Тасқаладан мезі болып кеткенімде, ауылға аңсарымның ауатыны бар. Алдымен, үш рет кешірім сұрап алып, арманымды екі бүктеп, ала дорбама салған күйі елге қарай қайтып кетуге дайын тұрамын. Иә, ауыл мектебінен сағат алып, сабақ беру қолдан келеді ғой. Бірақ...
Бұған дейін де бел шешіп, елге қайтпақшы ойым болды. Аллаға шүкір, Елордадағы беделді жоғары оқу орнының бірінде оқыдық. Сәйкесінше, сабақ бере жүріп, бірқатар білімді де толықтырдық. Арманымның бестен бірін толық еңсере алдым десем де болады. Әдебиет саласына еркін құлаштап келе жатқаным енді еді, тағы да сол ой келді. Елге елеңдеймін. Докторантураға тапсырған жылы «осыдан түсе алмасам, түгінің керегі жоқ, ауылға қайтам» деген ойды түртіп алдым санама. Бірақ, Алла қолдады. Арманым қайта қанат жайды. Бұған ойсаулы Сейіт ағам себеп болды. Иә, сол Сейіт ағамды сізде жақсы танисыз. Танымауыңыз әсте мүмкін емес. Себебі, қаймана қазақтың кілеңкей мықтыларынан бағасын алған. Қазақ әдебиетінің қасқа нары Сейіт ағамның есімін білетіндер оның еңбек жолымен танысы анық. Сонымен, бар ғұмырын оқу, білім, ғылымға арнаған сол ағам жайлы бір мезет ой толғау жазуды жөн санадым. Жөн санағаным сол еді, еңсем тіктеліп, көк дөнен көңілім желістей берді. Себебі, ағаммен сыйластығым келісті еді.
2012 жыл. Нұр-Сұлтан. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті. Қазақ әдебиеттану ғылымының қаймақтары шоғырланған қазақ әдебиеті кафедрасының магистранты атанып, бөркімді аспанға атқанмын. Алғаш арманыма осылай қадам бастым. Кемеңгер ағама да бір табан жақындадым. Оқу басталып, Абай атындағы дәрісханада ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбын белгілеу мен ғылыми жетекші бекіту жөнінде жиын өтті. Жиын қорытындысы бойынша, менің жетекшім болып ҚР ҰҒА-ның академигі, ф.ғ.д., профессор Сейіт Асқарұлы Қасқабасов бекітілді. Сол сәт Сейіт ағаммен ақылдаса келе, алдында қорғаған диплом жұмысымның тақырыбын кеңейтіп, «Абай шығармашылығындағы «толық адам» және ізгілікті қоғам концепциясы» тақырыбын бекітіп, жұмысты бастап кеттік. Есімі мен беделі еліміздің шекарасынан асып, алыс-жақын шетел танитын академиктің шәкірті болу, тағдырдың берген үлкен сыйы екенін ұқтым. Осы күннен бастап арманым нық беки түсті.
Аға жанында көп жүруге тырыстым. Шапағатын көрдім. Білім мен ғылымнан түйгендерін жиі айта жүрді. Соларды санаға шамам жеткенше сіңіруге тырыстым. Орамды ойлары, кесек сөздері, түйдек пікірлері мен қоғамның кесел тұсын тамыршыдай тап басып айтатынына таңмын. Бұланкөз. Иә, анық көреді. Одан ой түйеді. Ол ойының салмағы атан түйеге жүк болардай. Міне, білім кемелдігі мен ақыл тереңдігі. Бірақ, қазына ғой. Аса қатты таң қалуға да болмайды. Сарқылмайды. Қазына екенмін деп, дестенбейді.
Айтпақшы, дәні піскенде жемісті ағаштың сабағы төмен иіледі ғой. Ал, кей көкелеріміздің астына тақ тиіп, мұрнын аспанға шүйіргендерін көз көріп жүр ғой. Әй, бірақ, ұлтқа еселі еңбегі сіңген ұлы тұлға мен қызмет қуғандарды несіне салыстырып отырмын?!
Кейінгі уақытта қасында көп жүрдім. Шамам жеткенше сүйеніш болдым. Сексен жастың сеңгіріне шығу оңай деймісіз? Ағамыздың қасында жүру өзіме міндет санадым. Өзім бұл қызметті құлшыныспен атқардым. Бір жағы, ақсақалдың батасын алу болса, енді бір жағы, оймақтай ойларын мұқият тыңдау. Себебі, баяғы абыз қариялар секілді кеудесі толған қазына. Секілді емес, солардың сарқыты ғой.
Мені жүрген жерінде немерем деп таныстыратын. Сол сөзді алғаш естігенде, өң-бойымнан өзгеше леп байқалды. Иә, кәдімгідей жылулық сездім. Кезінде, дәріс алғанға балаша қуанып жүрген мен үшін бұл күтпеген жәйт еді. Сол күннен бастап, мен де тек ұстаз ретінде қарамай, рухани атам ретінде меншіктеп алдым. Енді, маған артылған сенімнің екі есе ұлғайғанын да іштей сездім. Сездім де болашағыма сендім. Оған себеп, Сейіт атамның ақ батасымен алысқа баратынымды білдім. Қоңырау шалғанда «Әй, ұлым, әке-шешең аман ба?» деп саулық сұрасқанының өзінен аталық қамқорды анық сезініп жүрдім.
Ағамның ақылын көп тыңдадым. Әлі тыңдап келемін. Аллаға шүкір. Бағытымнан бұрмады, бақытымнан айырмады. Керісінше, көкірек көзім ашылды.«Ғылымға келдің бе? Оған дайын бол. Даңғыл жол қалыптастыра алмасаң, бәрі бекер. Әйтпесе, оңай емес» деп, ойын жетеме жеткізіп, сенімін артқан. «Жазған мақалаңның әр сөзіне жауап бересің. Жүйелеп жазуың керек» деп келелі кеңесін жиі айтатын. Аңдитындардың болатынын айтып, абай жүруімді есіме салатын. Оның бәрін өзім деп қарап, ертеңгі көзім деп жанашырлық танытқаны. Ағайдың ғылым саласындағы білімінен бөлек, әр айтқан ақыл сөзін аманат еттім. Сол аманатқа адал болу ендігі менің азаматтық парызым.
Айтпақшы, Сейіт атамның алтын басын құрметтеп отырған үйдегі Тамара апамды сөзге қосуды ұмытып барамын ғой. Иә, қонақ келсе, ашық қабағы мен асқа толы табағы дайын тұрады. Талай мәрте дәм таттық. Кейде академик атамызға мол мүмкіндік беріп, алтын басының төрден табылуына, қазақ қасқаларының біріне айналуына септігі тиіп отырған үйдегі апамыздың еңбегі. Бұл апайым да «сөз түсінетін, жаныңды түсінетін жар тап» деп ақылын айтып, тілектестік танытады. Иә, қазақтың қай мықтысын алып қарасаң да, артында аяулы жары тұр. Біздің де биіктен көрінуіміз үшін сондай жанның қасымызда болуы керек-ақ. Ол енді уақыттың еншісінде.
Қазақтың өзі көрген ұлылары М.Әуезов, І.Кеңесбаев, З. Ахметовтердің өзіне жасаған жақсылықтары жайлы тебірене естелік айтады. Онысын ұйып тыңдайсың. Себебі бізге мұның барлығы өне бойы азық. Мүмкін, үлгі қылып та айтатын шығар.
...Ғылыми жетекшісі Нина Сергеевна Смирнованың ерекше қамқорлығын, ғылыми жолға баулығанын да сағына сөз етіп отырады. Сол естелік әңгімелері дәл қазір есіме түсіп отырғаны. Асыл ағам Алматыда, мен Нұр-Сұлтандамын. Ағамның ақылын аңсап отырмын. Қамқорлығыңызды сағындым. Тамара апайдың дастарханын да сағындым. Үміт күткен немереңіз барады, Ата! Сәл күтіңіз...
P.S: Сексеннің сеңгіріне шыққан Сейіт Асқарұлына асқаралы жасы құтты да қайырлы болғай. Иә, өре-танымы соқталы атама АЛЛА абырой берді. Аяулы жарды да, саналы ұрпақты да нәсіп етті. Ғылым жолында небір жетістіктерге жетіп, үлкен мектеп қалыптастырды. Ағамызда арман жоқ! Енді, торқалы тоқсан, ғасырлық жүз жастарында аман-есен қауышуды жазсын. Осы бір ыстық естелігіме қолымды қойдым. Қолымды қойдым да, көгершіннің қанатына қыстырдым. Ыстық ықыласпен қабыл алыңыз, қазақ әдебиетінің бүгінгі алыбы һәм қасқа нары!..
Аслан ӘЛІМБАЕВ,
Л.Н. Гумилиев атындағы ЕҰУ-дің PhD докторанты.