* * *
18 мың ғаламшар,
Жерде – Мекке,
Көкте – Аршы.
Барлық істің бастауында бір Құдай
Бір құдайды тани алсын кім бұлай?
Төбем көкті тірер шақта мұң артып,
Бас сауғалап кеткенім не, құрғыр-ай?
18 мың ғаламшар,
Жүректе лаң,
Толқыныс.
Зәрең кетсе зәр түбіне қорқыныш.
Жауабы жоқ, сұрағы көп өмірден
Сұрағының жауабы бар көр тыныш.
18 мың ғаламшар,
Түсінсіксіз бір әлем.
Өз дертімен арпалысқан ақындар
Ақындарша Тәңірге айтар датым бар:
Сәби көңіл жүрегімді бер маған,
Сол жүрегім дүрсіл қақсын сәтімде әр.
18 мың ғаламшар,
Өр басымда қан сасыған күнәм бар.
Тәңіріме тағзым етпей,
Не етейін,
Кетпес бұрын парызымды өтейін,
Мен өлеңнен кейін келдім өмірге,
Мен өлеңнен бұрын өліп кетейін.
18 мың ғаламда,
Тұғыр іздеп сенделмедім төрден мен.
Өлең мәңгі, менің тәнім өлгенмен
Сәуле ғұмыр, сараңдығын танытса,
Суырып ал жүрегімді кеудемнен!
* * *
Қайғы-шерден туады назалы өлең
Дәрменінен айрылған қазалы ер ем.
Қара кеудем мәңгіге тоқтағанша
Сен жайлы жаза берем, жаза берем.
Бет-бейнең де ғажайып қалыпты, әсем
Сұлулықтың шарабын тағы ұртта, сен.
Өзің жайлы өлердей толғамасам,
Дүнияда ақын боп жарытпас ем.
Желбірейді сертімнің туы маған
Серттен тайсам, өлейін уына арам.
Мен бақытты күнімде қалам түгіл
Қара өлеңнің маңына жуымағам.
Құдайымның еселеп сыйы мыңнан,
Жолыңызда болайын жиі құрбан.
Қаршадай қара басым күйттелуге,
Мың тіріліп, мың өлу бұйырылған.
Ақынның щабыты өрен, жыры мұңды
Ұмытпасам болғаны ұлы күнді.
Өлең менің өмірім, мен өлеңсіз,
Елестете алмаймын ғұмырымды...
* * *
Шатпақ-шатпақ шимайланған шермендем,
Шермендемде сорым жатыр мың батпан.
О дүниеден не табасың өлгенмен,
Жұлдыз құсап жоқ боласың түнде аққан.
Менің тәнім - мүлкі шығар құдайдың,
Баз біреулер ие етеді тәркілеп.
Маған ғана еркелейді бұлай мұң
Маған ғана құмар осы әр түнек.
Тәңір бізге тарту еткен еркіндік
Еркіндікке шектеу қойған адамдар.
Қасіретімді жамау үшін бер түндік
Жүрегімде жазылмаған жарам бар.
Бәрі құдай бас-басына, мен бейбақ
Пенделігін сақтап қалған күнәһар.
Мендік көңіл жүрген шығар көрде ойнап
Мендік көңіл жазымышты ұнатар.
Тағдырыма төселсе де сан үзік,
Жаратқанның шапағынан кенде едім.
Қаламынан қара сия тамызып,
Табанынан тозып жүрген пендемін...
* * *
Тәңір жалғыз, аспан жалғыз, күн жалғыз
Таңғажайып күйге енеміз мұңнан біз.
Сол ғаламда жанарынан жас төгіп
Сол ғаламда жалғызсырап тұрған қыз.
Ғалам жалғыз, ай да жалғыз, жер жалғыз
Жалғыздықтың шырмауығын енді ал да, үз.
Ғұмырымның азап тұсы – сен жоқ кез,
Ғұмырымның ғажап тұсы – сен бар күз.
Өмір жалғыз, жүрегіңде ол жалғыз,
Қынабында сусылдаған қанжармыз.
Су түбінде шұғыласын жасырып,
Жер бетінде жарқыраған маржанбыз.
Сені көріп есім ауды, сенделдім
Жә, жә бір күн жүрегіңді емдермін.
Арашалап жалғыздықтың шерінен
Мұңнан алыс әкетуге мен келдім!