ҚАНАҒАТ ӘБІЛҚАЙЫР. ҚАЗІР САТИРАДА ЕШ ҚАДІР, ЕШ ПӘРМЕН ҚАЛҒАН ЖОҚ...

- Қазір әңгіме басталса «қазақ әдебиетінде сатира кенжелеп қалған жанр» деп бастайтын болды мықтылар. Қазір біз сатираны дамымай қалды деуге хақымыз жоқ қой. Сатира оқырманға қандай ой салады?

- Сатираның кенжелеп қалғаны рас. Оған, меніңше, нақты бірнеше себеп бар. Біріншіден, қазір сатирада еш қадір, еш пәрмен қалған жоқ. Жазылған дүние, жарияланған шығарма оқырманның айызын қандырғанымен, қоғамға қозғау сала алмаған дәрменсіз қалпында газет-журнал немесе кітап бетінде қала береді. Ал, Ғабит Мүсіреповтер бастап қолға алған, екі тілде шығып тұрған «Ара» журналын және сол кездердегі әр басылымда жарияланған сатиралық беттерді мысалға алайық. Жария көрген әр фельетон, памфлеттерде нысанаға іліккен лауазымды тұлғалар сол сәтінде тексеруге ілігіп, істің ақ-қарасы дереу анықталып жататын. Яғни, сатириктердің атқан оғы далаға кетпейтін, көтерген мәселесі аяқсыз қалмайтын. Ол тұста бұл бақыт сатириктердің ғана басында емес еді, қалам ұстаған әр журналист әкім-қарадан қадірлі болатын. Бұл өткенді аңсау емес, қадірі кеткен жанрдың абыройын жоқтау деп түсінерсің. Енді екінші себеп, сатира жанры өзге жанрлар ішінде де жетімнің күйін кешіп отыр. Мәселен, жер-жерде күніге болмаса да мүшәйралар өтіп жатады. Проза мен драмаға да ішінара көңіл бөліп жатады. Ал, сатира байқауы, сатира жиыны, осы жанрдың жәй-күйі соңғы рет қашан сөз болғаны белгісіз. Одақтағы жыл қортындысында да баяндама жасаған қаламдасымыз осы мәселені көтерді. Үшінші себеп, қазір расымен-ақ сатира өте аз. Сөзді қисайтуды сатира деп ұғатындар, елді жалықтырған ескі сарынмен жазатындар, отбасы-ошақ қасындағы әңгімені сатираға телитіндер көп. Заман өзгерген, көтерген проблемаңды беру тәсілі де баяғыда өзгеріп кетті. Соны көбіміз түсінгіміз келмейді немесе өре жетпейді. Мүмкін, жоғарғы екі себептің тууына да осы соңғы себептің өзі себеп болған шығар. 

 

- Жазушының шеберлігі дегеннен гөрі сол қоғамның керітартпалығы жазушыға жазатын шығарма тауып берді деуге бола ма? Ал біздің қоғамның құйтырқылығын әдебиетімізде кімдер шебер суреттеп жүр?

- Жазам деген адамға тақырып көп қой. Тек, соны қалай бересің, оқырман оны қалай қабылдайды? Мәселен, кез келген қоғамда сатираға азық болатын дүние табылады. Бірақ, жазушы шебер болмаса, соны тап басып көріп, ел сүйінетіндей жаза алмаса, бәрі бекер. Яғни, қоғамның керітартпалығы керемет шығарма тауып бере алмайды. Шебер жазушы соны көріп, «теп-тегіс, жұмыр етіп» ұсына алады. Ал, осы қоғамды шебер суреттеген қаламгер деп Тұрсынжан Шапайды айтар едім. Кез келген туындысын оқысаң, осы заман, біз өмір сүріп жатқан қоғам айна-қатесіз көз алдыңызға келе қалады. Еріксіз күлесіз, келісесіз, мойындайсыз, айызыңыз қанады және оқып отырып осынша бейшара хәлге түскен еліңізге, өзіңізге жаныңыз ашиды, күйінесіз...

 

- «Ергежейлілер мен мешкейлер елінде» жазушы мен ақын да ергежейлі мешкейге айналмай ма? Мен осыдан қауіптенемін...

- 1951 жылы Нобель сыйлығын алған швед жазушысы Пер Лагерквистің «Ергежейлі» атты романы туралы, шығармада қозғалған ойдың дәл қазіргі біздің қоғамға ұқсастығын белгілі сыншы Амангелді Кеңшілік өте жақсы қозғады. Расымен-ақ, ергежейлілер еліне айналып бара жатырмыз. Басшы да, қосшы да, үлкен де, кіші де тоғышарға айналдық. Әлдекім бас көтерсе жанайқайына селт етпейтін болдық. Біреу көңілге қонатын сөз айтса да «Бұл оны қандай оймен айтып отыр?», «Артында кім тұр?» деген сенімсіздік тұратын болды көкейде. Міне, күні кеше ғана әлеуметтік жағдайы төмендеп кеткен қара халық өз құқығын талап етіп алаңға шығып еді, оның өзін ұлтының тыныштығы мен амандығын ойламайтын біреулер өз пайдасына шешкісі келді. Яғни, ешкім ешкімге сенбейтін, қолдан келгенше алып қалуға тырысатын, ертеңгі күніне күмәнмен қарайтын қоғам қалыпастырдық. Бұл жақсы емес, бұл осы отыз жылда өзімізді өзіміз басқарып отырмыз дегенде жеткен «табысымыз», «жетістігіміз». Ақын, жазушы да қолында ештеңесі жоқ сол қоғамның бір мүшесі.

 

- Адамзатпен бірге тірі қалатын құндылықтарды айтып бере аласыз ба? Алайда біз көптеген құндылықты өлтіріп алғанымызға қарамастан...

- Меніңше, адамзатпен бірге жасайтын құндылық – махаббат. Махаббат болғанда ғана адалдық, сұлулық, тыныштық, әдебиет, өнер болады.

 

- Суицид, кісі өлтіру, атып кету, қылмыс пен ұры-қарлық қаптаған қоғамымызға әдебиет үн қата ала ма?

- Әрине үн қатады. Бұдан да өткен сұрқия замандарда, қанды соғыстарда, тіпті, халықтың басым бөлігі сауатсыз кезде де әдебиет, өнер бар болды, үн қатты. Әдебиет пен өнер қатқан үн арқылы қоғам ізгілікке, жақсылыққа, жарыққа ұмтылды. Надандықтан, адамзатқа қауіп төндіретін ниеттерден айныды. Өкінішке қарай, қазір әдебиет пен өнердің бәсі сәл төмен болып тұр. Бірақ, ол уақытша ғана үзіліс. Азғындаған қоғам белгілі бір шегіне жеткенде қайтадан рухани азыққа шөлдейді, қажет етеді, оралады.

 

- Руханият адамзатты кесапаттан, ашкөздік пен көрсеқызарлықтан, іштарлықтан құтқаратыны сөзсіз. Бірақ руханиятқа мойын бұрмайтын адамның көп болуы нені білдіреді?

- Ол кез келген қоғамның шектен шыққанын білдіреді. «Сананы тұрмыс билейді» дейді ғой, сол сияқты, қоғам азғындағанда халық руханиятқа емес, нан табуға бас бұрады. Біздің қазіргі хәліміз сондай. Егер әділ патша келіп, елде әділдік орнаса, хан мен қара тең болса, руханият қайтадан салтанат құрады.

 

- Көптеген жазушылар, ақындар, философтар халықты тобыр деп сипаттауға бейім тұрады. Алайда адамдық әлі күнге тірі келеді. Мейлі аз болса да, жалпы адамзаттың бара жатқан бағыты жайлы не айтасыз?

- Ешкім өзін халықтан үлкен көрмеуі керек. «Халық - тобыр» деген де белгілі дәрежеде шындық емес. «Халық қаласа хан түйесін сояды» дегенге күні кеше ғана куә болдық. Сондықтан, бұқараны басыну, менсінбеу жақсылыққа апармайтынын әркім білуі тиіс.

 

- Индустриялы революция адамды руханияттан алыстатып жіберді. Жұмыс 10-12 сағатқа созылды. Ел дамуын тек қана экономикамен байланыстыру қаншалықты дұрыс?

- Ол заман талабы ғой. Экономикасы мықты ел – ең қауқарлы ел. Экономика дамығанда ғана ел әлеуеті, әдебиеті, өнері дамиды. Шын басшы экономика мен руханиятты қатар алып жүре алады. Сонда ғана бірі қоғамның өзегіне қан жүгіртсе, бірі адамға рухани азық сыйлайды.

 

- Сіздің әңгімелеріңіздегі кейіпкерлер өкінішке қарай әлі бар, әлі тірі, әлі өмір сүріп, ұрлық-қарлығын жалғастыра бермек. Сіздің кейіпкерлер қашан «өледі», әңгімелеріңіздегі образдар қашан пайдаға аспай қалады? Әлде мәңгілік бейнелер ме?

- Осыны өзім де тілеймін. Өкінішке қарай, ол әзірге мүмкін болмай тұр. Тәуелсіздіктің отыз жылында әділетті қоғам құра алмадық.

 

- Әзілдің астарында салмақты да ауыр дүниелер жатады. Бірақ біздің арналардағы «әзіл әлемі», тағы да басқа жобаларда әжуа қылу арқылы астарлау неге жоқ? Беті бар да, асты жоқ әзілдер.

- Оспанхан ағалар қалам ұстаған кездер, Мейірман, Құдайберген, Уайыс, Тоқсын ағалар, Лидия апалар дүркіреткен «Тамаша» өлді. Әзіл-қалжыңнан қадір қашты. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте бермейік, өзім «Өнер қырандарын» ұнатып көрем. Шеберліктері, талғамдары жақсы. Сан сапаға жеткізеді, жастар арасынан әлі де таланттар шығады ғой.

 

- Жас жазушыларға тілегіңіз.

- Шынайы жазса, қалам мен қағазға адал болса, арзан атақ қумаса екен!

 

Әңгімелескен

Әлихан Жақсылық