1982

АШУР ӨЗДЕМИР: ОҚЫРМАН ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕН ЖАСАЛҒАН АУДАРМАЛАРДЫ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚПЕН ҚАБЫЛДАЙДЫ

Ашур мырза, оқырманға жақсы жаңалықты айтпастан бұрын өміріңіз, шығармашылығыңыз жайлы сөз қозғағанымыз жөн болар. 15 жылға жуық Қазақстанда тұрғаныңызды, Түркістан қаласында білім алғаныңызды естіген едік. Осы жайлы айта кетсеңіз...

Мен 1970 жылы Қаратеңіз жағалауындағы Орду облысында дүниеге келдім. Орду – табиғаты өте сұлу жер. «Орду» деген сөз «орда» деген сөз ғой, қыпшақ тілдерінде де бар сөз. Сол жағынан қарағанда да бұл қала Қаратеңіз жағалауындағы атауы нағыз түрікше болған қалалардың бірі. 1986 жылы осы Орду қаласындағы орта мектепті бітірдім. Содан кейін 1990 жылы Коньядағы Сельчук университетінің Әдебиет факультетінің түрік тілі мен әдебиеті бөлімін бітірдім. Бір екі жылдай мектептерде жұмыс жасадым, содан соң 1992 жылы Қазақстанға келдім. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи ат. университетте жұмыс жасай бастадым. 2001 жылға дейін осы жерде түрік тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. 1998 жылы үлкен ғалым Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен Бауыржан Момышұлы шығармашылығы туралы ғылыми жұмыспен магистр атағын алдым. 2014 жылы Айни Гөзүток жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі септік катергориясы» деген диссертациямен ғылым докторы атағын алдым. Қазіргі таңда қазақ жазушыларының шығармаларын түрік тіліне аударып жатырмын. Одан бөлек ғылыми еңбектер, кітаптар, мақалалар жазып жатырмын. Аударған кітаптар бойынша айтатын болсам, ең алғаш Асанбай Асқаровтың «Ұлы Тұранның ұлдары» деген кітап болатын. Одан кейін біраз қазақ мысалдарын түрік тіліне аудардым, ол да кітап болып басылған еді. Содан соң 200-ге жуық қазақ қаламгерлерінің шығармаларын түрік тіліне аудардым. Олардың арасынан ең алғашқысы 2006 жылы кітап боп жарық көрді. Кейін 2014 жылы «Қазақ әдебиетінде әңгіме» деген үлкен кітап шықты. Бұл кітаптың бір ерекшелігі – кітаптың басында «қазақ әдебиетінде әңгіменің пайда болуы, даму кезеңдері, көрнекті әңгіме жазушылары» дегендей зерттеу бөлімі бар. Ол да Түркияда тұңғыш рет шықты деп ойлаймын. Ал 2021 жылы «Қазіргі қазақ әңгімесі» деген атпен тағы бір кітап шықты. Алдыңғы кітапқа 50 қазақ жазушысының 50 әңгімесі топтастырылған болса, бұл екінші кітапқа 30 қазақ қаламгерінің 30 әңгімесі басылды.  Бұлaрдaн бaсқa О. Бөкейдiң "Өз отыңды өшiрме", Ш.Мұртaзaның "Қызыл жебе", Несiпбек Дәутaйұлының "Жол" aтты тaңдaмaлы әңгiмелерiн (2018-шi жылы бaсылғaн), С. Әшiмбaевтың "Сын мaқaлaлaрын", М. Aйтқожa, К. Axметовa және A. Бaқтыгереевaның тaңдaмaлы өлеңдерiн, Aбaйдың "Қaрa сөздерiн", М. Дулaтұлының "Бaқытсыз Жaмaлын", Спандияр Көбейұлының "Қaлың мaл", Т. Жомaртбaйұлының "Қыз көрелiк", С. Торaйғырұлының "Қaмaр сұлу" aтты ромaндaрын, Д. Исaбековтiң "Дермене", "Гaуһaр тaс", "Сүйекшi", "Тiршiлiк", "Өкпек жолaушы", "Бекет", "Бiз соғысты көрген жоқпыз" aтты xикaяттaрын, Ә. Кекiлбaйұлының "Күй" xикaятын, Т. Нұрмaғaнбетовтiң "Мешкей", "Перiштелердiң өлiмi" aтты ромaндaры мен "Тотықұс" aтты xикaятын түрiк тiлiне aудaрдым. Өкінішке орай, бұлардың көбісі кітап боп жарыққа шықпады. Жарыққа шығару үшін қаражат керек болып отыр. Бірнеше ғылыми еңбектерім де бар. Аталған алғaшқы төрт қaзaқ ромaнын Л. Голдмaнның "генетикaлық структурaлизм" әдiсмен зерттеп, "Дaстaннaн ромaнғa" деген атпен 2016 жылы ғылыми еңбегім шықты. Мұнымен қоса, қaзaқ әдебиетi, тiлi мен мәдениетi турaлы отыздaн aсa ғылыми мaқaлa жаздым. 2018 жылы қазақстандық ғалым Баян Керімбековамен бірігіп «Қазіргі қазақ әдебиеті» деген оқулық шығардық. Ол да кітап боп басылды.

Қазақ классиктерінің романдарын осыдан он жыл бұрын аудара бастапсыз. Одан бөлек ған екенсіз. Осы шығармаларды қалай іріктеп алдыңыз? Өзіңіздің талғам таразыңызға жүгінесіз бе?

1992 жылы Қазақстанға келдім дедім ғой. Түркістан нағыз қазақи орта болған соң қазақ тілін тез үйрендім. Бір-екі жылдан соң аударма жасай бастадым. Біріншіден, ол кезде әрине әдебиетті көп білмегеннен кейін қолыма қандай шығарма түссе, соны аударуға тырысатынмын. Екіншіден, «Қамар сұлу», «Қалың мал», «Қыз көрелік», «Бақытсыз Жамал» романдарын бұрыннан білгенмін. Яғни 1990 жылдардың соңына қарай осындай алғаш романдар барын білдім, соларды аударсам деген ойым болды. 2001 жылы  Алматыға ауысқаннан кейін қолыма көп кітап түсті. Мен ол кезде апта сайын Алматыда қолданылған кітаптар сататын дүкендерді аралап қазақша кітаптар жинайтынмын. Әр апта сайын қандай кітап болса соны алатынмын. Қазір менің кітапханамның 80-90 пайызы қазақ тіліндегі кітаптар. Мысалы алты мың кітабым болса соның бес мыңы қазақ тілінде. 2000 жылдан бастап әңгімелерді аудара бастадым. Ол кезде шынын айту керек әңгімелерді іріктейтін менде білім болған жоқ. Қолға қандай әңгіме түссе соны аудардым. Соның арқасында он жылдың ішінде 150-дей әңгімені аударыппын. Бұл үрдіс сондай болды. Айта кететін нәрсе, Ясауи атындағы университетте мен тек магистрлік қана оқыдым, бірақ үйренген нәрсемнің барлығын дерлік сол киелі Түркістан жерінде, сол университеттегі ұстаздарымнан үйрендім десем болады. Мысалы, Рахманқұл Бердібай, Мекемтас Мырзахмет, Құлбек Ергөбек деген үлкен ғалым ағайларымыз болды, солардан көп нәрсе үйрендім. 

 

«Қамар сұлу», «Қалың мал», «Қыз көрелік» романдарын түрік тіліне аударып, оларды өз қаржыңызға жарыққа шығарғаныңыз оқырмандарға үлкен қуаныш сыйлады. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіз...

Жоғары да айтқандай, тек қана «Қамар сұлу», «Қалың мал», «Қыз көрелік» романдарын емес, негізінен «Бақытсыз Жамал» романын да аударғанмын. Одан кейін «Кім жазықты» романын да аудардым. «Бақытсыз Жамал» романын бір баспа шығарамын деп алды, бірақ екі жылдай уақыт өтті. Шығара ма, шығармай ма оны білмеймін. Егерде осы быр жылдың ішінде шығармаса онда өз қаржыма бастыруым керек. Бұл романдарды аудару үлкен еңбек қой. Қай жерге барсаң да, қай баспаға барсаң да басуға келіспей қояды, мен тіпті ақша да сұрамағанмын. Тек мына кітаптар шықсын, оқырманның қолына тисін дегенмін, бірақ ол өкінішке орай  жүзеге асқан жоқ. Сонша еңбек еткеннен кейін еңбегім зая кетпесін деп тиражы аз болса да өз қалтамдағы қаржыммен  шығаруға тура келді. Анкарадағы “Son Çağ” деген жақсы баспамен келістім. Аз данамен болса да өз қаржыма соларды шығардым. Бұдан кейін біреулер көріп «мынау жақсы екен ғой» деп бастыруға көмектессе нұр үстіне нұр болар еді. Кітаптардың басылу хикаясы осындай. Тағы бір айта кететін нәрсе, соңғы шыққан үш романның мұқабасындағы суреттерді қазақтың жас суретші қызы Төленді Исағұл деген қарындасымыз салған. Қарындасымыздың еңбегі өте үлкен.


Қазіргі кезде кітапқа сұранысты қалай бағалар едіңіз? Жарық көрген аудармаларыңызды қайдан алуға болады?

Жалпы өз басым Түркияда кітапқа деген сұраныс азайды деп айта алмаймын. Жақсы баспалар бар, жақсы аудармашылар бар, жақсы жазушылар бар. Сондықтан да кітапқа деген сұраныс азаймайды. Ал екінші жағынан, қазақ әдебиетіне деген сұраныс өте үлкен. Неге десеңіз, оқырман Еуропадан, Латын Америкадан аударылған дүниелерден жалықты. Енді оларға соны дүние керек. Жаңа әдебиет керек. Сол жаңа әдебиет – қазақ әдебиеті. Ал менің аударған әңгімелерім оқырман тарапынан жақсы қабылданды деп айта аламын. Мысалы соңғы шыққан «Қазіргі қазақ әңгімесі» деген кітабым құдай қаласа осы жылдың ішінде бітетін шығар. Одан кейін екінші рет басылады деп ойлаймын. Тек кітапты оқырманға жақсы жеткізу керек. Тілі, аудармасы жақсы болуы керек. Одан кейін  кітап жақсы безендірілуі керек және жақсы жарнамалануы керек. Солар болса оқырман қазақ әдебиетінен келген, қазақ әдебиетінен жасалған аудармаларды қызығушылыпен қабылдайды.

 

Сүйікті ақын-жазушым деп кімдерді атайсыз?

Енді сүйікті ақын-жазушым деп пәлендей адамды айта алмаймын. Бірақ сүйікті шығармалар болады, менің ойымша. Мысалы «Абай жолы», Дулат ағайдың «ГауҺар тас» деген хикаяты сүйікті шығармам. Жалпы Дулат ағайдың барлық шығармаларын сол санатқа жатқызуға болады. Әр жазушының жақсы бір шығармасы, әр ақынның жақсы бір өлеңі болады ғой. Сол шығарма, сол өлең арқылы оны ақын-жазушы деп атау жеткілікті деп ойлаймын. Абай, әрине, қазақтың бас ақыны. Қазақ әдебиетінде менің де бас ақыным. Мен оны тек қана ақын ретінде қабылдамаймын. Ол - хәкім. Ғарифолла ағай айтқандай, ол Хәкім Абай! Сондықтан оны бөлек қою керек. Одан кейін қазақ әдебиетіндегі кез келген жазушы, кез келген  ақынның жақсы шығармалары бар. Әрине классиктердің шығармаларының көбісі жақсы. Оны жұртшылық мойындаған. Ал өлеңде қазақ поэзиясының үш шыңы бар деп ойлаймын. Біріншісі – Абай, екіншісі – Мағжан, үшіншісі – Мұқағали. Бұл үшеуі қазақ поэзиясын өзгерткен, жаңаша бағытқа алып кеткен үлкен  ақындар, соны мойындау керек. Бұл үш ақынды білмей қазақ поэзиясын білу мүмкін емес деп ойлаймын. Жалпы қазіргі өмірдегі ақын-жазушыларға келетін болсақ, шынын айту керек жаңа жаза бастаған, тіпті тәуелсіздіктен кейін жаза бастаған ақындарды онша білмеймін. Бірақ Ақберен Елгезектің, Маралтайдың өлеңдері жақсы сияқты. Мақпал Мысаның өлеңдері жақсы сияқты, Ербол Бейілханның, Ерболат Баяттың өлеңдері ерекше деп ойлаймын. Ал жазушыларға келер болсақ маған Мархабат Байғұттың әңгімелері қатты ұнайды. Одан кейін Несіпбек Дәутайұлының әңгімелері ұнайды. Нағашыбек Қапалбекұлының шығармалары ұнайды. Нұрдәулет Ақыштың реалистік деп аталатын шығармалары ұнайды. Ондай жазушылар көп қой, барлығының атын атай алмаймыз. Жалпы қазақ әдебиеті тәуелсіздіктен кейін де құлдыраған жоқ. Өз арнасында дамып келе жатқан әдебиет деп санау керек.

Түрік әдебиетіне келетін болсақ менің ең сүйікті ақыным Жемал Сүрея деген ақын. Сосын оған Xилми Явузды да қосуға болады. Сезaи Кaрaкоч пен Өздемир Aсaфры да қосуға болады. Ал классик жазушылардың ішінде Рефик Xaлид Кaрaй қатты ұнайды. Одан кейін, aқын деп aйтуғa әбден лaйықты Фузули, Бaки, Нaили, Шейx Ғaлиб, Недим деген ақындар қатты ұнайды. Жүніс Әмренің орны бөлек. Ол енді Анадолыдағы түрік әдебиетінің  шыңы ғой. Оны да мойындау керек. Ромaншы ретінде Огуз Атай деген жазушы маған қатты ұнайды. Одан кейін әңгімеші ретінде Сайт Фaик, әрине. Оның бaрлық шығaрмaлaры қaтты ұнaйды десем, aртық aйтқaн болмaспын. Әлбетте Aзиз Несиннiң жөнi бөлек. Ол бiздiң әдебиетте сaтирaның aсқaр тaуы ғой. Ал оның сыртында жекелеген жазушыларлың жекелеген шығармаларын айтуға болады...

 

Аударма – екі әдебиет, екі дәуір, екі тіл арасындағы диалог деп жатамыз. Қазіргі қазақ тілі мен түрік тілі арасындағы байланысты қалай бағалайсыз? Қалай дегенмен ақпараттар тасқынында екі ел арасындағы рухани байланыстың берік болғаны маңызды ғой...

Иә, дұрыс айтасыз, аударма –  екі әдебиет, екі дәуір, екі тіл арасындағы диалог. Менің ойымша, аударма бір мәдениетті басқа мәдениетке аудару деген сөз. Мен солай бағалаймын. Өйткені екі мәдениетті білмей аударма жасау  мүмкін емес. Соны білмей жасаған аудармаңыз нашар болады. Ол міндетті түрде нашар болады. Одан жақсы дүние шақпайды. Иә, өкінішке орай қазіргі қазақ тілі мен түрік тілі арасындағы байланыс өте күшті деп айта алмаймын. Себебі  кейбір жұмыстарды жекелеген адамдар атқарып жүр, оны бағалау керек. Ал  жүйелі түрде істеліп келе жатқан жұмыстар бар ма, жоқ па  сол жағы күмәнді. Сол өкінішті. Ал Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі сол қарым-қатынасты күшейтеді деген үмітім бар...

Тілдер арасындағы қатынастан гөрі, әдебиеттер мәдениеттер арасындағы қатынас  маңызды ғой. Тілді алсаңыз, тіл өзі жұмыс істемейді. Тіл – әдебиет арқылы жұмыс істейді. Сондықтан, біз тілден гөрі әдебиеттерімізді бір-біріне жақындастыруымыз қажет деп ойлаймын. Әдебиеттер жақындасса, содан кейін тіл де барып жақындасуы мүмкін. Тілдің жақындасуы аса қажетті емес. Тек әдебиетті, әдебиет арқылы мәдениетті жақындастыру керек.

 

Әдебиеттен бөлек қандай қызығушылығыңыз бар?

 «Әдебиеттен бөлек қандай қызығушылығыңыз бар» деген қиын сұрақ екен. Оны мен өзім де ойламаппын. Былайша қарасам менің оқып-тоқудан, жазып-сызудан басқа ермегім жоқ сияқты. Саяхаттағанды жақсы көремін. Өз ауылымды жақсы көремін. Қазір шығыста Ерзұрұм деген қалада тұрамын. Бұл таулы жер. Қаланың өзі 3000 метр биіктікте құрылған. Ал өз ауылым, туып өскен жерім – Орду. Қазақша айтқанда «жер жәннәті» ғой! Сол жақты жақсы көремін. Ауылда жұмыс істеуді жақсы көремін. Одан кейін саяхатты жақсы көремін. Түркияда болсын, шет елдерде болсын қыдыру маған өте  қатты ұнайды. Жаңа мәдениеттерді, жаңа өркениеттерді тану, тарихты білу, жаңа адамдармен сөйлесу деген маған қатты ұнайды. Оның сыртында, әрине, әр адамдай (ол енді ерекше нәрсе емес) жақсы фильмдерді көруді ұнатамын. Театрға барғанды ұнатамын. Бірақ Ерзұрұмда аса жақсы театр жоқ. Болмағанымен театрға жиі баруды ұнатамын. Ғылыми еңбектермен айналысуды жақсы көремін. Жалпы осы. Айтарлықтай ерекше ешнәрсе жоқ. Спорт ретінде жүруді жақсы көремін. Күн сайын  бір сағаттай жүруге тырысамын...

 

Алда тағы қандай жазушыларды аудармақ ойыңыз бар? Жалпы жоспарларыңыз туралы аз-кем айта кетсеңіз...

Алда жоспар көп. Қазақ әдебиетіне, қазақ тіліне байланысты жоспар көп. Қазір қолымда Моңғолиядағы қазақ жазушыларының әңгімелері бар. Соларды аударып біттім деп айтуға болады. Осы аптаның ішінде баспаға жіберемін. 33 жазушыдан 33 әңгіме аудардым.  Ол әңгімелерді жинау кезінде Моңғолия қазақтарынан ақын-жазушылар Ербол Бейілхан, Ерболат Баят, Жанарбек Aқби деген кісілердің маған көмегі болды. Осы қаламгерлерге алғыс айтамын. Бұл біткен жұмыс. Және қолымда Мұхаммед Хайдар Дулати туралы кітап бар. Манзура Кaлиековa деген қазақстандық жас ғалым жазған кітап, соны аударып жатырмын. Құдай қаласа оны да баспаға беремін. Кейінгі жоспарым Моңғолиядағы қазақтардың әңгімелері сияқты Шығыс Түркістандағы қазақ қаламгерлерінің әңгімелерін аударсам деген жоспарым бар. Содан соң қазақстандық жас досым, ғалым Ерден Нұрахметтің Жетісулық ақын-жазушыларды түрік тіліне аударсақ деген жоспары бар, соны қолға алуымыз мүмкін. Сосын қарақалпақ әдебиетінен әңгімелер жинап аударсам деген ниетім бар. Ең бастысы – қолда қордаланып қалған, әлі басылмаған қазақшадан аударылған 50-ден астам әңгіме бар (жоғарыда айтылды!), соларды бастырсам деген ой бар. Ал үш ақын апайымыздың таңдамалы өлеңдерін Қазақстанның Түркиядағы елшілігі бастырамын деген. Ол да шықса нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ мақал-мәтелдерін түрік тіліне аудармақпын. Сөзбе-сөз емес, әр мақалдың түрік тіліндегі баламасын тауып аудармақ ойым бар. Сондай-ақ, қазақшадан түрікшеге жақсы бір сөздік жасау ойда бар. Бірақ ол бір адам жасайтын жұмыс емес, екі адам керек. Сондай адам тапсам соған да кірісемін. Жоспар көп. Құдай тағала  ғұмыр берсе, өле- өлгенше қазақ тіліне, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, қазақ еліне қызмет етуге тырысамын. Бұл менің әрі парызым, әрі қарызым деп айтуға болады.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

 

 Сұхбаттасқан Дәурен Тілеухан