Жазушы шығармасы арқылы не айта алды? Кейде суреткердің айтқысы келген ойлары деп, айтқаны емес,айтпағанын қазбалап жатамыз.Ондай тапқырлықтың кейбірі тұщымды,кейбірі болжал. Қазіргі көркем шығарманың бойында қандай ұлттық ойлар айтылды,өмір шындығын қалай жеткізді деген сауалдарға жауап тартсақ. Н.Дәутайұлының «Айғыркісі» әңгімесінің атауы тосын. Мазмұнмен таныс емес оқырманға бұл кісі есіміндегі не кісі есіміне баламаланғандай атау. Әңгімені оқи бастасаңыз бұл ойдан арыласыз. Шығарма бастауында-ақ Есқұл қария сөзінен жас қабірдің басында тұрған «Айғыркісінің» жылқы екендігін біле қоясыз. Хош, сонымен «Айғыркісі» қандай образ. Адамға тән ес ақылдың, тіпті киеліліктің «Айғыркісіде» болуының сырын қалай қабылдайсыз. Ия, қазақ ертегілері мен батырлар жырындағы тұлпарлардың адамша сөйлеуі жанр табиғатынан. Ал мұнда «Айғыркісі»сөйлемейді, бірақ іс-әрекеті сөйлемегеннен ерек және нанымды.«Есік тарс еткенде тура маған қарай екі көзінен от шашып жылқының басы төніп келеді екен. Өмірімде дәл бұлай қорыққан емеспін. Баланың даусы шар етісімен жылқы езу тартқан сықылданды. Сөйтті, рас!» (Дәутайұлы Н.«Айғыркісі» 2томдық таңдамалы шығармалары).Жазушы «Айғыркісінің» бұл әрекетін ақсақал сөзімен ұғындыра кетеді. «Кісінің киесін көрсеткен жоқ па? Бізден кетіп қалған кісілік киені құдай сол жануардың деніне салған шығар. Сөйтпесе,мына ісі қалай,а?!»(243-б). «Айғыркісінің» иесі Жалғас қорадан құлап жатқанда, оқыранып тұрып қақпаны тарпыған жануар тағы да Есқұл қартты таңданта түскен. Суреткер әңгіменің бастапқы жаңа жолдық ширегінде-ақ, мал баққан қазақ тіршілігін қыр суретімен сабақтастыра отырып, адамдық қасиет ұғымына қатысты ой тастап өтеді. Ол ойды Есқұл отағасының түз түнегендегі аспан жұлдыздарына қарап «...бірі самғап, бірі сарғайып, бірі сандалып сапырылысқан Құдайдың пенделерінің кез келгендерінің кеудесінде осындай бір төбесінде жарық сәулесі қалың қойнау болса ғой» (245-б)-толғанысымен жеткізеді. Адам жанына терең бойлатып, өзді-өзіне бір сәт үңілдіріп, қоғам жайлы ойлана отырып күрсінуге жетелейтін толғақты түйін әңгіменің негізгі лейтмотиві. Есқұлдың адамгершілік жайында солай болса екен деген ішкі түйсігінен-ақ, адами болмысын аңғартқан суреткер баяндалатын оқиғаның да драмалық тереңдігінен хабар беріп отыр. Әңгімедегі драмалық фабула осы Есқұл қарттың көрген, көңілге түйген өмір суреттерімен қабысып жатыр. Өмірде ардақтала бермейтін адамдық мұраттың кейіпкер санасына көшіріліп берілуі, осы кейіпкердің (Есқұлдың) автор концепциясына қызмет етуші негізгі тірек екендігінде.Авторлық концепция осы Есқұлдың өміртану, түйсіну, күрсіну тіпті өкіну сезімдерімен бірлікте тұр. Демек, Есқұл жақсылық, адамдық ұғымдарының жаршысы. Шығарма бастауында жақсылық жаршысының пенделер жайлы жақсы ойлап күрең ойға малтуы бекер айтылмаған. Сондай-ақ, жақсылық ауылынан табиғаты қашық Бұлдидың ойларын Есқұл ойымен жарыстыра беруінде өзіндік тәсіл бар. Бұл жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресі осы шығарманын да арқауы дегені. Бұлди бейнесі бүгінгі заманның адамдарына тән. Оның (Бұлдидың) іс-әрекеті, психологиясы қазіргі уақыттың барометрі. Демек қасиет ұғымдарының бүгінгі қоғамда, адамдар санасында ұмытылуы жақсылық еместігін жазушы өмір шындығынан өріп, ескертіп тұр. «Есағам қойнауға биесімен бірге түнеп жүріп қиялиға айналып барады, болмаса мына алақандай кеудемізге қойнау түгілі, ішек қарнымыз зорға сыйып жүрген жоқ па демесін бе...» (243-б)..Міне бүгінгі өмірдегі адамдардың бүкпесіз ойы. Мұны бүгінгі қазақ мойындауы керек.Кедейі бай, байы зор болсам деген кезең. Рух байлығынан материалдық байлықтың мейлінше жоғары өлшенген тұсы. Ішек-қарынның тоқтығын ғана ойлаушы бүгінгі өмір пенделеріне кие дейтін қасиет ұғымдарын түсіну, түйсіну қайда? Бүгінгі Бұлдилар кеуде көтерген ішек-қарынның жанына жақсылық сәулесінің де сыйа алатынына күманданбаса керек еді. Автор керағар ұғымдарды параллель сипаттап тұрып-ақ оқырманын ойландырады, сәулесі өше қоймаған кеудені ойға қалдырады. Осындағы ішек-қарын атауы бекерге қолданылып тұрған жоқ. Ол ар, ұят, иманын жоғалтып алған бүгінгі пенденің өмір сүру философиясының басты атрибуты. Әңгімедегі өзгешелік те жақсы мен жаман арасындағы конфликтен басталуы. Есқұл бүгінгі ұрпақтың атасы. Ал, сол атамыздың бала кезінде бір қариядан «Әй, балам, дүниені білгің келе ме, дүниені білгің келсе, дүниенің кісі сенетіні көп,сенбейтіні аз»-дегенін естуін автордың баяндауы, идеялық мақсатты орындаушы кілт ретінде алғандығынан.Шығармада мал иесі Жалғас бүгінгі ұрпақ, Жалғастың әкесі – Бұлди бүгінгі аға буын, Есқұл ата буын өкілі болса, Есқұлға әлгі сөзді айтушы ата-бабаларымыз болып шығады. Автор ұрпақ сабақтастығын бекерден-бекер қамтымаған. Өмір шындығын бейнелеудегі кейіпкерлердің жас мөлшері авторлық концепцияны берудегі математикалық дәлдікті танытады.Кейіпкерлер жасының көрсеткішін анықтасақ Жалғас 18 жас-Бұлди 44 жас-Есқұл 65 жас болып шығады.Әңгіменің оқиғалық уақыты 1998-2000 жылдарға келетінін ескерсек, Бұлди кешегі советтік кезеңдегі атейстік қоғам тәрбиесінен шыққан бүгінгі пысықайдың нақ өзі. Есқұл қазіргі сиректеу кездесетін есті қариямыз. Демек,бүгінгі уақыттағы адамгершілік нормалардың құлдырауы кешегі советтік кезең мен капиталистік сана гармониясында жатқандығында. Атейстік сана ұлт болашағы үшін қаншалықты қауіпті болса,нарықтық сана үдерісінде де халыққа қатерлі үрдісі басым. Бірі зорлықпен жүзеге асырылса, екіншісі өздігінен қозғалысқа түскен. Жекеменшік саясат ар-ұят мәселесін бойына жұтып жіберетіні де мәлім.Есқұлға айтқан әлгі қарияның сөзіне әңгіменің мына тұсында да көз жеткіземіз. «Отағасы дағдарды : «Япыр-ай,бұл сонау Таластың қайсыбір түкпіріндегі қырғыз ауылынан қалай келді. Келсін-ақ, қашып, алайда мына жас қабір басында тұрысы... Жылқының... Жылқының да адам секілді аза тұтып... Нендей құдіреті бұл, жаратқан иенің...» (236-б).Жазушы ұлттық дүниетанымда қалыптасқан кие, қасиет сияқты асыл ұғымдарды Есқұл ойымен адамдар жадына қайта салғандай.Былайғы жұрт мұндай құдіретке бас шұлғығанмен сене қоймайды. Сенгені «Көкте Құдай, жерде әулие, екі құдірет сендерді енді ұмытпаймыз, тобамызға келіп жүремізді кезек-кезек айтысып, ағыл-тегіл болған. Бірақ қайтесің, пенде пәтуасыз болып шықты» (238-б). Сонау Адам ата заманынан бастап пенде шіркіннің заты бүгінгі дәуірде де пендешілігінен арыла қойған жоқ. Бұл көп мойындаған шындық. Бұл шындықты жазушы тағы да сол көптің іс-әрекетінен шығарып, өз мінін өзіне көрсетіп тұр. Бұл Есқұлдың бала күнінде көзімен көрген, әулие дескен қарияның қаңсыған дүниеге жаңбыр жаудырған құдіретінен кейінгі пәтуасы еді. «Рахымшылығыңа жаным құрбан, жаратқан!» (237-б). -дегенді айтқанда аузынан көк жалын ұшып, қалған қариялардың жүзінен қол басындай бұлт пайда болып, көкке көтерілгенді. О дүниелік болып, кете барған әлгі әулие қарияның ісіне жұрт таңырқасқан. Кісі сенбейтін істі Есқұл кейіпкеріміз бала күнінде осылай өзі көрген. Осы оқиғаның оқырманға нанымдылығын эпизодттық кейіпкердің «Құдай кейбіреуге өзіне қарай жақындай түсетін құдірет берген жоқ па, ел-жұрттың көз жасын жеткізіп тұратын» (237-б) -сөздерімен бекіте түседі. Осы тұста айта кететін бір жәйт. Әулие қария жүріп кеткеннен кейінгі керемет деталі көкке ұшқан көк жалын, қол басындай бұлттар «Айғыркісі» денесінен де бұлдырықтай болып шығуы. Бұл әулие қария мен «Айғыркісі»арасындағы тылсым сабақтастықты көрсете ме? Жоқ әлде, әулиелік пен киеліліктің жаратушыдан берілетін қасиетінің жануарда да болатынының көрінісі ме? Қалай болғанда да бұл екі ұқсастық деталі авторлық концепцияны реалды жеткізуде орынды пайдаланылған. Автордың киелі ұғымын дәріптеуде, қасиеттің қанат қағуына оппозиция ретінде көрінетін басты кейіпкер Бұлди. Бұлди қай қоғамда да болған, әсіресе бүгінгі қоғамда өмір сүруші белсенділердің типажы.Сонымен қатар бүгінгі қоғамдық санада әрекет етуші түсінік,талғамның көрсеткіші. Егер бүгінгі сана-сезім Бұлди түсініктес болмаса әлеуметтік жағдайда да өзгешелік болар еді. Яки, жекеменшік байлыққа жету мақсатында адамгершілік түсініктер табанда қалмас болар. Бірақ бұл әңгімеде баяғы байлар мен Бұлдилар арасын тым жақындатуға болмас.Себебі,Бұлди бүгінгі заман көзімен қарасаңыз кәдімгі кәсіпкер, биснесмен. Оны оқырман осы пысықтығымен-ақ ақтап, ұнатса болар. Оның бала күнінде-ақ қоян өсіріп, қойшыларға айырбастап қора ішінен өз меншігін иеленетін әрекетіне ырза бейілде болғың келсе де, әкесіндей таңданасың. Мұнда Бұлдидың бұл әрекетін нарық заманы көзімен бағаласаң, осы заманның өз баласындай қабылдай қоясың. Сөйтіп өскен Бұлдиға пысықтығы жер тесер жар кезігіп Бұлдекең атанғанына бүгінгі оқырман кәміл сенеді. Бұлдекең өз ақылымен іс көзін тауып бизнес жасап жатқан азамат қой дейтіндер де табылар. Осы уәж жөн-ау дейін десек, бизнес жолында адамдық қасиеттер жылап қалмады ма деген күмәннан арыла қоймаймыз. Бұған кәсіпкер дүкеніндегі дәрілердің екі бағасына сатылуын алдыға тартсақ та жеткілікті. Автор оқырманды осындай дүдәмал ойларға қалдырмауды да ескерген. Бұлдидың ішкі ойын әке мен бала арасындағы сырдан-ақ жайып салады. «Сосын айтқаны, баяғы деген өткен-кеткен, сүйегі қурап қалған нәрсе. Қайта келмейді. Бүгінмен бол.Кімде дәулет бар, бүгін-соныкі. Дәулет сөйлейді, дәулет ұтады, дәулет озады. Дәулетің бар ма,ештеңені көктегі құдайдан да,жердегі адамнан да сұрамайсың. Түгел пішту!» (249-б).Міне кәсіпкер, бизнесмен дейсіз бе Бұлдиыңыздың жан дүниесіндегі байлықтың мөлшері осы.Бұл ой қазіргі заман адамының психологиясына айналғаны қашан.Бұлдиша ойлайтындар жетіп артыларлық. Бұлдилар қарапайым халық ішінде де, мемлекеттік қызмет ішінде де өріп жүр. Олар әр түрлі мамандық, кәсіп иелері де. Бұлдиша ойлау жүргізушіге де,заңгер, дәрігер, мұғалім, банкир тіпті сенаторға да тән. Бұлдилардың аты затына, заты атына сай. Бүгінгі заман психологиясын айнытпай танытатын Бұлдилық сана.Автор қазіргі дәуір психологиясын мейлінше дәл көрсетуде кейіпкердің болмыс бітімін нақты айқындаушы есіміне де көңіл бөлген. Бұлди-бұлғақтау, бұлғақтату. Бұлғақтау да, бұлғақтану да, бұлғақтату да қазіргі заман адамының мінезі. Бұлдилану бүгінгі өмір ағысы,аурасы. Дегенмен қазақ әлі ақылынан алжасқан жоқ. Бұлдилардан рухы биік Құдайдың құлдары әлі де бар. Ол әңгімедегі Есқұл. Бұлдидың әлгі философиясына қарсы дау айта алатын Есқұл қария. Есқұл құдайдан үміті бар жандардың жиынтық бейнесі. Есқұл есімі кейіпкер атына саналы түрде қойылған. Есқұл бірде кейіпкер, бірде автор. Есқұлдардың санасы Бұлдилар психологиясына қарсы тұратын бірден-бір рухани күшіміз.«...Баяғы деген ата-бабалар, ата-бабалардың кісілігі, түсінігі,қуаныш-шаттығы,азабы мен шері,жеңісі мен жеңілісі,аққан қаны мен төккен терінің ұлы көші емес пе? Соның барлығын мына жұрт өздері өңмеңдеп соңына түскен дәулет дейтін қолдың кірінің жолына құрбан ете сала ма.Бұлай етсе,қазақ несіне қазақ,қай жері халық?....» (249-б). Лирикалық пафоспен өрілген осы ойлар басшыға да, қосшыға да, жұртқа да қойылған риторикалық сұраулармен әдіптелген. Жауабы әрбір есті құлдың (Есқұлдың) санасын қозғап, кеудесіне жарық сәуленің қойнауын сыйдырып, жүрегіне сәуле түсірсе болғаны. Есқұл ойымен тізілген осы пікір адресі «мына жұрт»-деп елге арналуы бекер болмаса керек. Есқұл қарияның характері момын халықтың сабырлы, байсалды кейіпінен еш айнымайды. Автор Есқұл мінезінің өзгеріске түсуін мақсат етпеген. Есқұлдың мінезі әңгіме арқауынан танылатын ұлттық идеяларды сақтаушы, жеткізуші. Көркем мінез иесі сипатында. Тіпті ол «Айғыркісіні» 100 мың долларға сатпақшы немере інісіне «киесі барды сатуға болмайды»-деуден аса алмағаны да осы мінез табиғатынан. Неге ол Бұлдидың жағасына жармасса да қарсылық көрсетпеді деп те дау айта алмаймыз. Жазушының бұлай еткені де нанымды. Себебі Айғыркісі Бұлдидың өз малы. Егер автор Есқұлды Бұлдимен осы жәйтке қатысты жағаластырса, Бұлди бұл менің өз жылқым дегенді айтар еді. Ол уәжі де жөн болмақ. Бірақ әңгіме финалында Есқұл қария осы жағдайды есінеалатыны бар. Бұл жазушының идеялық мақсатты орындаудағы көркемдік шешімі болса керек. Өткен заманда жұрты үшін жанын садақа етіп, өзін құрбандыққа шалған батыр атасының ерлігін есіне алған Есқұл «бүгін кім сөйте алады»-деп қамығады. Ондай ерлікке өзінің де бара алмағанын өзінен көруі керек екен. Есқұл санасындағы ой ағымы елдік сананың дүр сілкінуіне жеткізгендей. «....-Жақсы үміт-арманның иесі мен киесін сақтай алмаған жұрттың көретіні-ақыр заман!» Отағасы селк еткен» (254-б).. Мына сөзге есті құлдың бәрі де селк етті-ау. Жеке бір адамдардың тағдырына үңіле отырып, қоғамның бет-пердесін ашып, ұлттық мәселелерді қозғаудың әдебиеттегі бір үлгісі осы әңгімедей болса керек. Есқұлдың құлағына бір дауыс келіпәлгі селт еткізер ойларды айтуы, елдің елдік мақсаты жолында өмірлері өткен ата-бабаларымыздың ұлы арманы емес пе? Елдің ұлы арманынардақтаған кейіпкер-автордың ішкі дауысы,әрбір есті құлдың (Есқұл) ішкі ойы да осы. Әңгімедегі томаға тұйық мінезді кейіпкер Жалғас. Жалғас мінезі, болмысы жағынан Есқұл табиғатына жақын.Ол дүниеге келгенде есімін осы Есқұл қойғанды. Есқұл кейіпкер мен автор бірлігі тұрғысынан келсек, Жалғас-кейіпкер есімінде де суреткерлік концепцияны аңғарамыз. Жалғастың Есқұл қариямен рухани түсіністікте жүруі осыны аңдатады. Сондай-ақ, Есқұл, Жалғас кейде авторға, автор кейде Есқұл, Жалғас болмысына сіңіп кетеді. Сонда Есқұл, Жалғас, автор бірлігінен суреткер концепциясының кейіпкер характері арқылы бейнелену шеберлігі танылады. Ал Бұлди характері бүгінгі қоғам мінезі. Халық Бұлдидың характері, іс-әрекеті арқылы өз мінін өзі көреді, өзінен-өзі ұялады. Өз бейнесінен кемшілік көрген халық дүниеге көзқарасын өзгертіп, рухани түлеуге бет бұрып жатса жазушы концепциясының мәреге жеткені. Бұлди характері халықтың бір мерезді мінезінің сипатын аша түскен,постмодернді образ. Әңгімедегі философиялық түйіннің бір қыры Жалғас характерінен туындап жатады. Есқұл мен Жалғастың диалогынан-ақ Жалғастың азаматтық позициясы таныла түседі.Бір диалогтан-ақ Жалғастың ол арманы, жанының ізгілігі төгіліп тұр. Қарапайым ауыл баласы Есқұлдай көкірегі қазынаға толы қарияның жанында тұрып ұлттық тәлім-тәрбиені бойына жұқтырған. Есқұлдың осы баланың атын Жалғас қоюы авторлық мақсаттан туындаған. Суреткер Есқұлдай есті қазақтың бүгінгі ізбасар ұрпағы Жалғасты ата жолымен рухани түлете алған. Ата салтымыз, ұлттық дәстүріміз, дініміз, діліміз, өрнегіміз Жалғастай ұрпақ бойына сіңіп жалғасын тапса, үміт үзілмесе деген мұрат бар. Ұлттық құлдылықтарымыз «Кие» ұғымы «Айғыркісі» бейнесіне жинақталған. «Айғыркісінің» иесі Жалғас бүгінгі ұрпақ өкілі.Сол «Айғыркісіні» құныққан құлқымыз сатып жіберді. Авторлық мақсатқа орай «Айыркісісін» іздеп шыққан Жалғас та мертікті. Осы шешіммен автор оқушысын ойға жетелейді. Есқұл ұлықтаған ұлттық қасиет, дарыған кие жалғасын табар ма деп ой мүжисіз, мүжілесіз. Суреткер сананы сан сұрақтармен сүзіп өтеді. Әңгіменің кульминациясындағы ғайыптан жеткен дауысты ой құлағымен тыңдай алсаңыз «Айғыркісінің» образданатыны адамға тән іс-әрекетпен шешімге иелік ететінін «Кие» ұғымы «Айғыркісі» бейнесінен заттандырыла түсетінін автор Жалғас ертегісімен де нақтылайды.Мифологиялық ойлау бертін келе көркемдік ойлауға ойысқанындай ұлттық дүниетаным сенімі мифтік сананы қайта жаратып отыр.Бұл ертегі Жалғас- автор қиялынан туып «Айғыркісі» образын мейлінше терең деректендірген. «Айғыркісіге» тән адамдық ақыл, саналы түйсік Жаратушыдан берілгеніне Жалғас ертегісінен кейін кәміл сенесіз. Суреткер «Кие»ұғымын шынайы өмір бояуында реалдандыра түскен. Концепциясына орай автомиф жаратындысының көркемдік қызметін шебер қиюластырған. Автомифтің ішкі қатпарларында елдік санаға жеткізуші ұлы арман, қыран қанатты қиял, өмірге құштарлық иесі, Адамды іздеу бар.Ол жоқ жерде, ертегіде айтылған алғашқы кезеңдегіндей өңшең бір масылдар мен тоқмойындар заманына тап боламыз.Содан сақтансақ керек Адамзат қауымы.
Жеке тағдыр иелерінің ғұмырына үңіле отырып, сол дәуір мінезін ашу, қоғам психологиясын талдау жазушы шығармаларына тән дәстүр. Ғ.Ғұлямның «Қу бала» туындысындағы авторлық Мен – кейіпкер тағдыры арқылы ХХ ғасыр басындағы халықтың әлеуметтік күйі реализммен өріледі. Мүндағы суреткерлік концепция Қу бала атанған Мен – автор бірлігіндегі бас кейіпкердің басынан өткерген оқиғалардың желісіне сіңдірілген. Оқиғаны баяндаушы кейіпкер Қу бала – Мен атымен сол кезеңдегі халық тұрмысы мен психологиясындағы, мінезіндегі болмысты ситуация үстінде күлкі тудыра отырып суреттейді. Жазушы Н.Дәутайұлының «Ақ күшік» хикаятындағы бедеу Қалдыбай, диірменші Павел, «Айғыркісі» әңгімесіндегі Есқұл қария, Бұлди бизнесмен, «Құдірет пен қасірет» туындысындағы бас кейіпкер Досмағанбет, айдаудағы Петр, жесір Қызбалтай, ару Ақтамақ тағдырлары дәуір шындығын суреттеудегі кейіпкерлер галареясын құрайды. Бірінің тағдырына қатал уақыт себепкер, ал бірі өз тағдырын өзі жасаса, бірі өмір жолында шалыс басып түзелуге ұмтылып жатқаны.Сан қилы тағдыр тауқыметі арқылы жазушы оқырманына адамтануды, қоғамтануды, өміртануды үйретер ұстаздай әсер қалдырады.
Суреткер қолтаңбасының бір қыры ретінде шығармаларындағы кейіпкерлердің характерлік ұқсастығын дара атауға болады. Характерлік ұқсастық бірін-бірі қайталаушы емес бірін-бірі даралаушы, толықтырушы белгілермен көрінеді. Мәселен «Айғыркісі» әңгімесіндегі Есқұл қария мен «Құдірет пен Қасірет» раманындағы Досмағанбет характері. Екі кейіпкердің бойында да сүйегімен біткен ізгілік нұры бар. Екеуі де адамгершілік қасиеттерді өмір өлшемі көрген. Шығармада осы кейіпкерлер өмір ситуациясында даралана бастайды. «Батыр» әңгімесіндегі Батыр образы да Есқұл, Досмағанбет секілді елжанды азаматтар қатарынан. Әрине, бұл әңгіме оқиғалық уақыты жағынан шығармашылық қиял жемісі саналады. Мәселе, шығармадағы өмір шындығының автор қиялында сомдалған көркем шындықпен ара-қатысында. Көркем шындықтан түйінделген көркемдік шешім тарихы өмір шындығының өзін сөйлетсе бұл шеберлік. Суреткер шығармаларындағы кейіпкерлер есімдерін де авторлық мақсатқа орай атайтынын айтып, өткенбіз. Әңгімедегі ілгергі тарихтың алғашқы берілуі жазушы концепциясын орнықтырудағы алғашқы көркемдік баспалдақ. Мазмұн мен пішін бірлігі тұрғысынан қарасаңызда бұл әңгіме соні үлгі. Жазушы концепциясының сыртқы пішіндегі көрінісі Батыр есіміне байлаулы. Қазақ әдебиеті тарихында мұндай көркемдік тәсілді алғаш ендіруші азаттық жаршысы, ақын Мағжан Жұмабайұлы болатын. М.Жұмабайұлының «Батыр Баян» дастанының тақырыптық атауы соның дәлелі. Демек ақын, жазушы концепциясын пішін бедерінде, тақырып атауында құндақтауы жайдан жай емес. Батыр ұғымы ел намысы, ер намысымен айқындалатыны белгілі. Қазақ тағдыры не жұтылуы не халық боп қайта бас көтеру сынауына түскенде, Мағжан ел бірлігі ел намысында екенін еске түсіріп, ұлттың тарихи жадын қозғап, санасын тірілтті. Ақын мен жазушының суреткерлік концепциясының тоқайласар төркіні де ұлттық намысты жоқтап, елдік сананы іздеуде жатыр. Ақын мен жазушыны қауыштыратын ұлттық ой, ұлттық идеяның бастауы бабалар рухы. Н.Дәутайұлының «Батыр» әңгімесіндегі Батыр бейнесі қазақ тарихында есімі бар барлық батырлардың типажы. Батыр характерінен барлық батырға тән мінез, өрлік көрінеді. Оқырман бұл қай батыр деп ойланып жатпайды, кейіпкер Батырдың орнына өзі білетін батырларды қойып көзіне елестетсе де өмір шындығынан алыстамайды. Бұл батыр Қобыланды, Абылай,Бұхарбай, Жанқожа, Баян, Ағыбай, Бөгенбай, Қабанбай тіпті баяғы Алпамыс батыр болса да әңгіме арқауындағы өмір шындығына сенесіз.Батырдың өмірлік мақсатына адамдық аңсарына иланасыз.Әңгіме Батырдың оңаша бір күйге көп түскен сәттерінің сырын аңғартудан бастау алады.Соңғы кездері оқшаулануды ұнатқан. Батырдың бұл әрекетін автор кейіпкеріне психологиялық талдау жүргізе отырып баяндайды. «Оның етегінен тартып, еңсесінен езген екі ауыр қайғы болатын: біріншісі ата мирас жау қолынан өлмегені... «Батырдың ажалы жаудан» дейтін қатал кесім бұлардың тұқымына тән ұлағатты ұран сөз;жауға шаба алар қай-қайсысы да ат жалын тартып мініп, қолына найза ұстағаннан, «Е, құдай, сол тілекті бере көр!» десетін-ді. Десетін де, жан алып, жан беріскен қолды қырғанда өлем-ау дейтін ой ешқайсысында болмайтын. Атасы кіндік тұсынан бойлап кірген сұр жебеден әкесі мойын түптен тиген семсердің өткір жүзінен қаза тапты.Ал бұған келгенде... Батыр әкесі мен атасынан аз немесе кем шайқасқан жоқ.Он алты жасында төрт көз сауыт киді. Жау қарасы көрінгеннен жер тарпитын тоқпақ жалды торы айғыр деймісің,қамшы сілтетпей-ақ қара тұяғымен бір орнында шыр айналатын қабырғалы қазанат деймісің, қаншама жыл қайғысының белінен қашан түсті.Сондағысы ел мен жердің намысы» (255-б).. Авторлық баяндау автор көзқарасымен түйінделіп отырады. Қазақ батырына тән ұлы мұрат талай ғасырлар көшінен қалған емес. Мұны оқырман ел аузында айтылатын батырлар ерлігінен өрілетін аңыздардан да, тарихи деректерден де естіп білген. Бірақ естіп білу бар да, көзбен көру бар. Біз үзіндіге алып отырған автор сөзінде, батыр мұратын жалпы ұғым түсінігінен бөлектеп, бөлшек түрде, жалқының өмірлік арманы етіп, деректендіре ұсыну бар. Автор бір батырдың әулетінің шежіресінен ұлы мұраттың («батыр ажалы жаудан») істе көрінуін (әкесі мен атасының өлімі) заттандырып көзге көрсете айтады.Осы қам-қаракет қазақ даласын қорғаған барлық батырдың өміріндегі ұлы мұраты болғандығынан байтақ жерімізге иелік етуіміздің сырына бойлайсыз. Халық афоризміне айналған «Батырдың ажалы жаудан»,-дейтін ұлт философиясының ішкі қабатындағы өмір әуені батырлардың ұлы мұратын осылай танытады.
Батыр әңгімесінде эпикалық уақытты реалистік уақытқа көшіретін ондағы оқиғалардың тарихи шындыққа тұстасатыны. Қазақ пен түрікмендер арасындағы жаугершілік тарих өткелінде бар. Қазақ пен түрікмен арасындағы соғыс, жазушы Ә.Кекілбаев прозасының тақырыбында да баяндалды. Әңгіме арқауына алынған осы соғыстың тарихи деректерінен батыр прототипіне жақындауға болады. Бірақ, батырдың түп-тұлғасын айту жазушының көркемдік мақсаты емес. Ол оқырмандық қабылдауда да нанымсыз шығар еді. Автор позициясы батыр есімін тұлғалайтын намыс ұғымын ел санасынындағы тарихи жадыда сәулелендіру. Батыр атын естіген оқырман көңіліне намысты ердің сойы, батыр тұлғасы көлбеңдесе жазушы мақсатының орындалғаны. Батыр тұлғасын оқырман көңіліне жан дүниесімен көшіру жазушы тілінің мәнеріне қатысты. Бүкіл әңгіменің идеялық желісін құраушы басқы сюжетте Батырдың батыр ұғымына өз дүниетанымымен баға беру тұсы бар. Батырдың жастау шағында жасамыс жау батырын жекпе-жекте жеңіп шыққанда есінде қалып қойған жәйт, батырлық пен ездіктің бетпе-бет келіп қайшылық үстінде шынайы көрінгені. «Батыр-ай,жанымды қи!»,-демесін бе. «Оның не?-деген бұл.- Жау қолынан мерт болу-батырдың мұраты емес пе-әй?!» «Бұл қай сөзің? Өлудің қай жері мұрат?» «Найсап,батыр дүниеге елі мен жерінің құрбандығы болу үшін келмейтін бе еді!» «Оны қайтесің.Жанымды қи, Жаугер»... Батыр оған енді қайта көз салмаған. Атын қатты тебініп, жасақтарына қарай жөней берді. «Нәлетіні тіріқалдырып кеткенің қалай, Батыр?»-дескендерге: «Ол өзі де өлген адам екен,- бұл, Батыр емес, қатын. Қатынды қалай өлтірем!» (256-б).Мұны жазушы шеберлігіндегі көркемдік тәсілдің бірі десек болады. Батыр ұғымын ұлттық дүниетанымдық биігінде кейіпкер характерінен, сөзінен алып түсіндіреді. Түсіндіру ғана емес батырлар сөзі, әрекеті осы деп кесіп-пішіп жеткізген. Автор ойы кейіпкер сөзіне көшіріліп, батыр атынан батырлыққа баға бергізу ақиқатын айтудағы суреткерліктің бір қыры. Бұған қарап суреткерлік концепция жазушы қиялында емес өмір материалынан туындаған дей аламыз. «Ата-бабадан қалған даналы ойдың, мәйекті сөздің төркіні ұлттық дүниетанымдық концепцияны қалыптастырушы тәжірібелік мектеп болса, суреткер концепциясы сол мектептен ұшқан тастүлек идея. Батыр кейіпкеріміз батыр ұғымы мен оған қарсы ездіктің де пәлсапасын «ол өзі де өлген адам екен»-деп бірақ кеседі. Батыр тарихи жадымызда әуелі жаугершілік заманда өмір сүрген тұлға ретінде елестейтіні бар. Яғни, батыр баяғыда өмір сүрген адам. Ал, баяғымыз жазушы ойымен айтқанда «....Баяғы деген ата-бабалар, ата-бабалардың кісілігі, түсінігі, қуаныш-шаттығы, азабы мен шері, жеңісі мен жеңілісі,аққан қаны мен төккен терінің ұлы көші емес пе?» (249-б). «Айғыркісі» әңгімесіндегі Есқұлдың бұл сөздері де жазушы концепциясының ұлттық ой-санадан қанат қаққандығын танытады. Суреткерлік мақсат «баяғыда»өмір сүрген батыр ата-бабаларымыздың өмір сүру концепциясын бүгінгі адам санасына сіңіру. Өмірі қыл үстінде жүрген батыр аталарымыз ұлы мұрат жолында жанын берсе, бүгінгі бейбіт күндегі пенде «адам» атына лайық өмір сүруде ме? Кешегі батырлар жүрегіндегі намыс бүгінгі қазақ өмірінде қаншалықты құнды суреткер оқырманын осындай ойға шақырады. Сөз басында ақын Мағжан мен жазушы Несіпбектің суреткерлік концепциясының түйісер тұсы деп шығарманың сыртқы пішініне құндақталған идеяны айтып өткенбіз. Енді «Батыр Баян» поэмасы мен «Батыр» әңгімесіндегі оқиғаның мазмұн желісіндегі ұқсас тұстарына назар тіксек.
Ақын М.Жұмабайұлының «Батыр Баян» поэмасында батыр Баян махаббат өртіне шарпылған інісі Ноянды ел намысы үшін оққа байлайтыны бар. Мұндай көркемдік шешім авторлық мақсатты орындаушы тірек нүктесіндей және суреткер концепциясын тудырушы басты фактор. Олай болса ақын Мағжан да авторлық концепцияны халық арманы мен мақсатынан жарақтап отырған болады. Мағжан шығармасының контрастын күшейтіп шарықтау шегін танытатын осы фактор жазушы Н.Дәутайұлы әңгімесінде қайта жаңғыруы неліктен? Осыған жауап іздеп көрелік. Батыр кейіпкерлеріміздің інісі ауыл ағайынның иесіндегі жүйрігін қалап барғанында, тауы шағылып кектенген. Содан жер үстіне атын әйгілеп отырған жүйрігі ауыл малымен қоса түрікмендерге асырып жіберген. Бұл іс ағайын арасына түскен сызат. Әңгімеде қазақ пен түрікменнің жауласуының себебі желден жүйрік, қазақ ауылының ақ байталынан шыққаны айтылып өтілетін. Түрікмендер қалап келген-ақ байталды жылқы жанды қазақ бермейді. Кектескен, қызғанған түрікмендер жайлауда аңдып-бағып бауыздап кетеді. Сонан «әншейінде он мың жылқысынан бір тайды қасқыр тартса, қайғыдан қан жұтып жатып алатын байлар тізіліп келіп суын ішсе, өзеннің ағысын тоқтатып тастайтын үйір-үйір жылқыларын ауыл-ауылдан айдатып әкеліп, «Ал, қане,азамат біткен атқа мін!Кек қайтар!»дескен ғой(262-б).Екі ұлттың арасындағы соғыстың себебі «Әлде деп те қояды бір ойы,-жауласудың себебі басқада, тым тереңдегі ме екен? Кім білсін!? Кім білсін?»(262-б)-ақ байтал болса інісінің ісі қазақ үшін, әрі ағайын үшін қаншалықты ауыр тиетінін түсінеміз. Бір тайына қайғыдан қан жұтқан пенде,аты әйгілі жүйрігімен қоса малынан айрылса Батыр інісінің ісі намысты басқа тепкенмен бірдей болып шығады. Жазушы ұлттық символымызға айналған қазақ тұлпарының халық бостандығындай қасиетті екендігін арғы тарихтан әдейі қозғайды. Бұл Батыр мінезінің, інісінің ағат ісіне оң қабақ танытпауының себебін шындыққа жақындатудағы автор орайластырған оқиға да болуы мүмкін. Автор қиялынан қосқан оқиға болғанның өзінде біріншіден; жылқы автор мақсатының орындалу тетігіне айналса, екіншіден өмір шындығына қайшы келмейді. Батыр інісінің өзі де батыр болғандықтан хас жүйрікті ұнатып, оны иесінен сұрауы, қолы жетпеген соң пенделікке салынып кек қайтаруы мүмкін жәйт. Бірақ кектенген кегі халық жауының мүддесін орындап жатса ол енді сатқындыққа саналады. «Бүкіл ішкі сарайында жан азабы аңырап қоя берді. Япыр-ау, не нәрсеге душар болғалы отыр. Жаудан қайтпаған, өлімнен сескенбеген жүрегі... Алғаш рет кеуде сүйегін тесіп кетердей дір-дір етті. Өзегі өртеніп, өкпесі қабынып, өмірем қауып барады. Сүйекке таңба... Осыдан еді ғой бұлардың қорқатыны. Ағайынның ала жібін аттау... Атасына нәлет дегізетін,адам түгілі аруақ, құдайдың да қарғысына қалатын қараулық.Тұқым-тұяғында болмаған. Енді келіп, бұлардың атадан балаға жалғасып келе жатқан әйгілі батырлығында не абырой қалады. Бұлардың батырлығының түп атасы-Адалдық пен Әділдік еді ғой. Қайсы бабасы: «Адалдық пен Әділдіктен асқан батырлық болмайды»-деп кетпеп пе еді. «Аспан айналып жерге түссе де, ағайынға қол салма демеп пе еді. Ит-ай, ұзында кегі, қысқада өші кетсе де, қаны бір туыстың маңдайына басқанын қалай дәті барып, көзі қиып қайдағы бір түрікмендерге асырып жіберді. Қайтіп?» (262-б). Жазушылық характер табиғатын ашық күндей танытуына психологиялық талдау жүргізген осы бір әдісі жетіп жатыр. Бұл кейіпкер жанын жеген мазасыз ойды бейнелеудегі автордың лиризмге тіркелген толғаулы сыры. Бұл кейіпкер Батыр психологиясының жаны күйзеліп өзді-өзі контрасқа түсуін характерлі баяндау амалы. Әдебиеттану тұрғысынан қарағанда Батыр кейіпкеріміз белгілі бір уақыттың типі. Ендеше характерлі баяндаудан Батыр өмір сүрген кезеңнің тыныс-тіршілігі айқын бейнеленетіндей, ұлттық сана түйсігінде мейлінше ашық күй танытады. Ұлттық сана түйсігінде түйінделген қазаққа тән мінез ол сөзге тоқтау еді. Бұл Батыр кейіпкер өмір сүрген қоғамсанасының жазылмаған заңы болатын. Батырдың іні әрекетіне берер шешімі әділ сөзге тоқтаған дәуір кейіпін елестетеді. Қазақтың бүгінде ұмытыла бастаған осы бір мінезін қайта есіне салған жазушы ұлттық болмыстан философиялық концепция тудырып, шеберлік дәстүрдің сүрлеуіне түскен. Ұлттық дүниетанымнан өрілетін суреткердің философиялық концепциясын өмір шындығында бейнелеуші характерлер шоғырына тән қасиет аталы сөзге тоқтау. «Батыр» әңгімесіндегі Батыр, «Айғыркісі» әңгімесінднгі Есқұл, «Құдірет пен қасірет» романындағы Досмағамбеттер сөзге тоқтау дәстүрін қиын заманда да бойынан жоғалтпаған.
Қызметшіні сыртқа қалдырып үйге інісі кірді. Сәлемін ешкім алған жоқ. «Мыналардың айтып отырғаны рас па?» - деді Батыр бауырына. «Рас». «Қайтесіз, батыр, бауырыңызды өзіңіз жазалайсыз ба, -деп ана екеуі елпең етті.-Қайтесіз?» «Алып кетіңдер, қандай жаза қолданасыңдар, үкім өздеріңнен(264-б).Ел тағдыры мен ер тағдырына қатысты әлеуметтік кең планды мәселені көпсөзділікке ұрындырмай шағын диалогқа сыйдырып жіберген. Диалогтың соңында беріліп жататын авторлық түсіндірмелі сөздер де сылынған. Жазушы оқушы түйсігіне ұғынықты қарапайым тілімен-ақ іс-әрекет баянын монодиалогқа көшірген. Мысалға алған монодиалогтан Батыр мінезінің сөзге тоқтайтын, ұлттық дәстүрді қадірлеуші қасиеті бірден аңғарылады. Осы қасиетті,қазақ халқына тән ұлттық мінез ерекшелігін танытар сөзге тоқтау дәстүрін ұстап қалу да,батырдың да батырының қолынан келмек іс екен. Оқиғадан кейін бүк түсе жатып алған Батырдың естігені «...інісі бауыздалыпты. Батырдың сұрағаны: «Жанымды қия көріңдер деп жалынып,жалбарынбап па?», «Жоқ. Тек қол аяғымды байламай бауыздандар»-депті. «Е,онда бопты» (264-б).
Батырдың іші қан жыласа да,онысын сыртқа білдірмей інісінің өлімді ерлерше қарсы алғанына шүкір дескендей. Бауырының қазасына салқынқандылық танытудың өзі шынайы өмірде кездесе бермейтін мінез. Әңгіменің философиялық концепциясын, қазіргі қоғамға әсер берер тұсын Батыр характерінде көрінетін тосын қаталдықтан сезінуге болады. Өз бауырының ісі түсіп тұрғанда неге бейқамдық танытты? Ең болмағанда абырой беделін жұмсап жазасын жеңілдетуге болар еді ғой. Батыр характерінің сана тартысына түсер осы ситуацияда танытар үкіміне келіспей дау айтуға бола ма? Басқа оқырман дауын айтып пікірін дәлелдей жатар. Ал, біз автор шешімімен келісеміз. Өйткені, автор әңгіме өзегінен танытар концептуалды идеяларын Батыр ұғымына қатысты ата-бабаларымыздың өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымдық философиясынан өрбітіп отыр. Батыр категориясын жасаушы, сақтаушы, алмастырушы «намыс» ұғымы ерлікке де бастаушы. Ал,батырлықтың түп атасы Адалдық пен Әділдік» (264-б)- болғанда Батырдың іні ісіне қатысты үкімін дұрыс қабылдайсыз. Батырлықты былай қойғанда бүгінгі адам мінезіндегі «Адалдық пен Әділдік жайлы түсініктің пендешеленіп бара жатуы көпке ой салса керек. Бабаларымыз байтақ жерді сақтап, ұрпаққа аманаттауында қылыш сермеп, найза көктеген күшінің өзегі «Адалдық пен Әділдікте» жатқанын біздің дәуір санасына түйгені жөн. Халық дүниетанымы, халық жолы осы. Адалдықты аттаған туған бауырына адамдық сезімімен іштей жыласа да халық жолынан шығуға Батырдың ешбір құқы жоқ. Мұнда елдік намыс бәрінен жоғары тұр. Батырлық-мінезден.
Ш.Күмісбайұлының «Шырақтының шатақ шалы» әңгімесінің тақырыбынан-ақ ирониялық кекесін байқалады. Қазақ ұғымында шатақ шал,шатақ кісі секілді сөз тіркесінің мән-мағынасы мінезі туралау,өз пікірінен қайтпайтын адамға берілген сырт көз бағасы. Бұл атау көбіне айтар ойына дәлелді пікірі бар, көптің пенделік дегеніне көне қоймайтын зеректігі бар жанға қатысты. Кейде көздеген мақсаты жоқ, әйтеуір менікі жөндіктен аса алмайтын шодыр мінезділерді де «шатақ шығарып жүрмесе болмайды»-деп жатады. Бұл ұғымға тағы да басқа сипаттама берушілер табыла жатар. Біздің мақсатымыз тақырып пен әңгіменің мазмұндық бірлігінде қандай идеялар жатқанын, жазушы не айта алды дейтін мәселелерге бойлау. Сонымен әңгіме тақырыбы айғайлап-ақ тұр. Өзіндік атауымен де оқырманын шақырғандай. Бұл шатақ шал қандай жан екен, ауылдағы пәленшекеңдей ме? Жоқ ана көрші сияқты көкезу ме деп, ойына әуелі өзі білетін, бізге бейтаныс кісісін елестетін де шығар. Мұндай ой ауылдағы оқырмандарға бірінші келді-ау,- деп шамалаймыз.Оның да өз себебі бар. Шатақ шал, шатақ кісі бір үйдің баласындай жатырқамайтын ауыл психологиясына сіңген жалпыға мәлім кісінің кейпін туындатады. Бұл атаудың бесігі ауылда тербетілгенін сонда өскен жан түсіне қояр. Шатақ шал ұғымының ауылда туып, ауылда әйгіленуінің өзі қазақылық ортаға да қарыздар. Қазақы қалжың,ауыл айтқыштары шатақ шалдың мекендік ортасы да. Сонымен әңгіме тақырыбынан өз әлеміне мәлім «шатақ шал» бейнелерін ойына алған оқырман әңгімені оқуды бастап кеп жіберді-ау. Көкейлерінде сол «шатақ шал» жайында не жазылды екен деген құмарлық та бар. Ә дегеннен авторлық баяндау басталып та кетеді. Шатақ шал жазушы қиялында, халықтың Алдаркөсесі, Қожанасыры секілді типтік бейнелерге, қазіргі уақыт өлшемімен қарағанда ұлттық қасиеттерді жоқтаушы,қозғаушы әрекетімен туыстасатын кейіпкер. Себебі,бүгінгі қазақ баласы екіге жарылып ғұмыр кешкен тұста Алдаркөсе жарықтықтың «элита», совремшал», «жаңақазақ»-тарды алдай қоюы екіталай. Яғни Алдаркөсе, Қожанасырдың ақыл айласы қазақтың ескі дәуіріндегі сөз құдіретін бағалаған қоғамдық сананың жемісіндегі жеңіс еді. Бірақ солай екен,ол дәурен өткен екен деп қарап отырсақ, халық ішінде жүріп ізгілік миссиясын кім атқарады? Ақынымыз, ақылдымыз, жазушымыз қайраткер мен әкіміміз бар ғой деп уәж айтсаңыз болар. Әрине, әркім өз биігінде қызметін атқарып, халқына пайда келтіріп-ақ жүр. Жазушы мұны білмейді емес, біледі. Бірақ, халыққа өзіндей қарапайым елеусіз жанның қаракеті күшті әсер беруі мүмкін. Сондықтан халық өзі таңған атағынан басқа ештеңесі жоқ жанға,шатақ шалға авторлық мақсатты идеяларды орындауды міндеттеп қойған. Шатақ шал авторлық мақсатты орындаушы, жеткізуші кейіпкер ғана. Біз оны халықтық типтердің әрекеттік амалдарын еске түсіре отырып, бүгінгі уақыт биігімен ғана салыстырмалы түрде айтып өттік. Айтпағымыз, автор халықтық типтердің әрекет амалдарына ұқсастықты, бүгінгі өмірде шатақ шалдың әрекеттерімен жүзеге асырғысы келгені. Өзбек жазушысы Хайриддин Сұлтановтың «Жоқшылық пен тоқшылық» әңгімесіндегі Рахметолланың жаңа заманға лайық тұрмыс кешемін дейтін әркетінің де арғы жағынан өмірді дүние табумен ғана өлшейтін пенделік сана жатыр. Ол көштен қалмайын дегендей кәсіп тауып көп ақша табуды мұраттап өмір мәнін ұмытып та кетті. Тек ол ғана емес оның отбасымен араласатын дос-жарандардың да мұраты көп ақша табу, баю сияқты пиғылды еді. Осындай нарықтық психологияны жазушы ата мен бала санасындағы танымның кереғарлығымен ұғындыруды жөн көрген. «-Қазір тоқшылық,-деді әкесі оның сөзін естімегендей.-Бәрі де бар. Сендер жоқшылықты көрген жоқсыңдар, лайым көрмеңдер. Тегі жоқшылыққа шыдауға болады, ал, тоқшылыққа... Қайдам, балам...» (513-б.). Әңгіме соңында малтабар Рахметолла күйбең тіршілік соңынан қуып жүріп, машина рулінде қалғып кетіп мерт болады. Жазушы көпшілік түсінігіндегі өмірді ақша табу, баю алаңы деп қабылдайтындар психологиясына Рахметолланың өлу себебін тіршілік арқылы талдап әсер етуді көздеген. Адасқан санаға қайта жол көрсете алса суреткерлік мақсаттың да орындалғаны.
Бүгінгі проза жөнінде әңгіме өрби қалса, Мархабат Байғұт шығармалары «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек» болып «Ақтолғайға» дейін толып сөйлеп берер. Сөйлетушісі әр кітаптағы ізденістер арнасынан жанр жауапкершілігін, жаңашылдығын теориямен тағалап, сыни бағалап бағар. М.Байғұт әлемін терең тануыма Ақтолғай естелікнамасы әсер еткенін несін жасырайын. Ақтолғайға дейін қаншама әңгімелерін оқығанбыз. Көбі ұнаған, бірі ұнамаған. Ал, Ақтолғай ұнамағанды ұмыттырып, жазушы жанын терең ұқтырып мөлдір балалық бастауларға кұнықтырып әкете барды. Адамның ең бір таза кезеңі балалық шақ кеңістігі қайта бас көтеріп, оқырман кеудесіндегі хикмет парағын ашты. Жазушы ғұмырнамасынан қандай сыр алдық, не ой түйдік. Эсселерден есілген естелікнамадағы өмір шындығының көркемдікпен бейнеленуі ғұмырнамалық роман тұтастығындай әсер береді. Қарагермен қашқан Байқуат. Қуған қарашекпенділер. Қарагерлер атауымен ашылған ғұмырнамалық туындының оқиғасы осылай басталып, төңкеріс кезеңі суреті көз алдыңа көлбеңдеп келе береді. Өткен тарихтың қалай болғанын, қалай өрбігенін суретті сөз санаңа тықпалайды. Байқуат өз қазағың. Қарашекпенді кім екенін «сасық текенің бұт жүніңдей саржағал сақал-мұрты жабайыланып кеткен» (5б)- болмысынан ақ танисың. Танымайсың танытады. Себебі, XXI ғасыр перзенттері, қабырғалас ХХғасыр тарихы шындығын әлі түгелдеп болған жоқ.Оның үстіне ХХғасыр шығармаларында қарашекпенді қара бала қазақ қамы үшін келгендейін айтқандар бар. Әдейі айтқан жоқ. Адасып айтқан. Хош, адасып айтқанның аулы алыста қалып тәуелсіздік таңында турасын танымаққа кіріскенбіз. Сонымен, қарашекпенді Байқуатты атып, қарагерді алып кетті. Сақал-мұрты ғана емес, қарашекпендінің ісі де жабайы хайуан бітімді екенін қазаққа көрсеткенінен танисың. Жағаңды ұстайсың. Қарашекпендінің «салтына» сай мәйітті жерлеуге рухсат бермеген, адамға жат пейілден шошисың, шошынасың. «Не істемек керек?» -жазушы өткен тарихқа еніп, сарсылған қазақ санасындағы сұрақты қайта қояды. Бауыры өлген Байғұтқа. Байғұт қана емес бар қазаққа. «Бозбала Байғұтыңыз бауыры Байқуаттың жансыз денесін тәтенің торы биесіне тірі адам сияқты тікірейте отырғызады. Қыл шылбырмен шандып байлайды. Өзі артына мінгескен кейіпте көрініп, ымырт қараңғысымен жолға шығады. Қарашекпенділердің үш бірдей селосын аралап өтеді. Қаршадай қара бала қандай күйде болды екен-ай сонда?» (7б.) Қара баланың күйі оңай болмағанын осы оқиғадан хабардар болған оқырман сезініп-ақ отыр. Адам тағдыры аяқ асты болған аласапыран уақыттың сөз суретіндегі іс жүректі шым-шым еткізді. Оқиғаны әпкесі Базаркүлдің айтқандарынан келтірген жазушы, дәл осы тұста естелікнаманы проза жанры түріне биіктеткен. «Қарагерлердің» әңгімешілдіктен өрбіген табиғаты Байқуат, Байғұт кейіпкерлерін уақыт пен кеңістік бірлігінде жинақтай, даралай түседі. Егер уақытты тоқтата тұрып, Байқуат пен Байғұт әрекеттерін тарихи кеңістіктер бірлігінде қарастырсаңыз да кейіпкерлер характері ұлттық реңктерімен ерекшеленер еді. Әдетте, әдебиеттанушылар кейіпкер даралығын тартыс үстіндегі ой айшықтығынан, не ішкі жан дүниенің психологиялық талдауға түсер тәсілдерінен тарқатып жатады. Көркем прозаға тән үрдістің «Қарагер» құрылымында сыналап ендірілуі кейіпкер бітім-болмысын айқындап-ақ тұр. Кейде, кейіпкер жан дүниесін сөйлем аясында-ақ айқара ашып беретін ( М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» Ақанқұл бейнесі) суреткерлік бар. «Балықтысу бойындағы қыстауларына біржолата қоныстанып алған қарашекпенділерге тісін қайрапты... Арыстың ағысы баяулайтын тұста ойланып көп отырды... Артынша жанарларынан жас парлай пырылдаған Қарагеріне көзі түсіп, Аршалының ала барысындай атылыпты. Саржағал сақалдыға.(5-6б). Осы үш ауыз сөйлемде Байқуат бейнесі оқырманға ішкі ілемін алдырмады деп айта аламыз ба? Ал, «Аршалының ала барысындай атылуынан»- Байқуаттың батырлығын, намысты ер екендігін мақұлдайсыз.Батырды барысқа баламалау, батырлығын даралау ата жолымыз. Байқуатты Байғұттың ғана бауыры деп ата шежіреде танысақ, сол шежіре бар қазақты бір қазаққа апарып тірейтінін де ұмытпаған жөн. Жазушының тар замандағы «азаматтар» бейнесін сомдау концептісіндегі мақсат осы. Яғни, Байқуаттағы батырлық бүгінгі бар қазақтың атасын жасаған істің, ерліктің баяны. Бар қазақтың атасы осындай ерлікке барабар іс тындырған да болуы бек мүмкін. Байқуат бейнесі арқылы әр оқырман өз кеудесінде менің аталарым қандай күй кешті екен деген сұрақты оятары анық. Сол сауал өткен тарихқа, ата-баба рухына тағзым еткізер де. «Қарагерлердің» көркемдік қуаты да, жеңісі де осында. «Қарагерлер» атауы да замана үнін, тынысын бедерлеуде обективтенген. Көне түрік фольклорынан арна тартып, ауыз әдебиетімізден дәстүрлі поэтикаға айналған «тұлпар» образы қазақ үшін қаншалықты қасиетті екенін айтып жату артық. Айтпағымыз, жазушының кейіпкерлер болмысын, психологиясын тұлпар символикасымен қат-қабат егіздеуі. «Қатары сиреген үйірге Қарагер қыр көрсете оқыранар. Құлақтарын қайшылар. Шүрен шұраттан шүркірей түскен құлындар-ай... жанарларынан жас парлаған Қарагер...»(5-6б). «Қарагер» тағдыры иесі Байқуаттың тағдыры емеспе? Жазушы жылқы қасиетімен, кепиетімен Байқуаттай ерлер жан дүниесіндегі бұлқынысты мәндеп тұр. «Жуалы асып, Көсегенің көк жонын кезіп, көкпар іздеген. Таппаған»(5б). Өзі қарагерімен қашып жүріп көкпар іздегені несі деп таңырқайсың. Оқырманның осы тұста нанымсыздыққа ұрынуына құқығы бар. «Қарагерлерге» терең бойламаса ол да оқырман құқы. Көкпар арқылы- нені меңзеп тұр. Ұлттық құндылықты осы арада қозғаудың не реті бар? Ойласақ екі түрлі шешім тапқандай боламыз. Байқуатқа көкпар іздету,оны таппау арқылы тар кезең шындығын бейнелеудің реалдығын салмақтата түсу. Көкпардың жоғалуы күйі ойран-асыр болған қазақ ахуалын оқырманның шынайы сезінуіне тиек. Екіншіден өз өмірінің ертеңі беймәлім күйде тұрса да, көкпар іздеу Байқуаттың ұлттық құндылықтан бас тарта алмауы. Ұлттық құндылыққа болмыс бітімінің байлаулы екендігі. Көкпар іздеуімен Қазақ ұлты табиғатының даладай кеңдігі мен мәрттігі, дүниетаным тереңдігі, ішкі әлем күрделілігі тұспалданғандай. Қысылтаяңда кейіпкердің көкпар іздеуі- аласұрған күннің зорлығынан саңылау тауып құтылмақ «жанының» шарпысуындай амалы. Көкпардың жоғалуы-күйі кері кеткен қазақ тағдырын дәл айқындаушы көркемдік «штрих». Байғұт шалдың да қарагер атқа құмарлығы, жылқыға оташылығы, жетінші ұрадағы сақтаулы бидай тұқымынан ел қолының нанға жеткені, жылқыға делдалдығы, шандоз шабандоздығы, өлеңшілігі, бағбандығы кейіпкеріңіздің кесек бітіміндегі қасиеттер. Байғұт болмысы «Ашаршылықтың азабында» айбарлы айқындалып-ақ тұр. «Қаратай» - Қаратай Ахметов тағдырынан суарылған естелікнама. Қ.Ахметов кезеңі жайлы тарихи шындықтың көркем аңгімеленуі. Қаратай бейнесінен Алаш арыстарының ертеңі үшін қызмет еткен ұлы мақсатының жалғасын көреміз. Қаратай мен Зәурештің М.Әуезов, Т.Рысқұловтармен қатынасы қазақ зиялылары қатарынан екендігін де паш еткендей. Қаратайдың басшылық кезіндегі көпке жақсылығы, жетім балаларды қамқорлығына алуы азаматтық келбетінен. Қарынбай қарияға жазған хаттарындағы:
«...Шөлдегі мен бір ағаш сусыраған,
Тұз-сорға амалсыздан тамыр жайған.
Қауқарсыз бір өсімдік секілдімін,
Күн жетпей, аз сәулені алған айдан»
Тұйғын ем сұңқар құстай қиядағы,
Биікке самғармын ба енді қайдам... (19б)-өлең жолдарындағы жинақылық, бейнелілік, Қаратайдың жай адам болмағандығын, ақындық арманының азаматтық арынында тұлпардай тебініп, тағдыр қазығында байланғанын байқатады. Мұндай хат иесі аман тұрғанда, қазақтың бодандыққа көнбейтінін білген қарашекпенділер, қара ниетін асырып-ақ баққан. Оның үстіне қазақтың «дарындының екпінінен қорқып» көре алмаушылығы тағы бар. Қаратай бейнесінен ағытылар кісілік пен серілік сымбат Ахметжан ақсақалдың айтуында нығырлана түседі. Қаратайды түрмеде кезіктірген Ахметжан түлкі тұмақты қазақтың портретін «Қайран Қаратай жігіттің сұңқары еді ғой, мүмкін сұлулық пен сымбаттылыққа, көркемділікке қастерлей қарайтын қасиеті өлмеген, жүрегінің жылуы өшпеген біреу обалсынып, түлкі тұмақ ерекше жарасатындықтан киіп жүруіне рұхсат берген шығар»(17б)- деп түйіндейді. Шынында солай екен-ау деп ой бағасың. Жау екеш жаудың ішінде де адамшылық сезім, бөлек тұрпатты адамзат кейпінен жылылық, ізгілік көруі мүмкін-ау. Басқаша қалай болсын. Қаратайға туыс Байғұт та кісілік келбетімен, ісімен дара. «Байекеңнің бауы» -еңбеккерлігін танытса, өмір жолындағы қиындықтар тоқығаны көп тұлғаға айналдырған. «Нағашың Қа-ра-тай» -деп бала санасына нығырлауы да, «тамырластыру» рәсімін өткізуі де, «бесік құда» салтын мәністеуі де, бала қылығына намыстанып шыбықпен сықпыртуы да өмір көрген адамның ісіндей жарасымды. «Қасқырларда» жазушының балалық шағымен жарыса басталатын еңбек өткелдері, Байғұт әулетінің күйі, соғыстан кейінгі ауыл тұрмысының қиыншылығы сыр толғаныстармен реалистік суреттеледі. «Ақтолғай» естелікнамасының көркемдік ерекшелігі де автор- кейіпкер бірлігінде жатыр. Автор- кейіпкер тұтастығынан характер ашылуы туындайды. «Ақтолғай»- адам болмысын дара мінездеулерде жанрлық тұтастық сақтайды. Автор- кеіпкер ғұмырнамасы әр бөлімде, жанрлық түр сипаттарымен әр қырынан толысып көркем бейненің тұлғалы сұлбасын елестетеді. Ол автор- кейіпкер бейнесі. Адам мінездерінің әр-қилы жаратылатынын да эпизодтық сипаттарда аңғарып қалуға болады. Автор кейіпкерге тікелей қатысты Таңатар жезде кейпі адам табиғатының күрделілігін аңғартса керек. Таңатар мінезі ішкі монологпен өрілген тұста айқын аңғарылады. «Кітап немесе газет оқып отырсам,қолымнан жұлып алады. «Немене,Ленин болам дейсің бе?Өшір анау шырағданды-деп ұрсады.Кеспе көже ішіп отырсам, қолымдағы қасықты жұлып алып, тамақтың ернеулерінде тұрып қалған қамыр қалдықтарын қырнап-қырнап түсіріп табақты тазалап іш!»-деп нықырады(36б). Жетімсіздік, шарасыздық екенін ұғынып отырсың. Тағдыр тауқыметінен адам не күйге ауыспайды. «Осы күні ойласақ, Таңатар жездені де түсінуе болады екен дә-ә-ә»-деп түйіндеуі де шындық. Таңатар жезденің әрекетіне сәл іш тартып қалған оқырман Қамбаркүлдің атасы мен енесінің тірлігіне келгенде абдырап қалады-ау. Бұл қалай деп ойға қаласың. Не болғанда да бала Қамбаркүлдің інісі емес пе? «Інің іш сүзегі екен, үйге түсірмейміз, жұғып жүрсе бәле болады»-деп қалай айтқанына жаға ұстайсың. Бірақ, осындай мінездер қазақта болатынына бұрын да естіп біліп жүргендіктен «бас шайқайсың да» бал болғыр деп міңгірлейсің. Әсем апа бейнесін ара-кідік бақылып отырған оқырман кейіпкерлер қатынасында жете тани түседі. Байғұттың жары ретінде уақыттың жүгін бірге көтеріскен Әсем апамыз қарапайым кейіпкер қатарында қала берер ме еді? Қарапайым кейіпкер деп кәдуілгі барша оқырманға бейнесі жарқын аналарды айтып отырмыз. Сол Әсем апамыз Құттықызын ұзатқанда селсебет төрағасының орынсыз кінәлауына тап келеді. Әрине, сол кездегі идеология бойынша қыз ұзату жаңаға қайшылық деп саналған. Оның түкпірінде салт санадан айыру әрекеті бұқпантайлап тұр. Қызыл империя жымысқы саясатын «белсенділер» арқылы жүзеге асырғаны тағы мәлім. Белсенді селсебеттің кекетіп күліп басынғанына шыдамаған Әсем апа «Басынба!»- деді селсебетке. –Басындырмаймын. Қалың малға жеті жүз сом алдым. Жеті көрпе, жеті жастық, екі абдыра мен киім-кешегінен көк тиын артылған жоқ. Төрт текеметімнің екеуін қосып бердім. Алаша мен тұскиізім тағы бар. Ал, шауып ал! Сен шаппасаң, мен шабамын басыңды!»(49б) -адуынды мінез корсетеді. Жауға шапқан Құртқа, Ақжүністердің жұрнағындай елестетесің Әсем апаны.Қазақ қызының батыр да болғанына Әсем апаң көз жеткізгендей. Нысанбек бригадир, ағартушы Сираж секілді кейіпкерлер де елшіл ойларымен, адамгершілік қасиеттерімен баурап алатын жандар. «Ақтолғай»- дағы естелік сипатында танытылатын есімдер жазушының белгілі шығармаларының кейіпкерлері болғанын оқырман қауым біледі. Естелікнамадағы жазушымен, өмір жолында түрлі жағдаяттарда тағдырлары түйіскен жандардың кейіпкерге дейінгі шынайы болмысын тану да оқырманға қызық. Мәселен, әскерде алдынан шығатын мектептегі «атаман» Әжібек Пошаев. «Құрылысбаттағы қорлықтарда»-Әжібек Пошаевтың өмірдегі шын бейнесі, мінезі сипатталады. «Интернаттың баласындағы»-Тәжен Ошаев характерін толықтырмаса, төмен тартатын не әсіреленген бояулар көріне қоймайды.
Жолтай Әлмашұлының “Күлкі мен жас” романындағы өмір шындығы ескі тенденцияның қабырғасын сөкті.ХХғасыр басындағы тарихи әлеуметтік шындықты қалай бағалап жүрміз.”Қалың мал”, “ Қамар сұлу” т.б романдарын оқыған оқырман әуелі әйел теңсіздігін алға тартып шыға келеді.Қазақ қызының еркі болмаған екен, мал берген байдың жетегінде кете барған.Арагідік оқыған азаматпен тағдыры түйісіп,махаббат шапағаты түссе онысы да ұзаққа бармай кедейлік кесірінен сөніп тынады.Көркем шындық өмір шындығынан алынады десек ХХ ғасыр басындағы шығармалар заман тынысын беріп отырғаны белгілі ғой.Әлеуметтік теңсіздік болғандықтан жазушылар солай жазған.Ойдан шығармаған.Қазақ қызы кедейге теңдік берілген тұста ғана басына еркіндік алып, көзі ашылған.Тәуелсіздік алып,өткенге қайта үңілген жаңаша көзқарастағы зерттеулер жазылып жатса да,ХХ ғасыр романының мазмұны санаға сіңіп қалғандай.Санаға сіңген дүдәмал ойды қозғау әдебиеттанушылар тарапынан жүргізілсе де, көркем мазмұнның әсері кетер емес. Сірә сөз құдіретінің күшін осыдан ақ байқасақ керек.Осы орайда «ескі идеологияға құрылған көркем мазмұнды сананы» тарихи шындықты оң қырынан танытқан көркем шығармалар ғана ығыстыра алатын секілді.Себебі,көркем шығарманың танымдық әсері зерттеулерге қарағанда белсендірек.Көркем шығарма өмір шындығындай ықпал ете алады.Осыны нақты шығарма арқылы түсінуіміздің себеп салдарын іздеп көрелік. ХХ ғасыр басында қазақ қызының бостандығы болмадыны «Күлкі мен жас» секілді бүгінгі романдар желісінен таба алмайсыз.Неге? Әлде бұл сол кездің шындығын бұрмалап жазу ма?Керісінше “Қалың мал”, “Қамар сұлуда” бұрмаланды ма?Мұның шындығы тарихты қалай танып келдікте жатқандығын тағы да қайталап айтқымыз келеді.ХХғасыр басында қазақты тапқа бөлу арқылы іштей ірітіп,әлсіздендіріп алып билеп төстеу жаңа үкіметке оңтайлы болған.Қазақты бағынышты етуде барлық жымысқы әрекеттер жасалып баққандығы жаңалық емес.Ондай құйтырқылықтың неше түрі құжатты деректермен ашылып жаға ұстатуда.Біздің айтпағымыз ол емес.Айтпағымыз,ХХ ғасыр шындығын, әлеуметтік психологияның болмыстағы күйін жүрек түкпірінде,ой тереңінде қалай сезіндік,қалай сезіне аламыз.Шынында осылай болған екен ау деуімізге «Күлкі мен жас» секілді шығармадағы өмір шындығы сендіріп отыр.Кезінде С.Мұратбековтің “Жабайы алмасы”арқылы соғыс кезеңіндегі халық ахуалын бірге өмір сүргендей сезіне алған едік.Еңбек майданының соғыстан ешбір кемдігі болмағандығын, адам психологиясының әр түрлі келетіндігін, өмір өзгертетіндігін, өзгерте алмайтындығын да кейіпкерлер келбетінен, характерлер табиғатынан ұғынғанбыз.Сол өмірдің ортасында жүргендей, балалық шақтың бақытсыздығын, бақытсыз тағдырлардан бақыт тапқандай бақайесепті баянсыздар тірлігінен де жерігенбіз.Жиіркене отырып жылағанбыз.Түптеп келгенде «Жабайы алма» соғыс шындығын өзіміз бастан өткерген ғұмырға айналдырды. «Жабайы алмадағы» жетімектердің өзіне айналдық.Сол жетімектердің өзі болып күлдік,өзі боп жұмыс істедік.Өзі боп соғыс дейтін атаудан қорықтық.Соғыстың адамға әкелетін қасіретін ұқтық.Бізге оны мұғалім емес,өмірдің өзі ұқтырғанымен қымбат еді. «Жабайы алма» сонысымен де қадірлімізге айналды.Қымбатымызға айналған шығармалар көбейген.Демек, көркем шығарма өміртанытуымен-ақ өз міндетін орындата алған. «Күлкі мен жасты» оқи отырып та осындай ойға тірелесің.Біздің ХХ ғасыр басында бай деп танығандарымыз қандай адам еді.Байлар шындығында қандай болған.Зорлықшыл ма? «Күлкі мен жастағы» бай Наршаға қарап ой түзегің келеді.Наршаның жан дүниесі бай болмысы болып ашылса байға көзқарасың өзгереді.Әкесі Құрымбай не бай бол, не батыр бол депті де арғы жағын айтпапты... Одан соңғы әрекет ше!Елмен қалай, есермен қалай сөйлескен ләзім?Кімді тыңдап,кімді тыңдамаған жөн?Жұрттан жырақтанып жиған дүние дүние емес... Осындай ой Наршаның басына елу деген жастың есігін қағып тұрған кезде келер ме?(7бет) Қырықты еңсере малымен бай Нарша атанған кейіпкерімізге тән мінез құлық шығарма шешіміне дейін өсіп отырады.Бай мінезі авторлық баяндауда біртоға, ойлы, сабырлы қалпымен танылса,түрлі ситуацияларда да сол мінездің тұрақтылығын аңғаруға болады.Мұнан нені ұғынамыз?Автордың бай характерін ашудағы позициясының мақсаттылықтан айнымағандығы.Яғни,автор оқырман көңіліндегі бай бейнесіне,болмысына деген сенімді өмір шындығынан алыстатпауға тырысқан.Ал,ол сенім әуелі тақырыпты әбден зерттеген автор позициясынан жаратылып отыр.Осыдан сұрақ туындайды.Автор бас кейіпкер болмысын өз дүниетанымынан танытса біржақтылық емес пе?Оған оқырман неге илануы керек?Бай Нарша болмысын біржақты,автор позициясы тұрғысынан ғана таныту көзделмегені оқиға желісіндегі түрлі жағдайларда байқалады.Мұндай ситуация үстінде автор бейтараптылығы да аңғарылады.Бірақ бір нәрсені ерекше ескерте кеткіміз келеді.Бай Наршаның конфликт үстіндегі болмысы үнемі салқынқандылықпен шешім тауып отыруы.Кеңестік кезең шығармаларындағы бір үрдіс бай мен бай,бай мен кедей арасындағы тартыс шиеленісіп характерлер бойынан қатыгездік көріне қалатын.Ал, «Күлкі мен жаста» бай мен бай,бай мен жатақ арасындағы тартыста Нарша байдың шиеленісті сабырмен жеңіп отыруы халық характеріне мейлінше дәл келеді. Біздіңше автор ұлттық характерге тән ерекшеліктерді осы Нарша бай болмысынан тауып таныта білген.Қойға топалаң келіп,жылқылары өлгенде де қабақ шытпаған Наршаны көресіз. «Ой, шіркін-ай... Малсыз қазақ болмайды дер мына ұрқия заман.Қайран халқым...Бір жұттық дүниеге бар тағдырын теліп қойып отырған сиқыңа болайын...Тірегіңнің түріне болайын...Сенгеніңе болайын...» (26бет) Малымен бай атанған Наршаның көзқарасы.Дүниеқоңыздықтан ада пейіл.Өмірдегі Құнанбайлармен өзектес.Наршаның тоқал алудағы мақсатына да иланасыз. «Тоқалсырағандықтан емес ұрпағым көп болсын деп аламын» деген сөзін жайды айналасына. Оның да жаны бар.Наршаның бір басының жалғыздығы, анадан жалғыздығы көңілге сан рет кептеліп, ішті кернеп, қашаннан қабырғасын қайыстырып келгені ақиқат.Ендеше, осы айтқанын кім терістей алар?Жоқ!Нарша қанатын кеңге жаюды арман еткен,мұрат еткен кәрі қыран.Ол бес күндік бейфәни нәпсінің құлы болмақ емес.Өзгелер осыны ұқса екен деп жанталасқан (27бет) Осындай ұлттық пәлсәфаны Наршадай байлар ғана емес,ата жолымен тәрбиеленген қыздарымыз да бойға сіңіргендей көрінеді.Наршаның Әзинұры бізге осылай ойлатады.Жас алшақтығынан жасқанған туыс, үкімді қыздың еркіне берген.Сондағы Әзшұрдың айтқаны «Нарекеңдей ел ағасының ықыласы мен секілді жұдырықтай қызға түсе қалса, бұлданатын не бар?Түбі теңін іздер жат жұрттық екенбіз.Кімге бұйырарымызды Алла Тағала о баста маңдайымызға жазып қойған шығар.Әкем бүгілмесін де, мүдірмесін.Кесімді жауабын айта берсін депті».(28бет).Аталар тәрбиесінің, ұлттық дүниетаным философиясының ғұрыптағы,салт санадағы көрінісі іспеттес шешім.Ислам дінімен де, пайғамбар жолымен де ақтауға тұрарлық ниет.Мақсат текті ұрпақ өсіру.Ата бабаларымыздың өткен дәуірлеріндегі ұлттық танымы,ұрпақ қамы.Әзинұрдың бұл шешіміне қарап ұлттық тағылымнан хабар алсақ, Тиін мен Әзинұр арасындағы күндестіктен пендешілікке,әйелдікке тән ұлттық мінезбен де жолығамыз.Әзинұрдың бүгін өсекші диуана Шуылдақтан естігені мынадай: «Құлан мен Тиін оңаша жерде кездесіп тұрғанда оларды Тақырдың шабармандары байқап қалыпты.Сөйтіп ақынды аттың бауырына алып,әбден сабапты....Тақыр тоқалының бұрымын кестіріпті де, атқа теріс мінгізіп,төркініне қайтарыпты...Осы хабарды жеткізген Шуылдақты Әзинұр кенет құшақтай алғысы келді.(215 бет) Әзинұр да, Ақ Тиін де екі жайсаңның тоқалы.Отаны,ошағы бөлек.Екеуі де жүзіктің көзінен өткендей сұлу.Екеуінің кемшілігі бірінің сұлулығын бірінен қызғану,сұлулықта алдына жан түсірмеу.Не деген саяз ой деп қынжыласың.Әйел осалдығы деп ой түйесің.Жазушы Жолтай Әлмашұлының бай болмысын бейнелеудегі бір ұстанымы Нарша бейнесінен танылса,екінші ұстанымы Тақыр бай характерінде тереңдетіледі. Тақырдың бай атануы Наршаға қайшы,тегінен емес,ебінен,пысықайлығынан,дүниеқоңыздығынан,жағымпаздығынан келген жұғындыдай сипатталады.Тақырдың екіжүзділігі,тексіздігі жаңа заманға қарай тез бейімделуімен де нанымды суреттелген. «Тақыр ұлы дүмпу естілісімен-ақ дереу қам жасап,бар малы мен мүлкін сатып,қалғанын жатақтарға үлестіріп, бірер айдың ішінде тақыр кедей болды да шыға келді.Тіпті оны айтасың, уезд басшыларына барып, жағалап жүріп «арғы атам қу кедей болған,байдың малын баққан сорлы еді» деп жыламсырап жүріп қағаз алған... Ол енді жаңа өкіметке жәдігөйленіп бара жатыр еді» (263бет). Тақырдың бай кезінде де, кедей кезінде де тексіздігін танытатын ісі пайымсыздығы, ар ісімен шаруасы болмауы. Аласапыран уақыттағы өмір шындығын берудегі концепция-бай Нарша характеріне сіңдіріліп,бай Нарша дүниетанымы пәлсапасымен өрнектеледі.
ДОСБОЛ ИСЛАМ