
«Менің алмаз қалыңдығым» атты философиялық-фантастикалық проза қиял мен шындықтың шекарасында тұрған ерекше туынды. Мұнда адам болмысы, сана құпиясы және тылсым күштердің әсері алмаз бен кристалл бейнесі арқылы астарланып беріледі. Автор адамның ішкі «магниттік» әлемін, тағдыр мен таңдаудың көрінбес байланысын нәзік өрнектейді.
Психологиялық хоррор бағытындағы «Айдағардың саусағы» — сырттай тәртіп пен тазалық орнаған ортада жиналған менмендік, елемеу мен тілсіздіктің қалай апатқа айналатынын шошытатын деңгейде суреттейді. Бір ғана саусақ ұшына жиналған у — қоғам ішіндегі көрінбейтін қауіпті бейнелейтін қуатты нышан.
Ал «Қараторғай шыққан қойын» — деген этюдтың лирикалық әрі философиялық иірімі мол. Құс бейнесі арқылы үміт, сағыныш және рухани серпіліс көрініс табады. Күнделікті өмір мен ішкі сезім арасындағы нәзік өткелдер поэтикалық тілмен өріледі.
Бұл үш шығарма — тылсым, трагедия және нәзік сезімнің үш қыры. Оқырманды ойландырып қана қоймай, ішкі дүниесіне үңілуге жетелейді.
Менің алмаз қалыңдығым
Кристаллдан жасалған қалыңдығы бар жігіт пен алмаздан жасалған қалыңдығы бар мен төртеуіміз бірге келе жатқанбыз. Қалыңдығыма жол ортадағы бір жерді айтып ем, ол ол жерде тұрақтағысы келмеді де, үшеуі әрі кетті. Бірнеше аздырушы одан көңіл суытуымды өтініп, бұл жерден бөгде қызбен жаңа таныстықтың дыр-дуы басталғанын қалады. Мен аздырушы сыбырлақтарға көнбей, біраз дағдардым. Тамды айналсам алтыбақанда әлгі үшеуі мені күтіп тұр.
Кристаллдан жасалған қалыңдығы бар жігіт екі орындықты алтыбақанның әрі жағындағы орындықта сұлуын тербетіп тұрса, бері жағындағы орындықтағы сұлуым мені күтіп отыр екен. Бағана тіл алмай, тоқтамай кетіп қалғанына өкпелеп, жұмылыңқырап қалған менің көзім алтыбақанды көргенде ашыла түсті. Мен бақайына нұр қонған аяқтарыммен жүріп барып алмаз қалыңдығыммен табысқанда, аяқ астынан алқаушылар пайда бола кетіп, «Өз қалыңдығына адал екен!» десіп мақтады.
Жаратушы оны алмаздан жасады. Досымның қалыңдығы кристаллдан болды дегендей. Болашақта әртүрлі құрамнан жасалатын адамдар пайда болады екен. Құдай бұған дейін адамдарды топырақтан жасап келсе де, оның кейбірінің ақыл-ой жүйесіндегі ішінара бөлшектерін өзгеше заттардан жасағаны жасырын емес. Мысалы, менің миымда ескі телевизордың электромагниты сияқты, бірнеше километр жерде таныстарым жүрсе, солар туралы миыма жылдам ой салатын магнитты құрам бар. Ханшатырдың жанынан өте бергенімде Дәурен досымның миыма мықтап оралуы, қоңырау шалғанымда оның келіншегімен Ханшатырды аралап жүргені, "Экспо серуен жолы" аялдамасынан түскенімде миымды бір кезде орыс тобында оқыған группаласым Сұлушаштың шырмап алғаны, кейін оның сол жерде көлік сақтандыруда істейтін болып шыққаны, ұлы адамдардың жасырын жерленуі туралы жолшыбай кетіп бара жатып ойға батқанымда, автобусымыз аялдаған жердің ежелгі қорым болып шыққаны, теміржолдың жыпсиған арғы бетіндегі ауылдың тұсында батырлық жайлы ойларға мас болғаным, сол жерді картадан көрсем Бауыржан Момышұлының туған ауылы болып шыққаны да магниттік санамның күшінен.
Кішкентай кезімде біздің үйде арты шоңқиған, үлкен теледидар болатын. Бір күні қарап отырсақ, экран шыж-быж болып шұбарланып, кенеттен «Ер-Жәнібек» фильмі шыға келді. Фильмді бастан-аяқ көріп шықтық. Кейін білдік – көршіміз Нұрлан аға үйінде VCD-ге салып сол фильмді қосып отыр екен. Біздің теледидардың магниттік қуаты күшті болған соң, көршінің таспасын өзіне тартып, қатар көрсеткен ғой.
Міне, менің де миым дәл сондай. Магниті асып-тасып толқын тудырып, адамдарды, мекендерді, тарихты тартады да тұрады. Бір ой, бір сәт, бір белгі – бәрі іліге қалады. Мен жай ғана өтіп барамын, ал сана – ұстап қалады.
Бала күнімде әкем бір рет шашымды тақырлап алып, басымның артына қарап таңғалып тұрды да, шешемді шақырды:
– Әкау, баламыздың басының арты ана телевизор құсап шоңқиып шығып тұр,– деді.– Артық миы бар екен.
– Онда енді шашын тақырлап алма,– деді шешем.– Желке шашы жасырып тұрсын.
Менің миыма періштелер тарапынан пульттық жүйе орнатылған. Түсімде көрсеткен бағыттары бойынша байыппен жүрмесем, бәрібір менің иманға қарсы басқа істерді істеуіме олар кедергі болады. Сызып қойған сызығынан шыға алмай жүрмін. Осы алмаз қалыңдығымның денесі ғана емес, ол берген ұсақ ақшаның өзі қымбат еді. Қалай десеңіз, 10 қаңтар күні ол маған «Шай алып ішіп, өзіңізге жақсырақ көңіл бөліңіз» деп каспийіме 20 мың теңге салып жіберіпті. 10 күн бойы сырттан тамақ іштім. Алайда, сол ақшаның әлі көбі бар. Мен мұны түсіне алмай қойдым. Бүгін қарасам, 17 776 тг тұр. Адамдар робот жасап «Жаңа дәуір үшін!» деп жанталасып жүргенде, тылсым күштер де бұрынғы ықылымдарда болмаған темір дәуірін ерекше етіп жасау үшін біздің дөңгеленген дүниенің түкпір-түкпірін төңіректеп жүр. Құдай адамдар аңсаған хикметтерді біз сияқты қарапайым адамдардың бойына салып, өміріне енгізіп, біздің технологиялық талпыныстарымыздың қалай жүруі керектігіне сыпайы бағыт-бағдар берген сыңайлы.
Айдағардың саусағы
Фармацевтикалық зауытта небір такаппар адамдар бар. Шаң-тозаң толы жұмыс орны емес, жап-жарық, адамдар иініне таза көгілдір халат іліп, жалаңбас та жүре беретін жер еді. Сырт көзге мінсіз тәртіп орнаған өндіріс орны. Қайдан кірді екен, шаруашылыққа бас-көз болуға бүкірлеу кәрі қытай орналастырылған екен. Бірақ, оның тындырғаны шамалы, қазақтардың ашуына да, әзіліне де араласпайтын. Елеусіз, үнсіз жүретін. Қазақтардың тілін түсінбейді де, жалғызсыраудың шапанын жамылып жүретін сияқты.
Бір жолы оны елемеген біреуі жұмыс істеп жатып оған дөрекі, балағат аралас сөз қайтарады. Бұкіл зауытты дүрсілкіндірген, жаншошырлық оқиға содан басталды. Адамдар осы бір бүкір, шашы шоланша жалбыраған, көзі отты, аузы маймылдікіндей алға шығыңқы қытайдың елден ерек қасиеті барын сонда білді. Бүкір сол еңкейген күйі, екі қолын қатар созып, тырнағымен бейпіл ауыздың екі білегінен бірдей шоқыған екен, әлгі кісі сылқ етіп құлапты. Оны келіп сүйегендер оның жан тапсырғанын білді. Білегіне тырнақ батырып шұқи қойғанға адам өле ме, оны "аяқ астынан инфаркт алды" дегенге шығарды. "Жүрегі әлсіз еді" деді бастықтар. Әйел қызметтестері де осы пікірді қолдап, іс осымен жабылғандай болғанымен, адамдардың ішінде күдік-күмән қалып, одан адамдар қорқа бастады. Алайда, оны әлі де елемей шынтағымен қағып, жамбасымен сүріп, даурығып сөйлеп өтетіндер де бар. Қазақтар ірі келеді ғой.
Содан кейін бір адам өлтіріп ашылып алған қытай тоқтамады, жезтырнақтығын ашық көрсетуге кірісті. Шашы жалбырап, жымиған сияқты аяр түр танытып, сол бүкшеңдеген күйі әлгі өзін соғып өткен біреудің артына жетіп барып, ол бұрылып қарап болғанша, белін шоқып үлгерді, қос саусағын қатар созып. Әлгі піл төңкеріліп құлады. Тайып кеткенде дәрі сүйрейтін жәшкке сүрініп, біраз жерге дейін сұлаған жирафтай мойнын созып сырғыды. Сол бөлімде жүргендер бес-алты адам болып жапырылып келіп, құлағанның үстінен төне-төне қарады. Тоқ соққан балықтай болып елпеңдеп жатқан одан енді қайыр жоғын түсінді. Жалбыр шаш аяр көзімен жалт қарап, жауыздай жымиып алды да, мойнын қисаңдатқан күйі шығып бара жатты.
Оған апай-төпей шабуыл басталды. Он нешесі газ баллонын оған шашып, төменгі қабатқа қуалап түсіріп етпек болды. Сонда ол қағілез қимылдап, алғашқы үшеудің соққысынан сытылып, екі қолымен үшеуін де шұқып үлгерді. Үшеуі жан тапсырды. Одан кейін бәріне өшігіп алып, жорғалап жүріп, ерді де, қызды да тырнағымен созыла шұқып он нешесін өлтірді. Адам толы өндіріс алаңы қамалып шулаған құстардың абыр-сабырына толды.
Шұғыл құтқару жеткенде, еденде созылғандар көбейіп кеткен еді. Бір мейірбике қорықпай, жауапкершілікпен жаралыларды сүйреп жүрді. Ол да аман қалмады. Әлгі бүкір оның да жанына жетіп барғанда, оны аяй ма деп ем, бұл аяған жоқ. Оны да қысып өлтірді. Тағы біреу қасындағы құтқарушыға жамбас укол салдырмақ болып, құйрығын ашып тоңқая қалып еді, жүгіріп барып, соның дәл құйрығынан шұқып өлтірді. Ербеңдеп жетіп барып, сол созылған қос қолымен әрекет етеді.
Мен бұл жерге жұмысқа жаңадан орналасқан едім. өндірісті қадағалап жүрген бір Қытайдың қазағы болды. Мен аз-кем қытайша білуші ем. Осы оқиғадан екі күн бұрын, екі ауыз қазақша айтып, одан кейін көзі жалтырап тұрған жалбыр шашты қытайға "хаулы миу?(болды ма?)" дедім, ол тындырып болған шаруамды көріп, бас изеп, күлімсіреп "бәрі жақсы екенін" білдірді. Осы апалаң-төпелеңде де маған жолаған жоқ. Көзінде әлдебір тану бар еді. Әлгі Қытайдың қазағы азырақ қытайша тілдесетінімді біліп, менің кішірек кезімде Қытайдан келгенімді дауыс ырғағымнан да аңғарды. Оның сол кезде қайда кеткенін білмеймін.
Кейбір өндіріс орындарында көзге көрінбейтін бір қауіп жүреді. Ол сіздің іштен шыққан шұбар жылан. Тілсіздік, менмендік, елемеу мен қорлау деген әртүрлі шұбар жыландар жинала-жинала бір күні айдағарға айналады. Содан бері, "айдағардың уы кейде бір тал саусақтың ұшында бұйығып жатады" деп ойлаймын.
Қараторғай шыққан қойын
Таңғы салқынмен жүріп келе жатқанмын. Қойным қозғалып кеткендей болды да, «Қойныма салған телефоным түсіп бара жатқан жоқ па?» деп бас салып едім, қойнымнан екі қараторғай ұшып шықты,— деп баяндады ол түсін.— Қанаттарының сыбдыры таңғы тыныштықты қақ жарып өтті. Мен аң-таң боп тұрып қалдым.
Таңертең Жазушылар одағына кіріп бара жатқанымда, артымнан аяқ дыбысы естілді. Біреу мені "а-аға!..." деп атап шақырды. Бұрылып қарасам – ұнамды бір адам. Жымиып тұр. Сол жымиыста әлгі екі қараторғайдың еркіндігі мен күннің әлем табалдырығынан аттаған жылуы бардай сезілді. Сол күн содан кейін ғана шын басталғандай болды – Сол қанаттардың көтерілісімен.
«Бидайықтай ілуші ем аққу-қазды, Жарғанат болғаным ба бұғып жатқан?» деп оның ішінде бір Иманжүсіп бұғынғысы келмей сөйлеп жатқан еді.
Құшағына құс қонбаған толғамдарды жаза-жаза жалыққан жазушы болатын. Оның сезімін қорғаған толғамдар енді оны айналсоқтап, жаңа ойды құшақтата бастайды.
– Қарғатайым,– дейтін сияқты ол сол ойларымен бірге құшақтап ару жайлы тұнба сезімін араластырып. Қызға қарай дауылдатып тұнықтан шыққан дауысы, күңіреніп, жүрегінен желдей еседі.
Бүгінгі күндері қай білімдімен дастархандас болып кеңессек те, енді Қазақтың төгіліп сөйлеуі Әсеттің заманына жете алмайды. Дегенмен, құшағына құс толтырған қызды көріп, оған Әсет заманындағыдай ашыла сөйлесетін сияқты еді ол. Ғажайып құс заманы сөйлей түсетін көрінеді.
— Көлігімнің төбесіне, айнасына сарыбауыр құс қонған 2022 жылдың 13 маусымын жақсылыққа ырымдап едім,— деді ол.— Сол нышан сол жылдың қазан айында жүзеге асып, бір сарыбауыр қызбен тәтті әңгіме айтып едім. Бірақ, уақыттың өз өлімі бар. Ол күнге енді орала алмаймын, — деп кейіді. Соған қарағанда, ол жақсы түсін ғана емес, көз алдында көрінген нышанды құбылыстарды да ырымдайтын болып отыр.
***
Таң алдындағы түсі осындай жарқын құс жадыратып ұшқанымен, енді міне Алматының түніне кіріп барады-ау!... Қара түнге қанжар сұқты құс жолы. Аспанға қарап еді, құс жолының қос қолында қанжары суып, айдың сәулесін жапырып барады екен.
— Аязыңнан суыған қанжарым бар, о, қаңтар түні, — деп күбірледі ол. — Қанжар көңіл сынып тұр. Тек жұбандырғаны күндіз аялдамада кезіккен қойнымнан ұшқан қараторғайдың нышанындай болып, қанатты қолдарын мейірмен қағатын қыз.
Оның бір күні осылай өте шықты.