МАХАББАТ ПЕН МҰҢ

"Жуырда Зайда Елғондинованың карасөзбен жазылған поэтикалық новеллаларын оқығанда қатты қайран қалдым. Қазақ жанының мұншама сезімталдығын, қазақ сөзінің мұншама дәлдігін, қазақ көзінің мұншама байқампаздығын, қазақ парасатының мұншама тереңдігін бұған дейін жете аңғара алмай, жете бағалай алмай келгендей болып, қараптан-қарап абыржып қалдым".

 (Әбіш Кекілбаев, Халық жазушысы)

 

ЕСКІ ҚЫСТАУ

 

Түн ортасында Әйелді қасқыр қамады. Әйелдің онсыз да шала есі ауытқып кетті де, енді ол қорқу дегенді мүлде ұмытты. Көздері от шашқан он шақты қасқырдың ортасында шашы жалбырап секіріп жүрді. 

    Бастапқыда мұны көріп отырған Ханшабектің есіне өгей әкесі Қабасақал жиі айта беретін ертегілердің бірі түсіп, мырс етіп күліп жіберді. Бірақ күлкісі ұзаққа бармады. Орталарында секіріп, селтеңдеп жүрген Әйелді қасқырлар иіскелеп, тістелеп ойнай бастады. Істің насырға шапқанын көрген Ханшабек қалтасын қарманып, сіріңке тауып алды да, жан-жағын қарманып, шөп-шалаң, қу бұтақ іздей бастады.

   Сөйтіп жүріп ол жақын маңнан өткен жылдан қалған ескі маяның орнын тауып, шырпы жағып от тұтатты. Су тиген шөп көпке дейін бықсып түтіндеп барып әрең дегенде жана бастады. 

     Ханшабек оттың жарығымен енді байқады, Әйелдің үстіндегі ақ көйлегін иіскелеген жас күшіктер тістелеп, дар-дар айырды.  Күшіктері иіскелеп, тістелеп біраз ойнаған соң шеттей берді де, арлан қасқыр жонын күдірейтіп, Әйелді қара саннан қауып өтті. Әйелдің жан дауысы шығып, шаңқ ете қалды.

-Әй, айтақ, айтақ! Өй, бері қаш, бері,-деп жанұшыра айқайлаған Ханшабек қолына ілінген қу бұтақты тұтатып алып, қасқырларға қарай тап берді. Жол-жөнекей қолына ілінген тастарды іліп алып лақтырып, отпен жасқап жүріп, ол Әйелді қасқыр жемтігінен құтқарып алды.

    Есі шыққан жігіт аппақ Ай нұрының астында жырым-жырым ақ көйлегінің арасынан жарқырап тұрған аппақ денесінен қып-қызыл қан саулаған Әйелге қарап қатты да қалды. 

      Ескі маяның орны өртеніп, айнала күндізгідей жап-жарық болып кетті. Ханшабек енді байқады Әйелдің күліп тұрғанын. Қап-қара көзі тұманданып, қара шашы арқасын жапқан Әйел, өне бойын қасқыр тістелеп, қан шығарғанымен ісі болмай, Айға қарап мәз болып тұрды. Бұл Әйелдің есі ауысқанына әбден көзі жеткен Ханшабек, енді төрт тағандап отыра қалып, ит болып шәуілдеп үре бастады. Оған жай қараған Әйел, "күшім-күшім" деп оны сипалай бастады. Сол кезде барып Ханшабек Әйелдің білегінен шап беріп ұстай алды. Әйелді жанып жатқан маяланған шөптің қасына апарып отырғызып, өзінің ішкі жейдесін шешіп алып, Әйелдің жарасын таңды. Енді айналасына қарап, қоналқыға жер іздеді. Ол өзінен елу қадамдай жерде тұрған ескі қыстауды көргенде, қуанғанынан көзіне ең бірінші рет жас алды. Ескі қыстауға Әйелді алып келіп, қоржын үйдің ортасындағы қазан пешке бықсытып су шөпті жаға бастаған кезде, сарғайып күздің  таңы да атып келе жатты. 

     Пешке от жағып, үйді жылытып, бұрышқа құрғақ шөп-шалаң төсеп, Әйелді жатқызып, белдігімен оның аяғын байлап, сыртқы есікті таспен бастырған Ханшабек үйіне оралды да, дәрі-дәрмек, төсек-орын, азық-түлік, кітап-қағаз, басқа да көр-жер бұйымдарын көлікке тиеп, күн бата ескі қыстауға қайта оралды. 

     Өзінің не істеп, не қойып жатқанына мән бермеген жігіттің, әйтеуір, Әйелге көмектескісі келді.  Ол кештетіп келе салып, үйінен әккелген сексеуілді маздатып қазан пешке от жақты. Үлкен бөлменің ішін жуып-тазартып, төсеніш, көрпе төсеп, Әйелді бұрышқа жатқызды. Су ысытып, Әйелдің жараланған жерлерін тазалап, жарасын дәрілеп, дәкімен байлап тастады.

     Әйел болса, көзі жұмулы қалпы, жарыққа бетін бұрмастан қабырғаға қарап жата берді. Ыстық сорпа пісіріп, оны тамақтандырды. Өзі де әбден шаршап, пеш түбіне қисая кетті де, қор ете қалды. 

      Түннің бір уағында күбір-күбір сөйлескен дауыстардан оянып кеткен жігіт көзін ашып, жан-жағына бажайлап қарай бастады. Қазан пеште жанып жатқан оттың жарығы Әйелдің бетіне түсіп тұр. Әйел шалқасынан жатыр екен, ерні жыбырлап сөйлеп жатқандай. Ханшабектің бір байқағаны, үйде Әйел екеуінен басқа ешкім де жоқ. Бірақ, дабырласқан дауыстарды ол өз құлағымен естіген сияқты. 

-Ұйқыңды бұзба, Ханшабек. Үйде екеумізден басқа ешкім жоқ,-деді кірпігі қималдаған Әйел көзін ашпастан. 

-Жаңағы дабырласып сөйлескен кімдер?!-деді Ханшабек.

-Олар шатырдағы жарқанаттар ғой, маған әңгіме айтып жатқан. 

-Кім туралы әңгіме айтты саған?-деп Ханшабек басын көтеріп алды.

-Ескі қыстаудың бұрынғы тұрғындары жайлы әңгіме айтып жатыр. 

-Сен олардың тілін түсінесің бе?

-Кімдердің?

-Жарқанаттардың.

-Қайдағы жарқанаттар?

-Жаңағы әңгіме айтып жатқандарды айтамын. 

-Ойбай-ау, олар бізше сөйлеп жатыр...

-Әңгімелері қызық па?!

-Қызық болғанда қандай, ғажап!-деп Әйел бетін бері бұрып, Ханшабекке қарай аударылып түсті. 

-Айтшы әңгімеңді, мен де естиін,-деді Ханшабек Әйелге өтіне сөйлеп. 

-Сен көзіңді жұм. Көзің ұйқыда, көңілің ояу болсын. Жарқанаттардан естіген ескі қыстау хикаясын мен саған айтып берейін.

-Мақұл,-деп Ханшабек көзін жұмды да, ыстық пешке арқасын тіреп маужырап ұйқыға кетті. Осы сәтте өзі де байқамай басын көтеріп алған Әйел, көзі жұмулы қалпы, баяу қоңыр дауыспен жайлап әңгіме бастады.

      Әйелдің дауысының жайлылығы сондай, анасы тербеткен жас сәбидей маужырап ұйқыға кеткен жігіт бір сәт дүниеден бар қызықты ұмытып, ертегідей ғажайып әңгіменің қызығына берілді. 

     Ол дүниеде телевизордың, киноның, тіпті электр жарығының да бар екенін ұмытып, мүлде бір жан баласы аяқ баспаған басқа планетаға сапар шеккендей болды. 

-Ал енді әңгімемді тыңда,-деді Әйел.

-Мақұл,-деді еркек.

 

ЖАРҚАНАТТАР АЙТҚАН АҢЫЗ...

 

-Бұл үйде бұрын татулығы жарасқан ерлі-зайыпты қорықшылар өмір сүрген екен,-деді Әйел. 

-Ерінің аты Арман, әйелінің аты Мөлдір болыпты. Олар сонау алпысыншы жылдардың орта шенінде мектеп бітіреді. Мектеп бітіру кешінен шыққан қыз бен жігіт тау өзенін жағалап, шағын тоғайға келеді.

     Ай сүттей жарық екен, бір-бірінің жүзіне ұяла көз тастаған жастар көпке дейін бір-біріне тіс жармай отырып қалады.

-Мөлдір,-дейді жас жігіт,-көптен саған айта алмай жүрген әңгімем бар еді...

-Арман,-дейді қыз жігіттің жүзіне имене қарап,-сол әңгімеңді кейін айтсаң қайтеді?

-Жоқ, болмайды,-дейді жігіт, -онсыз да кеш қалдым.

-Онда айта қойшы,-деп қыз жігітке жаутаң-жаутаң қарайды.

-Айтсам, айтайын,-деп келе жатқан жігітті қыз қолымен белгі беріп тоқтатады да,- Арман, сен мені сүйесің ғой,-дейді.

-Иә, жоқ,-деп жігіт тосылып қалады.

-Бірақ сен кеш қалдың,-дейді қыз.

-Неге?-деп жігіт шошып кетеді.

-Мен көрші жігітпен көңіл қосып қойдым,-дейді қыз беті шылп етпестен.

-Жоқ, өтірік айтасың,-дейді жігіт.

-Рас,-дейді қыз.

-Оның келіншегі бар ғой,-дейді жігіт.

-Болса қайтеді,-дейді қыз.

-Сен сонша арсыз ба едің,-деп теріс бұрыла берген жігіттің мойнына асылған қыз оған өтініш айтады.

-Көрші жігіт маған қол жұмсады, еркімнен тыс өз дегеніне көндірді,-дейді.

-Мүмкін емес,-деп жігіт айғай салады.

-Бір өтірігі жоқ,-дейді қыз мұңайып.

-Енді не істейміз?-дейді шарасы таусылған жігіт.

-Болары болды ғой,-дейді қыз. -Ең өкініштісі сол, адал, пәк қалпымда кездеспедің.

     Қыз солқылдап жылап отыра кетеді. Амалы таусылған жігіт қызды аймалап сүйіп жұбата бастайды. Қыздың ерніне ерні тиген жігіттен ерік кетеді. Сәлден соң қыздың сәл ауырсынған үні шығады да, ағаш бұтағынан сырт етіп үзіліп бір жапырақ жерге түседі. Жер бетіндегі екі жастың тіршілігін көріп тұрған Ай сәулесі сыңқ етіп күліп, бетін басып, ақ бұлттың арасына кіріп кетеді. Сәлден соң, көк шөптің үстінде шалқасынан жатқан жігіт аспанға ойсыз көз жіберіп, жас толы жанарымен жұлдыздарды санаған қызға өкпелей тіл қатады.

-Мөлдір, неге мені алдадың?! Сен таза, пәк қалпыңды бұзбапсың ғой. Аты жаман өтірікті неге айттың?-дейді.

   Қыз көпке дейін үндемейді де, сәлден соң басын көтеріп, жігіттің жібек шашынан сипап отырып бір сырдың ұшығын шығарады.

-Арман, сен маған өкпелеме. Мен өте таяу арада аспан төріндегі жұлдыздар еліне кетемін,-дейді.

-Қойшы,Мөлдір, қай-қайдағыны айтпай,-деп жігіт қыздың жүзіне тіктеп қарай алмай, аяғының астындағы көк шөпті жұла береді. Сөйткенше болмай, жел тұрып, аяғы дөңгеленген құйынға айналады да, көзді ашып-жұмғанша бұларды шаңға көміп өте шығады. Үсті-басын қағып-сілкіп орнынан тұрған жігіт қыздың орнын сипап қалады. Қыздың бұтаға ілініп қалған жібек шаршысын қолына ұстап, таң ата үйіне оралады.Тығылып қалды ма әлде қалжыңдап үйіне кетті ме, әйтеуір, менімен бір хабарласар деп, ол Мөлдірді ай тосады, апта тосады. Күндердің бір күнінде: "Тазабектің қызы Мөлдірді құйын көтеріп кетіпті, көрші ауылдың таңертең мал жайғап жүрген кемпір-шалы көріпті" деген қауесет бұрқ ете қалады. 

    Мөлдірдің қайта оралмасына көзі жеткен Арман-жігіт енді-енді өзіне келіп, есін жинай бастағанда, тағы бір қауесетті құлағы шалды.

-Әлдекімдер Тазабектің қызы Мөлдірді тау баурайындағы ескі қыстаудан көріпті. Айлы жарық түндерде иесіз қыстаудың маңайында отын теріп жүреді екен,-деп Арманның көрші жеңгесі Мәния келіншек аузының суы құрып айтып отыратын болды.

     Арман енді өзі сұранып қорықшы болады да, ескі қыстауға қоныс аударды. Ол қоңыр күзде келіп, ескі қыстаудан орын тебеді. Сөйтіп күз өтеді, қыс өтеді - Мөлдір қыздан ешбір хабар болмайды.

     Елдің сөзінің жай лақап екеніне көзі жеткен жігіт көктем шыға жиналып, қалаға барып оқуға түспек болады. Сөйтіп, қоржынын жинап, ертең таң ата қалаға сапар шеккелі отырғанында жылаған жас баланың дауысын естиді. Сөйткенше болмай, есіктен қолында құндақтаулы жас баласы бар Мөлдір қыз кіріп келеді. Жүрегі жарыла қуанған Арман қызға құшағын жая ұмтылады. Ертеңіне ескі қыстаудың маңында сейіл құрып жүрген біреулер құшағы жайылып, аузы аңқиып өліп жатқан жас жігіттің мүрдесін тауып алады.

     Біреуі заң орнына хабарламақ болып қалаға аттанады да, біреуі мүрденің қасында қалады. Түс ауа ескі қыстауға келген бір топ адам тағы да жер сипап қалады. Құшағы жайылып, аузы ашылған мүрде де жоқ, оны күзетіп қалған адам да жоқ. Тек мүрде жатты деген жердің шөбі жапырылып қалыпты.

    Әлгі топ күн батқанша ескі қыстаудың маңындағы аңғарды бойлап тауға қарай жүріп із кескен екен, жас баланың байпағынан басқа ешнәрсе таба алмайды. Үшті-күйлі жоғалған Мөлдір қыздың артынан Арман жігіт те із-түссіз жоғалып кетеді. 

-Мүмкін емес,-деп Ханшабек көзін ашып алды.

-Мүмкін болғанда қандай, сол байпақ терезе жақтауындағы шегеде қыстырулы тұр. Нанбасаң, қарауыңа болады,-деді көзі жұмулы Әйел іргеге қарай аунап түсіп.

-Астапыралла,-деді терезе жақтауына көзі түскен Ханшабек. Сәбидің сыңар байпағы шегеде ілулі тұр еді.

-Тәңірі жар болсын, қалған әңгімені кейін айтармын,-деп Әйел ұйқысырап, әлденені күбірлеп жатты.

    Енді Ханшабектен ұйқы қашты. Пердесіз терезе әйнегінен қарап әлдебіреудің көзін көргендей болған жігіттің зәресі зәр түбіне кетті. Ол аз болғандай, дәл құлағының түбінен қыздың күлкісі естілді.

-Аман-есен бүгін түннен шықсам, есім барда елімді табармын,-деп ойлауы мұң екен:

-Саған қараған Мөлдірдің көзі емес,Ай сәулесі. Ал естігенің әйелдің күлкісі емес, байғыздың дауысы,-деп Әйел теріс қарап жатып-ақ оның ойын оқып қойды.

      Ханшабектің енді қозғалуға да шамасы келмеді. Есі ауысқан Әйелді қорғаймын деп ескі қыстауға келгені, естіген мына әңгімесі, сыңқылдап күлген қыз күлкісі, желкесімен мұның ойын оқып қойған ауру әйелдің сәуегейлігі оны тұйыққа тіреді. 

       Десе де, әлден соң барып, жігіт ұйқыға кетті. Түсінде ол өндірдей жігіт пен сұлу қызды көрді. 

     Сәске түсте оянған жігіт тізесін  құшақтап, ойға шомып отырған Әйелді көрді. Есіне әлдене түсіп кеткендей.

-Сен түндегі әңгімеңді бұл үйде татулығы жарасқан ерлі-зайыпты қорықшылар өмір сүрген екен дедің ғой! 

-Иә,-деді Әйел басын көтерместен.

-Ал Мөлдір мен Арман үйленген жоқ қой. 

-Бекер айтасың,-деді Әйел көзін ашпастан, оған жек көре қарап.-Олар үйленген. Сонау көгілдір таудың ар жағындағы, ескі қорымның бер жағындағы көне қорғанда тұрып жатыр,-деді.

-Оны саған кім айтты? -деді Ханшабек, өтірігіңе болайын дегендей кекете күліп. 

-Тәңіріміз жазса, олармен қауышар күніміз де алыс емес,-деді Әйел есеңгіреп. -Таңдайым кеуіп отыр, бір жұтым су берші,-деді содан кейін.

     Ханшабек орнынан еріне тұрып, күл шығарып, от жағып, қазан көтеруге кірісті. Таудан төмен құлаған алтын сәулелер сәлден соң олардың терезесінен сығалап, сықылық қағып күліп, қошемет көрсетіп жатты.

 

ЕРКЕК ПЕН ӘЙЕЛ

 

         Әйел тамақ ішіп отырды. Оның қасықты ұстасы, тамақ ішуі – бәрі-бәрі аса бір тәрбиеліліктің нышанын байқатып тұрды. Ханшабек оның жүзіне зер салып қарап, зерттей бастады.

         Әйелдің көзі жұмулы, аузына қасықты апарған сайын ұзын кірпіктері дір-дір етеді. Жүзі сабырлы. Ат жақты, ақ құба өңді, қыр мұрынды әсем келіншектің келісті келбетіне қарап, оны жүйке ауруына ұшыраған, ақылынан адасқан деп ешкім де ойламас еді.

         Әжімсіз мойыны, аппақ білегі, салалы саусақтары Әйелдің жас екенін байқатқандай. Жасы, көп болса, 33-34-терде болар деп ойлады Ханшабек.

–Ханшабек, сіз қызметіңізді тастап, үй-жайыңызды тастап, маған қамқор болдыңыз. Мұның себебі неде? –деді Әйел тамақ ішкен ыдысын оған ұсынып жатып.

–Сені  аядым. Сен жап-жассың, әп-әдемісің. Қаңғыбастық жолға неге түстің? Үй-жайың, бала-шағаң, күйеуің қайда? Ел аман, жұрт тынышта бұл не жүрісің? Әнеугүні ғой қасқырға жем бола жаздадың. Ойың зерек, зердең ояу. Сонда сен не істеп жүрсің?

–Өзім де білмеймін, –деді Әйел күрсініп. –Мен бала кезімнен-ақ мінезімнің түсініксіздігімен ерекшеленген екенмін. Ер жете келе, қасымдағы адамның жан дүниесін оқып қоятын бір ауруға шалдықтым. Мен өмірді екі көзіммен емес, зердеммен көремін.

–Сондықтан екен ғой көзіңді жұмып алатының?

–Иә, –деді Әйел езу тартып. –Бір адамға бірнеше көздің керегі не?

–Сенің тағы да көздерің бар ма? –деп Ханшабек кекете езу тартты.

–Иә, –деді Әйел. –Менің арқамда көзім бар.

–Сенің атың кім еді, екеуміз танысқан да жоқпыз ғой.

–Менің атым Әйел.

–Мақұл, онда сен мені Еркек деп ата.

         Әңгіме осы жерге келгенде екеуі де күліп жіберді.  Бұл күлкі екеуінің арасына бір жақындық алып келгеней болды. Жүздері жадырап, көздерінен нұр шаша бір-біріне қарады.

–Шынымды айтсам, сенің көзіңдей мөлдір де таза жанарды бұрын-соңды кездестірген жоқпын, –деп Ханшабек Әйелдің жүзіне тесіле қарады да, оның қолдарын екі алақанына салып, аялап сипай бастады. Сол сәтте оның бойында өмірі болмаған бір құбылыс қылт етіп бас көтергендей болды. Күре тамыры солқ ете қалған жігіт қызарып кетті.

         Ханшабек сонда барып Әйел қолының қасиетін түсінгендей болды.

–Әйел, сен үкен емшісің. Көріпкелсің. Сен адамның бойындағы өлген тамырын тірілтіп, өшкенін жандырасың, –деп Ханшабек айқайлап сөйлеп абдырап қалды.

–Ол Алланың бұйрығы. Уақыты келгенде қа ериді, көк шығады. Сол сияқты әр адамның көктемі, күзі болады. Сенің көктемің туса, менің күзім жақын, –деп Әйел күрсінді.

–Әйел, сен қаншадасың? –деді Ханшабек.

–Менің жасымды сұрама. Әйелдің жасын сұрамас болар, –деп жігітті тыйып тастаған Әйел, –Мен жел өтіндегі құба талмын. Жапырағым күзде де, көктемде де жап-жасыл қалпынан өзгермейді. Мен ешқашан да қартаймаймын. Мен ешқашан да өлмеймін, –деді.

–Ешқашан да қартаймасаң, ешқашан да өлмесең, онда неге ауырасың?

–Мен ауру емеспін. Мен жан дүнием жаңа бір сатыға көтерілу үстінде. Жаңа бір әлемнің есігін ашу үстінде. Мен Тәңірімнен жан-дүниемді жаңарта гөр, өткенімді ұмыттыра гөр деп сұрадым.

–Тәңірім неге менің тілегімді бермейді. Неге сенің өтінішіңе құлақ асады.

–Мен кешкен ғұмырдың не екенін білсең, сен бұл сұрақты маған қоймас едің.ь

–Сен кімсің? Сенің есің дұрыс па? Егер құпия болмаса, түн ұзақ қой, айтып берсеңші.

–Мақұл, айтсам, айтайын. Мен өзімнің санамды, түйсігімді өзгерткім келеді. Өткен өмірімді ұмытқым келеді.

–Сонда өміріңді қайта бастамақсың ба?

–Иә, бірақ адам болып бастағым келмейді.

–Неге?

–Өйткені, мен адам болып жаңадан өмір бастасам, өткеніме сатқындық жасаған болып шығамын ғой.

–Қалайша?

–Мен өзгеге берген уәдемді ұмытамын. «Жаным – арымның садағасы» деген қағидаға қайшы келемін.

–Оның барлығы адамдардың ойдан шығарған ертегісі, оның барлығын ұмыт, өмір сенікі, егер қайта бастағың келсе, баста, –деді Ханшабек қызына сөйлеп. –Сол үшін есіңнен ауысып, дала кезіп қаңғып кетуің керек пе?

–Білмеймін, –деді Әйел дауысы өзгеріп. –Бұдан әрі сенімен сөйлесуге олар маған рұқсат бермей тұр.

–Қане, кімдер олар, көрсетші маған да, –деп орнынан ұшып тұрған жігіттің көз алдында сарт етіп есік ашылып, қайта жабылды. Даладан бір құшақ ауа лап етіп үйге кірді. Бірақ Ханшабектің көзіне ешкім көрінген жоқ.

–Олар саған күліп барады, –деді Әйел. –Жаңа ғана олар саған көмектесіп еді, сен оларды ренжітіп жібердің.

         Жігіт сылқ етіп отыра кетті, оның жан-дүниесі тағы да елі көшкен ескі жұрттай болып құлази жөнелді.

–Уайымдама, Ханшабек. Жұлдызың туғанда тағы да бағың жанады. Бірақ тәубеңді ұмытпа, –деп Әйел теріс қарап тарс бүркеніп жатты да, таң атқанша ләм-мим деп тіл қатпады.

         Ертесіне де аузына қара су алмады. Тек қараңғы түндерде оның ұйқысырап әлдекімдермен сөйлескенін, әлдекімнен қорғанғандай болып жан ұшыра айқайлағанын ғана Ханшабек естіп жатты. Бірақ көзін ашып қарауға дәті шыдамады.

         Күндердің бір күнінде Әйел басын көтерді. Ханшабектің алдында арса-арсасы шыққан кәрі аруақ отырды. Әйелдің жастығынан да, көркінен де із қалмапты. Оның жүзіне сұраулы кескінмен қараған жігітке Әйел іш көйлегін шешіп, үсті-басын көрсетті. Әйелдің денесінде айғыз-айғыз болып талаураған қамшының ізі тұрды.

–Олар мені мүлде басқа елге, басқа планетаға апарды, –деді ол шүңірейген көзінің оты өлеусіреп.

–Қайдағы планета?! –деді Ханшабектің зәресі ұшып.

–Мен көлеңкелер елінде болып қайттым.

 

ЖЕТЕК...

 

Ханшабек түн ортасында ұйқыдан шошып оянды. Бұрышта жанып тұрған шырақ түтіндеп сөніп бара жатыр екен. Үйдің іші көкала түтін. Әйелдің орны бос жатыр. Есік ашық тұр.

   Орнынан ептеп тұрған жігіт ашық тұрған есіктен сыртқа сығалап қарады. Жер беті аппақ қар. Шыңылтыр аяз бетті қариды. Ішкі көйлегімен жалаң аяқ қар кешкен Әйел үйден ұзап кетіпті. Тез-тез сырт киімін киген жігіт шырақты сөндіріп, есікті жауып, Әйелдің соңынан шықты. 

     Әйел үйдің жанындағы өзен аңғарын бойлап тауға қарай біраз жер жүрді де, кілт тоқтап, жан-жағына қарады. Айналада ешкім жоқ екеніне көзі жеткен соң, сайдың табанына түсіп, тағы да біраз жер жүрді.

      Айдаладағы төбесінен сыздықтап түтін шығып жатқан жер үйге келді де, лып етіп ішке кіріп кетті. Сәлден соң жер үйде сықсима шам жағып, әлдене деп сөйлеген ер адамның дауысы шықты. Ханшабек есікке таяу келіп, тың тыңдай бастады.

-Бұл кім?-деді қырылдаған еркек дауысы.

-Менмін,-деді Әйел.

-Ә, сенбісің, Айелі, келетініңді білгемін.

-Сен қайда жоғалып кеттің, Сасықкүзен?!

-Мені сол күні әйелімнің ақшаға жалдаған жендеттері алып кетті де, қалың ағаштың ішіне апарып, аяғымнан асып кетті. Содан өтім аузыма құйылып өлетін шығармын деп иманымды үйіріп тұрғанымда, таудан төмен қарай түсіп келе жатқан үш адамды көрдім. Біреуі бала көтерген әйел де, қалған екеуі еркек тәрізді. Олар менің қасыма таяп келіп тоқтады.

-Мынау адамның не жазығы бар?-деді әйел жас жігітке қарап.

-Оның жазығы жоқ, мекер әйелінің істеп жүрген әрекеті болар,-деді олардың қасындағы отын көтерген мосқал еркек.

-Оны сен қайдан білесің?-деді жас әйел.

-Мен бұлармен көрші тұрғамын.

-Түн ішінде оның бет-жүзін көрмей-ақ, көршің екенін тани кетуің күдік туғызып тұрғаны,-деді жас жігіт мосқал еркекке жақындап.

-Әй, шырақтарым-ай, бұл Сасықкүзен ғой. -Қолқаны қапқан сасық иісінен танып тұрмын. Шіркін, бұл бір кезде әрі сұлу, әрі дәулетті жігіт еді. Содан әйелімен жараспай, ел кезіп қаңғып кетті. Әйелі болса, бұдан біржола құтылмақ оймен мұны өлтіруге ниеттенген болды ғой. 

-Жарайды, онда бұл еркектің көзін қара шүберекпен таңыңдар да, босатып алып, алғашқы көмектеріңді көрсетіңдер. Бірақ біз алты қырды асып кеткенімізше көзіндегі байлауышты шешпеймін деген уәдесін алыңдар алдымен,-деп әйел көк шөпке жайғасып отырып, ұйқыдағы баласын оятып, емізе бастады.

     Әйелге көзім түсіп кетті, адамзат баласында мұндай да сұлудың болатынына таң қалғаным сонша, өзімнің аяғымнан ағашқа асулы тұрғанымды да ұмытып кеттім. 

-Ей, олар Мөлдір деген қыз бен Арман деген жігіт болды ғой, онда. 

-Сен оларды  қайдан білесің?-деді Сасықкүзен таң қалып.

-Олар жайлы мен тұратын ескі қыстаудың шатырындағы жарқанаттар күнде жыр қылып айтады,-деді Әйел. -Сонда олар тау ішінде не қылып жүр екен бейуақытта,-деді Әйел.

-Менің көзімді қара шүберекпен байлап, олар алты қырдан асып кеткенше байлауышты шешпеймін деген уәдемді алып, мені босатып алды. Сөйтіп көк шөптің үстінде қанша жатқаным белгісіз, бір кезде есімді жисам, қасымда ешкім де жоқ. Таң ағараңдап атып қалыпты. Шық басқан шөптің үстінде сәбидің сыңар байпағы қалып қойыпты. Мен ойланып тұрдым да, шөпке түскен ізді қуалап отырып, таң ата олардың жатағының үстінен шықтым.

-Қой, қайдағыны айтпа,-деп Әйел шошып кетті.

-Содан олар жүріп отырып, алып шыңның етегіндегі су қазып тастаған терең шатқалға келді де, үйдей үлкен тасты көтеріп, арғы жағына өтіп кетті. Мен кері қайттым. 

-Егер іздесек, сол шатқалды таба аласың ба?-деді Әйел ойланып. 

-Әрине,-деді Сасықкүзен.

-Сен біражола келдің бе?-деді Сасықкүзен.

-Жоқ,-деді Әйел. -Мен ескі қыстауда тұрып жатырмын. Қасымда бір жақсы жігіт бар, сол мені емдеп, жазып алды.

-Сен ауырып қалып па едің?-деп оның жүзіне Сасықкүзен уайымдай қарады.

-Иә,-деді Әйел. -Сәл миым шайқалғандай болды. 

-Сенің балаларың аман,-деді Сасықкүзен. -Уайымдама, мен оларға көмектесіп тұрамын. 

-Жарайды, мен онда үйіме қайтайын.

-Таудағы Періқыстаққа қашан барамыз?-деді Сасықкүзен сұраулы кескінмен.

-Хабар өзіңнен болсын,-деп Әйел сыртқа беттеді. 

      Ханшабек есік аузынан ақырын сырғи жөнелді де, келген ізімен кейін қайтты. Алды-артына қарап қойып жіті адымдаған жігіт ескі қыстауға келіп, үсті-басының қарын қағып-сілкіп, салулы төсегіне жайғаса бергені сол еді, бұрыштағы төсегінде жүресінен отырған Әйелді көрді.

-Астапыралла, сен қайдан жүрсің мұнда?-деп Ханшабектің таңғалғаннан аузына сөз түспеді. 

-Сен қайда барып келдің?-деп Әйел оған сынай қарады. 

-Сен барған жерге мен де барып қайттым,-деді жігіт қорыққанынан иегі-иегіне тимей қалш етіп. 

-Қорықпа, кел, менің қасыма отыр,-деді Әйел өмірінде бірінші рет күлімсірей тіл қатып. 

-Сен перінің жетегіне еріп кеткенсің ғой.

-Білсең, неге мені алып қалмадың?

-Менің көзім ілініп кеткен екен, түсімде баяғы Сасықкүзеннің жер тамына барып, балаларымның жай-жапсарын сұраппын. Содан ол өзінің қалай өлімнен аман қалғандығы жайлы айтыпты. Біздің әңгімемізді сен есіктің сыртында тыңдап тұр екенсің. Мен оянып кеттім,-деп Әйел жымиды. 

      Оның көз жанары үлкейіп, қап-қара көзі біресе тұнжыраған түнгі аспанға, енді бірде жап-жасыл тұзды теңіздей сары-жасыл түске еніп отырғанын байқаған Ханшабек енді одан қорқайын деді. Осы кезде шатырдағы жарқанаттар да шиқылдасып, бір мазасыз күй кешкендей болды.

 

  ЖАЛҒЫЗ БЕЙІТ

 

         –Жетекке ерген адамдар жайлы аңыз көп, –деді бұлар ертеңгі астарын ішіп болып, пеш түбіне жайғасқанда Әйел Ханшабекке тағы да күлімсіреп қарап қойып.

–Қорқыныштысын айтпа, –деп Ханшабек жік-жапар болды.

–Ертеде менің Балғын деген дос қызым болды. Ол Ержан деген жігітпен танысты да, оны қатты сүйіп қалды. Арада бірер ай өткен соң, Ержанды әскер қатарына шақыртты. Содан Ержан Балғынға апта сайын хат жазып тұрды. Күндердің бір күнінде Ержаннан хат келмей қалды. Балғын ай күтті, апта күтті, жыл күтті, бірақ әскердегі жігіттен ешбір хабар-ошар болмады.

         Содан Ержаннан күдерін үзген Балғын қыз өз тірлігіне кірісіп те кетеді. Заманның ауыртпалығы мойнына түскен ол Қиыр шығысқа поезбен қатынап, тауар тасып, оны сатып күнелте бастайды. Арада 7-8 жылдай уақыт өтеді. Қоғам өзгеріп, заман жаңғырғанымен де, Балғынның өмірінде өзгеріс болмайды. Ол тұрмысқа шықпады, Ержаннан соң көңілі ешкімді қаламады. Есіл-дерті көбірек ақша жинап, қаладан үй сатып алу болған Балғын бірде Сібірдің аты шулы өндіріс орны көп қаласына жол тартады. Сол жақтан тауарын алып, артынып-тартынып келе жатқан қыз, ойында ешнәрсе жоқ, терезеден сыртқа көз салады. Жер бедері орманнан гөрі сары далаға ойысып, Қазақстан шекарасының жақын екендігінен хабар беріп қалады. Балғын енді көңілдене түседі. Терезеден сыртқа қарап, жүрдек поезбен жарысқан электр бағаналарын санап отырған Балғынның көзіне поезбен жарысқан әлдекім көрінеді. Байыптап қараса, поезбен жарысып, жүгіріп келе жатқан жігіттің қолында ақ орамал бар екен.

         Кезекті бір бекетке келгенде поез жүрісін баяулата бастайды. Балғын жігіттің жүзін енді анық көреді. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын жоғалтқан Ержаны келе жатыр далақтап жүгіріп. Теңселіп барып поезд тоқтайды. Өңім бе, түсім бе деп Балғын көзін бір ашып, бір жұмады. Түсі емес екендігіне көзі жеткен қыз терезе әйнегіне бетін тақап өзіне әлдене сөйлеп қолын бұлғап шақырып тұрған жігітті анық көреді. Не де болса, бір тілдесіп қалмақ болып, жүгіріп жатқан жігітті көріп, соңынан бұл да жүгіре жөнеледі.

         Екі-үш минут аялдаған поез жүріп кетеді. Балғынның онда шаруасы болмайды. Енді ол екі өкпесін қолына алып, көз ұшындағы жігіттің соңынан жүгіреді де отырады. Қалың орманды қақ жарып өтетін қара жолдың бойымен бірі алдында, бірі соңында жүгіріп келе жатқан қыз бен жігітке аспандағы Ай аңтарыла қарайды.

         Күн батып бара жатқан бейуақыт болса керек, қыз шаршап бір дөңеске отыра кетеді. Ол отыр кеткенде көз ұшында жүгіріп бара жатқан жігіттің бейнесі де ұшты-күйлі жоқ болады.

         Қыз не болғанын білмей, бармағын шайнайды. Не де болса, енді кеш еді, қоналқыға жер іздеп айналасына қараса, анадай жерде ескі мая тұрады. Әбден шаршаған, торыққан Балғын ескі маяның төбесін үңгіп, ішіне түседі де, шөпті жамылып ұйықтап қалады.

         Сілесі қатып шаршаған қыз ертеңіне сәске түсте оянып, кешегідей емес, айналасына жіті көз тастайды. Сөйтсе, бұл қалың қорымның шетінде тұрған маяға түнеген екен. Анадайдан жетімсіреп тұрған бір бейіт оның көзіне оттай басылады. Қыз таяп келіп байқаса, бұл бейіттің басында ағаш крест емес, бес жұлдыз тұр екен. Қоңыр гранитке ойып жазылған белгісіне қараса – Ержанның аты мен жөні, қыз енді жаңбыр шайып, күн сәулесі жеген Ержанның жауынгер киімімен түскен суретін көйлегінің етегімен сүртіп, шаң-топырақтан тазартады да, оған тағзым етеді. Жігіттің бейіттопырағынан етегіне бір уыс топырақ түйіп алған қыз, әрі қуанып, әрі жылап, еліне қайтады.

–Міне, жетек деген осы. Жүрегі жаралы Балғын қыз өзін сүйген Ержанның опат болғанын осылайша біледі. Ержанның рухы зиратының қасынан қаннен-қаперсіз өтіп бара жатқан сүйген қызын жетелеп өз бейітіне алып келеді. Сөйтіп, Балғын жылап-еңіреп отырып басынан өткен осы бір оқиғаны туған-туыс, дос-жарандарына айтады. Өзін сүйген Ержаны мұны ұмытпапты, –деп Әйел әңгімесін аяқтады. Ханшабек төмен қарап күрсінді.

АДАМ-АҒАШ

 

...Бөлме тастай суық еді. Мен жамылып жатқан жыртық көрпенің бір шетінен балаларым, екінші шетінен немерелерім кіріп жатыр... Жыртық көрпені олар ары тартты, мен бері тарттым.

     Бір кезде ешкімге жылу бере алмаған жаман көрпені лақтырып жібердік. 

     Енді бәріміз де жалаңаш-жалпы, үйме-жүйме болып аспанға қарап жатырмыз. Кенет мейірімді Тәңірдің шекпенінің шеті көрінді.

-Алақай, алақай,-деп аузымды аша бергенім сол еді, аспаннан жеп-жеңіл қауырсындай ақ періштелер түсе бастады. 

     Олар ұлыма бақ-дәулет, қызыма бақ-дәулет, келінім мен немерелеріме ырыс-несібе үлестіріп жатты. Періштелер менің жыртық киімді жалаңаш тәніме аспаннан жасыл жапырақ тастады. Әп-сәтте мен жап-жасыл адамға айналдым.

-Саған біз бақ-дәулет те, ырыс-несібе де сыйлай алмаймыз. Саған жасыл жапырақ сыйладық, тәніңді жабатын,-деді періштелер.

-Неге?-деп мен оларға сұраулы кескінмен қарадым. 

-Жасыл жапырақ жамылып өмірің өтеді. Біз саған мәңгілік жастық сыйладық. Жылда көктем келсе, көктеп көгересің, күзде жапырақтай сарғаясың, жазда ақ сағымдай ажарлана түсесің, ал қыста сұп-суық ақ қарға айналасың,-деді періштелер.

     Мен аспанға аузым аңқайып қарап тұрдым. Сол сәтте ғана байқадым, менің аппақ денемді жасыл жапырақтардың тесіп шығып жатқанын. Адам-ағашқа айналған қасіретімді ешкім түсінбеді.

 

Заида Елғондинова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

«Құрмет» орденінің иегері,  Алматы қаласына «Еңбегі сіңген қайраткер».