НҰРЛЫБЕК САМАТҰЛЫ.АЙМАН-ШОЛПАН

Жарығын жарқыратып кеп тоқтай қалған машинаның көк жолағына көзі түсіп кетіп, жүрегі тас төбесіне шыққаны. Қалай жалт бұрылып, қаша жөнелгенін өзі де білмейді. Тал-теректің арасына сүңгіп, ышқына безді. Екі өкпесі екі қолында. Күнде өздері шиырлап жүрген көзтаныс жықпыл ғой, сонда да болса сүрініп кетіп, етпетінен түсе жаздағаны.

Кинотеатр сыртындағы қалың ағашқа аяқ іліктірген бойда тізерлеп отыра кетті. Алқынып қалыпты. Келген жағына алақ-жұлақ көз салып қойды. Соңына ешкім түспеген тәрізді. Тым-тырыс. Қол-аяғы дірілдеп бара жатқанын сонда ғана аңғарған. Төрт тағандап жылжып, кәрі қараталдың түбіне жетті. Осы ше... полициядан жа-м-а-ан қорқады. Зәресі зәр түбіне кетеді. Олар адам емес сияқты, құйрығымен жер сабалап тап беретін жалмауыз крокодил сияқты. Сояудай тісін ақситып, жерді дүсірлетіп жетіп келетін... қазақша сөйлейтін крокодилдер... Өздері болса олардың аузына лақтырылған қауқарсыз қорқақ көжектен аумайды. Крокодил шіркін көжекті тістеп ойнай ма, аунатып ойнай ма, керек десе парша-паршасын шығарып шайнап-шайнап жеп қоя ма, өздері біледі.

Осы жазда, жоқ жаз енді шыққан кез... соны ойласа жүрек дірілін баса алмайды...

Жанында екі қыз, кинотеатр жақ беттегі абажадай шамы жарқыраған әйдік бағанның түбінде әрнені айтып, клиент күтіп тұрған. Қапелімде құйғытып кеп тоқтай қалған машинаның көк жолағын кеш аңғарыпты. Көліктен секіріп-секіріп түскен қос сержант бұларға тап берсін. Жалтарып кетуге де үлгертпеді. Тырыстырып киген мини-юбкамен қашу қайда. Адымын аштырмады. Содан бері көшеге мини-юбка киіп шығуды қойған.

Көк жолақты машина аудандық полиция бөлімшесіне екпіндеп кеп тоқтады. Шұбар бет капитанның көзіне крокодил боп көрінгені сонда. Өзі болса да үркек көжек қой. Іші мұп-мұздай боп, қолқа-жүрегі қалтырап ала жөнелді.

Бұлардың қарсы алған капитан-крокодил міз баққан жоқ. Көздерімен жер шұқып, тұқшия қалған үшеуін ішіп-жеп бас-аяғына тінти қарап бірауық отырды да:

– Дәкүментіңді әкел, – деп барқ етті шетте тұрған бұған бұйырып.

– Жоғалтып алғам. – Дауысы жердің астынан шыққандай өлімсіреп естілді.

– Өтірік айтасың! Кім атың?

– Шо... Шолпан, – деді тұтығып.

– Шын атыңды айт!

– Шын атым...

– Өтірік айтасың! Сенбеймін. Көшеде неғып жүрсің?

– ...

– Айт, неғып жүрсің?

– Жәй... қыдырып...

– Қыдырып? – Бұның сөзін кекесінмен қайталады. – Өңкей өтірікші. Түнде адам жәй қыдыра ма? Түнде көшеде праститутка ғана жүреді.

Үндей алмады. Не десін? Біліп тұр.

– Он бес күнге бичприемникке қамаймын.

– Ағатай, – көзінің жасын көлдетіп жылап жіберді,– ағатай... аяңызшы... ағатай...

– Не?! Аяңызшы? Мені кім аяйды сонда? Мен түнімен жұмыс істеймін, ал, сен қыдырасың! Бичприемниктің білесің бе не екенін?

Бичприемникте жатып шыққан қыздың әңгімесі есінде. Қорқып, зәресі ұшқаны содан. Капитанның... жо-жоқ, крокодилдің шұбар беті көзіне бұлдырап әрең шалынған.

– Бұрын не жұмыс істедің?

– ...

– Айт!

– Мектепте... – деді өксігін әрең басып.

– Мүмкін тәрбие завучы болған шығарсың?

Басын шайқады.

– Енді не?

– Әннен сабақ бердім, ағатай...

– Әншімін де. Бәсе! – Басын шайқап қойды. – Әй, сендер, – сержанттарға айқай салды, – анау-мынау емес екен ұстағандарың, әнші екен, – деді мысқылдап. – Әнші болсаң, онда ән саласың! –  деді енді бұған бөкпен бетін бұрып. – Босатым сосын. Шын сөзім. Капитан өтірік айтпайды. Кәне, баста!

Көзі жыпылықтап, қатты дағдарған.

– Ал баста! Босатам. «Аспанға қараймынды» айт.

Қайтерін білмей, булыға бөгелді.

– Айта салшы, Шолпан, – деді жанында тұрған Райхан сыбырлап. – Қоя берем деп тұр ғой.

– Қане, бастай ғой! – Капитан бұл жолы жылы сөйледі.

– Ас-ас-пан-ға-а қа-қа-рай-мын... – Дір-дір еткен ерні ерніне жуыспады.

– Көңілді айт! Міне, былай! – Барқырап өзі шырқап кетті. – Аспанға қараймын...

– Жұлдызды санаймын, – деп қосылды Шолпан дауысы қалтырап. Іші удай ашып бара жатты. Көзінен ытқып-ытқып жас парлады.

– Сен жоқсың, арайлым, – деп жалғады капитан бөлмені басына көтеріп. – Мен сені сүйемін! Мен сені қалаймын! А-а-а! – Тас еденге өкшесін қадап, тарсыл-тұрсыл биге кіріскен шұбар беттің түрі жаман. – Мен сені сүйемін! Мен сені қалаймын! А-а-а!

– Браво! – деді ән аяқталған соң қышқырып.

– Ағай, енді жіберіңізші... жібересіз бе? – деді. Кемсеңдеп әрең сөйледі.

– Жіберем, жіберем! Капитан екі айтпайды. Кісі аяғы басылсын. Бізді де тексеретіндер көп. Анда барып отыра тұрыңдар, – деп дәліздің түкпір жағына қарай иек қақты. – Сержант, апар мыналарды.

Сержант үшеуін үш камераға бөліп қамады. Кетіп бара жатып:

– Қорықпаңдар, қазір босатады, – деді жұбатып.

Көп күттірген жоқ, есіктің сықыры естілді. Капитан екен.

Крокодилге жемтігінің әлсіз бұлқынғаны қызық сірә, бірден қылғытып жібермей, жанына жақын отырып, ап-ауыр қолын иығына салды.

...Түннің бір уағында мылжа-мылжа болған бөксесін әрең игеріп, жалдамалы пәтеріне қарай сүйретіліп кетіп бара жатты.

Таң бозарып атқанша көзінен жас тыйылмады сосын.

 

***

 

Ұйысып өскен қалың ағаштың қараңғы түкпірінен біреудің бері беттеген аяқ дыбысы құлағына шалынғанда жүрегі тарсылдап кетті. Жанарына жас толып шыға келіпті, төңірек түк көрінбей, толқып ала жөнелді. Ойына бірден түскені, Зарина айта беретін, әлгілер... наша шегетін қояншықтар... Зарина көрген олардан көресіні. «Қолына бір түспе, түссең тындым дей бер. Өлгеніңе қарамайды...» деп, көзінің жасы көл боп жеткен бірде.

Әлі құрып, отырған орнынан қозғала алмады. Кәрі қараталдың қожыр-қожыр діңіне жабыса түсті. Анау болса аткөпір жапырақты сылп-сылп кешіп бері салып келеді. Одан арғыны ойлауға дәті бармай, іші жидіп бүкшие берген. Бір сәт аяқ дыбысы сап тиылып, төңірек тынши қалсын. Қараса – тайыншадай төбет. Қарсы алдында тұр. Дорбадай тұмсығын көкке көтеріп, маңқия қарайды. Құлағы жырым-жырым. Езуі тілім-тілім. Төбе шашы тік тұрды. Иегіне ие бола алмай, тісі тісіне тиіп, сақалдап барады. Көзін айыра алсашы. Арс етіп бас салар сәтін зәресі қалмай күткен-ді... О тоба, бір қараса төбет шіркін бұрылып алып, жөнеп бара жатыр. Артқы ақсақ аяғы жапырақ шашып, шойнаң-шойнаң.

Тамағына кептеліп, тұрып қалған түйін ілезде тарқатылып, солқылдап жылап жіберді. Ұзақ жылады. Көзінің жасы таусылып, өксігі басылған соң ғана сүйретіліп орнынан тұрды. Үсті-басына жабысқан шөп-шаламды керенау қағып, кинотеатрды айналып өтер жалғыз аяқ бетон соқпақты тапқан.

Көше жақ тым-тырыс. Машина сиреген. Адам қарасы байқалмайды. «Сәлималар қайда екен? – Телефон шалмақ боп бір оқталды да, қолына алған тұтқаны қалтасына қайта жытырды. – Жатқан шығар біреумен!» 

Көңілі жабырқап сала берген. Ылғи осылай. Сонда да ештеңе ойламауға тырысты. Кейбір қыздардың мүдәғасы жоқ жандай, жайраң қағып жүретініне таңғалушы еді. Енді өзінің де соған бойы үйрене бастаған. Қабағынан қар жауып, түнеріп тұрған қызға жігіт жолай ма? Еркек атаулының есін алып, қапелімде шабынтып қоятын қай ұрғашының да күлімдеген көзі ғой. Әйтпесе ұрғашыдан ұрғашының артық жері қайсы?

Нәпсісін ауыздықтай алмайтын еркектерді болса да жек көреді. Сондай өзімшіл олар. Өзіне келгенде олардан өткен өлермен жоқ. Күйті келген бураша ойындағысын орындап, олжасын рақаттана таптап бітірмейінше тағат таппайды жексұрындар. Олар үшін сен адам емессің, ақшаға сатып алған тірі ойыншықсың. Әр ретте қирап қайтатыны содан. Бір қайран қалатыны – өңге дүниені ұмытып өліп-өшкен немелер, үстіңнен аунап түскен бойда, жаңағы бұзып-жарған арынынан жұрдай болып шыға келетіні. Жынынан айырылып, мола боп омалып қалады. Олардың бозарған көздерінен сол кезде өкінішті ғана көресің.

Соңғы кезде кинотеатрдың қарсы бетіндегі жаздық кафеден арзан арақ алып ішетін әдет тапқан. Жер боп тапталған көңілін солай аулайды. Осы жаңа ғана бес бересі, алты аласы жоқ бұрын-соңды танымайтын адаммен, жаны қаламай тұрса да, тақым түйістірген жиіренішті сәтін аз уақытқа болса да ұмыттыратын осы кафе.

– Не ішесің? Шай әкелейін бе? – деді жанына жетіп келген даяшы қыз алжапқышының кең қалтасынан суырған қағаз-қаламын оңтайлап.

– Арақ әкелші, екі жүз грамм.

– Сосын тағы не әкелейін?

– Сосын болды. А-а-а, бір бәліш қоса салшы.

Арақ құйып әкелуге кеткен даяшы қызды күтіп отырып, көше жағалай өскен тал-теректің күз деміне тоналып, азып-тозған кейпіне назары ауды. Жырым-жырым боп сарғайып тозған дертті жапырақтар желге ұшып, бейберекет шашылып жатыр. Осында алғаш келгенде дақ түспеген балғын жапырақтар жап-жасыл боп жайнап тұратын. Оңаша жалғыз қалғанда ойлап кетсе, күнде бір оқиғамен жазды да тауысыпты. Жаздан соң түскен мына күз тағы қандай теперіш көрсетер екен? Ойлағысы келмейді. Ойлап қайтеді? Өзгеретін не бар содан? Бүгін қалай болса, ертең де солай. Өзі де талай рет таланды. Өзгені де қан қақсатқан кезі көп. Ондайға еті өліп кеткен. Өшін жалғыз-жарым жаяулатып жететін жуас жігіттерден алады. Масаң болса тіпті алақай. Әуелі ақшасын алып алып, дайын таксимен пәтерге бастайсың. Қайдағы бір Құдай атқан қалтарысы көп қараңғы көшеге апарасың да, өзің түспей, әуелі әлгіні түсіріп тастап, өзің сол келген таксимен қайқайып бір бересің. Нәпсінің дегенін қылып, ақыл-есінен айырылып келген әлгі албасты, солайша қараңғыны қармалап қала береді. Не болмаған бұл жерде, бәрі болған.

Даяшы қыз үстел үстіне мойнын қылқитып графин әкеп қойды. Шолпан оның қылқиған мойнынан қысып ұстап, ыстақанға толтыра арақ құйды. Түбіне үңіліп сәл отырды да, екі саусағына қыстырған ыстақанды ерніне тигізді. Танауын тыржитып, басын шайқады. Сонан соң ғана біреу зорлап қоймағандай сыздықтатып іше бастады.

Көкірегі кеңейіп, колледж бітірген кезін ойлағысы кеп кетсін...

«Ту-у, қандай күшті сол кез!»

Қазіргі өмірі... күндіз теміржол бекеті маңындағы індегеш-індегеш үйлерде тығылып жатып, түн баласы көшеге өріп шығатын қыздарға ілескен қазіргі өмірі... Тіршілігі қас қарая басталып, қараңғыда көп жортқасын ба, жарықты да жатырқайтын болған. Күллі дүние тек қара бояудан ғана тұратын сияқтанатыны содан ба екен? Қазіргі өмірінің сүгіретін салу қажет болса, аппақ парақты қазанның түп күйесімен баттастыра сал, сол жетіп жатар. Ақты қарамен бояу қандай тез. Түк қиын емес.

Екінші ыстақанды бұл жолы үстел үстінен асығыс жұлып алып, шімірікпестен сіміріп салды...

 

***

 

Кафеден шыққанда байқағаны, көшенің қап-қараңғы екені. Шам атаулы түгел өшірілген. Өшсе, өшсін. Дүниенің жарығы неге тегіс өшіп қалмайды, маған десе.

Аялдама жанында қарауытып такси тұр. Таныс такси. Анада өзін орыс клиент алғанда қонақ үйге жеткізіп салған. Тағы қашан мініп еді? Ұмытыпты. Әйтеуір бірер мәрте отырған. Былай жаман кісі емес. Әнебір жылмақай таксист сияқты аузына келгенін оттап мазаңды алмайды.

– Ағай! – деді терезеге жүзін тақап.

– Қайда барасың?

– Танымай қалдыңыз ба? Такси таныс. Қарасам – сіз.

– Қайдан көргенімді ұмытып тұрғаным.

– Шынымен танымадыңыз ба? – Еркінси сөйлеп, ішке басын сұқты.

– Есіме түспей...

– Онда да осы арада тұр едіңіз. «Кәпірмен жатқанша, асылып өлгенің жақсы» деп ұрсып едіңіз ғой, – деп машинаға баса-көктеп отырып жатыр. – Ту-у, тізем талып кетті ғой. Сәл демалып алайыншы. Темекі шексе бола ма?

– Болмайт! – деп тыйып тастады таксиші. – Өртейсің! Адал ақша тауып жүрген жалғыз көлігім.

– Қойыңызшы, а! Сонда біз ғой арам ақша тауып жүрген? Сіз білмейсіз менің жағдайымды.

– Қалай білмеймін? Білем. Жұмыс жоқ. Ақша жоқ. Сылтау – сол. Басқа не?

– Бәрібір түсінбейсіз, – деді терезеден әлдеқайда тесіле қарап отырып. – Жазықсыз сотталды. Күйеуімді айтам. Он жеті жылға. Жақ-жақ боп төбелескен ғой. Біреуі өлген екен. Соны Мараттың мойнына іліп жіберді. Күйеуім ғой. Сосын түрме... мені жұмыстан қысқартты. Атам деректірге өгізше әбешайт етіп мектепке тұрғызып еді. Деректірге берем деген өгізше сотқа бұйырды. Сосын деректір қайтсын мені, сылтау тауып лақтыра салды. Не күйеу жоқ, не жұмыс жоқ, қалдық солай.

– Белгілі история, – деді таксиші мырс етіп.

Шолпан оның бұл сөзіне іренжіп, үнсіз отырып қалды: «бұларға айт не, айтпа не, бәрі бір сорт» деп.

 

...Аудандық білім бөлімінен беті қайтып, жабығып шыққан еді, станса басында Зарина ұшыраса кеткені. Оқуға бірге барып, түсе алмай қалған қыз. Бірінші емтиханнан-ақ тоңқалаң асқан. Алматы жаққа кеткенін біледі, кейінгі тіршілігінен хабарсыз.

– Алматыда жұмыс бар ма? – деді сыр тартып.

– Табылады, – деп жамың-жымың күлді Зарина. – Барасың ба?

Алматы көрмеген қаласы. Келді. Көрді.

– Ал енді не істейміз? – деп сұрады құрбы қызға үміттене қарап. Сенері де, сүйенері де жалғыз Зарина.

– Қайдан білейін. Іздеп көр.

Қайдан іздейді? Қалай іздейді? Білмейді. Зарина болса кеш түсе аттанып бара жатады, түн ауа сүлелеп шаршап оралады. Ақша әкеледі.

– Не жұмыс істеп жүрсің? – деп қызыға сұрайды бұл. Түнгі жұмыс табылса, тайынбақ емес.

– Соны сен білмей-ақ қойш, а.

– Айтсай.

– Кейін... кейін, – деп тайсақтайды Зарина.

Бірде түнгі жұмысынан көңілді оралды. Әндетіп жүр. Аузынан арақ иісі мүңкиді.

– Менің не істеп жүргенімді білгің келе ме, Шолпан? – дейді орындық арқалығынан қармап ұстап тұрып. – Айтайын. Шай әкелші әуелі.

– Ал айт, – дейді бұл шәйнекті үстел үстіне қойып жатып.

– Жұмыс вокзалда. Ал айттым. Қандай жұмыс деп сұрамайсың ба?

– Иә, қандай?

– Сауда істеймін!

– Не сатасың сонда?

– Мына өзімді сатам, – деп көкірегін сұқ саусағымен нығырлап нұқып-нұқып қойды. – Басқа не бар менде сататын?

Сенер сенбесін білмей Заринаға аңтарыла қараған. Сенейін десе санасына сыймайды, сенбейін десе...

– Ақша тапқың келе ме? Ақша тапқың келсе, ер соңымнан. Апарам. Маған қарағанда жастаусың. Әдемілеусің. Өтімділеусің. Фигураң қандай! Хи-хи-хи-и!

Заринаны жаңа танығандай көзі бақырайып, үркіп тұр.

– Ақыры қыз емессің. Марат келем дегенше қырықтағы қатын боласың. Соны ойла.

– Аштан өлсем де бармаспын ондайға! – Шолпан орнынан қарғып тұрды. – Сен не? Сонда мені сондайға алып келдің бе? Сондай деп ойладың ба мені? Жо-жоқ. Жолыма ақша бер. Қарызға. Кетем. Ауылға қайтам.

– Қайтсаң, қайт. Еркің білсін. Бір тиын ақшам жоқ саған беретін, – деді Зарина жайбарақат сөйлеп. – Бір түн шық, бы-лай ақша табасың. Сосын қайта бер. Әй, қатын-ай, бірақ мені айтып қойма ауылға.

Шолпан киім-кешегін сөмкесіне асығыс-үсігіс салып, үйден шыға жөнелді. Алдап әкелген Заринаға да, алданып келген өзіне де іреніші қатты.

Теміржол бекетінде түнде де тыным жоқ. Ерсілі-қарсылы жосылған пойыз. Соның біреуінен тізе бүгіп қана отырып баратын қуыс табылатын шығар деген дәмесі зор. Табанынан тозып жолсеріктен жолсерік қалдырмай жалынып-жалбарынғаны зая кеткенде, еңіреп жылап жібере жаздаған. Кешқұрым ұнжырғасы түсіп, қайда барарын білмей бекет басында ілмиіп тұр еді, Зарина тап болды.

– Мә-ә, әлі жүрсің бе қайта алмай? Сен қыз ауыш болма, тілімді ал... мен қазір... – деп әлдеқайда асықты. Жөнеле беріп саусағын безеп қойды. – Тұр осы арада, тырп етпе.

Зымып жоғалған ол көп ұзамай ентігіп жеткен.

– Жүр, жүр тез, – деп асықтырды. – Крупный клиент. Қорықпа, өзім қатырам.

Ес жидырмай жетелеп ала жөнелген. «Барсам, барайын, – деген де ойға кетті Шолпан, – жолға жететін ақша берсе... тек бір мәрте... жалғыз мәрте ғана!»

Таксимен ызғытып отырып сән-салтанаты келіскен зәулім қонақ үйге тұмсық тіреді.

Сақалын дөңгеленте сәндеп қиған ұлты бөтен шал адам асықпай кәстөмін шешіп, үркіп тұрған бұны бауырына тартты. Шашынан сипап, қоңқақ тұмсығын тақағанда құлағына шаян кіріп кетердей тітіркенген. Үрей мен ұят екі жақтан қамап, өртеніп барады. У жалағандай ащыған іші ыза мен шарасыздыққа толы.

– Не бойся, голубка. Сегодня мой день рождения. Семьдесят лет исполнилось. Мой младшие братья в качестве подарка привели ко мне тебя. А традиция не позволяет отказываться от подарков, – деді ол шегір көзін қадап. Одан арыға бармады. Тиіспеді.

Таңертең қонақ үйдің ұзына шұбақ дәлізінің арғы басынан Заринаның басы қылтиды. «Қалай?» деп сұрап қояды жолда. Сұрағына жауап күтпейді. Бұның тілі кесіліп, естен тана жаншылып келе жатқанын жақсы біледі.

– Ақшамды бер! – деді бұл әлден уақытта ұйқысынан шошып оянғандай бас салып. – Пойызға билет алам.

– Бұл ақша жоқ саған. Неше күн тегін асырадым. Тағы бір түн шығасың. Сол ақша сенікі.

Заринаны жек көріп кетті. Жек көрсе де сүйек дәметкен күшіктей соңынан салпақтап ере беруге мәжбүр. Көнбеске шарасы қайсы.

Екінші түн кезіккені жап-жас сүйкімді жігіт. Дөрекі емес. Сүйген қызын аялағандай еркелете өпкені ішін жылытқан. Бір мезет жігіт құшағына көмілген қалпы қалғи бастаған екен, жалаңаш анарын аялай ұйпап, алпыс екі тамырына от тамызып, тұла бойын қорғасындай балқытып әкетіп бара жатқан өзінің Мараты ғой деп түйсінгені. Тасқын-селдей ақтарылған от-жалынның шарпуы тәніне ұнап, жанына жағып барады. Осы аңсардан айырылып қалғысы келмегендей-ақ, жігітті тас қып құшақтап алыпты. Екі көзінен тамшылаған ыстық жаста тоқтау болсашы. Сағынышын, өкпесін, мұңын... бәрін-бәрін осынысымен білдіріп жатыр. «Кетесің бе тағы? – дейді ұйқысыраған күйі былдырлап сөйлеп. – Кетпеші! Тастамашы мені, ала кетші! Бірге барам. Қалмаймын сенен! Сүйем сені! Сен де сүйесің ғой, а-а! Айтшы? Сүйем деші!» Марат жауап қатпайды. Үнсіз. Неге үндемейді?

Селт етіп есін жиып алса, ләззаттың тәтті уын таттырып жатқан өзінің Мараты емес, атын да, затын да білмейтін мүлдем бөтен біреу.

Бөтен біреу болса да, әлгі бір сезім жүрегін ауық-ауық қытықтай берді.

– Мынау түндегі жұмысыңа, – деп Зарина алдына тұтас он мыңдықты тастай салғанда да біресе сол сезімге шідерленіп, біресе өзінен өзі үркіп, әрі-сәрі жұмбақ күй кешіп отыр еді, ақшаға қолын созар-созбасын білмей сәтке аңтарылды. Заринаның сезім-пезіммен шаруасы қанша: – Әй, қатын-ай, маған серік боп әлде де жүре тұрсаң болатын еді ғой, – деп үгіттей бастаған. – Немене, бір түнде осынша ақша табар ме ең ауылда?

Шолпан тұтас он мыңдықты алақанына қысып ұстаған қалпы, оның сөзіне құлақ салмай заттарын жинастыра бастады.

– Айтқан тілді алмадың-ау! Кел онда... айырылысар алдында «Шампанский» ішейік, – деді кереует астынан нән бөтелке алып жатып, – мен немене, жетіскеннен жүр ме екем вокзалда.

Осы жолы Заринаны шын аяды ма, ұсынған бокалын кері қайтара алмады. Пойызға билет алатынын ойлап қуанғаны да бар, бокалды басына бір-ақ көтерді. Шарап уыты тұла бойына жайылған сайын кеше түн сезінген сағыныш санасын шырмай берді. Өзінің осы қылығына өзі қайран.

– Атаңның басына күліп отсың ба, сен қыз? – деген Заринаның кейіген сөзін елеген де жоқ.

Үшінші түн кездескені, алайда, ол болмай шықты.

Төртінші... бесінші... одан кейін де аспанға ұшып кеткендей ұшты-күйлі жоғалған.

 

***

 

– Бірінші Алматы жақ осы, – деп іренжіген таксиші ойын бөліп жіберді. – Сентрге қарай клиент шығуы қиын.

Шолпан тіл қатпады. Рұқсат сұрамай-ақ бықсытып шылым тұтытып жатыр.

– Қырсық шалған күн болды, – деді сосын күбірлеп. Таксиші оған көзін көлденең тастап, иек қақты.

– Тағы не?

– Полисайдан қорқып, талдың арасында тығылдым да отырдым.

– Значит басқа жұмыс табу керек.

– Не жұмыс бар мен істейін?

– Базарға бар. Сауда қыл.

– Сауда? Қорқам саудадан.

– Жұрт істеп жүр ғой.

– Қанша ақша керек екен оған?

– Екі жүз мыңдай жетіп қалар.

– Банкрот болып қалсам қайтем?

– Онда қайтып келетін жерің тұр ғой.

– Әлі біраз жүре тұратын шығармын.

– Жас өміріңді қор қып па?

– Өмір!? Қатырасыз! Мен баяғы мұғалім Шолпан емеспін. Мен басқа... жезөкше Шолпанмын. Өмірден өз орнын таба алмаған...

– Қой, айтпа өйдеп.

– Әй, енді маған бәрібір! – Торығып, қолын сілтей салды.

 

...Оң жақ беттегі жыпырлаған жер үйлер арасынан қараңдаған біреу бері беттеп келді де, күткен біреуі бардай сексиіп тұрып қалды. Жүргінші ме деп үміттенген таксишінің жағып-сөндірген жарығына шағылған жүзінен көше бикештерінің бірі екені аңғарылды.

– Өл-ә, – Шолпанның дауысы оқыс шықты. – Айман ғой мынау!

– Кім ол, Айман деген?

– Әпкем! Шелек жаққа тұрмысқа шыққан әпкем. Масқара! О да осында ма не?

– Әпкең болса, шақыр бері.

– Қалай шақырам?! Ұят қой!

– Ұятың кеп қалды, ә? Шақыр. Әне, ол да жалғызсырап тұр. Қорқып тұр.

Таксишіге бір, көше бойлап теңселген әпкесіне бір қарап есі шыққан Шолпанда өң жоқ.

Теміржол бекеті жақтан бір машина жылжып келіп, Айманның тұсына тізгін тартты. Көліктен түскен жігіт пен Айманның сөйлескен дауыстары құлаққа еміс-еміс естіледі.

– ...бір сағатқа!

– Бес мың.

– Үш мың...

– Жоқ, бес...

– Давай... – Анау шап беріп, Айманның қолын қайырып, көлікке қарай тыпырлатып сүйрелей бастады. 

– Тиісіп атыр, – деді Шолпан үрейленіп. Шыдамай тысқа атып шықты. – Әй!– деп айқайлап қалды. – Тиіспе оған! – Дауысы жарықшақтанып естілді. – Тиіспе! Полиса шақырам!

Анау қалт тұра қап, Айманды тастай сала, көлікке сүңгіді.

– Айман!– деп дауыстады Шолпан. – Бері кел!

Бикеш өзін құтқарып қалғандарға қарай емпеңдей жүгірді.

– Шолпан! Шолпанбысың?!

– Мен ғой... мен ғой! Отыр таксиге.

Артқы есіктен ентігіп еніп жатыр.

– Нағып жүрсің жеті қараңғы түнде?

– Өзің нағып жүрсің?

Екеуі де сұраққа жауап таппағандай мұрындарын пыш-пыш тарта берген. Таксиші екі қызды оңаша тастап, тысқа шығып кетті.

– Мына кісің кім? – деді Айман сәлден соң есін жиып.

– Таныс таксист, – Шолпанның қыстыққан дауысы әрең естілді. – Жаңа кафеден шықтым. Жұмыстан.

– Мен де кафедемін. Ыдыс жуам.

– Қай кафе?

– Ана жақта, – дей салды Айман иегімен сырт жағын меңзеп. – Алматыға қашан келдің?

– Бір апта болды.

– Ауыл аман ба?

– Аман ғой.

Осыдан соң екеуінің де сөзі таусылып, тым-тырыс бола қалды.

Қараңдаған екеу көшені қиғаштай кесіп өтіп, бері беттеп келеді екен. Тыста сексиіп тұрған таксишіге жақын келіп:

– Такси ма? – деді.

– Иә, такси. Такси керек пе?

– Қыз керек еді...

– Әні, отыр екеуі. Бар да сөйлес.

Біреуі терезеден үңіліп:

– Қыздар халдерің қалай? – деді.

«Халдің несін сұрайсың?» дегендей екі қыз жорықшы жігіттерді жақтырмай,  жаутаң-жаутаң қарасты.

– Саунаға заказ беріп қойып ек. Жүріңдер. Қанша дейсіңдер, алдын ала төлейміз, – деді екіншісі сөзге араласып. Қыздар үрпиісіп бір-біріне жабыса түсті. Үн қатпады. – Неге үндемейсіңдер? Қорқып отсыңдар ма? Қорықпаңдар. Біз екеуміз ғанамыз. Басқа ешкім жоқ.

Шолпан оны дауысынан таныды. Әне бір кезде өзінің Мараты боп елестеп, сағыныш шырынын таңдайына тамызып кеткен баяғы жігіт. Содан бері бес ай, жоқ, алты ай уақыт өтіпті. Ұшты-күйлі жоғалып кетіп еді... Кеудесі алай-түлей боп, жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Өзінің әркімге бір сатылатын мүлік емес, сүюге жаралған әйел затынан екенін сезінгені осы. Аузына сөз түспеді. Көзінен көзін ала алмай, қарап қалыпты.

Кенет Айман оларға өшіге қарап:

– Құрыңдар әрі! – деп долдана бақырып қалды.

Содан соң сіңлісін бауырына басып, ботадай боздап жылап жіберді.

 

Қазан, 2018 жыл.