ХАМИТ АЙДАР. 11 ҚАРАШАҒА ХАТ

 

Есікпен төрдің, есікпен көрдің, көрмен төрдің, арасы бір-ақ адым екенін кейде білемін, кейде білмеймін.

Білген сәтімде күреңкей күздің қарашасының жәудіреген жанарларын тез көргім келеді. Білмеген сәтте, мына бес күн жалған тым мәнсіз сезіледі. Сәукелі сүмбіленің  аппақ сәулесін жамылған сарқылмас сағыныш айы, мезгілдің мың бояуын жүректерінің қылы еткен ақындар айы , қараша-күз, қош келдіңіз! Менің ғұмыр дариям 11 қараша, жапырақтарың жанымның бөлшегіндей, жырымның ертеңіндей ...

Орны тым бөлек 11 қарашаға хат жазу арқылы барша сағынысқан жандармен ой бөліскім келеді...

Күрең күздің өткен жылдардағы дәл осы күні әкемнің, анамның махаббаттарының жемісі болып, іңгәләп бір сәби дүние есігін қаққан, одан бері неше күздің құстары тізбектеліп келіп, тізбектеліп қайтты. Одан бері неше көктемнің боз жусандары ғаламға ғаламат жұпарларын шашып өтті . Одан бері неше қыстың ақ бұрқақ аяздары әуеде ақ көбелектерін қалықтатты. Бүгін қарашаның жүзі сондай жылы, адамдарға  жаймашуақ жылулық сыйлап тұр. Осы сәтте самайының әр талы мен үшін ағарған, бетінің әр әжімі мен үшін қатпарланған әкемді, анамды шекті ғұмырда шексіз сүйетінімді жеткізгім келеді. Қастарыңызда болатын кезде бола алмағаным үшін кешірім сұраймын. Сіздер менің жүрегімнің төрінде, көңілімнің көгіндесіздер. Аман болыңыздар, асқар тауларым!

11 қараша, кей жылдары сенің де қадіріңді  білмей  қалған сәттерім болған, онда көбінде жақын көрген жандарыма өкпелі болған екенмін, сені құттықтамады, сыйлық сыйламады деп. Қазір ойласам онымның барлығы қате сынды, өзгеден сый күту үшін, әуелі өзіңді-өзің сыйлап, қадірлеп үйренуің керек екен.

Жаның қалаған жанға хабарласып жақсы сөйлесе алмасаң, көңілің түспесін, кезбелі дүние оған да кезегінде сыбағасын дайындап, алдына табақ қып тартады. Сонда іштей түсінеді. Біз, адамдар, әр нәрсенің қадірін жоғалтып алғаннан кейін «әттеген-ай» деп сан соғып барып түсінеміз ғой, қаншама жақсы жандар жасындай жарқылдап жүріп, бірақ түнде сағымды жұлдыздай ағып кетті. Енді оралмайды...!

11 қараша, біз де, осы хатты оқып немесе тыңдап отырған көпшілік те бір күндері ағып кетеміз, оралмаймыз....

11 қараша,  сенде қандай сәулелі  сағыныш болса, менде де сондай сарқылмас телегей теңіздей сағыныш бар. Туған елде жүріп туған жерді, ондағы тай-құлындай тебіскен құрбы-құрдастарды. Қаракөз қарындастарды, бөртелі белдің боз жусандарын, күлтелі жұрттың күл төккен орнын, жетпіс жеті бабам жатқан таңбалы тастарын, арқыраған өзен, азынаған жел, әрбір табанымның ізі қалған ауылдың барлығын  сағынам, сағыныштың әр үзіктері санаға сарқылмас жыр сыйлайды. Жаныма арымас азық болады. Сенде сондай тәтті сезімдер бар екеніне шүбәсіз сенем. Біз, адамдар, шикі сүт емген пенделерміз, тілден, көзден, сөзден сүрініп күнәға  батамыз, ал сен ондай емессің, бір айлық шекті ғұмырыңда шексіз бақытты ғұмыр сүресің, бізге келергі өзің келетін уақытқа дейін түк емес шаттық сыйлап кетесің. Оныңа еш қарымжы тілемейсің, бодау сұрамайсың. Жаның жараланып, жапырақтарың біртіндеп үзіліп жатса да ашық жыламайсың. Сабырлысың, келер күніңнің керемет болатынын білесің. Бізге қарағанда білерің өте көп қой. Дәл  осы күні өз ортаңнан ойып тұрып орын алғаныма өзімді бақытты сезінемін.

11 қараша! Сенің бақытты күндеріңде еш бір пенденің қабағына кірбің,  жүрегіне қайғы, көңіліне күдік түспесінші, ешкім жақсы көрген жақынынан айырылмасыншы. Жаратушыға айтарсың менің осы ақ ниетті, адал өтінштерімді...

Қурайлары боздатып күй, сыңсытып сыбызғы тартып жататын өлілер мекені қабырстан ғазалдары да сенің көркем күндеріңнің қалқасында желге жемірліп, түнек түндерге тұтқындалып, уақыттың уысында умаждалып жатыр. Сол мәңгілік мекенге қадамды бірге баспайықшы. Қайта оралмас жолдарды қайта көктейтін жапырақтарыңмен жауып тұршы...

11 қараша! Менің жаным өзіңмен, өзіңнің жаның менімен егіз. Егіз жанымызды ессіздер есіркемесін. Егіз жанымызға еш жамандық келмесін. Сенің келе жатқаныңды, біртіндеп жақындағаныңды сезгендей артқы көршімнің ауласындағы бір тұп алма ағашқа қос бозторғай кеп қонақтап, сайрай жөнелді. Бозторғайларымыз үрікпесін. Шошымасын. Әуеде тізбектеліп және де құстар қайтып барады. Түстікке немесе шығысқа қанат қағып, екеуміздің сағынышымызды, қуанышымызды сусылдаған қанаттарына қондырып..