АИДА ЭГЕМБЕРДИЕВА: САҒАТТЫҢ ТІЛІ ТІРЛІКТІ САНАП...

ҚЫРҒЫЗ ТЕҢІЗІНДЕ

 

Кешкі салым, жанға жай бөлмедеміз,

Бақшада күз, жолда күз, бөлмеде күз.

Жазған жыр мен үңілдік суреттерге

Бұрын қалай біз оны көрмегенбіз?

 

Нөсер жаңбыр ақырын басталады,

Ашылғанмен Күн көзі жас тамады.

Бақшадағы гүлдер де суды аңсаған,

Сыр береді жаңбырсыз жаз қабағы.

 

Терезеден көкпеңбек көл көрініп,

Шексіз әлем, аспан тұр төңкеріліп.

Қалықтаған ақ бұлтты ынтық етіп,

Көркін ашқан тау ерек көмкеріліп.

 

Жаңбырдан соң серуенге, жағаға асық,

Жылынамыз лебіне, құмын басып,

Таңда барсақ өрнекті ізіміз жоқ,

Бұйра толқын жатады асып-тасып.

 

Ғашық қылған ақынды Алықұлдай,

Бірде тыншып, толқыны бірде тынбай.

Бөтен жандай алыстап біз кетеміз,

Көл орнында. Күз соңы.

Бұрынғыдай...

 

ТОҒЫЗ

 

Барлық жол өзіңнен басталсын,

Оралсын тоғыздан үйірің.

Жолдардың торабы мың тарау,

Оң болсын Тәңірдің бұйрығы.

 

Сөйлесең жамырап, асығып,

Ай, жұлдыз ұсынсын тосын сый.

Тоғыздан ақ тоқаш шашылып,

Тоғыздан ақ ниет қосылсын.

 

Қиялап үмітің қыр басын,

Жырыңды ақбұлақ тыңдасын.

Құдайым алдағы жеңістен,

Ешқашан таршылық қылмасын!

 

***

Бұйырса дейміз,

бұйырса дейміз,

Бұйырмай қалған кеш қанша?

Жолықсақ дейміз жайдары жүзбен,

Көңілді бір сәт еске алса.

 

Отырсақ дейміз - шарабың қолда,

Көздерден оқып мән-жайды.

Өткен күндердің сабағы сол ма,

Ұзаған алыс айлардың.

 

Сағаттың тілі тірлікті санап,

Бөлініп жаның үндемей.

Көздегі отты тұрғанмен қалап,

Кешігер солай күндермен.

 

Оянған сәтте жүзіңде - әжім,

Шашыңда - қырау, ол - уақыт.

Өтпелі өмір...

Шай ішкім келді,

Бар болсаң бірге, сол - бақыт.

 

Жоғалмай, өшпей алдағы күнде,

Оралыңдаршы, жақсылар.

Құрдастар, ойлы жадырап күлген,

Көңілде дәйім барсыңдар.

 

***

 

Періште түнеп өткен,

Ұйқыңның мол уайымы,

Батылым жетпей қойды-ау,

Сұрауға жағдайыңды.

 

Бозғыл таң арасынан,

Азанға құлақ тұнар.

Ағарған тау басынан

Жарық нұр жанып тұрар.

 

Шапағын сезіп күннің

Төгіліп, төгіле алмай.

Бар адам іздеп жүрген

Бақыттың өңі қандай?

 

Жалыны сағыныштың

Балқытты, кеуде толды.

Бір сезім алып-ұшты,

Болмаған бұрын-соңды.

 

Бояуы қанық, әсем,

Суреттің мақтауы ерек.

Дүрсілі бөлек, басқа,

Тыныштық тапқан жүрек.

 

***

Көрдім Күнді,

Самал ескен жер көргем,

Аспан торлап ауа көшті қара бұлт.

Қолшатырмен біздер барған жерлерден,

Қолшатырсыз тарадық.

 

Желін көрдім иіні жұмсақ сияқты,

Жаға көрдім теңіз кешіп бойлаған.

Байлық көрдім жиып қояр ұятты,

Екі көзі тоймаған.

 

Жаңбыр көрдім жасы мөлдір керемет,

Күркіреген күннің даусын бағады.

Аспан түбі түскендей ме, неге ерек,

Тасқын судай ағады.

 

Қап-қара бұлт жауып тұтас аспанды,

Жер шарының бәрін бүркеп қаптады.

Бойды билер бір қорқыныш басталды,

Өткен бала шақтағы.

 

Көлшіктерге батқан аяқ малмандай,

Су-су бәрі, оңай емес, кел сүңгі...

Жаңарғандай жап-жасыл боп жаңбырда -

Ескі қала Хельсинки.

 

СӨЗ ТУРАЛЫ ЕСКІ ӘН

 

Сөз сүйектен өтер,

кейде жағымды,

Толқыдым-ау, қайда қоям жанымды.

Бір-ақ ауыз сөзден қалып бұл көңіл,

Кенет ішке от тастайды жалынды.

 

Сөз сөйленді қанша ғасыр мінберден,

Елді танып-білу үшін үйренген.  

Сөз төркінін түсінгенде жүрекпен,  

Бөлек жандар жақындай бір күйге енген.

 

Сөз анықтар істің ақ пен қарасын,

Алыстатар екі халық арасын,

Жанды емдеген тауып көңіл ауанын,

Терең ойлар бойды билеп аласың.

 

Сөзі өткір жора-жолдас, таныстың,

Тақ таласта бір тарапта қалысты.

Орнағанда әділдіктің ақ туы:

«Қанә, кімдер, қандайсың?» деп табысты.

 

Сөз – тілі ғой пәк сезімнің, ғашықтың,

Бұлбұлдайын сайрар жігіт тасып тым.

О, сол сәтте ақын сырын тыңдама,

Жырын ұқпа!

Еріп кете жаздайсыз,

Басың кетер абайсыз...

 

***

Үздіксіз төгіп сырларды,

Жадырап келген жазбенен,

Сен сүйген сол бір жырларды

Ақыл аз кезде жазған ем...

 

Кейбірі оның есіме,

Әнімді еске салдырған.

Жүректі кей жыр жаралап,

Өшпейтін ізін қалдырған.

 

Әр жырдың түрлі тағдыры,

Білгенмін өрттей екенін,

Бейімім болмай, оралғам,

Шабыттың тауып мекенін.

 

Наз айтқым келген менің де,

Уақытқа қайран бағындым,  

Бір жылы демін сеземін,

Құлаққа сондай жағымды.

 

Сәт қайда ғажап сол кездей,

Жалындап жүрек жанғандай,

Сезім билей ме, не дейді ой?..

Жазамын бәрін таңғалмай.

 

Үздіксіз төгіп сырларды,

Жадырап келген жазбенен,

Сен сүйген сол бір жырларды

Ақыл аз кезде жазған ем...

 

***

«Өлең жазып жүрсің бе?» деген сөзде,

Қаншама жақсы көру, мейірім бар,

Жазғаным, жазбағаным араласып,

Үнсіз қалам, жан іздеп күйімді ұғар.

 

Жабырқаған көңілді сұрағаның,

Амандасып, мал-жанды сұрағаның,

Жанға жақын бір жылы сөз естісем,

Төбем көкке жеткендей қуанамын.

 

«Өлең жазып жүрсің бе?» деген сөзде,

Қанша мән бар ішіне сыйып кеткен,

Өмірімнің жасылын қанша көктем,

Жазыменен жасартып биіктеткен.

 

...Тереңіне бұл сөздің бойлау үшін

Бұлақтайын мөлдіреп ашылар ма?

Жанарыңа, жаныңа бар ғаламның    

Толқындары, дауысы асығар ма?

 

Өзегінен өлеңнің ой көрініп,

Оқырманның көңілін бұру керек,

Мезгіл, тұрмыс, тағдырмен бұл үшеуі,

Еркін ойдың жағында тұру керек.

 

Болғанынша жүрегің шұрық-тесік

Ақындықтың мұратын адал атқар,  

Содай кейін тарыдай шашылғанда,

Айнымайтын бір сөз бар еске сақтар:

Өлең жазып жүрсің бе?..

 

Аударған Гүлбақыт Қасен