Қалай бастарымды да білмеймін...
Мен, қарапайым студентпін. Сабақтан тыс жұмыс жасаймын. Университет белсендісі емеспін. Бос уақытымды кітап оқумен өткіземін. Детективті сүйіп оқимын. Бәрі керемет, тек көңілім соңғы кездері көншімей жүр. Неге десеңіз, «бәрінде махаббат, ал менде сессия». Өмірдің мәні кеткендей, бірнәрсе жетіспей келеді. Міндетті түрде махаббат болуы шарт емес, әйтеуір есте мәңгі қаларлық қызықты оқиғаны басымнан кешіргім келеді. Иә, шытырман оқиғаларды бастан кешу үшін де өзіңнің ақылың да сәл есуастау болуы керек шығар, қайдан білейін. Бірақ, күндердің бір күнінде менің бұл тілегім орындалғандай. Мен оны көрдім де, түріктерше айтсам, «байылдым». Осы сәтті еш ұмытпаспын. Жүректің тез қағуы, көз қарашығының үлкеюі, шамадан тыс тердің бөлінуі, дем алудың жиілігі, әлбетте, ақымақ сияқты кітапхананың қақ ортасында темір бағандай қозғалмай қақиып тұру, иә, иә, дұрыс таптыңыз, ғашық болып қалу сәті. «Сендей қызды бұрын-бұрындары көргенмін, онда бұрын сені көргенмін». Рамазан осы өлеңді дәл менің ситуацияма арнап жазды-ау деймін. Бағыма орай, ол қыз менің достарымның танысы боп шықты, ішкі сенімсіздікпен күресімді жеңіп, танысу деген «тозақтың бірінші қақпасына» қарай қадам бастым.
Арада біраз уақыт өтті. Мен ол қызға іштей ғашықпын. Ол қыз мені кім деп санайтынын әлі де білмеймін. Жақсы адам деп есептесе ештеңе етпейді, тек дос болу, «азап». Жақсы көретін адаммен дос болу деген функцияны ми қай адамның даму дәуірінде шығарса, сол адамды достықта азапталып жүрген қаншама жүректің алдына шығарып, дарға асар едім...
Сөйтіп, не болды дейсіздер ғой, сонымен, бірінші сезім білдірмес бұрын, бауыр басқанын қалап, күлгеніне күлдім, ашуланғанына ашуландым, қысқасы, ғашық адамдардың істейтін «ақымақтығын» жасадым. Сыйлықтарды жиілетсем, бірдеңені сезіп қойып, араны алшақтатуы мүмкін дедім де, сағындырып жүріп әрекет жасадым.
Нартай Аралбай айтпақшы мәселе мынадай: кітапханаға келеміз деп уәделескен күні, ертерек келіп алдым да, кітап оқиын дедім, әйтпесе ол қыздың жанында отырып кітап оқу мүмкін емес, жүрек дүрсілдеп мазаны ала береді. Сөйтіп ол қыз да келген екен, баспалдақпен жоғарылап келе жатқанда, біреу үлкен бума гүл мен шоколад қорапшасын қолына ұстатып кетті. «О-х-о, енді басталды». Әрине, осындай әдемі қызды менің көздерім ғана көріп пе, бетімді кітапппен жаптым да, артынан аңдыдым. Кімнен келгені белгісіз болу керек, жан-жағына қарай берді. Ішінде бүктелген әдемі қағазды ашты да, оқыды, ұнатпаған сияқты. Мен ішімнен ырза болдым. «Кім екенін анықтау керек!..»
Өзіме сырттай ақымақ бір лақап ат қойып алдым: ғашық детектив. Қанша күлкілі естілсе де, шындық солай. Тергеу ісіне кіріспес бұрын, ми тағы да қорғаныс фунциясын қозғай бастады:
-Ал, егер қыз сол жігітті бұрыннан танитын шығар, қағазды ұнатпаған екен деп жігітті ұнатпайды деп шешім шығаруға болмайды ғой.
-Шыныменде ұнатпаса ше, тәуекел етуге болмайды ма?
-Өзің біл, детектив мырза, ертең жүрек екеуің келіп тағы мазамды аласыңдар, неге ақылымды қоспадым, ақылыма құлақ асуым керек еді ғой деп, «жылап» отырасыңдар. Айтшы, бұл маған керек пе?
-Мен сені өте жақсы түсінемін, бірақ маған ерекше драйв керек, әйтпесе өмірден мән кетіп барады. Мақұл, егер ол қыз маған «жоқ» десе, келесіде жүректі емес, сені тыңдауға уәде берем...
Миыммен мәмілеге келген соң, тергеу ісін бастадым.
Қызға телефон арқылы хабарласып, жанына бардым. Тергеу ісінің бірінші бөлімі «Гүл сыйлаған кім?» деп аталады. Қызбен біраз сөйлесе келе, артынан жүгірген екі жігіт бар екенін анықтадым. Ол жігттер бұған дейін де біраз сыйлық берген көрінеді. Мен ашуға беріле бастадым. Ал миым төбемнен түрткілеп қояды, «ойлан, ашуланба, гүлді кім сыйлағанын тап». Басқа кітапты алатынымды сылтауратып, орнымнан тұрдым да, оқу бөлімінен шықтым да, гүлді беріп кеткен жігітті тауып алдым.
-Бауырым, тоқташ.
-Иә, не болды.
-Жаңа бір қызға гүл бердің ғой, әдемі-ақ екен, қайдан алдың, өз қызыма да сондай сыйлайын деп едім...
-А-а, гүлді мен алмадым.
-Кім алған екен, қай жерден тапсырыс берген екен білейін деп едім.
-Қазір ол жігіт кітапханаға келеді. Аты – Самат. Нөмірін беріп кете салайын, өзім асығыс едім, міне.
«Қа-а-ап. Оның мұнда келетіні маған еш пайда әкелмейді. Ол жігіт қызға барып, өз сезімін білдірсе қайтем?»
Рахметімді айтып, төбеге келе жатып, әлгі жігіттің сақталған нөмірі арқылы месенджерден суретін тауып алдым. Ұзын бойлы, сымбатты жігіт-ақ. «Ми, не айтасың?». Ми әп-сәтте бір жоспармен бөлісті. Ол қызды жігіт келгенге дейін басқа жаққа алып кетуім керек.
-Зарина, оқитын сабағың көп пе еді?
-Не болды?
-Жай, ештеңе, шай ішіп келсек қайтеді дегенім ғой.
-А-а, шай ішіп келуге болады.
«Әп-бәрекелді-і». Жоспар жүзеге асты. Бірінші миссия сәтті орындалды. Екіншіге көшу керек. Әттең, Макс Шульманның әңгімесіндегідей мен де ақылды болсам ғой. Бірақ, ол жігіт те жарытып ештеңе істей алмады, ақыры ұнатқан қызы досына кетіп қалды, ех, өмір-ай.
Екінші бөлім «қыздың жігітке деген ықыласы бар ма?» деп аталады. Әңгімеге тартып, ол жігіт жайлы сұрастыра бастадым. Суретін көрсеттім, «мына жігіт кеше дәлізде ақша түсіріп алыпты, апайлар іздестіріп жүр» дедім. Қыз болса, танитындығын айтып, мырс етті. Мен байқаусыздан жымиып қалыппын. Қыз бұны көріп, «неге күлдің» деп мазамды ала берді. Әрең дегенде құтылдым. Бұндай қауіпті эмоцияларды шығаруға болмайды. Тергеу ісіне кедергі болады. Ол туралы не ойлайтындығын сұрадым, «ештеңе» деді. Бұл сөздің теріс жақтан басқа, бейтарап мағынасының бар екенін ұмытып кеткенім, уақытша жеңіске масайғаным, ертең қандай азап әкелетінін білсем-ші...
Екінші бөлім де сәтті аяқталды. Үшінші бөлімді ертеңге қалдырармын.
Ертең де келіп жетті. Бүгін үшінші қадаммен тергеу ісін аяқтап, жұмбақтың жауабын шешуім керек. Кітапханаға келдім де, алыстан Заринаны көрдім. Қуанышты күлкісі анадайдан естіледі. Жанына білдіртпей жақындайын деп келе жатыр едім, жиһаздың бір шетінде отырған Саматты көріп қалдым. «Оппоно». Кілт тоқтадым да, артқа бұрылып кете бердім. Мидан көмек сұрайын десем, оның жауабы белгілі «ҚАШУ». Жүрек ше?
-Жүрек, не дейсің?
-Мені тыңда, Рахат. Сен қазір ештеңе көрмегендей кетіп қалатын болсаң, өкінетін боласың. Дұрысы, жанына бар, өзіңді көрсетуден қорықпа, сөйлес, көңілін өзің жаққа аудара бер. Сен де әзілде. Жалпы айтқанда, күрес.
Ай, менің жүрегім-ай. «Тергеудің үшінші бөлімін не істеймін?»
Тергеудің үшінші бөлімі «ұнатасың ба?» деп аталған еді. Бұл сұрақтың алдында «мені» деген сөз бар-тұғын. Енді бұл сөз «оны» дегенге айналды. Сырттай бақыладым. Ықылас білінетін сияқты. Жүректің айтуынша, «кеше ол жайлы ештеңе ойламаймын деп еді ғой, әлі де үміт бар» деп қояды. Ақыл болса, аргументке сүйенеді.
-Сен біттің жігітім.
-Неге?
-Қыздың жігітке деген ықыласы бар. Шашын қайта-қайта жөндей бергені, ернін жай ғана тістеуі, бар ынтасымен қарсыласыңның айтқан әңгімесін тыңдауы, шектен тыс күлуі, тіпті, күлкілі емес қалжыңға да жымиюы жүректің үміт бар деген сөзінің парша-паршасын шығарады.
Жүрек мені тыңда дейді, ақыл болса мені тыңда дейді. Кейбір ақылдылар Абайды оқымайсың ба дейтін шығар, мен болсам, жай ғана ғашық болғым келді. Екеуін де тыңдамай кітапхандан шығып кете бердім. Кімдікі дұрыс екендігін білмеймін, жүрек пе, ақыл ма?
Сіз қалай ойлайсыз?