АБЫЛАЙ ЕСІМБАЙ. МИЛЛИОН АРАСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ

Аспан түбі тесіліп кетті ме, жаңбыр шелектеп төгілді. Жер – жер емес, ми батпақ. Көне шатырдан сорғалаған су терезеге тырс-тырс тиіп жатыр. Тұлдыр күзді ұнатады. Күз ғана Тұлдырды түсінеді. Одан басқа ешкім емес.

Терезе түбінде тұр. Екі көзі сыртта. Нөсер тамшыларында. Жаны әлденені аңсады. Ол мына жерден кеткісі келеді. Себебі, мұнда суық. Бірақ, кете алмайды. Кеткенде қайда барады? Барар жері жоқ. Жіпсіз байлану деген осы шығар. Мұнда әзер жүр. Тірі өлік секілді. Өзін адаммын дей алмайды. Егер ол расында адам болса онда күлмей ме? Әрбір атқан таңға қуанбай ма? Жоқ, ол өйте алмайды. Түн баласы көз жасы құрғамай жылайды. Есін білгелі өмірден баз кешті. Әрбір атқан таңға лағнет айтады.

Жаңбыр тамшылары терезені тырс-тырс қағуда. «Тұлдыр, біз жыласақ та, тек, сен жылама» дейтіндей. «Қайтып жыламаймын мен, айналайындар-ау?!» дейді Тұлдыр жыламсырай. «Сендер көпсіңдер. Мың, жоқ, миллионсыңдар. Мүмкін миллионнан да көп шығарсыңдар. мен жалғызбын. Тек, сендер ғана жарымжан көңілімді аулайсыңдар. Бірақ, мен сендермен көп сырласа алмаймын. Тек, күзде. Және көктемде ғана. Қалған мезгілдерде сендер сирек келесіңдер. Тереземді сирек тоқылдатасыңдар. Мен тек жаңбыр жауғанда ғана қуанамын. Шын қуанамын. Өйткені, сендер мені уатуға тырысасыңдар. Мен тек сендерге ғана ішімдегіні ақтара аламын».

Жаңбыр үдей түсті. Бар жапырағынан айрылған тал байғұстар мына нөсерден зәрезап болғаны сонша, «көмектесіңдер! Ойбай-ай, көмектессеңдерші, соншалықты зұлым болып кеткенсіңдер ме» деп ары-бері шайқала берді. Сынып кетердей.

«Бұл – балалар үйі. Бірақ, жұрт көбінесе бұл жерді – жетімдер үйі дейді. Жетімдер деген шындыққа жанасымды. Әйтпесе, мұнда ешқандай бала жоқ. Менің түсінігімде бала деген бұл дүниедегі ең бақытты жан емес пе? Менің ешкімім жоқ. Ал, ешкімі жоқ адамды – бала емес, жетім дейді...»

Тұлдыр тұратын қосқабатты балалар үйі сонау Кеңес Одағы тұсында салынған дейді. Қазір өте ескі. Тоз-тозы шыққан десе болады. Жөндеу көрмегелі қай заман. Ол үңірейген сынық терезеден сыртқа жиі қарайды. Жан-жағы қоршаулы болса да, қала көшелері көзге анық көрінеді. Көшеден ары-бері өтетін өзі секілді қыздарды көреді. Тұлдырдан жалғыз ғана айырмашылығы – ата-аналары бар.

«Тамшылар, айтыңдаршы, неге бұлай болды? Неге менің әке-шешем жоқ? Неге басқаларда бар, тек, менде, мына үйде тұратын бізде жоқ? Мен неге осы жерде туылдым? Енді өмір бақи осы жерде, балалар үйінде жүремін бе?

Бізді тәрбиелейтін апайлар айтады: «Әкем жоқ, анам жоқ деп қамықпаңдар. Оларың бекер. Білесіңдер ме, сендер кішкентай кездеріңде бұзық болдыңдар. Сол себепті, ата-аналарың сендерді осы жерге әкеліп тастады. Егер, жақсы болып жүрсеңдер, бізді тыңдасаңдар ата-аналарың сендерді қайтадан өздерімен бірге алып кетеді».

Бірақ, Тұлдыр қанша әдепті, тәртіпті болып жүрсе де анасы, я әкесі іздеп келмеді. Өзімен бірге әкетпеді. Шаршады. Күтуден. Қашан келеді?

* * *

Түні бойы қара жел шыны терезені соға берді. Қиыршық тастар терезеге тарс-тарс тиіп жатты. «Тұлдыр, аш. Ішке кірейік». Бірақ, Тұлдыр ештеңе естімеді. Ол қалың ұйқы құшағында жатыр. Бүгінге дейін дәл бұлай ұйықтамап еді...

...Көшеде жапалақтап қар жауып тұр. Сұр қала аппақ болып кеткен. Аппақ қар арасында қап-қара киінген бір келіншек ебіл-дебіл болып бара жатыр. Жоқ, келіншек емес, жап-жас қыз. Неге жылап барады? Қызық. Көшедегі адамдардан ұялды ма, бір қалтарыс бұрышқа жалт бұрылды. Оңашада дұрыстап жылап алғысы келген шығар Жоқ, ол тоқтамады. Бір жерге асығып бара жатқан секілді. Ымырт қараңғылығы қоюланып барады. Мұндай уақытта қыз деген үйінде отырмай ма? Жоқ. Қыз ешкімнен қорқар емес. Құдды жаяу емес, аяқтары жерге тимей ұшып бара жатқан секілді. Қолында жүк бар. Оны қос қолымен құшақтап алыпты. Қыз қос қабатты үй алдына келіп тоқтады. Өзінің үйі ме? Жоқ, бұл үй емес, мекеме екен. Қыз жақындап келді. Мекеме маңдайшасында "Балалар үйі" деп жазылып тұр. Қыз қолындағы жүкті жерге қойды. Енді көрінді, бұл жүк емес, көрпемен қымталған, құндақтаулы сәби. Тып-тыныш ұйықтап жатыр. Қыз сәбиге қарап жылай берді. Жылай берді. "Кешір, кешір" деді. Сәбиді бетінен сүйіп орнынан тұрды да, қараңғылыққа сіңіп жоқ болды. Анасының қасынан кетіп қалғанын сезді ме, сәби шарылдап жылай бастады.

...Оянып кетті. Түсі екен. Үсті-басын тер жуып кетіпті. Денесі зіл батпан. Енді қайта ұйықтай алмасын білген қыз терезе алдына келді. Бұл жер оның сүйікті орны. Сыртқы әлемді терезеден бақылағанды ұнатады... Дала қап-қараңғы. Жылт еткен сәуле жоқ. Айнала жым-жырт. Жұлдыздар айсыз аспанды жаудай басыпты. Бірақ, олар қанша көп болса да, айды алмастыра алмайды екен. Ата-анаң болмаса осы. Айналаңда миллион, миллиард адам жүрсе де, әке-шешесіз өмір – өмір емес. Қараңғы бір көр. Бала үшін. Ана сүті аузынан кеппеген бала үшін. Жетім қашанда шерменде күй кешеді. Іштері шерге толады. Шер деген адамды іштен шірітетін тажал. Құрт секілді ішінен аямай кеміреді. Бала – бала болып ойнай алмайды. Бала болып ойлай алмайды. Олар тым ерте есейеді. Өмірге деген көзқарастары күрт өзгереді. Мейірімге мұқтаж болып өскен олар өзгелерге қатігездік танытқысы келіп тұрады. Өмір заңы солай. Олар жалған сөздерге сенбейді. Тек, бір-ақ жалғанға сенеді. «Аналарың келеді» дегенге.

* * *

Әлгінде у-шу болған балалар үйі комиссия кеткен соң тынышталды. Балалар дастарқанда үн-түнсіз кешкі астарын ішіп отыр. Тек салдыраған қасық дауыстары ғана естіледі. Бәрі көңілсіз. Түсте сәл де болса көтерілген көңілдері қазір су сепкендей басылған. Ылғи осындай. Комиссия келіп кеткен сайын жетімхана басшылары: «Неге бағана сұр жылан секілді жүрдіңдер?» деп бұларды бір сілкіп алады. Сондайда бұлар ойлайды. «Бүкіл Жетімдер үйінде осындай ма? Әлде тек бізде ғана ма? Бізде ғана болса, жақсы. Тым құрығанда басқалар біз кешкен күйді білмей өседі.»

Бүгін қарны әбден тойды. Көбіне ашқұрсақ жүруші еді. Балалар үйі бұларды күнде жарылқай бермейді. Тек, комиссия келерде ғана. Сол күні олар таңертең бір стақан шырын, қып-қызыл алма, дәмі тіл үйіретін ботқа жейді. Ал, түсте және кешке табақ-табақ қуырдаққа сықия тояды. Әйтпесе, күн сайын бір ожау дәмсіз жүгері сорпа іше-іше бірішек болып қалған еді. Бұларға жаны ашитын кейбір мейірімді апайлар: «Қайтесіңде енді, шыдаңдар. Қазір заман қиын. Нарық бізді қыспаққа алды. Уақыт өте бәрі қалпына келеді» дейді. Тұлдарлар түсінбейді. «Заман қиыны несі?» деп ойлайды түтесі шыққан жұқа күртеше ішінде бүрісе. Терең ойлауға өрістері жетпейді. Бала ғой, әлі. Әрі сыртқа қадам аттап шықпайды, шығармайды. "Үй ішіндегі үй" дегендей, Балалар үйі – қоғам ішіндегі қоғам. Бақытсыз қоғам.

Түнде терезе шынысы шашылып түсті. Сөйтсе, сыртта дауыл басталыпты. Дауыл екпіні қатты. Бір соқса, бір апта соғады. Жылда төңіректі астаң-кестең етіп жатады. Бірақ, соған қарамай, балалар үйіндегі балалар дауыл соққанда ерекше қуанады. Өйткені, дауылдан соң, үзіліп бара жатқан үміттері қайта жалғанғандай күй кешеді.

 Жауын жауған, дауыл соққан сайын олар терезе алдына үймелейді. Нөсер жаңбыр астында үсті-басы су-су боп аналары келе жатқандай болады.

1998 жылы күз жылап тұрды...

* * *

...Арада бірталай жыл өтті. Бұл аралықта бір-біріне мүлдем ұқсамайтын талай жаңбыр құйды, талай дауыл соқты. Жыл деген жылғадай зымырады. Балалар үйін Тұлдыр әлдеқашан тастап кетті. Бұл күнде Тұлдыр қайда жүр екен?

 

Сонау бір жылдары күзде жетімхана алдында нөсерге ұрынған ағаш бүгін бүршік атыпты. Бұтасында Отанына қайтып келген шымшық шықылықтап отыр. Қыстыгүні жылы жаққа ұшып кетіп еді...