Әй, осы бір Бітімкүлдің жолы сұмдық ауыр болды. Жұрт оп-оңай қол жеткізетін нәрсенің өзі Бітімкүл дегенде қырсығып қалады. Мектеп бітіргеніне біраз уақыт болды, жыл сайын Алматыға оқуға барады. Ол ауылына тиіп тұрған жер болса бір сәрі. Одан Мәскеу жақындау. Алматыға ит арқасы қияннан екі-үш күн пойызбен жүріп әрең жетеді. Пойызда орын болса қанеки, қымбат билеттің құнын жолсеріктің қолына ұстатып, вагонның зат қоятын қабатында «қоян» болып, бүк түсіп жататынын қайтерсің. Таудан тас арқалағандай ғып КОКП-ның 24-съезінің материалдары мен емтихан тапсыратын сабақтарға қажет кітаптарын қос шабаданмен өзімен бірге сүйрелеп жүргені. Сол кітаптардың ішіндегілерді, съезд материалдарын жатқа білсе де, көңіліне тоқ санау үшін мықшыңдап көтеріп келеді. Жылда емтихандардан өз білімімен әупірімдеп өтеді де, конкурс деген асуға келгенде өте алмай, тоңқалаң асып құлайды да қалады. Облыс орталығындағы ортанқолдай оқу орындарын місе тұтпай, мұрнын шүйіріп, жыл сайын ауылы мен Алматының арасын жол қылып жүр. Мектепте оқушылардың маңдайалдысы болғаны не керек, оқымағандар озып кетті. О замандағы оқу да оңай болған жоқ. Қазіргідей ақша төлеп оқитын оқу болса, Бітімкүл мектеп бітірген 4 жылда әжептәуір маман болып шығатын уақыт болды. Баяғыда ауыл ақыны Данабек ағасы әскерден : «Өкімет берді шенелді, Жақсы мен жаман теңелді» деп хат жазыпты. («Шенелі» — шинель дегені ғой), Сол айтқандай, мектепті үштік деген бағаға әрең бітіргендердің өзі шетінен ақшаның буымен ҚазМУ-дің, ҚазПИ-дің, политехникалық институттың студенттері болып шыға келді. Бітімкүлдің әкесі кәмөнес: «Миы бар адам өз білімімен оқуға түседі. Пара беріп ешкімді оқытпаймын» дейді. Онысымен қоймай: «Менің Бітімкүлім ҚазМУ-ге түспей қоймайды, табанды, айтқанынан қайтпайды» деп мақтау сүйетін қызының көңіліне жел беріп қояды. Бітімкүл болса: «Жасым есейіп бара жатыр-ау, осы менікі не жүріс?» деп, бір ойланбайды-ау, бір ойланбайды. Кластас құрбыларының кейбірі күйеуге шығып та үлгерді. Бітішжан қиял қуып жөніне жүр. Мен де теңімді тауып алайын деген ой жоқ, құдды бір екі өмір сүретіндей күйеу мәселесін кейінге ысырып тастаған. Бітімкүлге 25 жасқа дейін күйеуге тимек түгіл, ол жайында ойлауға рұхсат жоқ. Әке талабы солай. Өйткені екі әпкесі жиырмаға толар-толмаста күйеуге қашып кетіп, әкесінің аузын күйдірген. Бітімкүл болса — тәртіпті қыз.
«Алға, комсомол!» деп шапқылаудан жазар емес. Жыл сайын ауылға сөмкесін сүйретіп қайтып келеді. Қайтып келмеуіне де болар еді. Арқалап өсірген бауырларын іші-бауыры езіле сағынып, оларды көзімен көргенше жаны тыншымайды. Әйтпесе, елдің қыздарына ұқсап құрылыс комбинатына не тоқыма фабрикасына жұмысқа кіріп, Алматыда жүрер еді. Алғашқы жылы оқудан құлап қалғанда, елден бұрын өзі қатты қуанды. Ауылға жеткенше асықты. Айтқандай-ақ, өзінен кейінгі еркекшора боп өсіп келе жатқан сіңлісі аяғын оңдырмай күйдіріп алыпты, қазан-ошаққа жоламаған қасқа ғой. Бітімкүл айына бір әктеп қоятын жаздық асүйдің қабырғасына шыбынды сапалақпен ұрып өлтіре беріпті. Құдды шыбынның суреті салынған тұсқағаз сияқты. Ұлдардың өкшесі тілім-тілім. Анасының қонақ күтуден қолы босамайды. Әкесі «Қызым аман келді» деп, қой сойғызып, көрші-көлемді шақырып мәз. Көршілер де: «Әй, Бітіштің келгені көрініп тұр, үйлеріңе пәрәдік орнап қапты» деп жатыр. Бітіш соған ырза. Егер оқу деген асқар таудай арманы болмаса, бауырларының жолында өлгісі бар.
Тек соңғы кезде тұмсығы тасқа тие берген соң, оқуға келгенде ешкімнің ақылына құлақ аспауға бекінген сыңайлы.
«Ең болмаса даярлық курсына түсейін» деп, комсомол жастар шопандар бригадасына сұранды. Кеңшарда есепші болып қызмет жасайтын әкесінің ыңғай бермегеніне қарамады. Жас шопандар ауылынан бір-ақ шықты. Сыбағасы суып бара жатқандай асығып жеткен Бітіштің көңілі су сепкендей болды. Жарнамасы жақсы болғанымен, жас шопандар өмірінің де кісі қызығатын жері жоқ екен. Тезек теріп, от жағып, інісі құралыптас ұлдарға тамақ асты. Ертелі-кеш 12 ұлға күлді-көмеш болып жүріп, табаға нан көмеді. Көктемнің қара суығында екі рет өкпесіне суық тиіп, ауруханаға жатып шықты. Не құдайдың зоры келгенін қайдам, сонда да жаз шыққанша шыдап бақты. Көктемнің қара суық желі қақтаған Бітімкүлдің бет-жүзі қазанның түбіндей қап-қара. Әкесі «Түбінде Нәйлә Базановадай мықты болады» деген қызының мына сықпытын көріп шошиын деді. «Пара бермеймін» деп жүрген әділдікті сүйетін әкесі амалсыз райынан қайтып, сасқанынан параны кімге қалай берудің жолдарын қарастыра бастады. Таныстарымен сөйлесіп көрді. Көп құдасының бірі бұл мәселеге келгенде алдына қара салмайды екен. Сол құдасының кеңесімен биыл Бітімкүлді тағы да Алматыға жіберетін болды. 3 мың сом пара беріп, әйтеуір бір институтқа түсіретін етіп шешіп қойды.
Оқуға өз біліміммен түсем деп еліріп жүрген Бітімкүлдің де мысы басылып, әкесінің айтқанына көнбеске лажы қалмады. «Журналист болам» деп жүрген Бітімкүлдің аяқ астынан мұғалім болып кететін түрі бар.
«Жазған құлда шаршау бар ма», әкесі берген бір бума ақшаны шұлықтың ішіне тығып, шабаданына жайғастырды да, «Алматы, қайдасың?» деп тартты. Өзінен бір-екі-ақ жас үлкендігі бар, институтты бітіргелі жатқан әпкесі қолына 3 мың сом тигесін бір орында байыз тауып отыра алмады, ақшаны қайта-қайта санап шықты. Өзінше әлденені жоспарлап отырған сыңайлы. Ол кезде 3 мың сомға Алматының қақ ортасынан үй сатып алуға болады. Әпкесі 500 сомды бір-ақ күнде ада қылды. Сонда айтатын уәжі: «Өй, ол институтқа түсу үшін 3 мың көп қой, 1500 сом да жарайды. Сенің ақшаңның арқасында мен де өз мәселелерімді шешіп алайын. Бірақ оны ауылдағылар сезіп қалмасын, тісіңнен шығарма!», — деп Бітімгүлге қатаң ескертті. Әуелі қасындағы құрбысы екеуі жатақхана комендантына 250 сомнан пара беріп, қалаға тіркеліп алды. Қаланың қыздарының ойлап таппайтындары жоқ сияқты. Екінші бір құрбысын жігіті алмай кетіпті, жағдайы қиын, оған көмектеспей болмайтын көрінеді. Оған көп сұрапты. Бітімкүл оның не екенін білмейді, байғұс қызды аяп әлек. Әйтеуір Бітімкүл ауылдан келмегенде дүниені топан су қаптағалы тұр екен, құдай оңдап, талай шаруа орнына келген сияқты. Тек Бітімкүлдің өз шаруасының басы ашылған жоқ.
Ақшаның тең жартысының басына су құйған апасы әлгі оқуға түсіретін ағаймен бір жерде кездесетінін айтып, Бітімкүлді ертіп шықты.
Ауылдан келген ару адам танымастай өзгерген. Аяғында тағалаған аттай ағаштан жонылған, биіктігі 30 сантиметрдей «платформа», үстінде қызыл күрең қолдан тігілген көйлегі бар, тірсегіне түскен бұрымын әпкесі шаштаразға апарып қып-қысқа етіп қидырып, химиямен қозы бұйра жасатып берген, Бітімкүл айнаға қарап еді, өзін-өзі танымайды, америкалық Анджела Девис сияқты ма-ау. Бірақ әпкесінің айтқаны оған заң. Әкесі әпкесіне маржандай жазуымен хат жазып берген, қысқаша мазмұны мынадай: Бітімкүлдің шұлыққа тыққан үш мың сомы бар. Соны өздерінің елінен шыққан, бір атақты оқу орнында доцент болып істейтін ағайға жеткізіп берсе, сол кісі бір институттың тарих факультетіне түсіреді. Бір ауданның балаларын шетінен жоғары оқуға түсіріп жүрген, қолынан келмейтіні жоқ мықты көрінеді.
Әспеттеп жүрген кісілерін де кезіктірді. Төбесі жалтыраған, орақ аяқ бір ағай екен. Ағаш аяқ, дудар бас, қазанның түбіндей қап-қара Бітімкүлдің түріне қарап: «От, қазақ дает!» деп қояды. Кісі ғұрлы көретін емес. Ал әпкесіне көзін қадап, қолына түссе, жұтып қойғалы тұр. Бітімкүлге сонысы ұнамады. Екеуі бір жерде кездесетін болып келісті.
Ертесіне доцент ағайға кеткен әпкесі екі өкпесін қолына алып, алқынып жетті. «Мына кісінің ойы жаман екен, қорқайын дедім. Ақшасын үстөлінің үстіне тастап кеттім. Қой, құрсын, оқуға түспей кетсең де, енді жоламағаным сол кісі болсын!» — деді. Әпкесінің аман оралғанына қуанған Бітімкүл ар жағын қазбалап сұрауға бата алмады. Әйтеуір ағасының арам ойының барын сезіп қалған. Әпкесі телефон арқылы әкесіне: «Айтқаныңызды орындадық. Бітімкүл оқуға түсетін болды» деп хабарлап қойды.
Жалтыр бас жерлес ағалары жерге қаратып кетті, ақшаны қағып алып, үйіне қанша телефон шалса да, ұстатпай-ақ қойды. Екі қыздың жандары мұрындарының ұшына келді. Бітіш емтихандардан әупірімдеп өтіп еді, конкурсқа келгенде тағы оңбай құлады. «Өлгенін қойшы, жоқтауын айтсаңшы» деген екен екінші күйеуі де о дүниелік болып кеткен бір келіншек. Сол айтпақшы, бұл жолы Бітімкүлге оқудан құлағаны да, 3 мың сомның желге ұшқаны да батқан жоқ, тек ана орақ аяқ ағайдың зәбірі өтіп кетті. Сырттай оқу да бұйыра қоймады. Құдай өлтірсін бе, сол жылы күзде ақыры ҚазМУ-дың даярлық курсына ілініп, тыныш тапты.
Бес-алты жылда баяғы қап-қара тығыншықтай Бітімкүл адам танымастай өзгерді, бойы таралып, талдырмаш қана, көзі жәудіреген бидай өңді сұлуға айналды. Баяғы аңқаулықтан, жасықтықтан арылды. Жасынан жұрттың алдында сықақ, өлең оқып үйренген Бітіш енді қатарларының арасында айтулы асаба болып жүрді. Ауылдас бір қыздың тойы «Арман» кафесінде өтіп жатты. Сықақ оқып, жұртты ду күлдіріп, секіріп билеп жүрген Бітімкүлдің жанына ептеп қызып алған бір сылқым жеңгей келіп: «Ойпырмай, Ойшұңқыр ауылынан да еті тірі, өнерлі қыз шығады екен-ау, ағаң өңшең аузынан сөзі түскен бір қыздарды әкеп таныстыратын еді», — дегенінше болған жоқ, «Раечка, где ты пропадаешь?» — деп, іле күйеуі де жетіп келді… Бітімкүл бірден таныды. Баяғы орақ аяқ, жалтыр бас ағасы екен. Жеңгей:
—Алик, почему ты не знаешь эту красавицу, оказывается она твоя землячка,— деп еді.
—Откуда мне ее знать, первый раз вижу, — деп, төбеден түскендей боп тұрған ағасына Бітімкүл:
—Зато, я вас хорошо знаю. Вы разве не помните, историю про полторы тысячи рублей, — деп қойып қалды.
Ағасы бетіне бажырайып бір қарады да:
—От, қазақ дает! — деді. Сосын әлдене деуге оқталған жеңгейді қолтығынан сүйреп, алды-артына қарамай зытты. Ағасының байғұс қалпына қарап тұрып: «Ақшамды қайтар!» деп соңынан тұра қусам қызық болар еді-ау, ә!» деп ойлаған Бітімкүл өзінен өзі күліп жіберді. Сол-ақ екен, Бітіш ағасында кеткен ақысы қайтқандай жадырап сала берді.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА,
Ақтөбе қаласы.