АЛМАС АХМЕТБЕКҰЛЫ. ДАУЫС

Махамбетке өз басым,
Жүз жылдан соң ас бергем!
Ж. Нәжімеденов

     Тұрмысында сабырлы, мақтанға сараң Жұмекен Нәжімеденов мынау марқа көңілді жолдарында нені меңзеді екен дейсіз. Әсіресе, Махамбет есімі елімізді, тіпті жер дүниені жаңғыртып тұрған осынау шақта Махамбетті атаған ақын жайлы, оған жүз жылдан соң берген “асы” жайлы ойламау мүмкін емес!
         Иә, Махамбеттің елінде ұланасыр той. Мұндай тойда әдебиетшілігі ұстап, “махамбетке”, “махамбетше” деп, додаға бір-бір кіріп шығатын қызыл шеке жазғыштарымыз да той көрігін баса түсетін әдеті.
         Махаңның тойы болған соң елеңдесек те “ел көп екен” деп сырттан бағып тұрғанбыз.
Тойдың дабрасы он жылдан бергі өтіп жатқан дәстүрлі сценарийге жақындап бара жатқан соң, біздің назарымыз басқа бір жағына ауды. Жиырма жылдан бері өмірде-арамызда жоқ Жұмекеннің Махамбет батырға, Махамбет ақынға “Жүз жылдан соң берген асына” бұрылдық. “Махамбетке өз басым, жүз жылдан соң ас бергем!” Ас болғанда да, қандай ас? Жұрт ұйқыда, ел бұғауда жатқан қызыл кеңестер кезінде берген ас.
         Махамбет өмірінің алуан қырын, Махамбет заманының трагедиясын, ондағы ойы азат ақынның аласұрған күйін, елі бодан батырдың жанталасын, арпалысын, бүкіл халықтың трагедиясын “Жаңғырық” поэмасындағыдай жалындатып, жарқыратып, жанын түршіктіріп, өкінтіп, ат бауырына құлата өкіртіп жеткізген шығарма ендіге сірәда туа қоймас.
         Жұмекеннің өзі мақтан еткен – “Жаңғырық”, Махамбеттің кісілік қырлары мен жалынды жырларын арқау еткен “Жаңғырық” – жеті бөлімнен (790 жол) құралатын лирикалық поэма болатын.
Бұдан ширек ғасыр бұрын жазылса да жұрт алдына шығар кезі енді жеткен-ау дедік.
Ақ шел жапқан жанардай түк
көрмейді ақ аспан,
Түк көрмейді ақ аспан – тағдыр да
сол о бастан...
Жаңқа құсап жонғанда борап ұшар
ағаштан
қиыршық қар борайды;
ақ толқынды ат ұлып,
Ақ Жайық пен ақ аспан,
бір-біріңді сапырып-
Ақбоз мініп шықты, әне жалғыз
батыр ақырып:
Ақыртып бір жырласаң
міне, саған тақырып!

Қазақтың, қазақ даласының, аспанына ақ шел жапқан кіріптар – бодан заманның басы Махамбет соңы Жұмекен болатын. Ақ Жайық пен ақ аспанды бір-біріне сапырған шабыт, Махамбеттің жырына жанын қайрап, Ақбозын мініп арқаланған шабыт дастанның соңына дейін аттан түспей айқасып, ойқастап өтеді. Ақыртып жырлаған батырының басы кетіп, халқының жаны жасығанша, онан соң да атынан түспейді.
Ақын жалғыз бола ма-
батыр түскен жол жалғыз,
Ер үстінде – ер,
Ел, маған ерлер жайлы толғанғыз!
Біреуге өзің ере алмай,
өзің ертпей біреуді,
батыр болып тумай-ақ,
біз де жалғыз болғанбыз.
Әрі ақын әрі батыр кейіпкерінің жалғыз қалған, онда да мойын ұсынбаудың жалғыз жолында қалған, опынған сәтінен басталатын дастан, оның екпіні Жұмекеннің де жыр жолындағы, жалғыз соқпағы мен жанының жалғыздығымен (оның да басқа таңдауы жоқ) жанаса кетіп жатады. Шынында да арысы Махамбет те, берісі Жұмекен де уақыттың Жайыққа берген жалғыз-жалғыз тұлғалары екені анық.
Тәуекелге бас, батыр,
Ақын басы, бат ойға –
Тағдыр қатал онсыз да,
Қатайма, жел, қатайма!

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз әрі тәуекелдің батыры әрі ойдың ақыны әйдік Махамбет екенінен жаңылмаңыз. Дастанның өн бойында ақын ойланады, батыр тәуекел етеді.
Поэманың басында жапанда жалғыз жортып келе жатқан ақынның шылбырына жармасар азаматтар да жолығып еді:
- Бір тілегін бере көр,
әрі шәкірт, әрі інің
аяғыңа жығылды;
жаман ырым – жаңа ырым.
талайымыз бір, аға,
сен таппасаң бақ-бағым,
мен елімнен пана етер бұйра-бұта
таппадым.
Жел жағымыз жалаңаш –
орман қайда қап-қалың
Халық қайда кешегі –
білмеймін кім атқанын! –

         Жалына жабысып, жалғыз жібермеймін деп, шылбырына оралған жас жігіттің мынау күйініші батыр Махамбетке емес, ақын Махамбетке батыңқырап кетеді:

Тебіренді жыршысы, ал,
Жылай жаздап тұрды сәл,
Кеудесіне жігіттің құлай жаздап
тұрды сәл.
Іште – дұшпан,
Сыртта – жау, тарқамады-ау
бір құсаң,
Қадаласың қай жауға ақ жебе боп
ырғасаң?!
         Батырды жалғыз жібермеймін деген ойын селге кетіріп, серік болайын деген, жігіттің тілегін қабылдамаған тұста ақын тастап жіберсе жер көтермес ауыр, шапса жетесіне жетер алдаспан ойларын айтып салады:
Бәрі жалғыз жігітің –
мақсұты алыс болса егер,
Алыстарға адам тек
жалғыз ғана жол шегер.

         Немесе, әлгі жігіттің ашынған көңілмен берген мынау жолдарға зер салыңыз:
- Майда құм да қатал ұл
туады екен, апырай,
қырсығыңды, тым құрса,
қимадың-ау, батыр-ай.
- Ел қорғауға татитын
туып алып ер ұлды,
Ез ел болып жүрмеңдер
қорғалуға татымай! –
         Махамбеттің ойымен рухы өзінің жанына жалғасып, неше ғасырдың ауқымындағы ойлар көкірегін кернеген Жұмекеннің айтары бұл емес, бұл басы ғана.
Ақыры ақын жалғыз кетті. Төрт-ақ жолда тұрған қимылмен суретке қараңыз:
Ақбозатқа тақымын ақын
қағып үлгірді,
Тақымымен ат баурын қара дойыр
бірге ұрды.
Жігіт қазық басында қатынша
еңіреп “бүлдірді”,
уысында...қалды ұстап қылыш
қиған шылбырды.
         Зайыры қорғалуға татымайтын “ит халық” болмайды, ол ез болса да, тобыр болса да сенің халқың. Сен сонан тудың. Сен оның мәңгі құлысың. Ақын әлгіндей шумақтарды күйгеннен айтады. Шексіз жанымен сүйгеннен айтады.
Хан салғанда тепкіні,
Би бастады түрткіні,
Жұртым деді жұлынып, түсінді ме
жұрт мұны!
Халқым деді қақырап қайқы
қылыш қолға алып-
қайда бірақ сол халық?!
Қыздырғанда сары қымыз,
қақсатқанда қайғы шын –
Біреуі ерсе дақпыртқа
көбі еріпті пайда үшін!
         Халқымыз бодан болар шақта әр батырдың – Махамбеттің де, Кенесарының да, Мұстафаның да, Әлиханның да, Ахметтің де басынан өткен бұл да бір жан жылатар шындық – батыр біткеннің өкініші, көсем біткеннің қасіреті ғой бұл! Ендігі жерде жалғыз атты батыр, жапанда жортқан ақын елді есіне алады:

Елді ойлап ед осы сәт –
елестеді құм үсті,
Сирек түтін, сұр сағым,
қыз құшағы бір ыссы,
Аңқау азаматтары әзіл айтып,
тамсанып,
қонақ етер жауын да,
құдасындай қарсы алып.

Осынау күйіміз – аңқау, аңғал, сенгіштігіміз күні бүгінде басымызда:
Тарлық етсе лашын –
тырнағының белгісі;
жарлық етсе жаман хан –
оңдалмайды енді ісі:
хан қараға жауығар келген шақта өлгісі.
Хандар –күшті, дала-үлкен, халық қара,
мен кіші,
кішімін деп халқымды жауға берсем –
нем кісі!
Мені қорлаған жалғыз-ақ
әлсіздіктің белгісі.
         Өткен екі ғасырдағы ұлт тұлғаларының ең өзек жарды мұраты да, өкініші де, осы еді.
Хан, төре бар алаяқ-ел ертеңін
болжамақ,
Суық қымыз жұтатын,
сұлуларын олжалап.
Елім дейді олар да,
Халқым дейді қақырап,
Тоңқаң қағып тон киген тоң мойын мен ақымақ.
         Пәни дүниенің рахаты, оның суық қымызы мен сұлуы, алаяқтар мен алдамкөстердің қанжығасында кетіп отыратыны бұрын да болған, бұдан былай да болады.
         Тек қана ой мен ішкі жан құбылысының тебіреністерінен өрілген осынау ғаламат поэманың қай тұсынан үзіп алсаң да сөзіңнің өн бойына, мақалаңның әр тұсына гауһар таққандай жарқырап тұрар еді. Біз жеті бөлімнен құралған сабы алтын, шымыр поэманың әзірге екінші бөлімінен өттік.
        
Балаға сабақ өткен мұғалімдерше түсіндіре кеткіміз келмеп еді. Зайыры, тамаша өлеңді талдаудың өзі қорлау. Ол – тұтас, бүтін сұлу дүниенің жігін ашып, бүлдіру сияқты жұмыс. Десе де, Жұмекенді оқудың мектебі қалыптаспағанын ескере отырып, оның осынау сом алтыннан құралған кесек дүниесін былайғы жұртпен бөліскіміз келді.
         Бұл дастанның мұншама сәтті шығуына – оның кейіпкері Махамбет болғаны, оның ақын болғаны, оның батыр болғаны, сұрапыл жыршы болғаны, Жұмекеннің жанына ең жақын келгені, екі ақынның да рухының тәуелсіздігі айта қалсын себеп болған. Шығарманың өн бойын – тәуелсіздік аңсау мен “қары ұйып қақсаған күресті” сағыну кернеп тұр. Махамбет туралы нағыз дастан осылай болса керек-ті. Кейіпкер жанының биік мұратын осындай ұштасулар ғана жасайды.
Алданды ақын соңғы рет –
алдаған өз атағы,
Саудагер ғой қашанда сыртқы
жаудың қатары,
Сатылады ішкі жау, сондықтан да –
сатады.
Даналар да сондықтан қапы кетіп
жатады.
әр тақымда кісінеп аты кетіп
жатады...
         Осылайша өз Махамбетінің өлімін өкіне бір, ағыл-тегіл қайғымен қан құса жырлаған ақын айтылған соң да, санаңды сарылтып зорға табар тереңдерге тартады. Артық шыққан атақ та алдағыш, оны жау біткен де саудалағыш-ау.
Бәрі тынды: жыршы өлді,
қапы кетті, бар ма амал.
Ақ қылыш қып өлеңді,
ақын өтті, бар ма амал.
Көк тиыннан өзгені көзі көрмес
көр надан,
Өзін-өзі қорлаған жұрт, сен үшін
арланам...
- деп кейиді, налиды, қорланады.
         Батыры өліп, серкесі кеткен сергелдең елді, сенделген елді сергелдеңдігін де, сенделгендігін де сезбеген елді былайша суреттейді:

Бас қырқылды, ал, со жолы,
Кеуде тынды бір түрлі,
Басы кеткен кеудедей ел де тын-ды
бір түрлі,
Ел де айдын көл секілді,
Толқымаса - өлі су,
Ондай көлді шалшық қып бөлісу жөн, бөлісу.
Бөліседі кім мен кім?
Бөліс деген – далбаса
Неғылады бөлісіп –
Егер түгел алмаса?!
         Басы кеткен елдің екі ғасырға жуық Ресейдің отары болғанын солай да, солай отарлағанымызды, “сыртқы жаудың” – отаршылдардың сайқалдығын, отар жатқан кезімізде осылайша жырлаған Жұмекен:
Сонда ақынның қолынан құлап
түскен қаламын –
Жарты ғасыр өткен соң
Маяковский алады,
Хан әлсіреп, туғанда ой да тағы
қатайып,
Ақ семсерін батырдың ойнатады
Чапаев,
- деп қаламнан да, қарудан да қалай, қашан айырылғанымызды қақыратып-ақ айтады. Қаламымыз қызыл сия құсып, қаруымыз қастасымыздың қолында ойнаған – Шағаланың қанатынан жауған қардың қылауына дейін қызылмен боялған күндерде қандай тауқыметтердің болғаны бүгінде әркім-ақ айтатын ақиқат. Мықты болсаң Жұмекеннің кезінде Жұмекенше айтар ма ең?
         Махамбет – жырымен де, қайшылық пен қақтығысқа толы өмірімен де, жеке басының тартысты өкініштерімен де адамзат тарихындағы нақты тұлға ретінде де, көркем тұлға ретінде де, қайталанбас дара кейіпкер екені даусыз. Ал Жұмекеннің “Жаңғырығы”, Махамбет тұлғасының Жұмекеннің жанымен астасқан бітімі. Бүгінгі біз рухына табынған Махамбет те жаңағы Жұмекен жырындағы асқақ Махамбет.
Шығарманың аса биік те, сиқырлы көркемдігіне талдау жасауға батпадық, тартындық. Сұлу нәрсені – ғажайып көркем затты көзі бақырайып тұрған кісіге барып сұлу деп дәріптеуден, бәйек болып мадақтаудан өткен михнат жоқ.
Ел қорыған ер де сол таба алмапты
бір тұрақ,
Ебі келсе ердің де еке
басын қырқып ап,
Ал, көлгірлер жүр әлі
көзі күліп жылтырап.

Ал, жарынан аса алмай
Жайық жатыр баяғы,
Толқындары көк тасқа тайып
жатыр баяғы;
Тасасында тастардың,
Қабатында құмдардың
ақынды да алдап өлтірген
айып жатыр баяғы.
         Осындағы сурет пен қозғалысты, ой мен сезімді сөзге айланбай-ақ түбіңе жетер түйсіктерді талдай жөнелсең, қуа жөнелсең, талайға дейін тоқтамас едің.
Жуасыды Ақ Жайық:
Күн ашылды, жел тымық,
Ел де тынды –
желікті жігіттерін өлтіріп.
Асау аулақ біздерден,
Асаулардан біз аулақ-
Тұлпар туар биелер сиыр болды
бұзаулап.
         Жұмекеннің ешбір жыры, ешбір жолы заманына тәуелді болмаған. Қайсар ақынның “Жаңғырығы” бірде-бір кейіпкерінің атын атамай-ақ, Махамбет рухының арқауына өріліп, осылайша тағы да, уақытына тәуелсіз аяқтайды. Иә, Жұмекен заманына емес, өз мақсұты мен жыр мақсұтының сертіне аса берік болғандықтан да халқының, ұлтының ұлы мұраттарының, ұлы өкініштерінің өңменіне дөп келер дүниелер туғызған. Тәуелсіздігі сол, ширек ғасырдың алдында туған осынау “Жаңғырық” лақ көгендегендей маңыратып тізіп тастаған “махамбетше” мен “махамбеткелердің” жанында кермеде тарпынған құлагердей талассыз дара тұр. Иә, Жүке! Махамбет рухы мен суғарылған сұлу да сұрапыл дастаның жүз жылдық емес, мың жылдық дастан. Ол – еліңнің жанында Махамбетіңнің және сенің рухыңмен бірге мәңгі жасар.
         Ел еңсесін көтерді. Сен аңсаған, сенің Махамбетің аңсаған азаттыққа жеттік. Сен аңсаған “Жаңғырық” - Махамбет үні бүгінде ұлан байтақ еліңді, жер әлемді жаңғыртады. Сенің қаламыңнан туған “Менің Қазақстаным” әні қазақ біткеннің рухын, қанын тасытады. Өзің айтқандай:
Түйдек-түйдек сөздердің түйген
жерде мәні бар,
Түйсікті ерлер кездессе –
бір жалт етіп танылар.