43

САИД АХМАД. «КӨКЖИЕК»

 

 

Өзбекстанның Халық жазушысы, Өзбекстан Халық қаһарманы

САИД АХМАД

 «КӨКЖИЕК» (Ufq) трилогиясынан үзінді

(1-бөлік)

Бірінші бөлім

 

I

 

Зырыллама көшесінен сәл өте бере сол жаққа қарай жіңішке бір бұрылыс кетеді. Қалың тал көлеңке түсіріп тұратын, жиегімен сылдырап су ағатын бұл көше, әсіресе, аптап жазда тым-тырыс күйге енеді. Саман дуалдардың ар жағынан шаң басқан көкбалақ өріктер мен терекке өрмелеп шыққан ақ жүзім сабақтары көрініп, көшеге ерекше ажар дарытып тұратын.

Елу жастар шамасындағы бір кісі бешпетінің етегіне төрт-бес хандалақты түйіп алып, асықпай аяңдап келеді. Қарамаймен майланған көн етігінің табаны жерге нық тиген сайын құрғақ топырақ бұрқ етіп көтеріліп, қонышына қонады.

Көшенің қос бетіндегі үлкен-кіші қақпалардың алды тап-таза, көрікті. Әр үйдің алдында шағын сәкі. Арық жиегінде жұпар иісті райхан жайқалып тұр. Бір сәкіде ақ сақалды қария шәйнегін шапанының өңірімен қымтай ұстап, терең ойға шомып отырған еді. Таяғы тізесіне көлденең қойылған. Алдындағы дастарқанда екі күлше нан, бір тәрелкеге уатылған шақпақ қант және құмыраға салынған райхан бұтақтары тұр.

Хандалақ көтерген кісі қарияның қасынан өте бере аяңын баяулатты.

– Ассалаумағалейкум, ата!

Қарияның құлағының мүкісі бар болса керек, дауысты анық естіген соң ғана селк етіп басын көтерді.

– Уағалейкумассалам... Икрамсың ба? Аман-есен жүрсің бе, қарағым? Әлгі жалғыз тұяғың аман ба? Кел, бір кесе шай ішіп кет.

Икрам қарсы келмеді. Жайлап келіп сәкі шетіне отырды.

Қария шай құйып ұсына бере ауаны терең иіскеп, жан-жағына көз жүгіртті.

– Мына иісті қарашы... Хандалақ пісіпті-ау, шамасы.

Икрам етегіндегі қауындардың бірін алып, қарияның алдына қойды.

– Дәл таптыңыз, ата. Алғашқы хандалақтар пісіп жатыр. Амандыққа біреуін сіз алыңыз.

Қария хандалақты қолына алып, ұзақ иіскеді. Көзі сығырайып, біраз үнсіз отырды да ауыр күрсініп:

– Құдай осы күнге де жеткізді-ау... «Піскен жемістің дәмін татпай кетермін» деп ойлап едім. Шүкір, – деді.

Икрам беліндегі жез сапты пышағын қынынан суырып, қарияның алдына қойды.

Қария басын шайқады.

– Қой, қарағым. Мұны немереме өз қолыммен жарып беремін. Өзім де соны сағынып жүр едім. Хандалақты сылтау етіп, барып бір көріп қайтайын.

Икрам жымиып қойды.

– Немереңіз хандалақты әлі талай жейді ғой. Өзіңіз жеңіз.

Қария мейірлене күлді.

– Немерем мойныма асылып, былдырлап тұрмаса, ас тамағымнан өте ме?

Шәйнектегі соңғы шайды кесеге сарқып құйып, өзі бір ұрттады да, бетін сипап бата қайырды.

– Күн қызбай тұрғанда барып қайтайын.

Екеуі орнынан тұрды. Икрам қарияның таяғын ұстатып, арықтан өтерде белінен демеп жіберді.

Қария риза көңілмен бұрылып:

– Жарайсың, Икрам! Енді немерем мойныма асылып мәз болатын болды, – деді.

Ол көзден ғайып болғанша Икрам соңынан ұзақ қарап тұрды. Неліктен екені белгісіз, кеудесін бір ауыр күрсініс кернеп, жүрегі шым ете қалды. Әлгі қарияның бақытына қызықты ма, әлде сондай кіршіксіз жанның өмірі еңкейіп бара жатқанына қапаланды ма – өзі де ажырата алмады.

Сәкі шетінде қалған үш хандалақты қайтадан бешпетінің етегіне салып, шаңы бұрқыраған жолмен баяғы сабырлы қалпында ілгері жүріп кетті.

Икрам жасыл қақпаның алдына келіп тоқтады. Табалдырық маңында шашылып жатқан қияр қабықтарына, жартылай тістелген көк алмаларға, шемішкесі ойылып тасталған күнбағыс басына көзі түсті. Басын шайқап, еріксіз жымиды.

– Әй, мына баланы-ай... – деп күбірлеп қойғанын өзі де аңғармай қалды.

Үйге кірді.

Аула тып-тыныш. Жердің бәріне жаңа ғана су себілген екен. Икрам хандалақтарды айванға домалатып қойып, ішкі бөлмеге көз салды.

Төсек әлі жиналмаған.

Он алты жас шамасындағы бір жігіт қорылдап ұйықтап жатыр. Терезеден түскен күн сәулесі дәл басына түсіп, мойны терлеп кеткен.

Икрам табалдырыққа етігін қағып, шаңын түсірді де, бөлмеге кіріп, ұлының үстіне жайманы қайта жауып қойды.

«Анасы қайда екен?» деп жан-жағына қарады.

Сыртқа шықты.

Әйелі көрінбеді.

Арық басына келіп беті-қолын жумақ болып еңкейгені сол еді, бақша жақтан әлсіз ыңырсыған дауыс естілді.

Оқтай атылып сонда жетті.

Тікенекті өріктің түбінде қырық бес жастардағы ажарлы әйел бүктетіліп жатыр екен. Қасында жарылған бірнеше өрік отындары шашылып қалған. Түбірдің үстінде балта жатыр.

Икрам жүгіріп барып әйелін сүйеп көтерді.

– Жәннат!.. Жәннат!.. Не болды саған?

Жәннат әлсіз ыңырсып қойды.

Икрам арықтан уыстап су алып, әйелінің бетіне септі.

Жәннат көзін әзер ашты.

– Не болды?

– Балама бір дәмдірек ас пісіріп берейін деп едім... Отын таусылып қалыпты...

Икрамның қабағы түйіліп кетті.

Ол әйелін сүйемелдеп үйге әкелді.

Іште ұлы әлі сол қалпы ұйықтап жатыр екен.

Әйелін көрпешеге жатқызып, басына жастық қойды да, ашуға булығып бөлмеге кірді.

Ұлының үстіндегі жайманы жұлып алды.

Бала шошып оянып, төбесінде түнеріп тұрған әкесіне аңтарыла қарады.

– Тұр! Бұл не сұмдық?!

Мұндай сөзді өмірінде естімеген бала үрейленіп кетті.

Икрамның даусы одан сайын зорайды.

– Жұрт жұмысын бітіріп, түскі асқа қайтты. Ал сен болсаң әлі жастықтан басыңды алмай жатырсың! Масыл!

Айван жақтан Жәннаттың әлсіз даусы естілді.

– Балама ұрыспаңыз... Баламды жазғырмаңыз...

Икрам ұлының кір басқан жүзіне тағы бір қарады да, сыртқа шықты.

Әйелінің жанына тізерлей отырды.

– Хандалақ алып келдім. Жарып берейін бе?

Жәннат басын шайқады.

– Балама беріңіз. Жесін... Тұрсынбай, құлыным, қайдасың? Әкең хандалақ әкеліпті, кел, жей ғой, қарағым.

Көзі ұйқыдан әлі толық ашылмаған Тұрсынбай сыртқа шықты.

Айвандағы хандалақтарға қол соза бергенде Икрам зекіп қалды.

– Бар! Әуелі жуынып кел. Сосын жейсің.

Бала әуелі анасына, сосын әкесіне қарады да, қабағын түйіп сыртқа беттеді.

Жәннат ыңырсып күйеуіне қарады.

– Балаға қатты сөйлемеңізші. Ол әлі жас қой. Есі кірер, әкесі...

Икрам үндемеді.

Әйеліне салқындап қалған шайдан құйып ұсынды.

– Ақылың бар ма өзі? Аяғың ауыр бола тұра отын шабасың ба? Ұлыңа айтсаң болмай ма еді?

Екеуі үнсіз қалды.

Бұл – олардың жалғыз ұлы еді.

Жәннат жеті бала туған. Бірде-бірі тұрақтамаған. Сол себепті Тұрсынбай екеуінің бар қуанышы, бар үміті болып өсті. Олар жалғыз перзентін желдің лебіне де қимай мәпелейтін. Тұрсынбай да жалғыздығын сезіп, соны өз пайдасына жаратып алған. Үй жұмысына зауқы соқпайтын. Бірдеңеге кіріскен күннің өзінде оны ойынға айналдырып, қызығы тарқаса, тастап кететін. Анасы артынан жүріп, аяқталмаған шаруасын өзі бітіріп:

– Айналайын, мойның үзілмегір... Аузыңнан бал тамсын, құлыным... – деп еркелетіп жүретін.

Бала тәй-тәй басқан күннен бастап, әке-шешесі оны жерге түсірмей көтеріп өсірді. Сондықтан оның аяғы жерге кеш тиді. Негізі, бала деген өте сезімтал келеді. Оны шектен тыс еркелетсең, өмір бойы аяғы жер баспайтын болып өседі. Тұрсынбай да сондайлардың бірі еді. Икрам той-томалақтан қайтқанда қалтасына міндетті түрде бір түйір кәмпит не шақпақ қант салып келетін. «Балам да осындай қуанышты күндерге жетсін...» деген тілегі еді. Жәннат қайда барса да ұлын қасына ертіп жүретін.

Тұрсынбай мектепке барғаннан кейін де анасын емуден қалмаған. Үлкен үзілісте үйге жүгіріп келіп емеді. Анасы той-томалаққа барса, соңынан еріп барып, ел көзінен тасалау жерге шақырып алып емізетін.

Олар бар ғұмырын, бар қызығын, бар бақыты мен тыныштығын осы жалғыз ұлына арнады.

Олардың бақыты да, қуанышы да – баласының аман-есен көз алдында өскені еді.

Тұрсынбайдың қызуы сәл көтерілсе болды, ерлі-зайыпты ұйқыдан айырылып, жанынан шықпайтын. Баласының аз ғана сырқаты екеуінің де еңсесін түсіретін.

Тұрсынбай жуынып келіп, бөлмеге кірді де, киініп шықты. Ол расында да көз тартарлықтай сұлу жігіт болып бой жеткен еді. Қап-қара қасы мен кірпігі жібектей үлпілдеп тұратын. Оны көрген адамның еріксіз бір тоқтап қарамай өтуі қиын еді. Тұрсынбай өзінің сымбатты екенін жақсы білетін. Сондықтан құрбыларының, әсіресе қыздардың алдында өзін жоғары ұстап, паң сөйлейтін. Ол әкесінің қасына келіп тізерлей отырды.

– Балам, анаңа жеңілдеу сорпа жасап бер. Мен қазір егістікке кетемін.

– Қойыңызшы, – деді Жәннат. – Қолына пышақ ұстатпаңыз. Қолын кесіп алар. Керегін әкеліп беріңіз, өзім ақырын тураймын.

Икрам тағы үнсіз қалды.

Жер астынан ұлына бір қарап қойды.

Тұрсынбай анасының өзін жақтап отырғанына іштей риза еді.

Икрам үн қатпастан ошақ басына кетті.

Жәннат ұлының маңдайынан сипап:

– Төрдегі сөреде қаймақ бар. Дастарқанға нан орап қойғанмын. Шайыңды іш, құлыным, – деді.

Осыны айтты да, оның жауабын да күтпестен зорға көтеріліп, дастарқан жайып, таңғы асын әзірледі.

Сосын үнсіз отырып, баласына сүйсіне қарауын тоқтатпады.

Ошақ басында Икрам балтамен тарс-тұрс отын жарып, қазанға пияз қуырып жатты.

Ал Жәннат болса, баласынан көз алмай, тәтті қиялдың әлдебір толқынында тербеліп отырған еді.

 

 

II

 

Қалың ағашқа көмкерілген кең ауланың түкпір жағында жаңа ғана сыланған үй мен дәліз, оның алдында кең айван орналасқан. Ауланың қақ ортасында айналасын арық орап өтетін сәкі тұр. Арық бойындағы райхандар қауыз жарып, құлпыра жайқалып кеткен. Шырын суы қайтып, қағы түсе бастаған сухан өріктің түбі сарғайған жеміске толып жатыр. Жәннат жерге төгілген өріктерді теріп, табаққа салып жүр.

Сәкінің үстінде масахананың ішінде Тұрсынбай алаңсыз ұйықтап жатыр. Толғағы жақындаған Жәннат еңкейіп өрік тере алмайды. Бір отырған жерінен жылжып отырып әрең жинайды. Тұт ағашының түбіндегі аласа сәкіге таңғы ас әзірленген. Асүйдің алдында сары самауыр бүлкілдеп қайнап тұр.

Жәннат тізесіне сүйеніп әзер орнынан көтерілді. Терген өріктерін айванның ернеуіне қойып, сәкіге келді. Масахананың шетін көтеріп, ұлына мейірлене көз тастады.

– Балам, тұршы... Жаным, күнім көтеріліп кетті ғой. Тұр енді, құлыным. Анаң айналайын. Әкең таңғы асын ішпестен жұмысқа кетіп қалды. Тұр, балам...

Тұрсынбай бір қырынан екінші қырына аунап түсті.

Иегіне ұстара тимеген бозбалалықтың алғашқы белгісі біліне бастаған. Сүрме тартқандай қою кірпіктері жұмулы жанарын көлегейлеп тұр. Сүліктей қап-қара қасы, қыр мұрны мен сүйкімді иегі оған ерекше көрік беретін.

Жәннат оның шашынан сипады.

– Тұрсынбай, құлыным, тұрсаңшы. Таңғы асың суып қалды. Әкең күтіп отыр.

Тұрсынбай көрпені басына дейін тартып бүркеніп алды.

– Әй, ғұмырың ұзақ болғыр-ай... Тұрсаң қайтеді? Менің мына күйімде барып-келу оңай дейсің бе? Балалы-шағалы болғыр... Амал жоқ, өзім апарамын. Тез тұр. Әкеңнің тамағын жеткізіп келейін. Әйтпесе сәкідегі наныңды тауықтар шоқып кетеді.

Өзімен-өзі сөйлеген күйі Жәннат дорбасына нан мен қаттама салып түйді. Самауырдың шүмегінен үлкен мыс шәйнекке қайнаған су құйып, қайтадан самауырға су толтырды. Құбырына жаңқа тастады да, бір қолына шәйнек, бір қолына түйіншегін алып сәкі жанына келді.

– Мен кеттім. Есікті ашық қалдырма. Тұрған соң қораға барып сиырға көз сал. Арқанына шырмалып қалмасын.

Осылай дей беріп, үйден шығып кетті.

Күн әбден көтеріліп, көше адамға тола бастаған еді. Ол кәрі талдар мен қарағаштардың арасымен созылған жолмен келе жатып, әйелдердің өксіген дауысын естіді. Елең етіп, құлақ түрді.

Жылаған дауыс Расул қарияның үйінен шығып жатыр екен.

Жәннат жүрісін үдете түсті.

Расул қарияның көше жақтағы сәкісі көрінді.

Қария күн сайын сол сәкіде отыратын. Өмірдің талай белесін көрген бұл ақсақал соңғы жылдары алысқа бара алмайтын болып қалған. Немерелері оған арнайы сәкі жасап, үстіне қызыл кілемше төсеп берген. Өзіне ұнаған жолаушыны шақырып алып, ащы көк шайдан құйып береді, кетерінде райханның бір бұтағын үзіп қолына ұстататын.

Қазір сәкі маңында үш-төрт адам жүр. Көшеге жаңа ғана молынан су себілген. Қария отыратын сәкі үстіндегі талдың жуандау бұтағын кесіп, табытқа керегін дайындап жатыр.

Жәннат жаназаға жиналғандардың жанынан басын изеп өте берді. Үй ішінен анда-санда жоқтау үні естіледі.

Осы кезде қара торы бір кісі асыға басып келе жатты. Әбден жүгіріп келген болуы керек, иығы терге малыныпты.

– Жәннат! Икрамға өзің хабар бере сал. «Жаназа бесінде шығарылады» де. Мен Заркент пен Жалғызтұтқа барып, елге естіртіп келейін.

Осыны айтып, қайтадан асығыс жүріп кетті.

Бұл – Икрамның жақын досы Төләнбай еді.

Жастық шағында қыз таңдаймын деп жүріп үйленуді кешіктіріп алған. Қырықтың қырқасына шыққанда ғана шаңырақ көтерген. Мінезі ашық, әр сөзінің арасына мақал не мәтел қыстырып сөйлейтін шешен жан болатын. Ол кірген жер бірден думанға айналатын. Той-томалақта Төләнбай болмаса, жұрт оның орнын жоқтайтын.

Өзін ешқашан биік ұстамайтын. Ауылда ас берілсе де, аза болса да алғашқылардың бірі болып жететін. Біреу аяқ астынан ауырып қалса, Марғұланнан дәрігер алып келуге де соны жұмсайтын. Ат болмаса, жаяу тартып кете беретін. Ешқашан «жоқ» деп көрмеген.

Қазір де сол Төләнбай екі ауылды аралап, жаназа хабарын жеткізуге асығып бара жатты. Жәннат көңілсіз хабарды күйеуіне жеткізу үшін жүрісін жеделдетті.

Кеңсе алдында қара жеңіл көлік тұр екен. Адам қарасы көп. Бәрі іштен біреудің шығуын күтіп тұрғандай.

«Әлде үлкен кісілердің бірі келген бе?» деп ойлаған Жәннат жалғызтұт жаққа бұрылып еді, қарсы алдынан Икрамның өзі ентігіп келе жатты.

Ол әйелін көрген бойда қабағын түйді.

– Өзің келіп жүрсің бе? Ұлыңа айтсаң болмай ма еді? «Ауыр көтерме» деп қанша айтамын?

Жәннат ештеңе етпегендей жымиып қойды.

– Сіздің Тұрсынбайыңыз ұйықтап жатыр. Кеше кеш қайтқан еді, оятқым келмеді. Расул қария дүние салыпты.

– Естідім, – деді Икрам. – Соған бара жатырмын. Сен үйге қайта бер.

– Аш қарын барасыз ба? Қаттама пісіріп едім. Бір үзім болса да ауыз тиіп кетіңіз.

– Кейін... Кейін. Өзім үйге соғармын. Жолдас ата келіпті. Мені сұратып жатыр екен.

– Арнайы жаназаға келді ме?

– Жоқ, жұмыспен жүр екен. Біраз адаммен бірге жаңа канал өтетін жерлерді аралап шыққан көрінеді. Канал біздің ауылдың үстімен өтетін болып жатыр. Үйі мен бағының үстінен канал өтетін адамдармен сөйлесіп жүр. «Ешкімнің көңілі қалмасын» деп Райымбердіге тапсырма беріп жатыр.

– Ойпырмай, – деді Жәннат таңырқап. – Үкімет әрі су әкеліп береді, әрі өтемақысын төлейді дегенді бұрын-соңды естімеппін.

Икрам асығып тұрғандықтан әңгімені созбады.

– Кейін бәрін айтып беремін. Әңгіме көп. Үлкен өзгерістер болатын түрі бар. Өз аузынан естіп алайын.

Осылай деп Икрам кеңсе жаққа бұрылып кетті.

Жәннат түйіншегін көтеріп үйге қайтып келгенде, сәкі үстіндегі таңғы асты көгершіндер шоқып жатыр екен. Қаймақ құйылған кесе жерге түсіп, быт-шыт болып сынған. Төгілген қаймақты мысық жалап тұр.

Ал Тұрсынбай болса, әлі де міз бақпай ұйқы құшағында жатыр.

Тауықтар дастарқаннан сүйреп әкеткен қаттаманы бөлісе алмай шоқысып жүр.

Жәннат бұл көріністі көріп, аң-таң болып қалды...

 

III

 

Сол күні Зырыллама ауылында бұрын-соңды болмаған бір оқиға болды.

Ғазизханның қолын артына қайырып байлап, ауылдың қақ ортасына алып шықты. Жеген соққыдан бет-ауызы көгеріп, көзі ісініп кеткен. Самайы жарылып, үстіндегі киімі жыртылып, иығы жалаңаштанып қалыпты.

Таңғы шайын ішіп отырғандар да, Марғұлан мен Қува жаққа жол тартқалы тұрған жолаушылар да оны қоршап алған. Еңгезердей бір жігіт ешкімге дес бермей, қайта-қайта жұдырық жұмсап тұр. Бірақ Ғазизхан басын көтеріп ақталмады да, қарсыласпады да. Жұдырық пен таяқтың бәріне үнсіз төзіп тұрды.

– Әй, Ақбар, ұят емес пе?! Қанша ұрдың, жетер енді! Өлтіріп тынайын деп пе едің! – деді біреу.

Бірақ жігіт ешкімнің сөзіне құлақ аспады.

– Өлтіру керек мұны! Тірідей көміп тастау керек! – деп айқайлады ол.

Екінші бір жолаушы қарсы шықты.

– Есің бар ма? Қандай жамандық істесе де, оның жазасын милиция береді. Ел болып өз бетімізше үкім шығаратын заман өткен.

Осы кезде жұрт арасынан:

– Тоға келе жатыр!.. Райымберді Тоға келе жатыр! – деген сыбыр тарады.

Жиналғандардың арасын жарып колхоз төрағасы Райымберді Тохтабаев кіріп келді.

– Не болып қалды?

Көзі байлаулы тұрған, беті көк ала қойдай болып ісінген Ғазизханға түсті.

– Тағы қандай бәле шығарып жүрсің, тыйымсыз?!

Жігіт көптің көзінше айтуға ұялып, жан-жағына бір қарап алды да, сөзін әрең бастады.

– Бұл оңбаған таң сәріде қорғанның дуалынан асып, біздің үйге кіріпті.

– Не, ұрлыққа ма?

– Ұрлық жасаса, мың мәрте разы болар едім! Сіңлімнің көрпесін көтеріп жатқан жерінен ұстап алдым. Абырой болғанда, дәретке оянып кеттім. Қызды күйеуге атастырып қойғанбыз. Тойына төрт-ақ күн қалған. Мына сұм бізді елге масқара етпек болған!

Райымберді сұстана Ғазизханға қарады.

– Осы рас па?

Ғазизхан үндемеді. Байланған қолының жанын ауыртып тұрған жіпті білегіне үйкелей берді.

– Саған айтып тұрмын! Рас па?

– Рас, – деді ол сабырмен. – Оятайын деп едім.

Жігіттің ашуы бұрынғыдан бетер қозды.

– Жаман ойың болмаса, қап-қараңғыда дуал асар ма едің? Не, насыбай сұрауға бардың ба? Насыбай сұраймын деп көрпе көтересің бе?

Ғазизхан селқос жауап берді.

– Мен насыбай атпаймын. Өзінің шаруасы бар еді.

Оның қисынсыз, қисық жауаптарына жиналған жұрт мырс-мырс күле бастады.

Райымберді де еріксіз жымиып қойды.

– Қара таңнан бері бөтеннің бойжеткен қызында қандай шаруаң бар еді? – деді ол әдейі сөзге тартып.

Ғазизхан не айтарын білмей үнсіз тұрды.

Райымберді қабағын түйді.

– Әй, тілің бар ма өзі? Сөйлесеңші!

Ғазизхан күмілжіп:

– «Тахир мен Зуһра» кітабын беремін деген... – деді.

Әлгі жігіт тағы да жұдырығын ала ұмтылды.

– Ә-ә, таң сәріде «Тахир мен Зуһра» оқитын болыпсың ғой!

Жұрт оны әрең ұстап қалды.

Райымберді көпшілікке қарап:

– Болды, тараңдар! Тамаша бітті. Әкбарәлі, сен де қайта бер. Мұның жөнін өзім көремін, – деді.

Сөйтіп Ғазизханды ертіп кеңсе жаққа беттеді.

Ғазизхан Зырылламаның аты шыққан тентектерінің бірі еді. Өткеннің орағын, кеткеннің кетпенін алып қашатын, жерге ұрсаң көкке секіретін, ештеңеден қаймықпайтын сотқар болатын.

Бала күнінен-ақ солай өсті.

Торғайдың ұясын аламын деп үй төбесінен талай құлаған. Биік теректерге өрмелеп, сынбаған, шықпаған жері қалмаған.

Жұдырықтасуға ерекше әуес еді.

Арнайы Жалғызтұтқа, Ташлаққа, Заркентке барып, өзімен шамалас жігіттермен күш сынасатын. Бірін ұрып, бірінен таяқ жеп қайтқан күндері аз болмаған.

Егер Зырылламаның бір қызына бөтен ауылдың жігіті сөз айтты дегенді естісе, әлгі жігітті арнайы іздеп барып, бет-аузын қан-жоса етіп қайтатын.

Күш-қайраты бойына сыймайтын ол кейде ауылдың кіреберісіне отырып алып, күшін көрсету үшін есек жеккен арбаны артынан ұстап тоқтатып қоятын. Қаптағы бидай ма, ұн ба – бәрін тісімен көтеріп лақтыратын.

Сөйтіп ауылдың «серкесі» атанып кеткен. Бірақ дәл сол жігіттің жүрегіне бір күні махаббат оты тұтанды. Көп жігіттің махаббаты адамды жуасытып, ойға шомдырып, нәзік үн естісе күрсінтетін болса, Ғазизханның махаббаты мүлде басқа еді. Оның сүйіспеншілігі өз мінезіндей – асау, ештеңеге бағынбайтын, жалындаған сезім болды. Бала күнінен бірге өскен, талай рет шашынан тартып, шапалақпен жылатқан Лутфиниса бір күні оның ұйқысын ұрлап, түнде ел естіртіп күрсінетін хәлге түсіреді деп ойламаған.

Бұл сезім баяу келген жоқ. Бір-ақ сәтте лап етіп тұтанып, бүкіл жан дүниесін өртеп жіберді. Содан бері Ғазизхан Лутфинисаның жолын аңдумен болды. Елсіз жерде жолықтырса, ешқандай ілтипат көрсетпестен құшағына қысып алатын. Қыз да онша қарсылық білдірмейтін. Қайта үнсіз келісім бергендей еркіне қоятын.

Мұны біліп қойған ағасы Әкбарәлі қарындасын талай рет сабады. Бірақ одан ештеңе шықпады. Қыз керісінше, бұрынғыдан сайын Ғазизханға ынтыға түсті.

Бұрын үй шаруасынан қолы босамайтын Лутфиниса енді өзіне ерекше күтім жасайтын болды. Көшеге шығар алдында бетіне опа жағып, иіссу себетін. Ол жүрген көшеде жұпар иіс қалып қоятын.

Сол иіс Ғазизханды есеңгірететін.

Қызды көре алмай қалса, оның көшесімен әдейі жүріп өтіп, қалған жұпар иісті жұтып қайтатын.

Бір күні Лутфиниса уәделескен жерге келмей қалды. Ертеңіне кездескенде Ғазизхан оны аямай шапалақпен тартып жіберді. Қыз оны ауырсынған да жоқ.

Қысқасы, екеуінің махаббаты ешбір кітапқа жазылмаған, еш ақын жырламаған, өзгеше де алапат махаббат еді. Бұл қауіпті кездесулерге әбден алаңдаған Әкбарәлі ақыры не істерін білмей дал болды. Әке-шешесі тірі болса, ақыл сұрар еді. Бірақ олар әлдеқашан дүниеден өткен.

Ақыры Марғұландағы бір шебер жігіттің құда түсуіне келісім беріп, тойдың күнін белгіледі. Содан бастап қарындасын босағадан аттатпай қойды. Той қамын естіген Ғазизхан жынданған адамдай күй кешті. Марғұланға барып, күйеу жігітті іздеп жүрді. «Кездессем, өлгенше сабаймын. Қыздан бездіріп жіберемін», – деп серт етті. Бірақ күйеу жігітті таба алмады. Содан кейін

Лутфинисаға хат жолдап:

«Егер соған тұрмысқа шықсаң, өлтіремін. Пышағымды қайрап қойдым», – деп қорқытты.

Хат қыздың қолына тиді ме, жоқ па – жауап болмады. Содан кейін Ғазизхан түні бойы Лутфинисалардың үйін торуылдап жүрді. Ақыры шыдамай, дуалдан асып түсті. Айнала жым-жырт. Тіпті қора күзететін төбет те таң алдында мүлгіп кеткен екен. Ғазизханның ойы – қызды алып қашу.

Еңбектеп айванға шықты. Лутфиниса таңғы салқыннан қорғанып, көрпесін басына дейін тартып ұйықтап жатыр екен. Қыздың иіссуының жұпар иісі Ғазизханды бірнеше сәтке есеңгіретіп жіберді. Жастықтан төгіліп жатқан қос бұрымын ұзақ иіскеп тұрды. Содан кейін қыздың бетіндегі көрпені көтере бергені сол еді... Қараңғыда кім екенін аңғармаған Лутфиниса шыңғырып жіберді.

Бір-ақ сәтте үй іші абыр-сабырға түсті. Көрші-қолаң жүгіріп келді. Әкбарәлі Ғазизханды мақта сабағы үйілген жердің тасасынан тауып алды. Қарттар таяқпен, жастар жұдырықпен төпелеп жатты. Бірақ Ғазизхан тағы да тіс жармады. «Қалағандарыңша ұра беріңдер» дегендей үнсіз тұра берді. Ал Лутфиниса айванның бағанын құшақтап алып, бірде жылап, бірде ишарамен сүйіктісіне дем беріп тұрды... Кеңсеге таяп қалғанда Райымберді бір қарияның арызын тыңдап бөгеліп қалды. Осы сәтті пайдаланған Ғазизхан қас-қағымда бұрылып, қашып кетті.

Әкбарәлі үйіне жеткенде, Ғазизханның көшенің арғы бетіндегі талдың түбінде олардың қақпасына телміріп отырғанын көрді.

Бұл жолы Әкбарәліның ашуы емес, шарасыздығы жеңді. Ол Ғазизханның қасына келіп, қолын кеудесіне қойды.

– Қарағым... Құдай үшін тыныш қалдыршы. Бізді елге масқара етпе. Ертең жұрттың бетіне қалай қараймын? Керек болса, осы ауылдан көшіп кетейін...

Ғазизхан селқос жауап қатты.

– Көшсең, Лутфинисаны тастап кетесің.

Әкбарәлі күйініп:

– Сен адам болмайсың! Қажымұқанның қасында қалып қойғаныңда ғой... Өзіміз-ақ әкеліп қателескен екенбіз. Басымызға біткен бәле болдың! – деді де, қақпаны теуіп ашып, үйіне кіріп кетті.

Көп ұзамай үй ішінен оның боқтаған даусы, Лутфинисаның еңіреген үні естілді.

Бірдеңе быт-шыт болып сынғандай болды.

Ғазизхан құлағына шалынған сөздерді үнсіз тыңдап отырды.

– Бұзау көз сүзбесе, бұқа арқанын үзбейді! Сен де көз қыспасаң, мына бәле сонша жабыспас еді!

– Бәрібір сен тапқан күйеуге шықпаймын! Ғазизханнан басқаға тисем, сірке ішіп өлемін!

– Сірке қайда, у ішіп өлсең де бәрібір! Мен айтқанымнан қайтпаймын!

– У ішердің алдында бес бет хат жазып қалдырамын! «Залым ағамның кесірінен өлдім» деп жазамын!

Тағы бірдеңе сынды. Біреу қашты. Біреу қуды. Қыздың шырылдаған үні мен Әкбарәліның боқтағаны тағы естілді. Ғазизхан орнынан маңғаздана көтерілді.

Өзін жеңіске жеткен адамдай сезінді.

– Әп-бәрекелді... Міне, қыз деген осы! – деп күбірледі.

Лутфинисаның да мойымағанына көңілі орнықты. «Енді үйге барып бір ұйықтап алайын. Қалғанын сосын ойлармын», – деп өз үйіне қарай беттеді. Оның жыртылған киіміне, ісінген көкала бетіне қарап, ауыл адамдарының бірі күліп, бірі таңырқап қала берді. Біреу:

– Міне, нағыз ғашық деген осы! – деді.

Арт жақтан ду күлкі көтерілді.

Бірақ сол күлкі де, сол мысқыл да, жұрттың сөзі де ғашық Ғазизханның жүрегіне титтей де батпады.

 

(жалғасы бар)

 

 Қазақ тіліне аударған:

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қанат АЛТЫНБЕК