…Маралтайдың атасына рақмет!.. Тұқымындағы тежеусіз тентегі домбырамды тізесіне бір қойып сындырып кетпесе, пернесінде Ізтай Мәмбетовтің саусағының ізі бар кәделі мұра маған бұйырар ма еді, бұйырмас па еді?..
Алматыда, Ұлттық Ғылым академиясының аспиранттарға арналған Жамбыл көшесіндегі жатақханасында сол кезде мен тұрып жатқан бөлме Мәкеңнің «аузы құрғамаған» тоқсаныншы жылдардың ортасында оның жиі соғып, қона жататын үйреншікті мекенінің біріне айналған еді біраз уақыт. Университеттен кейінгі, тәуелсіздіктің талма тұсында тұрмыс тұралатқан қиын кезеңдегі Баукем (Бабажанұлы) екеуміздің алғашқы жұмыс орнымыз – Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты есебінен әупіріммен бөлінген сол құйтымдай құжыра құтты қонысым болды: Балапан – басына, тұрымтай тұсына кеткен кездің өзінде беделі әлі бәз-баяғы қалпындағы «Жазушыда» баспа директоры болып отырған Есенғали ағамыз (Раушанов) шығарып берген тұңғыш кітапшам «Мен ғашық қыздың» азғантай тиражы сол бөлмеден таратылды, мысалы. Тағысын-тағы талай ащылы-тұщылы жағдаяттар өтті ғой бұ бастан со жерде!..
Әлқисса. «Серуен де – серуен, сергелдең де – серуен» сері кезіміз. Түн демей, күн демей, жатақханаға әндетіп келіп, көз алдынан өлеңдетіп өтетін біздің бар тіршілігіміз – есік аузындағы вахтада, қазіргіше айтқанда, «консьерж» ретінде кезектесіп отыратын орысы-қазағы, мекері-мейірімдісі бар түрлі апалардың жіті назарында. Солардың бірі – әйгілі ақын Ізтай (Ізбасқан) Мәмбетовтің жары, аяулы Мұғамилә апай еді.
Апайдың маған айрықша ықыласы ауды. Айналып-толғанып отыратын, бірер күн көрінбей кетсем іздейтін болды. Әрі-бері өткенде жиі әңгімелесіп тұратынбыз. Қырық бес жастан аса алмай, арманда кеткен Ізтай ағамыз туралы айтып, көзін сүрткен кездері аз болған жоқ, әрине.
Бір күні апай үйінен домбыра алып келді. Нақты есімде қалмапты, бұл – шамамен 1996 жылдың соңы немесе 1997 жылдың бас кезі-ау. Сірә, соңғысы…
– Батырболат, менің жайымды сен енді біршама білесің. Заманның түрі мынау. Ағаңнан ұл қалмады. Үш тал қызымыз орысқол болып кетті. Ізтай ағаңның домбырасы үйде жетімсіреп тұрғанына талай уақыт өтті. Ұстайтын ешкім жоқ. Сен жақсы домбырашы әрі ақынсың ғой. Қадірін білетін лайықты адам өзің деп, мына домбыраны саған әкелдім. Ағаңның көзіндей көріп ұстарсың, айналайын, – деді ағынан жарылып.
Әрі толқып, әрі қуанған мен рақметімді жаудырып жатырмын.
Вахтадан таяқ тастам жердегі бөлмемнің «тынысын» сезіп-біліп отыратын Мұғамилә апам, сірә, тарпаң дос Маралтайдың таяуда тентектікпен домбырамды нақақ сындырып кеткенінен хабардар болса керек.
Кейін Иран-Ғайып ағамыздың «Маралтай арақ пен адамгершілікті қойып, намазға кетіпті», – деген қыжыртпа сөзін де еститін күнге жеттік қой, Құдайға шүкір. Ал арада алты-жеті жыл өткен соң, Жазушылар одағының хатшылығына қызметке іліккен Мәкең менің алғашқы жыр кешімді өзі ұйымдастырып, сахнада дүйім жұрттың көзінше өз қолымен домбыра тарту етті. Тәубе. «Баяғы кезіндегісі, масаңдау болса да, есінде қалған-ау шамасы…» деп ойладым кейін. Сөйтіп, қос домбыралы, «екі жеп, биге шыққан» адам боп шыға келдім аяғында.
Туған жерім – Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының бір түкпіріндегі Бостандық ауылында қазір әкем Айтболат отырған қара шаңырақ төрінде тұрған, біздің үйдегі келіні Айгүл түскенде белгілі айтыскер Мэлс Қосымбаев Оралдан ат арытып, арнайы келіп, беташар айтқанда тартқан, пернесінде Ізтай ақынның саусағының ізі қалған қызылкүрең домбыраның өзіме қатысты қысқаша тауариғы, міне, осындай.
…«Мен туыппын ақпандатқан боранда», – деп жыр жазған арқалы, мінезді, тегеурінді талант Ізтай Мәмбетовтің өзін көрмесем де, өмірлік серігін – жып-жылы мейірім-парасатымен көңілімде қалған Мұғамилә апайдың көзін көргесін бе екен, кейде ақын ағаның домбырасын шертіп отырып, Ізағаң бейне етене жақынымдай, туған ағамдай көрініп кететін кездер жиі болатын басымда (ата деп, арамызды алшақтатқым келмейді біртүрлі…). Соған қарағанда, әулие Мұқағали әкеміздің «Барлық ақын – баласы бір ананың» дегені рас-ау тәрізі!..
P.S.: Есенғали ағамның бір өлеңінің түйінінде айтылғандай:
«…Домбырам бақытты ғой менен гөрі,
Жо-жо-жоқ, мен өзіммін шын бақытты!»
Батырболат Айтболатұлы,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
филология ғылымының кандидаты