Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ. «СЕНБЕСЕҢ — ОҚЫП ҚАРА ӨЛЕҢІМНЕН...»

 «... Ойхой көктем.

Көктем, көктем, көктем!.. — деп,

Дүниеден өктем өткен,

Өктем көп,

Қарасаздан келе жатқан бір ақын

Қазағымның көз алдынан кеткен жоқ»

Жәркен Бөдешов.

 

... Мұқағали туралы  айтқанда, неге екенін қайдам, ойға ең алдымен «сәби жүрек ақын» деген теңеу түседі. «Арқалы ақын» десең, «арман кеуде» десең, «отты ақын» десең...— бәрі де жарасар еді. Әйтсе де, сүйінген, күйінген бүкіл құбылысқа теңеу іздейтін біз басқа баламамен осынау асыл есімді арзандатып алудан сескенеміз. Неге?...

Кезкелген ақиқатты дәлелдеуді талап ететін қатал заңдылықтың алдында абдырмас үшін ғана, Мақатаев поэзиясына қайтадан үңілесің. Көзің көріп, көңілің сеніп тұрып та, құдіретін дәлелдеп беру қиынға соғатын бір құбылыстар болады. Мұқағали поэзиясы туралы сөйлегенде, осындай бір тоқырауға соқтығасын. Айтатын нәрсенің аздығынан емес, тым көптігінен, «осының бәрін қалай жеткізіп берем?» деген қорқыныштан тоқырайсың.

Адам туралы кесіп айту сияқты, өлең туралы  сөйлеу де — қиын. Әйтсе де, ешкімге естіртпей, өлеңді ішіңнен үшке бөлгің келеді де тұрады. Нашар өлең — қолынан келмейтін іске ұмтылған сәбидің талпынысы ғана. Ол даттауға да мақтауғада жатпайды. «Орташа» деуге қимайтын ортан қолдай өлең — сынның сыбағасы. Оның кемшілігін арқасынан қағып, жетістігін жер-көкке сыйғызбай мақтау дұрыс. Ол — жарқылдаған жан отына, мөлдірлік пен сұлулыққа, сезімнің тұңғиық сырына, ағынан жарылған адалдыққы, айдай әлемге деген махаббатқа... — ақындық пен азаматтыққа деген ақшаңқан сағынышымыздан, өмір туралы жырға сусыны қанбайтын асқынған шөлімізден — өмірге, өлеңге деген құштарлығымыздан туған ізгі ниет, игі тілек.

Өлеңнің тағы бір тобы бар. Оны өмірдің өзіндей деген дұрыс болар. Мұндай нағыз поэзияға прологтың да, эпилогтың да қажеті  болмай қалады. Тіл өнерінің «патшасы» өзі туралы толық тек өзі ғана айтып береді. Біздің еншімізге тек таң қалу, оның сырына үңілу, өмір сырын ұғынуға үйрену ғана қалады. Нағыз поэзия да рухы биік, азаматтық келбеті келісті адамдар сияқты, өмірдің өзі сияқты қиялыңды өрге сүйреп, санаңды сан тұңғиық сырына үңілдіреді. Сезіндіреді, сүйсіндіреді – өзін, өзі арқылы өмірді түгел, алаламай сүюге үйретеді. Өмірге шақырады!

Мұқағали поэзиясы міне, осы топқа — Абай мен Махамбет, Сәкен мен Ілияс, Қасым мен Әбділда жырлары жататын топқа қосылады. Адырнаны аңыратып, зуылдай ұшқан жасын-жебе Махамбет поэзиясы мен өмірге тән ұлылыққа толы Абай теңізін зерттегенде, кейінгі ұрпақ көтермелейін деп емес, биікті көріп-сезінейін, сырына үңіліп, сымбатымды толыстырайын, көтерілейін деп зерттейді. Таудың тау екені төбеден бұрын өзіне аян, ол көтеруді тілемейді. Сәкен мен Қасымдарды Абай  атты алып тау иығына көтеріп тұрды. Олардың поэзиясы бүгінгі ақындарымызды өз биігіне шығарып, небір қияндарға көз тастатып, қыранша баулыды. Мақатаев поэзиясы да сол биіктеп келе жатқан қазақ жырының енсесін тағы бір тұғырға асқақтатқан, эволюциялық бір саты, өзгелерге ұқсамайтын бірегей биік екені даусыз.

Жалаңаш-жүрек «таң мен түннің соғысқанын» көріп, шыр қағып, ақтық тілеуін тілейтін:

... Түн деген шашын жайған албасты екен,

(Апырай, таң кешігіп қалмаспа екен?)

Кепиетсіз, қырғынсыз, қантөгіссіз

Алма кезек аспанда арбасты екеу...

Күнде көріп жүрген құбылыстан жақсы мен жаманның күресін көріп, соны сырлы, сұлу өлеңмен өрнектеп отырған ақынға таңданасың. Өлеңнің тірілігіне, әр дыбысының адам жанының әуен ырғағын жеткізіп тұрған қарапаймыдылығы мен бір сөзін өзгертуге болмайтынына қайран қаласың. Мұқағали күші де сол адам, табиғат, тіршілік тыныстарын еш әлемішсіз, әсем күйінде көріп-сезіп, сезіндіре алуында болса керек.

Поэзияның бір ғана тұңғиық тақырыбы бар. Ол — ақын көзімен қарап, көңілімен сезген, көкірегімен толғаған — Ұлы Өмір ғана. Өлең өнер болардан бұрын ақынның өмірлік жолжазбасы, сапарнамасы болатыны содан болар. Поэзиядағы, жалпы өнердегі дарындылық пен ұлылық та, дарақылық пен ұсақтық та ақынның, өнер иесінің ұланғайыр өмірді көру, сезіну, түйсіну және түйіндеу коэффициентінің (шартты түрде) биіктігімен ғана өлшенеді. Осы бірліктің шынайы шеберлікпен қиылысқан жерінен ғана өмірдің өзіндей Поэзия табылса керек.

Өмірден сәт сайын жаңалық ашу, оған таңдану, сезіну, кедергіге қарсылық көрсету, қуану және жек көру сияқты адам атаулыға ортақ қасиеттерді түгел алғанда ғана тіршілік иесінің өмірге деген өрт-құшақ махаббатын бейнелеуге болар, сірә. Адам сезімі деген ұғымда — туған ошақтан Отанға, анадан адал жарға, баладан досқа дейінгі аралықты сүю, сана үшін жұмбақ сезімдер, тағдыр туралы, адам туралы, тылсым сырлар, көлеңкеге күрсіну мен сәулеге сүйсіну сынды шексіз әлем жатады. Мұқағали, ең алдымен, осындай сезім мұхитының таңғажайып иесі еді. Ол жалыны мен жасыны, шуағы мен бұлты, күлкісі мен көз жасы тең тұрып, сол ұлылығымен сүйдіретін Өмірдің құшағына өзінің әппақ, арманды жүрегін жалғандық орнатып жасырмай, жүк түсер деп жасқанбай, жалаңаш күйінде тосып өтуге тәуекелі жеткен ақын. Мұқағали поэзиясының құдіреті оның ақынға жүктелер жүректік міндетке алғаш қадамнан ақырғы сәтке дейін адал болып өте алуында болса керек. Оның сырын алдымен содан — талай иық талып, тайдырып жіберіп, тайқып шыға келетін зілбатпан жүкті жүрегіне мәңгі бақи енші етіп, есеңгіремей, ентікпей, елді таң етіп, өмір көшінен Ақын боп қана өткенінен іздеген жөн-ау...

Өмірді сүйеміз.  Қуанышы үшін ғана емес, тіпті жек көріп тұрып та, сүйеміз. Қабырға қайысып, көңіл қайғырған кезде де оған қол сілтемейміз. Бұл — адамдық сүю дарынының, өмір сүрудің ұлы рухының бір көрінісі. Мұқағали Мақатаевта алдымен осы дарын күшіті еді, осы рух биік еді! Ол ең алдымен өлеңнің ғана емес, өмір сүрудің  жауапкершілігін жете ұғып, сонысымен өмірді сүйдіре білді. Мұндай поэзия:

... Мен іздеген нұр-бақыт,

Ұстатпаса, зуласын,

Тек жүрегім бір уақыт —

Жүксіз қарап тұрмасын —

Жүрек болып туғасын, —

деп серт етіп, өлең мен өмірді сахна деп сезінбей, қасиет тұтып өткен адамның кеудесінен шықса керек-ті... Өмірді тұтас көре алған, селкеуі, бұрылып кетері, климатқа көнері жоқ санадан шықса керек ондай поэзия!

    Поэзия!

    Менімен егіз бе едің?

    Сен мені сезесің бе — неге іздедім,

     Қарауытқан таулардан сені іздедім.

 

    Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан,

Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,

Сені іздедім жоғалған замандардан.

 

Сені іздедім досымнан, қасымнан да,

Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да,

Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,

Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,

Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.

 

Махаббаттан іздедім сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып ұшқан.

Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,

Сені іздедім жадырау, жабығыстан!

 

Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,

Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен,

Қуаныштан, түршігу, күрсінуден,

Жүректердің іздедім дүрсілінен.

 

Сені іздедім сезімге у шараптан да,

Минуттерден іздедім, сағаттан да,

Сені іздедім...

... Іздеймін. Тағат бар ма?!

Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!

                                                                   («Өмірдастан» 111-бет).

 

Бұл — бүкіл бұрылыстар мен дір еткен дыбыстардан, тілді-тілсіз тыныстардан поэзияны — демек, өмір ұлылығын іздеу. Ақын шын мәнінде, өзінің шалқар сезімімен өмірді түгел елестететін поэзияның егізі екені де рас. Мұқағалидың тамшысы көлге татитын поэзиясының алтын арқауы осы  алты шумақ өлең секілді. Оның ақындық мұрат-мақсаты да осы өлеңде. Ол өзі іздегенді тапты да. Және қалай тапты, қандай күшпен тапқан шуағына қуанып, көрген тұманына күйінді, сол арқылы өмірге өле ғашық болды десеңізші!

* * *

Оның әр өлеңіндегі өрт сезімі, бас  айналған бақыты мен күреңіткен мұңы, бозарған боз ойлары, жанардай нәзіктігі мен сәбидегі пәктігі, тентек арыны... — бәрі тек «мен Мақатаевпын!» деп тұрады. Тағы «неге?» дейміз.

 Оның «Өмірдастан» атты кітабы бар. Осы аттас поэмасы тағы бар. Бұрынғы кітаптар да («Иличь», «Мавр», «Армысыңдар, достар», «Аққулар ұйықтағанда», «Қарлығашым, келдің бе?»), кейінгі «Өмір-өзен» де сол өмірлік, өшпес дастанның құрамдас бөліктері ғана. Мақатаев творчествосын бөлшектеуге келмейтін, тұтас сомдалған өмірдастан деуге болады.  Бұл тегіндік емес. Бұлай болатын себебі де өзінің айшықты соқпағын анық басып, өлеңде де тек бір ғана өзіндік тұтастығын, саралаған сырбаз сенімін, көзқарасын сақтап, ауытқымай, көрінген жылтыраққа алақтамай өткендігінің белгісі.

Ол қазақ жырының жарқын бір тарауы боп қалмастан бұрын дүниеге сәби боп келген-ді. Бір қызығы оның сол сәбилік пәк күйінде  нәзіктігі мен сенімін жоғалтпай өтеуге күші жетті-ау! Ақын — ең алдымен, көреген. Өмірге үңілу арқылы оның қанаты ғана емес, көзқарасы мен мінезі де қатаяды. «Көңіл қалды достан да, дұшпаннан да...» — Абайда осындай бір есею, қатаю болғаны есіңіз де ме? Бұл заңды. Орта, өмір қайшылықтары, адамдардың бір-бірінен аулақтығы деңіз. Алайда, үңіле келе, ақын тап жас кезіндегідей дүниені көгілдір әлем ғана деп емес, күрес әлемі деп түсінбей ме? Ал бәрін біле тұра, өмірге деген ыстығы бір төмендемеген адамды да осал демеңіз. Мұқағали осындай еді.

... Қанат байлап өмірге ұшарымда,

Кесілмесе бәрібір тұсауым да,

Сәби болғым келеді , сәби болғым,

Сәбиі жоқ ананың құшағында! —

дегенде, ол анаға сәбисіздік дерт екендігін ғана емес, адамдарға көбіне сәбиліктің жетпей тұратыны туралы айтқан. Неткен нәзік жандылық десеңізші. Кейін қырықтың қырқасына шыққанда да:

Мінезім де, сөзім де баяғыдай,

Баяғыдай құшағын жаяды май...

... Енді маған қырықтың қылығын бер,

Ақылын бер, арын бер, — ая Құдай! —

десе, есейгенін емес, сәбилік пәктігін сақтай алғанын айтып отыр деп ұққан дұрыс.

...Олай көрем, өзімді бұлай көрем.

Өзімді өзім патша, құдай көрем,

Кесілмеген тұсауым нәрестедей

Кездескеннің бәрінен құлай берем, —

дегенді оқығанда бүкпесі, бұлталағы жоқ, қулық-сұмдықтан хабарсыз сәби кеп көз алдыңа тұра қалады. Адалдығына, алаңсыздығына сүйінесің. Ол сонысымен тағы да биік!

Өнер, негізінен, адам бойында игілікті оятатын, ізгілікке шақыратын қасиетімен ғана бағаланады. Жоғарыдағы үш шумақ өлеңді оқығанда, біздің көз алдымызға алыста қалып қойған балалығымыз келіп, сәл-пәл кейістік білдіріп тұрғандай болмай ма? Мұқағали өлеңдерінің тазалыққа үндеу күшінің бір мысалы осы ғана.

Ол дүниемен:

... Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,

Алынбаған ақым бар сенде менің,

Бұйрат құмдар — бұйығып шөлдегенім,

Бура бұлттар — бусанып терлегенім

 деп амандасқан-ды. Табиғаттан жаралған, тау мен шөлдің, дала мен көлдің телі ұлы осылай келген-ді өмірге. Өзі туралы айта келген еді. Шөлдей асқынған сағынышпен, жерге жақұт жаудырмай қоймас бұлт-ойлармен өмірдің құшағына «сыбағаңнан кенде етсең, шырылдаған сәбидей мазаңды алам» деп, наз арта енген еді. Кейін, көп кейін оның басында «әлемдегі бар сағым ұйып тұрып алуы» да содан.

Сыбағадан кенде болды дей алмаймыз, тек тым ертерек «бір жаққа асығып, кеткенін» айтамыз. «Беріп кетсем болғаны берерімді...» деп еді, бережақ боп кеткен жоқ, ел-жұртын өзіне қарыздар етіп кетті...

... Доссызбын деп айтпаймын халқым барда.

Саясында хақым бар салқындауға,

Даттамаса болғаны халқым мені,

Айналмаса болғаны нарқым дауға —

деген еді. Оны ешкім даттамады, оның есімі дауға емес, халықтың тағы бір маңдайға басар асылына айналды.

Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы,

Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы..–.

деп, ойға беріліп еді ол кеткенде. Бұл да шындыққа айналды, алайда ол ер-тұрманы бүтін тұлпардай талайдың арқасын қоздырып, ізін басқан жас тұяққа аруақты арынын қалдырып кетті. Ал сол келу мен кетудің арасында, айналасы 15-20 жыл ішінде ол қанша мұра қалдырды, қанша сезім мен құштарлық тасқыны қысып, арнасынан арманы асып төгіліп тұрған төрт аяғы тең жорға жырлар жазды.

... Қарасаз топырғаныда туған оның бесігін таулар тербеткен.   Бесікте жатқан оны шағуға жылан-жамандықтың да дәті бармаған «Бесік балағындағы жыланды» әжесі өлтірмепті, қазақ ырымымен ақ құйып шығарыпты:

... Дұшпанды әжем есен-сау жолға сапты,

Ақ тамызып жауымның таңдайына...»

Бұл терең мәні бар көрініс. Адам дүниеге пәк күйінде келген,  содан да ол жылан шағар деп сескенбейді. Ал әжесі — ақкеуде, ақынкеуде халықтың образы. Сол әже:

 ... Ұйықта ботам, өзің кеп тиіспесең,

Жылан деген төкпейді уын босқа... –

десе, бұл халықтың дана философиясы. Мұнда «жамандық атаулы тек бұрынғы жамандықтың жаңғырығы, адам сәбидей пәк болса – жамандық, түсінбестік жоқ» деп, жердегі жақсы мен жаман күресіне талдау жасау жатыр. Ақын осылай дүниеге тап-таза күйінде келген! Оның бүкіл өмірлік жолы — өлеңде адал, асқақ болып қалуы да сол әже бейнесіне — қазақ тәрбиесіне байланысты. Сол себепті де, ол өзінің  ең асылы, досы, анасы, сырласы да халық  деп біліп, ең алдымен, соны көкірегіне басып,  төбесіне көтеріп  өтті.

... Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, —

десе, бұл да терең ой. Жүрегімен жылап-күліп жазған жырды халықтыкі деудің өзі кішілігі, азаматтығы ғана.

... Ол көзін ашқанда (айналаны алғаш сезінгенде) «алдымен көргені — аспан» екен! Әрі ақиқат, әрі терең философиялық мәні бар сурет!  Көз алдыңа көк зеңгір аспанға киіз үйдің ашық түндігі арқылы қадала қарап, тал бесікте жатқан ақ сәби келеді. Поэзияны осы сәттен көре алудың өзі неге тұрады. Тылсым дүние есігін ашпас бұрын, сонау сәби кеуде өзіңіздің де көргеніңіз әуелі — аспан — мөлдір армандар екені есіңізге түседі.

... Өз үйім ғой Жер менің,

Алдымен аспан-көргенім,

Айды, Күнді, Жұлдызды,

Сонан соң барып көргемін...

Неткен дәлдік! Неткен тереңдік! Адам саналы өмірді мөлдір арманнан бастамас па?! Содан соң сырлы дүние құпиясын сығымдап ашпас па!

... Аспанды көр деп Жер өзі,

Көтерді мені арқамнан.

Шаршайды бір сәт жанарым,

Сүрініп сонау тауларға

Өте алмай алып қалқаннан...

«Аспанға қарау» – өмірге үңілудегі алғашқы қадам. Аспан — шексіз, аспан — керемет. Тіпті, адам түгіл:

... Жанарына жас тұнып

Жалғызсырап көлдер де.

Аспанға қарап жататын...

* * *

... Тойымсыз біздің томпақ жер

Томсырап көкке қарайтын...

* * *

 

...Майлыаяқ біздің қамықса

Аспанға қарап ұлыған...

Бұл – арманның сұмдық бір күшін, өмірдің өзіне ұмтылдыратын Жердің  тарту күшіндегі құдыретін сезу, сезіндіру емес пе!

... Аспанға қарап келді адам,

Аспанға қарап кетті адам... —

Міне, бүкіл өмірдің жұмбақ, әрі мәңгілік стихиясы!

Төңкерілген төбемнен,

Алайда сен шексізсің

Шетіне жетпей келем мен.

... Өзіңе қарап туыппын

Өзіңе қарап өлем мен...

Бұл — өмір құдыреті, құштарлық күші туралы жыр. Адам-арман Аспанға көз тігіп тұрады, қадалып өтеді. Мұқағали бұл жерде тек өзі емес, бүкіл адамзат туралы айтып отырғандай. Өзің де Аспанға одан әрі үңілгің кеп кетеді...

... Сәби жүрекке жамандық, қайырымсыздық алғашқы рет шұбар атты жолаушы боп кездесіпті. Ақтүтекте айдалада, сапар үстінде бара жатқан балаға қол ұшын бермей кетіпті:

Ақыры ғайып болды тарлан шұбар,

Тарлан шұбар — сендегі ардан шұбар,

Жарты қасық қазақтық қаның болса,

Құлағыңда дауысым қалған шығар...

Өмірдің күрес екендігін сезіндірген адам мен жамандық қақтығысы бала бойында күрескерлік рух оятады. «Жоқ, аға, мені өлсін деп жаратпаған...» дейді бала. Бұл — тістену арқылы ширау, ширығу. Бұл шумақта тағы бір ой бар. Ол ақынның жамандық халық арасынан, адам арасынан шықты деуге қимайтыны: «Қайырымды қазаққа кез келіппін, Қазақ деген сен емес, бөлек екен...» Бұл жерде жақсылық боп кездескен, талай күресті басынан кешкен кәріні айтып отыр. «Қазақ деген сен емес..». дегенде жамандық адамнан шығуға тиіс емес дегенде арашалау, адамды кірден қорғау да жатыр емес пе?

... Қарт сенің біледі екен қылығыңды,

Дайындап жүрмін, — деген, — құрығымды, —

Қан майданнан баласы оралғанда

Қалай да, үзем деген жұлыныңды!

Мұқағали өлеңдеріне бір нәрсені сөз етіп отырып, көп жайға көз жүгірту шеберлігі — өлеңнің тығыз мазмұндылығы тән. Осы шумақта қашаннан өз қарсыласын білетін қарт-жақсылық, оның да «баласы қан майданда» жүрген, қолы қысқалау кезі, кектенуі қалай берілген.  Жақсылық сәл қысылса ғана жамандық ауа жайылатынын да сездіріп отырған жоқ па!

Міне, бала санасында өмірдің күнгейі мен көлеңкесін айыру, жақсылықтың салтанат құратынына деген асқақ сенім оянған. Ол кейін де:

... Сенемін!

Мен сенемін, сенемін мен,

Сенбесең, оқып қара өлеңімнен...»

– деген-ді.

... Сұрама,

Неге сенем, кімге сенем?

Мүмкін, мен мына жарық күнге сенем...

Күннен асқан жарықты білмесем мен —

Бір минут өмір сүріп жүрмес ем мен...

дегендей, оның «күннен асқан жарық» сенімі бүкіл жырына нәр, рух берген-ді. Сол сенімі — оның адамды өлеңмен өмірге шақырудағы негізгі күші боп қала береді...  

... Одан соң сәби жүрек адам тағдыры мен сезімнің жұмбақ тылсымын сезінеді.

Сана мен сезімде төңкеріс жасаған Дариға-жүрек тағдыры адам өмірі, тағдыр сырларына үңілуге себепкер болады. Бұл — ақынның ғана емес адамның алғаш рет тұшынуы,өмір дәмін татуы.

«... Дариға жүрек өмірге берді бір ақын...».

«Өмірдастан» сынды сүйекті поэма осылай бітеді. Өзін мың толғантқан өмір құшағына ол осылай енген-ді.

*  *  *

Содан соң өмір тынысын кардиографша сезіну басталған. Оның сезімінің өзі ерекше еді. Анау-мынау жүрек төзе алмайтын сезім кейде сезінген адамды шошытатын:

... Жүрек деген сезім ғой тұнып тұрған,

Сезімді сезу үшін Сезім керек...

Сезіну болғанда да жай сезіну емес, азаматтықпен сезіну, өмірді көлегейсіз көріп, шыр-пыры шығып, кір мен кірбіңнен, мұңнан қорғау болатын бұл сезім.

Жылап келіп, келмейді жылап кеткім,

Ол ғұмырды келеді бір-ақ тепкім,

Жамандықты жақсартып,

Жақсылықты

Одан сайын келеді қуатты еткім!

Ақынның өлеңдегі азаматтық кредосы осы. Сонымен бірге бұл бүкіл адам баласының  парызы. Адам осындай ғана мақсат арқалап өтесе — өмірде дық, жүректе жік болмасына сенесің...  

... Қол сынса, бас жарылса, қанап мұрын,

Ол да — менің сорақы ағаттығым.

Ар сотының алдына алып барып,

Алдымнан есігін аш абақтының! —

Себебі — мен бәріне жауптымын!

деген. Солай деп алып, ол өмірге асыққан:

Ғашық әнімді айтайын өмірге мен,

Құлақ естіп, көздерге көрінбеген...

Міне, осындай ғашықтықпен, жауапкершілікпен, сезіммен өмірді жыр еткен ақын достыққа да, кімге арналса да бөлшектенбейтін, бір ғана махаббатқа да, күрсіну-түршігуге де, қуаныш-шаттыққа да азаматтықтың айналы призмасы арқылы қарады. Оның асқақ патетикасының, кіршіксіз сезімінің, от толы өлеңінің басты кілті осында. Творчествосының тұтас дастан боп оқылатыны да, кеудеге кетілмеген күн боп енетіні де осыдан.

«Өмір-өзен» жинағындағы «Менің мақсатым» атты өлеңде мынадай жолдар бар:

Мен жырламаймын —

сырласамын.

Сыры бар замандаспен мұңдасамын.

Асыққан уақытпен адымымды

Абайлап, анда-санда бір басамын...

Бұл — мақсат туралы, әсірелеуді керек  етпейтін, салқын қанды, сабырлы әңгіменің басы ғана. Қарапайым болатыны да содан.  Бұл азаматтық, ақындық мақсат туралы сөз. Көбіне бірінші жақтан сөйлейтін ақын жеке бастың күйкі күйінен тым алыс.

...Тіптен де мен емес-ті мен дегенім,

Сендірмеймін — сенбеңдер сенбегеннің.

Басқаның жаны, сырын ұғу үшін

Өзімді зерттегенді жөн көремін...

 

Мендегі бар сенде де, онда да бар,

Демек менің «Менім» де сонда қалар,

Өз жаныңды алдымен жайып таста –

Жақсылықтың көкесі сонда болар!..

Өмірді зерттеп, жырлау үшін ақын өз «Менін» ұмытып, өзін де, өлеңін де халыққа ұсынса — азаматтықтың «көкесі де сонда болар» Ал оның «Мені» анау-мынау емес, халық меншіктеуге жарайтын «Мен» еді.

Мейлі түндер, күн өтсін,

Мейлі, өмірім жүдетсін,

Сен, сен, Отан,

Сен — Отан.

Кеудемдегі жүрексің.

 

Сеніменен бірге мен,

Бірге өл десең, бірге өлем,

Қайтіп сезер өзгені

Өз Отанын білмеген...

 

... Сенде туып сенде өстім,

таласа алмас енді ешкім,

Бұзбайынша кеудемді,

Сені ешкімге бермеспін!

Осы өлеңді оқығанда «Отан» деген сөз жатқан жүрек тұсынды ұстағаныңды сезбей қаласың. Себебі, Мұқағалидың «Мені!» — біздер ғой! Жүрек дүрсілінің ырғағымен жазылған өлеңнің әуенінің өзі ғажап емес пе? Жүрегіне Отанын, сол арқылы, сан қилы тағдырды салып жүрген ақынға сенесің.

Отан ол үшін — жүрек. Әрі жақын досы, жанашыры, сырын селкеусіз түсінер «анасы», арқа тұтар асқары. «Отаным, саған айтам!» атты толғауды оқығанда ана алдында ақтарыла сөйлеп отырған ұл елестейтіні, содан. «Осыны ішімнен мен де айтпадым ба?!» деп таңқалуыңыз да заңды. Тағы да Мақатаев «Мені» біз боп сөйлеп тұрады.

... Отаным, саған айтайын

Менде бір аппақ арман бар,

Ақтығы — алғаш жауған қар... –

деп соққан жүрек сөйлеп кеткенде, парызын да, арызын да ақиқат айтады. Әділдіктің, адалдықтың ақ байрағын көтерген Отан-анасынан ақын аумай қалған:

... Кіндігім менің байланған,

Киелі менің өрісім,

Барлығы дағы сен үшін!

Адамдық арды сақтаған,

Қилы бір қиын шақта да

Өзіңдей жаным — Аққала...

Отанымен туғалы тағдыры, жаны бір ақын өз өмірі арқылы ана өмірін елестетеді: ... Ол бір таңда Отан даусын естіп ояныпты. Бұл — 1941 жылдың үрейлі таңы еді. Бұл — оның «Диқан ата қосынан, мұң бағып өскен жасынан...». Бұл да ақиқат.

Ал:

...Көз жас пен тердің тұқымы –

Қазіргі біздің осы нан,

Жесірдің жасы – осы дән,

Осы тұқымға қосылам...

 

дегені – «балы мен шекері бұйырмаған» («Айбармен әңгіме») балалықты бастан кешкен ұрпақтың ортақ үні. Сонша от кешуден өткен еліміздің бүгінгі, ертеңгі ұрпағы да сол жесір жасымен, терімен суарылған дәнмен, нанмен жалғанған өмірдің өскіні.

            ...Ұл-қызын қайсарлыққа қайрау үшін Отан «көз жасын көрсетпей жылапты». Соны сезгенімен мұның «көзінің жасын сүртуге» дәрмені жетпепті. Алайда, «қайғыра жүріп, қайрат қып, қанағатын жайнатыпты», «қара суды да қаймақ қып, кеудеде бұлбұл сайратыпты», «өлмесін депті жабылып, өзің әперген бостандық!..» Бұл соғыс жылдарының құр көрінісі емес, жасампаз ұрпақтың жеңімпаз психологиясы, рухани ерлігі! Сол ерлік, рухани тазалық жалғассын дейтін ақын көңіліне кіреуке түсірген жайтты ашынып айтса да, жарасады.

...Ашынам дағы тасынам,

Тасынам дағы басылам.

Өзіңе ғана бас ұрам,

Сенесің бе, Отан, осыған?..

десе де таусылмайды. «...Кешіргін, Отан, кей-кейде, Басып бір кетсем гөй-гөйге...» десе, кінәліліктен емес, кішіліктен айтады. Ашына сөйлесе де “Отан тұрғанда таусылудың жөні жоғын” айтады. Осы жерде оның:

...Ашы жырым құйылса өтке барып,

Ашырқанып, алайда сөкпе, халық —

тікені деп тірліктің гүлін қырқып

Жүргенім жоқ қолыма кетпен алып, —

дегенін («Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен») еске алған дұрыс.

...Өзіңсің солай жаратқан —

Өзегі жалын бұл балаң —

Шағаласы бар шулаған,

Шалқар бір теңіз тулаған.

Теңіздің сыры белгілі —

Тек жату үшін тумаған...

Десе — сенесің. Отан, халық атты ұлылықтан туған қазақ ұланы шынында «шағала-жырын шулатып», тебіреніп, теңселіп, тереңіне үңілдіріп, кейде жағажай жартасты тау-тасқынымен ұрып, теңіз боп өтпеп пе еді. Толғау түрінде жазған жыр «...Махаңдар жоқ — Махаңдардың сарқыты — Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» дегенді тағы бір айтып тұрған жоқ па! Сонымен бірге, бұл — азаматтық жырдың озық үлгісі.

* * *

Поэзия — сыңғырланған сұлу сөз бен ұйқастың  ғана жиынтығы емес екені белгіілі. Ол ең алдымен, ақынның бір дүлей, әрі сырлы сезім буған сәтінің жемісі, сол сезімді өзгеге сезіндіре алғанда  ғана, жаңа бір сырға есік ашқанда ғана поэзия өз атын ақтамақ. «Чуство доброго я лирой пробуждал...» деген ұлы Пушкин сөзі де осыған саяды.

Мұқағали «Я начал думать стихами» деп, сол Пушкин айтқандай, үнемі бір шектен тыс сезімнің иесі болып, өлеңмен тыныстап, шабыттың шанқан бозын қаңтармай өтсе керек.

...Өзгеден емес,

Өзімнен қорқам, сезем мен,

Көзімнен қорқам,

ернімнен қорқам кезерген... —

деген өлең жолдары кеудені қаусатып кете жаздайтын сезімнің бойын үнемі құрсап жүретіндігінен туса керек. Оның өткір жанары небір терең сырларға үңілетін, өмірдің ортасында жүріп, өмірге шөлдейтін ол. Қуанса да, мұнайса да жүрегімен, шегіне жеткізіп сезінетін. Оның алып, «атомға ұқсайтын» басында, санасында сәт сайын төңкеріс боп жатады.

...Ойлар, ойлар,

Ой мені жындандырар,

Жындандырар, болмаса жыр қалдырар,

Қапастағы жүрегім тулап шығып,

Тулап шығып өзімді құрбан қылар, —

деуші еді ол.  (Қараңыз: «Лен,жас», 4 январь, 1973 жыл).

Әр құбылыс оның жүрегінде сәт сайын жүз жарылыс жасауға себепкер болатын.

...Мен де өзімше алып бір комбинатпын—

қорытылған не пәле жүрегімде...—

деуші еді ол. Жалаңаш-жүрек «таң мен түннің соғысқанын» көріп, шыр қағып, ақтық тілеуін тілейтін:

...Түн деген шашын жайған албасты екен,

(Апырай, таң кешігіп қалмас па екен?)

Қияпетсіз, қырғынсыз, қан төгіссіз

Алма кезек аспанда арбасты екеу...

Күнде көріп жүрген құбылыстан жақсы-жаманның күресін көріп, соны сырлы, сұлу өлеңмен келтіріп отырған ақынға таңданасын. Өлеңнің тірілігіне, әр дыбысының адам жанының әуен ырғағы жеткізіп тұрған қарапайымдылығы мен бір сөзін өзгертуге болмайтынына қайран қаласың. Мұқағали күші де сол адам, табиғат, тіршілік тыныстарын, әсем күйінде көріп-сезіп, сезіндіре алуында болса керек.

      Мына бір адамның ішкі төңкерістері туралы өлең сезім буған сәттің жемісі.

Күн батты,

Міне кеш кірді,

Жанымнан бір үн естілді:

«Рахатқа болса бес күнгі

Ренжіте көрме ешкімді!»

 

Тағы бір күн кеш кірген,

Тағы да бір үн естілген,

«Азаматсың  ғой ес білген,

Жауласа көрме ешкіммен

 

— Бүгін де міне, түн келді,

Құлаққа таныс үн келді:

«Адасып өмір сүрме енді,

Аулаққа салғын іргеңді!»

 

Сау еді санам тегінде

Жынданар осы шегім бе?

Еркімді менің алды не?

Өмір ме,  әлде, өлім бе?

 

Үрейді бір сәт ұмыттым

Өзімнен өзім сыр ұқтым,

Өзіме өзім сыбырлап

Өсиет айтып тұрыппын.

 

Шегі де бар  ғой тезудің,

Келіп тұр енді көз  ілгім,

Жынданып бір күн кетермін

Жетегіне ерсем сезімнің!..

Ери, егіле жазу оның қашан да салты. О.Сүлейменовтың «Қылыш» атты өлеңіндегі:

...Так отточи, чтоб не рубить, а делить,

Чтобы рана на теле тонкая была,

Как нить...

деген сөздер поэзияға да байланысты. Мұқағали өлеңінде осы семсерлік мінез болатыны да сол жеріне жеткізе жырлауында. «Тілден алмас жоғалса, сөзден қанжар. Бұл тірліктен бір күнде безер едім» деген-ді өзі осы туралы. Өзіне сеніп айқан-ды. Олай болмаса, ол сөз қадірін, жыр қадірін жете білетін халық жүрегінде қалып қоймас еді. Осындай тіл өнері мен сезім бұрқанысынан туған жоғарыдағы өлең адамның бір ішкі күресін елестетеді. Толстойдың «в каждом человеке живут два человека» дегені («Воскресение») еске түседі. Сол екі адам әрқайсысы өз пікірін айтып, өмірде қалай болу жайлы таласып жатқан секілді! Бұл — екінің бірінде, екі күннің бірінде болатын адамның өз ойымен күресі, терең шындық.

Өмірлік күрестің ең мықтысы шынында өзімен күрес болса керек. Адамдар көбіне осы күрестегі жеңіс жетпей жатады. Бұл өзіңді таза ұстау үшін күрес. Өмір жақсылы-жаманды көріністерімен түрлі әсер қалдырады. Сондықтан ажалды пенде ылғи бір қияметтің қыл көпірінің үстінде — ар өткелінің аузында тұрады.

...Сүрініп кетпе,

Сүрініп кетсең болғаны,

Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады,

Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы, —

Аңдамай басып, сүрініп кетсе болғаны... —

деп Мұқағали айтқан-тын. Бірақ ол өмірге көзқараста, өлеңде еш сүрінген жоқ. Дүлей сезімін, аузын ашса, ішінен шығатын жалынды арға бағындыра білді. Ар өткелінен аман өтуді бәрінен көп ойлайтын ол «мен басымнан қорқамын атом ба деп» дейтін. Сол бастың атомдық қуатын адамгершілік, азаматтық жырға, кіршіксіз махаббатына бағындырды. Мұның өзі рухтылық еді.

...Өлімнен қорқам,

Кете жаздаймын жынданып,

Өмір бар жерде өлім деген бір жүр қауіп.

Ажалды қойшы, байқатпай соғар ұрланып,

Алдына оның жүрміз ғой күнде мың барып...

Осындағы «өлім», «ажал» деген екі сөзді алыңызшы. Бұл не, өзіне өзі қарсы шығу ма? Оны айтпағанда, Асанқайғылық па? Мұнда ғажайып бір оптимизм бар! Мұндағы екі синоним жеке мағынаға ие болып тұрғанын ұқпауға бола ма? Ақын шынында да күніне адам жолын аңдыған ажалдан сескенбейді, ол – өмір заңы. Ол өлімнен — рухани өлімнен — ақын, адам боп дүниеге келіп, түк бітірмей, өмірге өз шыбығын отырғызбай, жақсылық жеңісі үшін бір іс жасамай өтуден ғана қорқады. Сондай бір масқара өлім бар екенін еске салады. Тереңдік, саналылық деп осыны айтатын болса керек.

...Уақытты не пайда санағаннан,

Алатұғын өмірден бағаңды біл, —

деген өз сөзін қашан да бойтұмар еткен күндерін күйбеңге қимады. Үнемі бір адамдық биіктікті жұртына айту үшін асығып жүрді де, өзі сүйген көктемнің көгілдір мұнарына сіңіп кетті. Өмір оны бағалады — ол адамдар жүрегінде қалып қойды.

Оның кейде өзі де қорқатын көреген кезі нені болса да терең керетін, жүрегі нені  болса да терең сезетін. Бірде, өмірге осы жаңа келгендей:

Япыр-ай,

Неткен көктем!

Дүние-ау, сен осындай көкпеңбек пе ең?

деп, таң-тамаша болатын.

...Адамдардың жоғалды сан жасағы,

Мына дала, мына өлке жап-жас әлі...

деп адамдар туралы тәтті мұңын айтатын.

Мәңгі бақи түлеген қаз қалпында

Табиғат керемет ең неткен, неткен!

деп өмірлік мәңгілікке бас иетін.

Барлық бұрылыс, құбылыстардан өмір-поэзияны іздейтін, табатын да таңданатын, жыласа жылатпай, қуантса қуантпай қоймайтын оқырманын!

...Қазынам бар.

Қисапсыз шектеледі.

Қызғанады біреулер, жек көреді,

Бермеймін де, сатпаймын, көрсетпеймін,

Білгің келсе — алдамен зертте мені...

деп ерке, телі ұлдың қылығын көрсетсе де, жарасып тұратын.

Бұрымды аруды көріп:

...Шашыңнан иіскетші қарғам маған,

Есіме түсер ме екен арман-далам,

Иіскетші!

Жауқазын жан екенсің

Жасанды әсемдікке алданбаған... —

десе, серілігі емес – тазалыққа, туған даланың бір түйір топырағының иісіне де сонша құмарлығын, аңсарын танытар еді.

Соғыс... соғыс...

Соғыс — жауы жер-көктің,

Соны біліп, соғысқа жол бермек кім?

Егер сонау қанды майдан болмаса,

Жүрер еді топай көгі еңбектің... —

деп ел үшін жан қиған әкені іздейтін.

...Майдандағы әкеме оқ жібердім,

Күлшемді айырбастап қорғасынға...

деп, «өгіз жеккен соқаның құлағында» жүрген балалығын айтатын.

Баланы бесікке бөлеуді де қаталдық көретін нәзік жүрек:

...Көкемді босат,

Аяқ пен қолын матама,

Көтеріп жүрем,

көтеріп өтем жотама.

Басымды тігем,

Бармақтай менің сәбиім

бүлдіре қоймас...

Бостандық берші ботама!

дейтін тал бесікте жатқан ұрпағына қарап. Осының өзінде тек нәзіктік емес, адамның ең қымбатты — бостандық, еркіндік туралы терең түсінік жатыр. Сәбиі өлген әке сезімі ше?

...Құлпы тастың құны маған бес тиын,

Бірақ, таспен қалай жаншып қоярмын.

Қойман қалқам керегі не көктастың...

Бұл өмірді жер қойнына қимайтын адамның бір аяулы сезімі емес пе?

«Мен өскен лашық — бір бөлме» атты өлең ше! Сонау бір күндерде асыр сап жататын қара шаңырағын көріп кетуге келген ақын сезімі қандай нәзік әрі терең! Үй иесі осы сезімді түсінбейді. Қазақ салтымен үйге кір демейді!

...Сыйламас іні сен бе едің,

Сый білмес аға мен бе еді?

Су берші  маған, інішек,

Су берші маған – шөлдедім –

дейді ақын. Мұнда өзі қасиет тұтатын нәрсені үлкен-кіші деп бөлмейтіні көрінеді. Өткеннің куәсі — әкенің қара шаңырағын қасиеттеу де биік сезімнің бір шоқтығы.

Осындай сезім иесінің сүюі де ғажап:

Білем, саған жете алман —  ғарыштасың,

Белгілі мәңгілікке табыспасым,

Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің,

Сен маған сағыныш боп жабысқансың...»

деп сағынады ол. (Оның лирикалық кейіпкері — өзінің көшірмесі, сол себепті ол деп сөйлеу дұрыс болар).

Жаны нәзік адамның бүкіл сезімі де жанардай қорғауды қажет етеді:

...әлсіреп,  әзер жанған шырақпын мен,

Сөнемін де қаламын бір үрлесең...

Сол сағыныш жарға:

...Көзіңнен аққан дариялардан өте алмай,

Қаласың ба әлде жете алмай.

Қалайда, жаным, кірпігіңе үміт ілдіріп,

Мен жүрген жаққа бет алғай...

 

Көзіңнен аққан дарияға

Көпір сап, жаным, өткейсің.

Қалайда маған жеткейсің!

Үзілмей жүрген үмітіңе мінгейсің,

Адасып сірә, кетпейсің... —

дегенін оқығанда сағыныш жасынан тұнған дарияның арғы бетінде тұрған ғашыққа ақын жүрегімен айқайлап тұрғандай. «Я помню чудное мгновенье...» деген Пушкин өлеңі еске түссе де, мына көрініс пен мұңды әрі сұлу поэзия жеңіп кете береді.

Ал «Сен менің миымдасың» атты өлең махаббат туралы жырдың маржаны десе болғандай. «Сен мына жанарымның ішіндесің!» — шын сүйіскен жандардың өмірді бір жанар боп көріп, бір жүрек боп сезінуі осындай болар...

...Сен менің миымдасың,

Білесің миым жатқа бұйырмасын,

Миының бір жеріне жасыр мені,

Қиылсын өмір солай, қиылғасың!..

 Махаббатқа адалдық анты, Қозы мен Баянның махаббаты... Не десең де, сезім құдіретінің отты жыры осы емес пе? Махаббат тақырыбын ол серілік, төсек өлеңі – төмендікке қия алмаған. «Сол түні...» атты өлеңді оқыңызшы! Махаббат атты ұлы аққуды жаралаған лирикалық кейіпкер қалай күйінеді.

Аршалы сай!

Неғылған көркем едің!

Сол түні неге мені өртемедің?

Сол түннің қияметін есіме алсам,

Сенен де, өзімнен де жиіркенемін...

Махаббат атты, тек жалындыда, дарындыда болатын әппақ сезімге табыну, қорғау өлеңмен осылай көрініс береді. Осы жерде «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы мерген нысанасында тұрған пәктік символындай құстарға қарап:

...Аққулар,

Айналайын, сүмбе қанат,

Етейін тағдырыңды кімге аманат?! —

деп шырылдаған ақын жаны еске түседі. Тағы да бүкіл сұлулық пен нәзіктіктің, пәктік пен адалдықтың — қасиеттің қорғаушысы, жыршы Жалаңаш-Жүрекке бас иесің, соның сезімін өз кеудеңе егесің!

Ол:

...Бұл ғалам менің титтей жүрегімде

не болып жатқандығын қайдан білсін...

деген бірде. Оның жүрегіне ғалам сиып жататын. Соны ол кете-кеткенше керемет күшпен жырлап, өз поэзиясының сом тұлғасын соңына мұра етіп қалдырды. Оның ішінде таңқаларлық нәрсе қанша!

Қас қағым сәттей Өмір мен «бір күндік сәуле» — Тіршіліктің қадір-қасиетін шырқау көтерген «Моцарт. Жан азасы» атты қысқа да нұсқа поэма — классикалық үлгі емес пе?

 Ол жолының тым ерте тұйықталарын сезгендей:

...Күз болса, болсын —

Үмітімді әсте үзбен мен.

Көктемнің сепкен жемісін маған күз берген.

Сырласып тұрам,

Сыбызғы тартып қурайдан,

Орылған алқап,

Қураған құла түздермен.

 

Күз болып тұрып бақтарды ойға батырам,

Күз болып келіп,

Қасыңа, қалқам, отырам,

Отырам дағы жазыңды сенің шақырам,

Аймалап тұрып сөйлеймін жаздың атынан,

деген еді. Бұл оның жазға — жайраң тірлікке шақыратын күз-мұңы,  күрескер мұңы еді. Мұңсыз өмір де, ақын да, өлең де жоқ. Мақатаев мұңы — рухани мүгедектің емес, ептеп жусан татитын өмірдің асқақ әні. Мүмкін ол мұң тіпті басымдау көрінер. Оның себебі заманымыздың белгілі. Ақындарының бірі Олжас айтқандай «След горя — борозда по лицу. Счастье — хвост метеора. Мы не помним века мира, зато — мгновенья войн». Алайда, аз өмірінде ол ақынға тиіс міндетті еселеп атқарып кетті. Табиғатпен, тағдырмен сырласты. Кәрі ананың ақ кимешегін, сәбидің күлкісін сүйді. Ғашық атаулыға, бақыт іздеген адамдарға тілектес болды. Шопанмен, балқытушымен, ақынмен, батырмен, жас пен кәрімен... бәрімен адал сырласты. Жақсылықты қуатты ету үшін қуатты поэзия өмірдің өзіндей өлең жырлар қалдырды артына. Оның өлеңі бүгінде шаршағанға әл, шөлдегенге нәр, сүйгенге сырлас, мұңдыға мұңдас боп, адалдық, тазалық бесігін тербетіп тұр. Оның «мені» елдің меншігіне айналды. Ол — адам жанының жұмбағы мол, сыры тұңғиық биологиясын біртұтас сом бейнеге жинақтаған құдірет десе де болар...

...Ерте келіп, ерте өніп,

Шарамды таусып, төңкеріп,

Кетем бе деп қорқамын,

Өз отыма өртеніп,

деген еді ол.

Шынында сол өмірге құштарлық отына, сезім отына, жар жалынына оранып, өкіндіріп кете барды. Жылда көктейтін «жапырақ-жүрек жас қайыңға» «жанымызды айырбастайық» деп еді. Шынында да, ол нәзіктік пен пәктік әнін айтқан қайынға айналып Алматы көшелерінің бірінде тұрған секілді әлі...

...Біз тек, шама-шарқынша Мұқағали жырына назарымызды бұрдық. Оны түгел қамти алмадық. Көп нәрсе қалыс қалып қойды. Ол — талай-талай зерттеуге, толғауға, таңқалу мен сүйсінуге енші болар әлі. Мұқағали туралы сөз әлі көргені мен түйгені көп ағалар мен білгір мамандар аузынан талай айтылар. Сол себепті «Теңіз-жырдың тебіреністері мен тереңдерін барлай алдық па, жоқ па деген күдікпен сөзді аяқтаймыз. Әлі тым аздау, жайдақтау айтқанымызға құдіретті ақын рухы мен оны сүйген ақын — ол аз-маз ырзашылығын қиса болғаны. Оның иесі халық қой.

...Сөйле, Моцарт, менің ана тілімде,

Сөйле, Данте, менің ана тілімде...—

деп жырлаған ақынның арманының көбі өзінде кетті-ау!...

Әйтседе, халықтың Мұқағалиына өз сөзімен:

...Болашақ дүниеге шыр еткенде,

Бір ұрпақ бір ұрпаққа іліккенде,

Аспалы көпір болып қаларсың сен

Жалғайтын жүректерді жүректерге...

Біз сенімен,

Сен бізбен қанаттандың,

Қанаттанып, халқыңа нәр ақтардың.

Сенің көшің тоқтамас Жер бетінде

Өлмес мәңгі сапарға жаңа аттандың... —

Деп, мәңгі айтып жүреріне алаңсыз сеніп тоқтаймыз.

М.Мақатаев есімі қазақ поэзиясы тарихында мәңгі қалады. Соған сенеміз. Сенеміз де:

...Сенемін!

Мен сенемін,

Сенемін мен!

Сенбесең — оқып қара өлеңімнен!

деген жолдарды іштей қайталаймыз...

 

 «Лениншіл жас» газеті, 1985 жыл