АЙДЫННЫҢ АҚЫНДЫҚ ӨНЕРІ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Қазақтың байырғы тәулік мезгілдерінің ішіндегі құланиек, құлан сәрі атауы жанға жақын. Кейде құлқынсәрі деп жатамыз. Таң мәурітінің алакөбеленіп жаңа сыз беріп ата бастаған кезі.

Бұл уақытта жаңа күннің басталып, жаңа уақыттың алмасу процесі жүреді. Осындай бір көзге түртсе көргісіз мезетте шалдар құманын салдыр-гүлдір еткізіп далаға шығып келе жатушы еді.

Әудем жерде жайылып жүрген төрт-бес саяқ әнтек басын көтеріп, үркесоқтап тұрушы еді. Тіршіліктің тынысы ашылып, қыбыр-жыбыр көбейе бастаушы еді. Айта берсең көп қой... Түні бойы ауылды басына көтерген жігіт-желең, қыз-қырқынның даңғаза думаны таусылып, әрегідік үрген иттің дауысы шығып тұратын еді. Ауылдан қашық жатқан өзеннің ию-қиюы басылып, уәһам дүниеден бейхабар жатқанын көрген боларсыз?

Әңгімемнің әлқиссасы – ақын Айдын Байыс. Айдын 1994 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келді. 2016 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Көлік-Энергетика факультетін тәмамдады. Өлеңдері «Балқаш аймақтық ақындар антологиясына», «Арқадағы арда жыр» жинақтарына енді. Қазір елордада энергетика саласында жұмыс істейді.

Жақында тұңғыш жыр жинағын жарыққа шығарды. Атауы – «Құланиек». Қандай ғажап, ә?!

Кіріспеде жазған сипаттама осы кітапқа бағытталды. Жаңа күннің шығып, жаңа өмірдің бастауы секілді. Құстың қанаты, пышақтың қырындай жұқа кітаптың ішінен теңіз түбінде жататын гауһар, лағылдай сөз маржанын сүзіп алуға болады.

Кітаптың алғы сөзі ретінде ардақты ақын, аяулы аға-дос, аңқылдаған Аманхан Әлімұлының ізгі ниеті жазылған. Бұл – заңды, орынды. «Тоғыз ұлым бір төбе, ер Төстігім бір төбе» дегендей, ақын атаулыға, оның ішінде жастарға жақын жүретін ағаның Айдынға қамқорлығы, ағалық пейілі алабөтен еді. Өлеңге адал ақынға өлердей ғашық болатын жарықтық. Сағаттап сырласып, мадақтап, көтермелеп сөйлескенді жақсы көретін. Онысы – сағы сынбасын, бағы таймасын дегені.

Ақын алдымен мықты редактор болу керек дегенді ескерсек, Айдын бұл ұстанымды да ұмыт қалдырмаған сынды. Кітапқа жазғандарының артық-кемін түзеп, күзеп кіргізген, басы артық сөз байқалмайды. Бәрі дерлік бәйгеге шабатын ат секілді. Құйылған қорғасындай.

Сөз басын сүйікті шешеге бұрып, алақанға салып аялап өсірген анаға ілтипатын білдіріп, «Хат» жазып қалдырған. Ол – құрметі. «Түйедей болсам да әлі уайымдайсың, түніменен түсімнен шықпадың деп...», - деген жолдары әдемі түйін, мейірбан жан, қамқор ананың, қазақ әйеліне ғана жарасымды образы.

Түйе дегеннен шығады. Дәл осы жерде аздаған кідіріс жасағым келіп тұр. Аманхан ағадай Айдынды, дәлірек айтқанда өлеңін жақсы көрген тағы бір ғұлама бар – Есенғали. Иә, сіз білетін, Есенғали Раушанов! Айтқым келгені – түйе туралы сөз. Қазақ поэзиясында түйе туралы көп жазған Ес-аға болса керек. Одан кейін қанша кітап ақтардым – кездестірмеппін. Есенғали дәуірінде бошалап кеткен інгенді «Құланиекте» кезіктірдім. Қолыңыздағы жинақтан «Атамның түйе арбасын музейге өткізген күн» деген тұтас өлеңінен бөлек, түйеге қатысты айтылатын «маң-маң басқан», «қара нарға таңып ап шаңырағын», «көш ыңыранып», «бошалаған бұлт», «шуда жүні желкілдеп», «қара бурадай күркіреп» деген сынды тіркес пен теңеу, эпитеттерді жиі кездестіресіз.

Данышпан Гётенің «Ақын аз жазып, көп сурет салуы қажет» деген сөзі бар. Айдын көп жазбайды. Ол темір соққан ұста секілді. Мың градустан артық қыздырып, балқытып алып, қалыпқа бір-ақ құяды. Балталасаң да жігі табылмайды. Осы орайда сөзімді тұздықтайын. Ақынның «Таңғы шықпен шөл басқан инеліктей», «Қалтырайды ақ қайың – ару құсап», «Бүктейтіні бар еді қағаз ұшақ, қозының жауырыны секілденген», «Жауып тұрған ақ қарды тілмен аулап» деген өлең жолдарына зер салыңыз – сурет қой! Тізбектеп жаза беруге болады...

Айнадай жарқыраған айдын көлдің сұлулығын сипаттайды. Тамсанасыз. Жағаға киіміңді шешіп лақтырып, күмп бергің келеді. Бір уақытта Балқаштың балығы болып шоршып,  тулап ала жөнеледі. Тереңіне батырады. Деміңіз тарылады. Дәулескер күйші Мағауия Хамзиннің «Балқаш толқынын» тыңдағандай күй кешесіз. Әрі-беріден соң махаббатта жолы болмаған жігіттей ой кешеді. Суретші боп қылқаламға сүйенеді, қыз бәденін бейнелейді. «Су ұсынған сұлу қыздың суретін» салады. Таңдай кеберсиді. Шөліркеп су ішкіңіз келеді! Ысып-күйесіз. От-жалын боп өртейді, шоқ боп қол тигізбей, бет қаратпай шарпиды. Шай сораптаған шалдай боп әріден әңгіме қозғайды. Уілдеген желмен, көкше теңіз көлмен, асу-асу белмен, байсын-байтақ жермен сөйлеседі. Керек десеңіз, салалы саусақтарын пернеге жүгіртіп, «58-статья» күйін тартып береді. Күрсінесіз. Маңдайың шып-шып терлейді. Бусанып, дел-сал боласыз! Н.Рубцовтан, Р.Гамзатовтан, А.Передреевтен аударған өлеңдерін оқып көріңіз – түпнұсқа сияқты. Міне, ақындық қуат, потенциал осындай күй кештірсе керек-ті. Лайланбаған Балқаштай жаны таза Айдынның өзі де, сөзі де, өресі де, өлеңі де биік!

P.S. Қазір мына саясат пен сайқалдық араласқан, ішек-қарындай асты-үстіне түскен, іші-сырты бірдей болған сөлекет дүниеде таза адам табу өте қиын. Шөп арасынан ине іздегендей, құм арасынан тары жинағандай заман туды. Өзіммен қатар, үзеңгілес достардың ішінде 5-6 жігіт бар. Соның бірі әрі бірегейі – Айдын Байыс. Өзі ақ парақтай таза, сөзі мұнтаздай жігіттің жазғаны оқырманға жол тартты. Қуаныштымын!

Абай ОРАЗ,

ақын. 

«Найзатас» әдеби-көркем журналы.