыр. Айдар жақындап келгенде ғана бәрі анық көрінді. Аманайдың екі бетіне саусақтың іздері батып қалыпты. Қатты қысып ұстағаны көрініп тұр — қызарып, көгеріп кеткен. Тамақ тұсында да саусақтың ізі білінеді.
— Дем ал… терең дем ал… — деді Айдар иығынан ұстап.
Аманай ауа жетпегендей аузын ашып, демін зорға тартып отыр. Бірнеше рет күрсініп барып, ғана есін жия бастады.
Сұлшаш оның арқасын сипап, су әкеліп берді.
— Құдай сақтаған екен… — деді сыбырлап.
Ал Айдана болса бір орында тұрмай кетті. Әлгі үрей әлі тарамаған. Бірақ қорқыныштан гөрі бір шапшаңдық пайда болғандай.
— Мен көршілерді шақырамын! — деді ол кенет.
Айдар бірдеңе айтуға үлгергенше, қыз сыртқы есікке қарай жүгіріп шықты.
Түн қараңғы. Ауыл іші меңірейіп жатыр. Аспандағы жұлдыздар ғана салқын жарқырайды. Жел де саябыр.
Бірақ Айдана кідірген жоқ.
Жалаң аяқ дерлік, жеңіл көйлекпен қараңғы көшемен жүгіріп барады.
— Аға! Апа! Тұрыңдар! — деп айқайлады ол бірінші көрші үйдің қақпасын тарсылдатып.
Ит үріп кетті. Үй ішінен жарық жылт етті.
— Не болды?! — деген дауыс шықты іштен.
Айдана демігіп тұр.
— Біздің үйге… біреулер кірді! Аманайды… тұншықтырмақ болды!
Есіктер бірінен соң бірі ашыла бастады. Ауылдың түнгі тыныштығы бұзылды. Бір үйдің шамы жанды, екінші үйдің терезесінен жарық көрінді.
Үйде қалғандар болса әлі де ес жиып жатыр.
Аманай демін әрең түзеді. Бетіндегі саусақ іздері анық көрінеді.Айдар енді ғана бәрін анық түсінді.Бұл кездейсоқ түнгі ұрлық емес еді.Біреу Аманайды тұншықтырып кетпек болған.Ал сол біреудің кім екенін Айдар іштей сезіп тұрды.
Бұл түн шынымен ұзақ түн болды. Аудан орталығына кеткен Күлән апада кенет оянып кетті. Ұйқысы бірден шайдай ашылған. Терезеден түскен ай сәулесі қабырғаға көлбей түсіп, бөлмені бозғылт жарыққа бөлеп тұр. Бірақ апаның көңілі әлденеге алаң. Жүрегі шым етіп, тынысы тарылғандай болды.
Ол жаңа ғана көрген түсін есіне түсірді.Түсінде өз үйінің қара қазаны от үстінде тұрған екен. Қайнап жатқан ас кенеттен қазанның түбінен ойылып, сыртқа төгіле бастайды. Қара қазанның түбі тесілгендей. Ал ошақтың жанында кішкентай Айдана тұр. Екі қолымен үлкен қазанды көтермек болып әлек. Ас төгіліп жатыр. Қыз бала жанталасып жүр.Күлән апа мына түсті жақсылыққа жорымады. Қазақ үшін қазан — шаңырақтың берекесі. Қазанға сызат түссе, үйдің де ырысы шайқалады деп сенетін.
Апаның жүрегін бірден күдік қарып өтті.
— Әй, бір жамандық болды-ау… — деді ол күбірлеп.
Жанында жатқан Қали ата қозғалып, басын көтерді.
— Не болды? — деді ол.
— Түс көрдім, — деді Күлән апа. — Жаман түс. Қазан тесіліп жатыр екен.Қали ата үнсіз қалды. Күлән апаның түсті бекер айтпайтынын ол жақсы білетін.
— Балалар аман ба екен… — деді апа тағы.
Таң атқанша күтіп жатуға оның дәті бармады. Таң бозара салысымен екеуі жолға жиналды.Жол бойы Күлән апаның көңілі орнына түспеді. Ішіндегі бір ауыр сезім мазасын алып келеді. Аттың жүрісі де баяу көрінеді.Покровкаға жеткенде таң жарығы енді ғана ауыл үстіне жайылып келе жатқан. Үйлердің мұржасынан түтін де әлі көтерілмеген.
Өз үйінің қасына келгенде, Күлән апаның жүрегі тағы бір шым ете түсті.
Есікті ашқанда, бәрін бірден аңғарды.Балаларының жүзі сынық.Айдана апасын көре сала жүгіріп келіп құшақтай алды.
— Апа…
Күлән апа қызды бауырына қысып тұрып қалды. Ештеңе сұрамады. Бірақ бәрін түсінгендей.Үйдің ішінде бір ауыр тыныштық тұр. Кеше ғана жайлы көрінетін шаңырақтың ауасы өзгеріп кеткен.Қазан орнында. Ошақ бүтін. Ештеңе төгілмеген.Шаңыраққа қол сұғылған.
Күлән апа қыздың басынан сипап тұрып:
— Я, Алла… өзің сақтаған екенсің…
Оқиғадан кейін көп ұзамай бұл іс ауыл арасындағы әңгіме күйінде қалмады. Таң атпай-ақ хабар аудан орталығына жетіп, артынша тергеу басталды.Алдымен үйдің маңы қаралды. Табалдырықтағы із, ауладағы аяқ таңбалары, есіктің ашылған-ашылмағаны — бәрі тексерілді. Сол түні не көрді, не естіді деген сұрақпен көрші-көлем түгел шақырылды. Әркім өз білгенін айтты. Біреу түнде иттің мазасыз үргенін еске түсірді. Біреу қараңғыда екі адамның асығыс кеткенін көргенін айтты.Жиналған сөз бен дерек біртіндеп бір арнаға құйыла бастады.
Көп ұзамай сол түні үйден қашып шыққан адамдардың бірі — Рамазанның алыс ағайыны Дәрмен екені анықталды. Жасы егде тартқанымен, еңбекке мойын бұрмай, оңай олжаға үйір кісі екені ауылда бұрыннан белгілі еді.Оны ұзақ іздеудің де қажеті болмады. Совхоз ортасында бөтен адамның жүрісі көзге бірден түседі. Бірі оны кешкісін ауыл шетінен көргенін айтты, енді бірі түнге қарай әлдебір үйдің маңынан байқап қалғанын жеткізді. Сол сөздердің өзі-ақ тергеудің жібін тарқата түсті.Іс аудандық сотқа жетті.Сот болатын күні аудан клубының іші лық толды. Совхоздан келген адамдардың қарасы көп. Бірі әділдік орнай ма деп күтіп отыр, бірі үнсіз ғана бақылап отыр.Айыпталушылар алдыңғы қатарда тұр. Олардың арасында Дәрмен де бар. Жүзі бұрынғыдай паң емес, бірақ ішкі бір қырсықтық әлі сезіледі.Куәгерлер бірінен соң бірі шақырылды.Бір кезде сот қызметкері Айдананың атын атады.Зал бір сәтке тына қалды.Алға кішкентай қыз шықты. Қыз сәл толқып тұрғанымен, жүзінде жасқану байқалмайды.
— Түнде не көрдің? — деп сұрады сот.
Айдана асықпай сөйлеп берді. Қараңғы бөлмеде көргенін, Аманайдың үстінен еңкейген адамды, есік жақта тұрған екінші көлеңкені, үстелдің астымен еңбектеп кеткенін, жарық жанған кезде көрінген жүздерді түгел айтып шықты.
Сосын сот айыпталушылар тұрған жақты көрсетті.
— Мына адамдардың арасынан танығаның бар ма?
Айдана сол жаққа қарады. Бір сәт бәріне мұқият көз жүгіртті.
Сосын қолымен нұсқады.
— Мынау… — деді ол Дәрменді көрсетіп.
Сәл кідіріп, тағы бір адамға қарады.
— Ал мынау да бар еді.
Даусы анық шықты.
Зал іші бір сәт гу ете қалды.Судья тыныштық сақтауды ескертіп, істі жалғастырды.Ақыры сот шешімі шықты.Рамазанның інісі мен оған ерген адамдар кінәлі деп танылып, түрме жазасына кесілді.Көпшілік сот залынан әртүрлі көңіл күймен шықты. Бірі әділдік орнады десе, бірі іштей ауыр ойға қалды.
Сырттай қарағанда бәрі өз орнына келгендей еді.Алайда мұндай оқиғалар ауыл өмірінде оңай ұмытылмайды.Оның жаңғырығы адамдардың көңілінде әлі біразға дейін сақталатыны анық еді.
Сот өткен соң ауыл тіршілігі сырттай бұрынғы қалпына түскендей көрінді. Совхоздың күнделікті қарбаласы тоқтаған жоқ: таң ата мал өріске шығады, дүкен ашылады, адамдар жұмысқа кетеді. Бірақ сол бір түннің ізі кейбір жүректерден оңай өшпеді.
Айдана үшін де ол күндер жай ғана өткен оқиға болып қалмады.Сот залында отырған сәті әлі көз алдында. Үлкендердің арасындағы салқын көзқарас, ауыр сөздер, күбір-күбір әңгіме — бәрі бала көңіліне түсініксіз бір салмақ болып түскен. Кейде түн ортасында оянып кететін. Көзі жұмылса болды, үстелдің астымен еңбектеп бара жатқан өзі елестейді. Қараңғы бөлме, жүрегінің дүрсілі, Аманайдың тұншыға шыққан үні — бәрі қайта тірілгендей болады.
Мектептегі күндер де жеңіл болған жоқ.Рамазанның қарындасы сол мектепте мұғалім еді. Бұрын Айдананы басқа балалардан бөліп қарамайтын. Ал соттан кейін мінезі өзгеріп кеткендей. Сабақ үстінде жиі орнынан тұрғызады.
— Айдана, тұр! — дейді қабағын түйіп.
Кейде себепсіз-ақ шымшып алып:
— Сотта сайрап едің ғой. Кәне, сабақ айт! — деп тақтаға қарай итеретін.Күлән апада немересінің көңіліндегі ауырлықты сезеді. Бірақ көп сұрамайды.
Тек маңдайынан сипап отырып:
— Қарағым, шындықтың жолы әрдайым тегіс болмайды, — дейді. — Бірақ шындық айтқан адам ешқашан ұтылмайды.
Айдана үнсіз тыңдайды.
Сол күндердің бірінде Күлән апа немересін қасына отырғызып, баяу әңгіме бастады.
— Сенің бойыңда өжет мінез бар, — деді ол. — Қарашаның қаны бар ғой сенде.
Айдана таңырқап қарады.
— Апа, Қараша деген кім?
— Қараша — біздің тегіміз, қарағым, — деді апа жай ғана. — Біз Байжігіттен тараймыз. Байжігіттен — Жұмық, Жұмықтан — Қараша. Жеті ата солай жалғасады.
Айдана үнсіз тыңдап отыр.
— Тегін білген адамның еңсесі биік болады, — деді Күлән апа. — Өйткені ол қайдан шыққанын біледі.Айдана сол сөздерді тыңдап отырып, бір нәрсені іштей түсінгендей болды.Сот залында тайсалмай сөйлегені, адамдар арасынан жазбай танығаны, сол түнде үстелдің астымен еңбектеп барып аға-жеңгесін оятқаны — бәрі оның кішкентай жүрегіндегі батылдықтың белгісі еді.
Күлән апа немересін бауырына тартып:
— Қаршадай қыз болсаң да, жүрегің мықты. Ағаларыңды өлімнен құтқаруда тайынбадың. Міне, өжеттік деген осы, — деді.
Ауыл тіршілігі болса өз ағысымен жалғасып жатты.Жылдар өте берді.Алпысыншы жылдардағы ауыл тынысы сол бір түн де уақыт өте алыстап бара жатты.Бірақ ұмытылған жоқ.Кейде күзгі самал жусан иісін алып келгенде, кейде түн тынышып, ауыл үстіне ай сәулесі түскенде, сол оқиға қайтадан еске түсетін.Қараңғы бөлме.Үстелдің асты.Жүректің дүрсілі. Қаршадай қыздың өжеттігі мен батылдығы да еске алатын естелікке айналған.Тек уақыт өте келе ол үрей емес, адам жадында сақталған бір тағылым болып қалды.