Рождество мейрамының үшінші күні, кеште, пошта конторындағы бойдақ журналист Ракитиннің үйінде біраз адам қонаққа жиналды. Бұл оқиға үш мың еврей мен шаруа -мазурлар тұратын, өте лас, шалғай жатқан, шағын шекаралық Красилов деген жерде болатын, тұрғындар өздерінің ішінде «қоғам» санайтын шоғыр топқа: пошта шенеуніктері, тауарларды шекарадан «өткізу пункті» арқылы рұқсат беретін адамдар, жергілікті полиция, дін иелері мен мұғалімдер, оның көмекшісі кіретін.
Жәй күндері қонақ шақыруға аса шығындала қоймайтын олар Рождество мен Пасха күндері міндетті түрде біріне - бірі кіріп шығатын, өзара қонаққа шақырысып, кезекпен «думан» сауық – сайран құратын, таң атқанша гармон, скрипка ойнап, ән салатын, би билейтін, осы жердегі адамдардың картоптан жасайтын сасық арағын ішіп, дәм татқысыз ас үй тағамдарымен сый көрсететін.
Ракитиннің екі бөлмелі пәтерінің атына сай келмейтін қонақ бөлмесінде үстел жайылды. Бірінші орындықта түрі бозарып, суға кеткен адамдай, солғын, жуан адам, «штос» пен «дьябелка» карта ойындарынан басқаны ойнамайтын, пошта конторының бастығы Шмидт отырды, Шмидтің жанында қарама - қарсы: Дьякон Василий әкей мен сары жүзді тәштек, жымысқы көзді, осы үйдің қожасы жайғасты. Қалған орындарда жергілікті пристав көмекшісі, бұрынғы казак офицері,қалжыңбас, шатаққұмар, әндеткенді жақсы көретін Павлов, оған қарсы сопыға ұқсас, шашы жалбыраған, өзін «ақырын мастық уағыздаушысы» санайтын мұғалім Мусорин орналасты. Үстелдің төмен жағында Аггей Фомич Малыгин отырды, ол пошта шенеунгі, момын, жасқаншақ адам, ылғи үстел шетінде отырады.
Аггей Фомичтің қонақтыққа баруға ниеті жоқ еді, өйткені, ол артынан оларды үйіне қонаққа шақырудан қашатын. Аггей Фомич пошта конторындағы ең байғұс шенеунік, оның жиырма екі сом айлық жалақысы әйелін, қолындағы қарт енесін, бес баласын асырауға жетпейтін. Бұндай қонақтық «думандар» оның отбасын едәуір шығынға батыратын, кейін олардың біраз уақыт ет сатып алуға мұршалары келмей, кейде тәңертеңгі шәйдан, отыннан бас тартқан кездері болды. Анда - санда жоғары жақтан пошта конторын тексеруге келетін басшылық Аггей Фомичтің үстіндегі тігісі сөгілген, кителінің шынтақтары, мойын жағасы жамалған, көгеріп, тозығы біткен мундиріне қарап жақтырмайтын. Аггей Фомичті үстіндегі киімінің тозығы мүлдем қымсындырмайтын, өйткені жоғары жақтан келгендер оның тыртиған арық денесіне, секпіл жапқан бетіне, өте сирек кездесетін шұқшиған кішкене мұртына, ағарған сақалына, оның езуіндегі жымысқы күлкісіне, аянышты көздеріне қарап, оны мүсіркеп, аяушылық білдіретін.
Аггей Фомич бұл жолы қонаққа амалсыздан келді, оған өзіне керек болғасын келді. Үнемі тісі қақсап, бет аузын байлап жүретін оның әйелі бірер күннен соң босануы керек еді; оның үстіне үлкен ұлының етігінің табаны қақырап, аяқ - киімсіз жүр еді; оған етік сатып алуға шұғыл ақша керек еді, ал оның үйінде бір тиын жоқ болатын. Жағдайының қиын болғаны сонша Аггей Фомич ұятты қойып, осы кеште Ракитин үйіндегі қонақтықта кімнен болса да, кім қанша берсе де, қайткенде қарыз ақша сұрап алуға өзін көндірді. Үстел басында отырғанда ол бұрынғыдан да ұялып, қызарып, сұрауға жүрексініп, әрлі берлі қолын уқалап, ақша сұрайтын ыңғайлы сәтті күтіп отырды. Ол үйдің қожасы ұсынған дәм тұздан ұяла қызарып, үй иесіне шығын келтірмейін деп алдында тұрған астан бас тартып отырды.
Қонақтар ішіп жеп, арақтан алып отырды. Қонаққа келгеннен олардың әңгімелері жергілікті помещик, округтің пошта бастығы, жергілікті архирейлер мен биылғы жылдың егіні туралы болды, бұл әңгімелер оларды жалықтырса да, өздері арасында күнде айтылатын бірсарындағы әңгімелер еді, бұдан кейін олар қасында отырған адамның қандай анекдот айтатынын да білетін. Аггей Фомичтің ақша сұрауға үш -төрт мәрте сәті түсіп, ол әңгіме барысында пристав көмекшісіне, қасында отырған мұғалімге еңкейіп, байқатпай сұрауға мүмкіндігі болды, оларға бұрылып, жеңінен тартып, ақша сұрауға да иілді. Бірақ әр жолы сасқалақтап, қорқып тоқтады. Олардың әңгімелері бірітіндеп өмірдің қиыншылығы, қымбатшылық туралы, адамдардың қызметінде неге өспейтіні, кішкентай шенеунік болып қала беретініне ауыса берді. Бұл әңгімелер олардың жандарына жақын еді, әркім өздерінің пікірін айтып, аяғында: «не айтсақта ең бастысы - ақша : ол үшін ақылды да, сұлу да, еңбекқор да болып керек жоқ, – алтын бұзау алдында адамдар мойын бұрады», - деп әңгімелерін аяқтайтын.
-Мен бір жолы байлыққа кенеле жаздадым, - деп бастады әңгімесін Шмидт кекіріп, жөтеліп, - Бұл Головчиндегі помещик Порчинский тойында болған болатын. Тойға поляктың жиырма паны жиналды, кешкі астан соң бірден штос ойнай бастады. Қазір есімде жоқ, қалтамда жиырма, не отыз бес рубль болатын. Олар бір мың рубльден салып ойнап жатқанда араларында бос орын болмайтын, жандарына келіп қарап тұрдым. Бірмезгілде ұзын мұртты бір помещик, жерде жатқан ақшаны жинап отыратын адам, маған бұрылып: «Сіз неге ойнамай тұрсыз?» демей ме, мен оған ойнауға осынша ақшам жоқ деп түсіндірдім. «Түк етпейді, ақшаңызды салыңыз», - дейді маған қарап. Сөйтіп мен он рублімді салдым, – бірден ұтылып қалдым, қалтамдағы ұсақ түйекті жинап, тағы он рубль салдым, – тағы ұтылып қалдым. Мені сол сәтте ашу қалай қысты десеңші?! Менің күміс екатерин рублім болатын, үнемі ескерткіш ретінде қалтама салып жүретінмін. Ойланып, ойланып келіп, соны салдым. Қолым шыға бастады, жерден бір алдым, содан кейін тағы алдым. Бес минут ішінде жерде жатқан банкті жиып алдым. Жердегі ақшаларды жинаушы маған қарап: «Енді сіз кепіл етіңіз, салыңыз» демесі бар ма. Мен, әрине, дір ете қалдым. Түсінесіңдер ғой, біреу үлкен картамен басып алса, отырып қаламын ғой. Қарасам жерде он бес мың рубльге дейін жиналып қалыпты. Тұрып кетсем бе екен деген ойда келді, біржағынанан жерде жатқан ақшаны қимаймын. Сол сәтте үстел жанына үйленіп жатқан Порчинскийдің өзі келді. «Махабатта жолыңыз болса болар, бірақ картада сіздің жолыңыз бола қоймас, кәнеки, маған берші, мен өзім салайын» демей ме. Мен оған: «Мен өзім саламын» деймін. Ол: «Сіз бе? Өте жақсы. Ал мен ва –банкқа барамын» демесі бар ма. Жұрт аң - таң. Не істейін, картаны араластыра бастадым, ол болса тіпті картасын көтергісі де келмейді, беті бүлк етпейді, тұрған бір сұрқия. Сонымен не керек, екінші картада жерде жатқан ақшаны сыпырып алды қалтасына салып кете барды. «Мен одан кейін картамды ашқым да келмеді». Отырғандар он бес мың рубльді көргендей, ақша сыбдырын естігендей Шмидтің әңгімесін үндемей тыңдады.
–Билеттерден ұтып жолы болатындар да болады, – деді ауыр күрсінген Дьякон әкей (отырғандар дьякон әкейде ішкі заим билеттері барын білетін). –Жуықта мен бір өсім алушы екі жүз мың рубль қағып алды дегенді оқыдым. Жарымаған кедей ұтып алса бір жөн, ал өсімшінің ақшасы ұтыссыз да жетпей ме? Құдайым -ау, қанағат болу керек қой.
–Әрине, мұндай да болады, – деді жуан дауысымен, ойланып отырған мұғалім. Ал біреулер билеттен бір рет ұтып алса, артынанда ұтып ала береді екен. Бұл рас па, әлде өтірік пе ? Оны кім білсін!
–Иә, солай, – деп пристав көмекшісі, бірақ бұның растығын білмеймін, ал бізде, З. – да бір көшірмешімен мынадай оқиға болды. Әлгі көшірмеші губерниялық басқармада жұмыс істейтін, басқармада жүріп көп билет жинапты, бір күні басқармаға келсе, стол басшысы: «Сергей Николаевич, сіздің билетіңіздің номері қандай?» - деп сұрамай ма.
– «Қазір қандай екені есімде жоқ, бір мың жүз жиырма үш делік» - дейді әлгі. Стол басшысы оған бірден басшысы: «Сізді құттықтаймын, сіз елу мың ұттыңыз» дейді. Газетті қараса: шынында бір мың жүз жиырма үш – елу мың ұтыс деп жазылыпты. Бұндай қуаныштан көшірмешінің есі шығып кетеді! Қуаныштан ұтысын түскі аста шампанмен жуады, бәрі құттықтап, лебіздерін айтады. Ал келесі күні сол газетте бір мың үш жүз жиырма төрттің орнына бір мың жүз жиырма үш деп қате жызылыпты деген түзету басылады. Байғұс көшірмешінің қаны көтеріліп, жынданып кете жаздады.
Барлық жерде олар жинала қалғанда адамның мезін шығаратын біріне бірі ұқсас, бір қалыптағы әңгімелер айтылатын: Ротшильд Парижге жалаң аяқ, жалаң бас келіп, көшеде сіріңке сатып жүріп, артынан жүз миллион жылдық табысқа қалай қол жеткені, жер астынан Вандербильдт тауып алған шексіз олжалар туралы, адамға нанғысыз карта ұтыстары, биржалық табыстар, күтпеген жерден туыс болып шығатын американдық миллионер – нағашылар туралы әңгімелер жарыса айтылатын.
Аггей Фомич мұндай әңгімелерді өзі айтпаса да ынтасымен тыңдайтын. Өңсіз ұсқынына қарамастан айтылып жатқан әңгімелер оны керемет қиялға батыратын, ол оқиғаларды көз алдына елестетіп, аузы құрып тыңдайтын. Ойда жоқта түсе қалған байлық, өздерінің ерке наздарынан бас тартпайтын миллионер аталатын байлар туралы әңгімелер Аггей Фомичті толғандырғаны сондай, ол сол сәтте әйелін туғызып алу үшін акушерге төлеуге, ұлына етік сатып алуға, не бәрі бірнеше рубльге зар болып отырғанын ұмытып кетті.
–Кейбіреулер көшеде келе жатып та ақша тауып алады, – демесі бар ма, Аггей Фомич аузынан қалай шығып кеткенін өзі байқамай.
Отырғандар оған таңырқап қарайды, - ол кеш басталғаннан бері бір ауыз ашқан емес еді, Аггей Фомич ұялғаннан басы салбырап, көзін үстелден алмады.
–Көшеде ғана емес, біреудің қалтасынан да... , – шығар деп пристав көмекшісі кекетті.
–Қонақтар пристав көмекшісінің ащы мысқылына емес Аггей Фомичтің абыржыған ұсқынына қарап, олар біраз күліп отырды, одан соң қонақтардың әрқайсысы арты ашылмаған, ақша ұрлықтары туралы әңгімелерді айтып жалғастырды. Аггей Фомичтің көз алдына тағы да он мың, жүз мың рубльдер, аса көп орамдағы ала –құла ассигнациялар, ақшаның есебін білмейтін сиқырлы байпатша есімдері орала бастады. Ол әңгімелерді гастроном дүкені терезесінің алдында аузынан сілекейі ағып қарайтын аш адамдай тыңдады.
–Қабырғада ілінген ескі сағаттың қырылдаған даусы сағат бірді соқты. Дьякон әкей ұзын жеңдерін оң қолына жинап орнынан тұрып қоштаса бастады, Аггей Фомичтен басқа қонақтарда орындарынан тұрып кете бастады.
Аггей Фомич Ракитин қонақтарды есікті майшаммен жарықтап шығарып салғанша отырған орныда қозғалмай, үстел үстіндегі нан үгіндісін шұқылап отырды. «Қазір Ракитин келген бойда сұраймын, тек батыл болу керек. Ақша сұрағаным үшін мені жеп қоймас» деп жұбатты. Ақыры Ракитин де кірді, Аггей Фомич қонақтармен неге бірге қайтпағанын түсінбей оның қасына келіп отырды. Аггей Фомич бірден ақша сұраудың орнына жұмысы туралы, жалақысы туралы ұзын сонар бос әңгімені айта бастады. Ракитин әдеп сақтап, ұйқылы көздерімен есінеп, тістеніп отырды. Осылай жарты сағат өтті, шыдамы таусылған Ракитин есінеген даусын қаттырақ шығарып:
–Неткен опасыздық десеңізші! – Ертең менің кезекшілігім!... деп орнынан атып тұрды.
Аггей Фомичте орнынан тұрып, кешірім сұрай бастады. Сұрланған бойы ол сыртқы есіктің тұтқасын ұстай беріп, ішкі қорқынышын басып Ракитинге бұрылды:
–Менің саған кішкентай... , яғни бұйымтайым бар еді.
–Ол не? - деп Ракитинде алаң –жұлаң сұрады.
–Түсінесің бе, мен сені ... мазаламас едім, ...әйелім, міне, босану керек еді.... Сен түсінесің ғой , маған ... керек болып тұрғаны, ал мен жиырма рубльді ... қалдырмай қайтарам - ол он рубль дегісі келіп еді, бірақ аузынан жиырма рубль қалай шығып кеткенін өзі де байқамады, ол бұл сомадан өзі шошып, ең болмағанда бес рубль берсе де жаман болмас еді деп ойлап үлгерді.
–Құдай ақы бір тиын жоқ, –деп, Ракитин екі қолын кеудесіне қойып, нандырып айтты, - Түсінесің бе үйде бір тиын жоқ.
Ракитиннің тым шын айтқанына қарап, Аггей Фомич оның ақшасы болса да қарыз бергісі келмейтінін түсінді. Кешірім сұраған болып міңгірлеп, Аггей Фомич сыртқа шықты.
Тыныш жарық сықырлаған аязды түн болатын. Көшелерді күртік қар басып, бақа үй төбелеріне ақ жиналып, ағаштарды ақ қырау басқан түнгі жым жырт еді. Аяқ астында қар сықырлайтын. Аггей Фомичке жаяу ұзақ жүруге тура келді. Оның ойынан ақша шықпай қойды. Ол тар, салқын, жасыл түсті терезе көздерінің жиегі бітелген, үнемі таршылық пен кедейшілікпен бірге бала жаялығының иісі мүңкіп тұратын бақалтақ үйіне келетінінен зәресі қашты. Егер әйелі, оның алдынан шығып, дауысы қарлығып ақша қайда деп сұраса не дейді? Иә, арақ іштім, сыра іштім, қуырылған торай етін жедім дей ме, ал үйінде оның бала шағасының қарны ашып, әкелері ақша тауып келеді деген үмітпен ұйқыға кетті емес пе?.
–О, Жаратқан, Құдай! - деп күйінген Аггей Фомич, - неге сен біреулерге үйіп төгіп бересің, бақытты өмір бересің, молшылық жібересің? Сен мені неге ұмыттың? Мысалы ғой, кейбіреулерге ақша керек болмаса да ақша тауып алады. Мен өмірде біржолғы болса да ... тым болмаса он, жоқ, жиырма рубль тауып алдым ба?! Акушеркаға төлер едім, Васюткаға етік сатып алар едім, Лелеге жылы кішкентай пәлте.... Қазір жолда келе жатып неге әмиян тауып алмасқа? Мұндай оқиғалар талай болады емес пе, жиі болады; бұл туралы жазып та, айтып та жатады?
Аггей Фомич өзінің қияли мінезіне қарай көшеде келе жатып жерден қалың, былғары әмиян тауып, ашып қараса тұтас бір бума жүз рубльдік ақша, ішінде ұтыс билеттері барын, оның отбасы кең, жылы, жарық пәтерге көшіп, жаңа үйіне жиһаздар кіргізіп, балаларына әсем, жылы көйлектер тіккізіп жатқаны көз алдына елестеді..., көп ақшаға бәрін алуға болады емес пе?
Аздап ішкен бірнеше арақ рюмкасының әсері ме, әлде өзіне деген сенім бе екен Аггей Фомич ішінен бүгін, дәл қазір көшеден кездейсоқта әмиян тауып аламын деген адам нанғысыз сенім пайда болды. Неге бүгін солай болуы керегін ол өзі де түсінбеді, ойлағанда емес. Ол өзіне сенімді, басын көтерместен, төмен түсіріп, аяқ астына мұқият қарап келе жатты.
–Қазір..., міне, қазір....енді..., – деп сандырақтан сыбырлап, – басқалар тауып алады, енді бірнеше қадам... қазір...қазір...
Кенеттен ол қар жолдың үстінде шағын төртбұрыш нәрсені көрді, бұл оның желіккен қиялының елесі емес еді. Ол қуаныштан тұншыға жаздап, шашы тікірейген бойы Аггей Фомич жан - жағына ұрлана қарап, жерде жатқан нәрсеге ұмтылды....
Аггей Фомичтің қолына былғары жуан әмиян ілікті.... Әуелі күтпеген жерден оның ойының дәл келгені бірнеше секундтарға оны есеңгіретіп жіберді, кәдімгі әмиян қолында тұрғанына көзі жеткен ол жан ұшыра әмиянды төсіне тығып, үйіне қарай жүгіре жөнелді....
Аггей Фомичке жарты шақырым жүгіруге тура келді. Жылдам жүруге үйренбегендіктен оның кеудесінің асты шаншып, алқымына құрғақ, ащы қақырық жиналып, басы айнала бастады. Бірақ ол тоқтамады, егер ол тоқтаса, сәл кідірсе, біреу қуып жететіндей, тапқан олжасын біреу тартып алатын сияқты көрінді. Жүгіріп келе жатқанда басынан бөркі түсіп кетті. Еңкейіп көтергісі келіп еді, бірақ қолын дереу бір сілтеп, әрі қарай зымырай түсті. Ол қуаныштан: «Әлі мың бөрік сатып аламын!» деп сыбырлады.... Оның есікті дүрліктіре қаққан дыбысынан шошып оянған әйелі қолындағы май шамын ұстап шығып есік ашты. Балалары зәрелері ұшып ұйқысынан оянып, төсек үстінен әкелеріне қарап тұрды. Аггей Фомич өңі қашқан, қара терге түскен, тентіректеп барып орындыққа жалпия кетті...
–Анечка! Балалар! – деп ол қарлығып, тауып алған әмиянын басына көтеріп, сілкіп- сілкіп тұрды. – Мынаның ішінде.... мына әмиянда...ақша... жүз мың.., енді пәтер жалдаймыз. Аня... шампан әкел..., төрт жүз мың... түсінесіңдер ме? Урра-а!
Бүгін Аггей Фомичтің байлығы соншалықты, оның миллиондарына қарағанда Голкон мен Калифорния байлығы түк емес. Оның ат қорасында алпыс мың жылқы мен үш миллион бес жүз мың күйме тұрады. Ол әлемдегі барлық темір жолдардың, оның ішінде, жерден Юпитерге тартылған жаңа теміржолдың да директоры. Оның қолы тым ашық, ақша сұрап келген кедей кепшікке қолына бір, екі миллион ақша ұстатып жібереді. Ол өте мейірбан, өте жуас, жұмсақ адам, бір нәрсені ғана көтере алмайды – ол үш сомдықтар, жүк түбіртегі мен газет хабарландыру қиындылары тығылған тері әмиян ішінен біреу - міреу бірдеңе алғысы келсе, ол жынданып шыға келеді. Сол кезде қасында тұрғандарға қолына түскенді лақтырады.Аггей Фомичті балалары өте жақсы көреді, оны күтіп бағады. Ол да жақындарына солай жауап береді.
Ең аяғында біздер білмейтін нәрсе, есуастар кейде дені сау адамдардан әлдеқайда шексіз бақытты шығар дегенде ой келеді?
Тәржімалаған Салауат Кәрім