ҮМБЕТБАЙ УАЙДИН. ШЫР-ПЫР

Сексенінші жылдары «Өнер» баспасында Өмірбек Оралбеков деген жур­налис­пен қызметтес болдық. Сол қаламдастың үйіне бір барғанымызда біз отырған бөлменің бір қабырғасында тақ­тап жинаулы тұрған көп газет-журналдарға көзіміз түсіп, ерін­деріміз жыбыр-жыбыр ете қалды. Таңданыстан. Солай таңданып отырғанда қасымызға басқа бөлмеден Өмекең келіп қалды.

«Түу, мына қоқыс неменеге керек?» деп тұрсыңдар ма? Оқылған, оқылмаған басылым­дар­ды тастауға көзім қимайтын әдетім бар. Ана бөлмеде де... Үйге келгендер оқиды, сұра­ғандарға берем.

Мен киіп-жарып кеттім. «Ой­бай, Өмеке, бұл жағынан екеу­міз бір-біріміз­ден аумай қалған екенбіз».

Журналист Ержан Байтілестің «Егемен Қазақстанда» басылған «Ауылдағы академик» деген ма­қа­ласын оқып шыққаннан кейін «дұры-е-с» деп басымды изе­дім.

Мақаланың бас кейіпкері Асан Рүстем­беков деген заман­дастың «хоббиі» кітап жинау, кітап оқу екен. Өзін тыңдайық.

«Мен өзі қағаз жыртқан адам­ды жек көремін. Газетті жырт­қанды адам өлтір­генмен бірдей санаймын. Қолыма түскен газет, журнал, кітаптың шетін бұзғызбай сақтаймын».

«Ай, бәрекелде, Асеке. Аздап ұқсасты­ғымыз бар екен».

Мына мақаланың авторы тағы да Ержан Байтілес. Мақа­ланың бас кейіпкері Молдарай Дүйсенбаев Қызылорда өңі­рінің тумасы. Ол да жастайынан бі­лімге құштар болып, оң-солын танығаннан кітап жинаған екен. Бүгінде бұл кісінің кітап қоры 8 мыңнан асады.

«Ең ғажабы, ақсақал жи­ған кітап­тарының басын құ­рап, үйінен кітапхана ашып қойған. Жақын жердегі мектеп­тің оқушылары мен оқу орын­дарының сту­денттері Мол­дарай ақсақалдың үйіне келіп, өздеріне қажетті мәліметтерді тауып алады», дейді автор. Ай, бәрекелде замандас!

Көрнекті қаламгерлер Қара­шаш Тоқ­санбайдың «Кітап. Қол­таңба және той», Мархаббат Бай­ғұттың «Қош бол, кітап» ат­ты ма­қалалары да жүрек толқы­тарлық. Кітапқа құрмет жә­не жан айқайы! Қорғанбек Аман­жол. «Кітап киесі» деп шыр-пыр.

Асан Рүстембеков ақсақал «қағаз жырт­­қан адамды жек көремін» депті. Бұ­ған кім қалай қарайды?

Ел жаққа бір барғанымызда бізге сәлемдесе келген Шәкат есім­ді қарындас:

«Аға, мына суретті танисыз ба?», деп бешпетінің қалта­сынан шығарған бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты. Бір жа­пырақ қағаз дегенім менің суретім.

«Мынау бір жерде көрген ада­мым ғой, бұл қайдан жүр Шә­катжан?»

− Ано-о-да бір үйде бір аға дастарқан ба­сындағылар тамақ ішіп болғаннан кейін қол сүрту үшін кітап па, журнал ма, бір қа­лың қағазды жұлмалап жырта бастады. Бұл суретті сізге ұқсатып: «Ана суретті ма­­ған бер» деп, қолынан шап беріп ұстап алдым.  

– Ой, айналайын, жыртқыштан арашалап алдым де.

Ал, енді, әр кезде, бірер дас­тарқан басында «мына бір газет маған керек еді», «әнебір журналды жыртпаңызшы» деп, біраз басылымдарға араша түс­кендердің бірі – өзім.

Бұрынғы-кейінгі мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, Алаш көсемдерінің, еңбек, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, өнер, спорт жұлдыздарының, т.б. таныс-бейтаныстардың бейнелері басылған талай газет-журналдарды үйде, түзде аяқ астынан көтердім. Бір үйде Дін­мұхамед Қонаев ағамыздың суреті басылған газетті аяқ­киімдердің астынан жұлып алып, қал­тама сүңгітіп жібердім. Төсеніш?! Мұн­дай жағдай көбіне кейінгі жастардың білместігінен болады. Әрине, әдейі емес. Мұн­­дай білместікті кешегі кеңес қо­ға­мы­ның әдеп, иман заңы кешірді ме? Қайдағы!

«..Алдыға ет келді. Сақан табақтың астына қою үшін ірге­ден бір топ газетті алып, біреуін жазып қарап еді, бірінші бетте тұрған Сталиннің суретін көріп, шошып қалғандай: «Ойбай, мына кісі шыға келді ғой», деп екінші газетті жазып еді, онда да әлгі сурет бар екен. Үшін­ші газетте де – көсемнің су­реті. Ақыры шыдай алмай: «Әй, жарайды, бұл кісі көсем болса да, дәмнен үлкен емес шығар», деп соңғы газетті табақтың астына төсей салды. ...Көп ұзамай Са­қан ұсталып кетті деген хабар келді. Айыбы Сталиннің су­ретін мазақ қылып, табақ­тың ас­тына салған».  Төлен Әбдікұлы «Тұғыр мен ғұмыр» шығармасында осылай дейді.

Әдеп, тәртіп тұрғысынан түсінуге болғанымен бұл қасі­реттің беті әрман! «Газет-жур­нал­дарды неге үйге үйіп қой­майсыңдар?», «Кітаптарды неге қамбаға қамап қоясындар?» деп кімге тыйым саласың? Айт­пағымыз, газет-журнал, кітап сияқ­ты рухани құндылықтарға құрмет жайы. Құлаққағыс. Оның арғы жағында «көк шөпті баспа, жұлма, көктей соласың. Жазығы жоқ жәндікті өлтірме, обалы бар. Құранның үстіне шықпа, киесі бар» деген сияқты халықтық мораліміз тағы бар.  

Қаптап, дорбалап адамдар үйлеріне азық-түлік тасиды. Ол азық-түліктерді бір адам ішіп-жей ме? Рухани азық-түлік те солай – үйішінікі, көптікі. Оқы­ғанымды оқығанымша оқып, қажетімді қиып алып, Асан Рүстембеков заманда­сым сияқты мен де басылым­дарды сыйғанынша үйге үйе­мін, балконға, құшақтап тұрған үйімнің төменгі бөлігіне, сая­жайға тасимын. Кім сұраса соған беремін. «Артық-ауыс га­­зет-жур­налдарыңыз бар ма?» деп Қара­ғанды жағында тұ­ра­тын марқұм Төлеш Төре­байұлы құдам әлсін-әлсін телефон қоңыраулатып, қатынау­шы­лардан сәлем айтып жіберетін. Меселін қайтарғаным жоқ.  Ара-тұра: «Сізде оқи тұратын не бар?», «Сізде осындай кітап жоқ па?» дейтіндер де кез­десіп қалады. Сосын біздің үйді үйіндіден жеңілдететін Алма­тыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балалар мектебі. Бұлар менің мүмкіндігім. Мұндай мүмкіндік жұрттың бәрінде бола бере ме? Болса басқа қандай жол бар? Бір айтайын дегенім осы.

... Басқа бөлмеден қыз бала­ның дауы­сы естілді.

– Папа, керек емес газеттер жоқ па?

Әкесінің дауысы гүр ете қалды. Шыр-пыр деген осы.