«..Бір күні ол бойында тек жаны ғана бар, өңі азаптан адам танымастай өзгеріп, кресло жанында еденде құлап жатқан жерінен табылады.
- Сізге не болған ?- дейді , достары үрейленіп.
- Немене сіздер ештеңе білмейсіздер ме ? -дейді ,Бальзак
- Құдай ақы,жоқ тезірек айтыңызшы!
- Бүгін таңертең Горио әкей қайтыс болды ғой!
(Б.Горбачевский .«Ариаднаның арқауы», 96 бет, «Жалын» 1977 ж)
Қырық күн жан тері бұршақтай төгіліп, соңғы нүктесін қоя салысымен, «Горио әкесін» о дүниеге «аттандырып», «іштен шыққан шұбар жыланына» бола 35 жастағы Оноре де Бальзак еңіреп - есеңгіреп, делқұлы, беяпар күйге түсіпті. Ал «Лала жазығының» мәресіне таң құланиектенгенде жетті де, «терезенің алдына барып , көмейіне тас тығылғандай өкісіп, көзінен жасы парлай жөнелді. (Ф. Лотт). Библиограф Б. Горбачевский «Міне, асыл туындылар дүниеге осылай келген еді..» дейді. Шынайы талант драмасын жан – жүрегіңізбен сезінгенде, шынында да таңданбасқа амалыңыз қалмас еді! Бірақ, екінші бір ішкі дауыс: оған таңғалатын несі бар? Бальзакқа ұқсас мұндай хал ғаламшар әдебиетіндегі жампоздардың көбіне тән дүние емес пе?!. Оның үстіне кеңес заманында капитализмді қарғап – сілеп, өсіп – ержеткен ұрпаққа буржуазияның ит терісін басына қаптаған жаhан жазушылары таңсық емес. Коммунистік саясат үшін Бальзак туындылары іздегенге - сұраған, көктегісі жерден табылған. Өйткені ол капитализмді көк есекке теріс мінгізіп берді. Соған қатты ырза болған коммунизм ілімінің атайманы Маркстен бастап марксшіл - лениншіл дәуірмендері Бальзакты алақанға салып әлдиледі. Кеңестер одағының барлық он бес одақтас республикаларының, үйірлес социалистік мемлекеттердің ұлттары мен ұлыстары жапа – тармағай өз тілдеріне тәржімәлады. Болса да сол саясатта орыстардан басқаға алдына қара салдырмайтын біздің қазақ ХХ ғасырда – осыдан 56 жыл бұрын Бальзактың «Шегірен былғары» ( Х. Өзденбаев), «Горио атай» (Ә .Ахметов), 1949 жылы 4 перделі пьесасы «Памэла Жироны» Қазақтық біріккен мемлекеттік баспасы (Ж. Есбатыров) жеке кітапша ғып басып шығарған. Бұрнағы жылы «Әлем әдебиеті» сериясымен «Жергілікті дәрігер» (Ж. Ысмағұлов) және «Шегірен былғарысы» ( Х. Өзденбаев), жарық көрді.(Бұл бізге мәлімі ғана, ескерте кетейік, осы материалдағы үзінділер Ә .Ахметовтың 1954 жылы шыққан «Горио атай» аудармасынан алынды)
Десек те сол Бальзактың туындыларын тағы бір оқып, ол туралы жазылған қыруар дүниемен танысқанда, ойың сан -саққа бөлініп, өзіңмен өзің іштей ерегісіп әлдебір мазасыз күйге түседі екенсің. Бүгінгінің көзімен қайта үңілсек, Бальзакты танытып та, табынтып та кеткен кеңес империясына енді рақмет айтқың келеді. Себебі, қайта оқып, қайта салыстырып, қайта үңілген сайын, төл әдебиетімізді көзге елестетіп заман, адам, қоғам туралы сан - сапалақ ойлар масаның ызыңдай тыныштығыңызды тәрк еткенде, жаныға, бірде күйініп, бірде сүйініп, Бальзакқа берген құдайдың құдіретіне шынымен ақ таң қаласыз.Былай қарасаңыз түк құпиясы жоқ белгілі- ақ нәрсе сияқты, енді бір сәт тереңіне бойлап күмп беріп түсіп кетсеңіз, расында Бальзак байғұсың еңіреп қоя беретін жөні бар екен ау дейсіз.
Сонда Бальзак неге жылаған?
Бір жарым ғасырдан бері мыңдаған бальзактанушылар да, жазымпаздар мен жылнамашылар да Оноренің жазған-сызғаны, қаламының ұшы тиіп кеткен дүниесінің бұлым -бұлым, қатпар - қыртысына дейін дымын қалдырмай сүзіп шыққандар да, мақтағаны, даттағаны бар көпшілігі ақыры айналып келіп еріксіз Бальзакты мойындап діңкелеп тынады. Бұл бұл ма, туындылары өз алдына, әмбебап жазушының ғұмыркешуінің түп-тұқиянынан бақиға аттанған ақырет күніне дейін: не ішті, не жеді, не киді, қалай жүрді, қалай тұрды, не айтты, не қойды, шашты -төкті, несін айтасыз,ойхой, безбенге салғандардың Бальзактан басы айналғаны сондай , өз шимайларына өздері сенбей, тіпті қайсысы ақиқат, қайсысы аңыз екенін білмей дал болатыны бар..
«..Бір күні Бальзак адвокатпен іскерлік әңгімесін кілт үзіп тастап: «Қымбаттым менің, мұның бәрі тамаша, ал енді ақиқатқа көшелік, Евгения Грандье туралы айтайық,- десе керек». Сондағы Евгения Грандесі - кітабының кейіпкері. Күндердің күні достарының бірі қалжыңдап, тағы бір образы туралы «Қазір Марнефф ханым келеді» десе, Бальзак шынымен-ақ байсалды кейіппен галстугын түзетіп, «Кірсін деп айтыңыз», -депті.(А.Моруа) Ал Онере ғұмырнамашыларының бірі Стефан Цвейг: «Анық-танығын кім білсін, Бальзак дүниеден озар алдында сандырақтап жатып «Адам комедиясы» эпопеясының кейіпкері, дәрігер Opac Бьяншонның атын дауыстап шақырып, «Бьяншон осында болғанда, мені аман алып қалар еді!- депті.», - дейді. Осындай дейділердің өзі қанатты сөздерге айналып, том -том хикаятқа ұласты. Сонда дейсіз - ау.. Ғасырлар бойы әлемдік әдебиетте қара үзбей, күні бүгінге дейін көркем прозадағы реализм десе, Бальзак еріксіз ауызға түсе кететіні несі?!.Тіпті өткен ХХ ғасырдың және жаңа тұрпаттағы қазіргі техногендік заманның танымал жазушылары да, жампоз реалистің елдестері Ален Роб Грийе, Фредерик Бегбедер, Франсуаза Шандернагор, Паскаль Брюкнер, Мишель Уэльбектердің өздері көңіл бірлеп, орағытып өте алмайтыны неліктен?. Одан біздің кешегі - бүгінгі қазақ ақын- жазушылары, әдебиетшілерінің үлкенді - кішілілері де қалысар түрі жоқ. Әдебиет төңірегінде, кейде әйелдер туралы сөз бола қалса, Бальзакқа әйтеуір бірі сүйене, бірі сүйкене өтетініне мерзімдік баспасөздер куә.
Небәрі 51 жыл өмір сүріп, 20 жылдың ішінде романдардан бастап, әр алуан хикаяттар мен новеллалар, пъесалар, ұзын саны 98 кітап жазып, 2000 кейіпкер (кейбіреулері 3000 дейді) сомдаған Бальзактың құдіреті мен құпиясы әлі күнге дейін әдебиеттанушыларды қызықтырумен келеді. «Горио атайына» (Қазақшалаған Ә. Ахметов осылай деп атаған) дейін ол «Шуандар» (1829), «Жұмбақ шедевр» (1831), «Шегірен былғары» (1830-31), «Евгения Гранде» (1833) туындыларымен бүткіл Еуропаны дүр еткізген де, осы бәкелтек Бальзак!
Бабасал жасында Шекспир мен Гетені түсіне алмай қойған сұңғыла Лев Толстойдың Бальзакқа бас игені несі?!. Ал Ф. Достоевскийдің ақыл -азуы шыққан шағында қолына қалам ұстағанда ең алдымен «Евгения Грандені» оқысымен, ағасы Михаилға хат жазып «Чудо,чудо!» - деп айран асырға қалып, тамсана тәржімалапты. М.Горький бұлардан да асып түсіп , Бальзактың «Адам комедиясы» хақында «..өмірде ол маған анамдай болды, адамға деген махаббаты аса қымбат», - деп жазған. Оскар Уайльд Х1Х ғасырды ойлап тапқан Бальзак десе, Пруст Бальзактың романдарынан жатқа соққан.Американдықтар Ф.Норрис, Т. Драйзер ұстаз санаған. Қандастары А Моруа Прометейге теңесе, Ж. Санд оның әбжілдігін, Пруст әйеңкестігін, Сиприо әлпейімділігін бажайлап сыр суыртпақтайды, ой оймақтайды. Тізе берсек, мұндай мысалдар шаш етектен.
Сонымен, әлқиссамыздағы, пәтшағар Бальзак неге дыңғыдай халге түсті, неге егілді? Паң, өр, тәкаппар да қиянпұрыс, «ұстара тілді» Оноренің мұндай күйге ұшырауының себебі не?
Әп дегеннен - ақ , кәнігі оқырманның бір парасы батыс әдебиетін мансұқтаудан төс табанымыз жерге тиген жоқ па, әмбеге аян тұлға туралы француздар мен орыстардан соң енді бірдеңе деудің не қисыны бар дер. Бірақ, бір сәт батыс десе безгегіміз ұстайтын баррикадалық ойлаудан арылып, көркем әдебиетке шынайы өнер тұрғысынан қарасақ, адамзаттың ортақ руханият қазынасынан өзімізді танып білу үшін алдымен өзгенің өнегесіне, өнегесінің өзегіне үңілсек, бұл арланатындай іс емес. Бұл орайда Олжас Сүлейменовтың: «Әлемді “біздер” және “бөгделер” деп қарастыратын жазушылар өмірге окоптан көз салады. Ал окоптан, амбразурадан адамдарды емес, тек дұшпандарды ғана көре аласың.. Қазақтар бәріне далалық перспективадан, алыстан, кеңінен қарай алады, сондықтан да көбірек, кеңірек көре алады. Қазақтар үшін жек көретін халық болуы мүмкін емес, қазақтар үшін жат ұлт болуы мүмкін емес. Өйткені, тұтас халықтың, тұтас ұлттың жаман болуы, жат болуы атымен мүмкін еместігін біз жақсы білеміз. Абайдың “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген сөзін халқымыздың әр перзенті ұдайы жадында ұстауға тиіс» ( «Егемен Қазақстан».12.03.10) дегені осы жерде қисынды - ақ. Сондай ақ, Шәкәрім бабамыз: «Адамның бәрі – өз халқың» деді. Мұстафа Шоқай: "Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ. Халықтың бәрі бірдей." – дейді. Рас, біз әлі жаhандық әдеби құндылықтарға терең бойлай алмай келеміз.Күні бүгінге дейін білдік, таныдық деген ғаламдық өнер, ілім- білім қазынасының басым көпшілігіне тек орыс тілінің көзімен ғана жеттік. Әлі болса да солай жалғасуда. Бұл шындық.
Қазір, XXI ші - тану- жаңғыру ғасыры. Бізге дөңгеленген дүниеге сан қырынан қарай алуға, өткен - кеткенді ақыл -ой елегінен жаңаша өткізуге,болашақты барлауға зор мүмкіндіктер туды.Қазақтар арасынан күшығыс пен күнбатыс елдерінің төл тілінен тікелей тәржімалайтындар да шыға бастады. Сондықтан ендігі жерде батысты бәтқордалап, шығыстан шырындайық деу - аясы тар көзқарас. Керісінше, қазақтың ұлттық көркем санасын төрткіл дүниенің қай түкпірінің болса да жауһар руханиятымен байытудың оңтайлы сәттерін мейлінше қарпып қалу керек.. Бізге француз жазушысы тек осы тұрғыдан ғана тілге тиек болмақ.
Франц елі әлемдік өнердегі классицизм, романтизм, сыншыл реализм, символизм, импрессионизм, кубизм т.с.с. «изм» атаулы құбылыстар мен ағымдардың бесік – пантионы болғаны ақиқат. Бірақ шартараптағы дуалы ауызды, мойсапыт руханият өкілдері «Бальзактың бір өзі- бір Франция» деп кесіп - пішкендер де, француздарды ғасырлар бойы мансұқтаған орыс дворяндары , ақсүйектер қауымы, руханият өкілдері де, В Белинскийдің Бальзак десе шаншуы ұстап, ешкікөзденіп қалатыны да, кіндік қаны ресейде тамған жебірейіл, Ф.Достоевскийге табынып өткен , француз әдебиетінде «жаңа романның» манифесі деп аталған «Күдіктену заманының» авторы жүз жасаған Н Саррот және басқа да Бальзакқа қарсы құлаштай жүзген толқын да жадымызда. Классикті дал - далын шығарып күресінге тастағысы келгендер де зердемізде, білеміз.
Бірақ, бүгінгі ғаламшар әдебиетінің, оның қатарындағы ұлтымыздың ұлағатты әдебиетінің де тағдыр - талайы, дау – дамайы бара- бара қоғамдағы рухани сананың өзекті нысанасына айналған тұста, біз үшін осы сауал бәрінен де маңызды, бәрінен де өткір көрінді . Неге екенін аз- кем таразыласақ..
Жаңа бір меңзеп өттік, Еуропада Бальзактай пәниі мен бақиында тағдыр– талайын сан- саққа жүгіртіп, қырық орам қызыл тілмен қоясы ақтарылып, жілігі шағылған тұлға некен– саяқ. Беу, Бальзактың алапат жанкештілігі өз ортасында қызғаншақтарды зыр-зыбыл күйге түсіріп, өсек–аяң гулетті, жора–жолдастарының арасына ши жүгіртті. Сондағысы –Бальзактың дені сау емес, арқасы бар, қояншық, безгегі ұстайды тағы–тағылары. Осы төңіректегі топан дүниеге көз жүгірткенімізде біздің бір түйгеніміз – нән де паң Бальзакты әр туындысы сайын діңкелетіп алып, есінен тандыратын жәдігөйіне бұл басты себеп емес. Бәлкім қазіргі қазақтың қарагер прозашысы Қуандық Түменбайдың «Қояншығындағы» Доғалақтың «Бұл кесел емес, өзіңді өзің, қала берді айналаңдағыларды адалдықпен емдеу болар» деп түйді» дейтінінің қисыны бар ма дейсің. («Жігіттің көктөбесі») Әйтпесе, баспасөздерде жазылып жүргендей төрткүл дүниеде қырық миллион қояншық адам бар екен. Бірақ бәрі де шетінен данышпан емес қой! Бальзакқа телитін «Құдайдың таңбасы» деген осы ма? Психикасы сау емес деп Бальзактың тәніне ине сұғып, көз қарашығын тексеріп көруден тайынбағанғандарға Онореңіз мәу демеген, мыңқ етпеген деседі.(М.Бутерон)
Ендеше , «Горио атай» Бальзакты неге азапқа салды? Бальзак «Адам комедиясы» дәуірнамасының тіні әрі түптамыры етіп осы «Горио атайға» неге жүгінді? Горио кім еді, өзі?
Оқығандарға бесенеден аян ,әйтсе де сөзімізге тұздық ретінде қысқаша баян етейік : романда Горио – екі қызының жолында бар өмірін сарп етіп, ақыры аяғы ит өлімге ұшыраған 69 жастағы сорлы шал. Сонау бір зіңгіттей шағында Горио макарон сатып байыған пысықай еді. Сүйікті әйелінен ерте айырылады. Отбасында қалғаны - Анастази мен Дельфина атты екі қызы. Горио қос көбелегін мәпелеп еркелетіп өсіреді.Бар арманы - сол екеуін қатарынан кем қылмай, қайғы– мұңсыз бойжеткізіп, үлде – бүлде жасауымен ұзатып , қоғамда өз орны бар , беделді де дәулетті адамдармен тұрмыс құрса, сөйтіп бай- бақуатты өмір сүрсе. Жиған – терген бар дүние – мүккәмал солардың жолында.Өз басы аш-жалаңаш жүруге бар. Әкесі армандағандай– ақ қыздарының үлкені – графқа , кішісі – баронға күйеуге шығады. Өмірі жіп сабақтап көрмеген қос қызы бақуатты қосақтарын тапса да әкесінің дәулетінен қол үзген жоқ, керсінше аямай шашты; ақсүйек атпалдардың ортасында дулы дәурен, сауық – сайран салды.Дәрежелі күй біткен қыз– күйеулері енді әкелерінің ұн саудагері болғанына намыстанатынды шығарды. Күйеубалалары қайынатасының пошымынан қой үріккендей шошитын болды. Горио мұны сезді де, қинала– қинала кәсібін тастап, жарлы – жақыбайлар мекендейтін пансионға көшеді. Бұдан соң қыздары әкесін қомсынып жұрт көзінше жолығудан қысылып, оқта – текте ғана жасырын, үйлерінің артқы есігінен кіріп– шығып кездесетін халге жетті.. Байғұс қартқа қыздарын көру бір мұң , талай рет көшеде тұрып, алыстан болса да бір көріп қалғысы кеп сарыла күткен күндері қаншама..Ал оларға әкесінен бұрын оның ақшасы қымбат.Себебі күйеулері кейде ақшадан қаққанда әкесіне тұра жүгеретін еді. Әкесінің ақшасына қызы Анастази өзінің көңілдесін асырауға мәжбүр, Нусинген әккі барон, бай ,бірақ, сараң. Екеуі де Горионы ақыры «..жеміс шырынын сорып болған соң көшеге лақтыра салды.» . Қарт қыздарынан әкелік шексіз махаббаты үшін мысқалдай болса да қайрымдылық, мейірім күтті. Бірақ олар тасжүрек болып шықты. Горио зар илеп көз жұмды. Ақыр аяғында, қыздары бір уыс топырақ салуға да жарамады.Сөйтіп Абайша айтқанда: «Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп, таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ». Оқып шыққан сәттегі әсермен «Міне ұлы әке махаббаты!» деп таңырқайсың, жаның да ашиды, ызаң да келеді. «Шалға обал жоқ ,өзіне – өзі тілеп алған тағдыр» деп те кейисің. Бірақ бірте– бірте байсалды қалыпқа түскен соң әлгіндегі : Бальзак өзі «өлтіріп» , өзі жылайтындай бейшара қарттың нендей қадір– қасиеті бар еді?» – деген сұраққа тағы жауап іздегің келеді.
Оқушы хабардар, бұл роман жазылғалы не заман, жүз жетпіс бес жылдан асып кетіпті.Содан бері Горио образын жіліктей шағып, көкпардай тартып, дырдай еткен. Кешегі ғасырдағы француз, неміс, орыс әдебиеттанушылар, бальзакиада белсенділері де әлдеқашан– ақ берер бағасын беріп қойған. Баға да , кесім де, пайым- түйін де әр қилы. Әрине кеңес заманындағылардікі айтпаса да түсінікті. Горионың түбіне жеткен – буржуазиялық қоғам, капитал, эгоизм. Енді қазір сол өткен дүние жылнамасын аударып –төңкеріп қайта қарап, қайта пайымдап көрсеңіз – мұнда сол баяғы шырылдаған шындық , әлі де шырқырап жатыр! Осы тұста ой өрбітсек.
Романды жіліктегендердің бірсыпырасы Гориоға өзімшіл, эгоист деп үкім шығарды. Ал енді, ойланып көріңізші, о баста алла- тағаланың адам баласына дарытқан тұмса түйсіктері, тұмар сезімдерінің ұябасар жері – отбасы болса, сол отбасының өзі де эгоизмнің ізашары. Жарық дүниеге шырылдап келген шарананың тұңғыш тірлігі – ана емшегін құшырлана емуден басталады . Тілі шықпай ақ өзі үшін тіршілікке ұмтылады. Соқыр сезімнің бойына бірте – бірте «өзім» ұғым– ұрығы пайда болады. Ана – баласын, бала– анасын «өзімдікі» дейді. Бұл инстинкт дами келе сана – түйсікті оятып, отбасы зүриятынан ата мен әже, әке мен шеше, аға мен іні, әкпе мен сіңлі т.с.с арасындағы басқалардан бөлек өзімшіл қарым –қатынас түзіледі. Осы түзілістің өзегіндегі бастапқы өзімшілдік – табиғи , бейкүнә сезім . Демек, эгоизм адамның табиғи қасиеті. Ол ілгері дамудың, өркендеудің түрткісі, күші – қуаты. Гәп, әрине адамның осы өзімшілдік диалектикасында.
Шәкәрімнің мынандай бір тәмсілі бар: « Бір байдың қызына шешек шығып, бетін тыртық қылғандықтан ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін есітіп, әлгі байдың бір досы байға келіп: «Сондай дәрігер келіпті, күйеуіңіздің көзін неге қаратпайсыз?»- десе, бай айтыпты: « Күйеуімнің көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп шығарып жібереді ғой. Қызым байдан шыққаннан да, күйеуім соқыр қалпында қалғаны артық.»- депті. Сонда досы : « Күйеуінің көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтан айырлайық» -депті.
Дейінгіні айтпағанда, кейінгі жиырма ғасырда небір қарағай басын шортан шалған аласапыран замандардар өтті. Адамзат қоғамы дамып, жетіліп, кемелінің кемеріне келді. Бірақ адам–пендеңіз ізгілік, мейірім , махаббатымен қатар, сол баяғы – дүниеқоңыз , көзтоймас, баққұмар, қызыққұмар , құмар да құмар! Құштар да құштар! «Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де- қызыққа тоймас адамзат!» (Бұхар жырау). Осы қасиетке күншіл, қызғаныш вирустары қосылып одан сайын тегеурінді, қатерлене түседі. Жолына кездескен кез– келген тосқауылды тас талқанын шығарып, жайпап, таптап, не болмаса айналып орағытып өтуге, тіпті болмаса өлердей өрмелеп шығуға ұмтылады! Бәрін ең алдымен өзі көргісі келеді, өзі білгісі келеді, өзі рахатқа батқысы келеді. Сол үшін басын тауға да тасқа да ұрады, қорлық– сұмдыққа да барады, қорлық– сұмдыққа да төзеді! Ал қазір түйені түгімен жұтатындар пайда болып, енді тау– төбеңізді, жиделбайсын атамекеніңізді үй –орманымен, тезек - қабымен қоса бауырына басып алды! Өзім дегенде «өгіз қара күшін» көрсетіп жатыр. Аяулы ұлы махаббат , ізгілік адамгершілік атаулының да түптеп келгенде бір жібек тіні – иманды өзімшілдікте жатыр.Тұтастай айтсақ, қоғам мен қоғам, мемлекет пен мемлекет те солай. Тіпті кеше Қазақ мемлекеті ежелгі даласындай аңқылдақ ақжарма ниетімен Астана Саммитінде еуроодақ елдерін татулық пен ынтымақ үшін басын қосып, бәтуаға шақырғанда, күштілерінің арты диірмен тартып кергіді, кедейлері кербезденіп кежегесі кейін тартты, ортақ адамзаттық татулық, төрткіл дүниедегі бейбіт тірлік , тастүйін бірлік дейтін баға жетпес келісім үшін бәрін ұмтытып, президенттер бір- біріне риясыз жүрекпен құшақ жая алмады. Әрқайсысы да өз елінің мүддесінен, мемлекеттік өзімшілдігінен асып кете алмады..Әр кәллада өз қиялы! Ал тарихта жаһанды дүр сілкіндіріп, қоғам дамуына бетбұрыс жасаған XVIII ғасырдың соңынан бастап XIX ғасырды шарпыған Франциядағы ұлы төңкерістердің көзін де ашқан, көрін де қазған - эгоизм! Ал сол эгоизмның бүлк - бүлк соққан күретамыры – сан жүзді құштарлық! Құмарлық! Ынтықтық! Осы тіні бір, сабағы бір тұмса қасиеттің адамның түрлі ниеттерімен түрленіп, мың құбылысқа ұшырайтынын қайтерсіз! Мұны пәлсапашылар, психологтар, социологтар тағы сол сияқты түрлі саланың мамандары талдап, жіліктеп, адамзат қоғамындағы алуан -алуан көрінісін, сипатын ғылыми айналысқа енгізгелі талай -талай ғасырлар өтті, алда да солай бола бермек. Ендеше, жұмыр басты адам пендеңіздің кеудесінде шыбын жаны барда осынау бес күн жалған дүниедегі құштарлығында шек болмайды екен.. Бальзак Гориосын қыздарына деген алапат сезімімен қайнаған өмір көрігінің от- жалынына лақтырып жібереді.
Сонымен, романды астын сызып тұрып байыппен тағы бір оқып көріңізші, кез- келген оқиға желісінен өзіміз қойып отырған сауалға жетелеп апаратын, суыртпақтап сыр тартқызатын тұстарын оп- оңай -ақ табасыз. Соның ішінен біздің алдымен талғауымыз - шығарманың шырқау шегіне жақындар тұсында Горионың пансионатта бірге тұратын студент Растиньякқпен әңгіме құрған сәті. (Растиньяк шығармадағы басты тұлғаның бірегейі) Көбіне ызасы желіп келетін, ашуы шауып шығатын Горио: « Әркім өзінше сүйеді. Менің сүйгенімнен кімге қандай қырсық тимек? Маған жұрт неге қадала береді? Мен деген өзімше бақытты жанмын.» дейтіні бар. Міне, Бальзактың ең шедевр деп танылған барша туындыларының астарында, тінінде жатқан осы – Адамды сүю! Сыншылар Горио парасатсыз, кісілігі жоқ, қиянкес біреу, мұндайлар біздің қоғамда болуы мүмкін емес деп тарпа бас салғанда, Бальзак : «Горио өлтірсе де қожайынының қолындағы жылы қанын жалай беретін ит сияқты; ол талқыламайды, ол айыптамайды, ол – сүйеді.», – дей келе, « Горио қызына жақын бару үшін ол Растиньяктың етігін ырзалықпен тазалар еді. Егер қыздарына ақша жетпей жатса, ол банк тонауға да дайын, қыздарын бақытты ете алмаған күйеубалаларына қалай өшікпей тұра алады? Дельфина Растиньякты сүйеді, ендеше ол оны неге жақсы көрмеске. Айналаңызға қараңызшы: егер шынайы болғыңыз келсе, юбка киген қаншама Горио атайларды көрер едіңіз! Яғни Горио атайдың сезімі – түгелімен аналық сезім. Бірақ, осының бәрін түсіндіріп жатудың пайдасы да жоқ. Бұл шығармаға ең көп қарсы шыққан адам, егер бұл туындыны өзі жазар болса, риза көңілімен ақтап шығар еді.», – деп жазған. Бажайласақ, Бальзак сөзінің біз келтіріп отырған үзіндісінің соңғы сөйлемінде, тағы да қайталайық, оның бүткіл дәуірнамасының да , оның өз тағдырының да кілті жатқан секілді! Иә,қарсы болған адам «егер бұл туындыны өзі жазар болса, риясыз көңілмен ақтап шыққан болар еді» деп ашынады! Бальзак романының екінші басылымындағы алғысөзінде осылай дейді де, мұндай әке махаббатын сіз бұл пәниде ешкімнен таппайсыз, ешбір қисынға келмейтін абсолюттік инстинкт дейтініңізді сезіп, автор өзі жетелеп, Гориосын алға сап оқушыны иландыруға ұмтылады. Мына бір үзінділерді шыдамыңызды жеткізіп оқып шығыңызшы, Горио: «Елисей алаңына барып, қыздарымның өтетін жолының қасында тосып тұрамын; олардың күймелері тұсыма келе бергенде, жүрегім қаттырақ соғады; сәнді киімдеріне қарап сүйсінемін; қасымнан өтіп бара жатып қыздарым менімен жымиып амандасады, міне тап сол мезетте бүкіл табиғат нақ бір ерекше жап – жарық күннің шұғыласына бөленіп, алтындай жарқыраған тәрізді болады маған.Бұлар қайта оралуға тиіс қой деп тосып тұра беремін, сөйтіп тағы да көремін оларды! Жел қағып, өңдері қызара түскендіктерін көремін. Айналамнан «не деген сұлу еді!» деген сөзді естимін де, жан дүнием қуанышқа бөленеді. өзімнің қаным емес пе олар? Қыздарым жеккен аттарымды да жақсы көремін, солар үнемі тізелерінің үстіне қондырып отыратын кішкентай ит те болғым келеді.Менің өмір сүріп жүргенім тек солардың арқасы». Горио қыздары балға баратынын естісе, бір көріп қалу үшін «кештен таңғы сағат үшке дейін тосады». Бірде сомадай «қызының аяғының астында жатты да, балтырынан сүйді», «көйлегіне басын үйкеледі, «бір сөзбен айтқанда, біреуді өзеурей сүйген ең сыпайы, ең жас жігітке ғана жарасатын, ақылға сыймайтын қылықтар істеді», «өзі қақсаған өлі дене де, жаны болса – қашан да қай жерде болса да қыздарымен бір жүреді.» , қарт қызының жазған хатын иіскей беріп «исінің жақсысын ай! Жазғанда қағазға саусақтары тиіп отырды ау» деп сүйсінеді, «..жаратқан құдайдың әлемді сүйгенінен гөрі, мен қыздарымды артық сүйемін» дейтін «махаббаты қара бастың қамының қандайымен болса да сыйыспайтын әкелік махаббат». «Өзім жұмаққа бара қалған күнде, рухым қайтып орала алар ма, осы жерге және қыздарыммен бірге бола алар ма, – айтыңыздаршы? Осы секілді болады да дегенді естігенім бар. Сол рас па?», « Менің қаным жүрмей тоқтап қалуы үшін олардың бірақ рет мұңдана қарағаны жеткілікті.« Қызықты бір нәрсе айтайын, тыңдағыңыз келе ме? Керек десеңіз құдайдың өзін әке болғаннан кейін түсініппін.»
Шығарманың өн бойында әйелге тән аналық сезімнің еркекке көшкенін нандыру үшін зербақ жазушы психологиялық иірімдер, штрих, детальдарды үсті– үстіне еселейді. Горионың аузымен айтылған монолог–диалогтарды оқып отырғаныңызда түйсік түкпірінде осылай болуы мүмкін деген сана шырағы жалт етеді. Шалдың тұла бойын , ақыл –есін меңдеген осы бір гипер –сезім кәдімгідей – ақ жаныңызды баурап алады. Бәтшағар Горио біздің қазекеңнің кешегі естияр шалы болса қыздарымды өсірдім, өндірдім, құтты орнына қондырдым, енді арғысын өз таланынан көрсін, өз тағдыры, өз бақыты үшін өздері күрессін, өздері қорғасын дер ме еді?! Қайтесіз, бұл Бальзактың шалы, оның аузынан ондай сөз шығартпайды, шығартпайтыны, шінжау шал– он тоғызыншы ғасырдағы француз шалы! Оның пәни тірлікке деген жан көзі бөлек, танығаны –түйгені, түйсік -түбірі де өзгеше. Автор өзінің сыртқы және ішкі әлемінен пана таппай аласұрған Горионы қыздары үшін тозақтың отына әбден иуін қандырып әкеліп , ақыры өзі жаққан сол отқа өртеп тынады. Сөйтіп әке махаббаты «өз қанынан жаралған» перзенттерінің мейірім– қайырымын оята алмайды, көкірегін қарс айырып, қасіретке ұшыратады. Бұл барып тұрған сыйы, қадірі жоқ қатігез әкелік сүйіспеншілік болып шықты. Неге? Бальзактың неге қабырғасы сөгіледі?
Бальзак романға кіріспес бұрын, бір күнделік жазбасында: «Қарт – отбасымен тұратын пансион – 600 франк, рента – қыздарының әрқайсысында 50000 франктен кіріс бола тұрса да, солар үшін деп барынан түгел жұрдай болады, ит өліммен өледі» деп түртіп қойыпты. Қолына қалам ұстағандардың бәрі түртеді, онда тұрған не бар дерсіз. Бірақ классиктің мұрақазарлары мен сыншылары романды талдағанда мұны қарапайым көп шимайының бірі демей, дәл осы түртпеге жата жабыса, куәлікке тартып, талай сарапқа тұздық етіп құйды. Бальзак әлемін шарлағандарға қамырдан қыл суырғандай етіп, жазушы феноменінің бір кілтін осы тақылеттес түртпелерінің астарынан іздеу әдеттке айналып кеткен. Оған себепші басқа емес, Бальзактың өзі еді. Өйткені.. Горио трагедиясының қоясын ақтарғандардың көрген- білгеніне, тапқан –таянғанына біз де үңіліп көрдік. Бұл шындық. Көзіңізді де, көңіліңізді де жеткізетін тағы сол жазушының өзі! Ол шындықтың аты – ақша!
Ақша! Ақша?. Ақша.. Байсал көңілмен безбендесек, ақшаның аты– ақша. Ақшаны құдай жаратқан жоқ. Ақшаны ойлап тапқан адамзаттың өзі. Оның «әкесі» - сауда-саттық. Дүниенің бәрін шағып-шығырлап берген қазіргі дәуірімізде нумизматиканың сырлы баянынан сонау ықылым замандардан Азия, Үнді, Мысыр, Рим, Еуропа,Африка дейсіз бе, ақшаның түпкі шаранасының қалай шыққанын білудің түк қиындығы жоқ. Басқаны былай қойғанда, қазақ жерінде ҮІ-ҮІІІ ғасырларда Суяб, Сарайшық, Отырар, Тараздағы арнайы шеберханаларда рубасылар төл рәмізін бедерленген теңгелер құйғызыпты. Б.з. 704-706 ж. Таразда құйылған «Түркеш қаған теңгесі» немесе «Түркінің көк ханының теңгесі» деген жазулардан. бүкіл мемлекеттің дәулет - мүлкін, куәландыратын кепілдеме болған көрінеді.Тарихи даму үдерісінде жалпыға бірдей эквивалент формасында әр алуан тауарлар: мал, тері, бақалшақ, металл бұйымдары т.б ақшаның қызметін атқарды. О баста жаһан елдерінде ақшаның түп атасы мал болса керек.(Біздің қазақта есен -саулықтың піссімілласы «мал -жанның амандығын» сұраудан басталады ғой.)Малды айтасыз, бір монетаны бір тауыққа теңестірілген заман болған. Ол ол ма, Юлий Цезарь билік құрған заманда құлақ кесті құлды ақшаға — бір кұлдың құны үш сиыр, алты бұзау, он екі қойға бағалаған. Ақшаның кісәпірлігінен шошыған XIX ғасырдың социал -утопистері — Прудон, Оуэн, Грей және басқалары ақшаның көзін құрту үшін жанталасқанмен түк шыққан жоқ. Қаза берсеңіз, ақшаның сыры ұшан теңіз. Ақшаның қызметімен адамзат дамыды, кемелденді.Ал дүние-тезекке құмарлық о баста жаратқанның адамға жіберген зауалы. Ол зауалмен күресе алмаса, адам өзін -өзі жалмап құртады.Сондықтан да адамзат өмірі - мәңгілік айқас, мәңгілік күрес. Өркениетке арпалыспен аяқ басты, ғасырдан - ғасырға құштарлық, құмарлық дүмпуімен жетті. Ендеше, бұл ежелден - ақ көркемөнер атаулының өзекті, мәңгі бақилық тақырыбы. Сондықтан қай ғасыр, қай дәуірде болсын ақшаны, дүние –байлықты, оның зорлық- қорлығын, қайғы - қасіретін жазбаған жазушы кемде- кем, қазір де жазады, келешекте жазыла береді. Бір ғана қиярпұрыстық, күні бүгінге дейін бальзакиаданың (әсіресе кеңес дәуірі рухындағы орыс әдебиетшілері) өкілдері бәрі біртоға ақшаны құбыжық, кесепат, қараниет демон ретінде танытып келеді. Бірақ жаңа айттық, ақша пайда болғаннан бері қанша қоғамдық формациялар ауысты, ауыса береді, бірақ бұл тағынан түспейтін феномендік құбылыс.Төрт ғасыр бұрын ағылшын философы Томас Гоббс мемлекетті– тірі ағзаға, ал ақшаны – оның қанына теңепті. Ақшасыз қоғам дамымайды. Алтын мен күміс монеталардың мемлекет дәрежесінде айналымға түскен жері, қағаз ақшаны да банктен шыққан жері, бәленің бар ошағы мұқым дүниеде Франциядан басталатынын қайтерсіз! Жаһандық экономиканың жұлыны ақшаға тәуелді. Сол XIX ғасырда тұңғыш рет Парижде (1867) әлемдегі ақша қызметі алтынға баланып пәтуа да жасалған. Орта ғасырларда Франция көп елді әлімжеттікпен отарлады, тонады, алтын – күміс, мүккамал –байлықты тасыды, төкті, шашты. Париждіктер, Биағаңша айтсақ: «Уа, кімсіз? – Французбыз!» деп қораз айдарлы галлар ұрпағының мейманасы тасыған. Дүниеқоңыздық ынсапсыз ындыны меңдеп, ашкөз құштарлық француз ұлтының ғасырлардан келе жатқан әлеуметтік түбір- тамырына балта шауып, жуадай солдырып жатқан кез.Бар гәп, міне, осы бір сан қырлы магиялық құдіретке ие болған ақша феноменінде. Қилы – қилы замандарда ақша факторы әлемдік көркем ой домнасында қайтіп пісті, қалай қорытылды? Буржуазияның балпаң перісі Бальзактың қолқасын қауып, алақан аясы ақ қағазды оттай қыздырып, жалындай шарпығанда көкейідегісі, көксегені, тапқаны не?
Сұржекей жазушыны бүлкілдеткен, дедектеткен, жан терін шелектеп төктірген құдіретті құштарлық күшінің бірегей сыры неде жатыр? Мұны алыстан іздеудің керегі жоқ екен. «Адам комедиясының» беташары - «Горио атайға» зер салсаңыз болғаны– алдыңыздан жамырап қоя береді ! Туындының материалдық ресурстары мен архитектоникасы, троптық айшықтары зейініңізді баурап, бір сиқырына арбалып, соңынан томпаңдап ілесіп жүре беретіндей күйге түсесіз. Ол сиқыр құмға аунатқан магниттей темір «шаштары» түзіліп Бальзактың қара басы туралы, дәуірнамадағы қыруар кейіпкерлері өре түрегеліп, кез- келген кітабынан шыға келеді. Көзге әп дегенде сүйелдей қадалатыны – сандар, есеп– қисаптар, тұнған бухгалтерия! Деректер, дәйектер! Піссіміләсі, романның алғашқы сөйлем орамдарынан - ақ басталады. Айталық, оқиғаның қай жылы, қай мезгілде, қай күні, керек десеңіз кейде қай сағатта, минутта болғанына дейін сөйлемдермен өріп береді. Қараңыз: « 1819 жылдың ноябрьдің аяқ кезінде жеке меншікті пансиондағы жағдай осылай еді», « Ал Растиньяк болса- талтүс, сағат екі жарымда қара фрак киіп келген», «виконтессаны көруге келгендердің қай -қайсы болса да күндізгі сағат екі шамасында д Ажуда Пинто маркизді осы үйден кездестіретін», «Сағат екіден төртке дейін келіп кету де Босеан ханымға жайсыз тиетіндігін», «Виконтесса сағат төрт жарымнан былай қабылдайтын», «немере інісі бес минут бұрын келсе, винкотесса қабылдамаған да болар еді.» т.с.с.( жоғарыда ескерткеніміздей , романнан алынған үзінділердің беттерін көрсетуді жөн көрмедік. Себебі, көз талдырмайық, кітапты парақтай қалсаңыз қиналмай табасыз) Бұл бұл ма, романдағы оқиға алаңы –Воке пансионатын суреттейтін парақ беттерін сүзіп көрейік:« Париждегі Латын кварталы мен Сен-Марсо маңындағы аралықтағы Нев-Сент-Женевьев көшесінде 40 жылдан бері бар». Пансионда 18 тұрғын бар. Тұрақтысы - 7 адам. Пансион 4 қабатты, әр қабатында 5 терезеден бар, 1 қабатта - қонақ үй мен асхана, 2 қабатта - Воке ханым; Кутюр ханым мен Викторина Тайфер,( екеуі жылына 1800 франк төлейді) , 3 қабатта – Пуарье қарт пен Вотрен;(айына 72 франк төлейді), 4 қабатта -мадмуазель Мишоно, Горио атай ,Эжен де Растиньяк, Кристоф, Сильвия, суденттер, медиктер, заңгерлер, келіп кетіп жүретіндер. Пәтершілері айына 30 франк төлейді, кедей студенттердің 45 франктан артық жұмсауға шамасы келмейді, үшінші қабаттағы екі тұрғын бар болғаны 72 франк ақы төлейді. Викторинаның әкесі жылына 600 франктен артық бермейді, Растиньяктың алыста қалған отбасының жылына 3000 франк кірісі бар, ал әке- шешесі оған жыл сайын 1200 франк салып тұратын. Мерзімсіз рентасын жылына 1350 франк кірісіне сатты да қозғалмайтын мүлікті толық қамтамасыз етіп 15 мыңын өмір бойы 1200 франк кіріс беретін етіп сатып алады. Үйдің жоғары қабатынан жылына 150 франк төлейтін бөлме жалдап алады да, күніне 40 суменен княздарша тұратын болады».Осымен доғарайық, соза берсек, көз сүрінеді, сандардан сана сарсиды. Бірақ оқырман жалыққанмен Бальзак жалықпайды. Автор Воке ханымның пансионын іші сыртын, айналасын, қора - қопсысын, иті мен мысығын, құрт - құмырсқасына дейін түгін қалдырмай суреттейді. Бальзак мұндайда жазушы емес, есепші, коммерсант, құрылысшы. Пансионның бар сұлбасын метрлеп, қадамдап өлшеп береді. Басы Вөке ханымнан бастап, ондағы тұратын бар адамның қалтасынан қанша ақша, қанша тиын - тебен шыққанына дейін санап отырады. Үйдің іші - сыртындағы заттардың бәрін түгендейді, тізеді. Қанша есік бар, қанша тесік бар, қанша ыдыс аяқ, көрбай - жербайдың бәрінің дымынан -дым қоймайды. Бөлмелер, ішіндегі жиһаздар, түрлі заттар бәрінің түр - түсі, исі, пансионаттың айналасындағы өсімдіктер мен қоқыстар, малайлар мен атшылардың сасық исті қыл- қыбырлы тұрағы дейсіз бе, бәрі -бәрі бар. Кейіпкерлерінің киген киімін, жүрген тұрғанын, ішкен –жегенін бажайлап, есеп -шотқа салынады.Тіпті бықсып жанған тезектей қолқаңызды қабатын сәттері де, шуда жіптей шұбатылған сөйлемдер де кейде жалықтырып жіберуі мүмкін. Егер атүсті, жеңіл желдіртіп оқысаңыз, өкінбеуіңіз ықтимал. Десек те, кітаптың соңғы бетін жапқан соң барып, бір мезет алған әсеріңізді іштей шолғаныңызда бірдеңе жетпей қалғандай болады екен. Содан кейін Онорекең тілін безеген жолдарға қайта көз жүгіртіп байқаңызшы, әр сөйлемнің тасасынан алған әсеріңізге жылт еткізіп сәуле түсіретін , ойыңызды түртіп өтетін сөздер, тіркестер өріп қоя береді. Күндікке қарабайыр натурализм деп көркемдігіне шәк келтірген байламыңыздан айнығыңыз келеді. Әдебиетшілер классиктің басты ерекшелігі болып табылатын осы стильдік айшығына, қолтаңбасына қырғидай тиді. Бірақ қағылез қаламгер алысып - жұлысып жүріп, алған бетінен қайтпай, дәуірнаманың тоқсаннан астам томын тоқтамай жазып шыққан.
Бальзактың пайымында – сандар мен заттар, тұтас материя қоғам өмірінің тіні, тіршіліктің сыртқы құбылыс-бедері мен адамдардың ішкі - түйсік құбылысының жымыннан, бұлым-бұлымынан жүрек көзі сұңғыла адам болса, небір сырды түтіп шығарады. Адам қасиеті мен ақшаны таразының екі басына тарта отырып, адам пәруайын тұрмыстың қалай билейтінін безбенге салады.Қаламгердің осындай түпкі ойына үш жүз бетке жуық, қалыңдығы табан елідей осы романының өзі- ақ айғақ.
Сонымен, Горионың әкелік жанкешті махаббатына бүртүрлі таңырқап отырып, адамға тән тұмса сезімнің эволюциясына еріксіз ықыласыңыз ауады. Тағы оқи түсейік. Горио:« ..оларға ақша керек те, мен болсам ақшаны қайда барып, қайдан табуды білемін. Таза крахмал істеуге Одессаға барамын. Он саусағымнан өнер тамады менің, миллиондап табамын». «..Шіркін – ай, мен дәулетті болсам ғой, байлығымды оларға бермей өзімде сақтасам ғой , осында болар еді де, сүйе– сүйе жағымды жалтыратар еді –ау , екеуі. Жайнаған бөлмелері бар дара үйде тұрсам, қызметші әйел ұстап, жағдайым жақсы болса: күйеулері мен балаларын ертіп еңірей келер еді қыздарым! Тура солай болар еді! Міне енді дәнеңем де жоқ. Ақшаңа алмайтының болмайды, тіпті қыздарыңды да сатып аласың. Қайран менің ақшам, қайда кеттің екен.?!» деп шыбын жаны шырқырайды. Міне, оқушы, осы үзінділерден– ақ Горионың кім екенін, әкелік сезімнің тағдыр – талайын көзге елестете беріңіз. Осынау ақ жұпар әлемге саудагердің көзімен қарап, пысықайдың ақыл– есімен танып, жұлын–жүйкесін тұрмысы торлаған, дәулеттің диірменін айналдырудан басқасы мақұрым тірлік деп күн кешкен. Пешенесіне жазған жалғыз бақыты – перзенттеріне деген әкелік сүйіспеншілігі жолында, Горио : «Қырық жыл жұмыс істедім, қап арқаладым, тер шүмектеп ақты, бір сендер үшін деп өмір бойы жоқшылыққа көндім. Қандай зілді болса да, қандай еңбекті болса да, қаңбақтай жеңіл көргенім сендердің арқаларыңда ғана. Енді ғой менің өмірім, менің дәулетім бар ғой, күл боп ұшпақ!» деп зар илейді! Бейбақ шалға өмірдің басқа қызығы бұйырмаған Алабөтен фанатик! Бірақ фанатик болса да, анау айтқандай кеңкелес те емес. «Горионың санасыз сезімі– иттің ересен сезімталдығымен тең түсе алады». Сауда – саттықтың жөн жобасын жақсы біледі, есепке жүйрік, қаражаттың қарымына сауысқандай сақ, пысықай.. Қызы Дельфина мұңын шағып келгенде, күйеубаласы Нусингеннің қулық– сұмдықтарын жіліктей шағып, қаражаттың қалай жұмсалатынын, қалай пайда түсетінін қызына ашына тізіп беретіні бар. Ал қисынға келмейтін сол алабөтендігі өз заманында биліктің де қытығына тиіп, романды жариялауға тыйым салған екен. Біздіңше, бұл жерде Горио образының болмысын бедерлеуде Бальзакта логикалық қайшылық жоқ. Байқасаңыз, Горио қанша қиналып ақшаға тарықса да, Бальзак оған банк тонатқан жоқ, кісі өлтірткен жоқ, пендеге қылаудай қиянат жасатқан жоқ. Тіпті кейде оның байлыққа әбден құныққан деп те айтудың өзі күмәнді. Романнан қыздарына деген күйініш– ашыныс үстінде айтқаны болмаса, ақша жолындағы кесірлі іс– әрекетін көрмейсіз.
Бір есеппен ойласақ, Горионың «Он саусағымнан өнер тамады, миллиондап ақша тапсам, дәулетті болсам» дегенінің өзі айып па екен? Атам заманнан бері ет пен сүйектен жаралған еті тірі пенденің күйлі, дәулетті өмір сүрсем деген ішкі арманы қоғами заңдылық қой. Олай емес деп үзілді- кесілді айту ақиқатқа қиянат. Рас, бізде, әмбеге аян , кешегі кеңес заманында адамның жеке басының баюына жол берген жоқ. Мемлекеттің байлығы– халықтың байлығы деген құрғақ декларацияға имандай сендірді. Дәулетті, бай адамды оның адами қасиетіне қарамастан қоғамға жат элемент, арамтамақ, кесепат, жексұрын деген сірескен, сыңыржақ қоғамдық пікірді санаға шегелеп тұрып шегендеген. Бай адам ешқашан адал жолмен байымайды, деп, оған адамзаттың бүткіл жүріп өткен тарихының тырп еткізбейтін аргументтерін көлденең тартып аксиомаға айналдырған. Осы ұғыммен талай ұрпақ өсті, талай ұрпақ алмасты. Ақыр аяғында бай мен кедей, дәулетті мен орташа , күйлі мен күйсізі бар қоғамға қайта айналып келдік. Ақ- адал еңбегімен дүние тап, байы, дәулетің мен сәулетіңді жарастырып өмір сүр деген ұғым – біздің бүгінгі заманымыздың ұраны.
Байқайсақ, біздің ұранымыз Бальзак заманының етене шындығымен тіндестігі бар. Туындыда қанша жерден зар илесе де, Горио капиталға, ақшаға лағынет айтпайды, қарғап сілемейді! Керісінше: «Ақша деген – өмір ғой ол. Ненің болса да тетігі–ақшада» – дейді. Дейді де өзі көрген қатігездік пен қасіретті өз пейілінен, қыздарынан табады. Әке махаббатын талдап- таразылап беретін, төрешісі де, соты да басқа емес, Горионың өзі. Ақырет күні сандырақтап жатып: «..Өз күнәм - өрескел сүйіспеншілігімнің өтеуін қайырдым ғой түгелімен. Өз ықыласымның төлеуін екеуі де жендеттерше қатал қайырды, денемді тістеуікпен жұлқып паршалады. Әке атаулыны аяқпен таптаған күнде - отанымыздың аты өшкені. Анығы солай, әкелік деген - қоғамның бүкіл дүние жүзінің тірегі, бала атаулы әкелерін жек көретін болса, қоғам, дүние жүзі түгел күйрейді.» деп күңіренеді. (Отбасындағы әке беделінің күл- талқаны шықты деген қоңырау сол кездегі әлеуметтік дағдарыстың бір белгісі болатын) «Бұлардың екеуі де тасжүрек ғой! Өзімді жақсы көрсін деп мен де оларды ересен жақсы көретінмін. Күнә мына менікі! Өзімді аяғымен таптауды үйреткен мен оларға. Солай істейтін ұнайтын еді маған. Дегенмен онда кімнің ісі бар, адамның да, құдайдың да ісі жоқ, Сол екеуін мен үшін жазалаған күнде, құдайда әділдік дегеннің болмағаны. Өз орнымды білмеппін мен, өз праволарымнан бас тартамын деп- ақмақшылық істеппін. Солардың көңілі тынсын деп өзімді өзім кемдікте ұстаппын! ..Мен деген сорлы адаммын, сазайымды да тартып жүрмін. Қыздарымның бетімен кетуіне себепші болған өзім, жосықсыз еркелеткен мен оларды. Бұрын кәмпит сұрайтыны тәрізді екеуінің ендігі сұрайтыны - ләззат. Қыз күндерінде көңілдері нені тілесе де беттерінен қақпадым. Он бес жасқа келгенде бұлар өз беттерімен серуенге шығатын. Ойға алғандарының орындалмағаны жоқ. Кінәлі жалғыз өзіммін, сөйтсе де менің сүйгендігімде бар айып. ..Келмеген екен, олар енді келмейді де. Алданған екенмін! Олар мені сүймейді де, ешқашан да сүймеген екен! Бұл – ақиқат. Мен тарқан қасіретті де, шеккен азабымды да, жоқшылықты да олар ешқашан сезген емес– өлімімді де сезбей отыр енді; өздерін мәпелеуімнің сыры неде екенін де түсінбейді тіпті. Олардың барымды қағып алуға үйренгендіктерін көріп жатырмын, сондықтан да өздеріне істеген жақсылықтарымның бәрі қазір түкке де тұрмайды. Көзімді ойып алғылары келсе, «мә ала беріңдер ойып» деген болар едім.Мен деген – ақымақпын. Жұрттың бәрінің әкесі өз әкелеріндей деп жориды олар. өз бағаңның өресінде болуың керек қашанда. Мен үшін өз балалары–ақ берер сыбағаларын. ..Құдай бар аспанда, көңліміз қалай ма, қаламай ма, әке атаулы мына біз үшін сол тарттырады сазайларын!».
Битін сығып, қанын жалайтын халге жетіп, жарық дүние көз алдынан дөңгеленіп өтіп бара жатса да, Горио өз канынан шыққан қыздарының бойына адамдық мейірім мен қайырым ұрығын еге алмағанына шерленсе де, қарғағандай аһ ұрса да: « Құдайым ай! менің көзім жұмылған күнде олардың дәулетін кім қайырып берер. Одессаға осыларға бола барғым келеді..Одессаға, вермишель жасауға» – деп, санасының інінен дүниеқоңыз атжалманы да атып шығады. Ол тіпті өлуге де қорқады, себебі, қыздары ақшасыз, дәулетсіз сорлап қалмақ..Он жылдан бері қыздары бірде - бір рет жүрегін жібітпегенін, жібітпейтінін де іштей түсінсе де, бейнеті -сорға, қасіреті –зарға айналса да, Горио көзі жұмылғанша кіндігінен жаралғандарынан күдерін үзе алмады. «Ажал жақындап тұрса да, жанына қылыш ұрса да, қалжырап көңілі қарайып, қарауытып көңілі тұрса да – үмітін қоймас адамзат!»(Бұхар жырау). Баласы үшін аң - орға, құс - торға түссе, адам екі аяқты саналы хайуан ғой: «Беремін батамды, бердім батамды екеуіне, - деді де, дереу есінен танды.».
Өзінің бес күн жалғандағы саналы ғұмырын итше талаған қыздарын әке жүрегі бәрібір қиянатқа қия алмас еді. Себебі – ол сүйді! Бұл санасыз биологиялық инстинктен ада, адами сүю. Мұның ақылға, миға қатысы шамалы – жүректің ісі! Адамға біткен аламан сезім! Бірақ, «денесі қарайып, шірік кеулеген қоғамда» (романдағы қаскүнем Вотреннің сөзі) адамды сүю - қорлық! Адамды сүю- қасірет екен! Иә, өркениеттің соқтықпалы сортақ жолында ізгілікті бостан қоғамды армандап жан алысып, жан беріскен, қан кешкен, дамудың жаңа қиясына ұмтылған қауымда, тіпті «өзіңнен жаралған» адамды да сүю дүние-тезекті терудің қасында көк тиындық құны жоқ екен! Сөйте тұра Горио сүю қасиетінен айнымай , сүю қасіретінен құрбан болып көз жұмды. Бальзак- Горио Париж өмірінің жалт - жұлт еткен жәдігөйлігіне, әлеуметтің рухы сауданың монетасына айналып, дүйімнің қайрымсыз, обыр, арандай ашылған ындынына көзі жеткенде тауы шағылып, есеңгіреп, көкірегі қарсы айырылады! Өркениеттен көркем ниет күткен үміттің күл -талқаны шықты! Бойына заманы бітістірген тұрпайы да қаскүнем эгоизм құрыдымның жарқабағынан лақтырып жіберді.
Қайыра айтсақ, 35 жастағы Оноре де Бальзак жан – жүрегін сыздатып тыным бермеген ішкі дертті ақ қағазға лақылдата төгіп отырып, қырық күн «мұңдасқан», жанкешті « жан жолдасы» Гориосымен «бақұлдасып», кәдімгі пәнилік ғұмыры мен рухани дүниесі бір әлемге тұтасып кеткенін өзі де аңдамай қалды! Оның үстіне осынау жұмыр жердегі саналы тіршілік иесі – аса мәртебелі Адамның Адамды мәңгілік Сүю қасиеті мен сөнбейтін Рухының бір куәсі – «Горио атайы» – көркем шығарма жарық дүниеге шырқырай келіп , мұның уысынан шықты да кетті!.
Бұл осыдан тура 185 жыл бұрын небәрі отыздың белортасына жеткен балпаң жігіттің өзегіндегі ыстық жалынымен шарпи шалқып, әдебиетке атойлап кірген тұсы болатын! Гориосы, Растиньягы мен Бьяншоны, Гобсек, Вотрен және басқа да жанып тұрған жанкешті кейіпкерлері тұңғыш рет бой көрсетіп, бұл туынды «Адам комедиясының» эпицентріне айналған еді. « Енді біліп қойыңыздар: бұл драма қиялдан тумаған, бұл роман да емес. Мұның шыншылдығы сондай, әркім бұдан өз өмірінің, мүмкін өз жүрегінің кейбір ұшқындарын табады.» деді Бальзак, солай болып шықты да. Көзі көргендердің жазған естелігіне сенсек, Бальзактың қара басы өмірге, әдебиетке алапат құштар, алпауыт жанкешті екен! Сол құштарлық, әсіресе әдебиетке деген жойқын ынтазарлығы дәуірлестерін таңдай қақтырған. Сол XIX ғасырдың қияметқайым, дүбірлі дүрбелең дәуірінде көркемсөздің заңғар бәйтеректері бірінен соң бірі жарыса өсіп, әдебиетті, прозаны жаңа сатыға көтерді. Ендігі жерде тәтті романтика адамзаттың рухани сұранысының бірден - бір эталоны болудан қалды.
Уақыт әдебиет майданында шыбын жанын шүберекке түйіп, сай - сүйегі сырқырап , ақ тер - көк терге түспесе, ботадай боздамаса - өлмес шедевр дүниеге келуі екіталай, аттыға еріп, жаяудың таңы айырылатынын аңғартты. Бұған көп мысалдың бір мысалы осы Бальзак. Мұндай халді әдебиет оғыландарының талайы бастан кешкен. Айталық, тағы сол француздың әйгілі әкелі –балалы Дюмалары. Әке– Дюма хақында бала – Дюма : «Бір күні әкемді гүл бағындағы сүйікті скамейкасында отырған жерінен көрдім. Еңкейген күйі қос алақанымен бетін басып қатты егіліп жылап отыр екен. Жүгіріп қасына бардым.
– Әке, қымбатты әкетайым, сізге не болды? Неге жылайсың?
Ол:
– Мен мүсәпір де қайрымды Портосты аяймын!( Портос – «Үш ноян» романының кейіпкері. – Ж.А.) Оның иығына тұтас жартас құлады , соған ол шыдас беруі тиіс. Құдай –ай, бұл қандай ауыр!» депті. (А. И. Куприн) Ал Гёте бір күні хатшысынан: « мен о дүниеге аттанғанда немістер не дер еді?» –деп, сұраса керек. Хатшы әрине қатты қайғырады дейді. – "Тіпті олай емес, -депті, Гёте, - Олар: "Уф!" деп, ұлы адамның өктем ауыртпалығынан құтылдық деп бір жеңілдеп қалады. » (Р Роллан) Абай туралы: «Бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де» (Тұрағұл Абайұлы) Қазақ өмірінің көркем тарихы «Абай жолын» жазғанда да, жазғаннан кейін де М. Әуезовтың бастан кешкен жан азабы Бальзактан асып түспесе кем түспеген. Әсіресе Әуезов коммунистік идеологияның тепкісінен қатты шаршап, егіледі. «Көп жандарды аяздай қарыған сол ызғар борандатып, қайта түтей бастауы алаңдаушылығын күшейтті. Содан да жанталаса еңбектеніп, соның жосықсыз айыптауларынан құтылғысы келді. Осы кезде өмірдің жұлқулары еркін еңбек, еркін ой көсілістеріне тежеу, тосқауыл қойғандай дағдарысқа түсірді.» (Т. Әкімов) Соған қарамастан жаны еңіреп жүріп , кемеңгер Әуезов қазақ халқын өлмес асыл мұра–«Абай жолы» дәуірнамасымен әлемдік аренаға алып шықты!
Саналы ғұмыры кеңес империясының төрт құбыласы түгел, «қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған» заманында өткен «Адамзаттың Айтматовы»: «Ақ кемені» жазғанда мен жыладым. Әдебиет – қашанда трагедия, –деді, ол, – біз оқушыға ащыны және қасіретті айтқан сайын, тіпті одан да бетер сұмдық дүниелерді жазып безіндіреміз. Біздің тірлігіміз– оқырман үшін бәрін жүректен өткізіп, жан кешу». – деді» (Д. Быков.) Міне, күрмеуі тор-бау, күрделі зор-лау талап! Уақыт талабы! Сан қырлы, сан сырлы шығармашылық тағдырлар. Рас, бәрін бір қалыпқа салуға да, өлшеп- пішуге де жойдасыз. Осы ретте уақыт талабын ойласақ, тәуелсіз еліміздің тәубелі төл әдебиеті хақында санаң сан- саққа жүгіреді..
Туған әдебиетіміздің тағдыр-талайы, кешегі-бүгінгі қаламгерлеріміздің туындылары мен тірлік тынысы, пенделігі еріксіз көңіліңе, қиялыңа оралып, кейде сол француздармен салыстырғың келеді, тіпті салғыластырғың да келеді. Бәлкім, төскей құрлықтағы толғауы тоқсан француздың сарабдал әдебиеті қайда, біздің қазақ әдебиеті қа-й-да, француз бен қазақтың ел болып, етек жапқалы бергі ғұмыр, даму тарихының ноқта - бауы , сорап - соқпағы бөлек, қатар қою қисынсыз дейсіз– ау. Десек те сонау ықылым ғасырлардан басталған сөз өнерінің қайнар бұлағына қарап көрсек, біздікі француздармен үзеңгі қағыстыра алатын, иық түйістіретін мөлдір де бірегей, шалқар да самиян, қазыналы әдебиет! Француздар да мұқым дүниедегі секілді, о баста фольклордан, ықылымдағы антикадан, христиан дінінен арда емген халық. IX ғасырдың соңына таман ескі француз тіліндегі жазбалардан бастау алса да , тарихшылар тек XII ғасырдағы ортағасырлық әдебиет француз көркем ойын тарих сахнасына шығарды деп бағандайды. «Роланд туралы жыр», Роза , Түлкі туралы романдар, поэмалар, рыцарлық әдебиет, Тристан мен Изольда, Кретьен де Труаның куртуаздық шығармалары, труверлер жыры, XII ғасырда трубадурлар тағысын тағылар.. Ортағасырдағы кемеңгер ақыны Франсуа Вийоннан бергі небір ойшыл, жыршыл, шешен, тарихшы және зергер әдебиет баһадүрлерін санамалай- ақ қоялық.Ал біздің ықылымдағы түркі жазба әдебиеті, сақ - ғұн, бәдіздегі еуразиялық Ұлы Дала түркілерінің әйгілі «Орхон - Енисей жазуларынан» басталатын жақұттар «түркі халқы үшін, түн ұйықтамаған, күндіз отырмаған, қызыл қанын төккен, қара терін ағызған, күш - қуатын аямаған» Күлтегін, Тоныкөк құлыптасындағы інжу -маржандарына қазақ көркемсөзі кіндігінен байланған. Жыраулар поэзиясы: Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақындардың легі дала өркениетінің ораториясы еді.
Бальзак сұлу да сұрқия Парижінің жарқылына жанығып, түнегіне түнеп жүргенде, біздің қазақ сахарасында Махамбет бастаған , Дулат, Шернияз, Шортанбай, Сүйінбай, Біржан салдардың жырлары қырандай самғап, мұзбалақтай шүйлігіп, қырғидай жапырып, сұр жебедей атылды, ақ жауындай нөсерлетті, нұрлы шуақтай елжіретті! Эпостар, жыр - дастандар , ертегілер, қария сөздер, аңыздар мен әфсаналар, әдеби-поэтикалық туындылар «әдебиет көшінің ұлы сүрлеулері» сайрап жатты! Олар қиянат пен кесепатқа рақымсыз, үстем тапқа, «хан үкіметіне оппозиция»(М.Мағауин) бола білді.Олар аймандау мен аялауды да білді.
Егер қазақ қоғамы техногендік дамуға ерте іліккенде, бес ғасыр жырлағанымыз теңіздей шалқып, сонау мұқым дүниенің рухани мұқитына еншілесе барып құйылар еді- ау. Бұхарды да, Шортанбай Сүйінбай, Махамбеттеді де француздар жатқа оқыр еді! Француз тіліне махаббат және романтика тілі деп былайғы жұрт тамсанады. Ал сол батыстықтар (В. Радлов, Г. Мейндорф, А. Мицкевич, Л. Арагон т.с.с ) әлемде махаббат пен сұлулықтың, кеңдік пен еркіндіктің асқақ, қайталанбас келбетін, құбылысын қазақ тіліндей бере алатын тілдің, сол тілді сөйлеткен қазақ жүрегінің сиректігіне таң қала жазып кетті ғой ! Француздар қазақ өнерін кешегі ғасырлардан бастап мойындаған. 1925 жылы Әміре Қашаубаев Париждегі әлемдік көрмеде өзінің сүйікті әндері "Ағаш аяқ", "Үш дос", "Екі жирен", "Дудар", "Қос барабан", "Қызыл бидай" тағы басқаларын шырқағанда люстралары шытынап, олардың есінен тандыра жаздаған. Француз ғалымы, музыка зерттеуші "Лемюзикаль" журналында Әміренің дауысы әлемдегі сирек кездесетін музыкалық құбылыс деп таңдай қаққан. Анри Барбюс: "Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім", десе Ромен Роллан "Шығыста әншіні бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім"-деген.
Бальзактар кемеліне келіп, кердең басқанда, бізде қазақтың қасиетті қарасөзі, жаһан үлгісіндегі прозасы енді қылаң берген еді. Бір ғажабы, небәрі жарты ғасырдан сәл- ақ асқан мерзімде сол батысыңыздың бастан кешкен романтизмнің талбесігінде тербеліп, сентиментализмде сарғайып, сыншыл реализмнің ауылын жағалап, тағы басқа да «измдердің» дертіне шалдығып барып, шалқарлап кетіп, қазақ прозасы өсіп- жетілді! Әлемдік прозаның барлық көркемдік заңдылықтарын ұршықтай иірді, көркемсөз технологиясын өзіндік пішім-кескінімен игерді! Қазақ романдарында жусанының исі , тұлпарлар тұяғының дүбірі, айдын көлдегі аққу- қаздың сырлы сұңқылы да, дала сахараның іш- құса, назасы-наласы да бар болатын! Қазақ прозасы құнарлы, шұрайлы, сексеуілдің шоғындай маздаған еді. Көркем ой ордаланған он тоғызыншының соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С. Көбеевтің «Қалың мал», С. Торайғыровтың «Қамар сұлуы» мен «Кім жазықты», Ш. Құдайбердіұлының «Әділ-Мәрия», сәл кейінірек М. Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» мен «Қилы заман», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ж. Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» мен «Қартқожа», «Ақбілек» , Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» мен «Күлпаш» туындылары – ақ қазақ көркемсөз дамуының алғашқы катализаторы болды. Одан бергісі ноқта көрді, қос өкпесі қысылды, қызыл тулы социализмнің бесігінде тербетілді, жалынына шарпылды. Пешенесіндегі осындай жазу -сызуымен ақ, телегей -теңіз, айдынды - айбынды, зерлі –оқалы әдебиетке айналды.. Феодализмге шала қарпылсақ да, социализмге бір ақ қарғып, сорпа- суын ішіп өсіп, теріміздің иін қандырып , коммунизмге қарай желдеп бара жатқан жерімізден шалт бұрылып, көшімізді капитализмге, яғни Бальзактың аулына баратын жаяу жолға түскенімізге дейінгі қазақ прозасы «құбыла көшкен байтақтың ордасындай» дүр еді ! Қазақы жалпақ тілге салсақ, қазақ прозасы - семіздігі сере қазыдай, дәмі тіліңді үйіретін ұлттық әдебиетіміздің қоң еті еді..
Әңгімеміздің сабағында, тілдің ұшында Бальзак тұрғанымен, шыны керек, көңіл мен көкейдегіміз – төл ұлттық әдебиет, қазақтың көркемсөзі! Ендеше, төтесінен айтайық– бес биенің сабасындай балпаң-балпаң басқан Бальзак жазғанды біздің балпаңдар жаза алды ма? Жаза алмаса неге, жаза алмай жүр?
Бальзак әдебиетінде бетбұрыс жасап, түреннен жол салды, біз сала алмадық, неге?
Бальзак тудырған әдеби құбылысты біздің эпиктеріміз тудырды ма?
Бальзактың біздің қазақтан, қазақ жазушысынан несі артық? - дейсің кей сәтте, пенделікке салынып. Дарыны мен қарымы (қарыны десеңіз де)жағынан қай қазақ кем еді?! Ол көрген құқайды, ол көрген шығармашылық мехнатты қазақ көрмеді ме?.
Бальзак «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүрді дейсіз бе?. Керісінше, Бальзак ысқырып тұрған әбжыландар заманында, дүрбелеңдер мен дүрдеараздар дендеген, дүмпулер мен күнкілдер, жаңару мен жанығу кезеңінде өмір сүрген. 1789 жылы. Француз төңкерісі қара халықтың жігерін құм қылған алып Бурбондар әулетін, абсолюттік монархияны тақтан құлатты. 1792 жылы Францияның республика болып жарияланды. Бальзак шыр етіп дүниеге келген жылы Напалеон Бонопарт Франция билігінің ұшар басына шыққан.(Бас консул) «Семсермен ойыңа келгеннің бәрін істеуге болады, тек оған отыруға болмайды» деген император төрткіл дүниені бағындырып, билеп төстегісі келді.Бірақ арманына түбегейлі жете алмады.
Реставрация кезеңінде Бурбондар қайта билікке келді, сөз бен дін бостандығын мойындады, бірақ билік халыққа емес, буржуазияға сатылды, қызығын солар көрді. Қоғам ішкі жігінен бордай тозды. Ақыры Шілде төңкерісі бұрқ етті, желді күнгі өрттей лаулай жөнелді. Қан төгілген қырғынның ақыр аяғы банкирлер мен қаржыгерлердің билік басына қонжиғанымен тәмамдалды. В.Гюго Шілде төңкерісі Франция әдебиетін бұрын-соңды болмаған жаңа сатыға көтергенін жазды . Жазушылар өз шығармаларымен қоғамды жіліктеп талдады. Романдағы каторжник Вотреннің Воке ханымға : «Денесі қарайып, шірік кеулеген қоғамның мүшелері сіздердің пиғылдарыңызға түскен таңбадан менің иығымдағы таңба онша сорақы емес» дейтінін сондықтан. Бізше айтсақ, ханын да, қарашасын да іреп, іріңін ашып берді. Көркем тіл қобызының қияғын аяусыз бебеулетті. Бальзактың шығармашылығы шиыршық атты. Романдары бірінен соң бірі туып жатты. Ал бізге келейік..
«Мың өліп, мың тірілген» көнені, өткенімізді жаздық, жазып та жатырмыз. Түгендеп жатырмыз, әл-әзір көнтақа тарихты қаузаудың сүрлеу соқпақтарының екі ортасында есеміз кеткен, есіміз кеткені соншалықты, шаңын бұрқыраттық. Жазуымыз тыңнан емес, кешегі машық, кешегі қалып, кешегі сүрлеу. Жаңа заман, жаңа талап қаперде болғанымен, оған бас ауыртарға уақыт жоқ. (бұл өзі басқа бір мақаланың тақырыбы)
Ал кешегі сексен алтыдан басталған тарихи ұлы құбылыс ше? Бір ғасырдың жетпіс жылынан асып барып, алып динозавр мемлекеттің беломыртқасы үзілді. Кеңестік жүйенің жүйкесі тозып -ақ тұр екен, күйреп түсті. Оның бір пұшпағы Қазақ елі аңырап қалды. Қан төгілді, қуғын –сүргінмен, есеңгіреп барып есін жиды. Қазақ топырағының кесепат дерті – Семей полигонынының үні өшті. Тәуелсіздіктің көк туын тікті. Қым- қуыт реформалар, санада сан - сапалақ өзгерістер, адамдардың тағдыр -талайы тәлкекке ұшырады, сана- сезіміне сан қырлы сәуле, тосын құбылыстар пайда болды. Мемлекет ұстараның жүзіндей, мың сайтан, жүз пәлекет дағдарыстың қыспағында қалды. Осының бәрі де Бальзак заманындағы тарихи өзгерістерден түбірі, тұрпаты бөлек болғанымен, екі ғасырдың тоқайласқандағы тарих керуенінің осы бір кезеңінің бүтіндей ішкі- сыртқы драмасы, қоя- қатпары кәсіпқой жазушыларымыздың жазбасқа амалын қалдырмайтындай-ақ құбылыс. Ендеше, қазақ қаламгерлері не тындырды?
Осы жерде мына бір тарихи жағдаят үндестігіне қарайық. Бальзак және оның замандастары өз дәуірін айрықша ден қойып, батыл жазды, батырып жазды. Қазып жазды, қатпар- қатпарын ақтара, жазып, жазды дедік.. Сол кезде оған билік бәрекелді деп, алақанына салып, арқасынан қаққан жоқ. Француз жазушылары биліктің, ондағы шонжар - шоқпарлылардың қас- қабағына қарамады дей де алмайсыз. Басқасын айтпағанда осы «Горио атайының» таралуын сан қыспаққа, қылбұрауға салып та көрді. Сыншылары Горионың король Лирге ұқсайтыны, үлгісі шамалы шал деп түйреді. Көргенде қоғадай жапырылатын Александр Дюма, Эжен Сю, Леон Гозлан, Жюль Жанен және басқалар Бальзакқа қарсы шықты. Баспагер Ф. Бюлоз және оның жақтастары «Ревю де Пари» жорналында адам сенбес қоқысты Бальзакқа төгіп жатты. Дворян тегін заңсыз иеленді деді..Қарыздарын бүткіл елге жайды. Мінезін күлкі етті. Сол секілді халық ақыны Беранжені де сотқа сүйреді, прозашы Стендальді көзі тірісінде елемей діңкелетті. Мериме мансаптың майлы жілігін ұстағанмен, үкіметі бәрібір жазушылығына бас имеді. Еуропада атағы шулы шыққанмен, Бальзактың да биліктегі отанындастары жазушылық беделін биікке көтермеді.
Бізде де, Желтоқсан қантөгіс –дүрбелеңнен кейін жарасы сыздап, жаңғырығы басылмаған жылдардан – ақ Бекежан Тілегенов марқұмның “Қара жел”, Тұрысбек Сәукетайдың «Айқараңғы» “Желқайық”, сиясы кепеген «Қилы тағдыры», Қуандық Түменбайдың «Бекеттегі бейкүнәлар» «Сотталған домбыра», және басқа да авторлардың туындылары жарық көрді. Бірақ, бұлардың да кезінде бағы жанбады. Экономикалық- әлеуметтік дағдарыстан қалың бұхара нілдей бұзылып, жетпіс жылдағы әдебінен амалсыз безініп, кітапқа қарауға шамасы келмей, жансақтауға түскен кезде жазылды. Оқушылар аз, оқығандар, әріптестері, әдебиетші зиялылар үндемеді, үргелектеді. Бергі жиырма тоғыз жылдағы әлеуметтік– тарихи құбылыстардың тереңіне бойлауға құлық болмады. Қазақтың қара сөзін қайнатып қаймағын сүзген ақ сақа, емен бел эпиктеріміздің үні шықпай омалып қалды. Тіпті кейін кейбір таланттарымыздың бейопа қу дүниенің артына үңіліп, жанат ішік жаба ма деп «топтағы бай, таптағы бидің» қабағына, арбаушы биліктің кісесіне телміргенін, дарабоз деп жүргендеріміздің өңешінен атан жілік жылп етер обыр олигартардың алдында жәутеңдегенін ел көрді. Әдеби сын болса сол кезде - ақ банкротқа ұшыраған.. Соның салдарынан аты аталған туындыларға ешкім мән бермеді, тарқата талданбады, жақсы- жаман деп те байыппен айтылмады. Үнсіз үкімі кесіліп, жазаланған күй кешті. Туынды тұрмақ, тұтас ұлт әдебиетін қоғам қажетсінбеді, қазір де селқос. Бұл жерде екі ғасырдың пейіл – пиғылы, құлқы екі бөлек, қоғам дамуының ұшқырлығын айтып әңгімені тым тереңдетіп жіберіп, ақтап алуға болар еді. Бірақ айтпағымыз ол емес.
Ал енді одан бері де отыз жылға тақап қалды, алмағайып кезең хақында көркем шығарма неге тумайды ? -деген сауалды шаншудай қадалса да жыл сайын тәуелсіздік мерекесі тұсында БАҚ өнер адамдарына жалықпай қойып -ақ келеді. Оған «Сол тұста алаңда болған, бәрін көзбен көрген азаматтар жазуы керек.» – (Смағұл Елубай), «Желтоқсанның шындығын толық ашып суреттейтін көркем шығарма, жеке кітап жоқ. Желтоқсан оқиғасына қатысып, оны көзімен көргендердің орнына әлі күнге дейін сол тұста алаңда болмаған, есесіне, кейіннен мемлекеттік сыйлықтар алған жазушылар Желтоқсан туралы айтып жатады» (Аманғазы Кәріпжан). «Өнер мен әдебиетте Желтоқсан тақырыбының кең көлемде қаузалуына бүгінгі билік мүдделі емес» (Исраил Сапарбай), «Оны сараптауға мұрсат та, рұқсат та бермейді. Сондықтан да, жабулы қазан жабулы күйінде тұр. Өйткені, желтоқсанның жендеттері әлі күнге тірі жүр, әлі күнге биік орындарды отыр. Олар бұл тақырыптың шынайы түрде үлкен экранға, үлкен сахнаға шығуына, үлкен шығармаға айналуына өліп бара жатса да рұқсат етпейді. Кедергі жасайды» (Болат Атабаев). Марқұм Ә. Сығай болса «Желтоқсан , Тәуелсіздік туралы жазылатын шығармалар әлі алда. Бүгін туған дүниені, ертең жаза салу қиындау. Ол өзі жүректе жазылады, одан әбден пісіп жетіледі, суреткер өзінің даярлығына кіріседі, жан дүниесі арқылы өткізеді, сөйтіп барып көркем шығарма дүниеге келеді» десе, керісінше, қария тарлан прозашы Оразбек Сәрсенбаев әдебиет тарихында өз заманыңның шежіресін дер кезінде жасау құнды. «Маған ыңғайлы, керегірегі, маңыздырағы - осы заман тақырыбы» -дейді.. Бақсақ, әрқайссыныкі өзінше жөн-жосықты. Сонда..
Мынаны қараңыз, заманы дүмпулер мер дүрлігулерден көз ашпай жатса да француз жазушылары қаламынан безбепті. Арада небәрі он онбес жыл өтер - өтпестен француздардың аты аталған жазушылары өз елі ғана емес, бүткіл еуропаның әдеби сахнасына дүркіреп шықты! Француз романдары бүкіл еуропа әдебиетіне индикатор болды. Сол сияқты қазақтың өткен ғасырлардағы ақын - жыраулары зар заманның сұмпайылығын, « құдасы жоқ құл , қонысы жоқ бай сайран салған, « байдың тілін жарлы , ханның тілі қара алмаған » ұрлық, өсек, күншілдік, алауыздық, аярлық дендегенін аймандай етті емес пе?! Ашынды, тайсалмай ақиқатын айтты. Соның бәрі де қай дәуірде болсын, шырғалаң да шырғалаң, рухани дағдарыстың кезінде туған!
Дағдарыс - шығармашылықтың қайнар көзі. Төрткіл дүниедегі көркем ойдың көрігі осы дағдарыс .Экономикалық құлдырау - рухани құлбұрау. Хас шебердің ой- қиялы, сана -сезімі саяси, мемлекеттің құлқына тәуелді болғаны - шерменделігі, дәрменсіздігі. Сондықтан дағдарысты, тұрмыс тауқыметін көлденең тартып, ұлы әдебиет алдындағы тарихи миссияны орындай алмай жүргендігімізді ақтаудың жөні жоқ дер едік! Керек десеңіз, кеңес дәуірінің «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезеңдері бет- пердесіз ақиқат болмыс –бітімі көркем ой , көркем прозада көрініс тапқан жоқ. Енді жаңа ғасырда да жайбасарлығымызға салынып, уақыттан ұтылсақ, әдеби тоқыраудың көкесі сонда болуы ықтимал. Өткеннің жаңғырығы құлақтан кетпей, соның әсерінен айыға алмай жүрген ұрпақтың өкілі деп теріс айналсаңыз да бәрібір.
Марқұм Әбіш Кекілбаев бірде былай деген: «Мемлекеттік мәдениет саясаты нарық қыспағында қалып, бастарымен қайғы болып кете жаздаған қаламгерімізді жазу үстеліне қайта оралтудың экономикалық амалдарын табу керек. Пушкин айтқандай, бұлбұлдың да жем жейтінін ұмытпаған жөн. Ұлттық әдебиет пен өнерді таратуды, оны насихаттауды ұтымды бизнеске айналдырудың әдістерін табу әдебиетшілер мен артистердің емес, әлеуметтік қоғам орнатып жатқан мемлекет үкіметінің міндеті болуға тиісті. Біздің өз Лапин, өз Третьяков, өз Морозовтарымыз бой көрсетпей жатыр. Егер Бальзак пен Дюмалар шығармаларын қашан жазып біткенше қамап қойып, қолжазбаларын дереу кітап қып әкеп беретін әдеби агенттері мен баспагерлері жоқ мына біздің ортаға тап болса, олардың да не өндіре қоятындары неғайбіл...( «Айқын» 05 .12. 09) Сұңғыла Әбіш көкеміз әдеби ахуалдың жанды тұстарынан дәл түскен. Әйтсе де, осы жерде бір келіспейтініміз: Бальзак пен Дюманы ешкім «қамап қоймаған», олар өздерін -өзі қамаған. Егер бальзактанушылардың біз қарап шыққан, жалпы қалың ел, қара орманға белгілі қыруар басылымдардың басым көпшілігі Бальзактың жазуға деген өлермендігі мұқтаждықтан тумағанын, керісінше, даңққұмарлығынан айдай әлемді аузына қаратқан ғұлама жазушы болсам дегенін айтады. Басқасын былай қойғанда , небәрі жиырма жасында, шкаф сөресінде тұрған жарты метрлік гипстен жасалған Наполеонның статуэткасы, оның семсерінің ұшына ұзындығы екі, ені бір сантиметр бір жапырақ қағазға жазушы өз қолымен бәріміз білетін «Наполеон семсермен бағындыра алмағанды, мен қаламмен бағындырам! » деген жазу қыстырып, Оноре паңыңыз тәкаппарлана қалған қанатты сөзі айғақ. Әйгілі ғұмырнама- жазушы А Моруаның « Прометей немесе Бальзак ғұмыры», әйтпесе, С. Цвейг, Спироның «Маскасыз Бальзак» еңбектеріне көз жүгіртсеңіз жетіп жатыр.
Әдеби агенттер мен баспагерлердің Бальзактың қыр соңына түскен кезеңін де тағы бір бажайлап қарап көріңіз. Бальзак бұрқ етіп таныла, әдеби қауымды аузына қаратқан кезде, француздың капитал қамшысын үйірген қоғамындағы әдебиет бизнесінің өкілдері шын мәнінде бит терісінен биялай тоқитын әдеби агенттер мен баспагерлер еді.Бірақ Бальзак ғұмырнамашылардың сардарлары оларды әдеби сауатты, шынай жүректен шыққан туындыларды тани білетін деп айтпаған. Керсінше, табыс қуған, пысықайдың пысықайлары деп бағалаған.
Рас, айғағы аян, Бальзак өмірінде ақшаға жарымаған, үнемі қарыз, несиемен өмір сүрген адам. Көзі жұмылғанша, көзі жұмылғаннан кейін де жесірі баронесса Эвелина Ганскаяны он жыл бойы қарызын төлеуге мәжбүр еткен бейбақ.
Бальзак тұңғыш рет қолына қалам ұстап, «Кромвельді» өлеңдете жазып, мақтанышы кеудесіне сыймай алып -ұшып келгенде, мынауың түкке тұрмайды деп оқыған отбасындағылар да, таныстары да көл құсындай шулапты. Академик , драма жазушысы Андрие «Автор немен айналысам десе өзі білсін, бірақ әдебиеттен аулақ жүрсін» - деген екен. (А. Моруа) Сонда Оноре жүні жығылмастан тарихи трагедияны тастап, басқа жанрдың жалынан жабысады. Ол сол үшін басын тауға да, тасқа да ұрды. Күміс сатып, саудагер болып та көрді. Түк шықпады. Тіпті түрмеге түсе жаздады. Бірақ мұның бәрі де классик жазушының көркем әдебиетке деген ішкі түйсік- танымының, таза талғам -таразысының түбірі болған емес. Қысқасы - мұқтаждық Бальзакты классик еткен жоқ . Бірі Бальзак қарызға белшесінен батқаннан кейін, енді бірі бай болу үшін жазды дейді. Соны дәлелдемек болып том- том кітап жазғандар жыртып айырылады. Ұлылар өмірінің ұқсастығы мен тағдырластығын бүгінде екінің бірі біледі. Айталық, мысалшы Эзоп отыз жасында қарызынан қабырғасы сөгіліп, одан құтылу үшін өзін құлдыққа сатқан. Бірақ өлмес туындылар жазайын деп сатылмағаны белгілі. Қайталап айтсақ, Бальзакты өз ғасырында француз әдебиетінің Наполені еткен теңдессіз дарыны, шеберлігі, «әдебиет- ардың ісі» жолындағы айнымас адалдығы.
Айнымас адалдығы дегеннен шығады, Стефан Цвейг: «Әдеби шығармашылық Бальзак үшін қажеттілік болған жоқ, Ол оны ешқашан алабөтен бір миссия деп есептеген жоқ» - депті.(ЖЗЛ.1962) Қателеседі! Бальзактың «Гобсек» повесін кез-келген жерден алып ашып көріңіз.Ол өзінің бала кезгі сыныптас досы-Барш де Пеноэн Баронға арнайды да , былай деп жазады :«Вандом колледжінің бұрынғы барлық шәкірттерінің ішінде, тек екеуміз ғана әдебиет жолын таңдадық...Мен осы повесті жазғанда екеуміз міне қайта кездестік, сен неміс философиясы туралы тамаша шығармаларыңмен еңбектеніп жүрсің. Сөйтіп екеуміз де таңдаған жолдан айныған жоқпыз» дегенін неге елемеген? Бальзак таңдаған жолынан айныған жоқ! Бальзак әдебиет жолында басын бәйгеге тікті ! Ол ғажайып қаламгерлік қасиет пен алабөтен шеберліктің, машықтың үлгісін жасап кетті. Егер тоқсан сегіз кітабының бәрі де бізше айтқанда түкке тұрмайтын болса, ХХ ғасырда әлемнің 200 елі өз тіліне аударып, том - томдап кітаптарын миллиондаған тиражбен басып, шығынданбас еді.
Француздардың қазақтардан бір ерекшелігі - олар ұлы ақын- жазушыларын етпен сүйектен жаралған кәдімгі жер үстіндегі өздеріндей өзекті адам баласы деп қарайды. Біз сияқты асқақтатып, алла-тағала айрықша сүйіп жаратқан деп, пұтқа айналдырмайды. Бальзакты да кумир еткен жоқ. Оның пенделік келбетін ашық жазды. Жасырып жаппай, тіпті ішек қырындысына дейін сүзіп шықты.
Ал біз, әлі күнге дейін біржақты: кердең, көсемсіген, шектен шыққан мадақ – мақтану синдромынан құтылар түріміз жоқ. Бұл қатерлі вирус енгізген Кеңес билігі. Жырын жырлаған ақын – жазушылардың басынан құс ұшырмады. Арғыны айтпағанда, пешенесіне коммунистік идеология жазылған Әуезовтен бастап, Мүсірепов, Мұқанов, Майлин, Есенберлин тағы басқа да көптеген сөз дегдарларының өзін мерейжас-мерейтойлары кезінде еске алып, естелік айтып, ғылыми -тәжірибелік конференция деген желеумен мадақтау мәслихаттарынан басқа жарасымды дәстүр орнықпай- ақ қойды. Айталық, қазақ әдебиеті жампоздар легінің туындыларын саясаттың шаң- тозаңынан қағып, таза асылын жаңа ғасырдың жаңа адамына таныттық па? Таныдық, таныттық деп жүрген тірлігіміздің дені кешегі тұқымың құрғыр саяси сананың пайым- қайым көзімен емес еді деп айта аласыз ба?! Тап- таза әдеби тұрғыдан көркемсөз кестесін безбенге салып, сараптап көрдік пе? Ой - идеяларының бітім- білігін, салмағын өлшеп, салыстырып, айшық -тәсілдерін, шағып, шеберлігін немесе сөгітіліп, ала - шала тоқылған тұсын, табиғи құныстығын ашық түрде тәпсірлей алдық па?Алаштың көркем әдеби туындылары хақындағы небір әдеби мақалалар,эсселер, ғылыми- зерттеулер жазылды, жазылып жатыр. Бірақ сіз соның ішінен басқа- басқа, әдеби қауымның есінен кетпестей, әр жерде- ақ айтып жүрген қандай әдеби сынды атар едіңіз? Тым болмаса Белинскийдің сонау өткен ғасырдағы «Гогольге хаты», Гогольдың Белинскийге хаты іспетті қандай дүниені үлгі ете аламыз? Горио сияқты әлемдік әдеби айналымға түскен қай жазушымыздың қандай кейіпкерін таныта алдық? Сонау бір жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасы «Анық Абайды» бастап еді, даукестер бауырын жаздырмай тастады. Ал француздар Бальзакты үкілей, үлпілдете отырып, түгін қалдырмай жібектей де, жүндей де түтті. Жіліктеді, іреді, қызыл қырманға салады. Бірақ одан Бальзак тұлғасы да, туындылары да жасымады. Жазушы да, туындылары да керісінше, зорая түсті, асқақтап кетті!
Соңғы кезде, бізде кемеңгер Әуезовтың «Абай жолында» кеңестік идеологияның салдарынан анық Абай да, анық Құнанбай да романда автордың ішкі түйсігіндегідей көрініс таппағаны айтылуда. Әслі, бұл жақсы нышан. Шындығында, Әуезов Құнанбайды жеріне жеткізіп жазбайын деген жоқ, заманы жаздырмағаны белгілі..Баукең (Момышұлы): «,М. Әуезовтің «Абайы» ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл өте үлкен қате деп білемін..» десе, Мұқтар Мағауин: «М.Әуезов романындағы жағдайлар өз кезінде заман ыңғайымен кеткен мәселе. Құнанбай ескіліктің бейнесі сияқты болды, Абай жаңалықтың жаршысы сияқты болды. Шын мәнінде, тарихи шындыққа қайшы келетіні өз алдына, көркемдік жағынан да Әуезовтің ұтысы деп айтуға болмайды» - деді. Мұндай пікірлерден бәлелік іздеу өресі төмендердің ісі. Мұнан ұлы Әуезов феномені жарқырай түспесе, пәс тартпайтыны анық. Еске түсіп отыр, Байбота Қошым Ноғай («Қазақ әдебиетінде» болу керек) Ә.Нұрпейіовтың сөйлем құраудағы кейбір ағаттықтарын байқап қап жазып еді, оны жүндей түтіп, артынан ит қосып қуа жаздады. Ал Әбдіжәміл атамыз ондай жағдайының бар екенін өзі айтыпты: «Әр мектепте ауысып жүргендіктен сауатым шамалы болды. Әлі күнге дейін жазған сөйлемімнен көп қате жіберемін.»( «Егемен Қазақстан». № 21-23. 2010 ж) Ал қазақта грамматика жағынан небір білімді, саутты жазатын прозаиктер жеткілікті. Бірақ, туындыларының дені Нұрпейісовтың деңгейіне жете алған жоқ. Әдеби танымпаздығымыз бен мәдениетіміздің деңгейі осындайдан - ақ көрініп қалады. Шыны сол, руханиятымыздың өшпес құбылысына айналғандардың толық жампоз тұлғаларын тануға, танытуға селқоспыз, зауқымыз жоқ . Неге?.
Қалың жұртты былай қойғанда, әдебиет пен өнер төңірегіндегі, интеллектуал қауымынан сұрап көріңізші, мысал үшін, Мүсірепов, Мұқанов, Майлин, Есеберлин, Нұрпейісов секілді классиктердің кесек романдарының кесек кейпкерлері бүгінгі өмірдің пәлсафа толғаныстарында неге ауызға түспейді? Басылымдардағы ұлт әдебиеті мен өнері хақында сан алуан жарияланымдарға көз жүгіртіңізші, сүйенген, сүйкенген, дәйек - мәйегін, ақылия сөздерін қараңызшы! «Көрген көргенін, көсеу түрткенін істейді» демекші, шетімізден алдымен аузымызға шетелдің батыс, шығыс әдебиеті мен өнерінің өкілдеріне (кейіпкерлеріне) жармасамыз. Соларды үлгі етеміз, олардың ауызынан шыққан сөздерінің бәрі де дуалы.(Соның ішінде осы материалды жазып отырған мен де бармын) Шынымен ақ, төл әдебиетімізде тілімізге үйіріліп түсер кейіпкерлердің болмағаны қалай? Сонау бір жылдары Бейімбеттің Мырқымбайы, Мүсіреповтың Қарабайы, Әбдіжәмілдің Судырахметі секілді келепандай кейіпкерлер сөздің мысалына алынушы еді. Енді бәрі де ұмтылды, қалам ұшына ілгуден қалды. Неге? Олар шынымен де кешегіден бүгінгіге өте алмады ма?! Әдеби портреттер мен образдар бүгінгінің кәдесіне шынымен - ақ жарамай қалғаны ма? Ойлай келсек, біз әлі өзіміздің жазушыны да, туындыны да танудың өркениетті дәстүрін үйренуге селқоспыз, салғыртпыз. Себебі, мойын жар бермейді емес, пенделік қиянкестіктен мысымыз құрып, жүрегіміз дауламайды. Дауламайтыны, дау-дамайдан азар да безерміз. Ьұл орайда аңқыма ақын Тыныштықбек те ашына жазды. Абайды идолға айналдырмайық деп жанұшырды. Абай ұлы, дана, данышпан, бірақ ет пен сүйктен жаратылғанын неге мойындамаймыз деп зар қақты.
Әдебиеттің оқылмауына, нарық заманының оң жамбасына (жақсы мағынасында)келмей жүргеніне бір есептен ақын- жазушылар, әдебиетшілер кінәлі..Екінің бірінде, «Әдебиет- ардың ісі» деп тілімізді безей бергенше, сол ардың ісін істеп, неге үлгі көрсетпейміз? Ардың жолында жігерлі бірлігіміз жоқ. Ардың жолында аярлыққа, арсыздыққа ұрынамыз. «Қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанды қолы қылмайтын тұрақсыздық,ұйымсыздық, басынан аспайтын өзімшілдік, ездік» (М.Әуезов). Сөйте тұра қара қазандай өкпеміз бар. Алдымен билікке. «Сыйлық бермеді, қаламақыдан қақты, талантты тани алмайды, тұлпарды елемей, мәстекті марапаттайды». Бәрі де жөн. Бірігіп жүрекжардымызды, жанайқайымызды айтайық, жеткізейік десек, басылымдар да, БАҚ та, әлеуметтік желілер де, жеткілікті. Елетудің бағалатудың жолын бірігіп табуымыз керек. Бальзак болса заманында өзі бас болып, қаламақы, авторлық құқық туралы билікке дабыл қақты. Қаламдастары ұйыса кетті.Ақыры дегеніне жетті.
Енді анығы, қалайық- қаламайық, өкінейік- өкінбейік, бүгінгі заманның жиырма бестердегі жаңатолқын оқушысына классиктеріміздің жауһар шығармаларын бұрынғыдай қабылдату қиын. Сол сияқты сол замандағы бойында нафталині аңқыған қызыл саясаттың ақиқат өмірге қисыны келмейтін дайын қалыптағы ой – идеялар, таптаурын тәсілмен жазылған, қан -сөлсіз күйініш- сүйінішке, іс әрекетке, пайым- тұшымға құрылған жасанды кітаптар қызықтырмайды. Қызықтырмайтыны, сендірмейді, арзан, жалаң. Өйткені, бұл ұрпақтың психологиясы өзгеше, талғамы бөлек. Интеллектуальдары көркем әдебиеттен көркем дүниені, адам жанынның беймәлім, тосын жұмбақ құбылыстарын, құндылықтарын іздейді. Егер бүгінгі замандастарымыз кеңес заманындағы ақын - жазушыларымыздың бірқатарына ықыласы ауып, жүгініп жатса - яғни олар күл қойнынан шоқты тапқаны, қоқыстан алтынды көргені. Асылдың азбайтыны, шоқтың маздайтыны белгілі. Қазіргі жастан да, жасамыстан да ананы неге оқымайсың, мынаны неге оқымайсың деудің өзі күлкілі, баланың сөзі. Бір ғажабы, алда ғажайып уақыт туып келеді. Шын хас туындылар уақыт жалына жармаса, таласа жарыққа шығады. Жанрлық әртектілік, түр мен мазмұн жағынан тосын бітім - бітісі болуы да ықтимал. Шынайы, саф дүниені танитын, рухани азыққа айналдыратын қауым түзіледі, қалыптасады. Ол кезде бұрынғыдай қалың бұхараның әдебиетті жаппай оқитын, жазушыларды жазбай танитын дәуренді аңсайтындар азаяды. Әдебиеттің орны - мұражай дейтін саруайым сарқылады. Жүрек соғысы тоқтамаған жерде сезім бар, сезім бар да алаулау, лағылдану, сұлу сөз өнері бар. Рас, беллетристикалық ( бұл да француз сөзі) зауықтық (авантюралық, детективтік, ғылыми- фантастикалық және неомифологиялық) ортаңқол туындылар жазыла береді, шыбындай ызыңдай береді. Маргиналдық әдебиеттің дәурен- дуы қай заманға да тән..
Қазіргі компьютерлік, технологиялық дәуірдің екпінінен үрейленбеу керек. Шерағаңшыласақ, бәрінде де бір кем дүние. Ақ қағаз бетіндегі маржан сөздің өзіндік аурасы компьютер мониторында жоқ. Руханият өзі технотектің, бизнестің, ұшқыр заманның ұшарман қызметін пайдаланып, олармен біте қайнасып кетері қазірден де белгілі. Рухани технология шарықтап шегіне жеткенде, қағаздағы өлмес, мәңгілік құндылығы бар көркем әдебиетке оқырман үйіріліп түседі. Классиканы да, классика айналатын бүгінгі шығармаларды да тамсана оқитын кез келеді. Сонда қара да тұрыңыз, көркем әдебиеттің әлі ақ айдарынан жел еседі. Жүреккөзділерді халтурамен, көзбояушылықпен, қулық – сұмдықпен шекпен киген жылтырақ жарқырауықтармен алдап кете алмайсыз. Плагитаттар, «жиеншілдер» өзінен– өзі жоғалады. Ендеше осы бастан, өзімізді өзіміз алдамауымыз керек. Қолдан келгенше, алтын уақытымызды, жанкештілігімізді дүниеқоңыздың соңында емес, көркем әдебиеттің жолында көрсете алсақ, жұмсай алсақ, нұр үстіне нұр. Аңдасаңыз, француз әдебиетінің бірегей шедеврлері феодализм мен капитализм заманда туған.
Иә, тура Бальзактың заманы өтті - кетті, енді қайта айналып келмейді дерсіз.. Оны үлгі ету ерсі. Қазір заман басқа, заң басқа,талғам басқа,талап басқа дегіміз - ақ келеді. Сөйте тұра..
Бальзактың қайраткерлік, жанкештілік, құштарлық аурасына бейжай қарай алмайсың. Бақсақ, ол қазақта да бар! Оның пендешілігінен қазақ та қалыспайды.Оның көкірегі, ой - санасы сезгенді қазақ та сезді. Кеңес заманында қазақ Бальзак туындыларын оқығанымен, оған ертегідей сеніңкіремеді , өйткені, олардың өмір салтын, заманасын көрген жоқ. А.Вюрмсер Бальзактың дәуірнама ағзасында қан емес ақша бүлкілдеп жатыр деуі дөп қойылған диагноз.
Кеңес билігі кеңес адамдарын шетелге жіберсе де, іріктеп,сүзігіден өткізіп жіберетін. «Бизнес» деген сөздің өзі жиіркеніш тудыратын. Қазір бұл сөз мақтаныш. Енді оқысаңыз, Бальзакты желпіл желіске салған, арқасы жауыр болғанша дамылдатпаған заман, бізге жылмия жалтылдап алшаң басып келе жатыр. Технологиялық капитализм.Жеке меншік. Ақша. Баю. Осының бәріне ессіз құштарлық дәуірі бізде де басталып кетті. Тағы да бір ойланып көрейікші...
Бальзак неге күйзелді?
Бүгінде қазақ қоғамы идеялық тұғырын тәуелсіздік деген ұғыммен шегендеуде. Билік тарапынан айтылып жатқандардың дені ұлттық мүддені көздейтіні анық. Десек те осы тұрғыдан келгенде ақиқат өмірімізде қайшылықтар көп. Мысалы, елдегі дүниетапқыш пысықайлар көбісі балаларын шетелде оқытып, бизнес, банк, билік құрылымдарына қызметке тұрғызуға ұмтылады. Олар бәрін де түсініп - біліп отыр: бұл қоғамда шығармашылықпен айналысып, кітап жазып, ұшпаққа шықпайсың. Тіпті ашығына көшкенде, ақымақтық. Әгараки, жазу- сызуға емешегің үзіліп бара жатса, қолың боста, зеріккендегі ермегің ғана. Магнаттар руханияттың нәрі материалдық байлықтың аурасында деп түсінеді. Сезім атаулы, жүрек лүпілі дүние – тезектен түзіледі. Ал шама –шарқына елең, қылмайтын көңілі көк дөнен қарапайым қазақ оларды зор, өзін қор санағысы келмейді. Бұл пиғыл, мұндай түсінік кеше - бүгін пайда болған емес, түп - тұқияны сонау қадым ғасырларда жатыр.. Сондықтан да кемер белбеуі жалтырап мейманасы тасыған Напалеон дәуірінде, өнер- білімінің шырайы бар кезеңдердің өзінде, сауысқандай бір шоқып, қырық қорынатын Бальзактың әке- шешесі Оноренің заңгерлікті тастап жазушы боламын дегенде шоқ басып алғандай шар ете қалғанына таңданбайсыз. Бәрібір бірбеткей баласы айтқанынан танбағасын әкесі көніп, 120 мың франк ай сайын төлейтін болып, Парижге барып пәтер жалдайды.Сонда да ел білсе ұят болады деп алты қабатты үйдің шатырындағы мансардқа «арамтамақ» ұлын қамаққа ұстайды. Жазушылығын көрсетуге берген мерзімі небәрі екі жыл! Бірақ жазушылық соншалықты сорлы кәсіп деген қоғамдық құлыққа Оноре пысқырмады да. Бозда ойнаған қазақы бозбала емес қой, Бальзак шоқтай ыстық жалынды жүрегімен сұңғыла да сұрқия Париждің мың құбылған тірлік- тынысын жатсынбады. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған қалада Бальзак балықтай жүзуге ұмтылды. Түсінік - түйсігі алапат, қағылез Оноре Француз буржуазиясының қалыптасу үдерісін, Париждың жоғарғы ақсүйектер ортасындағы алаяқтар мен пысықайлардың пайда болуы, тұрмысы, салты, ой -көзқарасы, пәлсапасы бәрі айналып келгенде, бір құдайға - АҚШАҒА тәуелді екенін көзбен көрді, жүрекпен сезді. Адамдардың байлық пен кедейлік тауқыметінен туған билікқұмарлық, жүгенсіздік, қорлаушы- қорланушылардың драмалық көрінісі Бальзакқа ұйқы бермеді. Өзін- өзі жегідей жеді, жұлып жеді. Құдайдың берген күш- қуаты, сана- қасиеттері арқасында танып- білуде бір Франция, бір Еуропаны ол шопақ құрлы көрмеді. Адамның қай сезімі қасиетті, қай сезімі бақ, қай сезімі сор екенін тез аңғарды. Жанына дауа іздеді.. Өз дәуіріндегі эгоизмнің шарпыған от – жалыны мұның да тұла бойын кеуледі. Бірақ, суреткер бес күн жалғандағы адамның, адамзаттың жандалбас тірлігінің мәнін ұғынды. Жанына адамнан дауа таппаған Бальзак мұның жалғыз - ақ емі - жазу деп мойындап, ғұмырын ақ қағазға сарп етті. Жазусыз өмір сүре алмайтын халге жеткенде, күндердің күні артына қайырылып қарады да, жазған- сызғандарынан қоғамның бір дәуір бүткіл бет- бейнесін аңғартуға болатынын білді, бәрінің басын құрап тұтас дәуірнама жазуға біржола құлай берілді. Ақыры сол мақсатына жетті де. Ақша мен алтынға құдірет бітірген адамның өзі.Өзі жасаған құдіретке өзі құл болатыны қалай? Адамдық қасиетінен жұрдай болып, хайуанға, мың құбылған санасыз, топас маймылға айналуы, тағы сол адамның өзіне мысқыл күлкі шақыратыны қызық. Бальзак француз қоғамының бет- пердесін сырып, жамылған көрпесін сыпырып алып, тыр жалаңаш кейпін көріп мырс- мырс күлді. Күлейін деп күлді дедіңіз бе, оны сондай заманы күлдірді!
Құранда Алла тағала: «Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігімен егіншілерді таң қалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Дүние тіршілігі де сол сияқты. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес».Жалған дүние!
Қаламгердің туындыларын ақтарып отырсаңыз, бұл адамзат қоғамының құлқы заманқанша жерден өзгергенімен мәні сол күйінше қала береді екен - ау демеске ләжіңіз қалмайды. Көз жүгіртіңізші: «Заң деген -өрмекшінің торы, мадам. Оған кішкентай шыбындар ілініп өледі де, үлкен шыбындар бұзып өтіп кете береді», «үкіметке депутаттарды сатсам деймін. Оппозицияшыл партияның депутаттарын топ-тобымен министрлер кабинеттеріне сатсам» («Памэла Жиро») «құнсыз бірдеңелерді ала кетіп көріңіз, сізді әділдік сарайының алдына бір сұмпайы етіп алып шығады да, миллион соманы ұрласаңыз салон біткенде айтулы ізгі адам болып шыға келесіз»; « Бір жерде- барын баласының жолына сарп еткен атасына ұялмай- қызармай келіні зіркілдейді.Бір жерде - күйеу баласы қайын енсін қуып шығып жатады.Біздің заманымыздағы қоғамда драмалық қандай оқиға бар деп сұрайтынын қайтерсің» («Горио атай») «Бүкіл бой -басына қарасаң дәулетті адам тәрізді, ал шындығында бар байлығы жалақысы, болашағы зейнетақысына ғана байланысты еді.» («Жергілікті дәрігер») Тере берсек, біздің осы өміріміздің айна- қатесіз көріністері, құлқы Бальзак жазбаларында тұнып жатыр.
Жалпы Бальзактың дүниеге көзқарасы да әр түрлі. Бір – біріне кереғар түсіп жатады. Бұл заңды да. Саясаты сайқалданып, дүние мың құбылып тұратын мәңгілік тірлік. Адам қайтіп тұрлаулы болсын! Бальзактың жазған - сызғанының бәрі саф алтын да, күміс те емес. Оны замандастары, зерттеушілері де айтқан, жазған. Сол замандағы көп туындылар көнтақаға айналғалы қашан. Бірақ бізге құндысы - оның көркем әдебиетті құлай сүюі. Бүгінгі жаңа ғасырдың ұрпағын Бальзак қызықтырмауы да ықтимал. Әсіресе батысқа мұрын шүйіргіш, өзінікін де, өзгенікін де оңайлықпен мойындай қоймайтын біздің қазақ. Біздің қазақ үшін жұмыр жердегі небір асыл дүниені, жаңалық пен жақсылықты әп- сәтте жоққа шығару түкке тұрмайды. Бір ғажабы, тағы да әп - сәтте өзгелердің қаңсығын таңсық қылу, төбесіне көтеріп, елпілдеп еріп кету де түкке тұрмайды. Қит етсе, бөтенді жамандаймыз, түрік ,корей телесериалдарын менсінбей мұқатамыз.Отыз екі тісімізбен тістене естен тандыра сөйлегенімізбен, әлі күнге дейін тым құрығанда бір рет отыз екі сериялы көркем дүние түсірмеппіз.Зардаптың үлкені– бұл әдетіміз жастарға да жұғып, оларда қазір өзгені де, өзін де менсінбейтін кеуде пайда болды.Тиянақ жоқ. Сол баяғы «..ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп күлуші едім» -деп ашынатын Абай атамыз ұлттық мінез –дағдымыздың кодын көзге шұқып көрсетіп - ақ кетіп еді.Кесірлі – кесапатын сылып тастай алмай жүрген өзіміз. Хакімге не дерсіз, ұлт алдындағы ұлы миссиясын орындап, өзі темірқазықтай жарқырап, кемеңгер абызға айналып кетті!
Бальзактың мінез - құлқы мен жүріс тұрысында қазаққа ұқсап кететін сәттері көп. Сонау бағзыда галлдарға қамшы үйірген ғұн бабаларымыздың еуропа өртеңіне көміліп қалған ұрығынан өнген өркендерің бір сабағы емес пе екен деп те езу тартасыз. Атақұмар, баққұмар, мақтанпаз, паң, пысықай - осының бәрі де бір Бальзактың бойынан табылады. Жақ пен тілдің қышуын әбден қандырған ғұмырнамашыларды оқи берсеңіз, кейде Бальзактың құдай сүйер қылығы да қалмаған секілді көрінетіні бар.
1833 жылы қыркүйек айында ол былай деп жазыпты: «Мен Еуропаның рухани өмірінің әміршісі боламын! Енді екі жыл шыдам мен еңбек – менің қолымды байлап матағысы келгендерді, менің шарықтауыма кедергі жасағысы барларды түгел таптап өтем. Мен қыр соңымнан қалмағанды, әділетсіздікті көрдім, менің еркім енді мыстан да қатты» (С.Цвейг) «Наполеон семсермен бағындыра алмағанды, мен қаламмен бағындырам!». Бұл не ,мардымсу, мақтангерлік пе, жоқ әлде өзіне –өзі сенген көрегендігі ме? Атақ –даңқты жатырқайтын пенде жоқ. Бірақ француздардың желөкпелігі өзінше өзгеше! Ертеректе ақындары үй жалдап, жырларын тыңдайтын адамдар жинап, өзін мадақтай білетіндердің басын қосып кешкі асқа шақыратын дәстүр болыпты. Еуропадағы әдеби салондардың ізашары осылай басталса керек. Ал Вольтер жазушы, елші, саясаткерлерді, басқа елдердің монархтары мен ақсүйектерін тиімді пайдалана білген. Бальзак та, Стендаль да Наполеонның қанды соғыстарын сынап – мінегенімен, императорды кеудесін кере мақтаныш тұтқан. Айта берсек, француздар тоғыз қырлы, тоқсан сырлы. Қаншылдығы ежелден әмбеге аян. Әйгілі математик, философ Декарте Швецияда жүргенде суық тиіп өлер халге жеткенде, жергілікті дәрігер одан қан алу керек дейді. Сонда ол бар жан - дәрменімен «Француз қанын төкпейсіңдер!»-деп айқай салыпты. Осы сияқты жазбаларды оқып отырғанда, бір байқайтыныңыз, әйтеуір, бұл француздарға бәрі де жарасып-ақ тұрады! Бальзак та солардың бірі! Әйтпесе , оның да әдебиетке келуінің алабөтендігі шамалы. Ол да бастапқыда өзіне дейінгіден үйренді, еліктеді. Рабледен бастап Шекспир, Скоттқа дейін, француз романтиктері мен реалистерін оқыды, тұшынды, қалам түзеді. Көркем әрі ғылыми ойдың әр алуан тәжірибесіне қанып, терең үйлесімдерінен сыр түйді. Ол пір тұтқандардың бірі -Мольер. Бальзак «Мольер» атты мақаласында былай деп жазады: «Бір күні король Людовик ХIV Расиннен сұрапты: «Ұлы жазушылардың арасынан менің патшалығымның даңқын асырған бірінші кім?» деп сұрапты.
-Мольер,- деп жауап беріпті, Расин.
Бұл жауаптың әділдігін екі ғасыр дәлелдеді.Бұған ең алыстағы ұрпақтармыз да келісетін шығар. Шынтуайтында, егер адамдарды толық түзей алу мүмкін болса,егер адамдарды өздерінің күлкілі кемшіліктері мен надандық мінез қылықтарынан ұялтуға мәжбүр етсе, бұл ұлы заң шығарушы қандай кемелді қоғам құрған болар еді. Ол өз ұлтының салтынан бүлдіруді, жаргондарды, екіұштылықты, кейде ессіз, кейде көбінесе қатігез – қызғаншақтықты; қарттардың ұятсыз махаббатын, адамды жеккөрушілікті, тәлпіштікті, ғайбат өсекті, әсемпаздықты , теңсіз некені, сірескен сараңдықты, ұсақ-түйекті, сатқындықты, соттардың азғындығын, адамдардың орынсыз ісіп- кептіріп қыздыратын даңғойлықты, дәрігерлердің надан эмпиризмі мен арамза пірадарлардың алдамшы айлаларын аластатар еді. Қысқаша айтқанда, Мольер өзінің қызықты да әралуан табиғи қалпынан танбай - ақ күрескен кесепаттар бейнесі осындай еді». Жалпы, деген екен дейтін қысқа әңгімелердің бірінде: « Француз парламенті Вольтердің «Философиялық хаттар» еңбегін қиянпұрыс туындыны, өртелсін деп қаулы шығарса керек. Сонда Вольтер: «Тіпті жақсы. Менің кітаптарым талшын тәрізді: оларды көп қуырған сайын тіл үйіріп, тәбетіңді арттырады, соғұрлым көп сататын болады» - депті.. Бальзак реализмінің де көктен түспегендігі , осындай отандас һәм жаһан ойшылдарының әсері болғаны ақиқат. Егер, Бальзактың «Адам комедиясы» дәуірнамасының өзі жазған алғысөзін оқысаңыз, қызыл сөзді судай сапырған жазарман емес, оқыған- тоқығаны көп, әдебиеттің қоғамдық - тарихи миссиясын саралай білген, баға берген сұңғыла екендігіне тәнті боласыз. Бальзак үшін қоғамдағы кез - келген «шөп те, шөңге де» кейіпкер. Әрқайсының өзінше бітімі бар. Алаяқ та, аңқылдақ та айлакер де, албасты да сұмпайылығымен тартымды. Сұмпайыны жылыұшырату біздің қазақ оқырманы үшін оңай емес. Ол көбінесе сұмның сұм екенін көрсетеді, бірақ балағаттамайды.Бальзак әдебиет хақындағы мақаласында: «Қазіргі уақытқа қарсы тұрған авторлардікі көбінесе дұрыс.Қоғам бізден тамаша туындыларды талап етеді. Ал оған үлгіні қайдан табамыз? Сіздердің ұсқынсыз киімдеріңіз, сіздердің сәтсіз төңкерістеріңіз, мылжың буржуа, өлі дін, жүнжіген билік, қаңғырып қалған корольдер, осының бәрі шынымен ақ шабыт туғыза ма, тіпті осыларды бейнелеу керек пе өзі? Қазір біз тек қана тәлкек етіп, қорлай аламыз. Әжуа- міне, өліп бара жатқан қоғамның әдебиеті.» Осы ниеттен айнымастан Бальзак өз дәуірнамасымен қоғамының дертін соқырына көрсетті, кереңіңе естіртті. «Адам комедиясы» — Францияның төңкерістен кейінгі тарихы» деп жазады зерттеушілер. Бальзак рухани сейсмолог еді. Ол француз буржуазиясының кесепатының немен тынатынын дәл болжады.Әсіресе қаржы буржуазиясының кесепатты эгоизмі шыңына жетіп, руханиятты аяқасты етіп таптап жатты.
Телеарналарына берген сұхбатында Елбасы Н.Назарбаев та Бальзактың шедеврлерін қайта оқып шыққанын айтып, тіпті «Шегірен былғарыны» оқып жүргенде елімізде казиноны жабу туралы шешімнің тұспа- тұс келегенін мысал еткен. «Тіпті сол кездің өзінде құмарпаздықтың неге душар ететіні айқын бейнеленген» деп еді. Бальзак «Адам комедиясымен» француздардың азуын мәусекпен шұқып тазартқандай болды.
Жаңалықты жатырқау ықылымнан келе жатқан табиғи құбылыс. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында дәстүрлі прозаға қарсы шығып, француз әдебиетіне жаңа бағыт әкелген Ален Роб-Грийе, Симон, Саррот, Беккет, Дюрастар Бальзактан бас тартқаны да белгілі. Сол кезде сыншылар оларға неге Бальзакша жазбайсыңдар деп өре түрегелді. Олар болса әлем өзгерді, әдебиет те өзгереді. Заман да жаңарып жаңғыра береді.Оны түсінбейтін не бар деп уәж айтты! Бірақ келе-келе бұл толқын да жаңа ғасырдың басында бәрінен түңілді. Олар әдепкіде әдебиет қоғамды ұйытады, қоғам рухани зәруін әдебиеттен іздеп табады десе, ендігі әдебиеттің басынан бағы мәңгіге тайды, қалың тобырға мойын ұсынуға мәжбүрміз деп күйінді.
Төл әдебиетіміз еуропалық немесе жаһандық көркем әдебиеттерінің түрлі бағыттары мен ағымдарын, құбылыс құбылнамаларын бастан кешен емес. Еміс– еміс жаңғырықтарын ғана сезді. Кешегі ғасырдың соңғы ширегінде Оралхан Бөкей, Роллан Сейсенбаев та жастар арасында тың серпін туғызғаны есімізде.Оралхан қазақ жанын жаңарған романтизмге бөлесе, Роллан прагматикалық прозасымен тәнті еткен. Соңғы кезеңде Несіпбек Дәутай, Тұрысбек Сәукетай, Қуаныш Жиенбай, Қуандық Түменбай, Жолтай Әлмашұлы, Асқар Алтай, Нұрлан Қами тағы басқа рухани- көркемдік деңгейі осал емес прозашылардың ішкі шығармалық түйсігінде өзіндік танымы байқалады. Әдебиет тірі ағза, сол себепті де оған өрлеу де, тоқырау да тән. Классикалық, шедевр туындылар ежелден бері қиянаттың бесігі, ақша заманында туғанын еске алдық. Әйтсе де тотықпайтын көркем ой, өлмес көркемсөзге қоғамдық формациялардың үстемдігі жүрмейді.Үстемдік тек уақыттың ғана еншісінде. Өйткені, Уақыт – асықтың да, жасықтың да соты .
Біздің өмір сүріп отырған ғасырымыз – адамзат қоғамының ұшқыр дамып, ақыл –ойы, сана –түйсігі кемер– кемеліне келген ғасыр. Жұмыр жердің үсті мен астына үңіліп шарқ ұрды. Көкке, сансыз жұлдыздарға да ұмтылды, айға да табаны тиді. Ғаламшардағы тіршілік тынысын алақанның аясындай монитордан көріп- біліп отыр. Сөйте тұра ізгіліктің, парасаттың ұшар басына шығудың орнына, зұлымдық пен залымдықтың небір құлақ естіп, көз көрмеген сұмдығын жасайтыны несі? Осы заманымыздағы ашкөздік, жыртқыштық іс– әрекеттің түп– тамырында балта өтпейтіні неліктен? Өркенитеттің жеткізген ұшпағы осы ма? Сан қилы сауалдар сан тұстан анталаған заман. Бүгінгі саясаткерлер мен футурологтар төрткіл дүниедегі елдердің ашқарақ эгоизмі бірлік пен бейбітшілікті ұстап тұруға қабілетсіз, әуелеті таусылып бара жатыр деп үрейлі. Әсіресе, эконмикалық, күш- қуат және технологиялық қарым - қатынас дәуірлеп, рухани байланыс әлсіреп, бетімен кеткеніне көңіл алаң. Адамның құдай дарытқан табиғи рухы, жаны азғын. Ізгілік сезімі, адамның адамды сүю, бір - біріне сену сезімі шынайы қалпын , қадыр- қасиетін дағдарыстан, жоғалудан қалай аман сақтап қалуға болады?
Адам - мәңгі жұмбақ. Ол жұмбақтың коды – сана - сезімінде. Алла -тағала солай жаратқан. Сол жұмбақты шешу жолында адам баласы хайуани зұлмат тірліктен тайынар- тайсалар емес. Ал ол жұмбақ шешіле қоя ма екен? Өйткені, ол жаратқанның ісі емес пе?
Бальзак адам қасиетінің құпия кілтін табуға жанталасты.Ол оны ақиқат өмірдегідей ақша мен байлық тезіне салып сынға салды. Нәтижесі өзі тұшынғандай болып шықты. «Горио атайдағы» шектен шыққан әке махаббаты ақыры Гориосын жалмап тынды. Адамның асыл қасиеттерін қорлап - таптағанда Бальзак «ұлы азапшегуші христиандай» күйге түсетінін жазды.Әсіресе, бай мен кедейдің, мырза мен малайдың сорпасы ешқашан қосылған емес, қосылмақ емес деген ықылым заманнан келе жатқан ұғымға мойын ұсынғанымен, Бальзак қатігез қоғамның арсыздығын, зұлымдығын әшкерлеуде қан сорпасы, ебіл - дебілі шықты! Белгілеген жүз қырық романнан үлгергені тоқсан екен. Адамзаттың өзін- өзі күйретуші эгоизмінің бая – шаясын түгелдей көрсете алмадым- ау деп Бальзак шынымен- ақ өкіне егіліпті! Ғұмырнамашылар дені осылай дейді..
Қазақ рухы - қазақ қоғамының үзілмеген тіні. Даласындай кең де ақжұпар қазақ жаны бүгінде жанталас, шерменде халде. Ардаемген арман, айқаракөз махаббатқа, нұрлы иман, ізгілікке кіндігінен байланған қазақ идеалы қол бұлғап алыстап бұлдырап қалды. Есесіне бұлшық еттері бұлтылдап, ақмаңдайлы, ақша жүзді, қимылы шалт - шұрт, мұрты енді тебіндеген бозбаладай қазақ капитализмі - үр жаңа қожайынымыз бар. Енді елдегі экономикалық серпіліс, индустриялық – инновациялық ұмтылысқа, мемлекетіміздің бай болсақ, адамы да бағлан болар еді деген үкілеген үмітіне сенгіміз келеді.Техногендік жаңғырудың иманды сипаты болса.. Ақ адал еңбекпен тапқан ақша мен байлықтың жағымды имиджі, сүйкімді де ізгі мазмұны тұтастай қоғамның жүрегін жаулап алатын заман туса деген бір тәтті арман да жоқ емес.Әйтсе де қазақ идеалына деген қимастықтан бойды бір мұң, біртүрлі боркемік сезім меңдегендей. (Жігерсіздік жайлаған жерде жігерлі әдебиет қайтіп туа қойсын.) «Ел бұзылды, байлық қуып, мал жиған, күшігендей өлексеге қонжиған, қорықапай-ақ байлық үшін қу жанның, баласын да буындырар туғанның» – дегенді Махмуд Қашқари со- нау ғасырда, көне, өте көне заманда айтқан екен.. Қазір басқа, қасқа жолдамыз..
«Горио атайда» арман қуып, адам болам деп Парижге келген жаны таза жігіт Раст иньяк астанадағы ақиқат өмірдің дәмін татып, адал әрі әділдікпен мұратына жетпейтінін ұғады. Роман соңында Парижге қарап: «гу- гу еткен араның ұясын обырлана шолған Эжен: «– Енді екеуміздің қайсымыз жеңер екенбіз! –деді,». Расиньяк Горио шалдың түбіне жеткен түлкі заманды тазы болып шалуға бел байлады. Бальзактың әдеби ғұмыры да нақ осындай еді..
...Кім біледі, кешқұрым «Бәйтеректің» ұшар басына көтеріліп, түнгі астанаға қарап тұрған қызталақ Растиньяк - Қазақбайды көріп те жүрген шығарсыз..