АЛПЫСБАЙ ХОНЖ. ИТЕРІП ЖІБЕРІҢІЗШІ...

         Адам ата мен Хауа анадан бері үстімізде Құдай барына сенеміз ғой. Бірақ қазір астымызда Құдайдың берген мұнайы барына нанбайтын болдық. Алақанымыздағыны аузымыға сала алмаған соң бар дүниенің де қадірі қашады екен-ау.

         Бұрын пойызды тек теміржол релісінен ғана көретін едік. Қазір кез келген жерден пойыз көруге болады. Қалай дейсіз бе? Жанармай бекетіне жақындасаңыз түсінесіз. Пойыз вагондарындай тіркеліп, сіресіп-тіресіп кезекте тұрған автокөліктер қайда да бар. Бұлар – жүрмейтін, ішіндегі жүргізушісі күлмейтін, бірін-бірі тілдейтін, бағаны бастан асырғандарды күндейтін ерекше пойыз. Алдымдағы жыландай ұзын-сонар кезек жылжығанша сіздерге бір әңгіме айтып берейін.

         Өткенде түс көрдім. Түсімде әйелім астымдағы жаман машинамды итеріп жүр екен. Әншейінде рөлге таласатын адамнан мұндайды күтпеп едім. Таң-тамаша болдым. Сірә, маған деген ерекше құрметі болса керек. Машинаны үйге дейін итеріп келген әйелім от жағамын деп көмірдің орнына 20 мың теңгені тұтатып отыр. Шошып ояндым. Бұл не сұмдық! Ақшаны алғашқы маххаббатындай жақсы көретін адамның мұнысы несі? Мүмкін басымызға бақ қонайын деп тұрған болар. Бақандай 20 мыңды отқа жақса, демек үйде ақша көөөөөөп болмақ қой. Мүмкін миллион санайтын күн де алыс емес шығар. Орнымнан атып тұрып, досым Тәпөштің үйіне жүгірдім. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып, көрген түсімді Тәпөшке баяндап бердім. Ол сәл ойланды да:

– Қуанба, досым. Қымбатшылық келе жатыр. Әйелің машинаңды итеріп жүрсе, жанармай қымбат боп, кімнің ісі екендігі жұмбақ боп тауың шағылады. Көмірдің орнына 20 мың сом жақсаң, демек оның да бағасы басыңнан асады, – деді.

         Көңілім су сепкендей басылып үйге оралдым. Айтып ауыз жиғанша жанармай мен көмірдің бағасы аспанға бір-ақ шықты. Ауыл болып бір депутат көкемізге хат жолдадық. Соңына Тәпөштің данышпандығын қосып жазып жібердім. Көп кешікпей жауап та келді.

«Құрметті Бәленше Түгеншеұлы! Сіздің көрген түсіңіз тамаша. Тек түс жорушыға жарымаған екенсіз. Бәленің бәрі досыңызда. Егер түсіңізді дұрыс жөн білетін біреуге айтқаныңызда бәрі керісінше болатын еді», – депті ол. Оңбаған Тәпөш. Қайдан ғана барып едім саған! Демек бұған Тәпөш қана кінәлі! Халық қалаулысы айтса, демек солай болғаны ғой.

         Жаңа кезек күтіп отырып қалғып кетіппін. Түсімде Американың доллары айға асылып қалыпты. Төмен қарап жердегі теңгеге сұқ саусағын шошайтып, сақ-сақ күліп, шырт-шырт түкіріп тұр. Бұл түсімді кімге жорытсам екен? Өтініш, Тәпөшке айтпаңыздаршы. Өзім хат жазған адам секілді жөн білетін біреуге жорытуым керек. Мына кезегі құрғырдың келетін түрі жоқ қой. Жанармай болмаса, қарға адым жер мұң болады екен-ау! Үйге қалай жетсем? Машинамды итеріп жібересіз бе?

 

«990»

         Бұл не? Тауып алыңызшы? «Сан ғой» дейсіз бе? Сан екенін өзім де білемін. «Фигура» дейсіз бе? Мұндай мүсін көрсем ит болып кетейін. Ер болсаңыз мойындаңызшы. Осы сіз қисық қабырғаңыздың айтқанын тыңдайсыз ба? Ал мен тыңдаймын. Тіпті, қалай құлақ асып қойғанымды байқамай да қаламын кейде. Алғаш үйленген кезде ертоқымымды бауырыма алып, біраз тулағанмын. Ал қазір ше, бетегеден биік, жусаннан аласа, қой аузынан шөп алмайтын момақан пенде болып қалдым.

         Есі бар еркек болсаңыз сізге тегін ақыл айтайын. Жалғанда әйеліңізбен бәс тігіп, таласпаңыз. Өткенде тауым шағылып, жыным қағылып, жеті қат жер астына кіріп кете жаздадым. Шатақ мынадан басталды. Үйге тоңазытқыш пен плазмалы теледидар алайық деп әйелім құлақтың құрт етін жеп қоймады ғой. Бұл заманда арзан дүние болушы ма еді? Екі жүз елу мыңға тоңазытқыш пен үш жүз алпыс мыңға теледидар алсақ, басымдағы азғана шашымның өзі жетпейді ғой деп жыладым мен бейбақ. Ол болса: «Мен сізге әйел атыммен уәде берейін. Егер тоңазытқыш екі жүз мыңнан қымбат болса, теледидар үш жүз мыңнан артық тұрса бұл әңгімені осы жерден ұмытайық. Егер заттардың бағасы айтылған сомадан арзан болса, алып беруіңізге тура келеді», – деп кесіп айтты ғой. Еркек емеспін бе? Әйелің осылай кесек сөйлеп тұрса, есек болсаң да намыстанасың ғой. Сарт еткізіп қол алыстық.

         Сонымен жаман «жигулимен» қаланың қақ ортасындағы аты дардай бір сауда үйіне тартып кеттік. Аралап жүрміз. Техника шіркін дамыған-ақ екен ғой. Сенесіз бе? Көзілдірік киіп көретін теледидар да бар екен. Бұрын-соңды мұндайды кім көрген! Көзілдірікті газет-журнал оқығанда ғана киюші еді бұрынғылар. Сонымен бай таңдағандай байқап, жар таңдағандай жайпап ақыры армандағы дүниемізге де жолықтық-ау. Бәленің бәрі осы жерден шықты. «А, Құдай, бағасын удай қыла көр!» деп жалбарынып тұрмын ішімнен үйде бәстескеніміз есіме түсіп. «Қош келдіңіздер! Біздің заттардың барлығы сапалы. Істен шыққан жағдайда қалаған уақытыңызда ауыстыра аласыз», – деп сызылды қасын қарындашпен сызған бір бикеш. «Теледидардың бағасы 200990 теңге, тоңазытқыш 100990 теңге тұрады», дейді әлгі сылқым. Жер болдым. Әйелім шапалақ соғып шаттанып, екі санын сабалап мақтанып жүр. Сөйтпегенде ше? Тауарлар бәстескен бағадан он теңгеге арзан болып тұр ғой. Қайдағы бір он сом үшін әйелімнің алдында оңбай омақастым. «Айналайын, қарындасым! Өз қалтамнан шығарайын. Әр қайсысына жиырма теңге қосып айтшы», – деп жалындым. Ана қыз жаман түс көріп оянғандай бетіме едірейе қарады.

         – Жоқ, ағасы, кешіріңіз! Мен олай істей алмаймын. Корупция болады! – Ішегім түйілгенше күлдім.

         – Жиырма теңге алған да жемқорлыққа жата ма? Жиырма миллион жегендер де жер басып жүр ғой?

         – Аға, сізге тағы да айтамын, кешіріңіз! Мен олай жасай алмаймын. Өмірімді қорламаңыз! Жуық арада бай жігітке тұрмысқа шығамын! Қалың малым қанша тұратынын білесіз бе?

         –  Қанша?

         – 99990 АҚШ доллары.

         – Астапралла! Неге 100000 АҚШ доллары емес?

         – Сіз неден қызық адамсыз? Бізде бәрі солай. Тіпті, қалың малдың өзі де. 100000 доллар десем, мені анау жігіт алмайды ғой. Он санын кемітіп айтсаңыз көрер көзбен естір құлаққа ап-арзан болып сезіледі. Шекем тырысып, төбе құйқам құрысып бір түрлі болып қалдым. Он теңге үшін он жылға несие төлеймін-ау енді. Жарайды, басқа әңгімені кейін айтармын. Тоңазытқыш пен теледидарға құтты болсын айтып көршілер келіп жатыр үйге.

Павлодар қаласы.

(«Naizatas» журналы)