ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК. АЛТАЙ ЖЫРШЫСЫ

      Мен үшін шын жазушы Әлібек Асқаров – «Ерте түскен бозқырау» кітабынан басталады.

    Оған дейін жазылып, жарық көріп жататын очерктері, әңгіме, повестері қылқаламды жазушылық қаламға айырбастағанын ақтады деген сөздің сірағасына ғана жүреді. Олар бәсірелеу тақырыпты жазу өнерінде өзіндік мәнер іздеу жолы ғана. Әдебиетте тақырыптың тағдыр екенін, көзің көрген өмір көрінісі көркем дүниеге айналып өзіңнен бұрын өзгені сендіруі де, көндіруі де керек екенін шын сезінген, жазушылықты  шын пайымдаған тұсы – «Ерте түскен бозқырау.» Әмсе онда да кітап атымен аталатын, бір иірімі кем, аттас әңгіме де емес, кейіпкерін тағдыр ретінде таңдай да, талғай да білген, трагедиялық бояуы қалың, әлеуметтік салмағы мол ішті шығармасы – «Жазатыр оқиғасы.»  «Жазатыр оқиғасы» - повесть. Роман жүгін көтергендей оқиғасы қалың, сюжеті қою, оны өзара байланыстыра өріп тарқатуда шып-шырғысын шығармай бабымен суыртпақтап шеберлікпен алып шыққан шымыр шығарма. Әлібек Асаров мен үшін осы шығармадан бастап өзінің көркемдік әлемі бар, кейіпкерлеріне әлеуметтік жүк арқалата алатын байсалды жазушы. Алғашқы адымынан жырлап келе жатқан күллі табиғатты бір тақырып десек, ол бәсіре тақырыбын жан-жағынан алып, оны ана тұтқан, пана тұтқан әрқилы адамдарды әлеуметтік тип ретінде қарап, сан-қилы тағдыр ретінде жазып келеді. Жазғанда да шығармадан шығармаға өсіп келеді. Жазушылық жол,  бейнелеп айтсақ, бұлғын мен қоян, сусар мен күзен салатын ат тұяғы әзер сияр сыңар аяқ сүрлеуден бұғы мен бұлан, қабан мен аю салар, аттылы кісі еркін жүретін тас соқпаққа, суреткерлік сара жолға айналған.

    Жазушы үшін тақырыптың бәрі бір деп қарай алмаймыз. Бір жазушы бәленбай тақырыпта шығарма жаратқанымен соның ішінен оң жамбасына келетіні, оң жамбасына келмей, қарадай жатсырап тұратыны бар. Әлібек не туралы жазсын, бәрібір Алтай табиғатына соқпай өте алмайды. Оның қандай тақырыпта жазған шығармасын да, көзді жұмып тұрып, «е, өзінің Алтайы туралы шығарма!»-дей салсаң қателеспейсің. Ол Алтай табиғатын зерттеп, зерделегені соншалық, түн ұйқысынан оятып, орманның орналасуын, аң-құсын, ауа райын сұрасаң, бөгелмей сөйлеп, мүдірмей жауап береріне кәміл сенемін. Қазақ даласына ырыс-несібе саналатын, бір шеті Ресейге сұғына кіріп кете баратын, келесі шегі Қытай, тағы бір бүйірі Монғолия асып жатып Алтай оның әуелден ен таққан, еншім деп білген меншік тақырыбы. Кейбір қаламгердің  табиғат туралы қалам тартуы әсіре көріне беретіні бар. Өйткені ол жазушы тақырыпты  бойына табиғи сіңірмей, дарынына сеніп көңіл ауанымен ғана барады. Әйтпесе толғатқан мәселесіне  табиғатты әлеуметтік фон жасау үшін барады. Өкініші – ондай көзжұмбаййлықтан туған шығарма әсіреқызылдың кебін киеді. Әсіреқызыл – оңғақ әрине! Қазақ прозасының Қалихан Ысқақтай классик жазушысын алдына ұстаз тұтып әдеби жолын бастаған Әлібек қазіргі таңда  орыс әдебиетіндегі В.Белов, В.Шукшин, В.Распутин, Е.Носов, Н.Думбадзе шығармашылық тәжірибесін бойына қоса жинақтай, өзінің бәсіре тақырыбында іздене өсіп келе жатқан жазушы. Біздің бірсыпыра замандас, қатар құрбы қаламгерлеріміз бүгінгі таңда шығармашылық жолын жинақтағандай айналасына аңтарыла қарап, тоқырап демейін, аңысын аңдып тоқтап тұрған жайы бар. (Оны несіне жасырайын?) Ал, Әлібек кешегі кеңестік кезеңде жинаған қорын бүгінгі еркін уақыт, тәуелсіз заманаға қарай тынымсыз ізденіспен ұштап, жаңаша көсіліп, тың өріске шыққан суреткер.  

Көпке дейін көрген, білгенін көңіліне тоқудан аса алмаған ол тәуелсіздіктен кейін кейпкерлері бойындағы аңғалдықты – табиғаттан бойын аластамаған тазалыққа ұластыра, кейіпкері бойындағы аярлықты әлеуметтік сипат беріп қоғамдық дертке сабақтастыра  типтендіріп қилы-қилы көркем образ жасауға жетті. 

Оның шығармалары әлеуметтік үлкен жүк көтеріп тұрады. Ол суреттеп отырған аңғал-саңғал «монша-үйлерден» қоғамдық үйлесімсіздік, жерге сіңіп бара жатқан жалғыз «күркені»  қоныс етіп тіршілік етіп жатқан адамдар, жойылып бара жатқан шағын ауыл  өмірінен мемлекет адам үшін бе, әлде адам мемлекет үшін бе?-деген әлеуметтік салмақты сұрақтар туындайды. Ол кешегі кеңестік кезеңге ғана тиемел емес.  ХХ ғасыр басындағы «ақ», «қызыл» болып қырқысып, бірі қашып, бірі қуып қазақ ауылдарының үстінен қанкешіп,ауыртпашылық болып өтетін өмір кезеңдерінен бастап шығармаларына арқау ететін  жазушы табиғат пен адамзат арасындағы үйлесімнің азайып, үндестіктің құрып бара жатқанын бүгінгі күн сипатымен сабақтастыра адамзат баласының ертеңіне төніп келе жатқан қасірет ретінде әдемі айта біледі. 

Айта білу, жазушылық істе жаза білу. Жаза білу шарты, Әлібек Асқаров жағдайында суреткерлік! Оның шығармалары бір бояулы емес, көп бояулы. Соның қайсысы да өзі өнген Алтай топырағынан тамыр тартып,  өзі өскен, өзі сүйген Алтай табиғатынан нәр алады. Тұтастай алып қарағанда оны Алтай жыршысы деп атасақ жарасады. Табиғат жыршысы ретінде ол тапқан суреткерлік, ол игерген мінездеу, ол тапқан архайзм сөздер, этнографиялық пайымдаулар, ол  кейіпкер аузына салып пайдаланатын жергілікті говорлар...бәрі жинала келе Әлібек Асқаровтың жазушылық стилін құрайды.   «Стиль – это душа, и нужно быть очень деликатным и чувствующим, чтобы говорить так, как говорил Лабрюйер о создании ума, о женщинах, о сердце, о природе»-дейді Андре Моруа. Әлібектің жазушылық стилін бұл күнде ешкіммен шатастыруға болмайды. Ол стилист жазушы райында қазақ прозасының айтулы жүйрігі – ұстазы Қалихан Ысқақтан да еншісін алып, қонысын бөлек қондырып үлгерді.  Әдебиетте бұл  даралық! Даралық - әдебиетте үлкен жетістік! Үлкен жетістің иесі – біздің Асқаровтай жазушымыз! Әлібек осы жазушылық жолға  қайдан келеді, қалай келеді? Ендігі бір жауап тілеген сұрақ осы болса керек.

      Өнер атаулыға адам баласын жетелеп  алып келер – қызығушылық. Қызығушылықпен әдебиетке келген ол осы екі аралықта баяндаудан   әңгімелеуге, әңгімелеуден суреттеуге, суреттеуден мінездерді ашып, жүректің сыр сандығын басып, кейіпкерлерін мінездеуге қаламымен жүріп жеткен, табиғатты жалаң қызықтаудан оның(табиғаттың) жанарына жәутеңдей  қарап,жанына үңіліп,  болса шаттығын қызықтап, болмаса мұңын мұңдай  жүрегіне ұялатып,  сыңсып салған әнін өз жүрегіне құйып, табиғаттың жан сырын шым-шымдап ашудан толайым толғауға дейін жеткен, сөйтіп баяндау мәнеріндегі очерктен ойлы лирикалық прозаға ойыса еңбектеніп, тынбай ізденіп толыса қалыптасқан беделді қаламгер досымыз.

   Оны жазушы еткен – табиғатқа сұқтанушылық, онда да Алтайдай туған жері табиғатына іңкәрлік! Алтайда біз де болғанбыз. Алайда Алтай табиғатына Әлібектей бауыр баса алмадық. Сырттай сұқтанумен тындық. Ал Алтай Әлібек үшін өнер пәні. Ол біз көрмес сұлулықты көреді, сұлулыққа құштарланады, шырайын шығарып жырлайды. «Жырлайды» деген сөзді біз саналы түрде қолданып отырмыз. Сүйіспеншілік прозашы Әлібекті ақындық табиғатқа көтерген. Біз Алтайды танып, білу үшін ат сабылтып арнайы барып жатпай-ақ алтайшыл жазушы Асқаров  шығармаларын оқысақ та жетіп жатыр.   «Неткен кең дүние десеңші! Жүгі нарда, қазаны теңде көшпелі қазақтың  бармаған жері, баспаған тауы, сірә да бар ма екен?! Әйтсе де, үйрек ұшып, қаз қонған Алтайдай берекелі жайлауды, шұрайлы жерді қазағым тапқан жоқ шығар. Жер сұлулығы қайталанады дегенге Қараман әсте сенбейді. Алтайға ұқсас ару өңір бар да шығар, бірақ ол Алтай емес қой.» «Жазатыр оқиғасы»// «Ерте түскен бозқырау». Жалын. 1989 ж. 70 бет.»-деп толғанады тағдырлы кейіпкері Қараман. Кейіпкер ойы – қаламгер ойы. Кейіпкер махаббаты – автор махаббаты. Біз ол махаббатты бір шығармасынан емес әр шығармасынан, шағын  «Ерте түскен бозқырау», «Жекпе-жек», «Нағашымның әні», «Задаш пен Балғаным», «Долдаш ағайдың кітаптары» әңгімелерінен тартып көлемді «Бір күн, бір түн» секілді роман, «Жазатыр оқиғасы», «Біздің жақтың шалдары», «Жұртта қалған жеті үйдейін» орта көлемді шығармаларының қай-қайсысынан да табамыз. Тіпті сол сұлулықты, сұлулыққа іңкәр көңілді кітап ақтарып іздеп те жатпайсың, кез-келген шығармасының кез-келген бетін ашып қалсаң-ақ жер-жаннаты – Алтайдың сұлу табиғатына кезігесің, оны сырбаз жырлап отырған суреткермен бетпе-бет  ұшырасасың.        

      «Алтай жері әсіресе маусым шыға үкілі ботадай елпілдеп, өзгеше жасанып шыға келер еді. Бұл кезде қырат – қырқаны ойдымдап, қызыл ала күнгелді гүлі(!) қаптап кететін. Қызыл ала қалың гүл үп еткен қыр самалымен тербелген кезде – дала төсі қызыл шоқтай құбылып, алаулап салушы еді. Ондайда көңіліңді нөпір шаттық кернеп, алақайлап қуанатынсың, делебең қозып, далақ қағып, дала төсінде арлы-берлі шапқылайтынсың. Бірақ Жер – ананың  үлбіреген мұндай нәзік шағы тым ұзаққа созылмайтын. От болып өртенген бел-белестер бір-ер күнде өңін өзгертіп, тотияйындай көгеріп шыға келетін. Жел өтінде майда толқыған көгілдір дала ондайда ұшы-қиыры жоқ теңіздей көрінуші еді.» (32 бет.)-деп суреттейді ол көңілі сүйген Алтай табиғатын. Әрине кейіпкер көзімен берілетін сурет. Шынайы әсем сурет көзіңді арбайды, жүрегіңді жаулайды. Шынайы суреткерлік жаныңды марқайтады, көңіліңе шуақ құяды. Тағы бір суретке көңіл аударсақ.

     «Саумал иісті, сары ала жапырақты ой күзінің жөні бөлек екен. Бұл шақта ой жерінің табиғаты барша бояуын сыртына теуіп, ұзатылар қыздай жасанып шыға келуші еді. Онымен салыстырғанда, қырдың күзін жоққа балағандайсың... Балқарағай мен самырсынның жаздағы жасыл реңі аздап қошқылданады да, табиғат қанын ішіне тартып, тоңтеріс сазара қалады. Ала жаздай тау алқымын тұмшалаған қорғасын бұлттар күзге қарай төмен түсіп, жер бауырлап жатып алады. Сосын тұманды тескілеп, күні-түні шіркей жаңбыр ұрады да тұрады. Мұндай ақ жауын үйдегі жанды ығыр етіп әлегін шығарса, түздегіні сүмелектей сүмпитіп жіберетін.»(28 бет.) Бұл не? Бұл – суреткердің Алтай табиғатын тағы бір қырынан ашуы, ашып алдыңа жайып салуы. Оқиға өрісі, соған орай кейіпкер тағдырын алға сала әр қырынан суреттелер табиғат көрінісі. Ол кейіпкер табиғатынан туып, кейіпкер табиғатын ашатын суретке айналады. Көркем мәтінге солай сіңіп, шығармаға солай қызмет етіп, шырай бітіреді. Өмірдегі табиғат суретінен өнерге айналып кейіпкер жан-дүниесі сұлулығына айналады! «Сылбыраған жаңбыр, бозала тұман, сазарған сұп-сұр төңірек мұның да мазасыз көңіл күйімен үндес...»(28 бет.)- деп оны өзі де сезіндіріп өтеді. Әмсе сұлу табиғаттың алуан күйін басқа түскен ауыртпашылықтан ала-құйын хал кешетін кейіпкер халімен сабақтастыра беру - қаламгерді табиғатты жалаң қызықтаудан сақтайды, шығарманы табиғи ағынға түсіреді.  

     «Ауада сүйегіңді сырқыратқан дымқыл сыз бар. Қалтарысы жоқ шоқтықты өңір болған соң ба, осы Баян жері өзгеше салқын. Өткен күзде Байсал шалды ертіп, осы таудың арғы бөктерінде  екі күн  еру  жатып, балқарағай соққан-ды. Әлде балқарағай кештеу қарасүйектенді ме, әлде арқаны кеңге саламыз деп жүріп бұлар кешікті ме, науқан оншалықты берекелі болмады. Үшінші күні қарашаның қарына ілігіп, түсірген түгіршіктерді қызылдауға шамалары келмей, дедектеп төмен қашқан. Ақбаянның айдаһардай  айбатына Қараман сонда иланып еді...Ағашы сирек, панасыз жалаң бетте қарлы жаңбыр жентегімен ұрған кезде, оның қасында қаңтардың саршұнағы жолда қалады екен.» (64 бет.) Алтай табиғатының тағы бір аласапыран шағы. Жазушы табиғатты сырт тамашалаушы емес, Алтайдың алақұйын көрінісін қимыл-қозғалысқа түсіріп суреттейтін стилист!          Бейне саз дерсің. Қаламгер табиғат құбылысын өзара үйлесімге түсіріп, соншалықты әсем әуенге айналдырды да жіберді.

   «Байсалды ертіп келген кезде таң шапағы шың-жартастардың кепешін(!) аймалап, Қараңғысайдан түн шымылыдығы түріле бастап еді» (49 бет.), «Бүлк-бүлк етіп, төменде бұлақ қысыла ағып жатыр. Жан-жағынан қысқан мұз құрсауға әлі жетпей, көмек күтіп қыңсылағандай ма, қалай? Емшектеле қатқан мұз сіреулері ай нұрымен шағылысып, бейне бір ерке бұлақтың сылдыратып ойнаған күміс сырғаларына ұқсап кетіпті.»(57 бет.)

   «Аздан соң Ақбаянның маңдайынан ай орағы сығалады. Тіке туған жартыкеш ай еріне найқалып, төбеге көтерілген кезде, денесі тоңазып, аңшы оянып кеткен.»(65 бет.)

      «Етектегі ну орман үстінде  шудадай ирелеңдеп қорғасын тұман ағарады. Үлкен аңғар ұйқысырай есінеп, бойкүйез керіліп жатқандай.»(70 бет.) Табиғатқа жан бере суреттеу. Образды ойлау жүйесінің жемісі.

   «Аңшы ішігін қымтаныңқырап, сығырайып төңірегін шолып өтті. Салба-салба самырсындар ай нұрына малынып тұр. Қыс бойы иықтан басып, милықтатқан қарды серпіп тастап, енді ғана бой түзей бастағандай. Алыста, түн пердесі астында болар-болмас мұнартып, таулар сілемі созылып жатыр. Мұнартқан таулардың шығыс жақ төрінде Мұзтаудың қос емшегі жылтырайды. Әлдеқайдан біреудің  сыңсып салған әні естілгендей болады.» (73 бет.).  Сурет. Сурет болғанда бірін-бірі қайталамайтын табиғаттың әр кезеңінің суреті, жайқалған жапырақтар қаракөк теңіздей тербеледі, теңіздей толқыған табиғат, сары күз келіп, алтын тартады, енді бірде  боқыраудағы бұрқ-сарқ мінезге көшеді, келесіде ол «кәрі құда» -қысқа ұласып, қыс қысқан кездегі қатаң да қытымыр суреттерге ойысады. Бірін-бірі қайталамайды. Жаймашуақ тартқан  көгілдір теңіздей толқыған, көлі мөлдіреген Алтай, іштей күрсініп, күңіреніп жатар сәттері қаншама?! Соның баршасы тіршілік философиясына оранып, өмірдің тылсым сырына бастап жатады. Табиғат бірде шығармаға ая болып, бірде  сюжетіне егіз өрім бірге өріліп, тағы бірде кейіпкерінің ой дүниесінің көрінісіне айналып сөйлеп жатады. Көркем әдебиетте  жазушы сызған сурет мәтінге табиғи еніп, етенелесе кірігіп көркемдік компонентіне айналмағы шарт.  Онсыз суреткерліктің парқы не? Әлібек шығармашылығында табиғат суреті бар бояуымен көрінеді, көркемдікке қапысыз қызмет етіп жатады. Ол – табиғатпен етенелскен суреткер жазушы.

   Табиғатпен етенелесу – оны тек қызықтаудан тұрмаса керек. Табиғат үніне құлақ түріп, оның шаттықты сәтін ғана емес, өксікті күңіренісін де тыңдай білу деген сөз. Ол – табиғаттың экологиялық қасіретіне де ден қою.  Табиғат экологиясының бұзылуы Әлібек тынбай жарлай  айтып келе жатқан бір мәселе де, табиғат-ана бауырынан жаралып, «болып-толып» табиғат-ананың өзіне  қол көтеруге жеткен адам экологиясының бұзылуы - көркем прозасында  қилы-қилы кейіпкер арқылы шынайы бейнелеп келе жатқан екінші бір жоталы тақырыбы. Әдебиет пәні әзелден – Адам! Ол – аксиома! Алайда А.Кимнің «Орман - әке», В.Астафевтің «Патша балық» секілді шығармаларын еске алғанда Табиғат – Ана да өнер пәні бола алар-ау деген ойға келесің. Табиғат және Адам үйлесімі, өзара үндестігі – оның қаламгерлік азығы, көркем прозасының адами  суреткерлік философиясының қазығы. Өзара бірлікте алып, қамшы өріміндей жымдастыра өріп, екеуін де біліп жазады, сүйіп жазады. Табиғатты сүйіп жазған жазушы оның бауырындағы хайуанат өмірін де бір өзгеше қызыққа бөлеп асқан білгірлікпен суреттей жазады.

   Оның  Қараман есімді кейіпкері бірде былай толғанатын: «Бала кезінде тау мен тас, орман-тоғай тұнған жұмбақ болып көрінетін Қараманға. Жұмбақ боған соң да, табиғат бойына қорқыныш пен үрей бұқтырған сұсты еді. Зейінмен көңіл қойып, тереңіне көз жіберсең – табиғаттан қарапайым дүние жоқ екен. Тек алуан құбылысқа толы сол табиғаттың өзін түсіне білу керек екен.»(66 бет.) Осы Әлібектің  өз танымы, танымынан туған өз ұстанымы, суреткерлік мұраты. Табиғат құбылыстарын, ішкі иірім құйылыстарымен қоса суреттеп құлпыртып, жан беріп құбылтып, бауырындағы хайуанат біткеннің тіршілік сырына үңіліп, өзегіне ой ұялатып, дүние  философиясына айналдырып суреттеуді мұрат тұтады.  

 «Қалтасын қарманып, түнеугүні қарағай қабығынан шетіген мөлтешті(шайыр.Қ.Е.) тауып алды.» (60 бет.). «Төңірек қарақұрақтанған кезде орманның жиегіне жетті.Қараған-тобылғысы шұбартқан жазаңдау тепсеңге әдейі бұрылып, бұта басында қалтыраған жалғыз қауырсынды көтерді. Қатты сайысқа түскен  құр қоразының құйрық қанаты. Тепсеңнің әр жерінде құстың шашылған мамық жүні ағараңдайды. Құр ойнағы басталған тәрізді.» (64 бет.). «Дар етіп, аяқ астынан көтерілген ұлардан  шошып, Найзакүрең мұны тастап кете жаздады. «70 бет.).  «Астына құрғақ бүрді мол етіп төсеп, оның үстіне тоқым салып, ерді жастанып қисая кетті.» (64 бет.). «Іле жерде жатқан шірік бөрененің тасасынан қара жолақ баршатышқан(!) жылтың етті.» (19 бет.) «Үңірейген әлгі кеуек ішінен сылаң етіп, әдемі қызыл түлкі жүнін төгілтіп шыға келген.»(30 бет.), «Бұл отырған тастың төбесінен жорғалап кішкентай бір аң өте шықты. Шамасы,  отты қызықтап, адамды төңіректеп жүрген ақкіс болар. Төмендегі арша арасынан тарғақ тарқылдады.»(31 бет.)

   «- Қозықа ма еді?-деп сұрады сосын.

-Жо – жоқ, кәдімгідей ірі бұғы...»(45 бет.)

«Бірақ, бұл кеше тауда жүргенде, салмадағы сорғытып қойған құдырдың (!) жас етін біреу боршалап жеп кетіпті. ...Өзге хайуан адам иісі бар жерге жоламайды, аңшының ежелгі жауы – сасық құнудың (!) әрекеті сияқты» (56 бет)  «Бұлақтың жағасында қылтың қағып шақшақай (!) жүр. Сып беріп су түбіне сүңгіп кетеді де, сылаң етіп бір жақтан шыға келеді. Кішкентай торғайдың суыққа мықтылығына таңырқап, аңшы басын шайқады.»(57 бет.). «Ақбұлақтың бойындағы қақпанның біріне құндыз(!) түсіпті.»(61 бет.), Ол көбіне жәй хабарламайды, аң-құстың мінезін беріп, біраз жерге апарып тастайды. Хайуанатты табиғатқа, табиғатты текстке қызмет еткізеді. «Қорымның арасындағы қос қақпанның  біріне күзен түскен екен. Оны түлкі жеп кетіпті. Жүнін бұрқырата шашып, құйрығын қарға шаншып қойыпты. (Түлкінің мінезін беруі. Қ.Е.) Қақпанға елік мүйіз шәңгек (этнографиялық қосымшалар Қ.Е.) байлап қойған еді, күзен шәңгекті сүйреп, із қалдырып біраз жерге барыпты. Түлкі күзенді дәл осы жерде, шәңгек тас қуысына ілініп, діңкесі құрыған шақта үстінен түссе керек.»(63 бет.) секілді етіп табиғат құбылыстарын этнографиялық білікпен күшейтіп, табиғат хаюанаттарының өзін бірін-біріне аңдытып, бірін біріне алдырып, оның бәрін өмір үшін күресіп жүрген аңшы кейіпкерінің кәнігі қырағы көзіне шалдырып суреттегенде жазушының табиғатпен етенеленген болмысы келіп шығады.

«Баяғыда қауырсынын бұрқыратып, қоянның шілді жегенін көргенде, түлкінің түлкіні жеп, пәршелеп, жұлмалап жатқан сұмдықтың үстінен түскенде – бұл құбылысқа жауап таба алмай басы қатушы еді. Күні бойы суға телміріп, балық аулаған аюдың қылығы, ала жаздай ақ тиіннің жинаған қорына кезігіп, балқарағай шаққан бұлғынның мінезі де қайран қалдыратын. Өзіне шапқан қасқырды мүйізіне іліп ағашқа жаныштап, жүрегі жарылып, сол жерде тас мүсіндей қатып қалған бұланның да үстінен түскені бар. Жылдар өте соның бәріне жауап табылды... Табиғатта өмір үшін тынымсыз күрес жүріп жатады екен.»(66 бет.) Дәл осылай жазу үшін қаншама табиғат ілімі керек жазушыға?!

   «Сәлден кейін көкжиектен күннің кірпігі қылтиып, түн шымылдығы түріліп төмен кетті. Алаң үстінде кілкіген селдір тұман таң жарығымен шағылысып, ақшулан нұрға айналып жүре берген. Жарық түскен сайын төңірекке жан біте бастады. Алдымен жақын маңдағы ағаш арасынан тоқылдаған, дырылдаған үн естілді. Күнгей  бет жақтан іннен шыққан суыр аңқиттады. Артынша таң тыныштығын қақ айырып, тас төбеден шар етіп, шауқарға ұшып өтті. Кәззап құс күрке астында адамның барын сезіп төбесіне саңғып кетті.»(67 бет.), «...Қарабауыр сыпсың етіп інінен шыға келді. Шыққан бойда әлденеден сезіктенгендей басын кекжитіп, қалшиып тұра қалды. Аузында көлденең тістеген сүйек ағараңдайды» (85 бет.) «Мұның үйіне келіп алып, құлтекедей  тепеңдегені несі екен?» (90 бет.) «Түйеқұлақ аулап, қорымды аралап (демек қорым маңында ғана өседі.Қ.Е.) жүрген кержақ шал әлгіндей тас көшкіннің астында қалса керек.» (180 бет.), «Түн баласында шілделік ұстаған адам мұратына жетеді деуші еді анасы.»(181 бет.)

Табиғат құбылысы, хайуанаттар қарекеті берілетін әрбір сәтке көз тоқтатып, көңіл аялдатып біртіндеп талдасақ жарасарлық. Әрине біз бір топтап ұсынып отырған табиғат топонимдері мен хаюанат ат-атаулары бір шығармада түйдектеліп пайдаланылмасы хақ. Шығарма сюжетіне сай, оқиға өрбуіне орай, кейіпкер әрекетімен сабақтас әңгімеленер осы табиғат бауырындағы тіршілік атаулы өз жарасымымен суреттеледі. Алтай тауларының аң-құсының нешеме атасы аталып, түр-түсі, әрекет-қимылы, өмір сүру сипаты  беріледі...Білімділік. Сол аң-құстарды шығарма табиғатынан туындатып, әңгіме ету, кейіпкер жан-дүниесіне сай сан құбылтып суреттеу...Шеберлік.

    Табиғатты адам араластырмай бейнелеп те мақсатына жеткен жазушылар бар әдебиет тарихында. Ол да бір ғанибет. Адам кейіпкерін іздемей-ақ адам өмірі жайында ой кешесің ондай шығармаларды оқығанда.Айталық,  Михаил Пришвин шығармалары – кәдімгі өзіміз күнде көріп жүретін өмір. Хаюанат, өсімдіктер тіршілігі дерлік.  Орыс жазушысы өмірдегі көріністі  әсем суреттеп тіршілік философиясына енгізіп жіберетіні соншалық көзіңді ала алмайсың, көңіліңді жаулап тынады. Сол мінезімен де орыс әдебиетіндегі ұлы суреткерге айналып қалды тарихта. Оны қайталайтын, қайталай алатын екінші бір суреткер жоқ орыс әдебиетінде. Оның кеш түсініліп, кештеу бағаланатын себебі де сол өмірге жақындығында.  Табиғатты бағындырамыз-деген кеңестік желбуаздыққа беріліп кетіп Табиғат-Анадан  іргемізді ажыратып, топастанып кеткендіктен де орыс оқырманы Пришвинді түсіне алмады.  Соңынан ес жиып, есалаң кейіптен арылған соң барып Пришвинге қайта оралдық. Оның музыкаға бергісіз өте нәзік дүниелеріне ден қойып, түсінуге бет бұрдық. Табиғат – Анаға жақындық - өмірге жақындық. Өмірге жақындық жазушылық мін емес, суреткерлік мәнер.Бұл ойларды Пришвиннен тарта сабақтағанмен Әлібек достың шығармашылығына қарата айтып отырмыз. Әлібек шығармашылығы – боямасыз өмір деуге болады. Жалған пафос, қонымсыз бояу онда болмайды. Оның кейіпкері - табиғат перзенті. Үйінде 40 күн түнеп жатқан жас жесірге жолай алмай жүрген Қараманды («Жазатыр оқиғасы») бейне әнтек альтруист немесе Айтқали ( «Ерте түскен бозқырау...») сынды әтек дерсің бәлкім. Жоқ ол олай емес, табиғатпен етенелескені соншалық, табиғи адамдықты таза сақтап қалған жан.

   Әлібектің кейіпкерлері қазақ әдебиетінде өзге қаламгер қалыптаған кісілерге ұқсамайды Өзге қаламдасы тұлғалаған образға ұқсамас, өз кейіпкеріңді әдебиетке әкелу – жазушылық арман! Әлібек кейіпкерлері оның өзі секілді, табиғатпен етене адамдар.   Аяулы жары мен жалғыз ұлы өліп басы кәңгіріп қалған Қараман дүниені тәрік етпес пе? Құдайын қарғамас па?! Ал, Әлібектің Қараманын  «тұлдыр тірлік, тұрлаусыз ғұмыр» атандырса да ұстап тұрған, өмірге деген  майы таусылған білте шамның жарығындай жарық дүниеге деген сам-соз үмітін өлеусіретсе де өшірмей келе жатқан жалғыз үміт – оның туған жері - өр Алтайы!

   Кейіпкер қайғысы – қою. Кейіпкер – жазушы перзенті. Оның сыр-сымбатына көз салмай, ол сауған ойдың орамын ашпай, жазушылықтың орайы табылар ма?   Қараман – кейіпкер бойындағы табиғатқа деген іңкәрлік, асқар Алтайға  арқа сүйеушілік, табиғатпен біте қайнасушылық – кісіні иландырады, тіпті қызықтырады. Бір Қараман ғана емес, табиғат аясында тіршілік етіп жатқан күллі кейіпкері өзгеге ұқсай бермейді. Ойы, іс-әрекеті, сөйлеу мәнері бәрі де басқарақ. Қара орманды анасындай сүйетін Қараман («Жазатыр оқиғасы») Анненков әскерінің жеңіліс тауып Қытайға қашып бара жатқан азып-тозған бір бөлімінің іс-әрекеті, алтын сынығы үшін мұның ұлын оққа байлап жіберген  Ерофейдің көзін жою үшін сыңсыған орманды өртеп тынды, Байсұлтан («Қорық») құтты қоныс етіп отырған жері – қорыққа өтіп кеткені, жаңа буын азаматтардың оны адам санатына қоспағаны үшін «көш» десе де көшпей, ақыры дықарттықтан көз жұмды, орманды адал қорғап жүрген Айтмолда («Айтмолданың соқпағы») еңбегі еш болғанын кеш түсініп, дүниеқоңыз Миябайдың арам әрекетінен кейін жан-дүниесі  қаңырап босап  қалса да, ақырында өзінің адами табиғатынан айный алмай бұғы аулаған қарақшылардың оғына ұшты, жасы егде тартқан Бектұрғанның («Көңілдің көк дөнені»),  елге монша салып берсем деген арманы желге ұшты, жаңа буын үшін уақыты өтіп кеткен екен; өзінің адалдығын дәлелдей алмай, елге сыймай жалқы тағдыр кешетін Жекебай («Сарсаң»), бастыққа жағынуды білмей өтіп келе жатқан Әубәкір қария («Басқарманың қымызы»), өзін өлімнен аман алып қалған қарияға аюдың қонжығын сыйлаймын деп аю-ана талауына түсіп өлетін Есалы («Қарымта») әлеуметтік жүк арқалап жүрген қилы-қилы тағдырлы кейіпкерлер. Жазушы өз кейіпкерлерін табиғатпен барынша етене әкеліп тұлғалайды да тосын шешімдермен тағдырын түйіндеп отырады. Күтпеген түйін оқырманды селт еткізеді. Әдемі әңгімешіл стилді ұстанған жазушы кейіпкерін шуақты күлкіге шомылдырып, ойға шомдырып сені де жетелеп отырады. Аталған кейіпкерлердің ортақ сипаты – Алтай орманы, аң-құсына деген адалдық. Ал ерекшелігі – олардың сыртқы түр-келбетінен бастап ішкі дүниетанымы, өмірлік ұстанымы ...болып дараланып кете барады. Бір-біріне ұқсап, ұқсамай жатқан қилы тағдыр иелері райында ойлантады, толғантады. 

       В.Беловтың «Ағаш шеберінің әңгімелерін» еске түсіретін «Жұртта қалған жеті үйдегі» Қасиман, Байғоныс, Мелс, Кәрім қария, Сәлима, Қабден, Метрей шал, моторист Сәрсен өздерінің қызық-қызық әрекеттерімен ерекше есте қалады. Туған жері Талдықорғаннан алма көшетін алып келіп қондырған көшені (Алма ағашы семіп қалса да) «Алмалы көшесі» атандырып жүрген, немесе қалаға көше-көше бір ауылдан  жетімсіреп жеті үй ғана қалғанына қарамастан «қазіргі уақыттың талабы» деп тау басына «дача» салып әлек болатын Мелс әрекетіне күлеріңді де күйінеріңді де білмейсің. Алайда, әдеби кейіпкер тілімен, іс-әрекетімен, өмір сүру дағдысымен ерекшеленетін олар суреткерлік талғаммен жасалған көркем образдар.Күліп оқып бастап ойланып аяқтайсың.

       Әлібек кейіпкерлерін қалай тұлғалайды?  Оның кейіпкерлері – ойшыл. Бектұрсыны былай толғанады:

«Ауыл қыбырлап, күнделікті қаракетіне кірісе бастапты. Ес біліп, етек жапқалы көріп-біліп келе жатқан таныс тірлік. Бір күні бір күніне ұқсас, жазы – қысқа, қысы – жазға ұласқан зымыраған уақыт. Сөйтіп жүргенде өмір дегені аңшыдан қашқан түлкідей бұлаң қағып өте шығыпты-ау. Бойда ерік, ойда көрік бар кезде адам дегенің уақыттың нарқын бағалай бермейді екен. Қаншалықты өкінгенмен, көңілден ұшқан көк қаршыға енді қайтып кеудесіне қонар ма?»// «Біздің жақтың шалдары» 166 бет.)

   Ол тағы бірде былай толғанады:

«Қазір заман түзу, ел тыныш, бәрі де сыпыраның ішінде отыр.-: не ішем, не кием демейді. Сөйтіп отырып бұл адамдар әншейін бақан тірес, ит тартыс ғұмыр кешуде. Кешегі Құмархан секілді от жүрек азаматтар қайда кеткен?

    Мынау жарық жалғанда ертеңге бір белгі қалсыншы деп, көкейін көгертіп жүрген пендені Бектұрғанның өз басы дәл бүгінгі күні бұл ауылдан кездестіре алмай жүр. Бір күндік шолақ тірлікті күйттеп, әркім өз күлшесіне күл тартумен әбігер. Кеңінен ойлап, кемеңгер ой түйетін адам қалмаған ба сонда?»// (168 бет.)

   Кейіпкер ойшыл болуы үшін алдымен автор ойшыл болуы керектігі бесенеден белгілі. Әлібек  Алтайдың «шалдарының» жан-дүниесіне кіре біліпті. Олардың ой қазынасын ақтарып,  дүниенің өткіншілігі, өмірден барқадар табу мен таппау, өмірлік мұрат, соңына ұрпақ қылдыру, тіршілік деп тепеңдеумен өтіп келе жатқан жандардың өкініші мен жұбанышы, өмірлік ұстанымы...дегендей нешетүрлі ойын саууға барыпты. Онысы алдымен кейіпкерін даралай тұлғалауға, сосын ойшылдығымен шығармаға құнар дарытуға, соңында қазақтың тіл жұпарын жасаңытуға мейлінше жарап жатыр.

   Алғашқы бөлімдегі «Бойда ерік, ойда көрік бар кезде адам дегенің уақыттың нарқын бағалай бермейді екен. Қаншалықты өкінгенмен, көңілден ұшқан көк қаршыға енді қайтып кеудесіне қонар ма?»-деген қанатты  ойдан туып, қанатты сөзге сұранып тұрған жолдар қандай?! Әйтпесе екінші бөлектегі: «Қазір заман түзу, ел тыныш, бәрі де сыпыраның  ішінде отыр: не ішем, не кием демейді.», «Бір күндік шолақ тірлікті  күйттеп, әркім өз күлшесіне күл тасумен әбігер...»-секілді сөздер, сөздерден бас құраған өзіндік сөйлемдер, сөйлемдерге көмейіне қорғасын құйып шымырлатқан сақадай  нығыздай айтқан ойлар қандай?! Егер де, Әлібек «шалдарын» өмірдің талай соқпа-соқпасынан өткізіп осы ойларға дайындап алып келмесе, онда бұл ойлар кейіпкер табиғатынан тыс қалар еді. Кейіпкер бойынан тыс тұрған қандай ой, нендей сөз болсын ол кейіпкер бойына жұқпаған бостекі  бояуға айналып көркем шығарманың табиғатынан да тыс сопайып шыға келер еді. Олай емес, мейлінше қарапайым  кейіпкерлер соғысқа қатыса ма, әке жолымен жүріп өмірдің біраз асуынан аса ма, тіршіліктің кермесіне тап болып, жүрегінің басына шер байланып  қайғы уын іше ме, әйтеуір тіршіліктің аяғында осындай қарапайым философиялық түйіндерге келіп жатады. Кейіпкер табиғатына қонымды шығып көркем шығарманы ажарландырар бояуға, шығарманы ішті ететін ойға айналады. Көркемдік тіні  болып жымдасып, шығарма шырайын ашады. Біздің Әлібектің «шалдарына» сүйсінісіміз де осы бір өмірдегі қарапайым көріністерді қалт жібермей көре қалған байымды суретші көзден, оны қиюын келтіріп  кейіпкер табиғатынан туындата шығарма тініне шебер қалаған суреткерлік сөзден туындап отыр.

 Әлібектің шалдары ойлы – кей-кейде қайсысы жазушының, қайсысы кейіпкерінің ойы екенін ажырата алмай жатасың. Кейіпкерін қоя тұрып, жазушының өз табиғатынан да шығып кетіп жататын бір қарағанда әпенді, бір қарағанда сұмдық ойшыл шалдарға кезігесің шығармадан. Әлібек шығармаларының тіршілік философиясын кешуі, олардың кешіп өткен өмір сабақтарына сай туған өңір тілімен сөйлеп жүруі біздің есімізге орыс халқының мақтанышы Василий Беловтың «Ағаш шеберлерінің әңгімелерін» де еске түсіргендей болады. Біз бұлай дегенде қазақ жазушысының кейіпкерлері орыстың «мұжықтарына» ұқсайды деуден аулақпыз. Әлібектей қаламгер досымыздың ауыл қарияларын сомдаудағы жазушылық  шеберлігінің аса бір биіктеп қалыптасқандығын айтқымыз келеді.

   Өмірдің өзінен тамыр тартып жататындықтан, бәлкім жасы ұлғайып, өмірден жақсыны да, жаманды да көріп, пендешіліктен тысқары, одан биік тұрып толғанатындықтан ба, әйтеуір 70-80-ші жазылған шығармаларының өзінен: «Бір күндік шолақ тірлікті  күйттеп, әркім өз күлшесіне күл тартумен әбігер. Кеңінен ойлап, кемеңгер ой түйетін адам қалмаған ба сонда?»- деп бүгінгі күнімізге қарата  сөйлеп, бүгінгі күнімізді алдын-ала болжағандай ой айтатыны бар. Ең бастысы ол ойлар кейіпкер табиғатынан туып бізді баурап, бізді сендіріп жатады. Жоғарыдағы екі қысым үзіндіге қайта зер сала қараңызшы,  «Қазір заман түзу, ел тыныш, бәрі де сыпыраның ішінде отыр: не ішем, не кием демейді», әйтпесе: «Бір күндік шолақ тірлікті күйттеп, әркім өз күлшесіне күл тартумен әбігер.» -деп ой түю үшін жерге от жағып, тезек қалап, қамыр илеп, табаға ашыған қамыр салып, нан жабатын қазақы тіршілікті көрген, білген, бастан кешкен адамның ғана ойына түсетін ой орамы, қазақы тіршілікке адал адамның ғана аузынан ғана шығатын сөз байламы емес пе?! Әлібектей ауыл өмірін жете білетін, ауыл өмірін алты алаш өміріне айналдырып көз аясына қондырып,  көңіл айдынына сыйдырып жазып келе жатқан суреткер бойына сыйымды сөз, қаламгерлік тың   қолданыс емес пе? Сол қарапайым  тіршілік көрінісінен дүнияй философия туындап жатқан жоқ па?! Зер салып қайта бір оқыңызшы...

   Әлібек кейіпкерлері тіршілік кешкен өңір, еткен кәсіпке орай   туындайтын     тіл ерекшелігімен айырықшаланады. Оның бір парасы - жергілікті сөздер

«...дүкертпен(!) мұртын басты.» (13 бет.), «Киім біткеннің  қолтырмашы(!) сөгіліп, шабуы(!) сетінеп, жырымдалып түсіп қалудың аз-ақ алдында жүр. Көк тебенмен ілекерлеп, әр тұсынан бір жөрмеп(!) қойған.»(13 бет), «Жалма-жан терезеге тұтқан қарынның тесігінен сығалап, шықарға(!) үңілді...»(14 бет), «Етігінің белтірі(!) сетінеп жүр еді, тілерсегінен жүгірген суық жел қара санын өрлей жөнеледі.»(22 бет), «Талдыбұлаққа соңғы рет айдың екінші тоғамында(!) бір барып, аңғардың бойын үш күн аңдып қайтқан еді.»(27 бет.), «Қараман салмадағы(!) сүрленген еліктің етін қапқа салып,...»(20 бет.)

 Бет.) «Қанайдың  отаулаған(!) шөбін көріп қайтты.» (44 бет.), «Биылғы жылы Жазатырға  қар қалың түсті. Кібісе(!) жылы ғой, қыс қатты болар деген Байсал шалдың жорамалы бекерге шыққан. Қары қалың болса да, қызылы аз, адамның арқасын қыздырған шуақты күндері мол еді.Күннің жылымық шуағы қардың астын жіпсітіп, әр тұстан күркіретіп көшкі(!) түсірген, сөйтіп, ақпан туа күнгей қыраттың біразы жалаңашталып салған болатын» (45 бет.), «Бой жазып керілмек еді, бурыл басын аңдаусызда мәткеге оңдырмай ұрып алды.»(127 бет.), «Кезінде бұл Айтекең де бір сынса мол сынатын ноқтың нағыз өзі еді.» (136 бет.) «Екі кештің арасында  қораның қиын тазалады, шашылған сағдарды  жинастырды.» (161 бет.)- секілді үйме-жүйме етіп ұсынғанда кісіні өзіне тарта қоймайтын сөз қолданыстары кейіпкерін даралауда өзіндік міндет атқарып жатады. Көркем образ тұлғалауға септеседі.

   Жергілікті сөздер ғана емес, тұтас сөз орамдарымен кейіпкер тілін даралауда да Әлібек қиялы ұшқыр, қаламы жүйрік.

    « - «Батырдан сауға, мергеннен сыралғы»(!) деген осы да!-деп, Байсал

бұған риза болып, сақалын саумалады.»(20 бет.), «...сенің иманыңа қамшы басып тұрғаным жоқ.»(11 бет.) «Қолыңнан келеді екен, бұл өмірде боз жорғадай желіп өтпеймісің?...»(11-12 бет)

«-Бізден нендей хал сұрайсың...тісі сары қақ қайрақ болдық»(14 бет)

«-Тектің атасының өлгені қашан, Бейсеке! – деді Қараман, - Біреудің

тауығын алсаң – қаз байла, малын алсаң – қыз байла»-деген. Бұл да артында аманаты бар дүние ғой» (15 бет.)

« -Кездескен сайын өзіңізден сұрауды ұмытып жүрмін, айтыңызшы,

Бейсеке, осы сіз нешеге жидыңыз?» (16 бет)

«- Шырағым,  Қараман!-деді. – Сенің де жасың сәске мелден(!) өтіп

кетті.»(17 бет.)

    «Тым шөмкесің(!).» (18 бет.)

« - Қап түбіне сыймаған сен де бір қара қамшы болдың ғой,-деді

болымсыз күрсініп.»(18 бет.)

«Шілтеннің шылауы тисін!..» (19 бет.) «Қара тартары(!) осы шал ғана

болған соң, бұл да ет жүректі пенде емес пе, іштен тына беруге шыдамады.»(19 бет.)

   «Мұз арқалап, күл төккен жалғыздықтың күні құрысын»-деп

іштей...»(75 бет.) «Көн етікке құрым шұлғау.»(75 бет.) «...сары тора жастағы әйел ғой,...»(75 бет.) «Байсал ескіліктің жөнін білетін, көңілі қарақты(!) шал еді...»(77 бет.) «Тазға таздың сиынған заманы да, тегі.» (99 бет.) «Шілдесінде шырақ көрмеген арамза еді, енді қарашы, қамшысын білемдеп жұртқа қоқыраңдауын...»(100 бет.)

   « -Мақтасам, орнымен мақтап отырмын. Бозбаласында оғы жаза кетпеген жұпар кіндік еді ғой бұл Байсекең.» (123 бет.)

«...үйірін сұйылтып алған шірік шөңге боп қалдық қой бүгінде...» (171 бет.)

    « - Әй, шырағым,-деді Әбекең ашу шақырып. – Сен тасқа шыққан текедей албаты бақылдай берме!» (219 бет.) 

    Орманды өңір, аң-құсты ауылдың баламалы, бейнелі тіл, бедерлі сөз 

қолданыстары.Соны жазушы кейіпкер табиғатына орай тамаша қолданып отырады. Әлібек тіпті  Кержак кейіпкерін де орыс говоры арқылы сөйлетіп жатады. Онысы жарасымды. Диалогтің өзін жергілікті тіл ерекшеліктеріне сүйене құрған соң ол характер жасауға  сәтті ұласып кетіп жатады. Бір-ер сәтке  аялдайық.

       «Әрине, бұл пәниге кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсің. Атағы әлемді әлдилеген патшалар да, жұртты аузына қаратқан жақсы мен жайсаңдар да 

өткен. Солардың бәрін жалмап, бәрін жұтып жатыр – бәрібір қара жердің  талысы  тоят табар түрі жоқ Сірә, тоймайтын шығар...»(70 бет.) Кейіпкер ойы. Өмір өткіншілігі туралы  жазушы философиясында жаңалық жоқ. Алайда,  «қара жердің талысы» -деген ұғыммен, жаңа баламамен ескі ойды жаңғыртып отыр. Сондай-ақ, кейіпкер ойы райында  айтылар толғам ұлттық реңімен кейіпкерді ішті ете түседі. Осы ойға қарап отырып Қараманды анау-мынау қатардағы көгенкөзден жоғары қоярың анық. «Шамданса – шабына шоқ түссін!.. Бұларға салсаң бас пайдасы үшін Алтайды өртеп жіберуге әзір». (11 бет), «Жаратқан ие адамдарға сен патша бол, сен бай бол, сен аңшы бол, сен жалшы бол деп өмір сыйламаса керек, тегі. Сен адамзат әулетінің алтын жібін жалғастыр, бала өсіріп, ұрпақ қалдыр деп жарық дүние сыйлайды. Ал, құйрық-жалсыз тұлдыр қалған бұл Қараман ертеңгі күні құдай алдында не деп жауап бермек?» (71 бет) –деген қазақы философия да Қараманды кейіпкер райында ірілендіріп (қарапайым аңшы ғой), ірі істерге бастайды. Оның кейін ақ гвардияшыларды отқа өртеп жіберер ерлігіне осындай ой ерлігінен кейін  күманданбайсыз. Кейіпкер табиғатынан туындаған табиғи әрекет ретінде жантартып бағалайсыз. «Жазатыр оқиғасын» ішті шығармаға айналдыратын да кейіпкер табиғатының ірілігі.

«Біздің жақтың шалдары»  кешегі кеңестік кезең тоғышар бейілін сынайтын шығарма. Аңқау шалдарды әңгімеге тарта отырып астарында қоғамның, қоғамды құратын адамның табиғатқа жатсыраған көзқарасын ашып-ашып айтады-ау. Шығарма сондай астарымен де мінезді шығарма дерлік. Кеше ғана ма? Әлібектің шалдары - әпенді дерлік аңқау, Алтай табиғатына тартып туған ақ-адал күн кешуші таза, айналасының аңқаулығын пайдалана білетін жытқыр, қу тақым, бірді-бірге ұрып жүрер алаяқ... бәрі де бар. Бірқилы  деуге келмейді, әрқилы. Олай болатын реті де бар. Өмірдің өзі санқилы емес пе?! Дегенде сонда бір сарын ерекше күшейіп көрінер еді, ол шығармада айқұлақтана түсіп, арна тартар еді. Кеңестік қоғам бойындағы тоғышарлық, дүниеқоңыздықты сынау сияқты көрінетін.

   Өзіміз сағынғандай болып оның қарасын  қолдан қоқырайтып жүргеніміз болмаса Кеңестік қоғамның қарасы батты. Әлібектің әлгі кейіпкерлері таяныш - түптұлғасы баяғыда бақилық болған шығар-ау. Адам кетсе, ол жаратқан кеңестік қоғам кетсе, Әлібектің әлгі кейіпкер «шалдары» да әдебиет әлемінен біржолата көшуге, көңілден өшуге тиісті ғой. Жоқ, олай емес, оның «шалдары» көңілде әлі тірі. Тірің не, олар бұрынғысынан да өміршең бола түскен. Олар кезінде жалқы көрініс ретінде көрінген тоғышарлықтың бүгін тұтасып, тұтас қоғамдық дертке айналған шағында да әлеуметтік тип райында өмір сүріп, әдеби кейіпкерлер ретінде өз сөзін айтып дін аман жүріп жатыр. Жазушы әлгі кейіпкерлерін  көркем образ ретінде жаратқан кезде меншікшілдік дерт әлде біреулердің бойынан көрініп саяқтық танытар болса бұл күнде қабындаған, дертке айналған. Меншікшіл психология тұтас қоғамды иектеген. Осындай жағдайда суреткер көзбен шынайы тұлғаланған кеңестік қоғам үшін күресіп жүретін  кейіпкерлері түп-түгел әпендіге айналған (өйткені жеке меншіктік капиталистік қоғамға айналдық емес пе?),  керісінше  дүниеқор, алаяқ, сұм кейіпкерлері осы бүгінгі қоғамға сұмдық сұранып тұрған тип болған да шыққан.  Мұның сыры неде?

   Өмірлік материалдың Әлібектей суреткер-ойшылдың уақыт өткен сайын өлеусіреу орнына өмір өзгерісіне қарай түрленіп бой көрсетіп, қилы-қилы сөйлей алатын көпқыртысты, көпбояулы көркем образ жасай алғанында! Ал, оларды жаңа қырынан тану үшін – оқырман бүгінгі қоғам биігінен қарап оқыса, таныту үшін сыншылар трактовкасын жаңа қоғам мораліне қарай бұрса, талдауын  тереңдетсе жетіп жатыр... 

     Әлібек әңгімешіл жазушы. Әңгімешілдік – жазушылық стиль. Оны әсіресе қазақ жазушыларына өгейсітуге болмайды. Қазақ әдебиетінің небір асылдары осы әңгімешілдік мәнер жемісі. Әңгімешілдікті  жазушылық мәнер тұтқан қаламгеріміздің бірі – Әлібек! Ол жаймашуақ әңгімелей  отырып, жадырай сөйлеп, сені Алтай табиғатына бастайды, бауырындағы аң-құсы тіршілік сырына сүңгітеді. Соның баршасында әңгімешілікпен сүйіндіре отырып күлдіріп, сүйіндіре отырып күңірентіп ала жөнеледі. Шығарманың үстіңгі қабатында юмор шуағына бөленген күлкі, астыңғы қабатындағы елдік (ұлттық), топырақтық трагедияларға жетелеп «қуартып» отыру – оның жазушы ретінде лирикалық проза өкілі екеніне кепілдік.Лирикалық прозаға тән сентиментализмді де, табиғатқа құл болған натурализмді де, адамдар тағдырына араласып кеткенде тегеурінді драматизмді де жазушы прозасынан молдап табасыз. Ол қуандырып отырып өкіндіре алады, өкіндіріп отырып қуандыра алады. Қуанатының күллі шығармасы жеңіл юмормен әдіптеліп, күлкі шуағы шығарма шыбығына шуақ шашып әңгімешілдікке әр, кейіпкер тұлғалауға нәр болып сені жетелеп отырады, өкіндіретіні – ол  суреттей бастап, ынтықтыра жетелеп апарып сені қилы-қилы тағдырлар оқпанына тастап кеп жібереді. Өзің күнде көріп, ауыл-аймақ, ағайын-туыс арасынан күнбе-күн кездесіп, қол алысып, қол берісіп жүрер кәдімгі ауылдың қарапайым адамдарының тағдырының соншалық қиын, күрделі екенін Әлібек шығармалары арқылы танисың, табасың, сөйтесің де  өмірден өз сыбағасын ала алмай діңкелеп, есесі кетіп еңсесі түсіп пақыр  қалыпта өтіп бара жатқан адами тағдырлар үшін кәдімгідей өкінесің. Қуандыра білген, өкіндіре білген жазушы алымды - шалымды суреткер!

    Федор Достоевскийдің бір сөзі бар еді. «Жазушыға материалды ойдан шығару не керек. Ол бос әурешілік. Айнала өмір. Өмір толы тақырып емес пе? Ойдан шығаруға әсте құмартпаңдар!»-дейтін. А.П.Чеховтың «Қаласам алдымдағы сия сауыт пен қаламсап та маған тақырып...»-дейтіні тағы есте. Ол аз болса, В.Шкловскийдің бір сөзі бар еді, Лев Толстойға қаратата айтылған, «Шын жазушы өтірік айта алмайды. Шын жазушы өтірік жаза алмайды. Ол ойдан шығарып қисындандырып отырып та өмірлік шындықты бәрібір айтып қойғанын білмей қалады...»-дейтін. Осы  ұлағатта  жазушылық болмыс, қаламгерлік құпия жатыр, өмірді көшір деп отырып та өмірді көшірме дейтін; өмірді көшірме дей отырып та өмірдегі көркем шығармалық көріністі көре біл, тани біл, сұрыптап ала біл –дейтін! Осының бәрі жинақталып келіп өмірден өнер жасай білуге саяды. Ол үшін боямасыз өмір ғана емес, болмысты суреткерлік  керек. Ол үшін қайталай айтсақ, мөлдіреген өмір суретін көрер суретші көз, көргеніне ой ұялатып айтып бере білетін суреткерлік сөз керек. Біздің Әлібек доста сол бірінен бірі туып, бірін-бірі жетелей толтырып, толықтырып тұратын осы екі қасиет бар. Соған сүйінеміз. Ол бүгінде жазушылық ноқтаға басын біржолата сұққан,  сұққан да өз әдеби әлемін жасап үлгерген соқталы суреткеріміз! Әлібектің әдеби әлемін ешкіммен де, тіпті өзімен тақырыптас түсіп жататын ағалары Қалихан мен Дидахметпен де салыстыруға келмейді. Өйткені, ол Әлібек Асқаровтың қол саусағын сүйелдеп жаза жүріп қалыптастырған дербес әлемі!

    Оның шығармаларында ұрпақ алмасуы – толайым мәселе. Жобамен орыстың тамаша лирик жазушысы И.С.Тургеновтен бастау алатын кейінгі ұрпаққа көңілі толмаушылық, содан туындайтын «ата мен бала түсініспеушілігі», кейінгі  буынды уақыт  құбылысының жаңаша, ата дәстүрге алакөз етіп қалыптайтыны бір қарағанда дәстүрге берік - әке-шешеге мейлінше адал бейіл беріп өсер қазақ жағдайында қалай бұзылатыны - Әлібек шығармаларында, әсіресе «Жұртта қалған жеті үй» хикаятында мейлінше шыншыл суреттеледі.  Тозған ауыл мен ауылды тосырқар ұрпақ арасындағы сәйкессіздіктің қалай туып, қоғамнан қалай орын алатыны –  қилы-қилы кейіпкерлер өмірі, тұрмысы, мінез-құлығы, ұстанымы, дүниетанымы арқылы әдемі жеткізіледі.

   Жазушы шығармашылығы туралы әңгімеде «суреттеледі» деген етістікті жиі қолданып отырғанымды шамалаймын. Жайшылықта «жазушылық», «қаламгерлік» баламасына жүрер «суреткер» сөзі біздің қолданыста әлгі Алладан қалап алған кәсіптің баламасы емес, анықтаушысы райында қолданылып отырады. Егер, «суреткер» сөзін адым сайын айтып, астын сызғандай етіп жатсақ оның да өз жосығы бар. Әлібек Асқаров – табиғатында суреткер жазушы. Көркем прозаға стилистика енді, форма билік жасады, диалог кимеледі...бәрі де орынды. Алайда, көркем прозаға осындай жаңа  көркемдік компоненттердің  еркін енуі бір ыңғайда  қазақтың қара сөзінен сөзбен салынған суретті ығыстырыңқырап жібергенін айтпасқа болмайды. Қазір кейбір шығармаларды оқығанда суреткерлік сырттап қалып қойып жататынын аңғарасың. Содан да оқып отырып көзіңді көркем суретке суара алмай, қыл шылбыр жұтқандай қиналасың. Жазушыны «суреткер» атасақ, сол атауға лайық көркем прозада тамылжыған табиғат, тамаша суреткерлік аралас-қоралас жүрсе құп жараспас па?! Солай! 

Суреткерлік - жазушылық өнердегібір көркемдік дәстүр. Шығармашылығы туралы сөйлеп отырған Әлібек – мейлі табиғат, мейлі тіршілік көрінісіне көз тіксін, тамылжытып сурет салады. Ол сөзбен салған суретті көзіңмен көресің, көңіліңе орнықтырып, дәйім-дәйім жүрек түбінен оятып алып көз алдыңа қайта келтірсең сол әдемі қалпында қайтадан келе қалады. Шығарма табиғатымен бір күйлеп, құп жарасып біте қайнасып сөйлеп жатпаса біз ол көркем де, көсем суреттерге арнайы назар аударып жатпаған болар едік. Өйткені міндетсіз сурет – жүк арқаламаған  басы артық мәтін. Ол мәтін шығармаға қызмет ете алмайды.Ондай жағдайда суреткерліктің өзі жәй сөз сауушылыққа айналып кетеді. Жәй сөзуарлық – көркемдік емес. Ол – қаламгерлікке сын! Біз бұлай дегенде Әлібекті мақтай отырып, ендігі бір есепте сақтандырғымыз да келеді. Өйткені, табиғат суретіне қызығып кетіп суреттей жөнелу, этнографиялық сипаттарды тәптіштеу, табиғат аң-құстарын мақсатсыз түсіндіру – суреткер үшін ұтыс емес, тек ұтылыс. Қырағы көз іліп түскен әдемілікті жазушылық көңіл екшеп, әбден бас білген сүйрік те сүйкімді қалам белгілі бір мақсатқа жұмылдыра жұмсамаса – міндетсіз мәтіннен еңбек еш! Ол - өкініш. Қуанышымызға қарай, Әлібек  суретшілігінен  бастау алатын суреткерлігі – тамылжыған табиғатты табиғи бояуымен беру ғана емес, оны кейіпкер табиғатына қарай қызмет ете білетіндігімен ерекшеленеді. 

Әлібектің күллі шығармашылығы Алтай топырағынан нәр тартып, табиғат сұлулығынан құнар тартады. Әлібек шығармалары өмірге соншалық жақын! Оның бар шығармасының төсегіне айналып Алтайдың әнге бергісіз әсем табиғаты жүреді көз тартып. Кейде тіпті кейіпкерін сәл дамылдатып Алтай табиғаты жайында толғанып ала жөнелгенде де көңіліңе күдік ұялай бермейді. Өйткені, Әлібектің Алтайы – шынайы табиғат, оның шығармадағы келбеті кенепке тартқан кескіндей тірі табиғат, шын сурет! Ең бастысы соның баршасын шып-шырғысын шығармай кейіпкер табиғатына табиғи сіңіріп, шығармасына көркемдік құнар етіп бере білу – шынайы суреткерлік, шын шеберлік!

   Алтай – оның жан-байлығы! Алтай оның ата-бабасы. Алтай ол үшін тазалық қайнары. Оның Базарханы («Бір күн, бір түн...»)  түр келбеті әсем болғанымен ауасы күл саситын, адамы аярлықтың неше атасынан тартынбайтын қаладан жерігенде тура тартып кеткісі келетін жері – сол алтын қайнар Алтай. Бар шығармасында Алтайдың екі елі ажырамай бірге жүретіні де содан. Алтай жайында толғанысы суреткер жазушы Әлібек Асқаровтың да арман-тілегі! Әлібек сөйтіп Алтайдың асқар биігін жазып келеді, сол арқылы әдебиетте өз әлемін қалыптастырып, өз биігін алып келеді. «Өр Алтай,  мен қайтейін биігіңді...»-деп туған Алтайымен мұңдасып, сырласып бірге келеді. Оның әдебиеттегі образын сұлу табиғатымен, саф таза ауасымен, ары тап-таза адамымен жеткізе жырлап келеді. 

Иә, Әлібек Асқаров – суреткер! Асқаровтай суреткермен әдебиеттің Алтай асқарында кездесуге жазсын тағдыр!

«Түркістан» газеті