
Теңіз бетіндегі тербелген толқындай ойнақтаған бір ғажап құбылыс. Денесін тіктеп, аяқ ұшына қонып өкшесін көтергенде көкке ұшып кететіндей періште кейіпке енеді. Асылында ол көрерменнің алдына өнер көрсету үшін емес, еркелеу үшін шығатындай. Қарашада жауған ақ үлпек қардай үлбіреп қонады жерге. Төбесінен түскен сәуле шағылысып, айдын көлдің аққуындай тұнық көлдің бетінде сылаң қағады. Сүлікқара көздерінде топ адамды тұншықтырардай ұйық бар. Оған қараған сәтте тыныштықтың үнін естимін. Жұмыр етімнің құлақшаларына дейін диастола күйге түседі. Бірінші қатарда отырғандарға сырттай зер салсаң, пері қаққандай қатып қалған. Екінші қатардағылар енесін көрген ешкінің төліндей еміреніп отыр. Бұл қойылым мәңгілікке жалғасса деген арман бәрінің өзегінде өмір сүре бастағандай. Үстел үстіндегі көзәйнегіме шағылысқан бейнеден менің қиялым үнемі осыны көрді. Шындығында ол ˗ ой меңдеген жүдеубет кәрі кемпір. Қос жанарын шүңейіт тартқан. Әжімі атыздана түскен қарт ана.
Кітапханада жүрген төрт жылымда небір оқырманның түрін көрдім. Әр қайсысы бір кітап. Оқиғалары шытырманға толы. Қайталанбайтын тараулар. Шолақ дүниенің ережесінде бес саусақ бірдей болып па еді?! Адамдар құрастырмалы ойыншықтың әр түрлі пішіндері секілді. Бір-біріне ұқсамайды. Бірақ, барлығы бірге ғана қоғам деген ұғымды құрайды. Шахмат тақтасындағы тастардай, жүрістері сан қилы фигуралар.
Бастапқы жылдары диссертация залындағы меншікті орнынан таң атқаннан кеш батқанша тапжылмайтын. Кейіннен араға бірнеше жыл салып орнын суытып өнер залына көшкен тұрақты бір оқырман бар. Түйсігім алдамаса жас шамасы жетпіске табан тіреген, еті қашып сүйегі көріне бастаған әжей. Киімі ескі болса да, өзіне үйлесімді. Түстерді көзі танитын сықылды. Әйтеуір жұпыны киімін жобаға түсіріп, үйлестіре киеді. Үнемі сөмке асынып жүреді. Ол әр келген сайын сүтке тойған қозының қарнындай қампайған сөмкесінен жаңа дәптер шығарып алдына қояды. Сосын, сөреде бір-біріне саптағы әскердей иық тіреп тұрған кітаптардың ішінен біреуін қандай қағидаға саятыны беймәлім әдіспен таңдап алып, жаңағы үстел үстіндегі таза дәптеріне кіріспеден бастап көшіре бастайды. Бұл мен білетін төрт жылдан бері күн сайын, арасы суымай қайталанып келе жатқан дағдысы. Мақсатсыз көшірсе де уақытын солай өткізетін сияқты. Онысы бер жағы. Бұл оқырман үнемі көзге көрінбейтін біреумен сөйлесіп отырады. Кейде даусын жаңғыртып зорайта сөйлейді. Кәрілігіне сай үні де ашщы. Сұқ саусағын сумаңдатып ұрысып жататыны тағы бар. Алғаш көрген адамға оғаш әрі қорқынышты дүние болғанымен көре-көре көзіміз үйреніп кетті. Пенде баласына Құдай құрыштай құйып қызыққұмарлықты таңып берген емес пе?! Дүниені танысын, жаратылысқа жарысын деп құштарлық бергені хақ. Аң торыған аңшыдай алыстан елеңдегенімнен түк шықпай, түбі қызықтап жақынырақ келдім. Кіммен не туралы сөйлесіп жатқанын білгім келіп, құлақ тосамын. Бәрібір арақашықтығымыз аса жақын емес. Шала-жансар құлағымның кеңістіктен қаққаны ол Гауһар есімді бір қызбен сөйлеседі.
- Гауһар! Сен неге айтқан тілді алмайсың. Мен саған дайындаған тамақты ішпепсің. Ол аздай жұқалтаң киініп алғаның мынау. Суықтап қалсаң қайтесің?! Ауырып қалсаң ұрысатынымды білесің ғой!
Мен бұл әжейдің психологиялық ауытқуын байқасам да, туа бітті Тәңірден түскен дүние емес екенін әу бастан-ақ сездім. Жаны жараланған бейбақтың бірі болар деген ішкі ойымның шындығы басым түсті. Талантты әншілердің үні таспаланған пластинкалар толы залдың ішінде, есі ауысқан бір кейуана көзге көрінбейтін елеспен дауласып отырғаны мен үшін таңқаларлық оқиға, әрине.
Өнер бөліміндегі әріптестерімнен әжей туралы ақпарат жинай бастадым. Олардың айтуынша, әжей жас күнінде балерина болыпты. Өнер десе өлермен жан болғаны айдан анық. Қалыпқа құйғандай пошымы мен бояуы қанық реңінен өнерге құштар жан болғанын барлау қиынға соқпайды. Ерінін нарттай қызыл түске бояп, француздарша телпегін басына басып киіп отырады.
Ол талантты балерина болған. Жарым деп таңдаған жолдасы жанын ұқпаса керек. Бет алды қызылсайқал қызғаныштың түбі тереңге апарған көрінеді. Күйеуі оны кішкентай қызымен тірі жесір етіп, тастап кеткен екен. Содан бері балеринаның бары да, нары да сол қызы Гауһар. Жалғыздық жанын қысып, меңіреу ой меңдеген шақта жанына медет болған жалғыз қызы осы Гауһары. Бірақ, тағдырдың соқпағы пенденің басынан сипамайтыны ақиқат. Алланың ісіне амал бар ма? Ауру жетектеп келген ажал жалғыз Гауһарын да өмірінен жұлып әкетіпті. Бұл соққы балеринаны қатты есеңгіреткен. Қан құсқан қайғының соңы әжейді ақылынан алжастырып тынған. Міне, содан бері әжей Гауһарымен сөйлесіп жүреді. Мүмкін, ол шынымен де Гауһарды жетектеп жүрген шығар. Мүмкін Гауһар оған расымен көрінетін шығар. Әйтеуір әжейдің сандырағы үзіліс көрген емес. Ақылынан алжасқандар ақыреттік сұрақтан ада болады деуші еді ғой. Мүмкін әжейдің біз бақыт деп түсінетін сыйы бұл өмірде емес шығар. Әжейдің өміріне өзегіне қанық болған соң көзқарасым тіптен ғажап бола түсті. Бір түйгенім, жанына бостандық, рухани дертіне дауа іздегендердің дені кітапханаға бас сауғалап келеді екен. Менде солай ішкі кеңістігімді толтырамын деп келгенім есіме түсті. Жанымды жеген жегі құрттай жайсыздықтың тұманы сейілетін аймақ осы жер. Өмір ешқашан біз қалағандай болмайды. Біз сол баяғы жол іздеген жолаушымыз. Зымпу сөзге тойып алып, көз алдымызға ғажайып картиналарды кескіндесек те, тағдырдың тақтайға салатын суретінің сұры басқа. Бірақ, әйтеуір ит өмірден де, бір мән тауып ғұмырыңа азық етуге болады. Пенденің көбі тарыдай бақытын талғажау етіп өмір сүріп жатыр. Сол сұлу сәттерді ғана өмір өзінің жадына мәңгі таспалап алады.
Осы білгенімнің өзінен артық ақпарат жинаудың қажеті жоқтығын түсіндім. Бұл оқиға өмір туралы түсінігімді аясын том-том философиялық кітаптарсыз-ақ кеңітіп жібергендей. Маған тіпті, әжейдің қайда тұратыны да қызық болмады. Себебі, оның үйі осы кітапхана. Ол осы жерде азат.
Күн сайын, менің кабинетімнің алдынан дорбасын арқалап әжей өтеді. Кабинеттің қабырғасы әйнек болғандықтан сырттағыны анық көреміз. Ол өткен сайын мен уақытты тоқтатып қойып, қараңғы залдың сахнасына жалғыз жарық түсіріп, балеринаның мінсіз биін қиялымда қайталай беремін, қайталай беремін...
Жазушылар Одағының мүшесі
Шарханұлы Мұхаммед-Қанапия