САЯТ ҚАМШЫГЕР: ТОПТЫҚ ӘДЕБИЕТТЕН АРЫЛМАЙ ІЛГЕРЛЕУ ЖОҚ...

-Аға, жуырда әлеуметтік желіден Қырғыз елінде өтіп жатқан поэзия фестивалінде жүргеніңізді байқап қалдық. Осы шара туралы қазақ оқырмандарына кеңінен тарқатып айтып берсеңіз?

-Әзірбайжан Республикасы биылғы жылды ортағасырлық ақын Имадеддин Нәсими жылы деп жариялап, ақынның өмірі мен шығармашылығын танытып, халықтарға насихаттау бағытында түрлі іс-шаралар өткізуді бастап кетті. Халықаралық Түркі академиясы Нәсимидің өлеңдерін алғаш рет қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарды. Ал ТҮРКСОЙ ұйымы жақында Бішкек қаласында Имадеддин Нәсимидің 650 жылдығына орай халықаралық конференция өткізді. Мен осы конференцияға қатысып, Бішкектегі А. Осмонов атындағы Ұлттық кітапханада «Имадеддин Нәсими және қазақ әдебиеті» деген тақырыпта баяндама оқыдым. Одан кейін Манас атындағы қырғыз-түрік университетіндегі іс-шарада да сөз сөйлеп, әдебиеттер байланысы жайлы айттым. Үш күнге созылған жиынға біздің және қырғыз елінен басқа Әзірбайжан, Түркия, Башқұртстан елдерінен ғалымдар мен ақындар қатынасты.

 Қырғызстандағы сапарым Ош қаласымен жалғасты. Биылғы жылғы Түркі елдерінің астанасы болып жарияланған Ош шахарында түркі елдері ақындарының фестивалі өтті. Бұл фестивальге біздің елден ақын Маржан Ершу екеуіміз қатыстық. Жиыны сегіз елден келген қырыққа жуық ақын Ош қаласын, сонымен қатар әйгілі Алай ауданын бірнеше күн бойы жырмен тербетті. ТҮРКСОЙ ұйымдастырған бұл ақындар фестивалі өте жоғары деңгейде өтті. Осы ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырзаға, ТҮРКСОЙ-дағы Қырғызстанның өкілі, ақын Қожагелді Құлтегін мырзаға, біздің алаңсыз жүріп демалуымызға, шабытты жырлар жазуымызға қолайлы жағдай жасаған Ош қалалық әкімдігіне өте ризамыз. Ошта өткен шараларда әр мемлекеттен келген ақындар өз тілдерінде өлеңдерін оқыды. Түркілер бір-бірлерін жақынырақ танып, туысқан екендіктерін сезінді, бауыр, дос болып тарқасты.

-Жалпы, көрші елдерде әдебиеттің хал-ахуалы қалай?Мемлекеттік тарапынан қаншалықты көңіл бөлінеді екен?

-Іссапарлармен Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия елдерінде болдым, Жазушылар одақтарына да әдейі ат басын бұрып, әдебиеттің жай-күйін аңдап жүремін. Түркияда бірнеше Жазушылар одағы бар екен. Әрқайсысы шамасынша қаламгерлер үшін ұйымдастыру шараларын өткізіп жүр. Біздің елде де бірнеше Жазушылар одағы болып, олар бір-бірімен бәсекелесе еңбек етсе деп ойлаймын. Маған Өзбекстандағы әдебиетке қамқорлықтың жайы ұнады. Кітаптары бірнеше жылдан бері шықпай жатқан ақын-жазушыларды Жазушылар одағы анықтап, оны мемлекетке ескертіп, қолжазбаларды ұсынып отыру бір қалыпқа түскен екен. Біздің ел солардан осыны үйренсе болады. Менің мемлекеттік тапсырыспен жыр жинағым шықпағанына он бір жылдан асты. Өзбекстандағы мемлекеттің әдебиетке деген қамқорлығы маған жоғары деңгейде сияқты болып көрінді. Қаламгерлеріне арналған Шығармашылық үйі әлі жұмыс істеп тұр екен. Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі болсаң болды, күніне 1200 теңге төле де, бес мезгіл тамағы ішіне кіретін керемет бөлмелерде шығармашылығыңмен айналысып жата бер. Қандай жақсы! Ал одақтың мүшесі еместер мен басқа қонақтар бірнеше есе қымбат ақша төлейді. Өзбекстандағы атақты ақын-жазушыларына қойылған ескерткіштері бар қаламгерлер саябағы да ұнады.

Біздің елде кітап шығару, ол кітаптарды сату мен тарқату, авторларға қаламақы төлеу мәселесі әлі де шешілмей келе жатқанына қынжыламын... Әдебиеттің дамуына жағдай жасау авторға көңіл бұрудан басталады.

 

-Осыдан 11 жыл бұрын «Жас толқын» сериясымен «Жүректегі ағыстар» деген кітабыңыз шыққан екен. Одан бері әлі кітабыңызды шығара алмай жүргеніңізді айтыпсыз. Жалпы, кітап шығаруға не кедергі? Өзіңіз қатарлы қаламгерлер мемлекеттік тапсырыспен жыл аралатып кітап шығарып жатады ғой, соларға қарасақ анау айтқандай қиын емес сияқты?...

-Иә, тағы айтамын, 2008 жылы шыққан кітабымнан соң мемлекетім менің кітабымды шығармады. Ең таңдаулы өлеңдерім жинақталған кітабымның қолжазбасы үш-үш жылдан баспаларда жатты. Баспа комитетіне ұсынады жылда, бірақ ол жақтан өтпей қалады екен. Өлеңдерім саясатқа қатысы жоқ, жазғандарымның барлығы лирикалық жырлар. Неге өтпей қалады? Мен де аң-таң, апам да аң-таң... Демек, біздің кітап шығару жүйесінде күрмеуі шешілмеген көп қиын мәселелер бар. Біреулердің жыл сайын кітаптары шығып жатыр, ал біреулер ондаған жылдар бойы кітаптарын шығара алмай жатыр. Әділет қайда? Ұят қайда? Кітаптары шығып жатқандардың барлығы шедевр жазған клессиктер емес, немесе керемет бір таланттар емес. Ал кітаптары шықпай жатқандардың барлығы талантсыздар емес. Осы олқылықтарды жөндейтін механизм болуы қажет. Министрліктің жанынан бір комиссия құрылып, осыны зерттеп, реттеп отыруы керек. Ондай комиссия егер бар болатын болса онда жұмысын жандандырса деймін. Екі жылдан бері екі жыр жинағымның электронды нұсқасы «Дәуір», «Мерей» баспаларында жатыр.

-Соңғы кезде біздің елде сұранысқа ие болған кітаптың бірі Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметов «Тастамашы, ана» деген кітабы еді. Оны тәржімалаған сіз екеніңізді білеміз. Аударма барысында қандай қиындықтар туындады?

-Осыдан үш жыл бұрын Бакуде өткен ақын-жазушылардың фестивалінде башқұрттың жас жазушысы Айгиз Баймұхаметовпен танысып, 4-5 күн бірге жүрдік. Қайтарда ол «Не оставляй, мама!» деген орысшаға аударылған кітабын сыйлады. Отбасымызбен оқыдық бұл кітапты. Бәріміз балалар үйіне түскен Ілияс деген кейіпкердің тағдырына, көрген теперіштеріне жылап отырып оқыдық. Содан соң әйелім осы кітапты қазақ тіліне аударса жақсы болатынын, өзінің кітапты аударуға пейілі бар екенін білдірді. Досымның кітабын өзім аударайын деп шешіп, аударуды солай бастап кеттім. «Тастамашы, ана!» кітабы былтыр кітап болып шығып, өте жақсы оқылды. Бірнеше рет қайта шығарылды. Кітаптың жақсы оқылатынын сезген «Көкжиек» баспасы менен ешқандай ақша сұрамай, өз қаржыларына шығарды. Кітапты аудару барысында өзім де көп тәжірибе жинадым.

Биыл Айгиз Баймұхаметовтің «Детсво без сказок» деген кітабын қазақ тіліне аударып шықтым. «Samga» баспасынан «Ертегісіз өткен балалық» деген атпен жарық көрді. Бұл кітап «Тастамашы, ана!» кітабының жалғасы. Башқұрт жазушысының бұл кітабын да оқырман қауым жақсы қабылдады. Көп оқылуда. Енді Айгиздің «Дети улицы» деген үшінші кітабын аударуды бастап кеттім. Бұл кітап тағдырдың түрлі сындарына ұшырап, көшеде қалған балалардың өмірлері жайлы.

 

-Бір қарасақ, башқұрт жазушысы қазақ тіліне аударылу арқылы өз әдебиеттерін бізге экспорттап жатыр ғой. Біздің әдебиет қаншалықты шетелге аударылып, ұсынылып жатыр?

-Бізге шет елдердің ақын-жазушыларымен, сыншы, аудармашыларымен, ғалымдарымен етене жақын араласу керек. Сондай байланыстардан әдебиеттер байланысы тереңдейді, бір тілден екінші тілге шығармалар аударылады. Бүгінгі заманның талаптарына сай қимылдауымыз қажет. Бөлмеде отырып алып тек жазумен айналыспай, өз шығармаларымызға менеджер болуымыз керек деп ойлаймын. Оны жарнамалап, насихаттап, аударуды ұйымдастырып, сату, таратуды да өзіміз ойластыруды қалыптастырсақ жөн. Себебі, біздің шығармашылығымызды, кітаптарымызды ойлайтын министрліктегі қызметкерлерді көріп тұрғаным жоқ. Мен шетелдік достармен араласудың арқасында өлеңдерімді өзге тілдерге аудартып жатырмын. Кейде олармен бір-бірімізді аударуға келісеміз.

- Уақыт өткен сайын бұрынғы жазған өлеңдеріңізге қарап не ой түйесіз?

-Бұрын жазған өлеңдерімді қайта оқығанымда сол кезде басымнан өткерген сезімдерді есіме аламын. Ең бірінші  рет әке болғанымда жазған өлеңімді оқыған сайын сол бір бақытты шақ ойыма оралып, ерекше күйге түсемін. Әр нәрсенің өз уақыты болады ғой. Мысалы, махаббат, сүю туралы өлеңдерді жас кезіңде жазсаң жөн. Ал енді жер ортасы жастан ауғаныңда, не егде тартқан шағыңда махаббат туралы өлең жазып отырсаң ол ерсі деп есептеймін. Бала-шағаға, ұрпаққа ақыл айтып отыратын жасыңда өзің «ғашық болып», «сайда саның, құмда ізің болмай» жүрсең кімге үлгісің? Елуден, алпыстан асқан соң «сүйдім, күйдім» деп өлең жазсаң, ол өлеңдеріңді бала-шағаң, немерелерің оқып отырса ұят емес пе?!

Сол сияқты жан жарлары бола тұрып, «сізге ғашықпын» деп өлең жазған ақын қыздарды да түсінбеймін. Ол ақын қыздардың күйеулерін аяймын...

Ақын ұрпақтар алдында жауапкершілікті сезіне білуі керек, өз балаларына ғана емес, мыңдаған ұл-қыздарға үлгі бола білуі керек.

-Қазір «Мөлдір бұлақ» журналында қызметтесіз. Демек, балалармен тікелей жұмыс жасайсыздар ғой. Қазір көп айтылып жүрген мәселе балаларға арналған өлеңдердің, тақпақтардың аздығы. Қазір балалар әдебиетіне қалам тартып жүргендер қаншалықты көңіліңізден шығады?

-Мені балалар әдебиетіне үлес қосып жүрген қаламгерлердің аздығы қынжылтады. Егер мемлекет тарапынан балалар әдебиетіне байланысты байқаулар көп ұйымдастырылса, ол байқаулар әділ өтетін болса, біраз ақын-жазушылар балалар әдебиетіне бас бұрар еді.

 

-Өзіңіз әдеби байқауларға қаншалықты қатысасыз?

-Соңғы кезде мүшәйра, әдеби байқауларға қатыспайтын болдым. Көптеген әділетсіздіктерді көрген соң жирендім, қатысқаныма өкіндім. Әдебиетті өз меншігіне айналдырған парақор, сұрамсақ «жемқорлардың» қазылар алқасында отырып алып ақты қара, қараны ақ деуі, немесе «банкте несиесі бар екен төлей алмай жатқан», «әкесі ауырып жатыр екен» деп  біреулерге алып берген орындары менің жанымды ауыртады. Әдебиетке де сауда, есеп кіріп кеткенін бір рет емес, бірнеше рет байқадым. Осыған көзім жеткен соң ондай байқау, мүшәйраларға қатыспайтын болдым. Бізде топтық, командалық әдебиет қатты дамуда. Бір адам бірдеңе жазса, оны айналасындағы достары ғана мақтайды. Біреу кеш өткізсе өз жерлестерін ғана жинайды. Осыдан арылмай әдебиет өспейді. Мен ешқандай топта емеспін, рушыл, жершіл емеспін. Барлық қазақ менің туысым, досым. Ешкімде шатағым жоқ, кітаптарымды оқып, сапарларға шығып, өлеңдерімді жазып, аудармаларымды жасап, жұмысымды істеп жүріп жатырмын.

-Әңгімеңізге рақмет!

 

Дайындаған:Нұртілек Риянбек