ЛУНАРА ХАМИДОЛЛАҚЫЗЫ. БІР САҒЫНЫШ ҚОЛ БҰЛҒАЙДЫ...

*  *  *

Санада сабылар мұң,

Бақ қайдан табыларын,

Біле алмай сенделемін,

Өзіме дем беремін,

Оралға оралатын,

Жаңбырды сағынамын!

 

Аспанның күрсінгенін,

Тамшының гүл сүйгенін,

Сезгенде езілемін,

Сезіммен кезігемін,

Тартады мені еріксіз,

Осылай тылсым демің.

 

Ақ жаңбыр сіркіресін,

Жер-Ана сілкінерсің.

Тұлпардай шыр айналып,

Жанарың тұманданып,

Дүрсілдеп дамыл таппай,

Жүрек сен күрсінесің...

Неге?

 

*  *  *

Хаттарды...

Жауапсыз етпеңіз өтінем, жазыңыз,

Үйлеспей тұр ма бағымыз, бәлки сазымыз...

Жүректің кілтін өлеңге орап қалдырдым

Алыңыз...

 

Болмаса біздің арамыз жақсы болсыншы...

Кей кезде осы бақытқа кеуде толсыншы.

Бір жұмбақ сезім біздерді тербеп, жағаға

Шағала-шаттық қонсыншы...

 

Ақ қар да маған аппақ боп шаттық бермеумен,

Жабыққан жанды жетім жырларым емдеумен...

Қыс өтіп барад, көктемнен қорқам тағы да,

Өтер-ау сізге «кел!..» деумен.

 

Тәртіпті досым... Тәртіпке мені салыңыз,

Аяй ма әлде жаныңыз?

Таңырқап бәлкім қаларсыз ұқпай жырымды,

Егіз емес қой жанымыз.

 

Түсіме кірмей кеттіңіз соңғы күндері,

Осы да мені жүдетіп әбден жүргені.

Алаңдап жүрем, бақ тілеп жүрем әрқашан

Дұғама қосып түндегі.

 

Айтатын сыр көп, жазатын жыр көп, ғашықпын,

Көрсем деп және асықтым.

Адасып қалып жолыға алмаған сәттерде,

Өзіңді ұзақ тосыппын.

 

*  *  *

Өкінте ме, түңілте ме мына өмір?

Сен асқақсың, сен адалсың! Біле біл!

Сенің жанын тазалықтан жаралған,

Бізді айналып кие жүр.

 

Өтер-кетер ауыр күндер өкініш,

Өкінішке бал мен шекер қосып іш.

Адалдықтың кірлетпесең парағын,

Тірі жанға осы күш.

 

Жүрегіңнің емін сұра Алладан,

Ұлық Алла үміт жібін жалғаған.

Ақ пен қара қайшыласқан заманда,

Тану қиын айналаң.

 

Биік арман мекен етсін күн елін,

Түріп сана түнегін.

Жаратқанның мейіріне шомылып,

Кірлемесін жүрегің…

 

*  *  *

Білесің бе, саған алыс елдемін,

Жүз адастым, жүз жыладым... өлмедім.

Арманым да, мақсатым да болмады,

Күткен едім...Келмедің...

 

Көргемін жоқ өзіңдей жан бұл жақтан,

Санам сансыз сансырауда сұрақтан.

Арманымда жүрген жанды мүсіндеп,

Жыр жазамын саған қарап жырақтан,

Айып болмас ұнатқан?!

 

Ұқсағанмен түрі менен киімі,

Сендей емес армандаған биігі.

Олар маған келгенменен сыланып,

Бола алмадым елігі мен киігі.

Сүймеу деген білесің, ең қиыны.

 

Күндер озып бір-бірімен жарысқан,

Түндер көшті жанымменен алысқан.

Жүрегімде естелігі бүлкілдеп,

Бір сағыныш қол бұлғайды алыстан.

 

Білесің бе, саған алыс елдемін...

 

*  *  *

Рухани ашпын мен,

Жүдеу, жадау, қас сүлдем.

Жарқырайтын кезімде,

Шулы ортадан қаштым мен.

 

Өзімнен де қашамын,

Солай түрме жасадым.

Жастығымды құшақтап,

Өксігімді басамын.

 

Шақырады арманым,

Барармын деп алдадым.

Үзілуге шақ қалған,

Үміт жібін жалғадым.

 

Бір тылсым кеп ғайыптан,

Көптен мені сағынтқан,

Қанатына мінгізіп,

Әкетер ме Жайықтан...

 

Болашақтың таңы нұр,

Ару едім жаны – жыр.

Жүрегімен кеңескен,

Лунараның әні бұл...