МАРАТ ӘБДІРАМАНХАН. ЖАНЫ СҰЛУ БІР АРУ БАР ҒАЛАМДА...

*  *  *

 

Жанарыңнан тамшыдай мұң көрмесем,

бәлкім, бақыт дегеніңіз сол шығар?!

күлкіңменен жан жарамды емдесең ,

бәлкім, бақыт дегеніңіз сол шығар?!

 

Тағдырыма тарту болып арналсаң,

бәлкім, бақыт дегеніңіз сол шығар?!

мынау жұмыр жер бетінде бар болсаң

бәлкім, бақыт дегеніңіз сол шығар?!

 

Қытықтаса құлағымды тәтті үнің

Бәлкім, бақыт дегеніңіз сол шығар?!

сенің сәттік қуанышың, шаттығың

бәлкім, бақыт дегеніңіз сол шығар?!

 

Сары сезіммен тоссаң менің жолымды

бәлкім, бақыт дегеніңіз сол шығар?!

есімімді айтсаң, жайып қолыңды,

бәлкім бақыт дегеніңіз сол шығар?!

 

Мезет сайын бір жарқ етсең санамда

бәлкім, бақыт дегеніңіз сол шығар?!

жаны сұлу бір ару бар ғаламда

бәлкім, бақыт дегеніңіз сол шығар?!

 

САРЫ ӨЛЕҢ

 

Күз .Салады сені еске.

Өксікті тығылған өңешке

жібіту үшін,

Мұң қосып қайнатқан,

Сораптап отырмын қуаныш.

Қанымды баладай ойнатқан

Ішімде жылжиды жылы ағыс.

Қараша суығы

Дәл менің көзі

Аспан да бұл күні жылағыш .

Ойынан оғаштау жаңылған,

Мен емес мейірім сұрағыш!

Елес пе?

Жолдарда жапырақ жамылған

Із... сенікі емес пе?..

 

*  *  *

 

Бүгін:

Жалаңаш ағаштардың тасасынан

Жұлдыздарға қарап тұрып,

ойладым –

Күзде солған жапырақтардың тағдырын.

Сезімдер секілді

Жап-жасыл болған

Олар да кезінде,

Ал, қазір...

Бәрі де өтеді.

Көктем келгенде жапырақ рухы тіріліп,

қайтадан өседі

Жапырақ өлмейді,

Сезімдер сөнбейді,

Сен,

Күт,

Көктем келеді...

Бір күні...

 

*  *  *

 

сұрқия суықтың демін

тәніммен сезінген шақта,

жанымның емін таба алмай,

өзімнен-өзім безінген шақта...

сұр түннің сиқырын

қиялдаған сәтте,

ұмытып ұйқыны,

түкке де тұрмайтын

естеліктерді қия алмаған сәтте,

ауаға тұншығып,

ештеңе ұға алмаған сәтте,

"шынайы" адамдарға

өтірік күлуден ұялмаған сәтте,

тас қала шектеген

шексіздіктен қысылған кезде,

өмірім күтпеген тосын сыйларды

ұсынған кезде,

ластықтан жиіркеніп,

ұшынған кезде,

ең нәзік сезімдерді аяусыз өртеп,

күлін көкке ұшырған кезде...

қараңғы көшелердің жарығынан

адасқан уақытта,

көңілдің сүйрік саусақтары

қайғының пернесіне

жанасқан уақытта,

 Ұм(ы)тылдым,

Белгісіздік(т)ке....

 

*  *  *

 

Кәдімгі өзіміздің түн

Көкте – ай,

Жерде – мен

Мазасыз

Ойлары

Меңдеген

Ауру секілді

Ағаштар

Сенделем

Тас қала көшесі.

Мен келем...

 

Сүйреліп сүлдері мұң барад

Белгісіз бағытқа

Сұп-суық

Жүрегін тырналап

Асыққан бейшара, бақытқа

Жетуге құлшынып

Күлгісі келсе де –

Жылайды

Қарамай уақытқа

Бәлкім бұл ғасырға

Бейнесін бетперде

Артына жасырған

Өз-өзін ішінен жұлмалап

Сүйреліп сүлдері Мұң барад

Тас қала көшесі...

 

***

алыс жақта жылтырайды жылы үміт,

көңіліме демеу болып жарымжан

күрең күдік жүрегіме тығылып

елестерді тірілтеді суынған.

 

сұр түнекке жұтылғандай тылсым күй,

билеп алып босатпайды кеудемді

бәлкім, өмір сүрер ме  екем күрсінбей?!

тастап кетсем, өзім сызған шеңберді.

 

әлем менде, мен әлемде егізбіз,

қиялыммен шарласам да ғарышты

бүгін қ(ғ)алам мылқаудайын неге үнсіз?!

естімейді ішімдегі дауысты.

 

белгісіндей өшпейтұғын мың жылдық,

барсакелмес сапарынан оралған

тұрар әркез түнегімде  жыр бұғып,

түнге сіңіп жоғалған ...

 

сансыз ойлар. соңдарында мың нүкте,

бозғыл жүзін жүдеткендей мұң қарып

ілбіп бара жатыр  белгІ(,)сіздікке

көк аспанға көзіменен жыр жазып...