Синтаро Исихара – жапон елінің ұлы жазушысы. Ардақты азаматы. Оның кітаптары – әлем әдебиетіне қосылған асыл еңбектер. Назарларыңызға әйгілі жазушының «Халықаралық Абай клубы» шығарып жатқан жинағынан шағын әңгімесін ұсынып отырмыз.
Бұл оқиға ертеректе болған… Гакусюин колледжінің бірінші курс студенттері дайындалатын ғимараттан ары қарай жүріп, Акасака сарайының шарбағының жанынан өтіп, әрі қарай төбешіктен түссе, Гондавараға апаратын көшеге шығуға болады. Төбешіктен түсіп келе жатқанда, оң жақта бұрылыс бар. Дәл сол жерде «Мацухира» атты кішкентай қонақүй орналасқан. Қазір сол қонақүйді неге таңдағанымызды ұмытып та қалыппын. Біздікілердің біреуі сол жерде туған күнін атап өткісі келді. Ал менің яхтаға бірге шығатын және покерді бірге ойнайтын әріптестерім сол жерде Ескі жылды атап өтпекші болды.
Сол жылы суық ерте түсті. Рождествоға дейін біраз уақыт болғанымен, кешкісін жабысқақ қар жауды. Қардың соңы суық жаңбырға ұласты. Жаңбыр кешкісін сіркіреп жауып, түңгі он бірге таман нөсерге айналды. Бәріміз машинамен келгенбіз, бірақ ауа райының бұзылғанын көріп, басқа жаққа барып көңіл көтергіміз келмеді. Арамыздағы кейбіреулер осы қонақүйде тағы бір түнге қалып таңға дейін покер ойнаймыз деп шешті. Бірақ бір досымыз Нингётёге қайтуы керек еді. Біз Сиёмизду досымыз екеуміз онымен бірге Ситамати ауданында жиі арақ ішетінбіз. Біз оны үйіне дейін шығарып салып, қонақүйге қайтып келуіміз керек болатын. Жанымыздағы екі үстелде басталып кеткен покер ойынына кейін қосылармыз деп ойладық.
Рөлге Сиёмидзу, мен оның қасына отырдым. Досымыз артқы орындыққа жайғасты. Біршама ішімдік ішіп алған ол машинаның есігі жабыла сала, отырған жерінде ұйықтап қалды.
Далада қар аралас жаңбыр жауып тұрды. Машинаның шөткесі терезенің алдындағы балшықты тазарта алмады. Айналада көше шамдары аз еді. Машина фарының жарығы анық бірдеңе көруге жеткіліксіз болды.
Біз сарайға дейін жетіп, солға бұрылдық. Жүз метр де жүріп үлгермедік, жол түйісінен түсініксіз бірдеңені байқадық. Сиёмидзу жақынырақ жүріп келіп, жылдамдықты баяулатты да, фарларды жарқ еткізіп жақты. Машинаның терезесінен құйып тұрған жаңбырдың ар жағындағы қара түнектен адамның тұлғасы әрең көрінді. Бірақ алдымызда адамның тұрғанын бірден байқамадық.
Жасы нешеде еді? Біз сияқты отыз бес шамасы. Шылқылдап су болған плащының жағасын көтеріп алыпты. Ол бізге тоқтаңыздаршы деп белгі берген жоқ. Бірақ мұндай жаңбырлы желтоқсанның түнінде мұндай бұрыштан машинаны көру оңай емес екенін түсіндік. Түнгі уақыт болғанмен, бұл адам шарап ішпегенге ұқсамайды. Оның суық жаңбыр астында плащ киіп тұрғанын көргенде біздің өзіміз суықта тұрғандай тітіркеніп, жиырылып қалдық.
Өзіміз де ішімдікті ішіп алып, жылы машинаның ішінде ыңғайлы отыр едік. Мен ауызымды ашып та үлгермедім, Сиёмидзу көлікті жаңағы адамның жанына тоқтатып, терезені ашты. Біз адамды жақыннан көре алдық. Ал ол дәл жанына келген машинаға үндемей қарап тұрды. Әлсіз машина фарының сәулесіне ол адамның бір бүйірі ғана көрінгенімен, біз оның шылқа су болғанын түсіндік.
Қане, отыр! Жолымызда болса, машина ұстай алатын бір жерге апарып тастаймыз.
Ер адам Нихонбаси ауданына бару керектігін айтты.
– Жолымызда екен! Біз Нингётёге бара жатырмыз, – деді Сиёмидзу.
Олар ашық терезе арқылы сөйлесіп тұрғанда, менің бетіме жаңбыр тамшылары тиді. Сиёмидзу бұрылып артқы есікті ашты. Әлгі адам еңкейіп барып машинаға отырды. Нингётёде тұратын досымыз тіпті жаңадан отырған жолаушыға мән бермей ұйықтап жатты.
Есік ашылғанда қосылатын жарықтың арқасында мен оның түрін бірнеше секунд ішінде көріп үлгердім. Соншалықты мас болды ма, әлде суықта тұрып тоңып қалды ма, ол бір ауыз сөз айтпастан тек сәл ғана басын изеді. Шаштары маңдайына жабысып қалыпты. Өзінің ішіне бір дүлей күш кіріп алғандай көздері бадырайып кеткен, қолдары қозғалмастан жатыр.
Машинаның терезесі мен есігі кішкене ғана ашық тұрғанымен, үсті-басы су болып қалған жолаушының кесірінен салонның іші суып кетті. Мен алдыңғы орындықта отырғаныммен, оның ылғалды өзіне сіңдіріп алған денесінен шыққан суық лепті сезіндім.
Ол орындықты су қылып тастаған шығар. Бірақ малмаңдай су болған оған плащын шештіру қатал болар еді. Ештеңе деместен Сиёмидзу машинаның жылытқышын ең жоғары деңгейге көтерді. Салонның іші сонда да жылынбады.
Жол бойында машиналар аз болды. Біз Нихонбасиға тез-ақ жетіп бардық. Әлгі адам оны осы ауданға дейін жеткізуін сұраған, енді осы жол қиылысындағы көпірден түсіп қаламын деді. Бізге немқұрайлы рахмет айтып, машинадан шығып кетті. Жаңбыр болса толассыз жауып тұрды. Ол қайда барады? Бұл жерде адамдар да, машиналар да жоқ. Айналада тек үлкен ғимараттар.
Сиёмидзу акселлераторға басты. Артыма қарап едім, машинаның артқы терезесі буланып кетіпті.
Сиёмидзу да мен сияқты ойлаған шығар: «Сенің ойыңша, ол қайда бару керектігін біле ме?»
Машина үйдің алдына келіп тоқтағанда, біз жол бойы ұйықтап келген досымызды ояттық. Далаға шығып бара жатып: «Мына жер неге су? Қандай суық!» деді.
– Жол бойынан үсті-басы шылқа су бір жолаушыны алғанбыз.
– Мәссаған! Мен ештеңені де байқамаппын ғой!
Досымыз бүкірейіп, артына қарамастан кіре берістегі шатырға жүгіріп кетті.
Барған жолымызбен бізді қонақүйде күтіп отырған таныстарымызға кері қайттық. Бейтаныс жолаушыны тастап кеткен көпірден өтіп бара жатып айналаны көзіммен шалып өттім. Бірақ оны көрмедім.
Қайтар жолда жылбысқы қар әлі жауып тұрды. Машинаның терезе тазартқыштары алдыңғы терезені қанша тырысса да тазарта алмады.
– Бұдан гөрі қар жауғанын қалар едім, – деді Сиёмидзу. – Әлгі адам сияқты қар астында су болмайсың.
Түсініксіз себептен, машинаның жылытқышынан ешқандай әсер болмады.
Біз Акасака сарайының қақпасынан өттік, Гакусюин алдында тұрған бағдаршамнан солға бұрылдық, төбешіктен түстік. Сол кезде фардың жарығы жолдың оң жағындағы бірдеңеге түсті. Басында көзіме жай ғана елестеп тұрған шығар деп ойладым. Бірақ бұл адам еді. Ол біз апарып тастаған жолаушы тұрған жерде тұр екен. Күмән жоқ. Тура сол жер, тура сол адам… Ешқандай қате жоқ. Оның үстінде плащ, үсті-басы су-су.
Сиёмидзу тежегішті басты, бірақ кейін педальді жартысына дейін басып, бейтаныс адамның жанынан зу етіп өтіп кетті. Оның бетіне қарамауға тырыстық. Оны тек көз қырымызбен көрдік. Бірақ екеуміз де ол сол адам екеніне сенімді болдық. Алайда Сиёмидзу бұның шын екеніне көз жеткізу үшін тоқтаған жоқ.
Қонақүйдің тұрағына кірген соң, біз бір-біріміздің көзімізге қарап, кейін артымызға бұрылдық. Дәл осы кезде белгісіз бір себеппен жылытқыш жұмыс істеп кетті.
«Сенімдісің бе?» деп сұрадым.
– Сенімдісің бе дейсің бе? Маған солай сияқты…
Сиёмидзу осы сөздерден кейін бірнәрсемен қоштасқандай алдына қарап, бар күшімен клаксонды басты.
Біздің бөлмемізге біреу кірсе: «Суық. Далада суық дегенім ғой. Ана жігіт осы жерде қонып шықса дұрыс болар еді. Тағы бір стақаннан ішеміз бе?» – дегенді естір еді.
Бұны ойын картасын ұстап отырған, екі көзі виски бөтелкесіне қадалып қалған екеуміздің біреуіміз айттық.
Орыс тілінен
қазақшалаған
Зарина
БАЙМУСИНА