Бүгінгі таңда тіл білімі мен әдебиеттану ғылымындағы көптеген мәселелерді бір жақты, тар шеңберде қарастырудан арылып, салааралық байланыста қарастыру кең тарап отыр. Ғылымның қандай саласы болмасын тек өз қазанында қайнамай, өзге де салалармен байланыс орнатуы маңызды. Осыған орай соңғы кездері тіл-әдебиет ғылымын мәдениет, психология және т.б ғылымдармен шендестіре зерттеу белең алуда. Тілдің белгілі бір этносқа қатысын, оның адам санасына тигізетін әсерін этнолингвистика, психолингвистика бағытында зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдар дәлелдеуде.
Олай болса қазіргі қазақ поэзиясын ұлттық дүниетаным шеңберінде психопоэтикалық тұрғыдан қарастыру қажеттілігінің туындауы заңды.
Зерттеу мақсатына сәйкес қазіргі қазақ поэзиясындағы психопоэтика мәселелерін пайымдау үшін психолингвистика, психопоэтика терминдеріне түсініктеме бере кеткеніміз абзал. Психолингвистика – психология мен лингвистиканың аралығындағы ғылым саласы. Ол тіл, ойлау мен сананың қарым-қатынасын зерттейді. Психолингвистика, ең алдымен, тілді психиканың феномені ретінде зерттейтін лингвистиканың бір саласы. Ал психопоэтика терминіне келсек, ол дегеніміз – психология, лингвистика және әдебиеттанудың тоғысында пайда болған бағыт. Е.Г. Эткинд психопоэтикаға мынандай анықтама береді: «...область филологии, которая рассматривает соотношение мысль – слово, причем термин «мысль» … означает не только логическое умозаключение (от причин к следствиям или от следствий к явлению и обратно), не только рациональный процесс понимания (от сущности к явлению и обратно), но всю совокупность внутренней жизни человека» [1, 12]. Е.Г. Эткинд бойынша, адамның сыртқы бейнесі мен ішкі дүниесі қарама-қарсы қойылады. Осы тұрғыдан келгенде, әдебиет адамның көзге көрінбейтін ішкі әлемін бейнелейді, сөйтіп психологизммен ұштасады.
Қоғамдағы өзгерістер, ұлттық ой-санадағы сілкіністер поэзияға да жаңа тыныс, соны леп әкелді. Қазіргі қазақ поэзиясы идеялық-мазмұндық жағынан да, көркемдік сапасы, түрлік ізденістері тұрғысынан да жаңашыл белгі-нышандармен толығып, соны тәжірибелерге барып отыр. Алдыңғы поэзиямен салыстырғанда өзгеше бір сипатта дамып келе жатқаны айқын сезіледі. Бұл қандай өзгешеліктер десек, келесі белгілерді атауға болады. Олар: өлең құрылысында жаңа тәжірибелер жасау, астарлы мағынаға бейімділік, бейнелілік, авторлық метафоралардың молдығы, ақындық психологиялық қайшылықтарды көрсете білу, философиялық сипаттың тереңдеуі, ақын мен оқырман арасындағы қатынастың көп қабаттылығы және т.б. дер едік.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, психопоэтика өлең сөздің психикалық ерекшеліктерін қарастыратындықтан, өлең жолдарындағы сөздердің адамның санасы мен бейсанасына тигізетін әсері бірінші кезекке шығады. Және де ол концептік кодтарға, реңкті сөздерге байланысты. Бұл жерде әр оқырманның жеке индивидуалды дүниетанымдық түйсігі мен менталдық, мәдени шифрлары, білім деңгейі маңызды рөл атқарады. Яғни, бір сөздің өзі әр адамға әртүрлі психологиялық деңгейде әсер етеді деген тұжырым. Постмодернизм ағымы адамның логикалық санасын айналып өтіп, оқырманына төтенше бейсаналы, санасыздық деңгейінде әсер етуге талпынатынын ескерсек, бүгінгі таңда поэзияның, соның ішінде қазақ поэзиясының психологиялық әдістерге жүгінетінін батыл айта аламыз. З. Фрейдтің тұжырымдамасы бойынша адамның өзіне кейде беймәлім құпия қалаулары мен аңсаулары оның ойларына, іс-әрекетіне әсер етеді. Бұл құбылыстар санасыздық деңгейінде, мидың төменгі терең қатпарларында орын алғандықтан, оның құпия мотивтерін түсіну қиындық туғызады. Демек оқырманның өлеңнен алатын эстетикалық ләззаты тереңдеп, күрделене түспек.
Сонымен қатар шығарма оқырман санасымен, ой-тұжырымдық, дүниетанымдық шеңберімен қатар стереотиптік базасын құруға бұрынғыдан да қатты әсер ете алады. Себебі жоғарыда айтылғандай, менталдық кодтар іске қосылғандықтан, оқырманның саналы ойлау сүзгісі бұл жағдайда көмекке келе алмайды.
Қазіргі таңдағы ақындарды тек қана бір ағым өкілдері деп атау қиын. Олардың шығармаларынан классикалық дәстүрдегі сарынмен қатар модернистік, постмодернистік тәрізді көптеген бағыттардың іздерін байқауға болады. Десекте қазақ поэзиясы әлі де болса дәстүрліліктен ажырамаған, керісінше, ескіні жаңартып, жаңа қалыпқа салуда.
Әдебиеттанушы ғалымдар кейбір ақындардың жаңашыл ізденістерін тек жеке эксперименттер ретінде бағалап жүр. Өйткені толықтай постмодернизмге өтіп, дәстүрліліктен қол үзу үшін далалық, ауылдық санадан индустриясы жоғары дамыған қалалық ойлау жүйесіндегі құрылымға көшу қажет деп есептейді. Кезінде суырып салмалық көшпенділікке, ал жазба өлең отырықшылыққа тән болғанындай, жаңашыл, модернистік бағытта белгілі бір құндылықтарға негізделеді. Яғни, адам санасының ғасырлар бойы қалыптастырған ұжымдық, этностық, адамзаттық дүниетанымдық шеңберін белгілі бір мөлшерде қиратқанда ғана жаңа деңгейге көтерілуге немесе керісінше түсіп кетуге болады. Ал бұл үшін қоғам күрделі әлеуметтік, саяси, экономикалық, технологиялық өзгерістерді талап етеді.
Адам санасынан гөрі бейсанасымен жұмыс істеуге бағытталған өлеңдерге:
- Ой күңгірттігі мен, бір қарағандағы, түсініксіздік, қиялилық;
- Абстракциялау, жалқыны жалпыландыру немесе, керісінше, жалпыны жалқыландыру;
- Мифтік, мистикалық сарын;
- Символизм, образдылық элементтері;
- Белгілі бір ұжым көлемінде немесе адамзаттық деңгейдегі концептік, менталитеттік, психологиялық шифрлар;
- Ұрандық, стереотиптік, пафостық сөздермен әдіс-амалдарды жария не болмаса жасырын формада қолдану тән.
Ақын Е. Нұрдыхан:
Жалбыз мұңым гүл ашады,
Жалғыздығым ұласады
ғасырға.
Боз жусанға кетті айналып шашым да.
Ай иіскелеп маңдайынан мазардың,
Отыр, әне, қара дөңнің басында.
...Тіл ұшында тылсым нүкте...
Қаймағы мол үнсіздікке
семіріп.
Кәрі зират есінейді ерініп.
Сан ғасырдың сағынышын сімірген,
Сол зираттың сондай суық еріні.
Сан ғасырдың сағынышын ...
Сәби көктем кәрі қысын...
Мың қилы
Кәрі зират үнсіз ғана қылғиды.
Топырақтың қашанғы сол қайғысын,
Жапырақтың жанарына кім құйды?!
...Мезгілді көрдім мен кеше,
Қыз екен қызыл бұрымды,
Мезгілді көрдім...
Ендеше
Ертеңнің өзі бұрымды!
Қызғылтым шаштың әр талы,
Сағыныш...
улы сан жылан...
Арманның алтын арқаны,
Адамзат рухын шандыған...
– дейді өзінің «Қалжырау» деген өлеңінде. Бұл өлең жолдарында ассоцияциялық ой сурет, символдық бейнелеу негізінде лирикалық қаһарманның өзін қоршаған әлемге, ондағы жағдаяттарға қатысты ішкі сезім иірімдерін бейсаналық түйсіну деңгейінде жеткізу бар. Ай – жоғары руханилық пен тылсым, мистикалық әлем символы болса, мазар –мистикалық боямаға ие, бір нәрсені жоғалтудың, орны толмас қайғының, естеліктің балама символы болып табылады. Өлеңнің өн бойынан сағыныш, жерінумен қатар аңсау, сары уайымшылдыққа салыну байқалады.
Сондай-ақ, Т. Әбдікәкімұлы, А. Елгезек, Е. Жүніс, А. Тасқараұлы және т.б ақындар шығармашылығында да постмодернистік бағыттағы ізденістерді байқауға болады. Бірақ тек модернизм мен постмодернизм стиліндегі өлеңдер ғана психологиялық әсерге ие емес. Кез келген шығарма белгілі бір деңгейде оқырманына әсер етеді, бұл жерде мәселе оның қалайша және қаншалықты әсер ететінінде. Себебі сәтті шыққан шумақ, орынды айтылған сөз адамның жан пернелерін дөп басып, әр алуан сезімдер тудыруы мүмкін. Бұл жерде басын ашып алатын мәселе – шығарма оқырманның санасымен немесе бейсанасымен жұмыс істейтіндігі. Жалаң баяндау мен құрғақ ұранға құрылған өлеңдер адам санасында терең із қалдырмайды, тек белгілі бір ойларға итермелеуі мүмкін. Өлеңнің оқырманына тигізетін әсері көп жағдайда мазмұны мен идеясына, жазылу формасына байланысты болады.
Ал көркемдік кұралдар ақын ойын жеткізудің жанама құралы рөлін атқарады. «Өлең формасы – ақын интеллектісі мен интуициясының, тәжірибесінің көрінуі, белгілі бір мазмұн арқылы қалыпқа түсуі. Мазмұнды бейнелеудің, оқырманға мейілінше күшті әсер етудің ең қолайлы, ең тиімді тәсілі – ең ұтымды форма болып есептелуі тиіс» [2, 92], – дейді ғалым Б. Ыбырайым.
Түйіндей айтар болсақ, поэзиялық шығарманың оқырман санасына тигізетін психологиялық әсеріне көптеген факторлар себепкер болады. Оларға алғашқы кезекте оқырманның менталдық қоры, этнотарихи кодтары, өміріндегі бастан кешірген әр алуан тәжірибелері, білім деңгейі секілді т.б объективті және субъективті факторлар жатады. Ал өлең идеясы мен мазмұны, ойды образды бейнелеу құралдары, мифтік және мистикалық элементтер адам санасына әсер етудің әдістері мен құралдары болып табылады. Көп жағдайда бейсаналық мифпен және мистикамен астарласып жатады. Адам эмоцияларын туындататын жасырын мотивтер бейсаналық деңгейінде мифтік ойлау жүйесінен, ұлттық концепттен, тарихи санадан бастау алады. «Яғни миф – эмоцияның бейнелі объективациясы, жиынтығы. Мифтегі эмоцияның осы объективті көрінісі поэзияда «ішкі әлемге» көшіріліп, көңіл-күй ауанын, сезім құбылыстарын, ой әрекеттерінің қайшылығы мен шешімін танытуда көркемдік мәнге ие болады»[3, 350], –дейді ғалым Ж. Әскербекқызы өзінің мифопоэтика жайлы еңбегінде. Қазіргі қазақ поэзиясындағы психопоэтика мәселелерін шағын бір мақала көлемінде толыққанды қарастыру мүмкін емес. Біз тек кейбір тұстарына ғана тоқталып өттік. Адам, оның жан дүниесі, оған өнердің оның ішінде поэзия өнерінің тигізетін әсері әр кезде де өз өзектілігін жоғалтпайды.
Павлодар облысы.
(«Naizatas» журналы)