179

Самал ЗІКІРИЯҚЫЗЫ. ҚАЛАЛЫҚ БАЛА


ДАЛАЛЫҚ БАЛА

Саф ауа жершарының көкірегін керіп, күн нұры күллі әлемді аялай атқан таң. Әдеттегі таң іспетті болғанымен, дәл осы күннен өмірі түбегейлі өзгеретінін өзге түгілі, Рауанның өзі де білген жоқ.

— Алматыға көшеміз. Балаларға мектеп, өзімізге тұратын пәтер, саған жұмыс тауып қойдым! – деп отыр екен әкесі, орнынан тұрып, далаға беттегенінде.

— Дұрыс болды! Әйтпесе, сен онда, мен мұнда қиын ғой! – деп шалқып кеткен анасының сөзін де құлағы шалды, дәлізге жеткенше.

Әрі қарай екеудің не дескені, не шешкені беймәлім, әйтеуір, өз жүрегі өрекпіп қуаныш па, өкініш пе түсініксіз бір сезім шарпыды кеудесін. Достары осында. Тай құлындай тебісіп өскен бауырларын қию оңай болар ма? Әсіресе, Толқынды… Өзі де қаладан көшіп келген қыздың қасынан табылып, ақылшысы да, көмекшісі де болып жүріп жетістікке енді жеттім бе дегенде… «Рауан, ауылдарыңда демалыс орталықтары жоқ па?»… «Кинотеатрсыз қалай өмір сүресіңдер?»… «Орталық бассейндерің қайда?…» – деп тосырқаған қызды өзге елдей келемеждеп, «кесірліге» кеспей, табиғаттың сұлулығын көруге, суы мөлдір, толқыны сыңғыр көлге шомылуға ертіп барған. Алғаш тайсақтап, дала төсіндегі табиғи терең суға түсуге қорқып, ат тонын ала қашып аттандағанымен, артынша шомылып жүрген балаларға еріп, сүңгіп кеткен сұлу қыздың мүсіні есінен кетпес...

Ауылда демалыс орны болушы ма еді? Мәдениет үйінің оң қапталындағы бақшаға тізіле қойылған сәкілерді көрсеткенінде жылап жіберердей: «Бары осы ғана ма?»  – дегені күлкілі естіліп еді-ау, Толқынның.

Десе де, екі жылдан бері Толқын ауылға әбден үйреніп, аптапта суға түсіп, ыстықтың беті қайтқанда өзге балалармен ауылдағы жалғыз саябақта сайран салып қыдырып жүретін болды. Саябақ дегенде – Толқынның түйсігіндегі өлшемге келмейтін, екі-үш сәкісі бар, кіреберісіне гүл отырызылған, кеңейе келе түрлі жеміс ағаштары мен теректері иін тірескен бақша. Екі орталықтағы көк түспен боялып, ақ түспен әрленген биік мінбер – ауылдықтар үшін керім. Қандай мереке болмасын жұрт жиылғанда әкім шығып сөз сөйлейді мұнда. Аракідік елдің ерен еңбегін айтып, жұмысшыларды жетістігімен марапаттағанда тік тепкішекпен жоғарылай көтеріліп бара жататындар ерекше әсер қалдырады. Төменде тұрып, аянбай қол соғып, жиынның салтанатын асырады, дүйім жұрт.

Бар сырын өзіне ғана айтатын, Толқын. Жаңа өмірге, жаңа ортаға үйренудің қаншалықты қиын болғанын, «досы болмаса, бәлкім, торығып өлер ме едісін» ести берген сайын есі кетіп,  ет жүрегі езіліп, толқып кететін. Баспалдақтың төрт тепкішегін теуіп түскенше бас-аяғы төрт секундта осының бәрін есіне алып, ойланып, қоштасып, сағынып үлгерді.

— Ой, құлыным! Жарқылдаған жарығым, аңқылдаған ақжүрегім! – деп еміреніп ұзатып салған әжесінің қасынан өте жүрісінен жаңылып, табанымен жер сыза, аяғын әдейі сүйрете басып өте берді. Бұл оның еркелегендегі әдеті.  «Еркек еркелемейді» – деп тиып тастайтын әкесінен жасқанып қалғандағы тапқан тәсілі. Бұрынғыдай шауып келіп, әжесін сүзіп құлатып, омырауына қолын сүңгітіп жіберіп, әжесінінің тері сіңген иісін құшырлана иіскеуден сол күннен бермен тыйылған. Содан бері жеті жыл өтіпті. «Әжесіне еркелеуге болмайды» деген заң жазылмаса да, әкесінен қорқады.

— Қойыңызшы, өбектей бермей! – дегені де сенімсіздеу шықты ма, әжесі құлақ салған да жоқ. Айналып-толғануын жалғастыра берді.

 Ауылын қимады. Алдағы өмірінің қандай боларын болжай алмады. Достарын қимады. Толқын екеуі үнемі хат алысып тұруға уағдаласты. Әсіресе, мал-жанға ие болып қалатын әжесін атбегі Керімбай көкесіне әбден табыстап, інісі мен қарындасын қайта-қайта құшақтай берді. Әжесі де оп-оңай қоштаса салған жоқ. Бір дорба сықпа құртын «өзің де!» деп қатты тапсырып, маңдайынан сүйіп, қолын көкке көтере бата беріп, көзін сығып жылап қалды.

Бұрын соңды көрген қаласы емес. Қиялы ертегілерден оқып алған түрлі-түрлі шаһарларға алып қаша береді. Ауылдың борпылдақ топырағында жалаңаяқ шауып, асық атып, тап-тастай көлде балыққа жүзетін дала баласы өзін қала баласы бейнесінде елестете алар емес. Жүрегі өрекпіп соғып келеді. Қалаға қарай шұбатылған қара жолда зымырап келе жатқан тар көліктің артқы орнында әке-шешесінің ортасында қысылып келе жатқан соң, әсіресе әкесіне сыр алдырмауға тырысып, үнсіз келеді...

 

КӨШЕ БАЛАЛАРЫ

 

     Ауылдағыдай кең-мол тіршілік қайда?! Біреудің аядай екі бөлмесіне тығылып, ауызғы бөлмеге аяқкиім шешіп, төрге оза тамақ та ішеді, төсек те салады. Тар дүниеден демі қысылып, тұншығады. Ауылды, әжесін, бауырларын, әсіресе, Толқынын сағынады. Қолынан телефоны түспей, күндіз-түні шұқшиып отырады. Басқа не істейді? Малды өріске айдау, тарғыл сиырды суғарып келу, ақ бұзауды енесін идіріп алғанша күтіп, тартып бұйдалау, қи ойып, тезек кептіру деген қым-қуыт тірліктен құтылдым дегенімен, шалқалай жатқан жерананың көкмайса құшағына аунап, даланың жанарындай жалтыраған мөп-мөлдір суына сүңгіп, шақырайған күнге қыздырына шалқып жатар кездерін сағынып жүр. Іші әбден пысты.

    Сондағы қорығаны сарай болса-шы. Биік-биік үйлердің арасында орналасқан жалдамалы тапал үйінің күзетшісіне айналды. Бес отбасы бір тамның бес есігінен кіріп, бес есігінен шығып, бір аулада бес бөлек өмір сүреді. Үйге сыймай көшеге шығып отырады ара-тұра. Ойнап жүрген топ балаға бұл да қосылмайды, олар да шақырмайды. Елемейді де. Астарында велосипед, әрлі-берлі зыр қағып өте шығады. Әсіресе әнеубір шашы бұйраланған сары тырбықтың паңданғаны жынына әбден тиеді.

      Кешкісін волейбол ойнауға шыққан қыздарға осы топ тағы араласып кетеді. Волейболды жақсы көргенімен, жетіп бармайды. Не велосипеді, не добы жоқ, мүләйімсігісі келмейді. Оның үстіне қорғаннан шыққан ханзадалардай замандастарына мынау ығы-жығы қазақ өмір сүріп жатқан тапал үйден суырылып, теңесіп кетуі де неғайбыл. Тек қана көше балаларына қызыға қарайды.

    Әкесі құрылыста істейтіндіктен ерте кетіп, кеш келеді де, тар үйін хан сарайындай көріп, шалжайып жатады. Анасы – “Қағанат” асханасының аспазшысы. Күн шықпай кетіп, күн бата оралады. Діңкелеп жататын әке-шешесінің жастыққа басы тие ұйықтап кететіні оң жамбасынан келіп, түн ортан белінен ауғанша хат жазысады. Толқынның да әңгімесі таусылмайды, өзінің де ұйқысы келмейді.

   Таңнан кешке дейінгі бітіретін шаруасы жоқ. Бар міндеті – екі ауыз үйге қарауыл болу. «Жау ала ма? Жазды тауысып келсем де жарар еді ғой!»… – деп бұрқылдайды, кейде. Анау айтқандай дүниелері болмаса да, ата-анасының тиындап жинап жүріп алған теледидары мен нан пісіретін пешін ұры-қарыдан қорып жүр.

     Бір жарым айы тар қапаста өткендей торығып кеткен баласының кеудесінде не барын білгісі келмейтіндей, ауылдағыдай емен-жарқын сөйлесіп жатпайды, анасы. Әуелі, қала күлкісін ұрлағандай тымырайып алатын болыпты. Әйел болып айғайлап, анау-мынауды айтып ботадай боздап жылап жатпса да, аракідік жанары суланып тұрғанын байқап қалатын. Ондайда шешесі жүзін жылдам бұрып әкетеді де, теріс қарап көзін сүртіп жатады.

      «Қаладан анам да жалыққан-ау?! Шіркін, қалаң құрсын! Ауылға кетемін десе етті!» – деп армандайды сондайда. Тап қазір-ақ тартып кетер еді… Әжесінің құшағына тығылып, көлге күмп берер  еді-ау! Толқынмен саябақта серуендеп, айта алмай кеткенімді айтар ма еді?!… Шеті-шегі жоқ қиялдарына ерік беріп, самұрық құстың мойнына мініп алып, ұшып бара жатады… Жоқ! Жұмған аузын ашпайды, анасы. Үнсіз.

     Ауызғы бөлмесі аяқкиім шешіп, ас пісіретін, түпкі бөлмесі теледидар көріп, ас ішіп, ұйықтайтын екі бөлмені кірпік қақпай күзетеді. Кейде өзін тырс еткен дыбысқа елеңдеп, өршеленіп тұратын Ақтөске ұқсатады. Қорланып кететіндей. Несі қызық қалаңның? Ауылға жаңа бала келсе барып танысып, ортамызға тартушы едік, мына немелер елемейді де, жуымайды да. Сығылысқан үйлер мен қарбаласқан жандар... Қаласынан көргені осы ғана!

 

ҚАЛАЛЫҚ БАЗАР

 

— Баланың мектебімен сөйлестің бе? – деді әкесі бірде, таңғы шай үстінде.

— Иә!  Өтініш жаздым. Қабылдауы қиын ғой қалаңның. Тіркеу сұрайды. Қайдағы тіркеу? Пәтерде тұратындар тұрғылықты жерін көрсетіп, растайтын қағаз әкелуі керек екен, үй иесіне бес мың теңге беріп, уақытша тіркеу жасаттым! – деп шұбыртып отырып алған әйелінің сөзінен жалығып кеткендей, әкесінің қабағы шытылып, жөтелі үдеді. Мұны байқаған анасы да әңгімесін шорт кесіп, үнсіз бола қалды.

— Бүгін базарға барып, мектеп киімдерін алайық! – деді әкесі, қысқа-нұсқа, кесіп-пішіп сөйлейтін дағдысымен.

Түсінгені, бұл екеуі әдейі келісіп, осы күнге демалыс алған көрінеді. Өзін киіндіріп, қыдырпақшы екен. Қуанып кетті. Жұрт мақтайтын қаланың қызығы қайсы деп ойлап жүр еді, енді сол қызығын көрер сәттің туғанына дән риза.

    … Ұлының орнына көрші апаны қарауыл етіп қалдырмаққа тәтті-мәттісін ұсынып, көндіруді көздеген ата-анасының сағыздай созылып, шыға алмай жатқандары жүйкесін тоздырды. «Ұрылар жаман» деген аңыздың авторы да осы апа емес пе еді?!   

     Күнұзақ келін мен баласы жұмыста болған соң, өзін қарауылдыққа әкеліп, қамап қойыпты – мыш… Анда-санда іші пысып, титтей баланы шайға шақырып алып, кеудесіне сыймай кеткен шерін тарқатып алатын кемпірдің әңгімесінің шеті сөгілсе, нүкте қоюы қиын. Балаларының тықыршып тұрғанын сезсе де сезбегендей кейіп танытып, сампылдаған кемпірдің бос сөзін үзіп алып, «кетейікті» қыстыра алмай отырған әке-шешесіне жыны келіп барады. Қиқайған ескі темір қақпаны шалқайта ашып алып, серпи жаба салғанда темір мен темірдің соғылысынан шыққан зор дауыстан зәресі ұшқан кемпір: «көтек» деп атып тұрғанда ебін тауып сытылып кетті, әлгі екеуі.

Шықты-ау!…

…Бірін-бірі таптап кетердей сапырылыса құжынаған адамды бұрын-соңды көрмеген еді, есі шықты. Құдды, құмырсқаның илеуі дерсің. Қалың көпшіліктің ішінде итерісе алға озып кете беретін әке-шешесінен көз жазып қалуға қорыққаны сонша, ентігіп жүріп шаршады. Әр тесікке бір үңілгенде, іздегендерін тапқан саяхатшыдай тұра қалып, ішке сүңгиді. Арғы жағы сарайдай кең болмаса да, бөлмедей орын бар. Бірақ, мұнда да сол жыбырлаған адам. «Анау қанша?»; «Мынау қанша?» – деп, жарыса сөйлейді.

    О, тоба! Жалғыз саудагер бәрінің сұрағына жауап беріп, сұрағанын ұсынып, сықырлата ақшасын санап үлгеріп жатыр. Өңкей ұл балалар ғана киініп-шешініп, бірін алып, бірін қойып, әрқайсысының ерте келген үлкендері даурығып, әр нәрсені бір сұрап киіндіргенде, жеткіншектердің сырт пошымы бірдей болып шыға келеді.

    Бұларға да кезек келді. Абырой болғанда әлгі саудагер анасының қандай сұрақ қоятынын күні бұрын түсінде көргендей лып еткізіп  қолына ұстата салды.

— Шешін! –деді әкесі.

Бағанадан бері байқап тұрған, өзі сынды балалар елдің көзінше-ақ шешініп, киініп жатты. Бірақ, ауылда өскен соң ба, солардың әрекетін қайталап, соншама елдің көзінше шешіне салуға дәті бармай қынжылды. Шешінуге жұрттан  ұялады, шешінбеуге әкеден қорқады. Терлеп кетті.

— Ширмағы кіріп шешін! – деді, саудагер қыз. «кіріп шешіні» ұнағанымен, алдыңғы сөзін түсіне алмай, айналасына жалтақтаған баланың ойын түсінгендей, болар-болмас пердені сыра салды қағылездене, саудергер сұлу. Бұл да болса жарапты. Терлеп кеткен денесі жаңа киімдерді киіп көруге икемделмей, үстіне жабысып, иттей азаптанды. Абырой болғанда не керектің бәрі табыла кетіп, қона кетіп, бастан-аяқ сықиып киініп алды.

      Дәл осылай аралап жүріп, рюкзак алды та алды. Әлгінде алған киімдерін нықтай салып, арқасына асып қойды, тапқандары. Ішінде мектепке киетін туфли, денешынықтыру сабағына киетін кроссовкасы да бар. Көңілі шалқыды. Бірақ, әсіресе әкенің алдында өзін еркектей сабырлы, салмақты ұстауға тырысып, сыр бермей келеді.

    Дәл осы киімдерімен ауылындағы мектебіне барса, шіркін! Жігіттің алды болар еді-ау! Толқын, таң қалар ма еді?! Тіпті, ғашық болар ма еді?!… Көңіл көтерілгенде ой да өзгереді екен-ау!… Қаламай жүрген қаланың мектебіне де бейілі бұрғандай… Мұндай киіммен қайда болса да ұялмай баруға болады. Ауылдағыдай «биылша мынаны киіп таста» жоқ, жап-жаңа, сәп-сәнді киімдер!

САЯБАҚ

 

Қалалық орталық саябаққа жол тартқанда жүрегі қатты соғып, дүрсілдей берді, дүрсілдей берді. Автобуста да жаңағыдай иінтірескен адам. Жүгі иығын басып, жауырынын жабыстырып тұрғанымен ешкімнің ісі жоқ. Бұл түгілі әке-шешесі де тік тұрған соң, амалы бар ма?!

    Бір сағатта жетеқабыл дегенде жетті-ау, межелі жерге. Автобустың іші енді босап, орын тауып отырдым ба дегенше, екінші аялдамада жұрт түгел есікке беттеді. Сыртқа қарай бет алған әке-шешесінің соңынан бұл да аяңдай ілесті.

Мәссаған!

«Саябақ» дегені мұндай ғажап бола ма? Мынау гүлзарлар мен анау фонтандар неткен керемет! Толқынның мұрнын шүйіріп: «саябақтарың осы ма?» - деп жүргені рас-ақ екен!

Неткен ғаламат! Ғажайып деп осыны айт! Құдды, ертегілер әлеміне тап болғандай таңырқады. Қан тамырларындай жан-жаққа шұбатыла ирелеңдеген жолдың біріне түскен ата-анасына еріп келеді, елтіп келеді.

     Сол қапталдағы  көлді көргенде көңіл шіркін көкке шапшыды. Аптаптан апшысы қуырылып, шөлдеп те, терлеп те келе жатқанда, салқын суға бір сүңгіп алудың бақыты бұйырғаны ала жаздай торығып, қамалып отырған күндерінің өтеуі сияқтанды.

— Рауан! Әй, Рауан! Қайда асығып барасың? Тоқта!

— Бір сүңгіп алайыншы, терлеп кеттім!

— Нееее? Өй, бұл суға шомылмайды!

— Неге?

Ана мен баланың диалогын естігендер жарыса күлгені несі? Түсіне алмаған Рауан қалт тоқтай қалып, анасына сұраулы жүзін бұрды.

— Балам, бұл су сенің көліңе ұқсамайды. Серуендеп қайтатын қайықтарды жүздіру үшін жасалған, жасанды бассейн. Әне қарашы, әнеу екеу аяғымен теуіп бара жатқан – катомаран. Әне, ескек есіп, қайықпен жүзіп барады, ел.

Жасыл желектің қалқасынан судың шетін көрген ұлын жетелей, ашық алаңға әкелген анасы сұқ саусағын шошайта, судағы көріністі нұсқады. Әп-сәтте сейілген қуанышы еңсесін басты, Рауанның. Десе де, мөлдір судың бетінде қалқып, дәл аналардай катомаранмен жүзіп көретініне шүкіршілік қылды.

      Күн сәулесімен шағылысып, жалт-жұлт еткен судың тыныштығын бұзып, шалпылдата катомаран теуіп ойқастаған Рауан, айналасын суретке түсіре береді. Өзін де қайта-қайта тартып жатыр. Толқынға жібермек.

«Сен сүйген қалада жүрмін!» – деп мақтанғысы келеді…Саябақтан  алған әсері  ешқашан да жадынан кетпестей. Әсіресе, хайуанаттар паркіндегі көргендері ұмытылмас. Қайран түз тағысы - қасқырдың темір торда тарыққаны жүрегін ауыртты. Аң патшасы арыстанның да қамаудағы өміріне жаны ашыды. Заңғар биік, зәу аспанның падишасы қыран-бүркіттің қамығып отырғаны да тым аянышты сезімге ұласты, көкірегінде. Адамдардың өз көңілін көтеру үшін кең даланың тағысын қамап, табиғаттың керім жаратылысын көрмеге айналдырғаны – «қатыгездік» деп бағамдады.

 

ҚАЛА МЕКТЕБІ

 

«Үй алғанда алып кетеміз!» – деп кішілерін ауылына тастап, қолғабыс боларға Рауанды алып келген анасымен алғашқы қоңырауға баруға жиналды. Құжат тапсырып жүріп мектептің іші-сыртын көріп, баласының жетекшісімен танысып алған анасы, толқып, әлде, қорқып тұрған ұлдың басынан сыйпап:

— Ал балам, жолың болсын! Сен енді «қалалық бала» болдың.

Сынып жетекшің де сондай сұлу! – деп көңілін аулап қойды. Жақсы оқуға уәдесін де алды.

— Иә! Жақсы оқимын! – деп уәде берді қасқайып тұрып.

Жалдамалы үйінен шығып, шығысқа қарай беталған ана мен бала аялдамаға жете, автобус күтті. Айналасындағы көп адамның бәрі гүл ұстап, ақ көйлек, көкшіл қара форма киіп алған. Қыздардың аппақ бантиктері құдды шаштарына қонған ақ көбелек іспетті. Қос жара өрілген бұрымдары қандай жарасымды! Мұның біразы – өзі күнде көріп жүрген көше балалары.

     Толқын да дәл осылай мектепке бара жатқан шығар?! … Ауылда гүл сатылмайды. Бақшадан қырқып аласың. Оның әжесінің ауласында гүл жоқ еді, қайдан тапты екен?… Ойы қаладан шығып, ауылға ауып кеткен баланы келе жатқан автобусқа ұмсынған ел бөлді. Қала ішінде үлкен автобустар жүргенімен, ауыл-ауылға титтей автобус қатынайтын сияқты. Шекесінде «11» деген цифрлы таңбасы бар мәстек автобус  есігін аша, лап қойған жаңағы қалың жұрт итерісе ішке кіргенде, арасында кетті.

 Қызық! Мына жұрттың бәрі мен баратын мектепке бара жатыр ма? Жол-жөнекей түсіп қалатындары жоқ па? Ойы он саққа бөлініп, көзі айнала жұртты шолып тұр. Автобус іші – қапырық. Күздің алғашқы айының алғашқы күні дегенімен, аптаптың беті қайтар емес. Өзіне жақын жердегі терезе көзін сырғытып ашпақ болғанымен, әрекеті өнбеді. Желімдеп тастағандай міз бақпады. Терлеп кеткен маңдайын сұқ саусағымен сыпырып тастап, кәстөмін шешіп, қолына іліп алды.

— Мектебіміз үлкен. Сондықтан алғашқы қоңырауды екі ауысымда өткізбесе, алаңға сыймайды! – деді шашын желкесіне жиып алған келіншек сөмкесінен алған желпуішін әрлі-берлі тербеп.

— Иә, білемін! Бірнеше рет барғанмын, – дей салды анасы сөйлесуге құлық танытпай.

Мұнысын қабылдамады ма, жақтырмады ма, танауын көкке көтере, өзі тудырған салқын желге аппақ тамағын тосып біраз отырды да:

— Ұлыңыз қай сыныпқа барады? – деді, тысқа салған жүзін бұрып алмай, сары келіншек қайта сұрақ жолдап.

— Сегізінші!

Бұл жолы да жауабы қысқа болды, анасының.

— Мммм… Менің ұлым да сегізінші сыныпқа көшті. Гимназияда оқиды! Оқу үздігі! Қақты-соқтымен ісі жоқ, тәртіпті бала! – деп салды сары әйел, баласын біраз жерге апарып тастап.

Ебін тауып мақтанып алар Күлшәй жеңгейге ұқсап кетті дәл осы жері. Рауанның ойын түсінді ме, әлде, екеуінің ойы бір жерден шықты ма, анасы ұлына қарады. Жанарлары түйісе, екеуі де жымиып қойды.

Сары келішектің бұйра шашты сары баласы екі әйелдің әңгімесін естімейді емес, естіп тұр. Қатар отырған екі ананың қасында тікесінен-тік қысылып-қымтырылып тұр емес пе, екеуі де. Естімегенсіп, зулаған автобустың терезесіне тесіліп, сыртқа үңіледі, сары қу.

Рауан бұйра баспен жасты екенін білсе де, бір сыныпқа барар-бармасын білмеді. «Осы немемен бір сыныпта оқысам ғой, жақсылап тұрып жәукемдеп алар едім, шілпиген немені!» – деп ойлады да, тұрпатына зер салды. Бұйра шашты сары бала мұның ойын оқығандай, көз қиығымен аңдиды. Рауан жауының білек күшін жобалап көрмек еді, онысы терлеп-тепшіп тұрса да, кәстөмін шешпей, қаққан қазықтай қаздиып тұр…

 

АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ

 

Бөтен балалармен иық тіресіп, шақырайған күннің астында ұзақ тұрған Рауан, үш қабатты зәулім сарайға таңырқап қарай береді. Лего ойыншақтарынан қаланғандай биік мектептің бергі бетінен арғы беті – бір әлем. Бірнеше биіктіктерді жалғай, ұзын қорғандар созыла қол жалғасып жатыр.

Қақ төбеден қақтай түскен күннің астында күйіп, екі сағат тұрған елге концерт қойылды. Ән айтты, би биледі, балалар. Директоры да бір мылжың екен, терлеп кеткен уысын кеудесіне сүртіп қойып, қолындағы микрофонын кезек-кезек ауыстырып әбден мыжыды. Былтырғы бітірген түлектердің қаншауы жоғарғы оқу орындарының студенті болып, нешесі колледжге түскенін айтып, бітпейтін қисап оқыды. Жалықты. Мектептің ішін көргісі келіп, шыдамы түгесіп барады. Ол аздай, «қонақтар» деп таныстырған бірталай адам директордан соң кезектесе, ұзақ сөйледі.

     Әр сынып топтала өз жетекшілерінің арқа жағында тізілген. Бұйра сары да осы топта. Бойы қысқалау болған соң, алдыңғы сапта тұр. Сорай екені келе салып мәлім болған Рауан, ең соңғы қатарда. Есесіне, қасында анасы бар.

«Уф» дегенде бітті-ау жиналысы. Қол-аяғы балғадай, тығыршық денесінде қырып алар артық майы жоқ, ұзын бойлы, жараған аттай қара етті апайы бойшаңдығына қарамай биік өкшелі туфли киген екен, үшкір өкшесін тық-тық басып, пісіп қала жаздап тынымсызданған оқушыларын ерте, мектепке бастады.

»Ал балам, жолды көрдің, үйге тура солай қайтасың!» – деп қалтасына қап-қатты төртбұрыш қатырма қағаз салған анасы ұлын тастап, жұмысына кетті. Құдды, жат әлемге тап болғандай жатырқаған Рауанның өкпесіне өксік тығылды. Әкесі естісе ашуланатынын біліп, анасына сырын алдырмай ғана қоштасты да, балаларға еріп жүре берді. Шұбаған бала шұрқырасып, үшінші қабатқа көтерілді де, түкпірдегі кабинеттің есігіне сүңгіп, жұтылып жатты.

— Сәлеметсіңдер ме, балалар! – деп сөз бастаған апайының дауысы шаңқ ете қалғанда, түгел бала түрегелді. Бос орын іздеп, соңғы партаға жайғасқан Рауанды шолып жүрген көзімен тауып алған апай:

— Рауан, мұнда кел! – деді, бұйырып.

Барлық баланың назары өзіне ауғанын сезгенде беті отқа тигендей ду етіп, жанып кете жаздағанымен, шақырған соң шықты.

— Сәлеметсіз бе! –деді, қайта амандасып. Жұрт жарыса күлді.

«Несі күлкілі?» – деп ойлады, жыны келіп.

— Балалар, танысып қойыңдар!

Бұл – Рауан! Қатарымызға қосылған жаңа оқушы. Сыныптастарың. Сендер осыдан үш-төрт жыл бұрын бастауыштан шығып, менің алдыма келгенде тосырқадыңдар ғой. Жатырқадыңдар. Өйткені, төрт жыл бойы оқыған сыныптастарыңнан бөлініп, сұрыпталып, әрқайсың әр сыныптан іріктелдіңдер. Содан бері үйренісіп, бауыр басып кеттіңдер. Міне, енді Рауанның да сендермен тез тіл табысып, араласып кететініне сенімдімін! – деді, шәкірттерін шола.

Тыныштық. Апайы дауысын қаншама жұмсартып, жаңа оқушысының иығынан ұстай, еркелете сөйлесе де, Рауанның ішіндегі түсініксіз бір үрей сейілмеді. Оның үстіне жат балалардың қырық сегіз көзі өзіне төніп тұрған соң, аяғын діріл биледі.  Әсіресе «енді қайтейін!» – дегендей шалқая отырып алып, қаламын сыртылдатқан бұйраның әрекеті зығырданын қайнатып барады.

Сабағы түгел «5» болған соң, гимназия сыныбына тап болыпты. Ондайды кім білген?! Ауылда ғой «а»; «ә» сыныбы ғана болып бөлінеді. Қалада заң басқа. «Жақсы оқитындар» және «жаман оқитындар» деп сұрыптап ала ма, келген оқушының бағаларына қарай «гимназия сыныбына» немесе,  «жай сыныпқа» бұйыртады екен, тоба! …

      Алғашқы сабақ – сынып сағаты болды. «Менің Отаным - Қазақстан!» – тақырыбында өткен сабақ қатты ұнады, Рауанға. Ақ жаялғыдай әлденені салбыраған жібінен тарта салып, жайып жіберген апайы компьютерін қосқанда әлгі ақ жазықта түрлі-түсті суреттер пайда болды. Әуелі, ол ғана ма, әдемі видеолар да көрді. Дөңгелек, үш бұрыш, төрт бұрыштар ішінде жазылған мақалдар мен нақыл сөздерді кезектесіп оқып, таласа талдады бәрі.

Бұйра сарының аты – Жалқын екенін апайы атағанда ұқты, Рауан. Шілпік неме жұртқа сөз бермей жалғыз сөйлегенді ұната ма, қалай өзі?! Аузы бір жабылмады-ау!

Ұлының да, қызының да қолдары селтие көкке шапшып, жарыса сөйлейді. 

— Балалар, сендер тәртіпті ұмытып келгенсіңдер ме? Шуламаймыз! Қол көтерсеңдер жеткілікті ғой! Біреуіңді ғана емес, бәріңді тыңдағым келеді! Қане, Рауан, сен айтағойшы, мынау не? – деді апайы өңгелерді ұрсып, өзіне ұмсынып.

— Бәйтерек! Биік бәйтерек үстінде алып самұрық құсының ұясы іспеттес бейне! – деп мүдірмей жауап берген баланың сөйлеу мәнері мен дауыс ырғағын ұнатқан апайы риза болды.

— Жарайсың!

Балалар, көрдіңдер ме, Рауан салмақты сөйлеп, ойын кең жеткізе алды! Ал сендер асығыс ұшып тұрып, шолақ сөйлеуге дағдыланып барасыңдар! – деп өзін мадақтай, өзгені ескертуімен қағыта кеткен апайына алғашы рет жүрегі жылыды. Жалқынға жалт қарағанын да байқамай қалды. Бұйра да үңіліп отыр екен, лезде басын бұрып әкетті қу неме…

Қоңырау соғылып, сабақ аяқталғанда жетекші апайы шығып кетті де, балалар бір-бірден келіп, Рауанмен таныса бастады. Алмат, Мұрат, Ғазиза, Айша...Тек, бұйрабас жолдаған да, қараған да жоқ. Екі қолын қалтасына салып, керіле басып шығып кетті.

— Қайдан келдің?

— Қандай спорт түрімен айналысасың?

— Бойың, салмағын қанша?...

Сыныптастарының сұрағы Рауанның көңілінен шықпады. Тым жұпыны сұрақтар сияқтанады. Неге біреуі «жылқы танисың ба? Атқа міне аласың ба? Жүзе аламысың? Судың астында деміңді неше минут ұстап тұра аласың?» деп сұрамайды екен деп ойлады. Алайда, сыпайылық танытып, қойылған сұрақтарға ғана жауап берді...

 

 АЛҒАШҚЫ ТОҚСАН

 

Қалаға үйрену оңай болған жоқ. Күттіріп келетін мәстек автобус ирелеңдеген жолға түсіп, қиралаңдап келе жатқанда лық толы адам бірін-бірі итеріп, жанжалдасып тұрады. Әсіресе, тым ауыр зілбатпан арқа сөмкелерін асынған балаларды жақтырмай итеріп тастап, онсыз да сынып кете жаздап тұрған иығын ауыртып жібереді.

Алматыдағы алғашқы қорытынды бағасы шығуға таяғандықтан, Рауанның уайымы күннен-күнге артты. Тоқсандық жиынтық бағалау жұмыстарын жақсы жазса, «үздік» болып қалары анық. Бөлімдік жиынтық жұмыстарынан жоғары балл алған. Оның үстіне «үздік боламын» деп Толқынға уәде беріп қойды емес пе! Осыны ойлап келеді. «Әрі тұршы-ей!» – деп нұқып қалған әлдекім ойын бөліп жіберді. Бұйрабас екен.

— Анам, көлік алды. Ертеңнен бастап мектепке жеке көлікпен баратын боламын. Мынау мәстек автобустан да, «бала» демей итеріп, дөрекілік көрсететін үлкендерден құтыламын! - деді бұйрабас, Ғазизаға айтқансып, арқа жағындағы Рауанға естірте.

— Қандай жақсыыыы! - деп тамсанады, бантигі үлкен сұхбаттасы да үзіле.

Рауан мырс етті. Мақтаншағын-ай, сап-сары бәленің. Солай ойласа да, іші удай ашыды. Бұ немеге жету қайда? Үйі анау, даңғарадай. Онсыз да көшеге шығып ойнаудан тартынып жүр. Кешқұрым түгел бала велосипед мініп шығып, ұзын көшенің басынан аяғына дейін ойқастай жүйткиді. Ұлы да, қызы да тұлпардың белінде отырғандай лепіреді. Тұлпар мінуге жарар ма екен осылар? Жылқының көлеңкесін де баса алмас, шіркіндер! Ал мен аттың құлағында ойнаймын!

Рауан тұңғиық ойынан суырыла алмай келеді. Бұйрабастың көрсеткен қыры намысына тиді ме, өзінің талай адам кіріп, талай адам шығып, құмырсқаның илеуіндей құжынап жататын пәтерде тұратынына намыстана ма, белгісіз. Ол аздай анасы көлік мініп, жалғыз өзі мектепке шіреніп бармақ.

«Анашым, велосипед алып бере алмайсыз ба?» деп сұрағанында, анасы үнсіз қалған. Анасының осы бір әдеті кейде ашуын келтіреді, кейде аяйды. Қайран анасы ауылдағыдай жарқылдап күлмейді. Үнсіз келеді, үнсіз кетеді. Әкесі – тіпті сұсты. Кешкі асқа түгелі жиналып отырады демесең, анасы үнсіз шай құйып, әкесі тілсіз шай ішеді. Осы тоқсанда әкесінің айтқан жалғыз ауыз сөзі: «жақсы оқы!» ғана. Соны айтқанда өткір жанары өңменін тесіп кете жаздаған. Құрылыстың ауыр істерінен шаршап келе ме, әлде, ішінде шер бар ма, тағы білмейді. Әйтеуір, «қалаға көшеміз» дегенде өлердей қуанған анасының да жүзі салыңқы, мұңданып жүретін болған. Ал өзі – құжырасының күзетшісі ғана. Көше балаларына қосылып ойнай алмаған соң, жалғызауыз күңгірт бөлмесінен шықпай кітап оқиды. Мектеп кітапханасындағы кітаптардың тең жартысын оқып тауысты. Сосын, Толқынмен хат алысады.

Автобус мектептің аялдамасына іркілгенде тас арқалаған тасбақадай ауыр сөмкелерін асынған балалар есікке ағылды. Бұлар шыққан соң автобус іші босап қалады. Бір топ бала көрші ауылдан осы ауылға келіп білім алады. Баланың көптігі сонша, орданың бүйірі бұлтиып, жарылып кете жаздап тұрғандай көрінеді кейде Рауанға. Ауылда 200-300 бала оқыса, мұнда үш мың-төрт мың бала оқиды. Екі ауысымға бөлініп оқығанның өзінде соншама баланың шуы миын тесіп кетердей. Алғаш, шудан басы ауыратын, бірте-бірте оған да үйренді.

— Балалар, бүгін тоқсандық жиынтық бағалау жұмысын жазасыңдар! Оқулықты парақтап, гаджет пайдалануға болмайды. Сондықтан, кітаптарыңды партаның шетіне қойып, мобильді телефондарыңды өткізіңдер! - деп ескертумен бастады алғашқы сабақты шетел әдебиеті пәнінің апайы.

Сөйтті де, әрқайсына үш беттік қағаз үлестірді. Балалар түгел оқулықты шетке ысырып, қол телефондарын апайдың алдына жинай бастады. Рауан да көпшіліктің алды болып өткізді.

— Апай, мен телефонымды үйге тастап кеттім! – деді, Жалқын.

Шіркіннің беті шылп етпейді-ау! Жаңа ғана автобуста телефонға шұқшиып тұрды емес пе! Неге өтірік айтады? Өзі бір қансоққан суайт қой! Рауанның ойын оқып қойды ма, бұйрабас көзін тайдырып кетті де, міз бақпаған күйі отыра берді. Мұның өтірігіне бәрінің еті үйренген бе, ешкім де тісжарып, өтірігін әшкерелемеді.

— Я хорошо владею русским языком! Так что, есть у меня телефон, нет, не важно! – деді естірте, парталасы Ғазизаға сөйлегенсіп.

Ғазизаға бәрібір! Тыңдаған да жоқ, жауап та қатпады. Бақандай үш беттік жұмысын аударып-төңкеріп, өзімен-өзі әуре. Рауан, өз жұмысын орындауға ден қойды. Сыныптың іші қапырық. Терлеп кеткен алақанын тізесіне сүртіп қойып, Лев Коссилияның «Чучеласы» бойынша эссе жазуға кірісті. Алтыншы сынып оқушысы Ленаның сұрықсыз келбеті балалардың мазақтауына себеп болып, айналасындағылардың зәбір көрсетуіне ұласатын туындыдағы жеткіншек қыз баланың күйзелісі мен атасының демеуі жайлы кітапты оқып шыққан. Бәлкім, Ленаның мұңын өз жүрегінен өткізді ме, әйтеуір, ерекше толқып, мейірлене эссе жазды...

Қатарынан алты сабақ бойы Тоқсандық жиынтық бағалау жұмысын жазу ауыр еді. Математика мұғалімі Ерсін ағайдың қаталдығы сонша, тіпті Жалқынның өтірігі де іске аспады. Барлығы да телефондарын ағайдың стөліне жинап қойып, қобалжып отырып жұмыс жасады. Тек, әдебиет пәнінің мұғалимасы Мамыр апай ғана тоқсандық жиынтық бағалау жұмысын балаларға тарата салып, өз еркіне қойып берген жоқ. Соңғы сабақ болған соң аяды ма, үнемі сөйте ме, белгісіз. Бақылау жұмысының тапсырмаларын оқып, өткен материалдарды еске түсіріп, жазып кетуге оңай болар жолды ұсынып, сәттілік тіледі.

18 ғасырдың кемеңгері Ақтамберді жыраудың жоңғар билігінде қалған қазақ халқын отырықшылыққа үйретуге талпынып, тоғандар қазып, егін шаруашылығын қалыптастырудағы ерекше еңбегі мен өрлігін атап өтіп, әжесі үнемі айтып отыратын болған соң құлаққа сіңіп кеткен

«Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз?!

Күдеріден бау тағып,

Кіреуке киер ме екенбіз?!...» толғауын талдап жазды.

 

БҰЙРАБАСТЫҢ ШАБУЫЛЫ

 

Рауан 1 – тоқсанда үздік болды. Барлық бақылаудан жоғары балл алып, сыныбын таң қалдырды. «Ауылда оқыған баланың білімі қалалық баладан төмен болады» деген қағиданы жоққа шығарды. Әсіресе, орыс тілге шорқақтау екенін білетін Жалқынның көрсеткен қыры да бекер болды. Шетел әдебиетінен Бұйрабастан бақандай үш балл жоғары алып, ұстазын сүйсінткен. Түгел сабағы – «5».

... Екінші тоқсанның да ортасынан ауған кез. Сабағы жақсы, мінезі салмақты Рауанды мұғалімдердің бәрі де жақсы көріп жүр. Жалқынның осыған жыны келеді. Бәрінен бұрын Ғазизаның тым жуып кеткеніне ашуына тиетіндей. Мұнысын жасыра алмады да. Денешынықтыру сабағында әдейі қағып жіберіп, шалып құлатты. Омақаса құлаған Рауанды бүйірден теуіп қалып, доп қулағандай өте шықты. Рауан атып тұрып, Жалқынның жағасына жармасты. Күткені де осы болса керек, дайындалып тұрған бұйрабас дәлдеп тұрып, жақтың астынан жұдырықтай сілтеп жіберді. Мұнымен тоқтаған жоқ, қайта оқталып, тұмсықтан дәл тигізді. Рауанның мұрнынан қан сау ете қалғаны. Сыныптағы қыздар шыңғырып қашып, ұлдар текетірескен екеуді ажыратуға ұмтылып, у да шуға болысты.

Балаларға допты лақтырып қойып, телефонына үңіліп шеткері отырған ағайы шауып келгенше Жалқынның жұдырығының есесін қайтарып үлгерген, Рауан. Бұйрабас демсіз сұлық жатыр. Есі шыға ышқына жеткен ағайы: «Су! Су әкеліңдер!» деп, жерде жатқан балаға төнді. Шауып барып, су алып жетіп келген баланың қолындағы суды жұлып алып, ұртын толтыра ұрттап, қайта бүркіп жібергенде шошына есін жиған Жалқын қайда екенін де, не болғанын да ұқпай, біраз отырды.

 Ендігіде екеуі де директордың алдынан бір-ақ шықты. Куәгер балалар болмағанда, мектепішілік қара тізімге ілініп кетер ме еді?! Оның үстіне, дереу жеткен сынып жетекшісі де Рауанның сотқар еместігін, өздігінен ешкімге соқтықпай, тек жүретінін айтып, қорғаштап бақты. Жолы болғанда, ескерту алумен тынды бұл іс. Денешынықтыру сабағының оқытушысы Саят ағай Рауанды төбелес болған күні-ақ бокс үйірмесіне жазып қойған.

Сол күннен, сол сәттен бастап Рауанның абыройы асқақтады. Қалалық жасөспірімдер арасындағы лигадан чемпион болған Жалқын, өзінің ауылдық баладан жеңіліп қалғанын кеше алмады ма, бетінің көгергенінен ұялды ма, «ауырып жатыр» желеуімен ұзақ уақыт сабаққа келмеді.

— Сені шақырып тұр! – деді анасы, жұмыстан келген беті, босағадан аттай бере.

— Кім?

— Сыныптасың!

— Қай сыныптасым? Бұл көшеде талай сыныптасым тұрады емес пе?

Ұлының мыжып отырғанын ұнатпаған әкесі:

— Шықсаңшы енді, мыжымай! – деп қағып тастады.

Ол тіпті ұлының бар болғаны анасымен сөйлескісі келіп тұрғанын да, ата-анасының күйкі тірлікпен баласын ұмытқандарына өкпелі екенін де сезген жоқ. «Бір үйде өмір сүріп жатыр» деген жай ғана атақ, жасандылыққа ұласып кеткенін сезінбейтін сияқты. Осыған өкпелі.

Рауан орнынан тұрып, сыртқа бет алды. Әңгімешіл апаның есігінің түбінен жабылатын ескі темір қақпаны ашқаны сол, өз көзіне өзі сенбеді. Бұйрабас күтіп тұр екен. Қол да бермей, салқын амандасты да, келген шаруасына көшіп кетті.

— Өткендегі төбелес әділетсіз болды! – деді, тістеніп.

— Несі әділетсіз? Өзің бастадың, өзің көрдің! – деді Рауан да жігіттік мінезбен қатқыл сөйлеп.

— Солай-ақ болсын! Тағы да күш сынасамыз! Спаринге шақырамын! Осы жолы жеңсең, дос боламыз! Жеңілсең, басқа сыныпқа ауысасың! – деді бұйрабас нығарлай.

— Ауыспаймын! Жеңілмеймін де! – деді Рауан ашуланып.

— Ххее! Көрерміз! Барлық ұлдармен келісіп қойдым, ертең сабақтан соң мектептің артына жиналып, жекпе-жекке шығамыз! – деді де, қарсыласының жауабын күтпей, жөней берді.

Әке-шешесі ауылдағыдай ерте жатып, ерте тұратын әдетін бұлжытпайтын. Жарықты сөндіріп, жатып қалыпты. Сипаланып жүріп төсегін тапты да, жата қалды. Ұйқысы келмеді. Қорқып тұрған жоқ. Қанша боксқа қатысып, чемпион болса да жұдырығының салмағы өзінікінен жеңіл екенін өткенде-ақ байқаған. Бірақ ол, бокс тактикасы мен техникасын жақсы біледі. Оның үстіне қу неме құйтырқылыққа баруы да мүмкін ғой...

Көрпесін бүркене, Толқынға хат жазды. Бәрін жазды. Онсыз да Толқын мұның тынысын да, сырын да түгел біледі. Ата-анасының көзінше сөйлесуден қорықса да, оңтайлы уақытта телефон соғып сөйлесетін жалғыз адамы - әжесі де, сырын атқаратын жалғызы - Толқын. Әжесінің көзіне ақыл кіріп, мықты жігітке айналған үлкен адамның рөлін сомдауға тырысса, Толқынмен барынша шынайы сөйлеседі. Әйтеуір, осы екі адамы болмаса, не істер еді?! Анау пысылдап ұйықтап жатқан екеуінің мұнымен шаруасы жоқтай. Кең дала, таза ауа, сұлу табиғатынан айырып, қаласына әкелген түрлері мынау, тар қапас, аласа құжыра.

 

СПАРИНГ

 

Екінші тоқсан аяқталып, жаңа жылға дайындалып жатқан. Бір жақсысы, қалада мереке атаулы ауылдағыдан ерекше, салтанатты тойланады екен. 8 – сыныптарға дискотека ұйымдастырылады. Бүгін соңғы күн сабақ болады да, ертең биге барады. Сосын, қысқы демалыс.

Таңғы аяз - қанжары өткір қасапшыдай. Қымтана киініп алсаң да ашық қалған бетіңді осқылап, ашытып жібереді. Қара жолда қиралаңдап, зорға келетін автобус мұзы жалтыраған жолда бұрынғысынан да кешігіп жетеді де, ілбіп, мектепке әрең жеткізеді.

Аялдамада Ғазиза да тұр екен, сыныптасымен бұрылып, амандасқанда болмаса, сөйлесуге құлық танытпады. Шамасы, қатты тоңып тұрса керек. Аузынан будақ-будақ бу шығып, жұқалау етігінен сыз өтіп, екі аяғын біріне-бірін соғып, дірдектеп тұрған Рауанның қарсы алдына биік қызыл машина тоқтады. Бұл – бұйрабастың анасының көлігі. Артқы терезесін төмен сырғыта:

— Ғазиза, жүр ала кетеміз! – деді бұйрабас басын қылтита.

— Жоқ, рахмет! – деді Ғазиза ойқастай таққан мойынорағышына тығып алған тұмсығын сыртқа шығарып. Жып-жылы жерден аязға шығара салғанда тұмсығының буы бұрқ еткені сондай жарасымды еді.

— Өзің біл! – деді де, түсірген әйнегін көтере бере, қызыл көлік ызғып кетті.

— Неге отырмадың? – деді Рауан Ғазизаға бұрылып. Қыздың паңдығына сүйсініп қалса да, сездірмеуге тырысып бақты. Қыз бала сезімтал болады-ау! Сезіп қойған сияқты.

— Біріншіден: Жалқынның мақтаншақтығы ұнамайды!

Екіншіден: өтірікші! Біз ТЖБ жазғанда смартфондарымызды мұғалімге өткіземіз. Ол болса, «үйде қалдырдым» деп өтірік айтады. Сосын, менен көшіреді.

Ал үшіншіден!... Кідіріп қалды. Айтайын деген сөзін айтып салуға біраз оқталды да, не ойлағаны белгісіз, сөзін жалғамай, әлгі мойынорағышына қызарып кеткен тұмсығын қайта сүңгітіп алды.

Рауан онсыз да бұйрабастың бүгінгі жекпе-жек туралы талай адамға жариялап жібергенін сезді. Өзіне сенетін сияқты. Одан басқа да қулық жоспарлап қоюы ғажап емес,

Соңғы күн болған соң, сабақтар мәнсіз болды. Оқушылар да аз келіпті. Қорытынды шығып қойғандықтан мұғалімдер де сабақ өтуге аса құлық танытпады. Мерекелік көңіл-күй жайлап алған мектепте бәрі көңілді. Топтала шүйіркелесіп, өзара әңгіме-дүкен құрып, босқа отырды. Тек Жалқын мазасыз. Алдағы спарингті ойлап отыр ма, әлдеқандай жоспар құрып миы ашып отыр ма, түсініксіз. Оқшауланып, рюкзагын ашып-жауып әуре.

Ағайлар мен апайлар әр баланың қорытынды бағасын айтып, жоғары балл алып, «5» - ке шыққандарды құттықтап кетіп жатты.

— Амансыңдар ма, балалар! Келе жатқан жаңа жылдарымен! Міне, 2 – тоқсанды да аяқтадық. Сыныбымызда екі үздік қалды. Ғазиза мен Рауан, жарайсыңдар! Жалқын алдыңғы тоқсанда екі сабақтан «4» шығып қалып еді, бұл жолы алты бірдей сабақтан «4» шығып, екпінділер қатарына қосылды! – деді, сымбатты денесіне тым жарасымды қызыл көйлегінің өңірі жалтылдап, Мамыр апай.

— Ол әлі «3» ке түседі. Анасы сыйлық жасап жүріп, бағасын сұрап алады емес пе?! – деді, қайратты шашы қатайып, тікірейіп тұратын Қайсар.

— Не деп тұрсың? Жап аузыңды әкеңнің!... Жағыңды айырам! – деп өршеленді, бұйрабас.

— Жапсаң, өзің жап! Мақтаншақсың! Өтірік пе? Бастауыш сыныпта үнемі анаңның арқасында үздік болдың. Ең аяғы қалалық чемпионаттағы алған кубогің де өтірік! Тренер – анаңның інісі!  – деді Қайсар, қайтпай. Қайсар десе қайсар-ақ екен, жігітің. Бұйрабас шыдап тұра алмады. Екі партаның үстінен аса секіріп келді де, Қайсардың жағынан осып жібермек болған, ортада отырған суретші Керім жібермеді. Құшақтай алып, кері тартты. Оған өзге балалар да қосылды. Қайсар қарсы тұрған күйі қаймықпады. Мамыр апайдың шырылдап, ортаға түскенін ешқайсы да елемеді.

— Біз баяғы бала емеспіз! Есейгенбіз! Сен боксер болсаң, мен каратиспін, ұқтың ба! – деді, Қайсар нығарлай.

Мамыр апай шыр-пыр болып, қыздар шуласып, едірейе өштескен екеуді зорға басты. Ендігі кезек өзінде екенін Рауан жақсы түсінді. Осы сабақтан соң жекпе-жекке шығады. Онсыз да бүкіл сыныптың алдында абыройдан жұрдай болған бұйрабасты аяп та тұр. Аяп қалғысы да жоқ.

Бұйрабас хабарлап қойған да екен, мектептің артында төбелес болады деген хабарландыру ілінгендей, жиналғандардың қарасы көбейе берді, көбейе берді. Әуелі, судья да сайланды. Қатарлас сыныпта оқитын алып Асқар төрелік ететін болды. Оның даңқы бүкіл мектепке ғана емес, аудан, қала берді қалаға аян. Нағыз қансоққан боксшы.

Рингке екеу шықты. Алғашқы тайм ұзақ һәм ауыр болды. Бар күшін жиып, дайындалып келген бе, бұйрабас барын салды. Техникасы мықты екен. Тек, жұдырығы салмақсыз дау көрінді Рауанға. Десе де, дәл тиген жұдырық саналып, ұпайға есептеліп тұрғандықтан жеңіліп барады. Қанша дегенімен бокс тәсілін меңгерген спортшы емес пе, оның да діттегені ұпайлық жеңіс болса керек.

Қоршаған көп: «Рауан! Рауан! Рауан!» деп ұрандатты. Жеңіліп бара жатқанда демегендері болар, Рауан да күш жиып, жеңуге тырысып жатты. Ұпай саны теңесті-ау дегенде оқыс тиген ауыр соққыдан есінен тана құлады. Құлағы шырылдап, көзі қарауытып бара жатқанын ғана біледі, әрісі есінде жоқ. Қанша жатқанын қайдам, « төрт, бес...» деп санап тұрған дауысты естіді.

— Жоқ! Болмайды! Әділетсіз болды! Жалқын «митенкасының» ішінен «кастет» киіп алыпты...

— Иә, рас, міне қараңдар!...

— Жалқынның жұмысшы қолы – сол қолы. Бұл жолы оң қолымен соқты. Темірді оң қолына жасырып алған...

Рауан балалардың дауын естіп жатты. Алайда, қанша тырысса да орнынан тұра алмады. Әйтеуір, еміс-еміс естіп жатқаны сол, бәрі де бұйрабастың жазғыра шуласады.

— Әй, не істеп жатырсыңдар, а? Не деген бассыздық мынау? Оңбағандар! Түгел жазаланасыңдар!...

Таныды. Бұл енді мектептің тәрбие-ісі жөніндегі жетекшісі Сымбат апайдың дауысы... Жалғыз емес-ау?!

 

ЖІГІТТІК

 

Рауан қала өмірін де, қалалықтардың психологиясын да әбден меңгеріп алды. Спарингтен соң психологтың алдынан өтіп, мектепішілік полицияға жауап беріп, тәртібі жиналыста қаралып, біраз әуре болды. Абырой болғанда куәлік қылған  кәсіпқой боксшы алып Асқар да, сыныптастары мен өзге балалар да жақтасты. Ол аздай, бүкіл мұғалімдер тәртібі мен оқу үлгерімін жарыса мақтап, тағы да қорғап қалды. Ең бастысы, «әлемдегі ең қатал, ең сұсты әке» деп ойлайтын әкесінің жазасынан қорыққан еді, қателесіпті. Мектепке шақырылғанда бұйрабастың анасындай сөз жарыстырмай, өзін байсалды ұстады. Әуелі, ұлының өжеттігіне марқайып қалған да сияқты. Неге десеңіз, ұлының арқасынан қағып қана қоймай, су жаңа велосипед те алып берді.

... Бұйрабастың әкесіз өсіп жатқанын білгенде, Рауан қатты таң қалды. Ол ғана емес, бұл жайдан мұғалімдер де хабарсыз болып шықты. Құжатында әкесінің аты-жөні жазылғанымен, ұлын бес жасында тастап кетіпті. Бұл жаңалық Рауанның өз әкесіне деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. Құрылыста істеп, шаршап-шалдығып жүрсе де отбасын тастамай, асырап отырған әкенің бағамы артық екенін ұқты. Қаталдығы – «жігіт болсын» дегені екенін де түйсінді. Әкесін жақсы көріп кеткені сонша, кеудесін мақтаныш сезім кернеді.

Жүні жығылып, сабағына салғырт қарап, оқуды мүлдем қойған бұйрабасқа жаны ашитынды шығарған. Достыққа шақырып, татуласуға намысы жібермейтіндей. Бар баладан оқшауланып, сүлесоқ жүретін бұйрабастың бар-жоғын ешкім де елемейтін болған. Мұғалімдер де «оқы» деп ескертпейтін болыпты.

Мамыр апай сыныпқа қуана кіріп, балаларға жақсы жаңалығы барын жариялады.

— Балалар, сенбі күні бәріміз киноға барамыз! Қазақтың танымал ақыны Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» фильміне бір сыныпқа билет сыйланған екен, соны менің сыныбыма берді! – деді, жылап жібере жаздап. Қатты толқып, әлде, мақтанып тұрған сияқты.

— Ураааа! – деп шу ете қалды бәрі.

— Менің сыныбым –  ең үлгілі сынып!

Ғазиза әдебиет пәні бойынша қалалық олимпиададан жүлде алды!; Қайсар каратэ чемпионы болды!; Керім суретшілігімен қаланы мойындатты!; Рауан жасөспірімдер арасында қалалық бокс чемпионы атанды!; Ал Айман мен Шолпан «Мұқағали оқуларынан» республика бойынша жеңімпаз болды!... Шаттана, шалқып тұр, жетекшілері.

— Апайдың « лугы » керемет, иә?! – деді, суретші Керім сыбырлап.

— Мамыр апай ең ғажап ұстаз ғой! – деді тағы бірі естілер-естілмес.

Шынымен, апайының сұлу екенін келген күні-ақ байқаған, Рауан. Әуелі, апайы үшін де жақсы оқуға тырысқандай көрінеді кейде өзіне. Мамыр апайдың дауысы мамырдың майсасын тербеген самал желдей жұмсақ, иісі мамыр қызғалдағындай жұпар, өзі мамырдың дәл өзіндей сұлу! Егер Мамыр апайы болмағанда осы сыныпқа сіңіп, бауыр басып кетер ме еді, жоқ па, кім білсін!

Жүгіріп шығып, апайын құшақтай алған қасқа тіс егіздер Айман мен Шолпанға еріп, сұлу мұғалимасының сүйінші хабарына қуанған әр қызды қапсыра, ерекше шаттанып тұр, Мамыр мұғалима. Әп-сәтте шаттық орнаған сыныптағы көңіл-күй ерекше еді. Тек, бұйрабас қана селқос, көңілсіз күйі отыра берді. Рауан орнынан тұрып:

— Апай, сізге өтінішім бар! – деді, сабырлы күйі.

— Иә, айта ғой! – деді, Мамыр апайы көрікті жүзінен нұр шашырап.

— «Ер шекіспей, бекіспейді» деген. Жігіт болған соң төбелесеміз, татуласамыз. Жалқынның бұрынғыдай күліп жүргенін қалаймын. Егер кінам болса, кешірім сұрауға әзірмін! Кінәсі болса, кешуге де дайынмын! Өзім барып достық қолымды ұсынғым келеді! – деді.

Сынып сілтілей тынып, екеудің аңдысын аңдып қалған еді. Мұндайды күтпеген бұйрабас қаққан қазықтай қалшиған күйі, Рауанға тесіле қарайды. Рауан сөзінде тұрды. Бұйрабастың алдына барып, достық қолын ұсынды. Бұйрабас қозғала алар емес. Қолын да көтерер дәрмені жоқтай.

— Жалқын, тұра ғой! Бер қолыңды! – деді Мамыр апай дауысы дірілдеп.

Жалқын орнынан қинала көтеріліп, Рауанның қолын алды. Рауан, Жалқынның қолын қатты қысты да, құшақтай алды. Осыны ғана күткендей ұлдар түгел екеуінің арқасынан құшақтай берді. Осылай, түгел жігіттер бір бүтін достарға айналып шыға келді.

Мұнан әрі бұл сыныпта алауыздық болған жоқ. Сыныпқа емес, түгел мектепке абыройлы болды, Рауан. «Жігіттік жасадың» деп алып Асқар да мақтады. «Жігіттік жасады» деп мұғалімдер де риза болды. «Жігіттік жасады» деп қыздар да сыбырласты. Рауан «жігіттіктің» қандай болатынын білген емес. Бар болғаны, қырғиқабақ жүруді қаламады. Жалқынды кешіре алды. Дос бола алды. Жігітше шешім қабылдай алды!

 

ҚАЛАЛЫҚ БАЛА

 

«Далалық баладан» «қалалық балаға» айналып кеткен Рауан, 8 - сыныпты сәтті аяқтады. Үздік. Ауылдағы балалардың  білімі қаладағылардан төмен емес екенін де, керсінше, ауыл балаларының қажырлы, тілдік қоры бай, салмақты келетінін ұқтырды. Алғаш келгенде сыныбында жалғыз өзі байсалды мінезімен ерекшеленіп тұратындай көрінетін. Жыл соңында, бүкіл ұлдардың өзіне еліктеп, салмақтала бастағанын байқады.

Ғазиза Жалқынның қасына отырудан бас тартып, өзімен парталасы болуға ұсыныс жасағанда Толқын екеуінің достығына қиянат қылған сатқындай сезінген, өзін. Осы күні Ғазиза екеуі де жақын достарға айналды. Сабаққа бірге барып, бірге қайтып жүрді. Суретші Керім де қосылған қатарларына. Жалқынмен – төртеу.

Соңғы қоңыраудан қайтқан балалардың жүзі бал-бұл жанады. Мамыр апайлары жазда оқуға тиіс кітаптардың тізімін беріп еді, соны талқылайды.

— Мен бір ай демалып алып, сосын бір-ақ оқимын! – дейді, Керім.

— Ал мен бірден оқып тастап, сосын демаламын! – дейді, Ғазиза, шақырайған күннен көзін көлегейлеп.

— Туууу, сендер де айтасыңдар! Сабақтан зорға құтылғанда, оқу жайлы ештеңе айтпай тұра тұрыңдаршы! Кітапқа қарағым жоқ! Анама көмектесіп, дүкенінде сауда жасаймын. Керсінше, анамды демалтамын! – деді Жалқын, терлеп кеткен бұйра-бұйра шашын кері ысырып қойып.

Рауан сол тізімдегі кітаптардың бәрін оқып тастаған. Түгелі мектеп кітапханасында бар еді. Оның арманы – ауылына тезірек жету. Әжесінің ыстық құшағына көміліп, мауқын басу; Көлге түсіп, армансыз шомылу; Далалық достарына қалалық өмір жайлы әңгіме айту. Ең бастысы, кең далада балауса майсаны кешіп, Толқынмен серуендеу.

«Сен ауылға барған соң, інің бері келеді. Осы жазда үйді сол күзетеді де, келер жылы қалада оқуға дайындалады. Қарындасыңды үй алған соң ғана шақырамыз. Қыз балаға тар үйде қысылып-қымтырылып өмір сүруге болмайды. Емін-еркін әжесінің қасында жүре тұрсын» – деген, әкесі. Әкесінің айтуынша, анасы екеуі біраз қор жинап та қойыпты. Бір-екі жыл шыдаса, ауылдағы үй мен бір сиыр, он қойды сатып, әжесі мен қарындасын да көшіріп келмек екен.

Мәстек автобустың көзін құртып, үлкен жасыл автобус шығарғалы балалар да сабаққа қиналмай барып келетін болған. Әнекей, абажадай болып келеді. Автобус ызғытып келіп аялдамаға тоқтағанда ішке сүңгіген балалар кондиционері үрлеп тұрған сап-салқын автобустың ішінде рахаттанып отырып, шүйіркелесе дуылдасып келеді.

— Рауан, «бәйгеде талай шаптым» деп едің ғой, сол жайлы айтшы! – деді Ғазиза, кеудесінде жатқан қос бұрымын арқасына серпи лақтырып.

— Аттан қорықпайсың ба? – деді Керім көзін үлкейте, маңдайына сырғытып.

— Жоға! Қазақтың жаны жылқымен үндес! Жануар иесін таныса, иіліп тұрады. Игере алсаң болды. Бәйгеге алғаш тоғыз жасымда шаптым. Шіркін, су қаракер сұлу-ақ еді. Сол жолы бас жүлдені жұлып алдық. «Әйт» дегенде күшке салмай, еркіне қоя беріп отырдым да, соңғы айналымдарға тарта қамшыны бастым. Құстай ұшты. Шаршатпай, етін қыздырып алған соң, бабында екен жүйрігім, жүйткіді-ай!

Балалар тамсана тыңдап қалған еді. Әуелі, кеуделерінде жылқыға деген сүйіспеншілік пайда болғандай, рөлге кіріп алып, қолын сермей сөйлеп отырған Рауанмен бірге әрлі-берлі теңселеді. Керімнің түйсігінде қылқалам билеп, жалы желкілдеп, тұяғынан от шаша шауып келе жатқан қара жүйріктің бейнесі салынып жатқандай.

— Рауан, ауылыңа барсам жылқыға мінуді үйретесің бе? – деді Жалқын, жанарынан жалын ата қарғып тұрып. Теңселген автобустан ұшып кете жаздап, темір білеулерден ұстап үлгерді де, сол қуатымен орнына қайта жайғасты.

— Әрине! Әрине үйретемін! Кел! – деді Рауан, қуанып кетіп.

Екі жігіт сәйгүлік мініп, ауылдың қыр-белінде желмен жарыса шабуға уағдаласты.

— Достар, мен үйге барамын да, «Жүйрік» деген шығарма жазамын. Жаңа Мамыр апай кімде-кім жазғы каникулда шығарма жазып, маған жолдасаңдар «Балдырған» журналына шығаратын боламын  деген жоқ па?! – деді Ғазиза, әлгіндегі өзі арқасына лақтырған бұрымын қайта кеудесіне тастап.

«Бүгін кешке велосипед мініп шығып, соңғы рет ойнаймыз!» деп келіскен балалар аялдамадан түсе, қол алысып, қимай қоштасып, асықпай тарқасты. Ертең «қалалық балаға» айналған далалық бала ауылына кетеді ғой, соның құрметіне тапсырыспен «syshi» алдырып, тойламақ...

 

ҚАЛАДАН ДАЛАҒА ЖОЛ ЖҮРУ

 

Анасы салып берген базарлықтың салмағы тым ауыр. Ол аздай, өзінің де достарына арнап алған сый-сияпаты біршама. Спорттық жарыстарда жеңіске жетіп, чемпион атанған сайын алатын сыйақысын жинайтын. Апасына, бауырларына, достарына, әсіресе, Толқынға ерекше сыйлық алғысы келетін.

Былтыр жазда әке-шешесіне еріп барып, мектеп формасын алған «Барахолка» базарына осы күні жалғыз өзі-ақ барып келе беретін. Құмырсқадай құжынаған елдің ортасынан өз жол схемасын тауып, алмаспайтын да болды. Достарына футбол добын, боксерлік қолғап, гантель алды. Әжесіне ою-өрнегі жалтырап, сусылдаған жұқа жібекті орамал алды. Толқынға... Толқынға сыйлық таңдау оңайға соққан жоқ. Талғампаз, кірпияз емес пе!

Бойжеткен қызға әдемі сөмке ұстаған жарасады. «Dior –Shopper» алды, Толқынға. Толқынның сөмке асынып тұрған бейнесін елестетіп, жымиып қойды. «Толқынның бойы өсті ме екен?...  Достарымның бойы ше, өсті ме? » деп ойлады. Өйткені, спорттың әсері ме, өзінің бойы сорайып, көп өскен. Әжесі ұзын жігітке айналғанын көрсе еміреніп, «құлыным ер жетті» деп жылайтыны анық.

Ауылды қатты сағынғанын таусылмай шұбалаңдаған жолдан жалыққанында білді. Дегібірі қашып, тынымы кетті. Тезірек әжесінің тер сіңген құшағына жетіп, әжелерде ғана болатын ғажап иісін иіскегісі келеді. Достарымен жігітше амандасып, борпылдақ топырақта кеше, желмен жарыса жүгіруді қалайды. Кең даланың төсіндегі мөп-мөлдір, тап-тастай суға түсіп, шаңқайға күннің астында қыздырынып жатуды аңсап келеді.

Толқынға қаладағы өмірі мен қалалық достары жайлы әңгімелеуге асығып тұрғандай. Кенет, Жалқынның жағымсыз қылықтары жайлы айтарын, не айтпасын ойлады. Егер Жалқын уәде бергеніндей жылқы мінуді үйренуге, ауылға келсе... Бәрі де одырая қарап, жақтырмай тұрса...  Жоқ! Болмайды! Қалалық досымның абыройын далалық достарымның алдында түсіргенім жарамас! Жасырып қалайын. Тек, Жалқын екеуміздің жас чемпиондар болып бірге жүрген, бірге күлген күндерімізді ғана айтайын деп шешті.

Қаладан ұзаған сайын құшағы кеңи берген даланың төсінен сұлу ештеңе жоқ шығар, дала баласы үшін. Алыстан маңғаздана бақылаған анау ақшоқпыт тауларды да, топтаса ұшып, шырылдаған торғайларды да сағыныпты. Көк күмбез аспанның бауырында қалқыған мақта бұлттар құдды өзін шығарып салып, біртіндеп қалып жатқандай.

«Қалалық бала келе жатыр! Қала баласына айналған дала баласы келе жатыр!» – деп жарыса шырылдаған топ торғай озып кетіп, қайта соғып, әлден соң, Рауанның әжесінен сүйінші сұрауға бет алды...

Иә, анық сөйтті. Әжесі құстардың тілін біледі!

Түсіндірме сөздік:

1. Спаринг – күш сынасу, төбелес

2. Митенка –  саусақсыз спорттық қолғап

3. Кастет – қолға киетін спорттық темір

4. Луг ( look ) – киім кию стилі

5. Shopper (шоппер)  – сәнді сумка