("Құрақ көрпе". Қайрат Жәйірбек)
МӘСЕЛЕ
Басекең мінбеде тұрып, үлкен бір Мәселе қозғады. Мәселенің маңыздылығы сонша, естіген жұрт «не деген көрегендік!» деп, ауыздарын ашып тамсанды. Басекеңнің айналасындағылар Мәселені қолды-аяққа тұрғызбай талқылап, кезек-кезек жиналыс өткізіп, Мәселенің мән-жайын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру үшін көмекшілерін жан-жаққа аттандырды. Жер-жерлерде бұл Мәселе жайында салиқалы сөздер айтылып, ел ақсақалдары осындай Мәселе көтеруге басы жеткен Басекең неткен көреген деген таңданыстарын жасыра алмай, ақ батасын үйіп-төкті.
Мәселе жайында бағыт-бағдары тек бастықтардың өзіне аян көлдей бір бағдарлама жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдары оны егжей-тегжейлі талқылап, газет-журналдарда көлдей-көлдей мақалалар басылды. Телеарналар мен радиолар тек осы Мәселе төңірегінде түрлі-түрлі су жаңа бағдарламалар ашты.
Хо-ош, сонымен кезек күттірмес маңызды Мәселенің іс жүзіне енетін кезі де туды-ау ақыры. Бұйрықтарды сан-алуан түрлері қабылданып, Мәселе орынбасарлардың қарауына ұсынылып, орынбасарлар бөлім бастықтарына, бөлім бастықтары аймақтық басшыларға жөнелтті. Бірақ аймақтық басшылар бұл Мәселені қайта Жоғарыға жіберіп, олардың мақұлдауын күтті.
Мәселе қайта Жоғарыға жол тартты. Жоғары Мәселені қарап-карап, мұның аймақтық басшылардың қарауынан аспайтын қарапайым Мәселе екеніне көз жеткізді. Дегенмен, аймақтық басшыларға қайта жөнелтілген Мәселені облыс басшысы мақұлдауы керек екен. Облыс басшысы болса аймақтық басшылардың растауынсыз мақұлдауға рұхсат бере алмайды екен.
Кезек күттірмес Мәселе осылай ары-бері көп сандалды.
Иә-ә, Мәселе шынында маңызды-ақ болатын. Бірақ басекеңдер әне-міне деп сағыздай созып жүргенде орындалу мерзімі бітіп, маңыздылығын жойды да, басқа, одан да өзекті Мәселе алғашқының орнын алмастырды.
ЖАҢЫЛТПАШТАР
Сәкең Бәкеңді ағалап,
Жалбақтайды жағалап.
Сәкеңе Бәкең бағалы-ақ.
Бәкеңе бұл жағады-ақ.
***
Пара берсем Есенге,
Жоғарылап, өсем бе?
Өсем бе, әлде өшем бе?
***
Табысын үйге тасыды,
Тасыды, миы ашыды.
Әйелі тоймай тасынды:
«Қалғанын қайда жасырдың?»
Деп әбден құтын қашырды.
***
Ақшаңды сайла,
Бастықты майла.
Асырып айла
Көңілді жайла.
***
Басекеңді жақтадым,
Мақтадым.
Сонда да жақпадым.
Бабын тіпті таппадым.
***
Бәкең бәрін бүлдіреді,
Бүлдіретінін кім біледі.
Білсе – орынбасары бір біледі.
***
Басекең орынынан жай құлдилар,
Былықтырған ісіне сай құлдилар.
***
Біреу біреуден дәмелі –
Күтеді сый-кәдені.
Дәмелінің көңілін кәде жұбата ма?
Кәдені әркім-ақ ұнатады, ә!
***
Көкеме келеке керек пе,
Береке керек пе?
***
Көкем қарпып қалды,
Қарпудан артық қалды.
Артығын тағы біреу артып алды.
***
Шенеунік жеп-жеп, шырайланды,
Шырайлы шенеунікті
Өзгелер шыр айналды.
***
Басекең бір іс бастады:
Бастады да, тастады.
***
Төкең Бөкеңді терістейді,
Бөкең Төкеңе беріспейді.
Ал Көкем екеуімен де келіспейді.
***
Басекеңнің басынан Тақ тайды,
Тақпен бірге бақ тайды.
Бақ пен тақ тайған соң
Басекеңді кім мақтайды?
Кім жақтайды?
Тек даттайды, даттайды.
***
Алаған қолдар бар,
Береген қолдар бар.
Алаған қолда – доллар бар.
«Берегенде» жоқ долларлар.
Долларды табатын жолдар бар.
***
Сөйлегенде «ағашка»,
Тайталаспа, жақ ашпа.
«Ағашканың» алдында
Абыройды «таза ұста»!
МАҒЫНАСЫ МАЙЫСҚАН МАҚАЛДАР
***
Парақордың баласы теңгеден көзін алмайды.
***
Қазынадан ұрлаған қаржы сұрамас.
***
Таққа отырсаң таба біл,
Жыртығыңды жаба біл.
***
Алмасаң азапқа қаларсың.
***
Талаптыдан теңге артық.
***
Пара – оңай пұл болар,
Пара алмаған құл болар.
***
Бастық болсаң басынарсың,
Өсе беруге асығарсың.
***
Қазынадан қымқырғанның қарны ашпайды.
***
Жемқорды құлқыны асырар.
***
Жемқордан – үйрен,
Жей алмайтыннан – жирен.
***
Қуды қулығы құтқарар.
***
Бастық жоқта орынбасары басынар.
***
Параның дәмін татарсың,
Қызығына батарсың.
***
Бастықтың сырын білмесең
Емін-еркін жүрмес ең.
***
Опыра жеген орнын табар.
***
Қазынадан қымқырып көрмеген
«Тоқшылықтың» рахатын білмейді.
***
Лауазымыңнан не пайда,
Пайдасын білмесең.
Қулығыңнан не пайда,
Айласын білмесең.
***
Жарыместің қолынан жеу де келмейді.
***
Адал – пайдаға кенелмес,
Жемқормен терезесі теңелмес.
***
Дөкейдің сөзі дуалы.
***
Жемқорға жала жұқпас.
***
Үндемеген – жетеді,
Үн шығарған – «кетеді».
***
Құлқынын тойдырмасаң – құлағы естімейді.
***
«Адалмын» дейді,
Опырып жейді.
***
Болбыр бастық бордай тозар.
***
Екі шенеунік шекіссе – елдің соры.
***
Алаған қолдың амалы көп.