РОЗА МҰҚАНОВА. КЕШІР МЕНІ...

Тұра тұршы, апыр-ау, қалай өзгергенсің, Сейіт. Міне, міне, мынау сенің сыйлаған қызғалдағың ғой. Танымаймысың?.. Сен тағы да танымадың... Есіңде ме, екеуміз бар арманымызды бағыштап айтатын анау, Хантәңірі ше? Тоқташы, Сей...іт... С...

Наркез өз даусынан өзі шошып оянды. Көз жасы тамған құс жастықты бауырына басып, түннің ұзақ уақытына дейін көз ілмеді. Тезірек таң да атпады-ау... Ертең Сейіт, Мэри және Сэнека үшеуі Алматыға келеді.  Туыс-туған, жекжаттардың басы жиылып күтіп аламыз. Ұзақ жылдардан соң Сейіт мына мені, мен оны көрмекпіз. Қайтіп... қалай жөн сұрасып, амандаспақпыз...

Наркез сарыла күткен Сейіттің дәл бүгін келмей-ақ, ертең келсеші деп қалды. Отыз екі жыл... Сарғайып, сарыла күтті. Із-түзсіз кеткенмен ол тірі, ол оралады деп жесір келіншек безек қағып, бар жамандықтан ойын аулақ салатын. Мүмкін, әйел сезімінің кереметтілігі сол, жарының тірі екені Наркездің өзіне, тек өз жүрегіне ғана сезілген болар. Ол сондықтан да елуге шығып, самайын ақ шалса да сүйіктісін, сүйген жарын ұмыта алмаған. Күткен... Соншалық сағынышпен, ыстық бір аяулы, қастерлі әйел сезімімен күткен. Екеуінің кездесер шағын барынша бақытқа балап, талай рет көз алдына елестеткен де болатын. Бірақ оның ойына еш уақытта да Сейіті өзіне оралған тұста Мэри, Сэнека деген бейтаныс жандармен қосақталып келеді деп ойлап па?

Амстердам аэропортындағы нәзік әйел даусының голланд тіліндегі хабарламасы анық естілді. «Бір сағат уақыттан соң Москваға тіркелу басталады». Осы сөзді ести сала Сейіт киоскі жаққа кеткен Мэри мен Сэнекаға мойнын созып, алаңдап қарайлай берді. Сосын, әлдене болғандай көзіне ыстық жас толды.

–Апыр-ау, шынымен-ақ тағдырдың бізді көріскенге жазғаны ма, Наркезжан, Серік... Қолдары дір-дір етті. Есіне туған жерінің тауы мен тасы да түп-түгел қаздай тізіліп келіп жатты. Иә, Хантәңірін айтсаңшы... Сейіт іштен тынып, үнсіз қалып еді, енді көз алдына Наркездің сұлу бейнесі, нәзік күлкісінің бәрі ғайып болып, суықтау, солғындау тартып барады. Мұнысы несі?

Неге?.. Кешіре гөр, мені... Сейіттің ерні күбір етті. Ең алғаш рет бар батылдықты бойына жинап алып, талай түн арман еткен Наркезін Сейіт Хантәңірінің бауырында тұрып сүйіп алған еді.

– Жынды!

Ашуланған қыз Сейітті кеудесінен итеріп қалып, сырт айналды.

– Наркез, мен саған ғашықпын...

Жап жасыл құрақ шөпке қарай қызды қапсыра құшақтады да, оның мөп-мөлдір, тұңғиық, мойылдай көздеріне қадалды.

–Мен саған үйленемін, Наркез.

–Мен сіздің көгілдір түсті галстугіңізді таққанды жөн көріп едім. –Сейіт Мэридің өзіне әлдене дегенін толық ести алмады. Ойға кеткен қалпын өзгертуге, көңілді болуға тырысып, Мэриге:  

–Сіз бүгін сондай әдемі болып тұрсыз, – деген.

–Рахмет, сізге, Сейіт.

Мэри шілденің ыстық күніне арналған шляпасын басына киіп жатып, Сейітке аса бір ынтызар кейіппен қарады.

 

***

 Тау бөктерінен ширыға шыққан «Жигули» Алматының кең жолына түсіп алып, еркін сырғып барады. Қаланы тұман басып, еңсесін көтертпей тұрғаны-ай деп енді барлық сынды мынау тұманды күн бұзғандай Наркез әйнек сыртындағы тіршілікке көңілсіз көз тастады. Көктемнің сұлулығына ғана ортақтаса біліппіз-ау. Мына күннің райына қарашы. Көктемнің мезгілі жетсе де далада ешқандай әсемдік нышаны жоқ. Ұшқындап қар қылаулайды. Жалаңаш, сойдақ-сойдақ ағаш бұтақтарына қатқан қар аралас мұз анадайдан жылтырап көрінеді. Тағы да әлденені іздеп таппағандай немесе көрінбей қалғандай әйнекті саусақтарымен сүрте түсіп, алысқа көз тастады. Даланы ақ бұл басқандай буалдыр болып ирелеңдеген ақ тұман барған сайын қоюлана түсті.

–Жеңеше.

–Иә! – деп, Наркез рульде отырған Қабылға жалт қарады.

Сөйтті де, «бұл не сұрамақ» деген ойменен кідіріп қалды. Қабыл неге атағанын өзі де аңғармай қалса керек. Бірақ манадан бері ойға шомып, өзін-өзі дел-сал ғып келе жатқан әдемі, ақылды жеңгесіне «сәл көңілдірек отырыңызшы, ән салыңыз, жол қысқарсын» деп айтқысы келгенмен дер кезінде әйелдің мынау  шаршаған бейнесі мен сұраққа толы жасты жанарынан жасқанып қалған.

–Қабылтай, бір нәрсе сұрамақ болдың ба? – Әйел даусы діріл аралас шықты. Бұрынғы байсалды қалпына түсіп, тереңнен ауыр күрсініп алып, енді ол да үнсіз қалды. Осыдан отыз екі жыл бұрынғы өзінің әлсіз бейнесі елестеп, буалдыр тартқан ақ тұман арасынан суырылып шыға келген тұсын айқын көрді. Алыстағы Сейітті сарыла күтсе де, құрсағына біткен баланы көңіліне медеу тұтты. Кешкісін қас қарайып, ел ұйқыға кеткенде көрпенің астына қолын созып, бойына бітіп келе жатқан сәбиін, ешкім көз салмаса екен деп ақырын ғана сипайтын. Сөйтіп, жатып Сейітін, екеуінің тойын, сондағы енесінің басына салған кестелі ақ орамалы мен үстіне шашылған шашудың көрінісі елестейтін. Наркездің мөлдіреген ұяң жанарына Сейіт қарады. Бал-бұл жайнаған өңіне сәл қызғылт түскен Сейітке енді Наркез қараған. Үлкен үйдің алдына ақ киіз тігіліпті. Ары-бері сапырылысқан адам. Табақ тартқан үлкендер жағы. Сол күнгі жаздың түні керемет ғажап еді ғой. Аспан бұрынғысынан сәл биіктеп кеткендей де, ұп-ұсақ жұлдыздар жыпырлап өшіп-жанып, жанып-өшіп тұрғандай көрініп еді.

–Наркез шаршадың ба? Иығынан ұстап өзіне тартты. Қыз ештеңе деместен ақырын ғана Сейіттің иығына басын сүйеді. Сонда Сейіттің жаңағы сөзіне ұялып қалып еді-ау. Жанымызда Тілеутай, Алма, Әсемгүл, Қалел, Ермек, Сағилар тұрды емес пе? Жеңешесі келіп: «Екеуің шаршадыңдар-ау деймін. Сендерді үйге алып барайын», ­ – дегенде алғаш рет қыз денесі шымыр ете түсті.

–Сейіт, біраз далада жүрсек қайтеді? – Наркез жалынғандай көрінді.

–Жеңгей ренжіп қалар. Жүре ғой, күтіп отыр. – Сол түні Наркезге ұзақ қараумен болды. Маңдайынан сүйіп жатып: «Арманым, ақ арманым менің»,–деген. Еш қарсылықсыз Наркез өзінің өмірлік серігінің, қамқоршысының құшағына ене беріп еді ғой. Сонда Наркез еш армансыз болатын. Екеуінің тағдыры бір тіршілікке ауып, екеуі бір адам болған түн. Екеуі де бір-бірінсіз еш уақытта да өмір сүрмейді. Мәңгі, мәңгі бақи енді осылайша бірге қалады. Қандай керемет...

–Наркез, жаным. – Сейіт қыздың әдемі ұзын бұрымын өзінің мойнына орады. Сен бұрынғыдан да сұлу болып жатырсың, Наркез. Бірде толқып, бірде бақытты  сәтін сезініп үнсіз жатқан қыз, ақырын жылыстап, сол бір ең жақын жанның бауырынан қорған іздеп тығыла берді. Толғаныстан ба, әлде еркелік, әлде шаттық кернеген қыз жүрегі де, деміне діріл аралас тыныс алған. Енді сол бір көрініс қандай сұсты еді деп әйел іштей сыбыр етті де, тағы бір тұңғиық ойға батып кетті.

Түксиіп, қабағы ашылмаған шал дастарқан шетіне ертерек келіп жайғасып үнсіз отыр. Құдай сақтай гөр, өңі қандай суық еді. Ақырын басып, сыртқа шығып бара жатқан Наркезге қарағанда шалдың өңі бұрынғыдан да қуқыл тартып кеткен. Әлі «Ата» деп атауға ұялса да, Наркез кідіріп біраз тұрып, қарттың бейнесіне тіксіне қарады да «Ата!» деп қалды. Қарт, ақырын ишарат жасап иек қақты да, орнынан тұрды. Бірақ келініне қарай емес, көкжиектен қып-қызыл болып өрттей көтерілген күнді бетке алып, бүкшиген қалпы солай алыстап, ұзай берді.

–Ойпыр-ай, Аллай, жалмайтын болды ғой...

Күніміз не болмақ екен, Құдай-ау. Аңыраған ананың зары мен бірімен-бірі көріскен келіншектердің үні естілді. Соғыс. Соғыс... Соғыс басталыпты дейді. Ер-азаматтардың бәрін әкетпек екен. Үйге қарай тұра жүгірген Наркез әр бөлмеге бір кіріп, есі шыға Сейітті іздеді.

–Сейіт, Сейіт! Ау, Сейіт, қайдасың? Үнсіз қалған мынау үйге бекер-ақ кіргеніне өкініп, әрі бойын бір үрей билеп, шегіне берді. Иегі дір-дір етті де, бар даусымен: «Апа... а...», деп айқай салды. Шошып, дегбірі қашқан бойда сыртқа жүгіре шыққанда ақырын келе жатқан бір бейтаныс әйел бас салып көрісе кетті емес пе...

–Мен сенің мәңгі күтетініңді білмедім десем, қателескенім болар, ал білдім десем, бұл ойым одан да сорақы шықпақ. Бірақ бір шындықтың бары айғақ. Сені Наркезжан аңсап, армандап қосылғаным ақиқат. Тірлігім де, өмірім де тек сенімен болсын деп қана тілеген едім. Мен бұрын тағдыр дегенді адамның өзі жасайды, ол адам ақылымен ғана шектеледі деп ойлаушы едім. Жоқ, мүлде басқаша екен. Тағдыр – ол сенің пешенеңе жабыса біткен, тіпті сенімен о баста дүниеге бірге келген белгісіз бейне сияқты. Сен көзге көрініп өмір кешесің, ол сенің бар өміріңе өзі билік етеді. Нәзікеш, бүгін бәрі есіме түсіп келеді. Апам мен әкем көз жасын сығымдап тұрғанда, сен үнсіз ғана жаныма жақындау келіп, қолымды ұстадың. Жібермей ұзақ ұстап тұрдың. Көздеріңнен аққан дөп-дөңгелек жас мұрныңның үстімен дөңгелеп барып ерніңе тиді, одан иегіңе жетті. Мен саған үнсіз телмірген бойы ешнәрсе айта алмадым. Сол шақта мен: «Тіршілік жазса, аман-есен оралсам сені ешуақытта да жылатпаймын, Наркез», – деп серт етіп едім. Бірақ сол бір таза ниет мәңгілік арман екен. Кешір мені...

Қалғып кеткен қызына Сейіт ұзақ қарап отырып қалды. Жұқа ақ сары өңі шешесі де, көзі, маңдайы өзінен айнымайды. Жайсыздау жатыр-ау, шаршады-ау деп аяп, жүрегі елжіреп кетті. Бас салып, құшақтап көтеріп алып, оятқысы келді. Бірақ самолеттің ішінде қалай ғана үйдегідей емін-еркін еркелетпек. Ақырын иіліп келіп, шашын иіскеді де, құлағына: «Сэнека» деп сыбырлады. Бәлкім, сол сәтте қызы оянса манадан бері әуреленген қалың ойдан ажырап, біраз ес жинар ма еді.

«Шынайы ерлік үстінде жаза болу, мерт кету ол өзіңе деген ең бағалы құрмет екен. Мен сендердің тірліктерің үшін өмір сүргім келген, Наркез, Серік. Жандарым менің. Бәрі де әлі-ақ аяқталар. Сосын, біз мәңгі біргеміз. Қандай бақыт...» Майдан даласында жүргендегі Сейіттің бар арманы осы болатын. Өзіңе Серік болсын деген тілекпен дүниеге келген ұлын естіп мәз болып еді. Соғыста жүріп, әке атанып еді-ау. Көз алдына үйіне оралғанда Наркездің етегін тартып артына тығылған қара домалақ бір ұл елестеді. Ол өз қиялындағы Серігі, Серікжаны болатын. Тәтті арман мен ұшқыр сезімді өзі атаған сол бір «тағдыр» атты иесі күл-талқанын шығарғаны есіне түскенде, бойын бір ызғар билеп, жалғыз өзін қайда жіберер жер таппай тыпыршып кететін. Есі шығып, мынау дүниеден баз кешіп, өзін-өзі аяқ астынан тоздырып, жабырқап қалатын.

–Сізге барлық жайды айтсам, орныңыздан атып тұрып, кетемін деп әлек саласыз ғой. – Ақсары келген сұңғақ бойлы кофе ұсынып жатып, Сейітке қарады. – Сосын, сізді табу маған қиындыққа соқпай ма?.. Бұл жолы қыз жымиып қойды да, үлкен көздерін Сейіттен жылдам алып кетті.

–Сіз мені жас балаша күтіп-бағып, өзіңіз аяқ астынан жоқ болып кетесіз. Есіміңіз кім болады? Ұлтыңыз кім? Неге, менімен анықтап сөйлеспейсіз? Мен қазір қайдамын осы?

Қыз Сейіттің айтқан сөздерін түсінбеді. Бірақ оның қайда жатқанын сұрағаны бет пиғылынан-ақ белгілі еді. Қыз саусағымен өзін көрсетіп:

–Голландка, – деді де, Сейітті нұсқап: – Русь, – деді.

– Голландия?

Қыз басын изеп, иә, иә деп сықылықтап кеп күлді. Күлкісі сыңғырлап, сондай әдемі шықты. Әлдене күткен қыздың бейнесіне Сейіт үнсіз қарады да, қозғалып тұрмақ болып еді, денесі сіресіп, қатып қалыпты. Қозғалтпады. «Ойпыр-ай» деп ауыр ыңыранып қалып еді, қыз басын шайқап, қабағын шытты. Мұнысы, сізге тұруға болмайды деген ишараты болу керек.

–Тоқтай тұр... Япырм-ау, қалай болғаны? Сонда біз қай жерде жігіттермен айрылысып қалып едік... Қыз тағы да өзін меңзеп әдемі мойнын соза түсіп: – Мэри, – деді.

–Мэри?

–Сейіт.

–Сейіт? Екеуі қосыла күлді.

Иә, иә, біз орманға жақындағанда үшке бөлініп едік. Соны сезгендей-ақ жау самолеті бізді орманға жеткізбей әуеден атқылады. Көкке ұшқан топырақпен бірге жігіттер де жоғары қалқып бара жатты. Есімнен танып қалсам керек, басымды көтере алмаймын. Тыныштық. Шынымен, мүлгіген тыныштық па, әлде құлағым тас керең болып қалған ба, білмеймін. Әр жерде сілейіп жатқан жігіттерді көрдім. Қайтіп, қалай жеткенімді білмеймін, әйтеуір жалғыз өзім орман ішінде келе жатырмын. Ну орман. Өмірімде қанша орман көрсем де осындай қалың, сондай шексіз орманды көрсемші. Меңіреу түннің сол күнгі қараңғылығын әлдене пайдаланып менің жанымда бірге келе жатқандай болған.

–Бүгін 36 күн дегенде сіз бас көтеріп, су ішкенге жарадыңыз.

–Мэри, сонда сенің қарауыңда жатқаныма отыз алты күн болғаны ма? Қыз аңырап тұрып қалды да, жымиған болды. Бірақ жанарында айтылмай қалған бір сұрақ бар. Сейіт селсоқтау оң жағына бұрылғанда әйнектің ар жағынан табиғатты, тіршілікті көрді. Ғажап. Қандай керемет... Әйнекке қолын созып, апара жатып: – Тіршілік, шіркін, – деп, сүйсініп барып, ақырын сыбыр етті. Сондағысы, тіршілікке үміт артқаны ма, әлде, сол құрғырдан үміт үзбегеніне өкінді ме, көзіне жас толды. Өзі де аңғармады, көңіліндегі қасіреттің сызы ма, болмаса қол бұлғап қарсы алған көңіл қуанышы ма, әйтеуір, жаңағы жанарына іркілген жас, манағы табиғаттың әсем көрінісін буалдыр тұманға айналдырып жіберді. Еңсесі биік, бір бөлмеде жалғыз өзі жатыр. Байқаса, жатқан жері де, үсті-басы да ақпен оранған. Бөлмеден шыққан ащы дәрінің иісі терезені ашып, таза ауа енгізгенде қолқаңды тіледі.

Сейіттің қалған киімдерін көзінің қарашығындай сақтап, күн көзіне іліп, жел қаққызып алатыны болушы еді, бүгін де табалдырықтан сылбыр аттап, үйдің маңайы қоршалған шарбаққа қарай аяңдап келе жатыр. Хан тәңірі... Биіктен бой тастаған «Хан тәңірі» әйелге сондай ыстық көрінетін. Ілбіп басқан қалпы заңғар тауға мұңая қарады. Көкірегі ащы мұңға толып, енді адаммен емес, тасқа мұң шашуға, шерін ашуға әйел мұңлық бел буған сияқты. Кеудесіне тосқан Сейіттің жейдесін қымқыра ұстаған бойы сіресіп, қатып қалыпты. Екеуіміздің бар жастығымыздың куәсі едің ғой, Хан тәңірі. Сенің ұлың мен қызың атанып, бауырыңа бауыр басып, өсіп едік қой. Сен біздің бар өмірімізге ба иіп, жөн көргендей осылайша биіктен көз салып жатпаушы ма едің. Өзің айтшы, Сейітіңнің тілеуін сен де тілеймісің... Құрсағыма біткен мынау сәби әкесін тірі көрер сәті бола ма, әлде шынымен-ақ тумай жатып, жетім атана ма? Өңі сұрланып, көзі қарауытып, басы айналып бара жатты. Шарбаққа сүйенген қалпы: «Апа, апалай», – деп күбірлегенін ешкім естімеді. Сол сәт толғағы қысқан әйелдің: «А...а...а Сей...іт» деп шыңғырған ащы даусына бәрі елең етті. Хан тәңірі де Наркездің осы даусын күткендей бірге қосылды. Се...йіт... Наркезге Хан Тәңірі күңгірлеп әлдене деп сөйлеп кеткендей болып, өзі де жермен бірге дөңгелеп бара жатқандай көрінді.

–Алматыға жеткенше әлі үш жарым сағаттай уақыт бар екен. Мен ұйқыға кеттім, – деп Наркездің ұлы жанындағы бос орынға қисая кетті.

–Балам-ау, әкесі алыстан, сонау асудан келе жатқанда бетің шалбар-шалбар болып, ұйқыдан жаңа ғана көз ашып тұрғаның ұят болмас па? – Наркез Серікті ұнатпай қабағын шытып, көз салды.

–Оның несі ұят! Өмірбақи езіле күткен бізді ұмытып, елге оралып, бақыт сыйлағанның орнына сол жақта семья құрып, салтанатты өмір кешкеніне ол ұялмаса...

–Тоқтат! Тарт тіліңді. Ақымақ неме... – Даусы булыға шыққан Наркез артына бұрылғанда басына салған орамалы сырылып, иығына түсті.

–Кешір, мама.

–Бұл сөзді сен тұрмақ, отыз екі жыл жүрегім сыздап, ақылынан адаса күткен менің де аузымнан шыққан емес. Мен әкеңді ешқашанда айыптамаймын. Тағдыры шығар, жазмышы болар... Түрің әкеңе ұқсағанымен, ақылың оған тартпады. Бар өкінішім де сол... Әлде әкеңнің тәрбиесін көрмегеннен кейін, осылай өмірге сүлесоқ қарап өстің бе, әлде сені өзім кешкен қиындық пен қасіретке ортақтастырмайыншы деп тым қақпайлап өсірдім бе, білмедім. Әкесіз болып өстім деп басқа үйдің баласынан кем киінбесін, қатарының алды болсын, Сейітімнің өмірінің жалғасы ғой деп қарлығаштай шырылдап, жатқа қол тигізбей өсіргенімнен бе, қайдам... Міне, жасың отыздан асты, не өз алдыңа үй болып, семья құрмадың, не оқыған дұрыс оқуың болмады. Бар бітіретінің ауылдың той-думанынан қалмау. Есіл-дертің ақырған, бақырған музыка жинау. Әлі күнге дейін жорылмаған түс сияқтысың. Ештеңенің басын ашқан сен жоқсың.

–Ойбай, бала болып, бірнәрсе айтсаң-ақ, басың арылмайтын пәлеге қалады.

–Серікжан, балалықтың жасынан сен кеткелі қай заман. Жеңешемнің арқасында еш қиындық көрмей өстің. Әй, бірақ амал қанша... Рульде отырған Қабыл да осылай деп барып, үнсіз қалды. Серік те бұл жолы қарсы ешнәрсе айтпады. Наркез көзіне тұнған жасты орамалының ұшымен сүртіп, алдындағы ілулі тұрған айнаға қарады. Көзі қызғылт тартып, шаршап қалыпты. Алақанымен бетін сипап, орамалын басына жөндеп салды да, айнадағы ұлына көз салды. Басын төмен салған бойы, дәл бір кінәлі бала қалпындағы отырысын көріп, жүрегі елжіреп, оның маңдайынан сүйгісі келді. «Қайтейін, жаман болса да, аман болсын. Тынысым, бар тіршілігім осыным – жалғызым емес пе? Бұл да жоқ болып, жалғыз қалғанда не істер едім». Наркез тағы да жол жиегіне көз салды. Тау арасынан шығып, тәуірлеу тас жолға шыққан сияқты. Күн әлі жылы сыңай білдірмей тұр.

–Апыр-ау, шынымен-ақ кездесеміз бе? Наркездің өңіне қызғылт рең жүгіріп, жүрегі толып, енді бір сәт асығып тезірек Сейітті көруді аңсаған.

–Шаршадыңыз ба? Қабыл жеңгесіне қарап жымиып қойды. Енді, бір жарым сағатта, бұйырса аэропортта боламыз.

–Өздері қанша уақытқа келе жатыр екен... Өз сұрағына өзі ыңғайсызданып қалған Наркез көзінің астымен қайнысына қарады.

–Кім білсін...

–Сонау жақтан келіп, бізді көріп, сосын Голландияға қайту өздеріне қиын болмас па дейм ғой. Серікжан екеуімізге де осы бейбіт шақта мәңгілік тірідей шығарып салу да оңай бола қоймас. Мұнан кейін үнсіз қалғанмен Наркездің кеудесінен шыққан үн Серікке де естілгендей болды. Жол үстінде не ойлап келе жатыр екенсің, Сейіт. Бәлкім, өзгерген де боларсың... Саған қарағанда мен тіпті, қартайып та кеткен шығармын. Қазіргі бар ойым: «Сені қандай күш осылай қарай жетектеп келе жатыр екен. Сенің сағынышың Серігің мен маған ба, әлде туған жерің мен туыс-жекжаттарыңа ма? Кім білсін? Сейіт, сен бізді отыз екі жыл бойы ойыңда үнемі ұстадың ба? Әлде, көңілің әлдкімге ауытқып ұмыт еткен тұстарың да кездесті ме? Иә, иә, ондай тұстар тіпті жиі де ұшырасқан болар. Солай ма? Жо-жоқ». Бойына әйел затына тән бір қызғаныш сезім толқыны шарпып өтті.

Қалың ойдың қасіретінен малтығып шыға алмай отырған ол оң жағындағы қалғып кеткен Мэриге қарады. Сол бір баяғыдағы нәзік сезімді, ақылды Мэри. Жолдан әбден шаршады-ау деп ойлады Сейіт. Мэридің тізесіне қойған журналын ақырын алып жатып, қызына үңілді. Сэнека әкесіне қарап, көзін қысты. Қызының үлкен көздерінен сүйіп, шашын сипады.

–Әке, мен сені өте жақсы көремін. Ал, сен ше?

–Сэнека, осындай да сұрақ бола ма екен? Сен әлемдегі ең керемет баласың. Сендей ешкімде бала жоқ. А-а, кешір, сендей бала бар. Иә, иә бар.

–Кімде? Әкесінің бетіне бетін төсеп отырған Сэнека басын жұлып алды.

–Кімде деймісің?

–Иә. – Қызы оң қолымен бүйірін таянып, басын иығына қарай қисайтты да, әкесін тыңдады.

–Мэри мен Сейітте.

Сықылықтап күлген Сэнека бас салып, әкесінің мойнынан құшақтаған бойы бетінен сүйе берді, сүйе берді. – Әке, Наркиз ханумға қашан жетеміз, а?

–Қызым... – Сейіт үнсіз қалды да есеңгіреп барып: Біз келе жатырмыз, Сэнека, – деді.

Олар Москва аэропортына түскен шақта Мэри мен Сэнека әртүрлі ұлттардың тілі мен киім кию әдістеріне сырттай қарап таңырқап тұрды. Сейіт адамдардың бетіне қарауға дәті бармады. Басы мен иығы салбырап, бос орынға отыра кетті.

–Мені кешіріңдер. – Көзіне толған жасты әйелі мен қызына байқатпауға тырысты. Бір дүйім халық оны қоршап алып: «Келдің бе, сатқын, оңбаған», – деп қаралап жатқандай көрінді. – Жоқ, ол былай болды, – деп сөйлеп кеткен өз даусынан өзі селк етті.

–Сейіт, сізге бірнәрсе болды ғой. Ауырып тұрған жоқпысыз? Ол төмен түскен басын көтергенде, Мэри ерінің көзіндегі жасын аңғарды. – Мені сен несіне аман сақтауға тырыстың? Еліне әкеліп қор қыламын дедің бе? Мен неге тірімін, Мэри?..

–Сіз туған еліңізге келдіңіз. Менің еш амалым жоқ. Бәлкім, қалуға қам жасармыз, енді несіне қиналасыз, Сейіт, – Осы бір ойында жүрген ауыр, соғұрлым зарлы сөзді Мэри ешуақытта да айтпауға тырысып еді. Ерінің мына бір өзгеріс сиқын ол түсінбеді. Түсінуге тырысса да, оның бойындағы әлсіз әйел сезімі булығып барып, сыртқа шығаруға тырысты. Сейіттің жанына жақын отырып, оның иығына басын сүйеді де, нәзік саусақтарымен ерінің қолын сипады. Сол сәт Сейіттің құлағына мына бір даурыққан дауыс анық естіліп, саңқ ете қалып еді.

–Білемін, сен оңбаған қыздың басын ол әбден айналдырып үлгерген екен ғой. Сасып, шіріп жатқан жерінен әкеліп, менің үйімде тірілтіп алғанына тәубә қылсын де.

–Әке, сен қандай қатігезсің. Болды, ақырын сөйле, – деп жалынған Мэридің даусы еді. Жанағы ақырған дауыс одан сайын өршелене түсіп: «Кет, жоғал, көрінбе көзіме. Ертең Келли мырзаның үйінен, полиция тауып алып, бүкіл цензарға масқараласын деймісің? Әлде, менің бүкіл байлығымды сол азиятқа құрмет етіп өткізбекпісің? Оның ойын мен жақсы білемін. Ол енді ешқашанда орыс жерін көре алмайды. Себебі шетелге өтіп кеткен Совет жауынгерлерін олар тек сатқын ретінде ғана қарап, жайратып, атып салып жатыр. Сондықтан да сенің азиятың соның бәрін біліп, естіп, менен үміткер екенін сен Мэрри аңғарған да жоқсың. Өз еліндегі оның жазасы тек ату болмақ. Енді саған түсінікті шығар, қызым.

–Сенің байлығың ол тұрмақ, мына мені де үміттендірмейді, әке.  Сен қателесіп тұрсың. Сенің байлығыңнан үміттенетін біз емес, анау есуас сенің төсектес әйелдерің.

–Мэри, сен екеуміз бұдан былай бір үйде тұра алмаймыз. Сенің есің әбден ауысқан екен. Жоғал!

Сонда алқынып кіріп келген Мэридің көзі жасқа толып, жаныма жақын келуге бата алмай селтиіп, босағада тұрып қалып еді ғой. Ол сондай жап-жас, бойы ұзынша келген, ақ-сұр нағыз голланд ханшаларының өзі емес пе еді? Мен ешнәрсе естімегендей кейіп таныттым. Егер, сол сәтте сондай пиғыл көрсетпесем, Мэри менен ұялып, мәңгі маңайыма жоламай кететіндей көрінген. Оның үйінде жатқаныма үш ай болды. Бірақ аяқ пен дене буындары жүруге мүлде жарамай қалып еді. Сондағы менің бар арманым жер басып, кәдімгі адамзатша екі аяқпен тік тұрып, жүру еді ғой.

–Мэри, – Босағада тұрған жас қызды ымдап өзіме шақырдым. Ол ақырын жылжып келді де, жылап жіберді. Мен қолымды созып, оның басын кеудеме төседім де, алғаш рет мейірленіп, жирен шашын сипадым. Мэри сол күні ұзақ жылады. Байқағаным, нәзік сезімді сүйкімді қыз тегі әкесімен бетпе-бет ашуға шыққаны алғаш рет болса керек. Оның өзіне себеп мына менмін. Бір күні Мэри маған голландықтардың ең сүйікті тамағын ұсынды.

–Сейіт, бүгін менің туған күнім.

Үстіндегі көгілдір жұп-жұқа матадан тігілген көйлегі төгіліп тұр. Басына дәл сондай түсті жұқа матадан шарф байлапты. Мэри сондай сұлу еді. Мен оны дәл бірге туған қарындасымдай жақсы көрдім. Ол кешкісін менің аяқтарымды уқалап, жан бітіруге тырысатын. Бірде менің денем еркін қозғалысқа түсті де, одан соң аяқтарым икемге келді. Мэридің сол күнгі жаңалыққа қуанғаны соншалық ол өзі алғаш рет менің ернімнен сүйіп алды. Сосын ұялып тез шығып кетті. Сөйтіп ұзақ уақытқа дейін менің күнделікті тамағымды оның күтушісі әкеліп беріп жүрді де, мен Мэриді көруге ынтық болдым. Жеті ай дегенде мен ептеп жүре алатын халге келген күні түнде Келли мырзаның үйінде әжептәуір мазасыз сәт туды. Келли сондай қатал адам еді. Сол бір оқиғадан соң ол өз қызынан мүлдем безініп кеткен. Оның түр-тұлғасын көрмесем де даусын естігенде сондай қорқынышты, қатігез адам екенін сезінетінмін.

–Сен шешеңе тартқан ақылсызсың. Фабрикадағы жұмысшылардың жалақысын көбейтпейсің деп өле-өлгенше менімен қас жау болып кетіп еді. Байлықтың барлығына бас ию шешеңде де жоқ болатын. Сен де сондай ақымақсың, Мэри.

–Әке, мен сізден гөрі шешем марқұмды көп құрмет тұтамын. Ол сондай жүректі, сезімтал, халқының күйін, болашағын ойлайтын қызы болатын. Және сізден гөрі әлдеқайда ақылды жан еді ғой, марқұм.

–Ербимей жоғал! Тұрма көз алдымда. Ана сүйікті азиятыңның қойнына кір де, сол жақтан бұдан былай шығушы болма. Бұзық. Бүкіл голланд еркектерінің қарғысы атсын сені.

–Әке... Сен... сен нағыз жауызсың. Сол сәт күйінген қызының халіне масаттанған Келли қарқылдап тұрып күлді. Оның сол күлкісі пышылдап, қарны солқ-солқ еткен топас бір бейне Сейітке тағы елестеді.

Сол түнде Келли билік ететін қаламен қоштасып, бір кішілеу провинцияға көшіп кетті. Өмірінде тұрмыс тауқыметін көрмеген 17 жасар қыз сол Сейіт тағдырымен бірге алысқан күйі ашық бір лашықта ауыр тұрмыста күн кешпек еді.

–Әке, уақыт болды ғой деймін.

Сейіт жанына отырған Мэридің көзінен сүйді. «Ренжіп қалмадың ба, Мэри. Менің мына бір сергелдең сәтім үшін Сэнека екеуің кешіріңдер. Біз енді Алматы атты сәулетті қалаға барамыз». Сейіт сәл күрсініп дем алды да: «Ол жердің шіркін, табиғаты ғажап-ақ!» ­– деді тамсанып. Үшеуі орындарынан тұрды. «Менің алғашқы, бозбала сезімімнің куәсі болған «Хан Тәңірі» бар. Мен Отанын сатқан алаяқ емеспін. Сүйген жарым мен жалғыз ұлымды мен адастырған жоқпын. Олардан өзім көз жазып, адасып қалдым емес пе? Менің айыбым, өлген шағымда аузыма су тамызып, көрге енгізбей, тағдырын бір менің өміріме жұмсаған қарлығаштай голланд қызымен жат ел, жат жерде тағдыр қосты. Тіпті оның өзі менің семьяма оралуыма да еш қарсылық білдірген емес. Егер мен тірі болмасам бүгінгідей көрісуге жазбас еді ғой, Наркезжан. Айыбым осы болса, кешірілмес қасіретке осы бір себепті де ұмытпашы. Наркезжан, мен білетін Наркез болсаң сен ақылды болатынсың. Мені кешер ме екенсің, ол сенің еркің. Бірақ өзіңе адал ниетіммен қосылған тұсыма, сүйгеніме ешқандай шек келтіре көрмеші, Наркез».

–Білетінмін, Сейіт. Сен мені сыйласаң енді қалған ғұмырыңда мәңгілік көрмей-ақ кетуіңе де әбден болатын еді. Сені туған жеріңе жетелеген күш, өз жеріңнің топырағы мен менің бүкіл ғұмырымды үмітке арнаған әйелдік сезімім шығар. Сені сағынғаным, соншалық құмартқаным отыз екі жыл болса, бұл аз ба? Сені тазалықпен күткенімді ел-жұртың, туған ағайының да айта жатар. Иә, иә... талай зар еңіреп жылаған күнімнің болғанын, тіпті қап-қараңғы түнді бетке алып, далаға шығып, жалғыз өзім үнсіз әлдекімді күткендей состиып отыратын кездерім де көп болатын. Айтпақшы, майданнан бір қолынан айрылып, мүгедек болып қайтқан Сәлім кешкі бір мезгілде мені қырманнан күтіп тұр екен. Жүрегім лобып, денем дір ете қалды. Апыр-ау, кеш қарайған шақта мынаның мына тұрысы қандай жаман еді деп сескеніп келемін. Маған қарай аяңдап жүрген бойы келе жатыр. Жақындап қалғанда зорға жымиып: «Наркезжан, көңілің неғып жүдеу, сенің», – деді.

–Халіңіз жақсы ма, аға, – деп аяғымды жылдамдата бастым.

–Неге соншалықты асығып келесің? Сөзін ұнатпағанымды сездіріп:

–Асықпағанда, қазір серуен құратын шақ па? Үйде жас бала, мені сарғая күткен ата мен ене, – дедім қабағымды шытып.

–Иә, солай ғой... Сейіттен хабар бар ма? Мен үнсіз тұрып қалдым. Көзіме жас келді. Ол менің жаралы жанымның үстінен түсті. Сені сұрады, Сейіт... Сенен ұзақ уақыт хабар жоқ болысымен сенің туғандарың, таныс жекжаттың барлығы өлдіге санады ма, әйтеуір, сұрамай кетіп еді.

–Хабарсыз жатыр ғой, неге екенін кім білсін? Біз аяңдап жүріп келеміз.

–Бекем бол, Наркезжан. Бұл ел басына келген кесепат мұң емес пе, жалғыз біз ғана емес. – Менің маңдайымды сипап, қолын иығыма салды. Әрең келе жатқан мен жылап жібердім. Сәлімнің мынау бауырмал қылығы, мейірімділігі сен, нақ сенің өзің болып көрінді. Байқасам, мені құшағына қысып, енді жібермеуге тырысатындай. Бұлқынып барып әрең шықтым.

–Тоқташы, Наркезжан, қазір, қазір жіберемін, – деп сыбырлап болатын емес.

–Ит неме, кет әрі... – Үйге қарай жүгіріп келемін, жылап келемін. Қорланып, зығырданым қайнап, есікті ашып қалдым.  Пештің түбінде ұйықтап жатқан Серігімді бас салып бауырыма тыға түсіп, еңіреп қоя бердім. Ол оянып кетті де: «Апатай, сен неге жылайсың?», – деді. «Мен сені сағындым, құлыным. Бүгін кешке дейін сен туралы ғана ойладым. Қане, тұршы, тұршы тезірек. Егер Сейіт көкең аман-есен елге оралса, оң аяғыңды көтерші. Қані...». Ол оң аяғын көтергенде, дәл сол күні сен келгендей қуанған болармын ба, Серікті сүйіп жатырмын. «Көкесінің баласы, бұл көкесінің ақылды ұлы», деп бауырыма сүйсініп баса бердім, баса бердім.

Таулы жақ ептеп алыста қалғанда аспандағы бұлт сейілгендей еді, тағы да қоюлана қалғанын қарашы. Қар еріп, жер қарайғанымен көктің түсі әлі көріне қоймаған. Керісінше мазасыз, қара суық мына қала тіршілігін де үйіріп алыпты-ау. Жалаңаш қалған ақ қайыңдар сымбатты бой түзесе де арбиған-арбиған жол жиегіндегі ұзын теректер сондай көңілсіз болар ма? Әншейіндегі сапырылысып жататын ұшы қиырсыз машиналар да бір сәт тоқтап қалғанға ұқсайды. Тек асығысы зырлап келе жатқан мына өздері ғана сияқты. Әлде үшеуі, өз күй жайымен әуре болып, сан-қилы жұмбақ сәттің шешуін таба алмай келе жатқандықтан ба? Әлде, ең бір берекелі шақ бүгін өздерінен басталатын күн, бар жақсылық жаңалық өзімізде деген тұжырым ба?

–Кешіріңіз, сіз қазақ емеспісіз? Самайын ақ шалған еңгезердей кең иықты қара торы қазақ жігіт жаңағы сұрақ берушінің қолдарын өз кеудесіне тосып, үнсіз тұрып қалды.

–Шүкіршілік. Кешір, ағайын, оңаша шығып жөн сұрассақ, айыпқа бұйырмассыз.

–Жо-жоқ, әрине.

Апыр-ау, кәдімгі өз жерінің азаматы, қазағы көз алдында тұр. Сейіт оны құшағына басып «қуатым» деді. Бейтаныс жігіт таңырқап қалды. «Қуатым».

– Сіз қазақ сөздерін ұмыта қоймапсыз?

–Әрине, әрине, ана тілін ұмыту мүмкін бе?

–Сағынады екенсіз, ұлтыңның сөзі тұрмақ, дауыс ырғағын сағынатын күн болады екен, бауырым.

–Үйге жүр, қонақ бол. Қазір-ақ жетеміз деп қысқа қайырып, жаңағы адамды сөйлетуге мұрша бермей, жетелеп тұрып, өз үйіне алып келген. Құрылысы мен салыну әдісі өзгеше сымбатты корпустың алдына келді:

–Мынау мен сияқты қазақтың босағасы болады, – деді жаңағы парасатты жан жымиып.

–Жекеменшік пе?

–Әрине, бауырым. Совет елінің бір азаматына осындай үй сыйлауға Голландияның мүмкіншілігі мол. – Екеуі дауыстарын шығара қосылып күлді.

–Совет Одағынан келген экспедицияның мүшесімін деймісің? Иә, дұрыс... Бақытты екенсің, бауырым. Ал мен өз Отанымнан айрылып, мәңгі кешірілмес күнәға батқан сатқынның өзімін... Жас жігіт селк етті. Ойы сол сәтте сан-саққа жүгіріп, бекер-ақ келген екенмін деп іштей қиналды. Нем бар еді, жанасып!

Біз батысқа бастаған операцияны күнбе-күн ғана естідік те наразы болдық. Өйткені дайындығымыз мүлде басқа шепте тұрған. Бірақ соғыстың аты – соғыс. Дәлелдеп, дауласуға уақыт тар. Бұйрық берілді ме, орындауға тиіссің. Жеті адам сол жақ шептегі жаудың бауырына тұтқиылдан соққы берудің алғы шарттарына келісіп, түнді бетке алып жүріп кеттік. Күдік пен үміт аралас. Күдігіміз – әлі бұл жерге ешкім аяқ басып үлгермегендіктен, біз жасырын болжап келе жатырмыз. Жағдай қалай болады?.. Үміт – шығар жолды тауып, қарулы әскерге жол ашып, жау ішіне жасырын ену. Біз орманға аман жетсек, бәлкім, сол бір ұшқыр ойлы Юрченко операциясының сәтті шығары, әрине, даусыз еді. Ол кезде біздің әскер фашистік Германияны біраз жерге дейін тықсырып, қуып тастаған. Жеңіс күні де тойлануға жақын еді. Бірақ тағдыр сол күннің қызығын көруге жазбады. Осы операция сәтті болса, сіздің ауылға қайтар күн де алыс емес, жолдас Жангалин, – дегенде мен сондай қуанып едім. Қанша қатал болса да, осы сөзінен кейін Юрченкоға шын риза болғанмын. Менің ең соңғы демім, әйтеуір орманнан сүйретіліп шығып, бір тоғайға кіргенге дейін жеткені. Өлідей жатқан тұсымда мені қазіргі әйел Мэриді кездестірген еді. Міне, содан тағдырымның бар зардабын бірге шеккен осы кісі.

–Елде семьяңыз бар ма?

–Бар болғанда қандай.

Бөлмеге жүгіріп кірген кішкентай қыз еркелеп келіп, әкесінің мойнына асылды да, «қонаққа тамақ әзір», – деді, шаштарын нәзік саусақтарымен желпілдетіп тұрып. Бұлар қонаққа арналған демалыс мекенжайға шықты.

–Елге қайтқыңыз келмеді ме? Бірге жүріп келе жатқан жас жігітке Сейіт тағы да назарын аударып:

–Елге барғандардың көбін ақ пен қараға қарамай тек ату жазасына кесіп жатыр дегенді естіп, бұдан басқа жаза да жоқ шығар деп жүрексінгенім бар. Бірақ арым таза. Отаным – өзім туған жер. Сейіттің иегі дір-дір етіп, даусы қарлығып шықты. Қанталаған көздері сүзіліп, мына жас жігіттен бірауыз жылы сөз күтті.

–Сіз сатқындық жасаған жоқсыз. Ол сөздің мәні өз Отаныңызға қиянат келтіру арқылы аман сытылып, осында жан сақтап жүрсеңіз, сатқындық деп түсінер едім. Жас жігіт сондай әдемі сөйлеп жатты. Қазақ сөздерінің кейбір мәнін Сейіт әрең түсінген. Бірақ, әйтеуір, сенің кінәң жоқ деген сөзді анық түсінді. Жігітті құшақтап алып: – Ниетіңе рахмет, бауырым, – деп әрең сөйледі. Елінен алғаш хат келгенде Сейіт сол бір биязы, саналы жас ғалым қазақ жігітінен асыға хат күткен. Бар ойы – балаға барынша алғыс айту еді-ау. Бірақ сол бір кездесуден кейін одан ешқандай хабар болған емес. Сейіт аласұрып тағы бір ойдан шаршап, қалтасынан Наркездің соңғы хатын алды.

Сэнека әкесіне қарай шалқайып, ұйықтап келеді екен. Тіпті жолаушылардың барлығы шаршап, болдырып отырғандай көрінді. Тезірек жерге түссек екен деп ойлады Мэри. Хатты Сейіт ашып оқи бергенде, Мэри үнсіз қарады да, қолындағы журналдың бетін аударыстырып, көңіл бөлмеген кейіп танытты.

«Аманбысың Сейіт!

Сенің хатыңды алып, өлгеніміз тірілгендей қуанысып қалсақ та, сонау алыста, жырақта қалған шағыңды ойлап, тірідей айырылғанымызға жылап-сықтап алдық. Тағдырдың жазғаны тек осындай кездесу болса, мен неге жыраққа қашайын? Мен ғана күтіп, мен ғана сарғайған жоқпын. Өзіңнің Серігің де бала кезінен-ақ көкем қашан келеді деген сұрақпен өскен. Тым болмағанда мені қойшы, әлі көруге жазбаған мына Серігің жігіт болып өскен. Соны көр. Өз қызығың ғой. Отыз екі жыл өтсе де сенің сол мейірімді кейпің, маған берген серігіңмен өмір кештім. Семья құрғаным жоқ. Серігімді біреудің босағасында телміртпей өсірейін деген өзіңе тазалық ниетіммен мәңгі қалған түрім бар. Бірақ, бір ғажабы, сені семья құрып, үн-түнсіз отыз екі жыл бойы тіршілік етіп жүр деп ойламаппын. Өлді деуге де жүрегім дауаламайтын. Тағдырдың екеумізге ұзақ жылдардан соң тартқан сыйы осы болса, әйел байғұс оны да қасқайып тұрып қарсы алады екен. Басқа амал бар ма? Семьяңа сәлем айт.

Сәлеммен Наркез»

Жанарына толған жас көкірегін ашытып, жан дүниесін өртеп жіберді. «Әлде бекер-ақ келе жатырмын ба, Наркез».

–Балам, жақындап қалдық-ау деймін. Басыңды көтер, ұйқыңды аша ғой. – Наркездің даусы салқындау шықты. Жасы келсе де еркеліктен арыла қоймаған ұлы керіліп, созылып сыртқа көз тастады. – Жеттік-ау, әйтеуір. Енді кері қайтуымыз тағы бар, – деді шешесіне естіртпеуге тырысып.

–Қабыл-ау, 18 жаста қалған менің мына түрімді Сейіт тани алар ма екен? Қызық қылғанда біз оны, ол бізді танымай тұрмайық. Толқыған кейпін мыналардан қаншалық жасырмақ болса да әйел жүзінен айқын көрініп тұр.

–Жеңеше, Сейіт ағам сол жылы аттанды ма?

–Иә, 1941 жылдың күзінде кеткен. Содан бері қанша уақыт өтті... Биыл 1973 жылдың көктемі келді емес пе?

–Танымағанда, Сіз өзіңіз танып, бізге көрсетпесеңіз, біз мүлде бейтаныс жандар емеспіз бе?

–Серікжан-ау, сенің әр сөзің қалай болса солай айтылатын болыпты-ау, балам. Әкені алғыр бала болса, көрмей-ақ сезеді. Көкейінде саңылау болса, кеудесінде жүрегі болса неге сезбесін? Балам, сен етегімнен тартып, талай күн: «Тәте, көкем қашан келеді?» – дегенде: «Келеді, амандық жазса келеді», – деп айтқан аналық сөзімнің зая кеткені ме? Әлде, балалар көкең соғыста өлген дегенде үйге жылап келген сені құшақтап, бірге жылап жүріп: «Келеді, ертең келеді. Екеуміз де күтеміз. Одан өлді деген хабар келген жоқ», – деген сөздерім саған сенімсіз болып, әкеге деген сезімің мен үмітіңнің өшуі – себеп болды ма, құлыным...

–Тәте, бүгін сенің болар-болмас сөзге жылап, еңірей бергенің не, қойшы тіпті. Көзің бұлаудай қызарып, ұят емес пе? Қазір бізден бақа туғандар да қарсы алуға барады.

–Мэри, біз 20 минуттан кейін Алматыда боламыз. Сэнеканы оята берші. Абыржыған күйеуінің қуқыл тартқан өңіне қарады.

–Сейіт, сізге қатты толқуға болмайтынын ұмытпаңыз. Денсаулығыңызға зиян. – Мэри байсалды сөйлеп, оның жағасын, галстугын дұрыстап берді.

–Мэри, сен айтшы, мен Наркезбен қалай сәлемдесемін...

–Әрине, құшақтап ернінен сүйесіз. – Сосын әйел қасын керіп, сәл ойлаңқырап тұрды да: – Денсаулығынан, тұрмыс-тіршілігінен хабардар боласыз. Оған дейін сізді Сэнека екеуміз күтіп тұруға шыдаймыз да. Солай ма, Сэнека? – деді.

–Әрине, әке.

Сонау жақтан көктегі самолеттің үні естілді. Жер дүниені дүркіретіп өзімен бірге көшіріп келе жатқандай шыққан әуедегі гүріл жақындай түсті. «Айтамын. Ойымда талай жыл өткен сағыныш сезімімді сенен неге жасырайын? Шерімді бір тарқатып, жылау айтып көрісемін. Тағдыр дегенменен өзімнің өкпемді саған айтуға толық хақым бар шығар, Сейіт. Саған өкпе артқанымды жан баласына, тіпті бауыр етімнен жаралған жалғыз ұлға да шығарғаным жоқ. Ол менің жеке өз басымның сенің қосағың ретіндегі әйелдік өкпе назым. Бәрі кеш болса да отыз екі жыл сақтаған, кеудемде қалған сол күйінішті саған айтсам, Сейіт деп, сен түсінер деп айтпақпын». Наркез жанары тұманданып сонау жақтағы самолеттен түсіп жатқан қарақұрым халықты әрең көрді. «Құдай-ау, мына түріммен қара басып, танымасам ұят қой». Басына салған орамалын жөндеп, есікке қарай жақындаған жұртқа ентелей берді.

–Нәзікеш. – Дауыс шықты. Сейіттің, өзінің Сейітінің даусы. Қайда тұр? Қайдан көрді? Алаңдаған әйел соңына қарады. Әдемі, бота көздері сол қалпы, сәл толысқан, самайына ақ түскен әйел бұрыла бере: «Сей...-іт» деп барып оның тізесіне сүрініп кетті. Тізесін құшақтаған қалпы жылап жіберді.

–Аманбысың...дар? Наркез? Жыламашы... Кешір мені... Мен сен айтқандай ешкім үшін емес, өзіңнен кешірім сұрау үшін келдім. Сен кешірсең, маған сол болады да. – Наркездің шашынан сипап, маңдайынан сүйді. – Айналайын, бірақ сен мені кешіре алар ма екенсің?

Әйелдің жан дүниесі толқып барып, солып барып, бей-жай бір күйге түсті. Манағы көрісемін, жылау айтамын деген тұстың бәрі қайда қалды. Үрпиіскен, кейбір таңырқасқан бейтаныс жұрт бірін-бірі құшақтаған егде  жастағы екеуге кезек-кезек қарады. Сол сәт туыстар жағы Наркездің баяу шыққан әлсіз даусына елең етті: «Кешпегенде... Рахмет, Сейіт: Бірақ сені жоқ дейін десем, өлігіңді көрсетпеді, тірі деп қуанбақ болсам, сен енді жоқтығыңды көрсетпексің. Осындайда тағдыр тауқыметі болады екен-ау». Арпалысқан адуынды ойдың бәрі аулаққа қашып, шынайы сол сәтте жүрегіндегі сыбысты өз аузымен естіртті. Бота көздері мөлдіреп, самайына біткен қою, ақ бурыл шашын алақанымен сипап жатып, сүйгеніне қараған бойда еш кінә таға алмастан: «Кешпегенде... рахмет, Сейіт...» деп барып тұншығып қалды.