I
ПРОЛОГ
Кітаптармен өткердім киелі, көркем шағымды,
Табиғаттың көркіне тамсанысқан серігім
— Бұл кітапқа бере алсам ғой жанымды!
Күрсінеді кітаптар,
қиналады ах ұрып!
Жұлдыздардың шоғырын,
раушан гүл шоқтарын
бізге сыйлап, жоғалады ақырын...
Қарашы, әне, өмірдің
Елестері ериді,
жөңкіледі тағатсыз.
Қорғансыз қайран жүрегім,
Пыраққа қонды қанатсыз.
Бұл ең ұлы синтездеу ғой, қарашы:
Кеңістікте жолығысып жарығың мен ажалың,
Кетеді ертең жарасып.
Поэзия кітабын өлі күзге балаймын.
Ал, өлеңдер – аппақ жерге шашылған
жапырақтар қарайған.
Естіледі екпінді дауыс ырғағы,
Ұйтқып соққан желдей айдап сол дауыс,
Кеуделерді толтырады жырға бір!
Ақын деген ағаш сынды,
жемісін қайғы улаған,
Сүйгені үшін зар жылап, жапырақтары қураған.
Ақын деген – медиум!
Табиғат пен өмірдің аралығын кезетін,
Ұлылығын сөзге теліп,
Тылсымдарды түйсінетін, сезетін.
Жек көру мен қастықты да кейде олар,
Балайды ізгі достыққа.
Жолсыздар мен соқпақтарда
жорта берген беймарал!
Жайқалады қанды раушан гүлдері,
Арасында өлең кітап арқылы
Мәңгі мұңлы керуендер көшіп жатыр ілгері;
Солардан ақын жаралып,
Әр кеш сайын өксиді,
Қиялынан құрап алған әлеміне қамалып.
Поэзия – ол көктегі ащы бал,
Түссіз, мөлдір ұялардан шашырап,
Жан мекенін кезетіні рас шығар!
Поэзия – мүмкін емес мүмкіндікке талпынған.
Ол бір құдды арфа аспабы секілді,
Ішектері жалын менен жүректерден тартылған.
Ол – өмір ғой сағынышпен өткізген.
(Үміттеніп сенеміз...)
Жүзіп кеткен бағытсыз мына біздің кемеміз.
Өлең толған кітаптар – жұлдыздар ғой,
кеңістік пен тыныштықты жастанған.
Күміспенен жазады әр тармағын аспанға!
О, түпсіз ой, терең қайғы, қалың мұң!
О, Ақынның дауысын-ай, зарлы, неткен жағымды!
...Мен қалдырып кетемін кітаптарға
жанымды.
II
МЕКТЕП
Мұғалім.
- Шығады екен тұрмысқа бұл Желге кім?
Оқушы.
- Барлық ізгі тілектердің ханшасы,
мекен еткен Жер бетін.
Мұғалім.
- Тойдың сыйлық сыйласатын салтында,
Жел ханшаға нені сыйға тартады?
Оқушы.
- Құйын жасап алтыннан,
Тарту етер дүниежүзілік картаны.
Мұғалім.
- Желді қайтіп қуанышқа бөлейді?
Оқушы.
- Жел ханшаның жүрегінде гулейді.
Мұғалім.
- Қалыңдықтың кім болады есімі?
Оқушы.
- Бұл сұраққа жабық жауап есігі.
( Мектеп терезесінен жұлдыздар жымыңдайды)
III
MEMENTO
Мені өлгенде...
жерлеңдер жағажайдың құмына
Гитараммен қосақтап.
Мені өлгенде...
Апельсин тоғайына апарып,
гүлге жерле осы аппақ.
Мен өлген соң...
Желбағар боп тұрамын-ау шатырда,
Жел бағытын анықтап.
Мен өлген соң,
Тынышталсын халық та.
IV
ТЫНЫШТЫҚ
Тыңда, ұлым, түсін де
Мынау өлі тыныштықты ісінген.
Жаңғырықтар оралмайды, жоғалып
Тұңғиыққа сүңгиді.
Жүректер де ұйып, қалғып-мүлгиді.
Жүзін жауып жасырынар жан біткен,
Сезіне біл бұл күйді.
V
Бір аспанның астында,
Таулар ылғи өзген-көлге қызғанышпен қарапты.
Аспан жақтан шағылысып тұрсын деп
Қар ойланып жұлдыздарды жаратты.
Таулар тағы қанатты болуды да қалапты,
Сол аңсар мен арманнан бұлттарды олар жаратты.
VI
Сантьяго шаһары
(Мадригал)
Жүрек толы махаббатқа, жан – нұрлы.
Сантьяго жаңбырлы.
Шағылысып ақ камелия гүлімен,
Шақырайып Күнім, сен де күліп ең!
Сантьяго түні неткен қараңғы,
Жаңбыр жуды қаламды.
Күміс шөптер, армандарым өмірлік,
Ай нұрына көмілді.
Жолдың бойын паналаған тастарға,
Көктен мөлдір таза шыны тасталған.
Желге байлап қасірет пен мол қайғы,
Қараңызшы, теңіз сізге жолдайды.
Сізге теңіз жолдағанмен сор,қайғы,
Күн шыққанда ізі де оның болмайды.
Арайланып таң күлді,
Шырыл қақты жүректе бір тамшысы жаңбырдың.
VII
Құшағыңды аш, күткен ағам!
Желпуішке ұқсайды әлем жайылған.
Құдай деген жалғыз-ақ нүкте ғана.
ФЕДЕРИКО ГАРСИА ЛОРКА
Аударған Нұртілеу Қадырқұл