АСПАНҒА СЫЙМАЙТЫН АҚЫН ҚЫЗ

Ақындық дарын кімнің бойына қонады? Ойшыл адамға оралады, парасат-пайымы жартастай биік жанға құстай ұшып кеп ұялайды. Ақындық – аманат.

Аманатты арқалап жүру ақын үшін ауыр жүк. Түйеден «Ауыр жүкті арқалап қырға шыққан оңай ма, әлде сайға түскен оңай ма?» деп сұраса, ойсылқара ойланбастан «Екеуінің де атасына нәлет!» десе керек. Поэзия көшіне ілесіп, келе-келе жыр керуенін бастаған Ханбибі Есенқарақызы ақындық өнердің алапат жүгін ауырсынған емес. «Нар жолында жүк қалмас» деп төзді. Төтеп берді.

...Жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан сарыауыз балапандай қанат қаға қоймаған Ханбибінің, яғни он бес жасар оқушы қыздың тырнақалды өлеңдерінен өршілдікті байқады ма, кім білсін, Төлеген Айбергенов Сарыағашта жүріп сәт сапар тілеген.

«Сен шыққан биік жоқ әлі,

Сен шықпақ биік жоғары.

Қайралмай жатқан жас талант

Қиып түссем деп соғады.

Ұшуға қанат қомдаған,

Аққудай көкке самғаған.

Құралай көзді ақын қыз

Ақұштап ізін жалғаған.

Ашылған гүлді таптаса,

Тұтанған отты жақпаса.

Болғанмен шыңдар не пайда,

Сылдырап бұлақ ақпаса».

Бұла қыз бұлақтай сылдырап аққысы келеді. Мәриям Хакімжановадай ақын апасының ізін жалғаған, Фариза мен Ақұштап әпкесіндей ақын болсам деп қиял құсы шартарапқа шарықтады. Шымкенттегі педагогикалық институтты бітірісімен тау суындай тасқындаған арманның толқынында тулап Алматыға келді. Кімге дейсіз бе? Жүрегінің түгі бар екен, батыр атасы Бауыржан Момышұлының есігін қақты. Басынан бантигі түспеген қыз өзін таныстырды да:

– Ата, мен Алматыға ақын болайын деп келдім! – деді. Қайсар қыздың қабырғадан қойған мәселесіне қаһарман Бәукең не деді?

– Алматы ақын қылып шығарады деп кім айтты саған? Бойында таланты болмаса, ешкімнен де ақын шықпайды. Егер талантың бар екені рас болса, ауылда жүріп-ақ елді мойындататын ақын боласың. Алматыда не көп, көшеге шықсаң, қыз көп. Соларға қосылып алып тря-ля-лап жүрмекшісің бе? – деп арыстандай ақырып берді. Содан кейін:

– Балам, өмір де, романтика да ауылда. Есің барда ауылыңа қайт! – дейді. Бітті. Бірауыз сөз. Баукеңнің батасын алып ауылда өскен ақын қыз қазақтың Ханбибісіне айналды. Қалай? Саралап, сараптап қайтейік, шыңыраудай терең шығармаларына тәнті болған қаламдастары Ханбибінің азан шақырып қойған атын ауыстырып, бағасын бергендей басқаша атай бастады. Әбіш Кекілбай «Ақ түтек» деді. Серік Тұрғынбеков «Хан қызындай Ханбибі», «Ақыннан шыққан ақ тұйғын» деді. Темірхан Медетбек «Тарпаң мінез, сой ақын» деді. Төлеген Қажыбаев «Ән-Бибі» деді. Мархабат Байғұт «Жалғыз жолбарыс» деді. Мылтықбай Ерімбет «Оңтүстіктің от шайнаған ақыны» деді. Сәрсенбек Сахабат «Халық сүйген Ханбибі» деді. Шымкент жастары «Хан апа» деп сыйлады. Ал, ақын ағасы Қаныбек Сарыбаев турасын айтып туғанына жақпайтын Ханбибіні «Қанқұйлы» деп әзілдейтін. Міне, мінезге берілген атау.

Бәлкім, Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деуінде де алтыннан қымбат астар бар шығар. Әлде Әбіш Кекілбайдың адуын мінезді арқалы ақын ағасы Хамит Ерғалиев туралы пікірін ұстаз ретінде ұстанды ма? «Хамаң баяғы Қазыбек, Төле, Әйтеке билер тіріліп келіп қасында отырса да, айылын жимай айдындана ақтарыларына еш күмәнданбаймын» деген. Әлде Хамит атасының шындық туралы шырылдап айтқан сөздерін темірқазық етті ме? «Мына өмірде өтірік те көп, шындық та көп. Өтіріктің өрге баспайтыны да мәлім. Ал, шындық... Шындықтың орны да, жөні де бөлек, әрине. Абзалы, сол шындықтарды тірлікте арттағыға айтып үлгерейік. Алды-артымыз сиресе де, ақиқат қаза болмасын». Хамаң солай депті. Негізі, адам мінезі туа бітетін қасиет-ау. Әйтпесе Фариза Фариза бола ма? Өлеңі де, өзі де өртке оранып өткен сол апайы дүниеден озар шағында Ханбибіге телефон шалып: «Самолетпен жіберген саумалыңа рахмет. Жөн-жосықсыз қаншама адамның көңіліне тидім. Ел сені қаумалап ардақтап жатса – құлым деп емес, пірім деп қара» депті. Ойланатын нәрсе. Бірақ, ақын ақиқатты ту етіп ұстамаса, оның несі ақын. Фариза апайының әлгі әңгімесінен кейін Ханбибі мінез туралы ой-тұжырымдарын былай білдіріпті: «А.С.Пушкин өз бойындағы дарынын бағалай білмеді. Қайдағы біреумен басын ажалға тігіп, дуэлге шықты. Сабырсыздық ақыры ақынның түбіне жетті...».

...Әкесі ұлына ертегі айтады.

– Бір крокодил тасбақаны жегісі кеп қуалайды. Тасбақа қашып ағашқа өрмелеп шығады.

– Әке, – дейді баласы, – тасбақа өрмелей алмайды ғой.

– Жан керек болса, тасбақа да ағашқа өрмелейді! – депті әкесі.

Бұл тәмсілден айтпағымыз не? Ханбибі тасбақа секілді өмір сүрген жоқ. Ол крокодил боп жаратылған.

Ғасыр мен ғасыр тоғысында Ханбибі облыстық филармонияға директор боп келгесін тозған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, салтанатты кеш жасап жатады. Ғимараттың ашылуына келген әр шенеунік әртүрлі сый-сияпат әкеледі. Облыстық орман шаруашылығының бастығы:

– Ханеке, қандай сыйлық ұсынарымды білмей тұрмын! – десе, Ханбибі:

– Орманыңнан бір аюды ұстап әкел де, сыйлай сал! – депті.

Сол сәтте жандарында тұрған ақын Қабылбек Төретаев:

– Ханекең сенің аюыңды үш күннен кейін маймыл етіп шығарады ғой, – депті, Ханбибінің мінезін меңзегені ғой.

«Қазақстан» телеарнасы «О, махаббат!» деген хабарға өлең оқу үшін үш ақынды шақырады. Ішінде Ханбибі де бар. Атағынан ат үркетін атақты ақын ағамыз Тұманбай Молдағалиев сол хабарға бір келіншекті өткізе алмай, Ханбибіге:

– Сен ауылдансың ғой, айналайын. Сондай ауылдан бір келіншек келіп тұр еді. Жаңыл бастыққа айтып қостыршы! – дейді.

– Аға, – дейді Ханбибі, – сіздің үлкен ақын екеніңізді мойындаймын, әйелжандылығыңызды да түсінемін. Қыз-келіншектердің көзіне салған көп шөбіңізді де кешіремін. Бірақ, талантсыздарды қолдап, көркем әдебиеттің көзіне шөп салғаныңызды кешіруге болмайды!

Көңілжықпастық көркем дүниенің көрігін қыздырмайды, керісінше, отын сөндіреді. Қоғамның қоламтасын бықсытады. Келесі іске кесірін тигізетін нәрсеге кешіріммен қарау кейінгі ұрпаққа көр қазғанмен бірдей.

Жас ақынның өлеңін оқып шығыпты да:

– Кет! – депті Ханбибі. Әлгі ақын әрі-сәрі күйде есікке қарай беттей бергенде:

– Тоқта! – депті. – Мен саған үйден емес, поэзиядан кет дедім.

Шөпті де, шөңгені де өлеңге айналдырған

айтары жоқ ақындарға мінез көрсетпегенде

қайтеді, басынан сипай ма?

Міне, мінез!

«Ұмыттым тілімді де, ділімді де,

Мәңгүрттік – бойымдағы мінім, міне!

Мал бақтым,

Темір міндім! –

«шықты мүйіз»...

Өзгерттім әйелге тән түрімді де.

Бүгінгі қайран баба, күнім міне!»

Бұл – Ханбибінің жан айқайы. «Ей, Ханбибі, атың бар Ханби деген, өмірің өрілген жоқ әлдименен» деп өзіне де сын көзбен қарайды.

«Сырт көзге шымырлаған тереңдейсің,

Тереңге неге озып теңелмейсің?

Ақсақ түйе секілді көшке ілеспей,

Шаршасаң – «шаршадым» деп неге өлмейсің!!!»

«Өлеңімнің ернін боядым, жасанды кірпік жалғап, биік өкше кигіздім. Модадан қалдырмай қаздаң қаққыздым» деп келеді де, түбірлі ойын түйіндейді. «Іші-тысын бояумен баттастырған, қазақы өлең мөлтілдеп жылап тұрды».

Керемет ойды кестелеп жеткізбегесін «Кет поэзиядан!» деп айқайлауы да заңды. Астанада «Тіл жанашыры». «Құрмет белгісін» алып тұрғанда «Өзге тілдер – тірі тышқан болғанда, ана тілім – ажал құшқан арыстан» деп егілгені де ақындық мінез. Қазақстанға басшы боп келген Голощекин 1927 жылы мал санағын жүргізгенде елімізде 2 миллионға жуық түйе болған екен. Ал, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі болған Моторико 1977 жылы мал басын есептегенде 64 мың ғана түйе қалыпты. Қарақұрым ойсылқара қайда кеткен? Ашатұяқ қалдырмай ашаршылық жайлаған кезеңнен кейін Хрущев 1960 жылы түйенің етіне доңыздың етін араластырып, «Дружба» деген колбаса жасауға нұсқау берген. Талай нәубетті бастан кешкен қазақ халқы да «интернационализм» саясатымен «Дружба» колбасасына айналып кете жаздаған жоқ па? Кеңес өкіметі кезінде «Біз ұлттар лабораториясымыз» деп те мақтандық-ау! «Ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз» деп те әндеттік. «Алашорда» партиясы 1917 жылы құрылғанда Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулла, аз-ақпыз, алты миллион қазақпыз!» деген екен. Одан бері он еседей көбеюдің орнына кері кетпесек те, бері кеткеніміз шамалы. Шашылған шаңырағымызды жинап, демографиямыз ауыз толтырып айтарлықтай дамымағаны рас. Ханбибінің «Жан айқайы» бомба тастағандай болды.

«Содан көрген сый қандай?

Сиындық-ау имандай.

Лақтырғысы келді ғой,

Сөлін алған лимондай».

Шымкенттің шығыс жағында саябақ бар. Көз тартатын көркемдігі өз алдына, саябақты аралағанда құдды кітапханада жүргендей сезінесіз. Баяғы заманның балбал тастарын жол жиегіне қаз-қатар орналастырып, аузы дуалы аталарымыз бен бүгінгі тұлғалардың қадау-кадау өсиетнамаларын қашаумен қашап жазып қойған. «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» (Білге Қаған). «Ат жемейтін ащы шөптің шыққанынан шықпағаны игі» (Қорқыт). «Ел болу үшін – ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім керек» (Нұрсұлтан Назарбаев). Сондай соқталы сөздерді оқығанымда Ханбибі Есенқарақызының поэзиясы, оның бағыты мен бағдарламасы балбал тастардағы жазудан айнымайтынын аңғардым. Рухани жаңғыру! Қалай жаңғыртамыз? Баяғы бабалардан қалған әдет-ғұрып, салт-сана сияқты ұлттық дәстүріміз ұсақталып бара жатқан жоқ па? Нарық ағымына бейімделіп, ұлттық кодымызды ұмытқанымыз қалай? Көйлегіміздің көктігі мен тамағымыздың тоқтығына мәзбіз бе?

«Өмірге де, қоғамға да,

Тамаққа да, тағамға да

Қымбат баға қосылып тұр.

Арзандаған адам ғана!»

Ханбибі мұны биыл емес, былтыр емес, баяғыда байқаған. Тоқырау заманындағы топтамасынан үзінді бұл.

Бүгінгі заманның әпсанасына үңілейікші. Банкте есепшотың бар дейік. Сол шотыңа күн сайын таңертең 86 мың 400 доллар түседі және түскен ақшаны сол күні кешке дейін тиімді жұмсап бітіруің қажет. Ол ақшаны басқа банкке аудару мүмкін емес. Жұмсамаған жағдайда шоттағы сома келесі күні нөлге айналады. Ал, енді не істейсің? Әрине, өз игілігіңе пайдалануга тырысасың. Бір тәулікте 86 мың 400 секунд бар. Ендеше, барлығымыз да «Уақыт» атты банкінің тұтынушыларымыз. «Мұнымен не айтпақшысыз?» дейсіз ғой. Ханбибі – Мұзафар Әлімбаев пен Қадыр Мырза Әлі секілді қабілеті мен қарымын, талантын сарқа пайдаланбаса да, уақыттың қадірін білген қаламгер. Оның 10 томдық шығармалар жинағы – соның бір дәлелі. Бұдан бөлек сонау 1920-1926 жылдары жарық көрген «Ақ жол» газетінің материалдарын 25 томдық кітап етіп баспаға дайындады. Ал, 1922-1923 жылдары Ташкенде басылған «Шолпан» журналының 8 санын араб қарпінен кириллицаға көшірді. Еңбек пе? Еңбек болғанда қандай, жанкешті жұмыс. Зерттеді. Зерделеді. Тарих ғылымының докторы деген дәрежеге сай тер төгіп, көз майын тауысты.

Бір атақты киноактерге продюсерлері «Шаштарың әппақ болды. Жасың келді, қартайдың. Саған рөл бере алмаймыз!» – депті. Сонда актер «Үйдегі шатырдың үстінде қардың болуы үй ішінде от жоқтығын білдірмейді!» деп бір ауыз сөзбен уәж қайырып, бермеген рөлін жұлып алыпты. Ханбибі зейнетке шыққаннан кейін де он жылдай облыстың қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейінің директоры боп жұмыс істеді. Неге? «Бастама, бастаған істі тастама» дейді ғой. Арқалаған жүгін аяғына дейін жеткізуді мақсат етті. Міне, Ханбибінің болмысы, мінезі.

Бірде Франциядан келген азамат осы музейді аралап жүріп «Қазақстанда 25 мың адам атылған» деген мәліметті естігенде «Осы атылғандар Кеңес өкіметінің өз балалары емес пе? Өз балаларын, өз адамдарын өз мемлекеті қалай атқан?» деп таң қалыпты. Ақын жүрегіне қанжардай қадалған мұндай тосын таңырқаулар Ханбибінің жырына қайрақ болды. Шабыттанды. Шамырқанды. Көркем дүниенің көз жасы төгілді...

Ертеректе Ханбибінің шығармашылық кешіне халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов қатысып, жүрекжарды ақ тілегін ақтарғаны есімізде. «Ханбибіні жұрттың бәрі жақсы көреді. Мен де. Не үшін? Адамгершілігі үшін, ақындығы үшін, ақылдылығы үшін. Жігерлілігі үшін, жалындылығы үшін, дарындылығы үшін. Еңбекшілдігі үшін, елжандылығы үшін және болбыр, босбелбеу, бозөкпе 50 еркектен артықтығы үшін!..» деді. Залдағылар дуылдатып қол соқты.

Қайран, Әзаға! Сөз соңында «Ханбибі, мен сенің жүрегіңде жүрмесем де, білегіңде жүрейін» деп күміс білезік таққан еді. Әбіш Кекілбай ағасы «Ханбибі ылғи күйіп-жанып сөйлейді, күйзеле тебіренеді» деді. Фариза апасы «Қазақ жыры кіріспесі Бұхар жыраудан басталатын үлкен бір том болса, Ханбибінің ақындық творчествасы сол алтын әріпті томның айшықты бір беті деуге әбден болады» деп тұжырымдады.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қалыпқа сыймайтын Ханбибінің шығармашылық кешін 2018 жылы сәуір айында өткізейік деп Жайықтың жағасына шақырды. Поэзия кешін кім жүргізеді? Бұдан бұрын Ханбибінің оқырмандармен жүздесуін Мархабат Байғұт, одан кейінгі дидарласуын Қайрат Жұмағалиев, тағы біреуін Ғалым Жайлыбай жүргізген болатын. Ал, Атырауда өткен «Поэзия мен парасат» атты жыр кешінің тізгінін маған ұстатты. Театрда ине шаншар жер жоқ. Түрегеп тұрғандары қаншама. Әуелі бұдан 20 жыл бұрын түсірілген Ханбибі туралы деректі фильм көрсетілді. О, заман-ай! Әзілхан Нұршайықов, Шыңғыс Айтматов, Хамит Ерғалиев, Сафуан Шаймерденов, Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсынова, Қайрат Жұмағалиев секілді жарқын-жарқын сөйлеген жайсаңдарымыз арамызда жоқ, бақилық боп кеткен. Бір жағынан, бойымызды сағыныш билесе, бір жағынан, «Беу, дүние-ай!» деп бебеулеп отырдық. Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романының түйінін түсінгендейміз. «Адам өмірі тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні сарқылып бітіп қалғаныңды білмей де, байқамай да қалады екенсің». Бірақ, біздің білетініміз: поэзия – мәңгілік. Оның өзінде де халықтың жүрегінен орын алған поэзия. Қадыр Мырза Әлі ағамның тілімен айтқанда «Әдебиетке келу бар да, әдебиетте қалу бар. Екеуі – екі түрлі мәселе. Қазір әдебиетке аттандап келіп жатқандар көп. Келеді, кетеді. Бізге қымбаттысы – әдебиетте қалғандар».

Ханбибі Қазақстанның қай түкпіріне барса да – Ханбибі. Өрттей лаулаған өжет өлеңдерін былай қойғанда «Алтынай» әнімен қарсы алып, «Нұрикамал» әнімен шығарып салары сөзсіз. Бұл не? Әдебиетте орны бар деген сөз. Поэзиясы әнге айналған ақындар некен-саяқ.

Сырбаз ақын Сырбай Мәуленов өзінің туып-өскен Торғай өңіріне барғанда жерлестері мақтан тұтып «Сырағаң біздікі, біздің ауылдан!» демей ме? Сол сәтте Фариза Оңғарсынова

«Дүрілдеп торғайлықтар үй бұзардай,

«Сырбай біздікі» деп тұр қызармай.

Бір ауыл меншіктейді,

Жүрсек сізді

Қазақтың аспанына сыйдыра алмай» деп бір шумақ өлең шығарыпты.

...Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген Ханбибі Есенқарақызы Атыраудың аспанына әрең сыйып қайтты. Атырау жұрты ақынын аялап, аспанға көтерді.

Ұшақпен бірге ұштық. Атыраудан Шымкентке. Жол-жөнекей «не жазып жүрсің?» дегендей шығармашылық жоспарын сұрап, суыртпақтап сыр тартып ем:

– Бір кездесуде дәл осындай сұрақты Мархабат Байғұтқа қойғанда, оның не дегенін білесің бе? – деді Ханбибі.

– Не деді?

– «Жоспарлаған дүниемді алдын ала айтып қойсам, жаза алмай қалам» деп оңай құтылды.

– Өзің ше?

– Мен бе? «Өйтейін деп жатырмын, бүйтейін деп жатырмын!» деп жарты әлемге жар салатын әдетім бар. Қазір оны қойдым. Осыдан он жыл бұрын «Оһо-о, повесть бастадым!» деп елдің құлақ шөбін көтердім. «Бітірдің бе?» десе, не деймін. Біткен жоқ әлі. Негізі Мархабаттікі дұрыс екен.

Лев Толстой аяқталмаған дүниесінің соңына «ЕБЖ» деген үш әріпті түртіп қояды екен. Онысы қысқарған сөз, «Если буду жив» деген белгі болса керек. Ендеше, Ханбибі «ЕБЖ» болса, таңдай қақтыратын талай шығарманы туындатары хақ. АБХ! Бұл не белгі? Бұл да қысқарған сөз. «Аман бол, Ханбибі!».

 

Көпен ӘМІРБЕК,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Суретті түсірген Әйгерім Бегімбет