Мен оны үнемі Микеланджелоның Давидіне ұқсататынмын. Өзі де бесінші аудиторияның тұсындағы Давид мүсінінің жанында тұңғыйық ой үстінде тұратын. Кейде күн ұзақ сол жерде қабырғаға сүйеніп, наброскалар салатын. Ол кейде маған Давидтің өзі секілді елестейтін, әлде ол жұрт менің Давидке қалай қатты ұқсайтынымды көрсін дегендей сол жерде күн ұзақ тапжылмай тұратын ба еді? Әйтеуір университет қабырғасында Арғынды іздеген адамдар оны Давид мүсінінің қасынан жиі ұшырататын.
Арғынмен анау айтқан араластығым жоқ еді, өзі кескіндемеші орыс тобында оқитын, қазақ тіліне де шорқақ. Биыл бесінші курсқа өтті. Дегенмен, ол көп жігіттердің арасынан өзінің сұңғақ бойымен, қыр мұрнымен, бұйра шашымен дараланып тұратын. Өнер тарихындағы ең сұңғыла еркек мүсіні - Давид болса, көркем-сурет факультетінің қыздары үшін Давидтің тірі көшірмесі - Арғын болатын.
Университет қабырғасында өткен Арғынның алғашқы көрмесінен соң, суретші қыздардың әңгімесінің ауаны Арғынның салған портреттеріндегі түрлі бояулар, сол бояуларға жасырынған Арғынның жұмбақ әлемі туралы әжік-күжік әңгімелерге ауысты. Расындада ол бір қарағанда Голливуд актерлеріне ұқсайтын. Кейде сақал-шашын жіберіп, дженсиына түрлі бояулар жұқса да ол қыздарға қатты ұнайтын. Шынтуайтында, қыздарды оның жұмбаққа толы болмысы қызықтыратын. Әйтеуір ағаш мольбертін арқалап, қаланың бір бұрышынан келетін. Қайдан келетіні, қайда өмір сүретіні, ата-анасы бар ма, жоқ па, тіпті оның электронды почтасы қандай, иті, мысығы бар ма ешкім білмейтін. Ол кенеттен пайда болып, кенеттен ғайып болып жүретін. Бірде ол менің портретімді жазбақ болды. Бұл менің өмірімдегі ең айтулы және күтпеген оқиға болды.
–Мені мааа?
–Сенің бейнеңді жазып көрсем деймін, -деді мұртынан күліп. Қапелімде аузыма сөз түспей:
–Менің көзім үлкен емес қой... -дей бергенімде:
–Неге көзің үлкен емес? -деп өзіме қарсы сұрақ қойды.
–Кескіндемеде азияттардан гөрі еуропалықтарды салған анағұрлым оңайырақ деуші еді ғой дедім аузыма жөнді сөз түспей кібіртіктеп.
–Кез келген нәсілдің өз ерекшелігі бар. Мен сені сенбі күні сағат онда универ алдындағы скверде күтемін, кешігуші болма!- деді де асығыс жүріп кетті.
–Сенбі күні.... Сенбі дей ме? Еееей мен келіскенде жоқпын ғой.... Десе де Арғынның мені кездесуге шақырып портретімді жазатынын естіп, кәдімгідей қуанып қалдым. Талай қыздың арманы болған Арғын кенеттен менің портретімді жазатынын естісе, біраз қыздың қызғаныштан іштері күйетін болды. Оларға жар салып мақтанғым келсе де, әліптің артын бағып сөйлейін деп тек бөлмелес құрбым Сакоға ғана сыр қылып айттым.
–Рас па? Арғын кездесуге шақырды ма?- деп Саконың көзі алақандай болды.
–Иә кездесуге шақырды....
–Мәәә өзің үндемей жүріп бәлесің иә?
–Үстіңе не киесің, ал?- деді бірден шифонерді ақтарған Сако.
–Білмеймін... ақ жейдеммен джинсый шалбарымды кие салармын...
–Есің дұрыс па? Бірінші кездесуде есте қалатындай образда болу керексің
–Шашымды сарыға бояйын ба? Саконың ішек-сілесі қата күлді....
–Жындыыыы, менің өңір жиегіне сары гүл түскен қызыл көйлегімді киіп бар. Әдемі жарасады. Шашыңды бос жібере сал, шашыңды жайсаң, анағұрлым сұлу көрінетініңді білесің ба? Сосын аяғыңа биік өкшелі туфли киюді ұмытпа,- деді құрбым есіктің тұсында жатқан өзінің биік өкшелі туфлин теуіп көрсетіп.
Сенбі күні күндегіден ерте тұрып алдым. Іштей жүрегім атқақтап толқып жүрмін. Айнаға қайта - қайта қараймын. Студент болғалы жігітпен тұңғыш кездесуім. Менімен жасты қыздардың алды күйеуге тиіп, бала туып үлгерсе де мен әлі жігітпен кездесіп те көрмедім. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін бүгінгі кездесуге бармақпын. Саконың қызыл көйлегін киіп, ерніме алқызыл далап жағып, шашымды бос жібере салып едім, қауызын жаңа ашқан қызғалдақтай құлпырып шыға келдім.
–Сако деймін, ол бірінші кездесуде мені қапсыра құшақтап, ернімнен сүйіп алса қайтемін,- деймін көзім бақырайып.
–Ондай дөрекі емес шығар?....
–Киноларда сөйтуші еді ғой....
–Артық қылықтарға барып жатса, бетінен шапалақпен салып жібер де жатақханаға қарай тұра қаш!.
–Ал егер ұстап алса ше?
–Помагитеее, деп айғайлап адамдарды көмекке шақыр.
–Ал егер сүймесе ше?
–Онда ол - тормоз. Есіңде болсын әдетте жігіттер бірінші кездесуде қыздарға гүл сыйлайды, не балмұздақ әпереді. Арғынның бетіне қарап аузың аңқиып, балмұздағың еріп кетіп, менің көйлегімді аймандай қылып, былғап жүрме! Тез, тез жеп ал! Айтпақшы почтасын сұрап алуды ұмытпа, кездесуден кейін хат жазып тұрасыңдар,- деді құрбым үстіме әтір сеуіп жатып.
Саконың бір қатар ақылын тыңдап, жасанып жатақханадан шығам дегенше сағат оннан бес минут өткен. Жатақханадан қашық емес, көркем-сурет факультетінің маңындағы скверге қарай биік өкшемен қисалаңдап келемін. Сонау алыстан ақ, қара талдардың тасасындағы орындықта жалғыз отырған Арғынды байқадым. Ағаш мольбертін қолтығына қысып алыпты. Майлы бояу жұққан джинсиын қағып-қағып, желкесіне қарай өскен ебедейсіз шашын түзеп қояды. Іштей «кір-қожалақ, сақал-шашы да өсіп кеткен. Осы ішімдікке әуес емес пе екен деп ойлап, қасына барайын ба жоқ па?» дегендей аз ойланып тасада тығылып, сыртынан біраз бағып тұрдым. Егер сол кезде біреу суретші қыздарды қияли әпендеге баласа, «өтірік олай емес, қыздардың барлығы арманшыл!» деп бет бақтырмаушы едім. Бірақ мен сол тұста бір сәтке Арғынға тұрмысқа шықсам, қалай болар еді деп те қиялдап үлгердім. Өзімді бір сәт Арғынның жанында елестетіп көрдім. «Егер мен оған тұрмысқа шықсам, ең әуелі политраға айналған шалбарын отқа жағып, жап-жаңасын сатып әперген болар едім, сосын сақал-шашын күзетіп, адам қалпына түсірер едім. Айнымаған Бредли Купердің нақ өзі болар еді. Жазған бала, түрін қараш, өзі азғын ғой. Бәлкім үйінде ыстық тамақ ішпейтін шығар?.... Егер мен оның әйелі болсам, мен оған дәмді қылып палау, қуырдақ пісіріп, ет асып берген болар едім. Сосын төрт бала туып беруші едім. Екеуі – ұл, екеуі – қыз. Оның екеуі міндетті түрде егіз болады, өйткені менің тұқымымда егіздер бар» деп ойлауым мұң екен мені бір есірік күлкі қысты да аузымды қос қолыммен жауып, тұншыға кеп күлдім. Арғын мені көре салып, қуанып кетті.
–Сені кешіккеніңе қарап келмейтін шығар,- деп ойлап едім.
–Келдім, ұлы суретшінің музасына айналып кетсек әжеп емес....
–Әжеп емес, ол не сөз?
–аааа.... менің орта ғасырлық сөздерім ғой, мән берме...
–Қызық екен... мен бірінші сені акварельмен жазып көрейін деп шештім, жұмыс жақсы шығып жатса, кейін майлы бояумен бастаймын. Қазірше жарық көлеңкеңді тауып, ерніңді, мұрныңды дей бергенде....
–Мұрынымды... деп саңқ етіп күліп жібердім
–Неге күлесің?
–Білесің бе академиялық суретте портретімді салған Жандостың не дегенін?
–Не деді?
–Сенің пұшық мұрныңды келтіріп арам тер болғанша, трактордың дөңгелегін салғаным жақсы еді деді...
–Сосын?....
–Саған күлкілі емес па, не?
–Түкте күлкілі емес. Мен өзімнің әуейі әумесерлігіме аз қысылып қалдым.
–Сен мұнда мен отырған жерге жайғас, мұнда жарық жақсы түседі екен, әрі көлеңкені де келтіруге болады,- деді асығыс мольбертін құрап жатып.
Мен қара талдың қасындағы орындыққа жайғастым, үстімдегі Сако кигізіп жіберген күліш етек қызыл көйлегімнің етегін орындықтың ана бұрышынан мына бұрышына дейін көлдей қылып жайып, әдемі жайғаса бергенімде:
–Мен сенің көйлегіңді салмаймын, етегіңді жинай сал, маған сенің келбетің мен кеуде тұсың ғана керек,- деді. Тағы да ыңғайсызданып қалсам да аздап жымиғандай болдым. Ол асықпай акварельге арналған қағазын мольбертіне бекітіп жатып...
–Осы сенің есімің нені білдіреді?- деді бетіме қарап ойланып... -Түлкінің күшігін... Оның өңі қуқыл тартып күлкісі келсе де күлмеуге тырсып мырс етті.
–Неге күлкің келсе де күлмей тұрсың? Күлкің келіп тұр ма, күлсейш қысылмай дедім. Іштей немесіне кергіп тұр иии деп ойлап үлгердім.
–Ал күлдім, давольна, - деген ол бетіме қарап ыржиды.
–Давольна! Бірақ мұртың едірейіп кетеді екен дедім. Ол айылын ілезде жиып алды. Қара талдардың көлеңкесінен сығалаған күннің көзі енді менің көзіме шағылыса бастады. Арғын сурет салатын асай-мүсейлерін орнатып алған соң, бетіме ұзақ қарап тұрды да езуіне шылымын қыстырып тағы да күліп жіберді.
–Неге күле бересің ииии?
–Сен расымен түлкінің күшігіне ұқсайсың, оның үстіне бүгін қызыл көйлек киіп алыпсың, қалай дәл тауып қойған,- деп бағанағы күлкісі енді келгендей бар ынта- шынтасымен қарқылдады.
Күлген сайын оның езуіндегі шылымы жоғары көтеріліп, танауынан бұрық, бұрық етіп түтін шықты. Мен өкпелеген сыңаймен:
–Шылым шегу денсаулыққа зиян, ерте қартаясың, өкпең шіриді,- дедім.
–Ал сенің ешқашан шылым тартқың келмеді ма?
–Жоқ, әрине!
–Әрине.... А-а-а-а демек тартқың келеді екен ғой...
–Жоқ дейім, оның қажеті қанша?
–Әлемде 90 пайыз қыздардың 87 пайызы шылым шегіп көруді армандайды екен.
–Армандаса армандайтын шығар... менің әжем де шылым тартатын. Міне былай, мен жерден жатқан ағаштың бұтағын сындырып екі саусағымның ортасына қыстырып шылым шегіп отырған әжемнің тәкаппар да паң бейнесін салып бердім. Арғын басын шайқап менің көзіме тесіле ұзақ қарады. Оның шылым тартқан сайын екі қасының ортасындағы сызық тереңдеп, Арғынды анағұрлым есейтіп жібереді екен.
–Демек сен де әжең секілді шылым тартқың келеді екен ғой,- деді бір қарыс болған шылымның күлін сілкіп тастап.
–Жоқ тартқым келмейді. Жас қыздарға шылым тарту мүлде жараспайды.
–Үлкен әйелдерге ше?
–Білмеймін деп иығымды қозғадым...
–Үлкен әйелдер шылым тартса сұлуланып кетеді. Мұны Шарм дейді. Шылым тарту қылмыс емес ғой... Еркін болсаңшы... Ойыңдағы азаттықты несіне бұғаттайсың?!.
–Мен онсызда еркінмін... Шылым шексем мүлде есалаң болып кететін шығармын, - деп күлдім.
–Еркіндік пен құпиягершілік, ауыр айыптар мен мұң... төңкерілген көздің қарашығы... Көз жасы...
–Ол не?....
–Мен үнемі бір түс көрем, түсімде шеберханада майлы бояумен портрет жазып отырамын, әйелдің портреті. Алдымда жасы елуден асқан әйел шылым шегіп отырады. Әйелдің көз жанары өте сұлу, бірақ құпияға толы, тәкәппар. Тек биіктерге қарап өскендей тал - тал кірпіктері аспанға қарай қайырыла қалған. Оның көзінің айналасындағы ұсақ әжімдері де өзіне жарасады. Кейде ол әйел жасарып кетеді тура сен сияқты, кейде бала емізіп отырады...
–Жалаңаш па?
–Иә...жалаңаш...
–Суретші жігіттердің тек ұятсыз түс көреді дегені рас болғаны ғой,- деп миығымнан мырс еттім. Арғын маған жақтырмай қарап:
–Баланың әңгімесі,- деп темекісін жерге тастай салып, аяғымен таптап өтті де, қолына қыл қаламын алып жерге шырт түкірді. Одан кейін де екеуміздің әңгімеміз аса жараса қоймаса да оған қандай қыздар ұнайтыны, электронды почтасының қандай екенін білгім келіп әңгімені қалай бастарымды білмей біраз тыпыршыдым. Сосын... көп созбай:
–Саған қандай қыздар ұнайды? - дедім сұрақты төтесінен қойып.
–Маған қыздар ұнамайды,- деді мальбертінен бас алмай тұқшиған қалпы.
–Мәссаған, көгілдірсің ба не? - деп орнымнан ұшып тұрдым. Ол маған жалт қарады да, аз үнсіздіктен соң
–Маған әйелдер ұнайды,- деді.
–Ах әйелдеееер де... еееее түсінікті болды ендеше, - деп орныма қайта қондым.
–Неге жас қыздар ұнамайды?
–Сен көп сөйлейсің, ерніңді жыбырлатпай тыныш отыр!- деді қабағын шытып. Мен оған бастан-аяқ қарап шығып іштей "Бұзылған неме" - деп сөгіп тұрдым. Ендігі жерде маған оның электронды почтасын білудің, одан ықылас күтудің маңызы жоғала бастады. Тіпті, «ол маған балмұздақ әпереді- ау, күндердің күнінде мен оған тұрмысқа шығамын –ау» деген қиялым күзгі аспанның көгілжім бұлтындай ыдырап жоғала бастады.
Мен отырған орындықтың қасында қара құмырсқалар илеу салыпты, ендігі жерде менің жұмысым сол илеуді тынымсыз айналған еңбекқор құмырсқалардың өмірін бақылау, кейде оларды қызықтап ағаш бұтасымен түрткілеу, кейде ұйқым келіп маужырап орындықтың арқалығына сүйеніп қисайып алу болды. Арғын «еңсеңді көтеріп тіктеліп отыр» дегенде ғана селк етіп ес жиямын.
Құмырсқалар ақырын менің аяғыма жорғалады. Алғашында назар аудармауға тырысып, аяғымнан сілкіп құлатып отырдым. Кейінен олар етегіме өрмеледі. Қағып, сілкіп жібердім. Арғын алаңсыз ой құшағында маған ауық - ауық назар салса да, көбіне мальбертіне шұқшияды. Арасында қыл қаламын джинсиына үйкеп- үйкеп жіберді. Іштей «қожалақ осы шалбарын палитра деп ойлайды –ау» деп, жаратпай қарап отырмын.
Бағанағы қорғансыз құмырсқалар бұл жолы тіптен басынды. Олар енді менің білегіме өрмелеп тістеуді шығарды.
–Айййййй сұмырай! – деп, бар даусыммен Арғынға қарап айғай салдым. Бұл енді менің Арғынға деген шын ызам болатын.
–Не болды? - деді мұрты едірейе қарап.
–Құмырсқалар мені тістеді. Олар маған шабуыл жасап жатыр- дедім үсті басымды қаққыштап жатып.
–Сәл шыдасаңшы кішкентай бала болмай!
–Өзің кішкентай бала, мен жиырмадағы бойжеткенмін! Біле білсең менімен жасты қыздардың күйеуі және баласы бар деп бұлқан-талқан болдым да, орнымнан атып тұрдым.
–Бәрін құрттың,- деді Арғын қолындағы қыл қаламын тастай салды.
–Болды, шаршадым... аузым да кеуіп кетті, ең болмаса балмұздақ пен су әкеп қоятын адамсың ғой... деп Арғынның қызды сыйлай білмейтін сараңдығын бетіне басқым келді.
–Сен осылай ырбаңдап жүргенде күннің көзі басқа жаққа ауып кететін болды,- деді ол да ашуға мініп.
–Соткаңның камерасына түсір де, қалғанын шеберханаңа барып сал!
–Сен қандай адамсың өзі?! Нағыз суретші натурадан қарап салу керек! Жансыз бейнені не деп салам?!
–Құдай-ай! Давинчи! Енді не дейсің маған, күннің астында құмырсқаға жем болып отыра бер демекпісің?!
–Мұндай жауапсыз екеніңді ескертпедің бе, шолжаң?!
–Қарай гөр өзін, мен ба шолжаң?!
–Иә сен – Шолжаң!
–Ах солай ма?! Кетшей бар мұртың едіреймей, қияли! - деп долданып, қызыл көйлегімнің етегі делбеңдеп қисайған қалпы жатақханама қарай бұрыла бердім. Соңыма ежірейіп бір қарағанымда ол мальберттегі қағазды жұлып алып, маған қарап тұрып ортасынан дар айырып, екі жаққа лақтырып жіберді.
–Ах! Оңбағааааан! Қарай көр өзін, тағы маған мінез көрсетеді ғой тіптен. Қожаа-лаақ! Мен саған бәрібір тұрмысқа шықпаймын! - деп айғай салдым. Ол маған қарап бетін басып:
–"Петрясанның қарындасы" деп айғайлай күлді. Ол мальбертін жинап, скверден алыстаған соң, мен бағанағы қара талдың тасасынан шығып, екіге бөлініп жерде жатқан суретімді көру үшін орындықтың қасына қайта келдім. Екі бөлінген қағазды құрап суреттегі бейнеме қарадым да өксік ата жылап жібердім. Мынандай суретті жыртуға бола ма екен жынды сүрей! Таза кеще екенсің ғой! Мен саған өлсемде тұрмысқа шықпаспын – деп, өз-өзімнен қамығып, екіге бөлінген акварель қағазындағы күлімдеген күнәсіз бейнемді жерден көтеріп, көз жасымды сағымдап, ернімдегі ал қызыл далапты алақаныммен сүртіп өшірдім де, жатақхана маңындағы балмұздақ сататын дүңгіршекке қарай ақырын аяңдай бердім...