О, дариға, үміт тәтті шүбәдан,
Болып мәңгі жан саламат, ден аман,
Сонау ғазиз жанмен жаным, тоғысып,
Мәңгі өлмейтін күн кешем! – деп жұбанам.
( Дж. Байрон)
***
Маусым айы. Фолкленд аралы
(Британияның теңіздің арғы жағындағы аймақтары).
Жағалаудағы дәмхананың есігі сықырлай ашылды. Бұрыш-бұрышта отырған қонақтар есіктен кірген адамға көз салды. Ауызғы бөлмеден ортаңғы дәлізге келіп, бурыл мұртты қартаң кісі жас жігіттің қасына отыра кетті. Жергілікті тұрғындар бурыл мұрттыны жақсы таниды. Есімі Джеймс болса да, ешкім оның атын атап көрмеген. Қыңыр мінезді шалға жолағаннан аулақ жүрген абзал деп тұрғындар тіпті амандаса қоймайды.
– Осында ма едің? – деді Джеймс орындыққа талтая отырып.
– Әке, келетініңді ертерек айтпадың ба? – деді ұлы Джек.
– Мен саған аргентиналықпын ба? Есуас, әбден жүйкеме тиіп біттің!
– Кетесің! – деп шал жиырмаға енді ғана толған жас жігітке дауыс көтерді.
Дәмханадағы қонақтар шалдың бұл мінезін жақсы білгендіктен мән бермей, өз әңгімелерін жалғастыра берді. Қалың қасты, ойлы көзді момын Джек әкесінің ақырғанына айналасынан ұяла, бойын әрең тіктеп алды.
Мұхитқа шығуға жүрексінбеймін, бірақ сапардан кеше ғана келдім ғой, - деді Джек өз дауысын өзі естімей. Сандырақтама! Ертең-ақ, тіпті қазір-ақ мұхитқа шығасың! Кешегі әкелегенің мыжырайған тасбақалар мен майшабақтар, - деп Джеймс ұлына өршелене айқай салды. Дәмхана іші күбір әңгімеден тына қалды. Қалпағын бастыра киген орта жастағы еркек езуіне тұтатпаған темекісін қыстырып бұрыштан дауыстады:
– Джеймс! Мұхитты жаны сүймейтін күшікті несіне суға сүйрелейсің? – дегенде дәмханадағы еркектер Джеймс шалға қарап күлкіге қарқ болды. Шалдың қырсық мінезі қайта оянатынын білген жұрт күлкісін сап тыйды да, бұрыштағы еркекке қарады. Ол тоқтамады.
– Қайықта қалт-құлт етіп отырғанда акула астынан бір түйіп аударып кетпесін, - деді. Жұрт қайтадан күлкіге басты. Олардың көзі шал мен келеке етіп отырған еркекке кезек-кезек ауысып, шиқылдап күле берді. Айнала күлген сайын қалпақты сөзін доғармады. Джеймс ашудан атылуға таяды. Жұдырығын қыса үстел үстіне қойып, көзін аларта айналаға қарап отырды.
–Акула ештеңе етпес, ескекке әлі келмеген ұлыңды ағыс әкетіп Аргентинадан бір-ақ шығармасын, - дегенде Джеймс орнынан лезде түрегелді де, тіл жағына сүйенген еркектің жанына жетіп барып, маңдайға қойып қалды. Бастыра киген қалпағы ұшып түсті. Қойып қалған соққы еркекке әсер етпеді ме, әлде шалмен жанжалдасуға шын ұялды ма, еңкейіп қалпағын жерден көтере берді. Джекте ширақ қозғала келіп Джеймстің қолынан ұстап кейін тартты.
– Әке кеттік бұл жерден.
Джеймс дәмханада келеке қылған елге ештеңе айтпастан ұлымен бірге шығып кетті. Сықырлаған есік тарс жабылды. Жұрт шиқылдай күлкісін жалғастырды.
***
Исландия. Оңтүстік жағалауы.
Жағаға алып мұхиттың толқындары қалашықты түгел басып қалардай тулап келіп соғылады. Аспан мен астасып жатқандай шесіз мұхиттың беті толқи тыныштықты бұзды. Шағын қалашықтың шеткері үйінде толқынның шуылымен жағаласып айқай естілді.
Бенджамин, бармайсың дедім. Мұхитты көрмеймісің? Қалай-қалай тулайды өзі, - деді Бенджаминнің ақсары әйелі, оның киімдерін сөмкесінен шығара жүріп. Киімді сөмкеге Бенджамин қайта сала бастады.
– Люси, доғар енді. Ешқандайда дауыл болмайды. Кәдімгі мұхит. Өзімнің
– Атлантым! – деп әйелін сабырға шақырып әлек болды.
– Мұхитқа шықсаң қайтып келме!
Бенджамин әйелінің зілді сөзіне бір сәт үнсіз қалды. Әйелі абдырап не айтып қойғанын есіне түсірді де, артынша кешірім сұрауға оқтала берді. Бенджамин оған ыңғай таныта қоймады.
– Жарайды, келмеймін, сау бол Люси!
– Бенджамин... Қайтып келесің! Мен сені күтемін. Құрып кеткір Атланттың балығы бітсе екен, қармағыңа соқыр балық та түспей екі күнде қайтып келші. Бенджамин...
Бенджамин сөмкесін алып, бұл уақытта айлаққа қарай тартып бара жатты. Оның шешесінен аумайтын сары шашты төрт жасар қызы терезеден әкесіне қарап қол бұлғап тұрды. Түнере бастаған аспан мұхитқа төніп, үрей қапасына қамады. Бейбіт Атлант бүгін ашуға мініп тұрғандай, тау-тау толқын құлай келіп, қалашықты жұтып қоярдай болады.
***
Аляска. Беринг бұғазы.
Тынық мұхитының түбіндегі сүңгуір кеме алып балықтардай су астында еркін де, жайбырақат жүзеді. Мұхит асты жоталары жанынан алып кеме өткенде әр түрлі балықтар кеме соңында қалған көпіршіктерді қуалай тобырымен ереді. Сүңгуірдің алақандай терезелерінен кеме іші күңгірт, ал кеме ішінен мұхит қараңғы көрінді.
– Бұл терезеден ештеңе де көрінбейді. Осылай қысымға шыдап тұрғанына рақмет, - деді сүңгуір кеме ішінен сыртқа үңілген Дэвидке Генри.
– Генри ұстаз!
– Жә, ұстаз деме! Құрметің жетіп жатыр.
– Бұл ісіміз нәтижелі бола ма? – деді Дэвид.
– Жас жігіт, неге уайым қыласың? Үстел үстіндегі қағаздарыңды жина. Егер литосфералық тақталар орындарынан қозғалып кетпесе табуға тиістіміз.
– Тақталар қозғалысы? Генри ұстаз күлкімді келтірмеңіз. Бұл мүмкін емес құбылыс, - деп Дэвид қалың шашын бір сипап, жұқа киімін үстіне ілді.
– Тақталардың әп-сәтте қозғалып кетуі мүмкін емес болса, біздің қателесуіміз мүмкін емес.
Дэвид үстел үстіндегі қағаздарға қайта қарады. Көңілінде күмән мен үміт арпалысып, жаны байыз таппай, уайымға салынды.
– Дэвид, құрылғыға қара. Ауа-райы бұзылып барады, - деді Генри аяадай кеме бөлмесіндегі экранға қадала қарап.
– Мұхит астындағы кемеге ауа-райы не үшін қажет?! Қысымды білсек жетіп жатыр, -деді Дэвид қағаздарынан бас алмай.
– Жо-жоқ! Бұл қауіпті секілді, дауыл үдеп келеді. Жаңбыр аралас.
– Ұстаз, картаны беріп жібересіз бе? – деді Дэвид ұстазының сөзіне құлақ аспай. Генри экранға қараған күйі қатты да қалды.
– Кемедегі командаға ескерту керек.
***
Жер әлемнің жартысынан астамын алып жатқан осы бір мұхиттың тау толқындары тынып, Джектің жүрегіне бір сәттік тыныштық сыйлады. Шағын желкенді қайықпен аралдан баяу алыстай берді. Джектің әкесі бала күнінен мұхит ағыстарының түйісіне, қайраңдарға дейін апарып баулыды. Бірақ бұл жігіттің қолынан қайық жүргізу де, қарық қып балық аулау да келмеді. Мұңды жанары көкжиекке түйіскен мұхитқа қарағанмен, таусылмас үрей жүрегін тулатып, толқын көрсе өлердей қорқады. Алысқа қараған жігіт аралдан ұзауға жүрегі дауаламай, тез қайтуға асығады. Жасқаншақ қылған ортасы емес, әкесі. Үйде де, аралда да мұхитқа шықсада ұрсып жүреді. Орта бойлы, қой көзді Джектің есінен ұзын арық әкесінің бір күні бұйыра шашынан тартып тұрып мұхитқа лақтырып жібергені бір сәт кеткен емес.
«Джеймс ашулы күйде темекісін бұрқыратып тұрып, шағын палубадан шыға келген Джекті шақырып алды.
– Сен осы жүзуді үйрендің бе? – деді Джеймс тісін сықырлата қайрап.
– Иә, аздап білемін.
– Аздап дейді ғой, - деп Деймс Джектің шашынан ұстап, шағын желкенді қайықтың ернеуінен асырып жіберді. Қапелімде байқамаған Джек етбетінен барып мұхитқа көмп етті. Кеңсірігіне су кіріп қақалып су бетіне шыққанша, мұхит астынан қандай балық келіп тістеп алар деген қорқынышты ой Джекті мың өлтіріп, тірілтті. Джеймс оның итше малтып, қайық жиегіне қайта-қайта жабысқанын көріп, ызасы одан бетер келді. Олардың серігі Стэнли бұны көріп қалды да, дереу Джекке құтқару джилетін лақтырып, арқанмен қайық ернеуіне дейін тартып шығарып алды».
Көкжиекке көз тіккен Джектің ойын Стэнлидің дауысы бұзды.
– Капитан! Түскі асқа, - деді Стэнли шағын палубадан басын шығарып.
– Қазір Стэнли мырза, - деп Джек палубаға мойын бұрды.
Баяу толқыған Атлант бетінде нүктедей қайық қалқи, ілгері жүзе аралды көз ұшында қалдырды. Жағалаудан талай шақырым ұзағалы күн кешкіріп, мұхиттың көкжиегіне еңкейіп, көкала әлемді қан қызыл түстей көрсетті. Қайық айналасы ақ көбіктене артына із тастап жылжиды. Мұхиттың күнге шағылысқан қан қою түсі Джекті ерекше тебірентті.
– Стэнли мырза!
– Иә, - деді сақал шашы ырықсыз өскен жасы алпысқа таяған балықшы шал.
– Ауды сала береміз бе? –деді Джек жағадан тым алыс кеткенін біліп.
– Жақсы, дайын болса көрерміз. Ертең күндіз тастасақ қайтеді. Бүгін біраз жүзейік, әйтпесе бұл аймақтан балық іліге қояр ма екен? –деді Стэнли мұхитқа тесіле қарап.
– Бірдеңе байқадыңыз ба?- деді Джек шалдың көк көзін үрейлене бастағанын байқап.
– Күн бұзылғалы тұр. Ау салудың қажеті жоқ, жел ығыстырып әкетсе ертең іздеуге тура келді.
– Жақсы.
– Жүр, оданда қараңғы түскенше аздап қармақ салып, балық ойнатайық.
Джек үнсіз палуба жанындағы екі қармақты қолына алды. Атланттың батысы бейбіт болғанымен оңтүстігінен суық жел байқала, қою бұлттар легі көріне бастады.
***
Екі жақтаулы корпусы суға кемені орнықты ұстауға арналған, үш-төрт адамдық палубалы катермен мұхитқа Исландиядан шыққан Бенджамин, терезеден қарай қол бұлғап қалған қызын ойлады. Соңғы айлардағы әр түрлі келеңсіздік Бенджаминнің көңіліне қаяу түсіргені рас. Өз өміріне риза күйде жүретін күні аз. Келер күнге деген құштарлығы қол бұлғап қалған қызын ойлағанда ғана оянады. Ол өзін нөсері құйыла жауып, шалқып жатқан Атлантта ғана еркін сезінеді. Мұхитта апталап жүріп алатынына жұбайы қарсы болғанымен, Бенджамин өз кәсібін ештеңеге айырбастамас еді. Бірнеше серігімен аулаған балықтары өңдеуге апарғанда біраз ақша табатына да бар. Өткен айдағы сапарында балық сақтағыштары істен шығып, бір катер балықты шірітіп алды. Әр нені ойлай ол катерді палуба тұсынан айналаға қарады. Катер Исландиядан ұзағанда барып Бенджамин артта қалған мәселелерін ұмытты. Есіне ештеңе алғысы келмеді. Көңілі құлазыған Бенджаминнің жанына өзімен жасы қарайлас Альберт келді.
– Әдеттегідей Атлант құлазып тұр, - деді Альберт алысқа көз тіге.
– Катерді баяулатуға болмай ма? – деді Бенджамин.
– Марк жүргізіп келеді. Білмеймін, қараңғы түскенше біраз жер жүріп алғысы келген болар, - деді Альберт жуан қолымен аяқ астында жатқан ауды аударып.
Мұхитты қараңғылық қоршағанша олар талай шақырымды артта тастап үлгерді. Марк катердің қозғалтқышын сөндіріп, жым-жырт жатқан судың бетіне еркіне қоя берді. Қозғалтқышы өшкен соң катер де мұхит бетінде әрлі-берлі қалқыды. Альберт пен Бенджамин палубаға келіп Марктың жанына орналасты. Марк кішкене қораптай тоңазытқыштан мөлдіретіп сыртын жарыққа шағылыстыра жылтыр шөлмек алып шықты.
– Қалың көрпені жамылып отырмасақ түн салқын, - деді Альберт шөлмектен көзін алмай.
– Тағы бастадыңдар ма? Марк бүгін ішпесең болмай ма? – деді Бенджамин.
– Несі бар?! Елсіздеміз, Атланттың ортасы, кім көреді? Балықтардан басқа тірі жан жоқ, - деп Марк көңілді үнмен сөйлей жүріп, тартпадан үш стакан алып шықты.
– Жарайды, тек балықтар ешкімге айтып қоймаса болды, -деп Бенджаминде бір сәтте шөлмектен «ауыз тиюге» ыңғай таныта қойды.
– Ауа-райын қарай шықтыңдар ма? – деді Альберт.
– Иә, ешқандай дауыл жоқ, енді қайраңға жетіп алсақ, балықты қырып салып қайтармыз, -деді Марк.
Үш стаканға теңдей вискиден құйып Марк екеуіне ұстатты. Еш сөз айтпастан үшеуі де қағып салды. Қайта құйылды. Бенджаминнің үнсіздігі оларды зеріктіріп жіберді.
– Былтырғы жылы балық өңдеу үйінде шу шықты, - деп тыныштықты Альберт қырылдаған дауысымен бұзды.
– Содан?
–Мені осы Атланттың ағыс жағына жаныма екі серік қосып беріп жіберді. Шудың шығуы – балықшылардың тапсырылған жоспарды орындамауы еді. Жағалауға жақын маңайдан балық ұстатпады. Азайған да болар, ірісі тереңге қашты. Қысқасы ағысқа барып, орта кеме толы балық әкелуге тиіс болатын. Ашық мұхиттың бір түбіне ау салып болған соң бос уақытымда тастама тастадым. Ұшына жуан, арқа еті қалың балық ілгенім сол еді, қолымдағы жіпті сырғытып, қайраңға қарай әлдене сүйреді. Әл берер емес, жұлқа тартты. Кеме жақтауынан мықтап ұстадым да, тіреуіштеріне екі аяғымды ыңғайлап тіреп алдым. Жіптің берік екенін білемін, шіреніп тұрып тарттым. Іліккен балық су бетіне жақындады да, әуелі қанаты көрініп, шоршып түскенде құйрығы да қоса шықты. Акула, алып акула! – деп Альберт көзін бақырайтты.
–Апыр-ай, айырылып қалдың ба? Үзіп кеткен болар, -деп Марк білгісі келіп әңгімеге қызыға түсті.
–Тіпті сенбессіңдер, ол акуланың үстіне бірер минут ішінде одан да үлкен алып акула келіп қапты, - деп Альберт саусақтарын арбитты.
–Құдайым-ау, Альберт неткен өтірік әңгіме еді, - деп Бенджамин стаканын үстел үстіне сарт еткізді де: –Құй Марк. Мен айтайын, - деді.
–Альберт одан соң не болды? –деді Марк Бенджаминге вискиден құйып отырып.
–Тыңда...
Үшеуі екі сағаттан артық бір-бірімен таласа балық аулағандағы қызықтарын айтудан қалыспады. Түн ортасы ауғанда қалың көрпелерін жамылып, бір адамдық кереуеттерінде ес-түссіз ұйқыға басты. Бенджамин кішкентай қызының атын атап сандырақтап жатты. Босаған бөтелкелер үстелде. Толқынсыз мұхит бетіндегі катерді баяу соққан жел сәл қозғап қойды. Бенджамин катердің кілт тербелісінен көзін ашып алды да, ұйықтап жатқан екеуіне қарап:
–Батыстан жел соқпаушы еді ғой, - деп көзін қайта жұмып алды.
Катер батыстан кері бұрылып шығысқа бет түзеп тұрып алды.
***
Бұғаздан алыстаған екі корпусты сүңгуір кеме Американың Тынық мұхитындағы Амуд аралдарынан ұзап кетті. Отыз бес метр тереңдікте жүздеген шақырымды жүзіп өткен сүңгуір кеме мұхиттың қазан шұңқырлары, мұхит асты үңгірлері азайған тұсына келіп тоқтады. Су астында баяу айналған корпусындағы қаңғалақтары кеме бір орынға тұрақтағанда тына бастады.
–Дэвид, бастайық, гидроакустикалық құрылғыларды бір тексеріп өт, - деді Генри.
–Команда мүшелеріне де тапсырма бересіз бе, ұстаз? – деді Дэвид жарқ-жұрқ еткен экрандарға назар сала.
–Генри микрофонға жақындады да сүңгуір кеме ішіндегі командаға бұйрық берді.
–Жер үсті нысандарын жоюға арналаған атомдық қаруды, бір корпусты даярлауға бұйрық беремін, - деді Генри жуан дауысымен.
–Кеме іші лезде қимыл – әрекетке көшіп, түрлі құрылғыларды іске қоса бастады.
–Дэвид бойлықты есепке ал.
–Жоспардағыдай, жаңылыспадық.
–Нысананы көздейміз, - деді Гэнри микрофонға жақындап.
Арғы бөлмеден бір дауыс:
–Кеме тереңдігі отыз метрден жоғары әлі он бес метр су бетіне жақындауымыз қажет, -деді.
–Кемені жоғары көтер.
–Қорғаныс министірінің бұйрығын күтеміз.
Кеме жоғары қозғалды. Су бетіне оншақты метр қалғанда барып тоқтады. Радиолокотциялық, радиоэлектронды аппараттар арқылы лезде хабар келіп түсті.
Кеме орнықты орынға орналасса, нысананы көздеп, сынақты жүргізуге және атомдық қаруды қолдануға бұйрық беремін, - деген дауыс шықты.
–Атқыла! – деді Генри құлаққапты шешіп.
Сүңгуір кеменің екінші корпусынан ұшқан ракеталар жүздеген шақырым жердегі әскери белгіге барып түскенде, Тынық мұхитында ондаған метр биіктікте толқын пайда болып, радиусы жүздеген шақырымға тарайтын серпіліс туды.
–Мұндай қаруды бұрын соңды көрмеппін, -деді Дэвид экранға қарап отырып.
–Бұл соңғы үлгідегі жаңа қару, әсерін кейін көреміз, - деп Генри ыржия қарады.
Тау-тау толқындар Тынық мұхитының ұсақ аралдарын жұтып жіберердей толқып, аралдардың орта маңына дейін су шығып кетті. Мұхит асты тақталары бір қозғалғандай, жер сілкінгендей әсер қалдырды.
***
Таң ата бастаған шақ. Джек көзін ашып, қалың көрпесін серпе кереуетке тастады. Тізеге дейін жететін былғары етігіне аяқ сұқты. Теріс қарап жатқан Стэнли әлі ояна қоймаған. Джек көзін уқалай палубадан шыға беріп еді, қайықтың айналасында балықтардың шорши суды шылпылдатқан дыбыстары естілді. Джек үрейлене кейін қайтпақ болды да, үдеп бара жатқан дыбыстың не екенін білгісі де келді. Ол ақырын қайық жақтауына жақындап мұхит бетіне, қайық іргесіне қарай беріп еді, үлкен акулалар тынымсыз жүзіп, құйрықтарымен қайықты соққылап жүр. Жүрек соғысы жиілеп кеткен Джек дір етіп орнынан қозғалып палубаға әрең қадам басты. –Стэнли мырза, акулалар қайықты тербеп жатыр, - деп ышқына дауыстады.
Кереуетте жатқан күйі Стэнли мойын бұрып қарады да, қайықтың тербеліске түскенін байқап орнынан түрегелді. Бір сәтте сәулесі шашырай мұхитқа шағылысқан күнді қою бұлт торлап, су бетіндегі балықтар тынымсыз шүпірлеп кетті. Джек пен Стэнли аң-таң болып айналаға қарады. Көп аумақта балықтар тоқтаусыз секіріп мұхит бетін толқыта бастады.
–Желкенді көтер! – деді Стэнли бар дауысымен.
Джек тәлтіректей барып, жиырулы жатқан желкеннің арқанын тартып, көтере бастады. Желкен аппақ болып жақтауына орныққанда қайық жел бағытымен солтүстік-шығысқа жылжи берді. Стэнли тынымсыз шүпірлеп шоршыған акулалар мен майшабақтарға шошына қарап тұрды.
–Стэнли мырза, бұл не өзі? Балықтар қайыққа шабуыл жасауы мүмкін бе? – деді Джек жыларман болып.
–Өмірімде мұндай құбылысты алғаш көруім, - деп Стэнли қайықтың келесі бетіне өтті. Көз көрім жерге дейін барлық аумақта балықтар беймаза шоршып жатты.
–Мұхитта бірдеңе бұзылған, иә, бірдеңе болған.
Джек пен Стэнли қайықтың жылдамдығын арттыра жүзе берді. Күнді торлаған бұлт тым жақын келіп, мұхит үстіне тұнып алды.
–Жауын жауады, желкенді түсіре тұрармыз, - деді Джек қайықтың арғы басынан айқайлап.
–Тепе-теңдіктен айырылып қалмайық.
–Су бетін түгел балық жапқан, бұларға не болған бәрі бетінде жүзіп жүр ғой, - деп Джек құмыға сөйледі.
Қайық солтүстік-шығысты бетке алып жүзе берді. Атланттың берекетін алған бұл құбылысты кәрі балықшы Стэнли де түсінбеді. Қайық жүрісі бір қалыпты болғанымен шүпірлеген балықтар тербеліс беріп жылдамдығы тежеліп қалады.
***
Катерде ұйықтап жатқан балықшылар мұхиттағы тылсым құбылыстан бейхабар. Қалың көрпені бүркене оранған Бенджамин түсінде Исландияның жағалауын көріп жатты. Жағалауды жалаң аяғымен кеше жүріп қызы екеуінің батпырауық ұшырып жүрген сәтін қайталап көре берді. Тәтті ұйқының құшағында жатқан ол өзінің түс көріп жатқанын білсе де, көзін ашып бұзып алғысы жоқ. Өз қиялын қосып түсін одан әрі жалғастыра берді.
Кенет Бенджаминнің ұйқысы катерге тырсылдай түскен әлдебір заттардан бұзылды. Жаңбыр тамшысына ұқсамайды, ірілеу секілді. Көрпені серпе көзін сығырайта палубаның кішкентай терезесінен сыртқа қарады. Таң атып, жарық бөлме ішін кезіп жайлап алыпты. Бенджамин далада, анығында катер үстіне дүрсілдей құлап жатқан не екенін аңғара алмады.
–Альберт, Альберт! – деді Бенджамин дауысы қарлыға.
–Исландияның аспаны, жағалауы жартасты, - деп Альберт бір қырына аунап түсті.
–Сандырақтама! Мастығың әлі тарқамаған ба? – деп Бенджамин орнынан түрегелді. Көзі палуба терезесінде. Сыртты анық барлай алмай тұрды.
–Бұл не шу? Одан да виски әкеліңдер! Маған акула түсті, қармағым ауырлап барады, - деп Марк көзін ашты.
–Марк далаға шығайық, аспаннан ірі заттар құлап жатыр, - деді Бенджамин шкафтан жауынға арналған плащ алып.
–Көрейік, балық жауып тұрған болар, - деп Марк орнынан тұрды.
Олар палубадан шыға келгенде су бетіне салмақпен құлай, ал катерге гүрсілдей түсіп, майшабақ пен бақалар аралас жауып тұрды. Бенджамин мен Марк палубаның шағын есігін тарс жауып ішке кіре кетті.
Бақа! Бұл қандай мазақ, - деді Марк.
–Бұршақ жауғанды көрдім, балық жауғанды естідім, бірақ балық пен бақа жауғанын бірінші көруім, - деді Бенджамин. Кереуеттен көтерілген Альберт бір жымиып қарады да:
–Бақа, бақа ма? Неге виски жаумайды? Катерді орнынан қозғайық, оталдыр Марк! Бенджамин екеуміз катерге құлаған балық пен бақаларды тазалайық, - деді.
–Құралдардан не бар?
–Гарпун бар, қармақ бар, - деді Альберт.
–Қылжақты қой кірісейік.
Олар өз жұмыстарына кірісе бастады. Бенджамин қолға іліккен ау жазуға арналған қысқа сапты ілгішті темірді алып катерге шығып кетті. Марк катерді жүргізуге ыңғайлап, бағытты анықтай бастады. Альберт өзі құрал іздеген адамдай көрінбеді. Шағын тартпаларды ақтарып жүріп бөткелке түбінде қалған бір жұтым вискиін тартып алды. Қармақ бау тілгілеген жырым-жырым қолымен қақпағын ашып, қылқыта салды. Қабақ түйе түнере Марк маңдай алды әжім қыртыстарын одан әрі шығара, рульдің ричагын ұстап, оңтүстік-шығысқа бет алды.
–Гольфстримге ме? – деді Альберт.
–Жоқ, әуелі мына төбемізден төңген бұлттардан құтылып алайық, ағысқа сосын бұрыламыз, - деді Марк.
–Әй, есерсоқ, Англиядан бір шықпақпысың, есің барда катерді оңтүстік-батысқа бұр Марк, бұлттан әзір құтылмаймыз, жанармайды үнемдейік, - деп Альберт палубадан шығып кетті.
Бенджамин мен Альберт аспаннан толассыз жауған балық пен бақадан палуба бетін, катер үстін, жан-жағын мен ернеуін тазалап бірнеше сағат жүрді. Түс уақытында екеуі де орындыққа отырып темекі тұтатты. Мұхит бетіне толассыз түскен балық пен бақа қалқып жүр.
–Таңдағыдай емес, тынып келеді, - деді Альберт.
–Аспан ашылайын деді.
–Ауа-райы жауын-шашынсыз деп еді, - деп Марк палубадан басын шығарды. Темекі түтінін будақтатып отырған Бенджамин:
–Бақа жауатынын қайдан білсін, - деді езуіндегі темекі тұқылын шайнай түсіп.
–Таңнан бері бірнеше сағат болды, мүмкін бұл құбылыс жайлы радиода айтып жатқан болар, Марк радионы қосып дауысын аш, - деді Альберт.
***
–Дэвид, енді базаға қайта берсек болады. Апыр-ай, Тынық мұхиты біздің сынаған бомбаға бір тулады-ау.
Генри тапсырманы мүлтіксіз орындағанына масаттанды.
–Ұстаз, бұл қауіпті жарылыс. Мұхит асты жанартауларын оятып алсақ не болар еді? – деді Дэвид көзәйнегін сүрткілеп.
–Оның бәрі есептеулі. Сонымен, экипаж! Менің командам, енді жарылыстың қуаты және салдары туралы басқа сүңгуірдегі командалар айналысатын болады. Біздің тапсырма орындалды, базаға жүреміз, - деп Генри микрофонға көңілді үн қатты.
Олар мұхит астына тереңдей сүңги бергенде, орталық базадан Генриге хабар жетті.
–Қателік кетті, - деді. Дауыс қайықтағы барлық командаға естілді.
Генри құлаққапты киді. Генерал дауысы қатқыл шықты.
–Қалайша?
–Бомбаның жарылу жүйесінен қателік кетті. Жоқ, біз бақыласақ бәрі дұрыс, бірақ мына планетаға бірдеңе болған. Тіпті тақталар қозғалып кеткендей, - деп генерал сөз жалғады: - Атом қуаты ешқандай елдің шекарасына жақындамауы керек еді, бірақ жер орнынан қозғалып кеткендей бомбаның әсерінен Тынық мұхит жағалауындағы бірнеше мемлекетке биік цунамилі толқындар жеткен. Сақ болыңдар! – деп байланысты үзіп тастады.
–Ұстаз, бұл не? Енді бізге жауап ретінде шабуылдайды деген сөз бе? – деп Дэвид орынан лезде түрегелді.
–Жә, сабыр сақта! Орныңа отыр. Команда, біздің бомба өз бойлығына түспеген. Себебін база анықтап жатыр. Бізге шабуыл жасалуы мүмкін, дайын болайық. Мейлінше терең жүзуге тырысыңдар, - деп хабарлады.
–Сүңгуір кеме орнынан жылжи базаға бағыт алғанша кеменің жан-жағына бірнеше торпеда келіп түсті. Кеме серпіле толқып өз-өзіне иелік ете алмай мұхит асты жартасқа соғылып, бірнеше жерден жарылды. Кеме ішіндегі апат дабылы шырылдап қоя берді.
–Капитан!
–Кемені жоғары көтеріңдер! Су бетіне, - деп Генри жан ұшыра айқай салды. Арғы жақтан:
–Капитан, бізді торпедалы кемелер атқылап жатыр, - деген дауыстар шықты. Кеме жоғары көтерілгенше жарықтардан су ақтарыла саулай кеме ішіне құйылды.
Келмеуім керек еді. Біз қателестік, бомба әлдебір елдің шекарасына түсті, - деп Дэвид жыларман болды.
Кеме абыр-дабыр болып, апатты жағдайдан құтылудың амалын іздестіргенше кеме ішіне су тола берді.
***
Стэнли мырза, осы су бетіндегі шүпірлеген балықтарды аулап, Фолклендке қайтсақ қайтеді? – деді Джек қайық ернеуіндегі арқанды жинай жүріп. Мұхит бетінде балықтар тынымсыз шоршып әр жерден марлиндер мен жайындар да көрініп қалды.
–Жарайды, үлкен қаптағы ауды ал. Гарпунмен мына секіріп жүрген ірілерін атып алайық,- деді Стэнли қауға сақалын салалап қойып. Джек гарпунды алып Стэнлиге ұстатты. Өзі шағын палубадан үлкен қапты алып шығып қайық ернеуіне тақау апарды.
–Джек, қара, сенің әкең мен секілді мерген бе? – деп Стэнли қайықтың алдыңғы жағына шығып гарпун атып, жайынның қарақұс тұсынан қадады. Гарпун оғы балықтың желкесіне кірш етіп кірді.
–Құтырған балықты осылай аулау керек Джек.
–Білмеймін Стэнли мырза, балықтардың бұлай су бетіне шығып алғанын түсінбедім. Стэнли тағы бірнеше ірі балықты гарпунмен атып қайыққа қарай сүйреді. Джек ау сала бергенде әп-сәтте оңтүстік-батыстан дауыл тұрды да, олардың қайығының бүйірінен толқын ұрды.
–Құдайым-ау, бұл неткен күн болды, мұхиттың мұндай мінезі жоқ еді,- деп Стэнли қайық ернеуіне гарпунын тастай сала қос қолдап жабысты. Джек тәлтіректей барып аяғына әрең тұрды.
–Долдана қалғанын қарай гөр! Джек қайықты оңтүстікке бұр!
Олар естерін жиям дегенше долдана тулап келген толқын қайыққа артыла мініп алып, аударып тастауға сәл қалды. Екі балықшы қайықтан ұшып түсердей болды. Джек қайық ернеуіндегі арқаннан ұстап сақтанса, Стэнли арқасын ау тұсындағы қайық бүйіріне соғып, жаурының жарақаттап алды. Дауыл күшейе берді. Су бетінде тулаған балықтар толқынмен бірге қайық ішіне төгіле берді.
–Стэнли мырза, тұрыңыз! Палуба жанына ығысайық,- деп Джек еңбектей қайықтың келесі жағына өтті. - Толқын қайықты ысырып барады. Желкенді түсірдім, қозғалтқышты қосайын ба? – деп айқай салды.
–Қозғалтқыш қауіпті, қайықты төңкеріп аламыз. Ал толқынға қарсы жүзуге шама жоқ, арқаннан мықтап ұста, - деді қарт балықшы.
Тулаған толқын қайықты желді күнгі қағаздай мұхит бетінде арлы-берлі лақтыра солтүстікке қарай алып барады. Тарамыс саусақтарымен арқаннан тырмысып ұстап Стэнли күбірлеп жатты.
–Атланттың мұндай мінезі жоқ еді...Оңтүстіктен жел бұлай соқпаушы еді...
***
Марк радионы қосты. Бенджамин мен Альберт катерді балық пен бақадан тазалап болып, демалып отыр. Бақа жауған бұлт сейілгенімен артынша жауын жауатындай қайта қоюлана түсті. Палубадағы радио әуелі толқынды таппаған қырылдаған дыбыс шығарды да, Марк енді бір бұрағанда сөйлеп ала жөнелді.
–Бүгін таңда жер жүзінде ешкім күтпеген оқиға орын алды, - деп радио дауысы катердегі үш балықшыға да естілді.
–Бақа мен балық аралас жауынды айтқалы жатыр, - деді Марк.
–Катерді тазалаған біз жайлы да айтатын болар, - деп қауға сақалы селкілдей ірі денелі Альберт ыржия күлді.
–Тындайық, - деді Бенджамин.
–Тынық мұхиты аралы маңында Аляскадан шыққан сүңгуір қайық қуаты бұрынғы бомбалардан бірнеше есе күшті атом бомбасын мұхитқа тастады.
–Содан бақа жауған ба? – деп Альберт қайтадан қылжаққа басты.
–Сүңгуір қайықтар мен әскери кемелер тастаған бұл бомба Тынық мұхиты жағалауындағы елдерге қауіп төндіріп отыз метрлік цунамилер жағалаудағы қалаларды шайып кетті. Тіпті мұхит асты жанартауларының ояну қаупі бар.
–Міне, саған! Біз мұхитта жүргенде Тынық тыныштығынан айырылған екен, - деді Марк радио дауысын аша түсіп.
Жаңалыққа мән бермей отырған Бенджамин көк көзін көкжиектен алып, радиоға қадады. Ол әлденеден секем алғандай селк етті.
–Дүниежүзілік ұйымдар «бұл бомба сынағы емес, қасақана Тынық мұхиты жағалауындағы елдерге тасталған атом» - деп мәлімдеді. Бірнеше сағат ішінде «жұлдыздардың» әскери кемелері мен сүңгуір қайықтары табылып, оларды «ақ – қызылдар» торпедамен атқылап жойып жіберді. «Қызылдар» бұл жағдайға бейжай қарай алмайтынын хабарлап, «жұлдыздарға» қарсы ракеталарын бағыттады. «Қызыл-қаралар» «қызылдарға» өз атомдарын тастап үлгерді. Алты сағаттың ішінде қанша бомба жарылғаны белгісіз, бірақ бұл біздің атмосферамызды ластап, ғаламдық жылынуға әкеп соғары сөзсіз. Біздің ел бұл соғыс жайлы әлі мәлімдеме жасамады, - деді радиодағы жаңалық жүргізушісі.
Бенджамин үнсіз қалды. Марк орнына отыра кетті. Альберттің өткір көзіне үрей кеп орнықты.
–Мұхит неге тулап тұр десем... Мына бұлттың бәрі қайдан келді десем, - деп Альберт аспанға қарады.
–Жер құрыды. Бұл адамға не жетпейді? – деп Марк қалтасынан темекі іздей бастады.
–Жағалаудан алыстап кеттік, Исландияға қайтамыз, - деді Бенджамин.
–Катерді қозғайын, - деп Марк бұл ойға келісе кетті.
Марк қозғалтқышты қосып үлгергенше дауыл тұрып, мұхитты астан-кестен етті. Толқындар әп-сәтте тау болып көтеріліп катер үстіне шығып алды. Алып мұхиттағы нүктедей катер қаңбақтай ұшып су бетінде аударыла жаздап әрең бой тіктеді. Үш балықшы палуба ішіндегі құралдарға, кереуетке соғыла естерінен таңды. Бенджамин толқын ұрған сәтте құлап сол қолын қайырып алды. Тулаған толқын онымен қоймай катер қозғалтқышын істен шығарып, өз ырқына қарай бет алды алып бара жатты. Рульдің рычагынан тас қып ұстап алған Альберт кезерген ерні жыбырлай күбірлеп сөйледі.
–Бұл мұхиттың мұндайы жоқ еді. Солтүстіктен жел соқпаушы еді. Әлде бәріне жарылған бомбалар кінәлі ме? – деді.
***
Джек есін жиғанда қайық ішінде шиыршақталған арқанға ораулы екенін сезді. Стэнлидің үні шықпайды. Жауын толастар емес, қайық толқынға тербеле бет алды қалқиды. Джек бойының тоңазығанын, жаурағанын сезіп жатып, басын әрең көтерді. Қайықтың келесі бетінен Стэнлидің сұлқ түсіп жатқанын көріп, басын қайта тақтайға ұрды. Көз алды қарауытып есеңгіреді.
–Стэнли мырза!
–Бірнеше мәрте жан ұшыра айқай салған Джектің даусынан Стэнли оянды. Асау толқындар қайықты жұтып алардай толқи, суға көмп еткізеді.
–Джек! – деді дауысы әрең шыға.
–Стэнли мырза! Бағыттан жаңылдық, қайықты қалай қозғаймыз? – деп Джек жатқан күйінде дауыстады. Жүрегі аузына тығылардай тулап, тынысы тарылып үрей бойын әбден билеп алды.
–Енді қайықты жүргізе алмаймыз. Толқын қайда апарады сонда барып тоқтаймыз, - деді Стэнли бар үмітін үзіп.
Қою бұлт мұхитқа төніп, аспанды торлап алды. Толассыз жауған жауын екі балықшыны малмаңдай су қылды. Бірақ жауын да, мұхит суы да әдеттегі температурадан жылы секілді.
–Біткен жеріміз бе? – деді Джек айналадағы тау толқындарға жасқана қарап. Оның жанарына жас кептеліп, өлім алдында ажалмен бетпе-бет келгендей кейіпке енді.
–Тағдырға үміт арту керек, мүмкін қайық көп ұзамай бір жағаға тірелер, - деп Стэнли арқаннан мықтап ұстап жатып қалды.
–Толқын бізді шыбын құрлы көрер емес.
–Ақырын жүріп менің жаныма жетіп ал, мүмкін бұл соңғы әңгімеміз болар, - деп Стэнли басын көтере су болған сақалын бір сығып алды. Джек қайықтың тақтай еденінде ақырын еңбектей қарт балықшыға жақындай берді. Дауылдың әзір тынбайтынын екі балықшы да сезді.
***
–Бұл дауыл әзір тынбайды. Тіпті бағыттан жаңылдық, - деп Альберт орнынан теңселе тұрды. Катерді дауыл өз ырқымен арлы-берлі шайқай мұхит ағынымен алып барады.
–Жағадан қаншалық алыс кеттік, - деді Бенджамин палубадағы екеуіне.
–Бағдар да белгісіз. Жер дүние төңкеріліп кеткендей, - деп Марк шашылған ұсақ-түйекті орындарына лақтыра бастады. Қою бұлт айналадан толқыннан басқа ештеңе көрсетпеді
–Катер бір жағаға тірелер.
–Иә, оған дейін ауып қалмасақ.
–Радионы қосып көрерміз.
Толқын катерді қалай шайқаса Марк солай теңселе барып радионы қосты. Бірнеше минут бұрап тұрды. Әлден уақытта радионың ызыңдаған дауысы сәл басылды.
–Ядролық қаруларды залалсыздандыруға көшті...
–Бұра Марк бұра!
Радио байланысы тағы ажырап барып қосылды.
Арктикадағы «суық соғыс» басталды... Мұз жарғыш кемелер... Мұхитқа мұнай төгілді... Жарылыс әсерінен мұнай бекеттері... Радио ажырады
Альберт маңдайынан сырғыған суық терді жеңімен сүртіп, теңселе толқын ырғағымен кетіп бара жатқан катердің рычагын жібере салып отыра кетті. Бенджамин палубаға кіріп плащын шешіп тастай салды.
–Дүние астан-кестен болды.
–Мұхит бұлай долданбас еді, бәрі солардың кесірі.
–Жерге не болды? – деп Бенджамин күбір етті де, көз алдына терезе алдында қол бұлғап қалған кішкентай қызын келтірді.
***
–Әкеңе ызалысың ба? – деді Стэнли жер бауырлап жанына жеткен Джекке. Дауыл екпіні басыла қоймаған. Соққанына бірнеше сағат болса да, алғашқы екпіні өрекпіп тұр. Джек бір сәт үнсіздіктен соң ерні әрең қимылдады. Стэнли оған қарап боп-боз болған түрінен есінен адасты деп ойлады.
–Оның жаман қасиеттері басымырақ, әрине отбасылық құндылықтарға келгенде жақсы әке шығар. Мені мұхитқа үйретті, балық аулауға үйретті, бастысы толқынмен жағаласа келген ажалға бетпе-бет тура қарауға, тайсалмауға үйретті, - деп тақтай үстіндегі арқандарды қызара бөрткен жіңішке қолымен қыса түсті.
–Сен Джеймсқа әкеңе ренжіме. Оны қатал еткен өмір, жоқ бәлкім оның жолы тым ауыр болды. Сондықтан сені қайсар болса екен деп тілейді.
–Табиғатым мұхитты қалаған емес. Мен суретші болғым келген, ал балықты неге әкем аулай бермейді?
–Мұхиттан қорқамысың?
–Ал, қайсар болғаным кімге пайдалы? Әкеме ме? Фолклендтің дәмханаларында менің қандай балық ұстағанымды, толқынмен қалай арпалысқанымды айтып мақтанып отыру ол үшін абырой болғаны ғой, - деп Джек әкесіне деген өкпесін ашулана айта бастады.
–Сенімен бұрын былай әңгімелесіп көрмеппін, тағы не дейсің? – деді қауға сақал қарт балықшы.
Қайсарлық! Түкке жарамас қасиет. Асау толқын қайығымызды оңды-солды лақтырғанда қайсарлықтың қажеті не? Үнімізді өзгелер естімесе, ісімізді көрмесе, өзге түгел өз әкең сенің кім екеніңді білмесе бізге асаулық пен қайсарлықтың не үшін керегі бар?!
–Осы үшін керек. Дауыл тынып келеді, қарашы.
–Дауыл соқса да, тыңса да өзгерер ештеңе жоқ. Себебі менің тағдырымды жаратушы емес әкем мұхитқа байлап қойған.
–Джек, сен жаратушы тағдырды жазып берді дегенге сеніп келдің бе? Біздің тағдырды жазушы – тірлік. Нәпақа табу мен қарын тойдыру. Осы ғана, өмірдің басқа формуласы жоқ. Балық ауласаң да, сурет салсаң да, тіпті киноға түссең де бәрі бір тағдыр жазуың ажалға кезіккенге дейінгі аралық – қоректену. Басқа заңдылық көріп тұрғаным жоқ. Тойымсыздықпен қатар тұрған тағдырды әлдеқандай етуге болмас,- деп қарт Стэнли су болған күртесінің жеңін сыққылай бастады.
–Өмірдің басқа формуласы болмаса не үшін ажалмен тіресіп күн кешіп келеміз? Қайығымызды төңкере салсақ ше? – деп Джек түрегеп отырды. Стэнли оған қарап селкілдей күліп алды.
–Міне, қайсарлық!
–Жоқ, біздікі сіз айтқан өмір формуласындағы тірлік заңдылықтарына тойымсыздық. Ажалмен арпалысу ашкөздік.
–Сабыр ет, мүмкін қайығымыз бір жағаға соғылар,- деп Стэнли әңгімені өзгертуге тырысты.
–Әкеме ызалы емеспін, себебі әкем тек мені ғана басқарғысы, өз дегенің жасатқысы келді. Ал барлық елді алдап-соғып, қорқытып-үркітіп басқарып отырғандар бәрінен жиіркенішті. Әкемнен де. Туғанда миллиондаған адамға тағдыр жазуын өз қалауларымен жазып берулері адамға да, табиғатқа да жасалған қастандық. Енді қайсарлықтың керегі де жоқ.
–Бұл баланың мұндай мінезі жоқ еді ғой, - деп Стэнли өз-өзінен күбірлей бастады.
Атлант тулап, қайықты қалаған жағына ысырып әкетіп барады.
***
–Тойымсыздар!
–Ендігі жетпегені Арктика үшін соғыс еді.
–Атом бомбаларының жарылысын айтсаңшы.
–Қанішерлер!
– «Суық соғыс» дейді ғой, антұрғандар, ашкөздер!
Исландиядан шыққан үш балықшы радиодағы хабардан соң соғыс ашқан барлық елді қарғап-сілеп, балағаттаудан басқа ештеңе жасай алмады.
–Жердің түбіне жетті,- деп Марк ашуға булықты.
–Бенджамин неге үнсіз қалдың?- деп Альберт теңселген катер ішінен темекі іздей бастады.
–Кімді қарғаймын? Тойымсыз елді ме, билігін бе, басшысын ба? Марк мен бір нәрсеге өкінемін, бейкүнә қызымның не жазығы бар еді?
–Ешқандай! Ол туа сала үлкендердің жазып берген заңына сәйкес өмір сүре бастағанда, міне тойымсыздар жерді құртқанымен қоймай Арктикаға ауыз салды, - деп Марк тартпаларды тепкілей бастады.
–Құдайым-ау, несіне шыр-пыр боласыңдар? Не айтып кеттіңдер, жер жоқ, бәрін су басқан, - деді Альберт.
–Маскүнем оттама!
–Бәрін су басты!
–Қалайша?
–Қанша бомба жарылғанын есептедің бе? Құрлықты жойып жіберердей жарылыс болды. Ал, «суық соғыс» басталса Арктика әп-сәтте ериді, тіпті аптаға жетпеуі мүмкін! – деп Альберт екі балықшыға айқай салды.
Бенджамин кішкентай қызының қалай су астына кеткенін көз алдына келтіре еңірей отыра кетті. Марк Альберттің бұл сөзіне әлі де сенбей, Бенджаминге аянышты көзбен қарады. Олар мұхит бетінде шарасыз күйде қол қусырып қала берді.
Дауыл мен жиі нөсерлете жауған жауын тынбай мұхитты шайқай берді. Бұрын-соңды болмаған құбылыстар орын алды. Күн ұзаққа созылды, түн тым қысқа болып, мұхит көгілдірлене түсті. Аптаға таяу уақыт бойы балықшылар ешқандай жағаны да, құрлықты да кезіктірмеді. Толқын қайда лақтырса солай қарай тағдыр арқанынан ұстай жүзе берді жүзе берді. Дауыл қанша долданса да көктегі қою бұлтты тарқата алмады.
***
–Джек азық таусылды.
–Шикі балықтан басқа ештеңе жоқ па?
–Жағалаудан қанша ұзадық? Тіпті кеше күн дауыл болып неше апта тоқтаусыз жүргенімізді де білмеймін, - деп Стэнли әбден қалжырап қайықтың тақтай еденіне қисайды. Қалжырап тоңған Джек қалың күртешені Стэнлидің үстіне жапты. Мұхит түсі қоюланып, аспан күңгірттене түсті. Толқындар арасымен алысқа, көкжиекке көз жүгірткен Джек әлденені байқап қалды. Ол өз көзіне өзі сенбей алғашқыда есімнен адасқан шығармын деп ойлады да:
–Стэнли мырза, Стэнли, - деп оны жұлқи бастады.
–Не көрінді саған? Сүйегім сырқырап маза берер емес, жұлқыма мені, - деп Стэнли ары аунап түсті.
–Кеме, кеме көріп тұрмын. Шағын кемені көріп тұрмын. Толқынмен ығысып бізге қарай келеді, - деп Джектің жанары оттай жанып, жүрегі атқақтап қоя берді. Стэнли тарамыс қолымен қайықтың ернеуінен ұстап, Джек саусағымен нұсқаған тұсқа қарады. Қарт балықшы қою көк бұйра толқыннан басқа ештеңе көрмеді.
–Есіңнен менен бұрын алжасқан екенсің, - деді де Стэнли қайта жатты. Джек оған мән бермеді.
–Кеме, кемені көріп тұрмын.
***
Азық таусылды, Альберт, ауыз су да азайды, - деді Марк.
–Мына мұхит қашан бітеді? Бір жағаға кезікпеуіміз мүмкін емес, - деп Альберт айналаға көз жүгіртті.
Катердің келесі бүйір бетінде отырған Бенджамин әлі өз-өзіне келмеген, есеңгіреген күйі. Асау толқынмен де, дүлей дауылмен де күреусуге құлықсыз. Өмір үшін тырыспайтын еш мән қалмағанын оның жанарынан оқып алуға болады.
–Әлденені көзім шалды. Қайық! Марк, Бенджамин оңтүстікке қараңдар, - деп Альберт айқай салды.
–Дүрбі алып шығайын, - деп Марк жүгірді. Бенджамин енді ғана басын көтерді.
Альберт Марк айтқан тұсқа көз аударды. Марк палубадан дүрбі алып шығып оңтүстікке қарады. Толқын жалында теңселе жүзген қайық кемеге қарай бағыт алған.
–Жақындап келеді. Шамасы жалғыз секілді, - деді Марк.
–Дүрбіні маған бер, - деп Альберт қолынан жұлып алды. Ол қарсы келе жатқан қайыққа ұзақ қарап тұрды да:
–Біреуі түрегелді. Екі адам. Шағын қайық, балықшыларға ұқсайды. Бұлардың бізге еш пайдасы жоқ. Қайықта қайсыбір азық бар дейсің? Ашыққан екі балықшы бізге қарай жүзіп келеді, - деп ашулана түсті. Оның жүзінен қызғаныш пен іштарлық жылт ете қалды.
–Келе берсін, бізде де азық ететін ештеңе қалмады, - деп Марк оны сабырға шақырды.Бірнеше минутта катердің жанына ағаш қайық жақын келді. Суық қарс алған балықшыларға екеуі амандаса қоймады. Альберт қарт балықшыға, момын көзді жас жігітке кезек-кезек қарап тұрды.
–Қайдан келесіңдер, - деді Марк.
–Қайырлы күн, Фолкледтен, - деді қарт балықшы қайықтың арқанын катердің ернеуіне қазықбаулап.
–Фолкленд? Сандырақ, - деді Марк оларға сенбей.
–Ал, сіздер ше? – деп Стэнли сұрады.
–Исландиядан келеміз.
–Біз жүзе-жүзе Исландиядан бір шыққанбыз ба? – деді Джек.
–Біз жүзе-жүзе Фолклендке жеттік деп ойладық.
–Стэнли, мынау досымның ұлы – Джек, - деп Стэнли қол берді.
–Марк, серіктесім – Альберт, ал арғы жақтағы Бенджамин.
–Бағытты білесіздер ме?
–Бізде адасып жүрміз. Исландиядан шыққанымызға бірнеше апта болды. Азық таусылды, ауыз су да қалмады.
–Өкінішті. Бұл мұхитқа не болғанын біз де түсінер емеспіз. Фолклендтен шыққан күні тыныш болатын.
–Екі арал мыңдаған шақырым, алып мұхиттың қай тұсында жолықтық? Шынымен дүние дүрбелең болып жатыр екен, - деп Марк Бенджаминнің жанына кетті.
–Жақсы мырзалар, біз кетейік, - деді Стэнли катер ернеуіндегі трубаға байланған қайықтың жібін шеше бастап.
–Қайда? – деп Бенджамин оларға жақындады.
–Бір жағаға тоқтармыз, - деді Стэнли.
–Ешқандай жаға жоқ, ашкөз адамзаттың кесірі күллі жер әлемді су басты, - деді Марк.
–Қалайша? – деп Джектің жан дауысы шықты.
–Солай, енді сіздер іздеген мекен-жай жоқ.
–Әке, - деп Джек жылап жіберді. Стэнли оның иығынан ұстап:
–Бекем бол, енді Фолкленд те жоқ, - деп әлемді су басқанына түк те таң қалмады.
–Сіз жер жүзін су басқанын білдіңіз бе? Стэнли мырза маған неге айтпағансыз? – деп Джек қайықтың қу тақтай еденіне тізерлеп отыра кетті.
–Айтқанда не өзгереді? Әкең тіріліп келе ме?
–Біздің катерге мініңіздер, тарлық етпейді. Жейтін азық та, ішетін су да қалмады. Сіздерден қызғанарымыз жоқ, - деді Бенджамин.
–Мырзалар, ниеттеріңізге рақмет, алайда ыңғайсыз болады.
–Гарпун, ау, қармақтарыңызды әкеліңіз көмектесейін, - деді Марк.
Альберт Марк пен Бенджаминнің іс-әрекетіне көңілі толмағандай қабағы қатулы.
Олар бірнеше минутта қайықтағы құралдарды катерге шығарып, палубаға орналастырып үлгерді. Дауыл тынып, толқын баяулап катер су бетінде ақырын тербеле батысқа жылжып барады. Марк қармағын алып кешкі асқа балық аулауға кірісті. Альберт Фолклендтің екі балықшысын жақтырмаған күйі теріс айналып, палубадан темекі орайтын газет іздеп, тартпаларды сарт-сарт еткізді.
Джек көкжиекке қарап, көзіне жас алып, әкесінің су астында қалай қалғанын, салған суреттерінің қалай жоғалғанын ойлады. Алдарынан жаға не тірі жан кездеспеген балықшылар ертеңнен күдер үзбесе де, ол үміт кепкен ауыздарына бір тамшы су құрлы бола алмады.
Бірнеше күнде балықшылар күтпеген күн райы орын алды. Мұхит ағысы бұрынғыдан күшейгенімен су суый қоймады. Көктегі бұлт бірнеше күнде тарқап, күннің темпаратурасы арта берді. Жаңбырға арналған киімдерін шешіп тастаған балықшылардың жалаңаш денелерін күн көзі қыздырып, катер үстінде шыжғыруға таяды.
–Шикі балық, қарным ауырды.
–Шабақтардың арқасын тіліп ернеудегі темірге қойсаң шала пісіп қалады.
–Қаталап барамын.
Шөл қысқанда олардың бәрі ес-ақылдан алжаса бастады. Джек пен Стэнли палуба көлеңкесіне тығылса да, күннің ыстығынан қашып құтыла алмады. Олардың жанына Бенджамин де келді.
–Су үстінде келе жатып шөлден өлеміз,- деді ызаланып.
–Ажалдан қалай қашып құтылмақсың? Алтын төссекте жатсақ та, аурудан, ажалдан құтылмайсың деген, - деп Стэнли бір қырына аунай кетті.
–Қайтсек екен?
–Ештеңе өзермейді, ештеңе өзерте алмайсың осымен бітті. Әлем де құрыды, адам да қалмады. Бәлкім, соңғы адамдар біз шығармыз, - деді Стэнли. Джек екеуінің бір сөзіне де түсінбей көлеңкеге басын тыға сұлап жатты. Бір жұтым суға зар болғанда олар адамзат туралы, әлем туралы толғанып отырмай, бір жұтым суды қайдан табарларын ойлап жан сауғалап кетті. Катердің арғы бетінен Марк шыға келді.
–Шикі балық шөлдетті. Қане темір бақырашты бер, мен барып су әкелейін, - деп Марктың көз алды қып-қызыл болып кетті. Ыстыққа мәңгүрттей болған басын Альберт әрең көтерді. Ол кеберсіген ернін әрең қозғап:
–Марк, Марк тоқтат не істемексің, - деді.
Марк қолына бос бөшке ішінде құрап кеткен темір бақырашты алып шықты да, катер ернеуіне байланған Фолклендтік екі балықышының қайығына секіріп мініп алды.
–Бүгін думан, бүгін Исландияда мереке, - деді де қайық бүйірінен ұстап тұрып, бір бақыраш су көсіп алды. Бенджамин палуба көлеңкесінен Марктың дауысын естіп түрегеліп оған қарады. Марк қолындағы бақыраштағы суды қылғыта жұта бастады. Демалмастан төңкеріп тастады да, суды тағы да көсіп алды. Оны көріп тұрған Джек көгілдір судың мөлдіріне шыдай алмай Маркке жылжи беріп еді, Стэнли оны ұстап көлеңкеге отырғызды.
–Мұхит суын ішу өз-өзіңе қол жұмсағанмен бірдей, - деді.
–Марк жетер, - деді Бенджамин дауысы шықпай.
Келесі бүйірдегі қарт балықшы мен жас балықшының маңдайынан тер саулай әбден қиналды. Күн тас төбеге келіп тұрып алды. Мұхит суын бақыраштап ішкен Марк қайық үстінде ес-түссіз жатты. Бенджамин оның тамыры шыға арса-арса болған қолына қарады. Су бетінде баяу ғана катер мен қайық тербеліп тұрды.
Күн батуға айналды. Көзін тырнай ашқан Марк тоқтаусыз есі ауысқан адамша күліп мұхитқа секіріп кетті. Ешкім тоқтата алмады. Стэнлидің, Альберттің көзі қарауытып Марктың қалай қайықтан қарғып кеткенін де аңғармады.
Джек соңғы демін ішіне алған адамдай жарық дүниеге көзін аша соңғы рет қарады. Су бетінде әлденелер қалқи жүзіп келіп, катер ернеуіне соғылып жатқанын байқады. Дыбыстар жиілей берді. Джек Стэнлиді аяғымен әрең түртіп, көзін ашқан оған катер ернеуін сұқ саусағымен нұсқады. Қалқып келіп қайыққа соғылған жартылай суы бар дүкенде тізіліп тұратын құтылар екен. Стэнли бар күшін жиып құтыларға қол созып, біреуін ашты да, қылғыта берді. Оны байқаған Альберт еңбектей келіп, бір құтыны көтерді. Бенджамин де жақындады. Джек әлі де көрер жарығы бар екенін ойлап, бойына үміт оты ұялады.
Түн іші. Аспан бұлтсыз. Ай жарғы төгіліп су бетін жылтырата айналаны күмістей етті.
–Жақын маңда елді мекен болған. Су астында қалған. Осыншама құтылар су бетіне көтеріліп, біздің жанымызды сақтап қалды, - деп Альберт жорамалын бастап кетті.
–Марк бірнеше сағат шыдағанда ғой, - деді Бенджамин.
Стэнли мен Джек жан-жақта қалқып жүрген жартылай су, жартылай ауа толы құтыларды жинап, катерге сала бастады.
–Марктың жоқтығы ештеңе етпес, әлем жоғалып кеткенде. Ойлашы жер жүзінде бізден басқа адам жоқ. Бұл тамаша ғой. Көп ұзамай мына су тартылады, кебеді. Құрлыққа шығамыз. Сол сәтте жаңа мемлекет құрамыз. Ал, басшысы – мен. Жан-жақтан тірі қалған адамдардың келулері мүмкін. Бәрі менің жейдемнің жеңін сүйіп ант беріп, мемлекетіміздің азаматына айналады, - деп Альберт бар ойын ақтарып салды.
–Оттапсың, - деді Стэнли.
–Не дедің? Фолклендтің шалы, қайта рақмет айт, менің қол астыма келмегенде баяғыда шөлден өлер ең, - деп Альберт ызалана бастады.
–Тоқтат! Қайдағы сандырақты айтасың. Жанымызды әрең сақтап келе жатсақ сенің ойлағаның басшы болу, - деп Бенджамин ұрсып тастады.
–Мен сен шалға көрсетемін, - деп Альберт палубаға кетті. Джек Альберттің мына ойына таңқалып қатты да қалды.
–Құдайым-ау, мұндай да ашкөздік болады екен-ау, - деп күбірледі Джек.
Қарт Стэнли ұйқысынан ерте тұрды. Тоңазыған үстіне салқын плащты бүркей Бенджамин мен Альберт ұйықтай берді.
–Джек оян. Бір сал жүзіп келеді. Джек!
Джек көзін ашты.
–Қарашы, жақындап қалды. Бос секілді, - деді Стэнли оңтүстікті нұсқап. Бенджамин ештеңе деместен атып тұрды да, дүрбіні алып оңтүстікке қарады.
–Шағын бос сал. Жо-жоқ бір адам сұлқ жатыр.
–Тірі ме?
–Білмеймін.
Олар дүрбімен кезек-кезек қарап тұрғанда толқын ырғағымен қалқи сал да жақын қалды. Шашы бұйра өскен, сақал-мұрты ретсіз қауғадай болған бір қарт сал үстінде сұлқ жатты. Бенджамин оны көтеріп, Джек қолынан сүйеп катерге мінгізді. Еденге палубадан көрпе әкеліп қартты жатқызды. Қарт көзін ашпады. Джек аузына су құйды. Қарт сирек демалып ұйықтай берді. Біраздан соң Альберт оянды.
–Мынау кім? - деді ол.
–Салмен жүзіп келді. Енді ғана өзіне келіп ес жинап жатыр, - деді Бенджамин.
–Шал, оян қане, бұл жер саған қонақ үй емес. Қайдан келесің? Қайда барсың? – деп Альберт оны жұлқи бастады.
–Мұның не? – деп Стэнли Альберттің қолын тартып қалды.
–Бұл жерде басшы мен, мына шалды салға салып келген жағына жіберіңдер, - деді Альберт. Бенджамин серігінің осынша ақыл-есінен айрылғанына таң қалды.
–Джек, катер артындағы өзіміздің қайыққа отыр, кетеміз, деді Стэнли. Джек Альбертпен бір катерде сыйыспайтындарын біліп, Стэнлидің айтқанын жасай бастады. Сол сәтте ес-түссіз жатқан қарт күбірледі.
–Аргентина...
–Не дейді? – деді Бендамин.
–Аргентина, - деді қарт.
–Ол есін жиды.
–Ей, шал сен келген жақта ел бар ма?
–Аргентина...
–Құрып кеткір, не деп сандырақтап жатыр? – деп Альберт қартты теуіп қалды. Стэнли бұған шыдап тұра алмай, Альбертті бүйірінен соғып қалды. Қарт балықшының ауыр соққысына шыдамаған Альберт тізерлей отыра кетті.
–А, сорлы шал өлтіремін сені, - деп Альберт аяғын әрең баса орнынан тұрам дегенше, Стэнли оған бірнеше соққы төпеп үлгерді. Бенджмин Стэнлидің арқасынан қапсыра ұстап кейін тартты. Джек сасқалақтап қатты қорықты. –Аргентинаға жол көрсетіп жіберіңіздер, - деді сұлқ жатқан қарт. Сол сәтте Альберт орнынан тұра палубаға жүгіріп кіріп кетті. Стэнли қартқа:
–Аргентинадан келе жатырсың ба? Жақын маңда жер бар ма? – деді.
–Бәрі құрыған секілді, - деді қарт.
Ашуға булыққан Альберт палубадан гарпун алып шығып, Стэнлиге жақын келді. Ешкім Альберттен мұны күтпеді. Ол гарпунды Стэнлиге кезеді де, бүйірден атты. Жебе сол жақ қолының астынан кірш ете кірді. Стэнли бүйірін таяна жерге жалп етті. Джек есі шыға ақырып жылап жіберді. Бенджамин жүгіре басып Альберттің қолынан гарпуынды жұлып алды.
–Джек, қаш, - деді Стэнли. Джек жылай жүріп Стэнлиді тұрғызбақ болды.
–Джек, қайыққа отыр, батысқа жүзе бер, ол жақта жер көрінеді.
Джек қанға тұншыққан Стэнлидің сөзін тыңдап, өзінің қайығына аяқ басты. Ашуы басылған Альберт отыра кетті. Джек арқанды шешіп, жылай жүріп қайыққа отырып, катерден көз алмай батысқа қарай есе берді.
Күн кешкіріп ұясына батар сәт еді. Мұхитқа таяу ұшқан төбедегі ұшақты Джек көріп есі шыға қуанды. Орнынан атып тұрып «мен мұндамын» деп айқай салды. Ұшақты Джек үшін әкесі жібергендей мәз болып, өзін құтқаруға келгеніне сенімді болды. Су ұшағы қайықты екі айналып ұшты да, қалқыма аяқтарын жазып мұхитқа қонды. Джек қайығын есі шыға есіп ұшақ жанына жеткенше, ұшқыштың көмекшісі есігін ашып оған дауыстады.
–Сонымен, кім боласың? – деді ұшақтағылар.
–Джек, Джеймс Джек. Фолкленд балықшысы. Адасқаныма бірнеше апта болды.
–Түсінбедік. Фолкленд?- деп ұшқыш ойланып қалды.
–Мені ала кетіңіздер,- деп Джек жақындай берді.
–Тоқта, тоқта құжаттарың бар ма?
–Не?
–Құжаттарың бар ма Джек?
–Мұхитта адасып қалғаныма бірнеше апта болды, тоқын, дауыл, жауын, қайдағы құжат?
–Кешір досым, сені құжатсыз ұшағымызға мінгізе алмаймыз.
–Не?
–Солай, біз асығыспыз, қонған себебіміз кім екеніңді білгіміз келді.
–Қалайша? Фолкленд болмаса, Аргентинаға немесе Британияға да ала кетсеңіздер болады. Тастамаңыздар!
–Бұл бала не деп сандырақтап тұр, ешқандай Аргентина, Британия жоқ, сау бол, тіпті құжаты да жоқ екен, қызық өзі.
Осыны айтты да екі ұшқыш ұшағын оталдыра, су бетінде бірнеше жүз метр жүзіп көкке көтеріліп кетті.
Әлихан Жақсылық