РИЗА ӘЛМҰХАНОВА. «САРРА» ДРАМАСЫ ҰРПАҚ МӘСЕЛЕСІН КӨРСЕТУМЕН ҒАНА ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Мен Мемлекеттік сыйлықты Роза Мұқанованың алуын қолдаймын. Розаның шығармашылығы туралы ширек ғасыр бойы баспасөзде жақсы айтылады. Ал биыл Роза Мұқанованың "Сарра" жинағы ұсынылып жатыр, шығармашылық қауымның қолдауы жақсы екенін баспасөзден, әлеуметтік желілерден көріп отырмыз. Шынында, Роза Мұқанованың  "Мәңгілік бала бейнесінің" өзі Мемлекеттік сыйлыққа сұранып тұр еді ғой. Ол кезде Роза әлі 30 жасқа да толмаған.

"Сарра" драмасы ұрпақ мәселесі, аналық мейірімді көрсетумен ғана шектелмейді, Ажар ананың баласын бағып, қандай қиындыққа болса да, шыдағаны қазіргі біздің жас қыздар үшін де қажет деген ойға келдім. Өйткені нәрестенің өкшесі тиген жерден зәмзәм суы шығатыны "Бір сәби өмірге келсе, ол үшін бір түп жусан артық шығады" дегенді ойға салады, қиын жағдайға қалса да, қыздар бауыр еті – баласын тастанды қылмасын. Идея өзекті. "Сарра" драмасы осы жағынан да жастарға қажет. "Сарра" әлемдік сахнаға  шыға алады.

«Фариза» драмасының да өзіндік  ерекшелігі бар, оны да мықты режиссер өзінің шығармашылық шеберлігіне  орай әлем сахнасына шығара алады. Ақынның көңіл күйіндегі арпалыс көрерменді де ойландырары хақ.   «Шатыр астандағы Мен» де өзіндік әлемі бар дүние. Айтары мол дүние. Сондықтан Роза Мұқанованы қолдауымыз керек.

Әдеби шығарма болған соң, мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан қай-қай шығармада да көркемдік, образдардағы ерекшелік – бәрі де болуы заңды. Ал мемлекеттік сыйлық беруде бәйгеге түскен шығармалар арасындағы әлемдік деңгей, әлемдік сахнаға шығу мүмкіндігін бағалауымыз керек. Бұл жазушы Роза Мұқанованың жеке басына аса қажет емес шығар, бұл біздің Қазақстанның шығармашылық мүмкіндігі таусылмағанын,  әлемге  танытатын   потенциалымызды көрсету және оны өзіміз бағалай білуіміз керек екенін ойлауымыз керек. Біз Нобель сыйлығын алғандарға немесе Канн кинофестиваліндегі фильмдерге табынып отыра береміз бе? Өз мықтыларымызды бағаламай, жолын кесіп отырсақ, жастар қазақтың ұлттық руханиятын бағалай алмайтын дүбәра деңгейге түсетін болады. Менің бір ұстазым: «Абай жолы» қай жылы жазылып еді, ойлаңдаршы. Бі әлі сол шығарманы мақтаумен жүрміз. Мақтай беріңдер. Тек ойланыңдаршы. Бізде содан бері даму, жаңалық жоқ па?» – деп еді. Біздің шығармашылықтағы  даму жоқ емес, тек соны дер кезінде бағалап, әлемдік деңгейге шығуына  жолын ашуымыз керек. Әділдік болмаса, төл  мәдениетіміздің деңгейін де көтере алмайтынымызды ойлауымыз керек. Тіпті, қиянат жасайтынымызды ойлауымыз керек.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары «Қазақ әлемдік деңгейде мақтанып айтатын не қосты, қандай үлес қосты?» деген сұрақ қойылғаны жасырын емес. «Киіз үй» десек, ол бір қазақтың ғана ойлап тапқаны емес. «Майшам ойлап тапты», – деп те мақтана алмаймыз.  

Сондықтан мемлекеттік сыйлық біреудің сақалына, еңбек өтіліне, биографиясы мен географиясына, қызметіне қарап емес, әлемге ұялмай көрсете алатын шығармаларымызға берілуі керек. Таза шығармашылық тұлғаны таңдауымыз керек. Сол таңдау биыл Роза Мұқанова болуы керек.

 

Құрметпен, филология ғылымдарының докторы

Риза Әлмұханова (Алмуханова)

Нұр-Сұлтан қаласы

11.09.2020