90

АНТОН ЧЕХОВ. КӘРІЛІК

Архитектор, статтық кеңесші Узелков туған қаласына келді, ол мұнда зират шіркеуін қалпына келтіруге шақырылған еді. Узелков осы жерде дүниеге келді,  оқыды, өсті және үйленді, вагоннан шыққан бойда туған қаласын танымай қалды. Бәрі өзгеріп кетіпті.... Он сегіз жыл бұрын Питерге қоныс аударып кеткенде, қазіргі теміржол вокзалы тұрған жерде ол бала кезінде сарышұнақ аулаушы еді; енді, басты көшеге кіре берісте төрт қабатты «көп нөмерлі Вена» зәулім үйі тұр, бұрын осы жерде сиқынсыз сұр қоршаулар созылушы еді. Алайда қоршаулар да, үйлер де адамдар секілді өзгермеген. Нөмерге жауап беретін малайдан есінде қалған адамдарды сұрап, білетіндерінің жартысының көбі өмірден өткенін, кейбіреуі  кедейленгенін,енді біреуі  ұмытылғанын естіп білді.

– Ал Узелковті білесің бе? – деп малайдан өзі туралы сұрады. -  Узелков, архитектор, әйелімен ажырасқан болатын, Свиребеевский  көшесінде оның үйі болатын... Есіңде шығар әлі!.

– Есімде жоқ -с…

– Қалайша, есіңде жоқ! Үлкен істі болған, арбакештердің бәрі оны білетін. Кәне, есіңе түсірші! Оны әйелінен әйгілі алаяқ .... айлакер, сот істерінің шенеунігі ажырастырған, оны клубта адамдар соққыға жыққан Шапкин деген болатын....

– Иван Николаич па?

– Иә, иә... сол, не ол тірі ме өзі ? Әлде өлді ме?

– Құдайға шүкір, тірі, ол қазір нотариус, өзінің кеңсесін ұстайды. Жақсы тұрады. Кирпичный көшесінде екі үйі бар. Жақында қызын күйеуге берді.

Узелков бұрыштан бұрышқа ытқып, біраз ойланып, ішін  пыстырмас үшін Шапкинмен жолығуға шешті. Қонақ үйінен шығып, Кирпичная  көшесімен  аяңдағанда  тал түс болатын.  Ол Шапкинді кеңсесінде тауып алғанда, оны әрең таныды. Бір кездегі сұңғақ бойлы, арсыз бетпақ  Шапкин ақ  шашты, шілтиген жұпыны кәрі адамға  айналыпты. Сіз мені танымаған  шығарсыз,  ұмытқан  боларсыз?–деп бастады Узелков – мен сіздің бұрынғы клиентіңізбін, Узелковпін.

– Узелков? Қандай Узелков? Иә?

– Шапкин Узелковті есіне түсіп, таныған соң,  таңырқаған бойы сұрақ  жаудырып, айқайлап  даурықты.

– Міне күтпедім!   Кім ойлаған,  – деп қарқылдап күлген  Шапкин -  Сізге не  ұсынысам екен...?  Шампан қалайсыз ба? Әлде устрица жейсіз бе?   Сол кезде менің  сәулетайым, сізден көп ақша сорды емес пе,  мен сізге  сияпат жасай  алмаймын ба....

– Мәрхабат, мазаланбаңыз,-  деген Узелков – Уақытым жоқ.  Мен  қазір зиратқа баруым керек, шіркеуді  көруім керек. Маған тапсырыс берген – деп тартынды.        

– Өте жақсы! Біз қазір жүрек жалғап алған соң бірге  барамыз. Менде  жүйрік  аттар бар!  Мен сізді  өзім  алып  барамын, старостамен таныстырамын... бәрін өзім ұқсатамын.... Не сонша, періште бола қалғансыз ба, әлде менен қашқаныңыз ба, әлде қорқасыз ба? Жақын отырыңыз! Енді қорқатын ештеңе жоқ,  Хе –хе ... Бұрын жылпос едің.... жаныңа адам жуымайтын, енді судан таза, жусаннан аласа болып қалғаның не; әлде қартайдың ба, отбасылы  болдың ба ... балаларың  бар шығар, сірә.  Әлде өлетін кез жетті ме!

Олар жүрек жалғап, ұрттаған соң, қос ат жеккенмен қала сыртындағы зиратқа жөнелді.

 Иә, бір кездер өткен екен! — деп бастады Шапкин, шанада отырып. - Айтса сенгісіз. Есіңізде ме жұбайыңызбен қалай ажырасқаныңыз?  Жиырма жыл өте шықты, мүмкін сіз бәрін ұмытқан шығарсыз, алайда мен сізді кеше ғана ажырастырып алғандаймын. Құдайым ау, мен сол кезде қанша адамның қанын іштім десеңші! Мен бірдеңеге жабыссам, уысымнан шығармайтын, нағыз жанкешті едім ғой…. Не бір сорақы істі көрсем, оған тәуір төлейтін болса, мәселен, сіздің  ажырасу сияқты, оны қағып алуға асығатынмын. Сол кезде сіз маған қанша төледіңіз? Бес алты мың ба! Мұндай ақшаға қалай біреудің қанын ішпейсің? Сіз сонда маған бәрін қалдырып, білгеніңді істе, - деп Санкт-Петербургке тайып кеттіңіз емес пе! Сіздің жұбайыңыз, марқұм София Михайловна саудагер әулетінен шықса да, тәкаппар, намысқой әйел еді ғой. Кінәні өз мойнына алуы үшін пара беру оған қиын болатын, өте қиын болатын! Мен келіссөздер жүргізуге келсем, алыстан мені көріп, қызметші әйелге: «Маша, мен саған мына жексұрынды кіргізбе деп бұйырдым емес пе!» деп айқайлайтын. Мен біресе олай, біресе былай.... дегендей, содан оған хат жаздым, кездесуге шақырамын, көнбейді!  Ортаға адам салып, әрекет етуге тура келді. Ұзақ уақыт арпалыстым, сіз оған он мың беруге келіскен де берілді емес пе. Он мыңға қарсы тұра алмады, шыдамы жетпеді. Жылап жіберді, бетіме түкірді, бірақ келісті, кінәні мойнына алды!

Ол менен он емес, он бес мың алған , - деді Узелков.

 Иә, иә, қателестім, он бес! - деді  Шапкин  абыржып  — Алайда, бұрын болған іс, несіне жасырайын. Мен оған он бердім, ал қалған бесеуін өзіме алып қалдым. Екеуіңді де алдадым... өткен іс,  ұялатын несі бар,  Борис Петрович, өзіңіз ойлап қараңызшы,  мен сізден алмағанда кімнен алуым керек еді. Сіз байсыз, әбден тойынған адамсыз, Сіз тоқтықтан үйлендіңіз, тоқтықтан ажырастыңыз. Сіз байлықты, оңды солды шаштыңыз, бір мердігерден жиырма мыңды жәй қағып алатынсыз. Мен сізді сормағанда кімді соруым керек еді?  Иә, шынын айтайын, қызғаныш та жеді ғой, егер сіз біреуден шап беріп қағып алсаңыз сізге басын изейді,  ал мен рубль алсам жағамнан сүйреп, жағымнан соғатын, клубта да олар жағымнан ұрды, несіне еске алайын!  Ұмыту керек.

– Айтыңызшы, Софья Михайловна содан кейін қалай өмір сүрді?

– Он мыңмен бе? Жаман сүрді -с....  Желігіп кетті, байғұс,  жаны мұңға батты ма, әлде өзін ақшаға сатқаны үшін ар-ожданы оянды ма, әлде намыстан күйді ме, мүмкін сізді жақсы көрді ме, құдай білсін, ішкілікке салынды. Ақшаны алғаннан кейін үш ат жеккенмен офицер мырзалармен қыдырды да жүрді. Ішімдік, сауық сайран, жеңіл жүріс....  офицерлермен  трактирге қонады, портвейнмен, жеңілдірегімен шектелсе ғой, бір сірә, бірден коньяк-с тапсыратын, есінен танғанша ішетін, өзінен жамандықты қуса керек.

– Иә, біртүрлі, елден оғаштау еді, көп қиындық көрдім, төздім. Кейде бір нәрсеге ренжіп, жынданатын еді, содан кейін не болды дейсіз ғой?

– Бір апта өтті ме екен, үйде іс тігіп отырғанмын. Кенеттен есік ашылып, мас күйінде Софья Михайловна ішке кірді. Бетіме бір буда ақшаны лақтырып: «Қарғыс атқыр, мә, ақшаңды өзің ал! дейді. Сірә, шыдамаған  ғой!  Мен ақшаны жерден көтеріп, санап алдым,  бес жүз рубль  жетіспейді. Тек бес жүзін ғана шашыпты.

– Сіз ақшаны қайда  жібердіңіз?

– Өткен іс... несіне жасырайын ... әрине, өзіме алдым!  Маған неге солай  қарайсыз?  Тоқтай тұрыңыз, одан әрі не болды дейсіз ғой  ...Бір жатқан  роман,  жындыхана!  Бір -екі айдан кейін бе екен  түнде үйге  мас  келсем ... енді шамды  жаға беріп едім, менің диванымда  София Михайловна отыр,  әбден  мас,  құты қашқан, жабайы біреу, Бедламнан қашып келгендей.... «Менің ақшамды қайтарыңыз, ойымнан қайттым» дейді. Құласам құздан құлайын!  Бері қара маған, ақшамды қайтар жексұрын !» дейді. Масқара!

– Ал сіз қайтардыңыз ба?

– Есімде, он рубль бердім бе екен.…

– Әй! Солай істей ме екен? -  деп тыржиған Узелков –  Егер сіз оған өзіңіз бере алмасаңыз не бергіңіз келмесе, маған жазбадыңыз ба! Ә? Мен ғой, білмедім! Білмедім!

– Қарағым, сізге неге жазуым керек еді, егер артынан ауруханада жатқанда сізге өзі жазды емес пе?

– Мен сол кезде жаңа неке қиямын деп шарқ ұрып жүрдім, хат жазатын мұршам  болды дейсің бе, қолым  тимеді, ал  сіз болсаңыз, оған жақын адамсыз, сіз Софьяны жек көрген емессіз, неге қол ұшын бермедіңіз?

– Борис Петрович, өткенді бүгінгі кездікпен өлшемейік. Біз қазір солай ойлаймыз, ал сол кезде мүлдем басқаша ойладық емес пе, мүмкін мен оған қазір мың рубль сұраса да берген болар едім, ал  сол кезде он рубль бергенді  бекер деп білдім. Жаман  оқиға!  Ұмыту керек.... Мінеки,  бізде келдік….

Ат шана зират қақпасы алдына тоқтады. Узелков пен Шапкин шанадан түсіп, қақпадан кіріп, ұзын алаңға  бет алды. Жалаңаш тұрған шие ағаштары, акациялар, сұр кресттер мен ескерткіштер мұз қыраудан күмістеніп, әрбір қар қылауы күн сәулесімен шағылысып, шуақты күн тұрды. Барлық зираттардағыдай: хош иісті зат пен жаңа қазылған қабырдың  иісі аңқып сезілді

– Зират жақсы екен, - деді Узелков. – Бақ секілді!

– Иә, өкініштісі, ұрылар шойын ескерткіштерді тонайтыны болмаса, әне анау шойын ескерткіштің  артында София Михайловна жерленген. Көргіңіз келе ме?

Екеуі оңға бұрылып, күртік қармен шойын ескерткішке қарай аяңдады.

– Міне, мына жерде жатыр… - деді  Шапкин, ақ мрамордан тұрғызылған шағын ескерткішті көрсетіп. -  Бір прапорщик осы ескерткішті қойыпты.

Узелков бөркін ақырын шешіп, күн сәулесіне жалтыр басын тосты. Шапкинде оған қарап, бөркін шешті, екінші жалтыр бас күн сәулесіне  шағылды. Айналада, қабыр басында тыныштық, ауа да демін алмай тұрды. Достар ескерткішке  қарап, үнсіз тұрды.

– Өзімен өзі тыныш,  ұйықтап жатыр! -  Шапкин үнсіздікті бұзды.   -  Борис Петрович, қайғысы да, уайымы да жоқ, кінәсін мойнына алғаны да, коньяк ішкені де жоқ. Мойындаңыз, солай емес пе!

– Не дейсіз? – деп түнере қарады Узелков.

– Өткен өмірім сонша  жексұрын  болғанмен,  мынадан  жақсы емес пе,  -  деп Шапкин басында қалған  кішкене ақ шашын көрсетті.

– Кім өлерін білген... Өлерін білсе, алдын ала сабан төсер ме еді, енді нешік!-  деді Шапкин тоқтамай.

Узелков мұңға батып, кенеттен аяушылық білдіріп, өксіп  жылағысы келді, жыласа жаны жеңілденіп, серігетін секілді сезінді. Көзіне жас келіп, алқымында тас тұрғандай сезінді, алайда қасында Шапкин тұрғасын, жүрексініп, оның көзінше жыламады. Ол бірден артына  бұрылып, шіркеуге  бет алды.

Старостамен сөйлесіп, шіркеуді тексеріп, екі сағаттан кейін ісін бітірген соң Узелков Шапкин священникпен сөйлесіп тұрғанда, сәтін тауып зират басына ұрыларша жасырынып, артына жалтақтай қарап, ұрланып келді, кішкентай ескерткіш Узелковке ажырасқан әйелді емес, ескерткіш астында күнәсіз қыз жатқандай ой салды.

«Жыла, жылау  керек!» - деді  Узелков өзіне.

Алайда жылайтын сәт өтіп кеткен еді. Узелковтің  көздері жыпылықтап, жылайын деп күштенгенімен, көзінен жас шықпады, он минут тұрған соң  қолын бір сілтеп, Шапкинді іздеп, артынан кетті.

 

1885 жыл

Тәржімалаған Салауат Кәрім