Ол автобусқа кіріп, орта тұстан орын алды. Алда бір топ қыз отыр екен. Өздері жап-жас, сүп-сүйкімді. Әлденеге мәз болып, күлісіп, бізді көрдіңдер ме дегендей жан-жақтарына қарап қояды. Бұл олардың әрқайсысына кезек-кезек көз тастап, іштерінен біреуін өзіне таңдай бастады. «Иә, әне біреу – шетте отырғаны сұлу екен, сол – менікі». Ол «өзінің» қызына қайта-қайта жалтақтап қарай берді. Кенет көздері мен көздері ұшыраса кетті. Бұл көзін алмай қадала қарап еді, анау да көзін тайдырмады. Біраздан кейін тағы да көздері түйісті. Бұл жолы қыз болар-болмас жымиғандай болды. Содан әрі көзқарас арқылы ұзақ әңгіме басталды.
Көзді тек көру үшін ғана жаралған деу – қандай ұшқары пікір десеңші?! Көз, ең алдымен, сөйлеу үшін жаралған. Тіл жетпейтін нәрселерді тек көзбен ғана айтуға болады. Қандай ғажап сезімдер бар көзқараста?! Көздің жанары адамның жан дүниесінің ең терең түпкіріне бойлайтын лазер сәулесі іспетті. Тіпті музыкадан да мұндай ләззат ала алмайсың. Музыкада қалайда әрқалай түсінуге болатын беймәлім түсініксіздік бар. Ал мұнда бәрі ап-анық. Бәрін де жаныңмен қапысыз ұғасың.
Джаконданың болар-болмас жымиған көзқарасына бүкіл жер бетіндегі халықтардың құмарта қарағанына қанша ғасыр?! Ал мынандай үнсіз әңгімеде қаншама Джаконданың көзқарасы жатыр. Ондап, жүздеп… Көзіңе көзі түскен кезде бүкіл сана-сезімің от тиген қаудай лап етіп шыға келеді. Сол ішкі өрттің қызуынан қапелімде қызарып кетесің де, бірақ соның өзі жүрегіңді әлдебір қуаныш нұрына бөлейді. Қай сөз, қай музыка осындай жалғыз секундта жаныңның астан-кестеңін шығара алады? Жоқ, көз көруден бұрын, меніңше, ең алдымен сөйлесу үшін жаралған.
Сонымен, әңгіме ұзаққа созылды. «Сіз маған ұнайсыз». «Мен бе?». «Иә, сіз. Ал мен ше?». «Сіз де ұнап тұрсыз». «Рас па?». Осы кездегі оның күлім қаққан жанарындағы сәуленің әсерін «рас» немесе «иә» деген түкке тұрмайтын сөздердің мағынасы бере алмайды. Ол әшейін проза.
Ал көзқарастан тараған отты леп жаныңды шарпығанда бірінші сезерің – алып қашқан тағатсыз шаттық. Оны таратып айту үшін тұтас бір роман немесе симфония жазу керек. Өстіп отырғанда оң жағыңнан әлгіден де ғажап сұлу қыздың отырғанын көресің. Бір көргеннен арбаласың. Апырым-ай, бері қараса екен, бір-ақ рет, басқа түктің қажеті жоқ. Ал анау қарамайды. Ол қарамаған сайын құмарлығың арта түседі. Алғашқы ғашығыңды қалай ұмытқаныңды сезбей де қаласың.
Кенет… О, Жасаған, әлгі сұлу бұған жалт қарады. Мынау талып қала жаздады. Қандай ғажап көздері! Терең ойлы. Тұнжыраған. Түпсіз тұңғиық. Сәл-пәл таңырқаған кейіппен бұған қадала қарап тұр. Біраздан кейін тағы да солай қарады. Ойпырым-ай, өмірде мұндай бақыт болады екен-ау! Қандай сүйкімді, қандай әдемі! Әнеки, көзқараспен тілдесуге де кетәрі емес секілді. Жанарымен жай сипап өткенінің өзі неге тұрады!?. Қандай сабырлы, қандай тұрақты! Түсінемісің менің көзімдегі ынтызар тілекке?! Ұғамысың жүрегімді?! Сенімен дәл осылай көзбен аймаласып ғұмыр бойы отыра беруге дайынмын. Сеземісің осыны?.. Сезеді ғой, сезбесе осылай қарай ма?
Кенет ол әлдебір көзқарасты сезгендей болып басын бұрғанда, өзіне жауыға қараған манағы алғашқы қызын көрді. Кінәлап, айыптап тұрған көзқарас. «Тұрақсыз, опасыз! Сендерді де жігіт дейді-ау». «Мен не ғылдым? Мен жай әшейін қарадым… Онда тұрған не бар?!» деп ақталды бұл. «Жай әшейін!» дейді. Жаңа ғана маған өліп-өшіп отыр едің ғой. Кешке дейін енді неше қызға осылай өліп-өшіп сұқтанар екенсің?! Сүйіспеншіліктің не екенін білмейтін көрбілте топас, зинақор!»
Бұған «зинақор» деген көзқарас батып кетті. «Ау, қойсаңшы енді балағаттамай, менің зинақор екенімді қайдан көрдің?! Немене, ұстап алған жерің бар ма?!». «Оны білудің қажеті қанша, көзің бәрін айтып тұр! Алғашқы қарағанда-ақ адамды көзіңмен шешіндіріп, ішіп-жеп бара жаттың… Көзіңнен неше түрлі ұятсыз сезімдер байқалып тұрды. Сол аз ба?! Бейбастақ, найсап! Сендейлерді оңдырмай жазалау керек! Өзің комсомолда барсың ба?!»
Бұл комсомолда екенін жасырып қалды. «Оны қайтесің? Мені комсомолдан шығаратындай не істеппін?!». «Сен – сатқынсың!».
Осылай салғыласқан ұрсыс-көзқарас біразға созылды.
Бұл не де болса алғашқысынан ажырасып болып, екінші ғашығына көз салғанда, күтпеген оқиғадан көзі көрмей (тілі байланып деген мағынада) қала жаздады. Әлгі ғашығы мұның көзін ала беріп, арт жақтағы басқа біреумен жымыңдасып отыр. Тіпті анда-санда қасын керіп, мекерленіп шақырғандай болады. «О, ұятсыз! Апыр-ау, мынау не деген жүзіқара! Тіпті төңіректе ел бар-ау деп ойламайды. Ау, бері қарашы өзің».
Анау тіпті бұған мән беретін емес. «Кел, кел маған…Ынтығып өліп отырмын» дейді. Тек бұған емес, арттағы басқа біреуге. Енді «опасыз» деген көзқарасты өзі қолдануға мәжбүр болды. «Опасыз сайқал!». Анау осыны сезіп қалғандай бұған жалт қарады. Бірақ танымайтын адамдай, тіпті, бірінші рет көріп тұрғандай қарайды. Өзінің қателігін сезген ол енді алғашқы қызынан кешірім сұрайын десе, ол түсіп кетіпті. Ақыры қарақан басы – өзі де түсті автобустан.
Далада сіркіреп жаңбыр жауып тұр екен. «Өмір деген осы екен ғой» деді ол күрсініп...