МҰХАММЕД САЛЫҚ. ПОСТКЛАССИКАЛЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ТҮРКІЛІК ӨЛЕҢ

(Ф. Төлтайдың "Қос есікті түстер" атты кітабына жазылған алғы сөз)

 

Мың тоғыз жүз сексен жетінші жылы қазақтың атақты ақыны Олжас Сүлейменовтың Мирпулат Мирзо тәржімасымен өзбек тіліне аударылып басылған “Айналайын” атты кітабына алғы сөз жазған едім. Кітапты өзбектің әдеби ортасы ыстық ықыласпен қабыл алған болатын. Алғы сөзде Олжас Сүлейменовты “Дешті Қыпшақ ақыны” деп атағанмын.

Бүгін екінші мәрте қазақ ақынының кітабына алғы сөз жазу үшін қолыма қалам алып отырмын. Бірінші алғы сөз әлем таныған атақты ақынның өзбек тіліне аударылған кітабына жазылса, бұл жолы әдебиет табалдырығын енді ғана аттап келе жатқан жас қазақ ақынының ана тіліндегі алғашқы жыр жинағы жайлы болмақ. Мұнымен қоса, осы екі алғы сөздің ортасында үлкен бір айырмашылық тағы бар: Олжас Сүлейменов және оның замандастары “Дешті Қыпшақ” даласында бес қаруын сайласа, бүгінгі жас қазақ ақындары “Түркі әлемі” деп аталатын ғажайып жағырапияда қадамдарын нық басу үшін әзірлену үстінде.

Олардағы Түркілік сана біздің заманымызда болмаған асқан көркемділікпен қалыптасып келе жатыр. Бұл біздің “Түркі бірлігі” деп армандаған алып арманымыздың ақиқатқа айналғанының бір көрінісі деп білемін. Ал қазіргі “Түркі әлеміндегі” жас ақындардың жүрегінде лава секілді атқылап жатқан ыстық сезімдер – кешегі алып арманымыздың жемісі. Дәл сондай “Түркі әлемінің” ертеңі үшін қызмет ететін жастардың бірі, өзіндік қолтаңбасы қалыптаса бастаған жас қазақ ақыны - Файзулла Төлтай.

Файзулланың өзім оқыған өлеңдерінің ішінен “Біз кеше кім едік?”, “Бүгін кімбіз?” деген сауалдарға өздігінше жауап іздегенін жиі ұшыраттым. Сол жауапты өз алдына тапқандай болады.

 

“Біз кеше

қырық кездей созылып жауға шапқан кезімізде

басқан жерін ошақтай ойған

жылқы мінезді халық болатынбыз;

күнбатыста көз іліп,

күншығыста оянған жылқы мінезді халық...”

 

Бұл Файзулланың “Абсурдстан” атты өлеңі. Өлеңнің алғашқы жолынан бастап-ақ түркі халықтарының батырлық дастандарына сілтеме жасайды. Тіпті “Батыста көз іліп, Шығыста оянған жылқы мінезді халық едік” деп, кешегі алып түркі жұртының мықтылығын көрсетуге талпынады. Ал бүгінге келгенде:

 

“Біз қазір сол жылқылардың ажалына біткен қара шыбындармыз.

Иә!

Көкірегінде қазанаттар кісінеген қара шыбындар...” –

 

деп түйеді. Яғни бүгінде өз тарихымызға лайық емес екенімізді, “жылқы мінезді” бабаларымыздың “ажалына біткен қара шыбындарына” айналғанымызды баса айтады. Келесі бір “Құстар” атты өлеңінде көктегі құстарды “халық қаһармандарына” теңейді. Себебі “...тек сендер ғана жер бетіндегі барлық диктаторлардың ескерткіштеріне қорықпай бүлдіріп кете алатын халықтың жалғыз жанашырларысыңдар!” дейді ақын.

Файзулланың осы сарындас өлеңдерін оқып отырып, ақиқатты қорықпай айта алатын жастардың өсіп келе жатқанына қуанышты екенімізді жасырмаймыз.

Мұнымен қоса, Файзулланың өлеңдерінде ерекше назар аударатын тағы бір дүние бар. Ол – адам рухының қатпар-қатпар тереңіне бойлауға тырысуы. Бұл үшін Файзулла белгілі-бір стереотиптерге қалыптасқан символдардың құрылымын өз қалауынша еркін құбылтады. Өзі секілді біздің де “қиялымыздың сыртына” шыққанымызды қалайды. “Жер қыртысынан ми қыртысына дейінгі аралықты алып жатқан үлкен бір мазардан” басымызды көтеруімізді сұрайды. Соңында қолымыздан ештеңе келмеген соң, “табыттың ішінде өзімізді тірі деп ойлағанымыз қандай өкінішті” деп мағынасыздықты амалсыз мойындайтын іспетті.

Бірақ жас ақын өзінің өлеңдеріндегі осы сарындас субъективті ойларын оқырман санасына құюдан аулақ. Тіпті бұған талпынбайды да. Себебі Файзулла “қанша оқырман бар болса, сонша мағына бар” деген ұстанымда. Әрине, бұл қаншалықты дұрыс яки бұрыс, ол да оқырманның еншісінде.

Файзулла өзіндік ойлары мен сезімдерін қағазға төгу үшін көбіне өлеңді верлибр түрінде жазған. Соған қарамастан, кіл түркі поэзиясына ортақ классикалық өлең формасын да жетік меңгергені көрініп тұр. Рухани жағынан Файзулланың өлеңдері пошым-формасына қарамай, ХХ ғасырда Түркістан үшін от кешкен Мағжан, Чулпон т.б. сынды жәдітшілдер мұрасына жақын. Дегенмен жас ақынның шығармашылығына қарап отырып, классикалық Түркі әдебиетінен посткласcикалық Түркі әдебиеті дәуіріне өтіп бара жатқанымызды байқауға болатын секілді. Келешекте Файзулла Төлтай және оның замандастары “Түркі әлемі” әдебиетін жаңа белестерге алып шығады деп үміттенемін.

Әдебиет әлемінде жолың ашық болсын, Файзулла Төлтай!

 

Мұхаммед Салық,

Норвегия азаматығын алған Өзбекстанның эмиграциядағы диссидент ақыны,

5 тамыз, 2020 жыл

Стамбул қаласы