Мәңгілік өмірдің сарыны немесе Ғалымбек Елубайдың шағын прозасы
Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі...
Альбер Камю абсурд философиясын тарқата жазған эссесінде басты мотив ретінде Сизиф туралы әфсананы тілге тиек етеді. Абсурд ұғымы Камюдың толғауында әдебиетте үздік деп танылған туындылардың, оның ішінде Гомерден бастап, Бальзак, Сад, Мелвилл, Стендаль, Достоевский, Пруст, Мальро, Кафка сынды авторлар өрнектеп кеткен күрделі образдарға қонымды пайымдау әкелгендей. Алайда мәселе жоғарыда атап кеткен қаламгерлерде ғана емес, жалпы адамзатқа тән - өмірдің мәні, мақсаты, адам еркіндігі һәм өлім ұғымдары аясында өрбіген әдеби зерттеуде болып тұр. Адам өмірінің мақсаты мен мәні еркіндік болса, еркіндіктің басты тұсауы өлім емес пе? Әлде өлімнің өзі еркіндік пе? (Өлімді мақсат һәм еркіндік көретін жапон жазушысы Мисима тағы бар).
Мұндай сауалдардың жүгін көтерген Камюдің сөз соңында көне грек әфсанасы Сизифке бет бұруы заңдылық. Әлқисса, пенделердің ішінде ақылы асқан Сизиф өлімді жеңу үшін Танатосты (көне грек мифологиясында өлім құдайы) қолға түсіріп, қамап тастайды. Сөйтіп пенде біткенді өлімнен құтқарып, өз дегеніне жетеді. Уақыт өте келе жер асты патшалығындағы тыныштық құдайларды сескендірмей қоймайтыны анықты. Ақиқатты білген сәтте Сизиф құдайлардың қарғысына ұшырап, мәңгілік жазаға кесіледі екен. Өлімді қулықпен жеңгісі келген Сизиф енді «өмір» бойы зілдей ауыр салмағынан қайта-қайта төменге құлдырай беретін тасты заңғар таудың басына мәңгілікке көтеріп өтуге кесіледі екен. Түбінде Сизифтің дегені болып, өлімді жеңгені рас. Алайда ендігі өмірі бос әуреге айналғаны біреуге жалған, біреуге өкініш болары да анық. Бұл аңыз еркіндік пен өлім туралы сауалдарымызды енді басқаша тығырыққа тірегендей... Сөздің басында еске алып кеткен Қорқыт ше?! Түркі әлемінің сөз өнерінде тылсымға толы ең ғажап образдарды Қорқыт туралы аңыздардан табуға болады. Қорқыттың өлімнен еркіндікке ұмтылуы бізге белгілі аңыздарда фольклорға тән циклдік мотивке икемделген. Жүйрік желмаясына мінген Қорқыт жерұйық іздеп дүниені аралайды. Ақырында жер кіндігі Сыр бойына жеткенде жылан кейпіндегі ажал бәрібір келіп табады... Сонда Камюдың пайымдауындағы «еркіндік абсурды» кез келген уақыт пен кеңістікте бір сарынға ілесетіндей көрінеді...
Қазақ прозасына қадамдарын батыл басқан жазушы Ғалымбек Елубай шығармаларының бірінде жоғарыдағы сауалдар санамызға қайта оралғандай. «Құралай тышқанның боғы» атты әңгімесі көзге ерекше көрінгені рас. Бүгінде Ғалымбектің шығармашылығын жылы қабылдап келетін оқырмандар қарасы аз емес екенін атап өту керек. Қазіргі қазақ прозасына білдіретін қызығушылықтың бәрі бағасыз. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Тумай тұрып өлімге кесілгендер» әңгімесі халықтың жанды тұсын келіп тапқан сияқты. Кейде осылай бір шығарманың бағы басымдау болады (мәселен, Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» күйі жарқ етіп шыққанда, «Ақ жауын» мен «Жазғы қар» көптің алдында біраз көлеңкеде қалғандай болып еді кезінде). Дегенмен, кеңінен белгілі болмаса да, тастың майы туралы жазылған шағын әңгіменің әдеби көркемдігін ерекше атап өтуді жөн көріп отырмыз. Қазіргі қазақ прозасындағы авторлар идеямен басып озамын деп кейде шығарманың табиғи нәрін жоғалтып алатынын көріп жүрміз. Нәрсіз шығарманың идеясы кәсіби құралдармен көмкерсе де, уақыт сынағының алдында әлсіз, оқырманға жат болып қала беретіні де бар. Қысқа жанрдағы табиғи көркемдікті Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» немесе Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді...» шығармаларынан анық көруге болады. Америка әдебиетінде қысқа жанрда табиғи классиканы жаратқан авторлардың ең беделдісі – Дж. Д. Сэлинджер («Тоғыз әңгіме»). Осындай дәстүрді қазіргі қаламгерлер арасында Ғ.Елубайдың әңгімелерінен көре алатынымыз қуантады. Олай болса автордың «Құралай тышқанның боғы» әңгімесіне оралайық.
Ғалымбектің баяндауы көркем әрі жеңіл. Әңгеменің басында былай дейді: «Бұл заттың нақты химиялық құрамын, одан қандай да бір дәрілік зат жасалатынын білген емеспін. Оны бұл өңірдің адамдары «тастың майы» деп атады. Кейіндеп оның ақы иесі құралай тышқан деп аталатын жарқанат тұқымдас тісті, тырнақты қанаты бар кәдімгі тышқан екенін білдік. Ол өзі әрі құс, әрі тышқан текті, ұзын жарғақ қанатын жиып, құйрығы тышқандыкындей ұзарып ініне кіріп кетеді екен. Кәдімгі құс сияқты қомданып ұшқанмен, жерден шамалы көтеріліп, қайта жерге топ ете қалса керек . Отырған кезде көзі айналып, айналаны түгел шолып, барлап отырады, сондықтан оған оқ тигізу қиынның қиыны, нағыз қас мергендердің ғана қолынан келеді дейтін. «құралайды көзінен атқан мерген» деген сөз тіркесі осыған байланысты шықса керек. Тағы бір білгеніміз осы жаратылыс бір орынға ғасырлап құмалақтайтыны. Сол құмалақтардың құз-қиядағы жартас жақпарларында жапаланып жиналып жататыны еді. Оны адамдар мумие деп атайтын көрінеді». Шығарманың экспозияциясы оқырманды қарапайым ғана әңгімеге тартқандай көрінеді. Мұндай тәсіл орыс прозасында И.Тургеневке тән: оқырманмен ашық сөйлесу, түсіндіру, жақындасу. Әңгімені бірден танымдық мотивтен бастау өте сәтті шешім, суреттеуі де әдемі. Көшпенді халықтың ұрпақтары дала медицинасына жақын келсе де, дәл осы тұсын алыс шетел тілдеріне тәржімаласақ, әңгіме бірден экзотикалық сипатқа ие болар еді. Мәселен, өзіңе жаттанды, өзгеге таңсық дүниелерді жазу Латын Америкасы жазушыларының ең ұтымды құралына айналғанын білеміз (Маркес, Борхес).
Әңгіменің басты метафорасы «тас майы» адам баласына үміт беруші, кез келген дерттің дауасы, көптің аңсары, жұрттың іздегені қарапайым жарқанат, не сол тышқан тектес мақұлықтың құмалағы екені оқырманды сескендіру керек еді. Тағы бір тұсында: «Тас майын» іздеп жүріп, ғасыр қойнауында қалған найзаның сабы, садақтың жебесін терді» дейді автор. Егер осы сөйлемді жіліктеп шағатын болсақ, бірден бинарлық позицияларды байқар едік: әңгімедегі адамдар небір тарихи археологиялық заттарды кездейсоқ табады. Бұл заттардың тарихи құндылығы жарқанат құмалағының жанында түк емес сияқты. Оған қарағанда ел аузында тараған «сиқырлы дәрінің» бағасы жоғары. Бізге өткен күннің «белгілері» емес, ертеңге «үміт» керек дегендей. Оның үстіне автор: «бір адам «осыдан жазылдым» десе мың адам содан дауа іздеп жатты», - деген тұсында дәйексіз теорияның жетегінде кеткен саны көп іздеушілердің басты мақсаты кез келген дертке шипа табу екенін көрсетеді. Осы тұста мәңгілікке қол созған Сизифтен бастап, қарттыққа қарсы элексир іздеген испандық конкистадорлардың сансыз саяхаты көз алдымызға келеді.
Басты кейіпкер Көкшенің портреттік сипаты, не оның өмірбаяны шығармада берілмеген. Дегенмен Көкшенің образы келесі қысқа ғана қайырымда өте жақсы ашылған: «Әдетте оңай олжа іздегендердің екі тобы болады. Бірі: топтасып, қауым боп кезеді. Тапқанын бөрідей бөліп жейді. Енді бірі жолбарыстай жалғыз жортады. Олжасын өзі ғана игіліктенеді. Ал Көкше көп ешкіммен іштесіп, бауырласып кетпейтін, қиыр жайлап, шет қонған жалғыз үйдің отағасы еді. Қысы-жазы тау жастанып, қар жамылған иен шатқалды мекендейтін орманшы». Автордың баяндауынша Көкше жалғыздықтың адамы (ерекшелік символы). Жалғыздық мотиві «жолбарыстай жалғыз», «жалғыз үй», «жалғыз ұл» тіркестері арқылы ықшам әрі терең көрсетілген. Ғалымбектің қысқа жанрдағы қабілеті де осымен бағалы болғалы тұр: әңгімеде артық ауыз сөз болмағаны бір бөлек, әр сөзінің жүгі ауыр болғаны бір төбе. Көпке ашылмайтын Көкшенің өзі тас майына құмартқан соң құмалақтың магиялық сипаты күшейе түскендей... Дертке дауа, жанға шипа, сиқырлы дүниеге қол жеткізу адамзат баласына қашанда тегін берілмесі анық. Гётенің Фаусты шексіз ілімге қол жеткізу үшін сайтанның алдында жанын саудаға салғанындай, Көкшенің жалғыз жортып олжа қылуға үміттенген дәрудің өз бағасы болары анық еді. Үңгірге қарай жалғыз ұлын жетектеп кеткен орманшының жалғыз қайтатыны табиғи заңдылықты орнына келтіріп тұрғандай...
Әңгіменің түйінінде есікті қаққан ажал жылан кейпінде келуі де ғасырлар бойы қалыптасқан сюжеттердің бір айнасы секілді. Қорқытқа жеткен жылан Көкшенің жанын алмаса да, жалғызын жалмап кетті. Құздың басында дәру іздеп дәрменсіз қалған Көкше де бағзы Сизифтің жолын жалғап жатқандай: «Шарасынан шыға алайып кеткен тостағандай жанарында қаз бауыр бұлттар жөңкіліп жатты».
Көркем мәтіннің фабуласы қарапайым болғанмен, оның кеңістігі мен баяндау тәсілі мистикалық сарынға бейім. Әдетте готикалық романдарға тән жарқанат, жалғыз үй, орман, үңгір символдары бұл әңгімеде романтизмнің лирикалық рецепциялары кейіпінде көрініс алып отыр. Мұндай поэтика үлгісі автор мен оқырман арасындағы диалогты тереңдетуге жетелейді. Алайда атап өткен барлық әдіс-тәсілдер табиғи баяндаудан жаралғанын ғана байқай аламыз. Бұл автордың шығармашылығының ішкі қуатын көрсетеді.
Жоғарыда жасаған талдауымыз бір-екі беттік әңгімеден шығып жатқаны рас. Қысқа ғана сюжет бізді Қорқытқа да, Сизифке де жетелегені бар. Бұл тек әдеби талдау екенін ескерсек, автордың жеке тұжырымдары, тақырып пен образдарды дәл таңдауы шеберлік мәселесінен бұрын табиғи дарындылыққа әкелетін сияқты. Ғалымбек Елубай әңгімелерінің тілі көркем. Бірақ қазір тіл көркемдігін ғана алға салу әдебиет әлемінде аздық ететінін заман көрсетіп келеді. Бүгінде көркем шығараманы аударма призмасы арқылы бағалауға да тура келеді. Бұл орайда Ғалымбек ұтылмайтынына сенеміз. Десек те автордың әлі де қолға алатын шаруасы аз емес: шығармалардың басым бөлігі әлеуметтік желіде жарияланғандықтан, редактор мен корректор қызметін талап етеді. Бірең-сараң болса да пунктуациялық, грамматикалық қателіктерге бой алдырмау керек. Әңгімелерді белгілі бір тақырыптар аясында топтастырып, тұтас композиция немесе бір концепцияға келтірсе, шығармалар ажарлана түсейін деп тұр.
Қазіргі қазақ прозасына табиғи потенциалынан қаймықпайтын авторлар қажет. Қаламға шынайы өмірді сия етіп жазатын жастардың алдында жазушы Ғалымбек жол ашып тұрғандай. Ендеше, ақ жол!
Ақерке Қойлыбайқызы Асан, әдебиеттанушы