НЕСІПБЕК ДӘУТАЙҰЛЫ. «ҚАНАТЫНЫҢ АСТЫНА МАРЖАН ТАҒЫП...»

 

«Талант жалпының көңiл-күйiн бұзады» деген ұғым бар. Рас. Өйте алмаса, көркем шы­ғар­маның құны бола қояр ма екен? Құнсыз туындылардан осы күнi аяқ алып жүре алмай жатқан жоқпыз ба? Қан-сөлсiз қарасөз жаза алған да, өресiз өлең құрастыра бiлген де қазiр жазушы санатында. Шар­ша­та­ды солар. Жан-жағыңнан онсыз да өзге де қоғамға қасiрет әке­лiп жатқан сан қилы сұмпайы құ­былыстарға кез келген тұстан өңмендеп келiп дiңкелетедi. Маралтайдың «Зираттағы за­ры» анасына деген аңсары ғана емес, тұтастай алғанда, қоршаған ортадан қалған көңiл, сiрә.

Оқиықшы:

Жүр, апа, 

үйге қайтайық,

Бұл базар менi шаршатты.

Сүйсеңiз мейiр қанатын

немереңiз бар — қанатым!

Iшудi қойғам,

(Қоймасам, оңбайтын болдым — сорлайтын),

Аллаға сенем! Өзiме...

кiмiм бар басқа қолдайтын.

Үйге жүр, апа, үйге жүр.

 

Жүр, апа, үйге қайтайық,

Бұл базар менi шаршатты.

Күмiстөбенiң басындай

ағарып кеткен шашыңды-ай!

Қызылқиыннан құлаған

самал жел өпсiн денеңдi,

Өзiм-ақ жазып берейiн

той бастар болсаң өлеңдi.

Үйге жүр, апа, үйге жүр.

 

Жүр, апа, 

үйге қайтайық,

Бұл базар менi шаршатты, — 

деп селк еткiзедi жүрегiңдi.

Жалғыз шырақ күлiмдейдi Күнмiн деп, 

Аққан жұлдыз күбiрлейдi:

Бiлгiм кеп —

Бүкiл ғалам сыйып кеткен кiтаптан

Қашып шығып алдыңызға тұрмын кеп.

Көкке қарап, 

Жерге қарап…

О, бәрiн —

Сезiп қояр жүрегiме — обалым.

Бiр тiлегiн сiз де бiр күн тыңдарсыз

Жұлдыз ақса қуанатын баланың, — 

деуiн қараңыз.

Айтудың поэтикалық парасат-пайымы, поэзияның парқы ғой бұл. Басқа дауыс. Оқыс байлам. Бұ қазақ­тың сезiмi жұлдыз ақса үркектемейтiн бе едi? Қуанғаны несi? Ойлан ендi. Қалыпты құбылыстарға «е, бұл өзi солай», қарайғанның қайсысына да «е, бұл осылай» деуге құлақ кестi құл болып қалған көңiлiңдi елеңдетшi қане, оятшы ойыңды. Дүниеге неге сыймай, қашып шығып тұр мына ақын? Неге басқаша көрiп, басқаша қабылдап тұр құбылысты? Сол кейiптi елестетшi көзiңе. Соның кебiн киiп көршi бiр сәт. Бұрын-соңды өзiң көрiп-бiлмеген көкiрек көзiнiң, сезiм жанарының көркем суретiне үңiлшi жандүниеңмен. 

...Шырылдап шыбын жаным сiңiп кетсiн

Құдайдың көк тiреген құйынына, — 

дедi ғой Маралтай. Поэзия осы, мiне. Оның құдiреттi болмысы, жеңiмпаз суретi.

Қайсыбiр жылы. Онда Маралтайдың жаңа-жаңа жаза бастаған кезi болар. Марқұм болып кеткен жазу­шы Мұса Рахманбердиев: «Осы бала не жазып жүр­генiн өзi бiле ме екен?» — деп едi. Сонда көңiл ау­­­д­арып едiм Маралтайға. Iздеп жүрiп оқығанмын. Қа­зақстан Жазушылар одағы ғимаратында арамызда, Шерхан Мұртаза ағамыз бар, тұр едiк, аяқ киiмiнiң ар­тын iшiне киген шалақызу жас жiгiт әрi екпiндеп, әрi еркелеп кеп:

Жалғыз шырақ күлiмдейдi Күнмiн деп, 

Аққан жұлдыз күбiрлейдi:

Бiлгiм кеп —

Бүкiл ғалам сыйып кеткен кiтаптан

Қашып шығып алдыңызға тұрмын кеп, — 

деп қолын кеудесiне қойып, сәл-пәл келгенде, тентек таланттың тегеурiндi мiнезiн ұната қоймағандай сырғақтай берген. Маралтай тоқтамады:

Көкке қарап, 

Жерге қарап…

О, бәрiн 

сезiп қояр жүрегiме — обалым.

Бiр тiлегiн сiз де бiр күн тыңдарсыз

Жұлдыз ақса қуанатын баланың... — 

дегенiне таңдай қаққанымен, тас тепкiлеп тұрған тарпаңдығымен жақамай тарқап кеткен. Шерағаң екеумiз қалдық. Сонда Қарахантаудай ағамыз: «Та­лант­тың бiр қанаты — парасат. Өзiңдi өзiң қор қылма!» — дедi оған.

Менiң көкейiмде Маралтайдың «Жұлдыз ақса қуанатын баланың» деген өлең жолы лүпiлдеп тұрып алды. Төтен сурет. Басқа байлам. Қазақтың сезiмi жұлдыз ақса үркектемейтiн бе едi?! Қуанғаны несi?! Мүлде көңiлi қалған ба? Кiмнен? Жеке адамнан ба, әлде бүтiндей қоғамнан ба? Бәлкiм, өзiнен шығар. Жеке бiреуден, қоғамнан дей салу үйреншiктi, қалыпты нәрсе. Бiреулер соған сенетiн де шығар. Шынайы таланттiкi өзге. Оның көңiлi қалса — өзiнен қалады. Шынайы талант өзгеге өкпелеу, өзгемен күресу үшiн емес, өзiмен өзi күресу үшiн өмiр сүредi. Өзiмен өзi кү­ресе алатын, өзiн өзi жеңе алатын талант қана ақи­қатты айта алады. Поэзияның бояуы — көркем сурет. Ақиқат — азап-шердiң кестесi. Сол екеуi қосылып, жан-дүние сұлулығының мүсiнiн жасайды. Көктiң нұры сол мүсiнге түсiп, жердiң жырына айналады. Өлеңнiң құдiретi осында. Оның былайғы жұрт түсiне бермейтiн тылсым қырлары, тынымсыз қозғалыстары, тығырыққа тiрелiп қалатын да талма тұсы көп тағдыры бар. Тастан табан таймайтын мiнез де бар тағдыр ол. Көкке жақындай түскiм келедiсi көп, е одан киелi әруақтарды аралап Кеңсай кезiп кеткiсi кеп, е одан кенезесi кепкен кесел көңiлдi кесе толы зәһармен емдеп-домдамақ боп, е одан аузын айға бiлеген ақын ағаларды айнала алас ұрғысы кеп, е одан күлтелi жерiне күн тимеген қырғи мүше, қыпша белдерге қарата күмбiр-күмбiр кiсiнегiсi кеп...

Өзi айтса:

Бiр iбiлiс, бiр перiште, бiр Құдай

Бiр жүрекке қалай сыйған, құрғыр-ай.

Көнбес болсам көксеуiне Алланың,

Жазылмауы керек едi жыр бұлай.

 

Пиғылыма сайтан iсiн қолдатып,

Сан адастым, көкке көшер жолда тiк.

Iбiлiстi перiштеме жеңдiрiп,

Қайта алсам ғой, Сол- бақыт!

 

Сорабынан жаңылысқан құлжадай,

Түк айта алмай, тәмам болар жыр...(сор-ай!)

Өнбес дауға қазылық қып ғазиз жан

Екi оттың ортасында тұр солай! 

Бiр қызық бар. Аты ақын өлеңшiлердiң «менi» сұмдық келедi. Құдiреттiмiн дейдi. Ұлымын дейдi. Жеңiмпазбын дейдi. Ұшар басына көз жетпейтiн тауға айналады, көк теңiз боп толқиды. Мен осы неге осыншама күмпiлдетiп отырмын, мұныма кiм сенедi демейдi. Одан қалса, ақылгөйсидi. Олай бол, былай бол. Жатқан кiсiмсу. «Бүгiнгi әдебиет осымды керек қылса, қане» деу жоқ. Сонда да поэзияның ұлы көшiне iлескiсi бар. Соларына күйiнгеннен шығар, Маралтай бiрде:

Ешқашан, еш жерде болмаған,

Секiлдi алғашқы әм соңғы адам.

Қазақта екi-үш-ақ ақын бар,

Қанаты талса да қонбаған, — 

десе, келесi сәтте:

Мен-дағы бiр жер басып жүрген елес,

(Берем десе Тәңiрiм, кiмге бермес).

Сапарласын таба алмай, сағы сынған,

Дүнияда, дүние-ау, бiр мен емес, — 

деп бар шындықты айтады. Сондағысы Әбiш ағамыз айтатын әдебиетiмiздегi ұжымдық талантсыздықтың белең алып бара жатқан кесапатты еске салады. Өзi айтқандай, «Қанатының астына маржан тағып» келуге тиiс құдiреттi — поэзияның киесi кiм көрiнгендi айнала ұшпайтынын өлеңшi жұрт пайымдамайды. Ал талант оны күтедi, аңсайды, қалайда бiр келерiне сенiмдi. Өйткенi, оның түйсiгiнiң түкпiрiнде түтеп тұратын өмiр шiркiнге күн көзiмен қарауға iңкәрлiк дейтiн әлей әлем бар. Ана сүтiмен бiткен. Құдiретi күштi жаратушының сыйы. Осысымен Маралтай ақын. Әлей ақын. Құйма талант. Сұңғыла суреткер. Поэзияның сирек мүсiншiсiнiң бiрi. Мәрт. Айтады:

Таңбасы бар, енi жоқ

Кеудемдегi кiтабым.

...Кессең — кермек жас тамар...

Жас қайыңның бұтағын.

Маралтай анау Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулетовтер сияқты қазақ поэзиясының мәндi түрi. Өлең­шiнiң Есенин айтатын: «әр жолы ән салып тұратын» сипаты. Мұнда оқырманы әлi дүниеге келiп үлгермеген Жұмекен Нәжiмеденовтiң тамыры терең, тылсым қат-қабат, мақам, мазмұн, мағына басқа. Өз жанын өзi жұлып жеп тұрған даралық. Замандық өркениет. Поэзиядағы интеллектi. Жан-дүние жанар­тауы­ның Жер мен Көктегi құбылыстармен үйлесiмi. Жаратылысқа айналу. Сол ұлы құдiреттен (жара­ты­лыстан) өнеге алу. 

Жаратушы, жаратылыс және ақын. Маралтай де­ген­де осыны қаперде сақтау керек, Маралтайдың сүйе­нерi, айтары және болмысы осыған келiп тiреледi. Жаратушыға бас иiп сөйлейдi: «Ақынның арын Алласы бiлер», — деп, «Алатау, айналайын, барым-нарым, Алла­дан соңғы сенсiң — табынғаным», — деп, «Сарғайып са­на, құс болдым ғой мен көзiмен сөйлей-тұғын», — деп кесектеп тастайды.

Кесектеп... Қай тақырыпқа барса да, Маралтай ке­сек. Қазақтағы қазiргi қаптаған өлеңшiнiң махаббат жайлы өлеңi қаптаған «сүйдiм, күйдiм, жаным, күнiм, өлем де өшемiн» деген әбден сiлесi қатқан, сiлiкпесi шық­қан — әләуләй. Маралтайша: «Рухын қан мен сүтке илеп сүю ше?!» деп алып, ол айтады: «Саған жа­­ным ашитыны тағы рас, Емшегiне еркек ернi ти­меген...» Пәктiкке iңкәрлiктiң сұрапыл осындай сезiмiн осылайша қай ақын айтып едi?! Өзiм бiлмеймiн.

Әрине, аса талантты ақын жайлы айтар сөз көп. Әзiрше осы. Құдай алдағы уақытта көсiле жазуға жазсын. Бiр тiлек: талант та — көздiң қарашығы iс­­пет­тi. Ал оны сақтау — жарық дүниенi жо­ғалт­пау!