Негізгі айтпағымыз, Қазақстан Республикасының қалыптасқан дәстүр бойынша әр екі жыл сайын өтетін Абай атындағы әдебиет саласы бойынша берілетін Мемлекеттік сыйлығының лауреаттарын анықтау кезіндегі кейбір мемлекеттік комиссия мүшелерінің осы биыл, жуырда жасаған қитұрқы әрекеттері хақында болмақ.
Әңгімеміздің әлқиссасын осы мәртебелі сыйлыққа лайық әдеби көркем шығармаларды анықтау мақсатында биылғы құрылған Мемлекеттік комиссияға кімдердің мүше болғанын айтудан бастайық. Бұл комиссияға биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин төрағалық етсе, оның мүшелерінің қатарына Республика премьер-министрінің орынбасары, мәдениет министрі, президенттік аппараттың ішкі саясат бөлімінің басшысы, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы секілді аса ірі лауазым иелері және олармен қатар есімдері елімізге кеңінен танымал он бес қаламгер еніпті.
Реті келіп тұрғанда төмендегі мәліметті де айта кетейік. Биыл бұл конкурстың алғашқы турына жіберілген үміткерлердің жалпы саны жиырма сегіз адам болды. Бұл – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың тарихында болып көрмеген рекордтық көрсеткіш еді. Осы жиырма сегіздің үш-төртеуін өзге шығармашылық ұжымдар ұсынған болса, жиырмадан астамын, коммерция тілімен айтқанда, «оптом» Жазушылар Одағы ұсыныпты. Бұрын ережеге сәйкес Одақ өздері ұсынған үміткерлер санын бес адамнан асырмайтын, ал қалған үш-төрт кісіні басқа шығармашылық ұйымдар ұсынатын. Осылайша, сегіз-тоғыз үміткердің әдеби көркем туындылары жоғарыда аталған мәртебелі сыйлықтың аламан додасына түсетін. Ал биыл Жазушылар Одағының сол ережені белден басып, осыншама мырзалық танытуының тереңде жатқан сырларын олардың өздері түсінбесе, біз секілді қарапайым пенделер түсіне алмадық.
Биылғы конкурстың бірінші турында жоғарыдағы мол нөпірдің 13-і бәйгеден тыс қалып, әрі қарай 15-і жіберілген-ді. Және осы турда комиссия мүшелерінің дауыстары ашық беріліп, Есеп комиссиясы оның нәтижесін ешкімнен жауып, жасырмай, мүшелердің баршасының көзінше ашық санапты. Сондықтан бірінші жолы олардың берген қорытынды мәліметіне ешкім тарапынан қарсылық көрсетілмепті.
Ал екінші және соңғы үшінші турларда құдіреті күшті «үштіктен» құрылған Есеп комиссиясы енді дауыс санау процедурасын жұрт көзінен жасырын, жабық есік жағдайында өткізуді ұйғарыпты. Шамасы, өздерінің айрықша ілтипаттарына ие болған кейбір бірлі-жарым фавориттерінің байқамай «құлап қалуларынан» қауіптенген секілді. Осылайша, енді лауреаттықтан үміткер он бестің болашақ тағдырлары түгелдей енді осы «великолепная тройканың» қолынан біржолата көшкен көрінеді.
Олай дейтініміз, осы «қасиетті үштік» дауыс санау процедурасының заңдылықтарын «байқамай» бұзып қойғандай жағдай болған күннің өзінде, әлгі есептің нәтижелерін комиссия мүшелерінің қалған он бесінің тексеруге ешқандай құқы жоқ екен. Осындайда Совет Одағы дейтін алып империяны отыз жыл бойы уысында ұстап келген әйгілі күн көсем И.Сталиннің: «Сайлаудың қалай өткені маңызды емес, оның нәтижесін қалай санау керектігі маңызды» деген әйгілі фразасы еріксіз еске түседі. Қарап отырсаң, Сталиннен кейін арада қаншама жылдар керуені өтіп, қаншама сулар ақса да, жоғарыда аты аталған атышулы тиранның осы тектес «өміршең» идеяларының әлі күнге дейін өлмей келе жатқан сірі жандылығына таңғаласың. Алайда осы казустың екінші қырына үңілсең таңғалып, таңдай қағудың да бекершілік екеніне көз жеткізуге болады. Демек, Сталин секілді ірі, алып тиран әлдеқашан өліп қалғанымен, соның өмір сүру қағидаттарымен тірліктерін жалғастырып жатқан кіші тирандардың адамзат әлемінде, оның ішінде қазақ қоғамында да әзірге жеткілікті екенінің айқын көрінісі емес пе, бұл.
Пәлсапалық кішігірім ой толғауды осымен доғарып, енді біз әлгі Есеп комиссиясының екінші турдан басталған заңбұзушылықтардың айқын, бұлтартпас дәлелі бола алатын талантты ақын, Республика парламентінің депутаты, көрнекті қоғам қайраткері Қазыбек Исаның «Қазақ үні» газетінің редакторы Азамат Тасқараға берген сұхбатына жүгінейік. Қазыбек сол сұхбатында төмендегідей фактілерді келтіреді. «Сайлауда талай дауыс ұрлауды көріп едім, әдебиетте де солай екен. Мен алғашқы іріктеуде ең жоғары дауыстардың бірі – 18 дауыс алғанмын. Екінші іріктеуде соның жартысы ұрланып кетіпті. Сонда бірінші іріктеуде жазда дауыс берген 18 комиссия мүшесінің, Алашқа аттары белгілі қаламгер-ғалымдардың жартысына жуығы аяқастынан күз келіп, құс қайтқанда естері ауысып қалды деп ешкім айта алмас. Мен комиссия мүшелерінің 85 пайызына хабарласып, сөйлесіп шықтым, бәрі де саған дауыс бердік деп, аң-таң қалып отыр…
Санақ комиссиясының өзгермейтін мәңгілік төрағасы әйгілі Әлібек Асқар екен. «Әлібек басқарған санақ комиссиясынан қорық» деген әйгілі сөздің растығына көзіміз анық жетті.
Астанадағы санақ комиссиясының төрағасы Ерлан Сыдықов болыпты. Өткенде алғашқы іріктеудегі санақтың бұрмаланғанын әшкерелеген комиссия мүшесі, қаламгер депутат Жанарбек Әшімжанды бұл жолы санақ комиссиясына кіргізбей қойыпты. Соның өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. Саясатта ғана емес, әдебиетте де солай болған соң, не қайыр енді?!.»
Мынандай көзкөрекі әлімжеттікке қарсы бір әрекет жасау керек шығар деп оқталған мен осы мақаланы оқып шыққаннан кейін алғашында осы сыйлыққа ұсынылған кандидаттардың бірі, талантты ақын, Республиканың ең жоғары заң шығарушы билігі парламенттің білдей депутаты осылайша шарасыздық танытып отырғанда, мен секілді қатардағы жазушының қолынан не келе қояды деп ойлап едім. Алайда «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген даналығы бар емес пе? Иә, шынында, айтпаса сөздің атасы ғана өліп қоймайды, онымен бірге шындық пен әділет те өледі ғой. Сондықтан мен Қазыбек інімнің жанайқайына өз үнімді қосқанды жөн көрдім, ойланып барып. Және оның үстіне мен де осы лауреаттыққа үміткер он бестің бірі болатынмын. Қазыбек секілді Есептеу комитетіндегі «қасиетті үштік» менің де құқымды таптаған болатын. Енді осылай деуімнің себептеріне тоқталайын.
Менімен бірге осы аламан сайысқа қатысқан қалған құрметті он төрт әріптесім маған көпшілікке, оның ішінде барша комиссия мүшелеріне мәлім, айдай айқын ақиқатты айтқаным үшін өкпелемес, барша үміткерлердің ішінде 7 бірдей әдеби шығармасы, оның ішінде прозалық туындылар, әңгімелер мен повестер де, драмалық пьесалар да бар, – жеті бірдей республикалық және халықаралық әдеби конкурстар мен театр фестивальдарының бас жүлделері мен гран-прилерін жеңіп алған жалғыз автор мен болатынмын. Қалған үміткерлердің көпшілігінде мұндай көрсеткіш бірді-екілі немесе екі-үштен болса да бар шығар, тіпті көпшілігінде мүлде жоқ болатын. Сол жеті гран-придің бірі менің «Концерт» деп аталатын повесіме күні кеше 2023-жылдың соңында «Айбоз» ұлттық әдеби конкурсында «Балалар көркем әдебиеті» номинациясы бойынша берілген-ді. Сонымен бірге алғашқы турда мен де Қазыбек секілді жоғары бал жинағандардың алғашқы легінде болған едім.
Алайда құдіреті күшті Әлекең – Әлібек Асқаров пен оның екі орынбасары ғана жабық есік жағдайында өткізілген, шындық үшін күресте тіпті Әлекеңнің өзінен тайсалмай, оның ұрлығын бетіне басқан талантты ақын, парламент депутаты Есеп комиссиясынан шығарылып тасталғаннан кейінгі санақтарда жағдай күрт өзгеріп сала берді. Алғашқы турда жоғары дауыс жинаған үміткердің балдары төмендеп, керісінше, Әлекеңнің санаулы бірді-екілі фавориттері алғашқы турдағы тізімдегі орта немесе төменгі орындарынан космостық жылдамдықпен жоғары өрлеп, үміткерлер санының көшін бастап шыға келді.
Шынында да, басқаларды былай қойғанда, еліміздің ең жоғары заң шығарушысы және сол заңдардың орындалуын бақылап отырушы Республика парламентінің екі бірдей депутатының өздеріне пысқырып та қарамаған Есеп комиссиясындағы «великолепная тройканың» құдіретіне бұдан кейін таңғалмай көріңіз!.. Әлде олардың сенгендерінен сүйенгендері күшті ме екен? Бұдан кейін осындай тұжырымға табан тіреуден өзге амалың да қалмайды.
Және тағы бір таңғаларлық жағдай – Қазыбек пен Жанарбекке және осы сайлауда заңбұзушылықтар туралы сын айтқан белгілі жазушылардың, әдебиет оқырмандарының, олардың әлеуметтік желілерде жарияланған посттары мен мақалаларының астына, мақала авторларының пікірлеріне қызу қолдау білдіріп жазған комментарийлеріне не Мемлекеттік комиссия басшыларының, не басты сын садағына іліккен Есеп комиссиясының төрағасынан ләм-мим деген жауап болған жоқ.
Осыдан кейін: «Апыр-ау, осы біз халық үнін еститін, мемлекетімізде тек қана шындық пен әділет жолында қызмет ететін адал адамды ардақтап, оларды қорғайтын адал, әділетті қоғам орнатып жатқан жоқ па едік? Ендеше, жоғарыда біз атаған билік өкілдері қарапайым біздерді менсінбесе де, ең болмаса жоғары билік не халық сайлаған парламент депутаттарының жанайқайларына неге жауап бермейді? Олар Есеп комитетіне, мемлекеттік комиссияға жала жауып отыр десе, оны неге ашып айтпайды? Немесе өз қателіктері үшін неге қоғамнан кешірім сұрамайды?» Демократиялық елдерде өздерінің кейбір қателіктері үшін тіпті ел президенттері мен премьер-министрлерінің өздері халық алдына шығып, аламан жұртынан кешірім сұрап жатады ғой?!. Одан олардың беделдері түсіп қалыпты дегенді әзірше естімеппіз.
Осы сайлаудағы тағы бір әділетсіздіктің бірі, әрі бірегейі – әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбектің жазушылардың егініне түсіп, олардың несібесіне иелік етуі болды. Оның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Адамның бір қызығы бала деген» еңбегі не әңгімелер мен повестер жинағына, не романға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қазақ балалар әдебиетінің ұзақ-сонар тарихын, пайда болу, даму процестерін, алда көрініп тұрған даму перспективаларын талдауға құрылған кәдімгі ғылыми-зерттеу кітабы болатын. Егер Құлбек замандасымыз осы кітабын еліміздегі социология, философия, әдебиеттану, тарих саласында елеулі ғылыми-зерттеулер жүргізген авторларына, яғни гуманитарлық ғылым салаларының дамуына айрықша еңбек сіңірген ғалымдарға берілетін Қазақстан Республикасының Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, лауреат болып жатса, бұған ешкім де оның жазушылар мен ақындарға, драматургтерге, яғни өнер адамдарының елеулі шығармашылық еңбектеріне берілетін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын аяқастынан қалай алып кеткендігіндей таңғалмас еді. Құдайшылығын айтайық, Құлбектің қазақ әдебиеттану ғылымына елеулі үлес қосқан белгілі зерттеуші, ғалым екендігіне ешқандай дау жоқ.
Алайда ол Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлыққа өз зерттеуінің лайықтығына күмән келтірді ме екен, әлде жазушылар қауымына тиесілі Абай атындағы сыйлықтың комиссиясының белді бір өкілінің билікке де, Есеп комитетінің төрағасына да сөзі өтетін өзінің бір арқасүйер айнымас досының құдіретіне арқа сүйеді ме екен, заңға қиғаштау келетін осы екінші вариантты таңдапты. Және оның бұл үміті артығымен ақталды, ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ғана емес, әлгі құдіреттің күшімен, бір күнде жазушы болып шыға келді. Өйткені президенттің жарлығында «Мемлекеттік сыйлық жазушы Қ.Ергөбекке «Адамның бір қызығы бала деген» кітабына берілді» деп жазылған.
Сауатты жұрттың баршасы жақсы біледі, жазушы деп не әңгімелер мен повестер, не роман жазған және ол шығармалары өзінің шынайылығымен, поэтикалық сан алуан палитрасымен әдеби қауым тарапынан мойындалған, сонымен қатар бірлі-жарым аймақтық, не республикалық конкурстарда бәйге алған, әдеби журналдар мен газет беттерінде жарияланған, әдебиет сыншылары тарапынан біршама бағасын алған өнер адамдарын айтады. Құлбектің творчестволық жолының соңғы қырық жылдағы тарихын жақсы білетін, оның ғылыми-зерттеу саласында жеткен кейбір жетістіктерімен біршама таныс адам ретінде айтайын, мен басқаны былай қойғанда, оның бір әңгімесі мен новелласының, не повесі мен романының баспасөзде жарияланғанын көрмеппін. Және жазушылар қауымының ондай басқа өкілдерінің де творчестволық фактінің болмағандығына куә екендігіне кәміл сенімдімін. Алайда «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген халық даналығы жүз пайыз рас болып шықты осы арада.
Егер биылғы әдебиет бәйгесінің аламанына қатысушыларының бірі, Мемлекеттік комиссия жұмысының заң аясында әділ өтуіне жауап беретін ресми басшыларына: «Биыл көркем әдебиеттің басты жанрлары, ауыл артиллериясы саналатын – проза мен драматургия жанрының айтулы өкілдерін дымсыз қалдырдыңыздар ғой. Бұларыңыз қалай?» деген заңды сұрақ қоя қалса, олардың: «Неге ондай орынсыз кінә қоясыз, проза жанры бойынша осы салада үздіксіз, жемісті еңбек етіп, оның көркемдік, идеялық дамуына ерен үлесін қосқан жазушы Құлбек Ергөбекке берілді емес пе, ол сыйлық!..» деуі әбден мүмкін. Және олардың бұл жауабы дәлелді болмақ, өйткені мемсыйлық жөніндегі мемлекеттік комиссиясының барша мүшелері мен басшылары да, құдіретті күшті Есеп комиссиясының бір төрағасы мен оның екі орынбасары да Құлбекті жазушы ретінде таныды ғой. Осыны ескергенде, тіпті бұл арада оның ешқандай кінәсі де жоқ секілді. Құлбек бұл сыйлықты ешкімді зорлап тартып алған жоқ, шынында да, оған оны мемлекеттік комиссия берді ғой.
Мен 73 жастағы ардагер аға қаламгерлердің бірімін. Жуық арада ғайыптан тайып, елімізде шынайы демократиялық үрдістер қалыптасып жатпаса, енді қайтып осы мемлекеттік сыйлықтан дәметіп, оған қатыспайтыным айдан анық. Оның үстіне мен ұлы ұстазымыз М.Әуезов айтпақшы, базардан қайтып келе жатқандардың бірімін. Дегенмен алайда бізден кейін келе жатқан талантты інілеріміз бен қарындастарымыз біз көрген әлгіндей құқайларды көрмесе екен деген тілекпен Әдебиет пен Өнер саласы бойынша алдағы жылдарда құрылатын мемкомиссияның жұмысын демократияландырып, модернизациялау үшін төмендегідей өзгерістерді қабылдауды ұсынбақпын.
Біріншіден, үш адамнан ғана тұратын есеп комитетін таратып, оның орнына комиссия мүшелерінің дауыстарын санауды электрондық жүйеге ауыстыру керек. Сонда қазіргідей дау-дамай туындамайды.
Екіншіден, комиссия мүшелерінің құрамына аса ірі лауазымды билік өкілдерін қатыстырмай, (бұған олар қуанбаса, өкінбейді біздің естуімізше), комиссияны тек елімізге кеңінен танымал, репутацияларына ешқандай кір жұқпаған талантты қаламгерлерден құру керек. Өйткені пышаққа ілінгелі жатқан бір шыбыш (жас, ұрғашы ешкі) айтты дейтін бір сөз бар ғой, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейтін. Сол айтқандай, қай саланың да қыр-сырын сол кәсіптің профессионалдарынан артық ешкім білген емес. Бұл да дамыған өркениетті елдердің тәжірибесі. Айтыңыздаршы, мысалы, қайсыңыз естіп едіңіздер, әлемге әйгілі Букер, Нобель әдеби конкурстарының лауреаттарын анықтайтын комиссияның құрамында Англияның немесе Швецияның мемлекеттік хатшысы мен министрлері немесе президенттік аппараттың жауапты қызметкерлері бар дегенді?!.
Сонымен бірге талантты жазушылар мен өнер, ғылым қайраткерлерінің өзінен жоғары тұрған билік иелерінің қайтсем көңілінен шығам дегеннен басқа уайымы жоқ саяси функционерлерден ең басты бір айырмашылығы – жүректерінде иман болғандықтан олар кез келген бір іске, оның ішінде көркемөнер туындыларының авторларының шығармаларына баға берсе де обал мен сауап секілді адамгершілік ілімінің ең басты қағидаттарын басшылыққа алады. Сондықтан бұл азаматтар әдетте адалдық пен әділеттің ақ жолынан алыстай қоймайды. Міне, адамдар арасындағы қоғамдық қарым-қатынастардың сау-саламат болуына қызмет ететін осы бір детальдың аса маңызды рөл атқаратынын қайталап еске салумен бүгінгі әңгімемізді осылайша тәмам-тәмам етіп, оқырмандарымызбен әзірше қоштаса тұрмақпыз.
Серік Асылбекұлы,
жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері