ГҮЛЖАНАТ БОЛЫСБЕКҚЫЗЫ. ҚИЯЛЫМДА КҮН КЕШІП...

*  *  *

Біз баратын баққа келіп отырмын,

Мөлтең қағып көңілімде жатыр мұң!

Мен өзіңді тыңдамаққа кереңмін,

Мен өзіңді көрмеу үшін соқырмын!

 

Мен өзіңді сүйгендіктен ессізбін,

Адал аппақ сезімдерге шексізбін.

Кірпігімді ілдірмедім сары таңға,

Бұл түнімді ұйқысыз-ақ өткіздім.

 

Түнек ойдан түнеп барып түңілдім,

Еңсем түсті, еңіредім,бүгілдім!

Мен өзіңнің қабағыңнан бүліндім,

Мен өзіңнің жанарыңнан сүріндім!

 

Жаулап алды жалғыздығым, жылаймын,

Мұңсыз жүріп, мұңсыз жүріп мұңайдым!

Саған арнап ән шырқасам - аспанмын,

Саған арнап өлең жазсам - Құдаймын!

 

Болса дағы қимастықтың хақы мың,

Қол бұлғайды алыстағы жақыным!

Тар бөлмеде тас жамылып көрпемді,

Жастығымды жасқа көміп жатырмын…

 

Ақылыңа қайта қойшы,ақылдым,

Ақылыңа қайта қойшы, ақылдым…

 

*  *  *

…Кезіп кететін көшелерді аңсап,

Күпті кеуілден күйбеңдік босап,

Сағынышымды еселеп сол шақ,

Ауылға бүгін мен келдім!

 

Жалғыздығымнан жан солып анық,

Табиғатына тамсанып алып,

Сауылған сүтке аңсарым ауып,

Ауылға бүгін мен келдім!

 

Өріске қарай кезектенетін,

Бауырды құшып тезек теретін,

Еркіндігімдей есептелетін,

Ауылға бүгін мен келдім!

 

Ойламайтыны - жан пайдалары,

Мұңлық көрмегем маңдайдан әлі,

Таба нанның да таңдайда дәмі,

Ауылға бүгін мен келдім!

 

*  *  *

Бұл өлкеде: бақыт-басқа, бағыт-мың,

Сезім-бөтен, мұң-өлі!

Жабырқаудан, жалғыздықтан жалықтым,

Жатырқады түн мені!

 

Жанұялық жылу да  жоқ әр үйде,

Бақыт бастан тайған ба?

Қоғам жайлы сөздің бәрі әділ ме?

Таласпайтын ғұмыр бар ма маңдайда?

 

Тарих үшін артыла ма аз өкпе?

Елдің, жердің тағылымы мың түрлі.

Қазақстан тек әдемі газетте,

Сүйетінім - күлкілі!

 

Қазақстан  - мендік жанар жаңбырлы,

Жасын да көп күңіренген кеудемде.

Ғасыр үшін ғашықтар ма тағдырлы,

Құрметтейтін өлгенде?!

 

Қалың топқа көңіл көзім қабарған,

Құрық еттім дұшпандықты досыма!

Сыйластыққа сәуле төккен сан арман

Сый бергенің осы ма?

 

Күйзелістің реңі-бөлек,түсі аппақ,

Біреуге-мал,ал, біреуге-жан қайғы,ә?

Ерте солған гүлдерімді құшақтап,

Кетіп барам шалғайға...

 

 

*  *  *

Сағынуды білмегем, сенделуді,

Неден бастап сүрейін енді өмірді?

Жапыраққа жанымды сымсыз байлап,

Саған ғана сыйлайын көркемімді!

 

Тұңғиық мұң. Тұңғиық таң атырдым,

Бүгін бе еді қоңырау шалатын күн?

Құшағына қысып ап қиялымды

Көшелерде қатігез қала тұрды.

 

…Жанарыңнан күмәнсіз жарық көрем,

Ой тамтығын беймәлім салыпты өлең!

Тағы сенің көзіңде тағдырым жүр,

О, бәлкім! Осы шығар тамұқ деген…

 

…Шыбын жанға шырмауық - шыдағаным,

Көмейден сөз арылса құр амалым.

Сенің мені сүйгенің - нәзіктігім,

Менің сені сүйгенім - жылағаным!

 

…Баз кештім ғой, кей күннен күлкі білмей,

Күйзелісім - кінәсіз жыр тіліндей.

Тастан қашап алғанда жастығымды

Көзім жүрер бөлмеңде кірпік ілмей…

 

*  *  *

Қызғаныштан да қалған әлегім,

Ғұрпын ұқпадым жалған өлеңнің!

Таңменен бірге еріп келетін,

Тағдырым болсаң таң қалар едім!

 

Көктемгі гүлдей өскім келеді,

Кетіп барам ғой көшпен ілгері.

Есейгенімді еске түсіріп,

Есімің неге естіле берді?

 

Өкініш қаптап, өшеді өзегім,

Көңілдің маңын еседі сезім!

Ұлықтау үшін ұшар шыңыңды

Ұмытпау үшін көше кеземін…

 

*  *  *

Өлең  жазып өміршең әр күзге мен,

Жалғыздыққа жабырқау жанды үзген ем!

Жаздың суық күнінде жолығыстық,

Ұсына алар екен деп таң бізге не?

 

Сыр айтыстық ай сақтап қала ма деп,

(Қағидадан аттау да жаман әдет!)

Құшағыңа құлағым кеп тұрғаны-ай,

(Жолауға да болмайды жаныңа көп!)

 

Ауа-райы қолайсыз салқынданып,

Түсіне алмай тұрмын-ау даңқыңды анық!

Жанарыңнан жылуды іздеп тұрып,

Болмаған соң, әуезді ән тыңдадық.

 

Жаратпаған ақынды шын асыл ғып,

Таппаған соң тағдырдан бұла шың түк.

Есім кете есіріп еркеледім,

Болмаған соң, сезімге құлаш ұрдық!

 

Бұл кездесу - бақыттың күйі сынды,

Күйі сынды, Тәңірдің сыйы сынды!

Қойғандаймыз сезімге сыңар тағып,

Иіскеп, иіскеп алар да иісімді!

 

Иіскеп алып тұрғаның  шашымнан да,

Мұнсыз бақыт жете ме ғасырларға.

Тұма мұңға тағдырым тең келмейді,

Таң шапағын түнге орап жасырғанда!

 

Сүйген едің, шомылдым сан қияға,

Сүйген едің, қалдым ғой тағы ұяла!

Діріл қағып, демімді алған едім,

Дүрмекті ойлап қарадың дарияға!

 

Тыныштықпен біз кешкен жарасады,

Сөз өрнегін салыпты қала шамы,

Су бетінде сөйлесе періштелер,

Су астында себепсіз таласады!

 

Сен де ардан жеріндің аз, ә, қайғың!?

Тұтқыны да болармын жазалы ойдың!

Бұл жерде тек екеуміз, тек екеуміз,

Қоңырау жоқ!

Дос та жоқ мазалайтын!

 

Жанымыздан өтетін жанға күліп,

Біз кешкен бұл өмірдің салмағы нық!

Сен де кеттің хабарсыз, мен де кеттім,

Қоштасусыз қалдық қой таңды атырып...

 

P/s:

Жолығарда жүрейік жалған күліп...

 

*  *  *

Кешігіп жетіпсің-ау, күзім менің,

Сен секілді тұнады жүзімде мұң!

Сарғайып, саябырсып жапырақтың,

Сағындым сусып түсіп үзілгенін!

 

Сары алтыннан жасалған баққа барып,

Оқимын қоңыр күзден хаттар алып.

Қиялымда күн кешіп отырамын,

Ғажайыпқа көңілді шаққа малып.

 

Үміт пен үрей сезім неге арбасқан,

Табанымда жаншылды жол оңбастан!

Күйбеңдеу тірлігімнен күйзелемін,

Көңіл қалған сүйгеннен, сенер достан!

 

Төгіліп тізбектелді неше сырым,

Белгілі маздап барып өшетінім!

Кеш білдім мезгілдердің алмасарын,

Кеш сездім маусымдардың көшетінін!

 

Көзім жылап, ерінім дірілдейді,

Жұтсын мені, өкінбен, ғұмыр мейлі!

Менің жаным бір алтын бәйтеректей

Жапырағы жанымның үзілмейді!