КЕШІРІМ ПЕРІШТЕСІ

(Таласбек Әсемқұловтың рухына арнаймын)

 

Кей кездері осындай да тапсырманы қарастыруға тура келеді. Алдымда жатқан баяндауларды сүзіп шыққанымда түсінгенім – адам қызық пенде.

Көгілжім көк аспан. Терезесі теңізге қараған екінші қабаттағы мырзаның бөлмесіне ескертусіз кіріп келдім. Бөлме іші тәртіпсіздеу, бірақ жинаулы. Кітапқа көміліп бас алмай отырған орта жастан асқан жігіт ағасы ұзақ қадалып қарады маған. Селдіреп тікенектеген сақалы мен ортасы оталған таз басы оның қажығанын, шаршағанын, ұйқысыз таңдарынан қалған белгі екенін түсіндіріп жатты.

Әдетте кез келген адамның тілегі, дұғасы, қалауы, ниетіне орай берілетін, тағдыры үшін зыр жүгіріп қызмет атқаратын періштелер бөлінген. Шайтандар да. Періштелердің тапсырмаларды орындауда шатасатын тұстары болады. Амалсыз ондай кезде шақырту алып жатамын. Қарсы алдымдағы жазушы, ғалым Қаптағай періштелердің басын әбден қатырыпты.

-Амансыз ба, аға, Қаптағай мырза! Мен Жазушылар Одағының мүшесі, сыншы, жазушы... Мұқият Қаперсізбін. 

-Біріншіден, рұқсатсыз кіріп келгеніңізге жөн болсын. Екіншіден, ол Одаққа кім мүше емес? Сіздей мүшені танымайды екенмін.

Бұл кезде жазушының үй-ішін базар араласын деген сылтаумен қала орталығына аттандырып та жібергенбіз. Үйде жан жоқ еді.

-Сыртқы есік ашулы, дыбыстасам ешкім жауап қайырмады. Айып етпессіз, рұқсатсыз кіру ғадетімде жоқ. Сіздің жақында жарық көрген мақалаңыздан кейін әсерленіп, үйіңізге баса көктеп кіргенімді байқамай қалыппын. Пікірімді білдірсем деймін.

-Пікір дейсіз бе?

-Сіздің жазғандарыңызды біздерден бөлек ешкім түсіне қоймады ау деймін. 

-Жалпы... маған бәрібір. Әдебиет бөлек көшеде, өзім бөлек көшедемін қазір.

Мен періште болғандықтан, ескертіп қояйын тек қана қазақтар үшін жаратылған періште емеспін. Қазір анау шуылдаған көк теңіз Еуропадағы кез келген қалада болуы мүмкін.

-Мырзам, айып етпеңіз әрине, алайда әдебиетке, өнерге қосқан орасан зор еңбегіңізді басқа көшеде қалды деп таңқалдырып отырсыз.

-Иә, адам баласының көңілін жұбатпаған өнер – басқа көшеде емей не?

-Сіз өнердің әуелім тазалық екенін жеткізе алдыңыз. Жаңаша ойлауды қалыптастырдыңыз.

-Мен адамның жүрегін ашып қарап, асылы мен жасығын арашалап, адалдап алатын ілім тауып алсам – сол кезде сіздің сөзіңізді елер едім бәлкім.

-Білеміз. Осы кезде мен алқымыма орап алған гулстугімді босаттым. Классикалық үлгіде сыптай киінген зиялылардың образынан шығып, қаражаяу адамның кейпіне ендім. Ол ашық терезеден ешқайда қарамаған назарын маған бұрғанда шошып кетті. Болаттай жанары ойға шомғандай дағдарып қалды.

-Білеміз. Сіздің жүрегіңізден шығатын дауыстардың барлығын жазып алып отырмыз.

-Сіз кімсіз?

-Періштемін.

Ол тұрған жерінде қозғалмай тұра берді. Қара ала жолақты көйлегінің алды сөгіле шешіліпті, ұзын жеңді білектен асыра қайырып тастаған. Бірнеше күннен бері бас алмай жазып отырғанын, жанын жеп отырғанын да білемін.

-Мінекей, бір жылдан асыпты, - дедім де жанқалтамнан бір бума қағаздарды үстел үстіне қоя бердім: - Таң сахарларда дұға жасайсыз. Анау теңіздің көкжиегіне күн батарда тағы дұға жасайсыз. Оқып беруге рұқсат етіңіз. «Құдайым, өзің кездестірген, жолдас еткен досымның дәрежесін биіктет, барша дұғаларын қабыл ет. Руханиятын байыта гөр. Дұшпанға таба қылма. Абырой бер, мұратына жеткізе гөр! Өзің желеп жебей гөр». Таңғы сағат 4 – тен 5 кеткенде осындай хат алдық. Ал, сол күннің кешкі күнбатарында «Құдайым, менің көңілімді таптап кеткен оны оңдырма! Оңбай кетсін! Көз жасым жібермесін!» деген хатыңызды кешкі 20.12 – де алдық. Күнде осы бір тілек. Сізге шәксіз қызмет еткен періштелер әбден алжасты. Шыныңызды айтыңызшы, өзіңіз осы дұғаңызды саналы түрде жасайтыныңызды байқайсыз ба?

-Дауыстап айтқанымдарым есімде.

-Күнбатардағы ше? Қызыл іңірдегі ше? Талтүстегісін ескермедік.

Оның дөңгелек қоңыр көздеріне мейір тұнды, әрбір қимылымды бағып тұрғанымен, ешқайда қарап тұр еді.

-Кешке... есімде жоқ. Ішімдегі ашуды, ренішті дұға деп айтуға бола ма?

-Оның атын көңіл дейді. Көңілдегілерді тез оқимыз, тез қабылдаймыз. Дауыстап айтылатын дұғалардың бағасы арзандау.

-Көңілімдегіні тіліме шығармадым ғой. Адам баласына айтпадым. Көңілімде ғана ұя салған. Жүрегімде.

-Көңіл - құдайдың бағы, құдай - көңілге бақты. Сондай-ақ, сахардағы дұғалардың құны да қымбат. Алакеуім қызылшапақтағы дұғалар да асыл. Байқасақ, 99 рет сіз таңда дұға жасапсыз. 99 рет ақшамда  кері дұға жасапсыз. Соңғы жүзінші рет жасаған дұғаңызды кәміл қабыл етпеккке бекіндік. Әрине, көңілдегіні де ескереміз.

Ол аяңдап басып бастан аяқ иінтірескен кітап сөресіне сүйеніп, басы салбырап үнсіз қалды. Мен болсам мырс еттім. Сөредегі авторлардың есімдері көзіме оттай басылды. Осындай да осындай кездесулер болған-ды.

-Құдайдың әділдігіне жүгінемін.

-Күмәнсіз құдай әділ.

-Әділдігін орнатса екен деймін.

-Демек, жазаланса дейсіз.

-Иә, оны шексіз жақсы көрсем де, менің көңілімді таптап, аяқ басып кеткені үшін жазаланса екен деймін.

-Демек, жазалайық. Жазаласақ – оңбай қалады.

-Жоқ, мен оған шексіз бақыт тілеймін. Оның қиналғанын, көзінің сорасын ағызғанын көтере алмаймын. Өйткені... бар ғұмырымда асыл дос іздеп келемін.

-Бәрін білеміз. Сіз өмірбойы дос іздеп келесіз. Көп достан беймезгіл айырылып та қалдыңыз. Ғылым жолында, елдіктің жолында сізді сүйеген, түсінген, қолдаған, қабылдаған достарыңызды ерекше құрметтеп, барыңызды беріп, әспеттеп, бағалап, тіптен өміріңіздің мәніне де айналдырып алғансыз.

-Айтыңызшы, махаббат деген жазалау ма?

-Жазалаудың өзі махаббат. Махаббат деген... мен мұны ешқашан айта алмаймын не екенін...   Кейде асыл достар бір бірін аямай жатады. Отқа итереді. Бір бірі үшін, асыл мұраты үшін отқа түседі. Бір бірін қамшылайды. Жігерлендіреді. Кейде, досының әлсіздігі үшін жазалап та, қол жұмсап та алады. Бірақ, бәрі мұраттың бірлігінен, мақсаттың ұлықтығынан. Адам қызық пенде.

-Асыл достың кеткені, тастап кеткені батпайды, асыл достықты таба алмайтының батады. Кірлеткенің, мақсатыңды бұзғаның батады.

-Сізге өте ауыр. Осы күйде бір жыл отыру баршамызға ауыр. Елдің, әлемнің руханияты, аспан мен жердегі шуақтардың қазығы сіз секілді таңдаулылардың мойнында екенін білесіз... Асыл досты өзіңізден босатыңыз. Жіберіңіз оны.

-Жібергім келеді. Көңілімдегі жақсы сезімді, лебізді сол қалпынша ұстап қалсам деймін. Ол маған, мен оған ұстаз, әрі дос болып едік. Енді аспан тулақтай, жер көрдей қуыстанып кетті.

-Құдай қаласа бәрін кеңітіп береді.

-Армансыз еліме қызмет еткім келеді.

-Демек, Қаптағай мырза, досыңызға махаббат, кемелдік, зор табыс тілейсіз бе, әлде?

-Оған қолым жетпеген барша жақсылықты, терең кемелдікті, биіктікті, кеңдікті, шексіз махаббатты тілеймін.

Оның көзінен тамшылаған жас тап таза еді. Сәбидің жасындай мөп мөлдір. Көңіл төрінде шын махаббатқа ашу, өкпе қалай орнасын? Періштелерді бір жыл сарсылтқан тапсырмалардың орындалуы енді кешіктірілмейді. Өткенді жібермей жаңа мақсаттарды ұсына алмаймыз ғой. Қаптағай мырза досын кешіп құдайға тапсырды. Әрине, құдай әділ сот. Көңілді ренжітушілерді ескерусіз қалдырмайды. Ал, біз өнерге ғашық мырзаға жаңа тыныс, жаңа өмір, мақсаттардың айқындығын, жүректің кеңдігін, махаббаттың шаттығын, кеңшілікті, кемелдікті табыс еттік. Жаңа ілім сыйладық. Әділдік емей немене?

Қош, бәрі жақсылықпен аяқталды әрине. Қой, кетейін дедім де, басында келген кейпіме қайта ендім. Қара костюм мен шалбар, ақ қағаздай көйлектің мойнын буындырып таққан галустігімді дұрыстап қысып, жазушының үйін тәрк еттім. Ол мен шыға бергенімде кітабының астында қалған басын көтеріп жатыр еді. Бәлкім түс көрген шығар. Жазушыға өңінде келсек, ауыр тиер деп шештік. Алайда айтып қояйын, түсіне де келген жоқпыз. 

 

Сағадат Ордашева