БАҚЫТГҮЛ ТҰРСЫНБАЕВА. ЖАСЫЛ ТҮС ЖЫЛЫ ЖАҚҚА ҰШЫП КЕТТІ...

 

КҮЗ КЕЛДІ....

Төгілген жастарыма "кеш" деп өтем,

Күз келсе көңіл шіркін өстеді екен.

Басқа мезгіл жаныма нұр құймайтын

Күз келмесе құдай-ау, не істер екем?!

 

Жапырақ теріп кеткен жолай тағы,

Солар ғой, көңілімді молайтады.

Жапырақ жанарына нұрлар тұнып

Ағаштар қимастықпен ән айтады.

 

Қалықтап ұшып жүрсе құстар әні,

Ағаштар сабағынан сұс тамады

Жасыл түс жылы жаққа ұшып кетті

Табиғат кет демеді, қыстамады.

 

Өлкеге қимастықпен бір қарайды,

Терезе тамашылары сырғанайды

Күз келген туған жерге терезеден

Жыр қарайды, содан соң…

Жыл қарайды!

 

ҚАСИЕТ

Жанарыма жадау мұң тұрады-ай кеп,

Кешіп келем ғұмырды сынақ-ай деп

Жат өлкеге аттанғам жол көлікпен

Екеумізді бөлген сол бір-ақ әйнек.

 

Беттерінен бұлыттың өпкен бақыт,

Шеттерінен ақ құмның өткен бақыт

Ақ шағала айналдым, әппақ құмдар

Ақ шыңында ауылдың шөккен жатып.

 

Терезесі қартайған әппақ тамның,

Қасиетін қаншама сақтап қалдым

Шаң көтеріп сәби боп ойнаушы едік

Тар көшесін ес білмей жаттап та алдым.

 

Алдымызда сен соққан зеңгір қырат,

Тұғырыңнан аттанған менмін бірақ

Жүрегіме батқаны сенің қайғың

Өңменімнен өткені жел құрғыр-ақ.

 

"Қуыр-қуыр" тақпақтар жаттаушы едім,

Қозыларды дос етіп, мақтаушы едім

Өзің мені өсірген,

неге қиын?

Ауыл деген атыңды ақтау сенің!..

 

Балалыққа білмеймін несіне ауыр,

Біз өскен ауылдың көп кеші дауыл

Мен сені қия алмаймын, білесің ғой

Мен саған сия алмадым,

Кешір АУЫЛ!

 

БІР ӘЛЕМНІҢ ІШІНДЕ...

Күз тағы сеніменен сенем, келер,

Құстарды ұшыра бер, жөнелте бер

ішімде сені әкеткен жебір ойлар

Ішімде сені жұтқан көлеңкелер.

 

Жаңбырлар жиі жауды, бүркіп таныс,

Көгершін, маған көмек сырды ұққан, ұш.

ішімде өзің берген көбелектер

Ішімде өзің берген сұмдық ғарыш.

 

Жанымнан жиі ытқиды үнсіз желің,

Жанына жоласын ба, түнсізге мұң.

Сезімді саған ғана жоқ еш дедім

Жүректі өзің түрткен кірсіз дедім.

 

Сыйласа күннің маған ақ кемесін,

Оралып, қайта оралып жатты елесім

Бақыттың неге ғана жұлдым екен

Үндемей ұшып тұрған сәт денесін.

 

Қиялға Құдай берген жауы сынды,

Жүректің Күні құлап, Тауы сынды.

Ішінде өзің берген бір әлемнің

Көру, есту

Бейнеңді,

Дауысыңды!..

 

ТАҒДЫРЛАР ТОҒЫСҚАНДА...

Тағдырлар тоғысқанда,

Көңілінен бірте-бірте мұң түсіп,

Қара түнде сен деп түскен түнгі шық

Жанарларды қайта-қайта отқа орап

Көмейімнен қайта-қайта жыр қысып.

 

Бұлыттардан тағы тағдыр елестеу,

Кінәлі боп, ол кінәлі емес деу

Жүректерді қайта-қайта сөйлету

Ақыл-оймен кеңеспеу.

 

Ойларыңнан қайта-қайта оны іздеу,

Мақсатың сол, бақытыңнан қол үзбеу

Бөгелісті қайта-қайта шегеру

Махаббатты парыз деу.

 

Тағдырыңа қайта-қайта үңілу,

Ертең тәтті, білмеген соң, бүгін-у

Өз тағдырың бар екенін ұмыту

Жүрегіңе жүгіну.

 

Амалсыздан бар екенін сезіну,

Бір достасу, бір достаспау, безіну

Тоғысқанда тағдырлар сол есіңе ал:

Тағдыр деген, қоштасу мен кезігу.

 

АРМАН ҚАНАТЫНДА...

Еміс-еміс естіліп қиқулары,

Шырылдайды туған жер, үй туралы

Сәби кезде жаттатқан тақпақ тірі

Құстар үшін шашылған «қиқымдары»

Балалықтың барлығы сүйкімді әлі.

 

Өткере алмай тұрмысыңдар ыстық белді,

Кешке ұшып келсеңдерші, түстік пе енді

Көз ұшынан мүлде құс көрінбейді

Тәңір ұстап тұр ма екен құс біткенді?!

 

Сендер кеткен жолда тұр бар аңсарым,

Батып, қайта атып жүр балауса күн

Сонша күтіп тұрудың қажеті не

Қылаң беріп ұшады бірен сағым.

 

Тентіреп жүр баяғы қарға да әлсін,

Серік етер қанатты болмағасын

Тағатсыздан күтпесін, Тауға барсын

Көгершіндер қалықтап ол да барсын.

 

Аспан біліп тұрғаны рас та шығар,

Жаға алмаймыз шіркін-ай аққа шұбар

Күз келгенде кеткен соң барлық құстар

Сәбилермен санадық аптасын әр.

 

Қараңдаршы, ұя да құрап қойдың,

Үлкендерден көп бидай сұрап қойдың

Бұзақы балалардай кейде құсты

Қинауды да, атуды бірақ, қойдық.

 

Арман іздеп ұштыңдар ақ қанаты,

Ән айттыңдар, арманды ап баратып

Сендер ұшқан күннен соң елдің үсті

Тірішілігі бұзылған, қап-қара түн...

 

Ақ құстарсыз құдірет таң атуда,

Кез де келді көктем-кешке тоңатын да

Біздің ауыл ұшып тұр көк аспанда

Сол арман қанатында!..