15 сәуір - Ғашықтар күні. Ақын Маржан Ершуды бүгінгі туған күнімен және Халықаралық Алаш сыйлығы иегері атануымен құттықтай отырып, «Махаббат» атты сатирасын оқырмандар назарына ұсынамыз.
Махаббат
Махаббат деген сөз қандай тәтті! Бәріміз жақсы көреміз.Тәтті-ақ. Балмұздақ сияқты. Махаббат тәтті бірақ кейде мұздай-ақ. Осы күні «тест» деген сөз мода болды. Махаббатқа тест жасауға бола ма? Мәселен, қыз бен жігіт кездесіп, ғашық болды дейік. Қос ғашықтың сезімдерін оймен саралап көрсек. Махаббаттың бірінші сатысы лирика, анығырақ айтқанда лирикалық көңіл-күйден басталады. Алып-ұшқан ақпа-төкпе сезімдер жерден сая таба алмай көкке ұшады. Бұдан соң «енді не болып кетеді?» деген қорқыныш пен күмән оларды амалсыз жерге түсіреді. Бұл – байыпты, салмақты прозалық көңіл-күйдің қан-тамырға тарай бастаған шағы. «Поэзия – аса биік зат. Тебе білмейтіндер жұртқа күлкі болмау үшін допқа жоламайды» деп күлкінің атасы Горации айтпақшы, олар енді шындап іштей ойлана бастайды. «Менің сезіміме иелік ететіндей ол кім сонша?» деген эгоистік сезім бас көтеріп, олар бір бірінен алыс қашықтықта жүреді. Бұл кезде ғашықтық көңіл-күй драмаға ауысады. Іштей қайнаған, пісіп-жетілген психологиялық шиеленістер тым күрделеніп кетеді. Олар сөзбен емес, көзбен атысып тұрады.
– Сен мені тыңдайсың ба, әлде мен сені тыңдаймын ба? Кім еркек?
– Бетіңді мына сояудай тырнақтарыммен осып алайын ба осы?!
– Жаныңнан таспа тілер ме еді, шіркін?!
– Сенің айтқаныңа көніп айдағаныңа жүретін қой емеспін. Біліп қой!
– Мойындағаныңа рахмет! Сен әрине қой емессің, ешкісің!
– Өзің ешкісің! Жыным келеді саған.
– Менің де сені ұнатып тұрғаным шамалы. Бұдан соң олар асыңқы, асқақ әрекеттерге қол созып, фантастикалық көңіл-күй шекарасына өтеді. Қанда махабббаттың ыза-мұң гармондары тасығаны соншалық таң қаларлық фантазиялық ғажайыптар жасауды армандайды. «Қап, бәлем! Сенің щалқаңнан түсіретіндей бірдеме ойлап тапсам ғой» деп тістенеді. Бұл процесс екі жақта да мида үздіксіз жүріп жатқандықтан бар ауыртпалықты жүрек көтереді. Кейде көтере алмай қалады. «Мынау неге үнсіз қалды? Осының ойы басқаға ауып кеткен жоқ па екен?» деген дәдәмал ой шыдатпайды.
Бұл кезде жалынышты жек көретін асау көңілдің параметрі сатираға, ащы мысқыл сарказмнің сатысына бір-ақ қарғиды. Жігіт мерекелік сыйлық жіберді. «Мерекеңмен жаным! Жалтылдаған мына алтын сырға-құлағыңа. Мына бір крем шетелдікі. Өкшенің кремі». Жауап жолданады: «Алтын сырға құлағыма жақты-ау. Ал өкше кремі ғажап екен! Қиын болмаса тағы 10 данасын сыйлашы. Табанымды жылтыратып майлап алып, небір алтын бастарды пытырлатып басып шықсам деп едім». Сатира біртүрлі қызық жанр. Күлдіреді әрі ойландырады. Сезімдер сабасына түсіп, Ақыл есейіп қалады. Бұл кездегі көңіл күй афоризмге тоқтайды. Жігіт : «Әлемдегі ең әдемі тіл – сенің тілің», – деп жымияды. Қыз: «Әлем сенің жүрегіңдей әдемі», – деп күлімсірейді.
Махаббаттың ең соңғы сатысы – кәдімгі он бір буынды, төрт тармақты қара өлең сияқты. Қара жердей салмақты, теңіздей тұңғиық, таудай биік, бәйтеректей саялы сезімдер қара өлеңге келіп тоғысады. Қара өлеңде прозаның да элементтері бар . Ұйқас та бар. Мағына-мән де бар. Үйлесімділік те бар. Мәселе деген, Махаббат деген – қос жүректің іштей де, сырттай да үйлесіп, ұйқасуында тұрған жоқ па өзі?.
Р.S. Бұл сезім күйлерін басыңыздан кешірсеңіз онда Сіздің ғажап болғандығыңыз. Бес саусақ бірдей емес. Адамдар бар түрлі-түрлі. Кейбіреулер лириканы ұнатады. Ал біреулері проза нүктесінде өмірбақи тұрақтап қалады. «Драмамен» достасқандар да өмір кешіп жатыр. Сатира ауылына соқпақ салғандар да жетерлік. Қара өлеңнің қасиетін білгендер де бар. Сондықтан да тест деген барлық пенделердің болмыс - бітімін толық ашады деп болжау қиын-ақ.